АҚЫНДЫҚ ӘЛЕМ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 125 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI

СЕМЕЙ УНИВЕРСИТЕТI

Айбар Қадыров

АҚЫНДЫҚ ӘЛЕМ

Семей

2006

ББК 83. 3 Каз.

Қ 12

Жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы, профессор А. С. Еспенбетов

Пiкiр жазғандар:

филология ғылымдарының докторы, профессор

Т. Жұртбай;

филология ғылымдарының докторы, профессор

Қ. П. Жүсiпов

Қ 12 А. Қ. Қадыров Ақындық әлем. - Семей. - Шәкәрiм атындағы Семей мемлекеттiк университетi. - 2006 ж. - 154 бет.

ISBN 9965-533-28-8

Бұл зерттеуде жыр алыбы Шәкiр Әбенұлының ғұмырбаяны, ақындық мұрасы тұңғыш рет сараланып, сөз болады. Ақынның көпшiлiкке беймәлiм өмiрi мен өлеңдерi архив құжаттары арқылы нақты деректермен айқындалады.

Ақынның тарихи тақырыпқа және аңыз әңгiмелер негiзiнде жазылған поэмалары кеңiнен талданады.

Еңбек жоғары оқу орындарының оқытушыларына, мектеп мұғалiмдерiне, аспиранттарға, студенттерге және әдебиеттi сүйетiн көпшiлiк оқырманға арналады.

ББК 83. 3Каз.

Қ

ISBN 9965-533-28-8  Қадыров А. Қ, 2006

К I Р I С П Е

Елiмiздiң тәуелсiздiк алуы қоғамдық өмiрде үлкен өзгерiстерге жол ашты. Ең бастысы, туған Отанымыздың аңсаған тәуелсiздiкке жетуi қазақ жұртшылығының ұлттық санасының күрт оянуына айрықша әсер еттi. Соңғы жылдарда қазақтың із тарихын, мәдениетiн, әдебиетiн, өнерiн бiлуге деген талап-тiлегi, талпынысы арта түстi.

Қазақ халқына ұлттық рухани қазынасын империялық көзқарастан аршып бұрмасыз, бүкпесiз, еш бояусыз көрсетуде әдебиеттанушы ғалымдар қыруар еңбек етуде. Халықтың рухани дүниесiне, ғасырлар бойы жинақталған мәдени қазынасына Кеңестiк заман кезiнде ел-жұрттан жасырын ұсталып, үнемi қараланып келген Шәкәрiм Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов iспеттес әрқайсысы қазақ мәдени дамуындағы бiрегей құбылыс болып табылатын алыптардың шығармашылық мұрасы бұл күндерi халық игiлiгiне айналды. ұзақ ғасырлар бойы жасалған фольклордан бастап, қазақ әдебиетiнiң барлық тарихи кезеңдерi жөнiнде кешегi Кеңестiк идеология ықпалымен айтылған ойлар, пiкiрлер қайта қаралып тарихи ақиқат аясында ғылыми дәйектiлiкпен сарапталуда.

Алайда қазақ әдебиетiнiң тарихында өзiнiң шешiмiн таппаған, өзiмiз жете танып болмаған, басқаға да танытуымыз қажет мәселелер баршылық. Кеңес империясының жетпiс жылдан астам уақытқа созылған отаршылдық үстемдiгiнiң нәтижесiнде қазақ халқы бiрнеше ауыр қиын кезеңдi басынан кешiрдi. Кеңестiк қатал билiктiң қыспағынан тайсалмай халықтың ауыр тағдырын, елдiң мүңын тура айтқан қазақ әдебиетiнiң өкiлдерi үнемi қуғындалып, түрмеге жабылды.

1950 жылдары қазақ әдебиетiне, қазақ ғылымына қарсы келген iндет отызыншы жылдардағы содырлы, сойқанды кезеңнiң заңды жалғасы едi. Е. Бекмаханов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайлов, Қ. Мұхаметхановтар түрмеге қамалса, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин, Ә. Мәметова, Ә. Қоңыратбаевтар жазықсыз қуғын-сүргiнге түсті, көптеген қалам иелерi заңсыз жазаланды.

Мiне, осындай саяси қысымды кеңес үкiметiнiң алғашқы жылдарынан бастап-ақ басынан өткерген ақындарымыздың бiрi - Шәкiр Әбенов.

Ақындар өмiрбаяны - әдебиет зерттеушiлер үнемi көңiл бөлiп келе жатқан мәндi проблема екенiн ескере отырып, өмiрi мен творчествосы күрделi, Шәкiр Әбеновтың өмiр тарихын объективтi түрде саралау маңызды болмақ. Ақынның жеке басындағы жайлардан оның өмiр сүрген дәуiрi, сол кезеңнiң саяси әлеуметтiк қайшылықтары, қоғамдық өмiр өзгешелiктерi көрiнедi. Оның творчествосы өмiр жолындағы мақсат, армандарымен толығып байығандығының куәсi боламыз.

Шығармашылық тағдыры да шытырман ақын, сталиндiк қуғындаудың қаһарына iлiгiп абақты азабын тартса да, ұстанған жолынан, өмiрлiк принциптерiнен ауытқымаған. Оның ақындық мұратына, көркемдiк-эстетикалық нысанасының мәнiн танытатын ерекшелiктердiң үлкенi - шыншылдығы.

Оның өлеңдерi заман шындығын көрсететiн өмiрдiң өзiнен туған қоспасыз таза шумақтар. Ол алғашқы колхоздастыру кезiндегi солақайлықтан бастап, кейiнгi науқаншылдыққа дейiнгi қоғамның көлеңкелi көрiнiстерiн сынады. Өлеңдерiнiң өзегiнен халық тағдыры, өз бейнесi көрiнедi. Ал, қаламынан туған қазақ елiнiң көмескi сұрлеуiнен нақты тарихынан сыр шертетiн Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Кейпiн батыр, Таңшебер-Жапал, Тоқтамыс пен халықтың басынан өткен толып жатқан әлеуметтiк теңсiздiктi, қоғамдық қайшылықтарды көрсететiн Ортақ арал, Ана махаббаты, Патша мен байғыз, Қорқыт қобызы атты әртүрлi аңызға құрылған поэмалары - қазақ халқының рухани мәдениетiнiң бiр саласы, өткен өмiр шежiресi, көне замандағы қилы күндер хикаясының деректi белгiсi дәрежесiнде қарастырылуы қажет. Сондай-ақ, қаламгер қазынасы бүгiнгi ұрпағын тәуелсiздiкке, бостандыққа, бiрлiкке, адамгершiлiкке, имандылыққа бағыттайтын iшкi қуаттың зор күшiн аңғартады. Осындай аса бай мұра қалдырған Шәкiр Әбенов сынды қаламгердiң шығармашылығын зерттеу ғылыми актуальды арна екенiне ешкiм де шек келтiре алмайды.

Ұлттық мұраға толық бұрылып, оны ұрпақ тәрбиесiне пайдалануға баса назар аударған шақта өткен өмiрден мол сыр шертетiн Шәкiр Әбеновтей ақынның ұлттық қорға қосқан үлесiн көрсетiп, әдiл бағасын беру бүгiнгi таңның мәселесi.

Бiздiң еңбегiмiздiң басты нысанасы - ақын шығармаларындағы заман көрiнiсi тарихи оқиғалар мен әр алуан аңыздар туралы көлемдi туындыларының тақырыбын, тарихын және көркемдiк сипатын ашу.

Ш. ӘБЕНОВ МҰРАСЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ

БЕЛЕСТЕРI

Ш. Әбеновтың өмiрбаяны және оның шығармалары бұған дейiн жан-жақты зерттелiп, арнайы талдау жасалған жоқ. Оған Кеңес үкiметiнiң солақай саясатын, келеңсiз көрiнiстерiн жырлап iстi болғаны үлкен кедергi болды. Қазақ ССР Жоғарғы Сотының 1961 жылғы 2 наурыздағы шешiмiмен толық ақталғаннан кейiн ақын және оның жеке шығармалары жөнiнде сын-пiкiрлер басталып /1/ ара-тұра зерттеу еңбектерде, ғылыми мақалаларда аталып өтiп /2/ 80, 90 жасқа толған уақыттарында баспасөздерде ой-пiкiр айтқан мақалалар /3/ ақындардың айтқан арнау өлеңдерi жарық көрдi. Бiрақ ол туралы көлемдi ғылыми еңбектер жазылмады. Алайда осы еңбектердiң қай-қайсысы да ақынның тамаша, бағалы мұрасын таныстыруда, талдауда үлкен-үлкен ғылыми еңбектер тудыруда белгiлi дәрежеде қызмет атқарары сөзсiз.

Халыққа ақынды, ақындық қуатын танытатын биiк ұрдiстi тамаша поэмалары туралы алғашқы сұбелi, ғылыми пiкiр айтып, лайықты бағасын берген ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан республикасы ғылым академиясының корреспондент мүшесi Рымғали Нұрғалиев Кең тынысты ақын атты осы мақаласында күрделi де көлемдi, қызықты да тартымды Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Кейпiн батыр, Таңшебер - Жапал поэмалары туралы айтылған пiкiрлерi Ш. Әбеновтың шығармаларын кейiнгi зерттеушiлерге бағыт шам iспеттес бағасымен де құнды. Жалпы Шәкiр Әбенов поэзиясында фольклор мен жазба әдебиет дәстүрінiң жақсы тоғысуын көруге болады.

Тiл байлығында, оқиғалық негiзде фольклор қазынасынан алған дүниелер көп, ал пейзажда, диалогта, монологта, сюжет поэтикасында, идеялық тереңдiкте классикалық жазба әдебиет дәстүрі барлығын айту дұрыс /4/, - деп ауыз әдебиетi нұсқаларын жете бiлiп, жазба әдебиет дәстүрі мен еркiн байланыстырғанына да баса назар аударған.

Шәкiр Әбеновты әдебиет зерттеушi ғалымдардың назарына iлiктiрген шоқтықты шығармасы - Қозы Көрпеш - Баян сұлу поэмасы.

Осы жырдың көне нұсқаларын зерттеушi белгiлi ғалымдар Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаевтар өздерiнiң еңбектерiнде /5/ Қозы Көрпеш - Баян сұлу жырының тағы бiр нұсқасын көп жаңалық қосып, жаңғырта жырлаған Абай үлгісiндегi ақын Шәкiр Әбенов- деп атап өткен. Профессор Ысқақ Тәкiмүлы Дүйсенбаев қазақ фольклорының ең бiр мол саласы лиро-эпосты зерттеуге арналған Қазақтың лиро-эпосы атты еңбегiнiң /6/ соңғы тарауында Шәкiр Әбеновтың Қозы Көрпеш - Баян сұлу поэмасына арнайы тоқталып, жаңа мазмҮнға ауысып, кемелдене, көркейе түскенi сөз болады.

Халық ақындары творчествосының көркемдiк ерекшелiктерiн зерттеп, талдау жасаған ғалымдардың iшiнде филология ғылымының докторы С. Негимов Халық өлеңiнiң ұйқасы мен ырғағы, өлең-жырдың өлшем өрнектерi мен құрылыс жүйесi /7/ атты ғылыми еңбектерiнде Шәкiр Әбенов шығармаларына да жиi назар аударған.

Ш. Әбенов өмiрi және әдеби мұрасының идеялық нысанасы туралы Б. Ерзакович сынды музыка зерттеушiсi, Ә. Нұршайықов, Т. Жұртбаев, Н. Айтов, М. Сәрсекеев, К. Тұрғанбаев, Т. Шәрiпжанов, Қ. Ысқақұлы, Х. Матаев, Т. Ибрагимов, Т. Жанғалиев, К. Өлмесеков, М. Тiлеубекова сияқты ақын, жазушы, журналистердiң түрлi проблемалар арнасында қарастырған мақалаларын атап айту лазым.

Белгiлi жазушы, ғалым Т. Жұртбаев кеше ғана қасымызда жүрген Шәкiрдiң өмiрiнiң жұмбақ болып келген беттерiн Аты аңызға айналған Шәкiр Әбенов туралы шындық, оның өмiрi көзi тiрiсiнде айтылуы керек. Әйтпесе кейiн ақиқат пен аңыздың арасын ажырата алмай қаламыз /8/, - деп жазған мақаласы оның өмiрi туралы жазылатын көлемдi еңбектерге нағыз түнба болары анық.

Шәкiр Әбеновты тағы бiр қырынан танытатын авторлар коллективi даярлаған Қазақ әдебиетiнiң тарихы атты көлемдi еңбекте Кеңес дәуiрiнiң алғашқы кезеңiндегi қазақ ақындарының шығармаларын әнге қосып, домбырамен, сырнаймен айтатындарына тоқтала келе- Шәкiр Әбенов Қозы Көрпеш - Баян сұлудың өзi айтатын нұсқасын домбыраның мөлдiр үнiмен оннан артық әуенге қосып орындайды. Онда Арқаның әсем сазды музыка ырғағы айтылатын оқиғаға, сөйлейтiн сөзге орай үндесiп жатады /9/, - деп ақынның әншiлiк қабiлетiн атап өтсе, музыка зерттеушi Б. Ерзаковичтiң Шәкiр ақын атты көлемдi мақаласында Шәкiрмен екiншi рет жолыққанымда менiң магнитофоным болды, ол бiрнеше сағат ұдайы, арасында тыныстап алып осы эпостың бүкiл вокальдық номерлерiн айтып шықты. Шәкiр бұл номерлердi бұдан бұрынғы текстерден өзге сарынмен орындады. Осының өзi-ақ вокальдық фрагменттердiң ауыз екi шығарыла салмағандығының, керiсiнше, бүкiл эпостың негiзгi нақты бөлiгiн құрайтын, сонымен қатар Шәкiрдiң музыкадан ерекше зерделiгiн, орындаушылық тәжiрбиесi жоғары екенiн айғақтайды /10/, - деген маман сөзiнен ауыз әдебиетiнiң бiлгiрi екендiгiмен қоса, ән айту қабiлетiн жоғары бағалағандығын көремiз.

Шәкiр Әбенов ақындығы ерте бала жiгiт кезiнен айналасына танылып қалыптасқанымен, тағдыр тәлкегiне байланысты отызыншы жылдардың аяғына қарай ғана бiрен - саран шығармалары газет- журналдарда басыла бастады. Ақын туралы кейiннен басылып жүрген мақалаларда Борсықтар атты өлеңi 1916 жылы Айқап журналында жарыққа шыққандығы туралы жиi айтылуда /11/.

Айқап журналынан ақынның бұл өлеңiн кездестiре алмадық. Журнал 1911-1915 жылдардың тамыз айына дейiн ғана шығып тұрған.

Ақынның 1919 жылдан бастап шығарған уақыт саясатына үйлеспеген өлеңдерi Семей қалалық ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң архивiнде сақталған /12/. Архивтен алынған өлеңдерiнiң кейбiрi осы жазылған жұмысқа арқау болады. 1936 жылдан бастап ақынның өлеңдерi мен поэмалары республикалық, облыстық газет- журналдарда жариялана бастады.

Қазақ халқының әдебиет, өнер, мәдениет тарихында ерекше маңызы бар Әдебиет және искусство журналы Шәкiр Әбеновтың елiне танылуына ықпалы ерекше. Оның алғашқы поэмалары, өлеңдерiнiң алғаш баспа бетiнде көрiнуi осы журналмен тығыз байланысты. 1937 жылы осы журналда Қозы Көрпеш - Баян сұлу поэмасы /13/ басылса, 1938 жылы ақынның Ұлы құрылыс /14/ өлеңi журналдың 12 номерiнде жарыққа шықты. 1939 жылы Кейпiн батыр /15/ поэмасының толық нұсқасы осы журналға жарияланды.

Шәкiр Әбенов өмiрiнiң тар жолда тайғақ кешкен тағдырына байланысты 1940 жылдан бастап 1960 жылға дейiн шығармалары баспа бетiнде жарық көрмедi. Тек, 1957 жылғы аудан аралық айтыста Тәңiрберген Әмiреновпен айтысқан айтысы Ақындар айтысы деген атпен шағын кiтапша болып, 1958 жылы Семей облыстық баспаханасынан басылып шықты /16/.

Ақын өлеңдерiнiң аудандық, облыстық, республикалық газет, журналдарға шығып, поэмаларының жеке-жеке кiтап болып басылуы 60-шы жылдардан берi қарай, 1962 жылы Қазақтың мемлекеттiк көркем-әдебиет баспасынан Кейпiн батыр және Таңшебер - Жапал поэмалары Кейпiн батыр деген атпен /17/ жеке кiтап болып басылса, 1965 жылы Қозы Көрпеш - Баян сұлу поэмасы Жазушы баспасынан жеке кiтап болып /18/ шықты. 1966 жылы Қазақ ССР ғылым академиясы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ұйымдастырған Айтыс жинағының III томынан /19/ Тәңiрберген Әмiреновпен айтысқан айтысына да тиiстi орын берiлдi. 1968 жылы осы Жазушы баспасынан Ортақ арал атты поэмасы /20/ жеке кiтап болып басылып шықты.

Ақынның сексенге толған торқалы тойына орай, әр жылдары жарық көрген Кейпiн батыр, Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Таңшебер - Жапал поэмалары енгiзiлiп Шыңғыстау деген атпен /21/ 1980 жылы көлемдi кiтап болып басылып шықты.

Ғасырға жуық өмiр сүрген ақын 84 жасында тың, көлемдi Ана махаббаты, Патша мен Байғыз, Қорқыт қобызы дастандарын Шыңғыстау сазы деген атпен /22/ 1985 жылы Жазушы баспасынан жарыққа шығарды. Ақынның Жазушы баспасынан 1991 жылы Дастандар деген атпен /23/ шыққан кiтабына жаңа толықтырулармен, өзгертулермен көркемдiк сапасын арттырған Қозы Көрпеш - Баян сұлу поэмасы, қайталанып басылған Таңшебер - Жапал, Кейпiн батыр поэмалары енгiзiлген.

Шәкiр Әбеновтың көзi тiрiсiнде баспадан жарыққа шыққаны поэмалары ғана болды. өлеңдерi алпысыншы жылдардың басынан аракiдiк болса да аудандық, облыстық, республикалық газет - журналдарға цензураның қатаң тексерiсiнен өтiп барып жарияланып тұрды.

Ақынның өлеңдерi тоқырау жылдарындағы тоңның жiбiмеуiнен, егемендiк алып ел болған уақытта қаражатқа тiрелiп, өз алдына жеке кiтап болып әлi де жарық көрген жоқ.

Көрiп отырғанымыздай, ғасырға жуық өмiр сұрiп, қазақ поэзиясының қазынасына қосылатын көлемдi онға тарта поэмалар жазған, заман шындығын айнытпай суреттеген өлеңдер туғызған Шәкiр Әбенов шығармаларының толық жарыққа шықпай, зерттелу ауқымының өте жұтаңдығына назар аударып, талдау жүргiзiп, зерттеу кезегiн күтiп тұрған мәселе болып табылды.

Еңбектiң негiзгi нысанасы бүкiл саналы ғұмыры тағдыр тәлкегiнде өтсе де жасқанбай айтарын айтып, он шақты көлемдi де көркем поэмалар тудырған Шәкiр Әбеновтың өмiрi мен шығармашылығын халыққа насихаттау 110 жылдық торқалы тойында ұрпаққа үлкен сый болары сөзсіз. байланыстыосыған дейiн ғылыми ауқымдағы жұмыстың өзегiне айналмағандықтан осы еңбегiмiзде ақын өмiрiн саралау, оның бай әрi сан-салалы шығармаларына тән сипаттарды айқындау, тарихи шындығын, көркемдiк ерекшелiктерiн, идеялық-тақырыптық арналарын ашып көрсету көзделедi.

Еңбектiң алға қойған мақсаты мен мiндетiн орындау барысында қазақ әдебиетiнiң тарихы, сыны, теориясы және фольклористика саласындағы М. Әуезов (25), Е. Ысмайылов (25), Қ. Жұмалиев (27), А. Нұрқатов (28), Р. Бердiбаев (29), Ш. Ыбыраев (30), З. Ахметов (31), З. Қабдолов (32), С. Қирабаев (33), Р. Нұрғалиев (34), Ә. Нарымбетов (35), А. Еспенбетов (36), Ж. Тiлепов (37), М. Мағауин (38), Қ. Ергөбеков (39), Қ. Сыдиықұлы (40), С. Негимов (41) еңбектерiн назарда Ұстадық.

Еңбектiң әдiстемелiк сипатын анықтауда нысанада салыстырмалы-тарихи әдiстi ұстап, қаламгер мұрасын тұтас бiр әлем ретiнде жүйелi зерттеу обьектiсiне айналдыруды көздедiк.

ШӘКIР ӘБЕНОВТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

ҒҰМЫРБАЯНЫ

Әдебиеттану ғылымында жекеленген тұлғаларды зерттеу, олардың өмiрi мен әдеби қорымызға қосқан мұраларына әдiл бағасын беру - әдебиет зерттеушiлерi үнемi көңiл бөлiп келе жатқан мәндi проблема. Ұлы Мұхтар Әуезов: Бiзде бұл уақытқа дейiн Абайдан арғы ақынның өмiрi туралы жинаған мағлҰмат жоқ. Бүгiнде қазақ ескiлiгiне көз салып, жинастырып жүрген азаматтардың қатты ескеретiн бiр жҰмысы осы болу керек /42/, - деп баса мән бергенi тегiн емес. Абай өнернамасы хақында жемiстi iзденiстер жасай келе Тәкен Әлiмқұлов :″Мазмұнды өмiрбаянның, мәнiстi творчествоның қыры мен сыры дәуiрлердiң барысында ашыла түседi /43/, - десе, профессор Арап Еспенбетов: ″Қаламгер өмiрбаяны оның шығармаларының жазылу тарихы мен философиялық - дүние танымдық көзқарасындағы эволюцияны айқындауда жетекшi қызмет атқаратындығын ешкiм де жоққа шығара алмаса керек/36/, - деп ақындар өмiрiн жазудың өте қажеттiлiгiне тоқталған пiкiрлерi жеке тұлғаларды зерттеушi жастар үшін құнды ой болып табылады.

Шәкiр Әбеновтың ешкiмге ұқсамайтын бай әдеби мұрасын былай қойып, дүниеден өткенiне он алты-ақ жыл болса да өмiрiнде ақиқат пен аңызды ажыратар тұстары жетерлiк. Оның өмiрбаяны, өскен ортасы, түрлi өнер иелерiмен аралас-құраласы ел аузында әлi де өз шындығын таппаған. Аңыз лақапқа толы. Шәкiрдiң өмiр тарихына, заманына, өскен ортасына, тарихи деректер мен архив материалдарына жете назар салмай шындық шешiлмейдi.

Шәкiрдiң арғы аталары айналасына белгiлi дәулеттi, басшы, белдi, адамдар болған екен. Шәкiрдiң аталары туралы ел арасында аңыздар да жоқ емес. Соның бiрi - Кiбiт әженiң хикаясы.

Шәкiрдiң төртiншi атасы Ертiсбай мыңды айдаған бай болыпты. Оның ұлы Нұралы аңшылап келе жатса, алдынан қару-жарақ асынған, өзi шаршап-шалдыққан қыз жолығыпты.

- Менiң атым - Кiбiт. Қалмақ ханының қызымын, қашып шықтым. Алдымнан жас адам жолықса, кiм де болса соған тиемiн деп шығып едiм. Сен кезiктiң, менi аласың ба? - дейдi.

Нұралы қой аузынан шөп алмас адам екен, кесiмдi сөзiн айта алмай:

- Әкем бiледi . . . деп күмiлжидi.

- Әкесi:- Құдай кезiктiрген шығар, үйлен, - деп рұқсатын бередi. Содан Бiтiмбай туады. Кiбiттiң төркiнi зергер, өнерлi жұрт болыпты. Бiтiмбай ержүрек, қатты, қатыгез адам екен. Маңайындағы ағайындарының басын бiрiктiрiп, жерiн сақтап қалғандардың бiрi. Сол кiсiнiң балаларының iшiндегi ең мықтысы Әбен - Меккеге барып қажы атанған, мұсылманша сауатты, өз заманының белгiлi болысы болған. Абай өмiрiне үлкен бiр келеңсiз әсер қалдырған айтулы оқиғада, Мұқыр болысының сайлауындағы Оразбай жағының белдi адамы /44/. Алдағыны болжайтын көрiпкелдiгi де болған.

Шәкiрдiң азан шақырып қойған аты - Мұхаметшүкiр. Әкесi Әбеннiң қойған аты. Ақынның қызы Сананың айтуы бойынша ″Әбен кiшi әйелiнiң аяғы ауыр кезiнде түс көредi екен. Түсінде ақ боз ат көредi. Ақ боз аттың ерiнiң қасы қисық екен. Осы бала дана болады, түсімдi кешке жақын көрдiм. Тегi артында ұрпақ қалмайтын болуы керек″- деп, ″А, құдай, артында ұрпағы қалмаса да, бергенiне шүкiр″ - деп, атын Мұхаметшүкiр қойыпты /45/.

Шәкiр тiкелей әкесi Әбен қажының тәрбиесiнде болған, әкесiнiң ықпалымен ерте ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған. Семейдегi приходская школада үш жыл оқыған. Мұсылманша және орысша сауатын ашып алған соң, жасынан зерек, зейiндi, сергек Шәкiр өнер-бiлiмге құштарлығы артады. 1915 жылы Семейдегi ер балалар гимназиясына оқуға түседi. 1916 жылғы көтерiлiске байланысты оқуын жалғастыра алмай, ауылына қайтқандығы туралы, ақынның қызы Сана қынжыла еске алады.

1914 жылы 13 жастағы Шәкiрдi әкесi Әбен Көсембай Айдосовтың қызы Шәрәпиге үйлендiредi /12/. Шәрәпиден Алматы облысына қарасты Матай темiр жол станциясында қызы Орынтай Шәкерова тұрады. Балалы-шағалы. Шәкiрдiң мұсылманша, орысша сауат алып, азамат қатарына қосылып, ат жалын тартқан шағы қоғамдағы аласапыран кезеңмен дәл келдi. Ақ патшаны 1916 жылғы маусым жарлығы, алым салықтың көбеюi, жергiлiктi халықтың шҰрайлы жерiнен айрылуы, 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалыстың басталуына әкеп соқтырды. Қазақстандағы көтерiлiс Орта Азиядағы сияқты, патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы указы жарияланғаннан кейiн көп кешiкпей басталды, бұл указ халықтың шыдамын тауысып, ұлт-отарлық езгi мен орта ғасырлық қанауға қарсы бас көтерудiң себебi болды. /46. 460/.

Ақынның өмiрiне үлкен әсерiн тигiзген 1917 жылғы ұлы Қазан төңкерiсi. Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзi қазақтары Құрылтайындағы сөзiнде: ″Бiз 1917 жылы да аңсаған азаттықты ала алмадық. Большевиктiк саясат уәдесiнде толық түрмады. Отаршыл Ресейдiң кесiр саясатын мирас еттi /47/, - деуi бұлтартпас шындық.

Төңкерiстен кейiнгi қазақ ауылдарына келген өзгерiс, оның жақсылық, жамандығын түсінiп болмаған халықтың сергелдеңi басталды. Шәкiр осы дүркiреген дүбiрдiң ортасында қалың халықпен бiрге болды, оның қасiретiн көзiмен көрдi.

Ресей қоғамы екiге бөлiнiп, қарама-қарсы тұрып, екi ұдай атысып жатқанда ″Алаш″ азаматтары мен көзi ашық қазақ зиялыларының мақсаты-отаршылдықтан құтылып, елiн, жерiн бөлiп алып жеке ел болу болды. Олар жеке таптық мұддеге бөлiнбей, жалпы қазақ халқының қамын жедi. ұрандары ″Оян, қазақ″ болып, отаршылдықтан құтылып, теңдiкке, бостандыққа ұмтылу болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан
Төлеген Айбергенов поэзиясының көркемдік ерекшелігі
Жамбыл және оның ақындық ортасы
Абай дана Абай дара
Ақындық тұлғаның лирикалық кейіпкерге қатысы
Жамбылдың Жабаевтың дастандары
Абай шығармашылығының рухани болмысы туралы
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясы туралы
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ САРЫНЫ
Тұманбай Молдағалиевтің өмірбаяны
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz