Қыры қалың қаламгер Жауыров Теңдік Жауырұлы


Эссе: «Қыры қалың қаламгер»
Жауыров Теңдік Жауырұлы
Кешегі жылжып өткен жылдар тізбегі - бүгінгі ел тарихы. Терең тарих қойнауынан асылын зерделеп, барын бағалау және оны бүгінге жеткізіп, дәріптеу қазіргі ұрпақтың борышы. Әр саланың қайсысы болмасын бірін алып қарасаң, өзіндік тарихы, ерен еңбегін сіңірген алып тұлғалары, сол салаға кетігін тауып кірпіш болып қаланған небір тұлғалардың есімдері алтын әріппен айшықталып тұрады.
Баспасөз тарихын, теориясы мен практикасын зерттейтін ғылым саласы журналистикада өз ізін қалдырып кеткен, қыры қалың қаламгер, ерекше тұлға Жауырұлы Теңдік Жауыров атамыз.
Танымал журналист-қаламгер, академиялық доцент - Жауыров Теңдік Жауырұлы 1934 жылы 13 сәуірде Атырау қаласының Томарлы ауылында туып өскен. Сол кезде колхозға партбюро хатшысы болып жұмысқа келген коммунист жігіт қуанышқа құтты болсын айта келіп, жаңа дүниеге келген Жауыр атамыздың ұлына Теңдік деп ат қоюды ұсынған екен. Көбінде әжесі мен жеңгесінің тәрбиесінде болған Теңдік атамыз, жастайынан әдебиетке жақын болатын. Туыс әкесі соғыста болған соң, жеңгесіне үй тірлігінде көмектесіп, жиі-жиі соғыстағы әкесіне хат жазып тұратын. Мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Туыс әкесі ауыр жараланып соғыстан оралған соң, Теңдік атамызды оқуға түсіреді. Білімге деген құштарлығымен педучилищені өте жақсы оқиды. Оқу орнында домбыра оркестрінің мүшесі бола жүріп, мұғалімдердің бағыттауымен қабырға газетін де шығарып, училищенің қоғамдық өміріне белсене араласып көзге түседі.
Үздік дипломмен КазГУ-ді бетке алған жас талапкер ол кезде журналистік факультеті әлі ашыла қоймаған университеттің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі бойынша білім алады. Республиканың түкпір-түкпірінен жиылған болашақ әдебиетшілермен етене араласа жүріп, өз шығармашылығын шыңдай түскен Теңдік ата белгілі журналист Нығмет Айымбетовпен бірігіп, Сәбит Мұқановтың «Саяхаттар» повесіне пікір жазып, ол «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланады. Одан кейін көп кешікпей «Түркістан қалай туған?» атты мақаласы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді.
КазГУ-де бес жыл оқығанда университеттің сын және библиография секциясын басқарып, Қалиқан Ысқақовтың, Совхозбек Тоғысбаевтың, Тельман Жанұзақовтың, Тобық Жармағамбетовтің, Жақсылық Сәтібековтің, Мыңбай Ілесовтің алғашқы шығармаларын талдап, баспаға беріп отыруын ұйымдастырған да Жауыров болатын. Бұдан оның студенттік кезінде үлкен теориялық білімі барлығын, болашаққа жан-жақты дайындалғанын байқауға болады.
Аталған оқу орнын да үздік бітірген ол туған елге оралып, қазіргі «Атырау», сол кездегі «Социалистік құрылыс» газетіне жұмысқа орналасады. Республикалық «Социалистік Қазақстан» басылымына қызметке орналасуына толық мүмкіндігі бола тұра, облыстық газетке әдеби тілші болуды таңдаған Теңдік атамыздың қиындығы мен қызығы мол журналистік өмірі осылай басталады.
1963 жылы Махамбет ауданының территориясына Махамбет, Балықшы, Исатай, Индер ауданы түгел қарайтын облыста ауыл шаруашылығында ірі өндірістік басқармалар ашылып, үлкен аудан құрылады. Осы жылдың наурызында обком бюросының қаулысымен, редакторлығына Жауыров, орынбасарлығына Мақажан Қабиев, жауапты хатшылығына Мақсұт Неталиевті бекітіп, Махамбет аудандық «Малды өңір» газеті ашылады. Сөйтіп, Жауыровтың сан-салалы, қиындығы көп журналистік жолы «Малды өңір» газетінің редакторлық қызметінен басталады.
Ұйымдастырушылық қабілетімен баспахананы жабдықтап, газеттің қызметкерлерін жинақтап, Теңдік атамыз 1963 жылы мамырдың 1-і күні «Май мерейі» бас мақаласымен «Малды өңір» газетінің бірінші нөмірін жарыққа шығарады.
Үлкен өндіріс орындарында, барлық совхоздар мен колхоздарда, ауыл шаруашылығы бірлестіктері мен агрокешендер құрамында 10-12 адаммен тілшілер постысы құрылып, жетекшісі мен құрамын бастауыш партия ұйымдары әзірлеп, Махамбет аудандық партия комитетінің бюросында бекітуді Жауыров атамыз ұйымдастырып отырады.
Сол кездің өзінде аудандық газеттің штаттан тыс тілшілерсіз және қалың оқырмансыз мазмұнды шыға қоймайтынын, халықтың талап-тілегін орындай алмайтынын практикалық түрде дәлелдеп берген Жауыров болатын.
Бұқараға арқа сүйеген аудандық газеттің аясы кеңейіп, жаңа тақырыптар, айқарма беттер, көптеген тілшілер хаттары пайда болып, жариялана бастайды.
«Редакцияға хат», «Жайлау садағы», «Артта қалған шаруашылықтардан хат», «Жарияланған жайға қайта ораламыз», т. б. тақырыптар газеттің мазмұнын арттырып, беделін өсірді.
«Махамбет «Малды өңір» деп аталып ең, Өзіңнің Дәулетқалиев Сақаныңмен» атты үлкен тақырыппен бір нөмір атақты шопандар бригадасының жетекшісіне арналған болатын. Индерлік ауыл шаруашылығының облысқа танымал өкілдері - ағайынды Имаш, Құмар Сүндетовтер, Ізбасқан Бисенғалиев, Сәлімгерей Саптыаяқов, Үмбетияр Есжанов, т. б. туралы «Малды өңір» жеріне жеткізе жазып отырды.
Бұл қызметті Теңдік атамыз өзіне тән қарапайымдылығы мен журналистік шеберлігі арқасында жүзеге асырып отырды.
Аптасына 3 рет шығатын аудандық газеттің оқырмандарына кідіріссіз жеткізілуіне, баспахананың материалдық-техникалық базасының нығаюына, данасының өсіп, көптеп таратылуына Ізтелеу Көпбаев, Нұрғали Тасмағанбетов, Шәміл Қаржауов, Шапхат Жалмұхатов, Қабижан Салықов, Қабижан Қарешов, Шариполла Дәулетияров, Әбу Әдіресов, Ораққали Тайпанов, Исатай Қабдоловтардың сіңірген айтулы еңбектері аудандық газет тарихында лайықты орын алатындығын ешкім жоққа шығара алмайды.
Атамыздың ұйымдастыруыменен жыл сайын Баспасөз күні мерекесі қарсаңында газеттің аудан экономикасын, мәдениетін, шаруашылығын дамытудағы жұмысы мен қосқан үлесі, аудандық штаттан тыс тілшілер жұмысы сараланып, аудандық деңгейдегі үлкен жиналыста баяндама тыңдалып, идеологиялық актив пен шаруашылық басшылары түгел қатыстырылатын дәстүр қалыптасқан еді.
Жарияланатын сын материалдарына, көтерілген көкейкесті проблемалық мәселелерге шектеу қойылатын жағдайы жиі кездесіп отырды. 1967 жылы «Малды өңір» газетінде Жауыровтың «Тоғышар» атты фельетоны жарияланады. Аудандық партия комитетінің бірінші басшысы редактордың жұмыстан босайтындығын хабарлайды. Осыдан кейін қайда барасыз дегенге бас редактор аудандық газетте тілшілік жұмыста қаламын деп жауап береді. Обком хатшыларының көмегімен ол өз жұмысында қалдырылады. Ал, фельетон қаһарманы Құбаш Шолановтың басқа облысқа жер аударылуымен аяқталады.
Аудандық газеттің жұмыс мазмұны, көркемделуі, шығармашылығы күннен-күнге жақсара түсіп, облыстан асып, республикаға таныла бастайды.
Идеологиялық жұмыстың барлық салаларында баспасөз мәселелері көтерілгенде алдымен «Малды өңір» газетінің қызметі ауызға ілініп жатады.
Баспа, полиграфия істері жөніндегі Республикалық мемлекеттік комитеттің тұрақты жұмыс істейтін «Аудандық, қалалық газеттердің безендіріліп, көркемдеу кеңесіне» мүшелікке Жауыров енгізіледі. Республикалық Журналистер Одағының пленумына және көркемдік кеңес мәжілісіне ол жиі-жиі шақырылып отырылады.
228 аудан арасында республика бойынша аудандық газет Жауыровтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде бірінші орынға шығып, Бүкілодақтық сыйлыққа ұсынылады. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің баспасөз павильонына «Малды өңір» газетінің бұқаралық жұмысты жолға қойғаны үшін атқарған жұмыстары «Известия» газетінің қазақ бөлімінің журналисі Сағат Жұмағазиевтың аударуымен қойылады. Бұл 1970 жыл болатын. Осы жылы КСРО Журналистер Одағынан шығып тұратын «Рабоче - крестьянский корреспондент» журналының мамырдағы нөміріне Жауыровтың «К северу от Каспия» деген тақырыппен көлемді еңбегі жарияланады. Махамбет ауданының баспасөздегі қызметі, тілшілермен жұмысы, фотосуреттері жарияланады. Газет Бүкілодақтық сыйлыққа ие болады. Хабар «Правда» газетіне жарияланады. Нәтижесінде Жауыров «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Редакцияға су жаңа «ГАЗ-69» жеңіл автокөлігі беріледі.
Жауыровтың «Кулагиноға барсаңыз нан, шайыңызды ұмытпағайсыз» атты көлемді сын материалы облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне жарияланады. «Райпотребсоюз» басшысының жұмысы облыстық деңгейде талқыланып, қатаң шара алумен аяқталады.
Қиындықтарды басынан көп өткізсе де болмысынан қалыптасқан мінезін бірқалыпты өзгертпейтін, жетістіктеріне кеуде көтеріп, мақтанбайтын, партиялық, мемлекеттік, баспасөздегі құпияны қатаң сақтаудан алдына жан салмайтын, тілші хаттарын жан-жақты зерттеп, талдамай газетке жариялатпайтын Теңдіктің бір ерлігі осы еді.
1970 жылы «Атырау-Астрахан» теміржолы іске қосылғанда өзі мәшинемен, кейде жаяу аралап, аудандық газеттің наурыз не сәуір айларының бірінде тұтас бір нөмірін үлкен жаңалыққа арнап жазды.
Баспахана жұмыстарына күйеулері келіншектерін жібермей қойса, үйіне барып, сол қызметкерді баспаханаға апарып, міндетті жұмысын орындатып, қайтадан түн ортасы ауса да апарып тастайды да, таңертең өзі 09. 00-де жұмыста отыратын.
Атырау облысының баспасөз саласында ұзақ еңбек етіп, негізгі бағыттан айнымай, журналист қалпын өмірінің соңына дейін сақтаған бір адам болса, ол - Теңдік Жауыров.
Күні кеше дүниеден өтсе де артына өшпестей із қалдырған, облыс баспасөзінің тарихынан ойып тұрып орын алған, бір топ орта буын мен жас журналистер өсіріп, тәрбиелеген осы Жауыров болатын.
Қазақстан Журналистер Одағының Атырау облыстық филиалының Ізтелеу Көпбаев пен Теңдік Жауыров атындағы шәкіртақы тағайындағанын оған көрсетілген лайықты құрметтің бірі деп білемін.
«Ар-честь» газетінде редактордың орынбасары болып жүрген Теңдік атамыз университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп мырзаның шақыртуын естігенде балаша қуанады. Себебі, жас журналистерге білгенін үйрету көптен бергі арманы екен. Ұлғайған жасына қарамай іске құлшына кіріседі. Көптеген материалдар жинай жүріп, зертхана жасақтап шығады. Қазіргі таңда бір кішігірім мұражай дерсің.
Тағдырдың мені Тәкеңе жолықтыруы бір қызық жағдайда болды. Мектепте бұзық бала болған едім, содан 1967 жылы оқу бітірерде маған аттестат бермей қойды. Бірақ өлеңдерім аудандық, облыстық, тіпті республикалық басылымдарға шығып жүргендіктен, мұғалімдер іштей мойындайтын. Алайда, аттестатсыз қайда барам? Сөйтіп жүргенде, бір жанашыр ағайым ауданға телефон шалып, мені редакцияға жұмысқа алу жөнінде сөйлесіпті. Талантты бала екенімді айтыпты. Мен іштей «әй, ала қояр деймісің» деген дүдәмал ойда болдым. Жоқ, келесі күні әлгі ағайым: «сені Жауыров шақырып жатыр екен, дереу ертең Махамбетке жет» деді. Жеттім. Редактормен арадағы аз-кем әңгімеден соң дереу жұмысқа алындым. Бүгінде марқұм болған, Сарайшық ауылының тумасы Жәрдем Сапаров деген жігіт екеуміз бір бөлімде істейтін болдық. Сөйтіп, әуелі Алланың, содан соң Тәкеңнің қолдауымен мектеп партасынан бірден газет жұмысына келген едім . . . Әлі есімде, сол жылы күзде «1 мамыр» кеңшарына барып, жиын-терін науқанының аяқталғаны жөнінде «Соңғы рейс» деген тақырыппен репортаж жазғам. Редакциядағы жігіттер бас бармақтарын көрсетіп, мақтап жатыр. Бірақ редактор әлі пікірін айта қойған жоқ. Сөйтіп жүргенде, «сені редактор шақырады» деді. Бардым. Жүрегім қобалжулы. Өйткені Тәкең маған бір нәрсені айта алмай отырған сияқты. «Әлгі мақаладан бір нәрсе кетпесе жарар еді» деймін іштей. Содан Тәкең сөзін бастады. Әуелі терезеге қарап отырып, күннің суытып кеткенін айтты. Осы күннің сууы жарты сағат әңгіме өзегіне айналды. Содан кейін барып, Тәкең күннің сууына орай үйіне көмір түсірткенін, енді соған тамызық керек болып тұрғанын, осыған Жәрдем екеуміздің мүмкін болса қол ұшын беріп, тоғайдан отын әкеп беруге қалай қарайтынымызды айтты-ау. Жаңағы жарты сағат әңгіме осы бір ауыз сөздің кіріспесі ғана боп шықты. «Ух!» деп бір демалдым. Жұмысқа қатысты емес екен, әйтеуір. Әйтпесе, «мына суықта әлі жиналмаған өнім қалыпты. Ал сен болсаң «Соңғы рейс» деп мақала жазыпсың» дегелі отыр ма деп зәрем зәр түбіне кетіп еді. Содан Жәрдем екеуміз жалаңдаған жас жігітпіз ғой, редактордың үйіне отынды үйіп тастадық. Сонда деймін-ау, басқа редактор болса, «жігіттер, менің үйіме отын керек, соны дереу түсіріп тастаңдар» дейді ғой. Ал Тәкең бізге отын түсірткен ғұрлы қатты қысылды. Міне, ол кісі осындай сәби мінезді адам еді - дейді бір әңгімесінде белгілі журналист Төлеген Берішбай.
Осы әңгімеден - ақ, қандай ерекше тұлға екенін, басшы бола тұра әр адамның қас-қабағын бағатынын, әрі белгілі журналисттеріміздің еңбек жолын бастауына үлкен септігі тигенін байқайсың!
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz