Ақмолла өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 64 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сиаттамасы: ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихында өз орнын алатын, үлкен мұра қалдырған, өзіндік стильдері бар ақын-жазушылар. Олар (Ақмолла, Нұржан, Мақыш, Шәді т. б. ) - адамгершілікті, оянушылықты, ағартушылықты мақсат еткен қайраткерлер. Бұл ақындар өздерінің шығармаларында феодалдық қараңғылыққа, ескі діни сенімге, надандыққа қарсы шықты. Олар халықты оятуды, оқуға тартуды мақсат етті, жаңа - жәдит оқуын жақтады, оны насихаттап, жаңалық үшін күресті. Өздерінің негізгі көзқарасы - ағартушылық болды. Сондықтан да олардың өлеңдерін діни ағартушылық поэзия деп бөліп атауға болар еді. Дін - адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Діннің басты мақсаты - адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдайға сенімі [1, 291] .

"Дұрысында тарихта болған, заманында өз әлінше қоғамдық прогресшіл қызмет атқарған, әлеуметтік-мәдени, әдеби мәні бар азды-көпті шығармалар қалдырған ақын-жазушылардың бәрінің де аттары аталуға, қызметтері мен шығармалары көрсетілмейтін ақын-жазушылар болмауға тиісті [2, 4] . Олар: Ақмолла Мұхамедияров (1839-1895), Әбубәкір Шоқанов-Кердері (1858-1912), Мақыш Қалтаев (1865-1916), Нұржан Наушабаев (1859-1919), Машһүр Жүсіп Көпеев (1857-1931), Шәді Жәңгіров және басқалары.

Тақырыптың өзектілігі:

Біз Ақмолла толғауларынан дінге қатысты келелі мәселелерді түсінгендейміз, ақынның жоғарыдағы "соқырлар" деп отырғаны хат білмейтін сауатсыздарды айтқаны, расында қара танымаған, көзі қарақты емес жанның көкірегі де ақ болмайды, кеудесінде сәуле болмаған кісіге жақсылық жасау, кісіге игілікті іс істеу деген атымен болмақ емес. Ондайлар кесапатты кер, ұр да жық, кежір болады, өзі білмейді, білгеннің тілін құлаққа ілмейді. Осы себепті Ақмолла бүкіл халықты өнер мен білімге, парасаттылыққа шақырады. Күллі ел-жұртына бар даусымен "оқыңдар, біліңдер, еңбек етіңдер" деп жар салады.

Ақмолла өзі көп оқыған, көп білген, көп көрген, көп тоқыған, іші сара, көңілі дана, ақылы дара адам. Ол қандай өлең шығарса да, қандай толғау толғаса да, тіпті жай ауызекі әңгіменің өзінде де ел қамын, халық қайғысын бар жанымен күйзеле сөз етті. Ол өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысы ел-жұрттың екі жақты қанауға түскен ауыр кезі еді. Қарапайым ел нулы, сулы жерінен айырылып, шөл, шөлейт жерлерде азап пен сорды белшесінен басып жүрген сорлы халықтың сырттан көрген қорлығы аздай, ішінен іріп-шіріп, өзінің бауыры би мен болыстың өз туғанына жасаған қасиетсіз ісі адам жанын түршіктіреді.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Қазіргі қазақ әдебиетіндегі дін тақырыбындағы мәселелерді жан-жақты саралап, барынша жүйелі де толық ашып көрсету. Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды:

  • Ақын көптің басына түскен ауыр күнді жарқырата толғайды, не істейтінін білмей, теңселіп жүрген елдің жағдайын Ақмолла ақын терең түсінеді, мұндай қиындықтан, қиын күннен тек оқу іздеу арқылы, өнер іздеу арқылы құтылуға, арылуға болатынын жырлайтын ақын екендігін зерделеу;

- А. Мұхамедиярұлының өлеңдеріндегі ұлттық құндылықтарды, дін мәселесін саралаудағы тұлғаның өзіне ғана тән шеберлігін айқындау;

- бүкіл әлем, он сегіз мың ғалам бір жаратушының қолында, несібе беруші де, жарық сәуле сыйлаушы да, бақыт, байлық, денсаулық та, бәрі де сол құдіреттің ісімен болмақшы деген ойды сараптау;

- Ақмолла ақын туындыларындағы өзі де екі дүниенің барлығына бұл жалған мен (алдамшы өмір) нағыз мәңгілік тұрақтықтың шындығын, жеке өз басы ғана сеніп қоймай, өз басы ғана мінәжат етіп қоймай, өзі секілді басқа мұсылман баласының да "Алланы бір, пайғамбарды хақ" деп тануын көпшілікке насихаттау;

Зерттеу пәні : «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша зерттеулер жүргізілді.

Жұмыста қолданылған зерттеу әдістері: А. Мұхамедиярұлы шығармалары негізінен тарихи-салыстырмалы талдау, салыстыру, жүйелеу, тұжырым жасау, жинақтау түрінде зерттеу негізгі нысана етілді.

Зерттеудің құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 АҚМОЛЛА МҰХАМЕДИЯРҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН МҰРАСЫ

Шын мәнісінде Ақмолла өлеңдері халықтың, өз елінің жақсы қасиеттерін, ішкі-сыртқы жағдайын, болмысын барынша терең ашып, жарқырата көрсеткен поэзия дер едік.

Асылды тот баспайтыны сияқты, халық өмірін жырлаған ақындардың мұрасын кір шалмай, тереңірек үңілген сайын сан қырлы құбылыстарымен жарқырап көрінеді. Ақмолла мұрасы сондай мөлдір, таза. Оның шығармасына тереңірек зер салып, зерттеген сайын, саф алтындай бағалы, салихалы өлеңдерді көреміз. Әр өлеңді оқыған сайын ой тұңғиығына беріліп, өткен суреттеріне толы бір дәуірдің бет-бейнесін, болмысын елестетеміз. Ақын өлеңдерінің қолда бар нұсқаларын қарап отырсақ, онда ақыл-өрісі кеңіген, көзқарасы қалыптасқан ақынның зерделі шумак; тарын кездестіреміз. Соған қарағанда, Ақмолла өлеңдері түгел дерлік қолда бар деп айта алмаймыз. Өлеңдегі ой-тебіреніс ақынның кемелденген шағындағы леңдерін байқатады. Бұл Ақмолланың ойда жоқта өлең жазып кетпегенін дәлелдеді.

Ақмолла туралы бүгінгі күнге дейін бірді-екілі мақалалар болмаса, өмірі мен шығармашылығын зерттеген еңбектері аз болды.

Ақмолла туралы зерттеулерде оның шығармаларының тақырыптары, мазмұны негізінде дұрыс көрсетілген.

Бірсыпыра зерттеушілер Ақмолла шығармаларының тақырыптық, идеялық бағытын сөз өткенде, кейде оны бір жақты, ұшқары бағалаған. "Діншіл", "ескішіл", "уайымшыл", тіпті "панисламистік", "пантюркистік" идеядағы ақын деуге барған. Өйткені, қанағаты көтеріліп, нәпсінің соңына түскен кісі өзін-өзі ұстай алмайды, тежей де алмайды. Ақмолла өлеңінде:

Көкірегің қатып қалған қара тастай,

Ісің көп келіспеген одан басқа-ай.

Дұға оқып азаптану - құр әдетің,

Ақырет пайдасына жарамастай. [3, 52] .

Біздің ойымызша, жоғарыдағы сын пікірлердің біржақты ұшқары пікірлермен ұштасуы кеңес әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының алғашқы жылдарында болған әртүрлі ағымдардың әсерінен болса керек. Ол ағымдар кезінде қазақ әдебиеттану ғылымында да бой көрсеткен болатын.

Бүкіл саналы ғұмырын халқының оқып, білім іздеуін, бір-біріне мейірімді-қайырымды болуын тілеп, арман еткен Ақмолла өзінің ой-пікірін өлеңмен толғады, жырмен суреттеді. Ол:

Тек оқуда ілтипат, шарапаттар,

Соқырлар әкелер зор кесапаттар.

Оқыған көкке ұшар, суда жүзер,

Деме онда әулиелік, керемет бар, - [3, 140] .

деп оқу-білімнің ішкі-сыртқы мән-маңызын жан-жақты таратып толғаса, сол кездің оқушылары үшін бұл аса қажетті дүние еді. Оның да бірнеше себебі бар, біріншіден, бұл өлең қарапайым халыққа арналып жазылған туынды екені дау тудырмайды; екіншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың қарапайым өлеңінің сарыны аңқып тұр; үшіншіден, өнер мен білім тек қана ауыр еңбекпен, сарылып ізденумен келмек, оның басқадай құпиясы жоқ, жалықпай жанын қинап, жұмыс істеген жанның Алла алдынан ақ күн шығарады. Бір жағынан орыс шенеуніктері алым-салық алып халықты бір күйзелтсе, екінші жағынан, ішімізден шыққан шонжарлар үсті-үстіне елге ауыр салық төлетіп, онсыз да хал-ахуалы нашар елді туралатып тастады:

Би, болыс, өнер емес пара жеген,

Нашарға өкім қылып текке, неген.

"Ісіңді жөндейміз" деп иек қағып,

Мұнан да хайуан артық шуын жеген,

- деп Ақмолла сол кездің нақ шындығын сөйлесе, бұл ақ сөз деп білеміз

"Пролеткультшылдық", "вульгарный социализм", "ұлттық нигилизм" секілді ағымдар әсерінен халқымыздың асыл мұраларынан бас тартып, таза пролетарлық мәдениет жасаймыз деген қате пікірлер болды. Сөйтіп, пролетарлық мәдениеттің өзі адам баласының ғасырлар бойы жасаған мол қазынасының заңды жалғасы екенін ұғына алмады. Осының салдарынан тарихымызда өзіндік орны бар ақындарымыз бен жазушыларымыз қаға беріс қалып, олардың шығармашлығы жете зерттелмеді. Бұдан әрі қарай тағы не болады екен, көз жүгіртіп қарайықшы:

Қарасаң биден кейін ауылнайға,

Қарнын толтырады ет пен майға.

Халықтан жиып алып, пайдаланып,

Қарады сәлем бере болыснайға.

Соқыр ғой надан адам нұрды көрмес,

Көз жоғын мойнына алып, соңына ермес.

Әркімге өз керегін іздеу керек,

Балаға жыламаған емшек бермес, - [3, 59] .

ХХ ғасыр басындағы ақындар шығармашылығы, оның ішінде Ақмолла Мұхамедиярұлы туралы зерттеушілеріміз бен сыншыларымыздың жаңсақ пікірлерін осы секілді ағымдардың әсерінен айтылған сындар деп білеміз.

Ерте оқып, ерте сауаты ашылған Ақмолла алғашқы бала оқытып жүрген кезінің өзінде өлең жазумен айналысқан. Көп өлеңдері халық аузында жатталып қалған. Ауыл-ауылды көп аралап, феодалдық зорлық-зомбылықты көп көрген, халықтың тыныс-тіршілігімен жете таныс болғандықтан, оның мұрасы бай да, мол. Қолда бар өлеңдері аз болғанымен, айтар ойы, озық көзқарасы, терең мазмұны бар.

Ақмолланың көзі тірісінде бір-ақ кітабы жарық көрген. Ол Марджани жөніндегі марсиясы. Бұл кітаптың 1892 жылы Қазан университетінің баспасында жарық көргенін жоғарыда айттық. Бұл кітап негізінен Ақмолланың ақындық атын шығарған тұңғыш жинағы еді.

Жинақтағы өлеңдерді толғау деп те атауға болады.

Алғашында Ақмолла бұл өлеңді мадақтау, ода тұрғысында жазған. Бірақ бұл кезде Марджани қайтыс болады да, оран "Марсия жоқтау" деп ат берген. Бұл марсиясында ақын жаңа идеологиялық ағымның өкілі Марджаниді дәріптеп, жаңашылдықты, өнер-білімге ұмтылуды мақсат еткен. Мұнда феодалдық қатігез дәстүрлердің керегесі ыдырай бастағаны байқалады. Жаңа оқу жүйесін қолдаған Марджаниді дәріптейді.

Ақын Марджанидің орыс тілін үйрену, дін сабақтарымен қоса, қоғамдық сабақтарды оқту керек деген ойына қуана қосылып, соны мадақтайды. Ақмолла оны жаңа дәуірдің "Қараңғы түндегі шамшырағы", "Ешкімнің қолынан келмейтін тереңдікте жатқан шындық туын тапқан" деп бағалаған.

Бұл марсияның көлемі, ұзын ырғағы 200 жолдай, онда ақынның идеялық көзқарасын анықтайтын, жанын ұғынуға аз да болса септігін тигізетін өлең шумақтары көптеп кездеседі.

Ақынның екінші кітабы өзі өлгеннен кейін тоғыз жылдан соң Троицк қаласында 1904 жылы Харитонов баспасында жарық көрді. Онда Ақмолланың қысқаша өмірбаяны жазылған. Ал 1907 жылы Қазан қаласындағы Шеріп баспаханасында алдыңғы толғауларымен қоса, Ақмолланың түрмеде жазған өлеңдері біріктіріліп, арнайы кітап болып басылды. Осыдан кейін Ақмолла өлеңдері көпке дейін белгісіз болып, оны жинап бастыруға ешкім ерен салған жоқ.

Тек Қазан революциясынан кейінгі зор өзгерістерден кейін, яғни 1935 жылы Ақмолланың өлеңдері жиналып, жеке кітап болып басылып шықты. Оны баспаға әзірлеп, алғы сөзін жазған, ақындық жолын талдаған дауылпаз ақынымыз Сәкен Сейфуллин еді. Кітап шыққаннан кейін қазақ ақындары, сыншылары, Ақмолланың ақындығын тани бастады. Дегенмен, ақын шығармашылығына жан-жақты талдау жасау, қомақты зерттеулер болған жоқ. Ақмолланың барлық шығармасы өзінің азап шегіп езілген, туған жерінен айрылған, береке-бітімі кеткен ел-жұртына арналған. Ол ақыл-есі кетіп, түсі қашқан, не істерге білмей, тұғырыққа тірелген жұртына аянышпен, жанашырлықпен қарайды, жалғыз жаратушы Алланы бір сәт те естерінен шығармауды, екі білекті сыбанып, еңбек етуді ұсынады:

Бұл дүниеде қонақ - сен,

Дәулет, бақыт таптым деп.

Не берсе де Алла деп,

Шүкірлігің тастама.

Бағың бір күн ұйықтаса,

Олай-былай қаларсың.

Қалған ісің оңалмай,

Қайран болып тұрарсың.

Маған не хал болды деп,

Егін жыртып саларсың.

Онан пайда таба алмай,

Саудагерлік қыларсың.

Ғарып болып жығылсаң,

Өз малыңнан берерсің.

(Құда ғафу қылмаса),

Михнетті көрерсің.

Онан пайда таба алмай,

Суға қармақ саларсың.

Шортан түгіл шабақ жоқ,

Балдыр алып қаларсың,

Бермейін деген уақытта,

Осылай қайран боларсың, - [3, 147] .

деп адам баласының тіршілік үшін бар жанымен аянбай күресуінің керектігін, алайда, ісі ілгері баспаса, не істесе де туралап, бір орында тұрып қалса, ол жалғыз Алланың құдіреті екенін терең түсіндіреді. Бұл жағдайды біздің ғұлама ата-бабамыз "Құдайсыз қурай сынбайды" деп бір-ақ ауыз сөзбен айтатын еді ғой.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ақмолла қазақ даласында түрлі есіммен аталып жүрген. Ол бірде Әлмұханбет, енді бір жерде Құби қожа делінген. Қазақстан ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорында түрлі қолжазбалар бар. Оның бірсыпыра өлеңдерін Қыздарбек Қазбеков жинап, қолжазба қорына берген. Ол Алтыбас Ақмолла өлеңдері деп аталады.

Зер сала оқып, осылардың кейбірі А. Мұхамедиярұлынікі деген қорытындыға келдік. Шындығында, Алтыбас Ақмолла да, естек Ақмолла да бір адам. Оны жоғарыда дәлелдедік. Сөзімізді айқындау үшін осы өлеңдерді талдауды дұрыс көрдік.

Осындағы мына өлең Ақмолланыкі:

Адам сол көңілі түзік діндер болса,

Залым сол дін тұтпаған мірдәр болса.

Баланы бір наданға беру харам,

Аузына атасының бұлғар болса.

немесе:

Кәрілік жаман екен терлемейді,

һим қайда бар, һим қайда жүр демейді.

Қарашы мына нафас дұшпандығын,

Біреуден ал, біреуге бер демейді.

Міне, өлеңнің әр жерінен алынған шумақтардан Ақмолланың стиліне тән, ой-пікірімен үйлесіп жататын жақтарын аңғару қиын емес. Сөз саптауы да, сөздердің татаршаланып келуі де Ақмоллаға тән қасиеттер.

1. 1 Ақын өлеңдерінің тақырыбы және идеялық негізі

Темірғали Исмайыловтың 1946 жылы қолжазба қорына тапсырған мына өлеңі Ақмолла Мұхамедиярұлынікі. Ал, ол Алтыбас Ақмолланыкі делінген. Бұл өлеңді бір адам, бір автор жазған:

Ақмолла айдын келді жағалаған,

Аяғын кер жорға аттың тағалаған.

Тұсында әр Мұсаның бір Перғауын,

Қара ит те пайғамбарға абалаған.

Би болмас белін жалпақ буғанменен,

Теңелмес бір анадан туғанменен.

Ақымақтар көзін жұмып құр мүлгиді,

Таба алмай өнер-білім жиғанменен.

Шағала боянғанмен тауыс болмас,

Кесепаты жаманның алыс болмас.

Сиырға кілем жапсаң жараспайды,

Жөкеге май жаққанмен қайыс болмас.

Мәстектен туған құлын тұлпар болмас,

Қарақұстың баласы сұңқар болмас.

Аспаннан аққу ілген ақ тұйғын құс,

Қарғадай өлімтікке іңкәр болмас.

Мәстектің дүбірі шықпас шапса дағы,

Устіне кілем жауып шапсаң дағы.

Асылына әр нәрсе тартпай қоймас,

Өсіріп сылап-сипап бақсаң дағы.

Аспанда ай нұрланар толған сайын,

Ұмытылар пенделігің барған сайын.

Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ,

Сол таяқ кемімей ме жонған сайын.

Бұл өлеңде де Ақмолла Мұхамедиярұлының жырларындағы ой-пікірлер, толғаныстар, бір-бірімен астасып жатыр. Өзінің жауларына мойымаған ақынның сөз кестесін "Қара ит те пайғамбарға абалаған" деп отыруы осы ойымызға дәлел болатын секілді. Өйткені, Ақмолла дәуірі тұсында ел ішінен шыққан ағартушылар көп қуғын-сүргін көрді. Олардың көпшілігі қазақ даласындағы теңсіздікті сынап-мінеп, сын тезіне алады. Әрі осы өлеңнің кейбір жолдары, шумақтары ақынның қолда бар өлеңдерінен кездеседі. Өткір сөзі, уытты өлеңдері оны халық арасына кеңінен таратып, есімі құрметке бөленді. Жоғарыдағы өлең өзінің интонациясы, стильдік жағынан Ақмоллаға тән белгілерді көрсете алады. Ашынған, зорлық-зомбылық көрген адамның аузынан ғана осындай ащы сөз шықса керек.

Енді Сабыр Шәріповтің жинаған өлеңдерінің ішіндегі мына шумақты да Ақмолланыкі деуге көңіл бұратын дәлел жоқ емес, бұл да Алтыбас Ақмолланыкі делінген.

Бар еді жыл құсындай бір қоңыр қаз,

Умітті едік ол шақырса келер деп жаз.

Сүрінгенде сүйенген орын еді,

Татар ек шүрегейлі өзі әм хаз,

Көңілдегі бөтенше мақсұтымның,

Барамыз адам таппай айтарға наз.

Бұл өлеңнің Ақмолланыкі екені даусыз. Өйткені, Ақмолла жинақтарында табиғат лирикасына арналған көптеген өлеңдері бар. Онда ақын табиғаттың тамаша кезеңдерін әлеуметтік тұрмыспен астастыра жазған. Онда тәуір ойлар, көңілге қуаныш құятын жылы суреттер басым. Ақмолланың көптеген өлеңдерінде өзін әділетсіз қоғамның түсінбейтіні, ескілік қараңғылығында қалып отырған халықтың жақсы ниеттерді әлі де болса ұға алмайтыны жиі айтылады.

Жоғарыдағы өлеңде де сол пікірлер басым. Оның үстіне, өлең әсте ақынның өзінің жеке көңіл күйімен беріледі. Ақмолланың күз, жаз, табиғат суреттері секілді өлеңдері үзік-үзік. Осыған қарағанда, олар толық жиналмаған. Ел арасында бұл өлеңнің әлі де басқа шумақтары бар екені шек келтірмейді.

Жалпы, қолжазба қорындағы кейбір өлеңдерге зер сала қарасақ, олардың арасынан әлі де Ақмолланың біраз өлеңдері табылары сөзсіз. Өйткені, көптеген өлеңдерден Ақмоллаға тән стильдік, тілдік ерекшеліктерді аңғару қиын емес. Тіпті кейбір тіркестер Ақмолланың қолда бар өлеңдерімен үндесіп, қабысып жатыр. Әрине, бұл орайда әлі де терең талдау керектігі айқын.

Ақмолланың ел арасында сақталған, қағазға түспеген өлеңдері көп. Осы тұрғыдан келгенде, 1935 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде "Ақмолла өлеңдері туралы" деген мақала басылды. "Ақмолла өлеңдерінің қазақ тілінде басылуы өте қажет. Сәкеннің мына жинаған өлеңдері түгел деуге болмайды. Оның осы күнге дейін татар, башқұрт тілдерінде басылғандарынан басқа, ел ішінде қалған бірлі-жарым өлеңдері бар. Мысалы:

Қисапсыз бай болсаң да Қарынбайдай,

Сақи боп мал шашсаң да Атымтайдай.

Патшадай Әмір-темір дін түзетіп,

Болсаң да әйдік батыр Арыстандай.

Болсаң да Жиреншедей тілге шешен,

Ақырда жатар орның тар лақыт жай.

не болмаса:

Стамбол патша болсаң, Құдыс шамға,

Бұқар мен укім етсең де Ундістанға.

Ағылшын, Қытай, Мәскеу, Румді алып,

Дін түзеп әмір етсең де бұл жиһанға,

Кірерсің ақыр бір күн көрстанға".

С. Машақов дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің жинап бастырған Ақмолла өлеңінің құндылығын айта келіп, оның өмірінің кейбір сәттеріне тоқталады. Ақмолланы халықтың мұңын жоқтаған ағартушы ақын деп біледі. Сөйтіп, оның бірді-екілі халық арасында қалған өлеңдерін мысалға алады. Оны жоғарыда келтірдік.

Ақмолланың белгісіз өлеңдері татар-башқұрт арасында да мол. Оның біразы Башқұрстандағы мұсылмандардың діни басқармасында сақталған. Белгілі түрколог, діни жазушы Ресейдің шығысында 1908-1918 жылдары шығып тұрған "Шора" журналының редакторы Риза Фахретдиновтың үш томға жуық қолжазбасында татар, башқұрт, қазақ әдеби мұраларын біріктіретін және тарихи ескерткіштер көп.

Р. Фахретдинов "Асар" деп аталатын кітабының 34-томын баспаға әзірлеген. Бірақ ол жарияланбай қалған. Сол кітаптың бір тарауы ескі ақын хаттары мен жиған-тергендерін құрайды. Бұл туралы башқұрттың белгілі ғалымы, филология ғылымының докторы А. Харисовмынадай қызық факті келтіреді.

"Асарда" Ақмолла Мұхамедиярұлының өз қолымен жазған мәнді хаттары бар". Оның бірін мына фотокөшірмеден көруге болады. Бұл Ақмолланың өз қолымен жазған өлеңі.

Татар және башқұрт халықтарының арасында да Ақмолланың жаңа өлеңдері баршылық. Оның бірсыпырасы мерзімді баспасөздегі кейбір мақалалар ішінде берілген. Оған "Жолда", "Башқұрларым, оқу керек, оқу керек", "Айыбына достың көз салма" деген өлеңдерін жатқызуға болады.

1971 жылы Уфада "Башқұрт поэзиясының антологиясы" жарық көрді. Оны Әхнәф Харисов, Ғайни Хосайынов, Ким Әхмет және басқалар құрастырған. Осы кітаптың бір тарауы Ақмоллаға арналған. Онда уытты тілді ақынның шығармашылығына талдау жасалған. Сондай-ақ бір топ өлеңдері, атап айтқанда:

1) Башқұрларым, оқу керек, оқу керек;

2) Шиһабетдин Марджани Марсиясы (айырым строфалар) ;

3) Мекенім менің жатқан аты зындан;

4) Менің жатқан орным - түрме - деген өлеңдері кіргізілген.

Сондай-ақ Ақмолла шығармашылығы татар әдебиетшілерінің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Ақынның бір топ өлеңдері белгілі ғалым М. Ғайнуллин құрастырған "ХІХ ғасыр басындағы татар әдебиетінің хрестоматиясына" енген. Оның шығармашылығы татар және башқұрт мектептерінің оқу бағдарламасына енгізілген.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
АҚМОЛЛА МҰХАМЕДИЯРҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН МҰРАСЫ
Қазақ, башқұрт әдеби байланыстары (А.Мұхамедияров және М.Кәрім шығармашылығы бойынша)
ХIХ ғасырдағы қазақ- татар әдеби байланыстары
Әдеби дәстүр мен жаңашылдық. Халықаралық әдеби байланыс
Бүркіт ысқақовтың шығармашылығы
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Қазақ әдебиетіндегі шариғат негіздерінің көрінісі
Мақыш Қалтайұлының шығармашылық өмірбаяны
Қазақ әдебиетіндегі төрттаған (рубаи) жанры
ХХ ғасырдың басындағы діни-ағартушылық бағыт
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz