Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру моделін жасау



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 118 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстан республикасы егемендік алып,
тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосылғалы ұлттық мәдениетті қайта өркендету
мәселесіне аса назар аударылып отыр. Мұны Үкімет пен Білім Министрлігінің
осы сала бойынша қабылданған қаулы-қарарлары мен құжаттары “Мәдени мұра”
бағдарламасы, негізінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік іс-шаралар
дәлелдейді.
Халық өмірінің тарихи тәжірибесін, оның сонау ықылым заманнан келе
жатқан рухани-адамгершілігін қайта ой-елегінен өткізіп, қайтара бағалау
бізге: адам өзінің ұлттық мәдениетінің шыңына жеткенде ғана жалпы азаматтық
құндылықтарды бағалай алады, ұлттық руханилықты меңгеру басқа халықтың
өзіне тән рухани жетістігін көре алады деп ой тұжырымдауға мүмкіндік
береді.
Ұлттық мәдениеттің қыр-сырын келешек ұрпаққа меңгерту, міндетті түрде
тәрбиенің маңызды проблемасының бірі болып саналатын қызығушылықты
қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Бұл проблема көпжақты, сол себепті оның
шешіміне әртүрлі ғылым саласы өзінің үлесін қосып отыр. Егер, психологтар
(Б.Г.Ананьев, А.Я.Леонтьев, Л.И.Божович және т.б.) қызығушылықтың шарттары
мен пайда болу механизмін және оның тұлғаға ықпалын зерттесе [1; 2; 3],
педагогтар (Г.И.Щукина, Н.Г.Морозова, А.К.Маркова, Р.Г.Лемберг және т.б.)
педагогикалық процесте көрініс алған қызығушылықты қалыптастыру
мүмкіндіктерін айқындайды [4; 5; 6; 7], ал әлеуметтанушылар
(Л.М.Архангельский, Г.А.Логинова, Т.К.Панкратов және т.б.) қызығушылықтың
қоғамдық ортамен және тұлғаның іс-әрекеті сипатымен байланысын қарастырады
[8; 9; 10]. Проблеманың педагогикалық саласының тұжырымдамалық негіздері
болса (қызығушылық проблемасының оқытудағы мәні мен маңызы; категорияларды
ұғымдық-терминологиялық тұрғыда негіздеу) Г.И.Щукинаның еңбектерінде терең
зерттеледі [11].
Бірқатар еңбектерде танымдық қызығушылықты қалыптастыру процесінің
кезеңдік сипаты (Н.Г.Морозова), оқушылардың қызығушылығын оқу әрекетінің
жалпы мотивациялық құрылымында қалыптастырудың маңыздылығы (А.К.Маркова),
оқушылардың оқу процесіндегі дүниетанымын, адамгершілігін және танымдық
қызығушылығын қалыптастырудағы өзара байланыс (А.С.Рогова), үлгерімі нашар
оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру (И.Г.Шапошникова)
қарастырылады [5, 21-б]; [6, 33-б]; [12; 13] .
Проблеманың жалпы бағытының маңыздылығы өнертанушылардың, соның ішінде
атақты теоретик-музыканттардың да еңбектерінде қарастырылады. Бұған
музыкатану және музыкалық психология (Б.В.Асафьев, Б.В.Медушевский,
Е.Б.Назайкинский және т.б.) [14; 15; 16], аспаптық педагогика
(Л.А.Баренбойм, Г.М.Каган және т.б.) [17; 18], музыкалық-педагогикалық
факультетінің студенттері мен оқушылардың музыкалық тәрбиесі
(О.А.Апраксина, Д.Б.Кабалевский, Н.А.Ветлугина және т.б.) саласындағы
жұмыстар жатады [19; 20; 21]. Олар қызығушылық проблемасы аясында музыкалық-
педагогикалық зерттеулерді жүргізуге байланысты алғы шарттар ұсынған.
Оқушылардың көркемдік-эстетикалық пәндерге қызығушылығын қалыптастыру
проблемасы бойынша жазылған еңбектер де баршылық. Солардың ішінде біз үшін
оқушылардың музыкаға тұрақты эстетикалық қызығушылығын қалыптастырудың
педагогикалық негіздері әдістемесінің маңызы жоғары (Т.П.Плеснина,
Э.Б.Абдуллин, Н.Н.Гришанович, Б.Өтемұратова және т.б.) [23; 23; 24; 25].
Жоғары мектеп студенттерінің қызығушылығын қалыптастыру проблемасы бойынша
да біраз еңбектер бар (Т.А.Колышева, Б.Л.Яконюк, Н.В.Соколова және т.б.)
[26; 27; 28].
Қызығушылық, қызығушылықты қалыптастыру, проблемасына бірқатар
қазақстандық ғалымдар да назар аударуда. Олардың еңбектерінде жоғары сынып
оқушыларының әржақты қызығушылығын қалыптастыру (Н.Д.Хмель,
Г.К.Байдельдинова) [29; 30], пәнаралық байланыс арқылы оқушылардың
қызығушылығын қалыптастыру (Б.Т.Набиева) [31], бастауыш сынып оқушыларының
сәндік-қолданбалы өнерге эстетикалық қызығушылығын (С.Жолдасбекова) [32],
қазақ аспаптық музыкасына қызығушылығын (М.А.Оразалиева) [33], қазақ халық
ертегілеріне танымдық қызығушылығын (А.Едігенова) [34] қалыптастыру, орта
буын оқушыларының классикалық музыкаға қызығушылығын қалыптастыру
(Н.В.Черкасова) [35], мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халық
музыкалық шығармашылығына қызығушылығын қалыптастыру (Ж.Акпарова) [36]
қазақ халық ертегілері арқылы орыстілді мектеп оқушыларын адамгершілікке
тәрбиелеу (Г.Мұратбаева) [37] проблемалары қарастырылады.
Қазақ фольклорын әдебиеттанушылар да терең зерттеген (М.Әуезов,
С.Қасқабасов, М,Ғабдуллин, М.Қаратаев, Ә.Қоңыратбаев және т.б.) [38; 39;
40; 41; 42].
Бірқатар еңбектерде қазақ халық ауызекі шығармашылығының мүмкіндіктері
теориялық (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, С.Ұзақбаева, К.Қожахметова,
Р.Дүйсембінова, Ж.Наурызбай, Р.Төлеубекова, К.Бөлеев және т.б.) және
практикалық (А.Мұхамбаева, Е.Сағындықов, А.Магауова, Г.Бахтиярова,
Б.Мұқанова және т.б.) тұрғыда ой елегінен өткізілген [43; 44; 45; 46; 47;
48; 49; 50; 51; 52; 53; 54; 55].
Жоғарыда аталған зерттеу жұмыстарының педагогика ғылымы үшін маңызы өте
зор, өйткені олардың зерттеу нәтижелері бүгінгі мектеп практикасының
сұранысынан шығып отыр. Дейтұрғанмен, бастауыш сынып оқушыларының қазақ
балалар фольклоры арқылы эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру проблемасы
бастауыш мектеп педагогикасының теориясы мен практикасында өз деңгейінде
зерттелмеген.
Демек, бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қызығушылығын
қалыптастыруда қазақ балалар фольклорын пайдалану мүмкіндіктері мен бұл
процесті ғылыми-әдістемелік тұрғыда қамтамасыздандыру арасында қарама-
қайшылық анық байқалады. Осы қайшылықты шешуде тиімді педагогикалық
жолдарды іздестіру біздің зерттеу проблемамызды айқындауға және тақырыпты
“Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы эстетикалық
қызығушылығын қалыптастыру” деп таңдауымызға негіз болды.
Зерттеу объектісі: оқушылардың эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру.
Зерттеу пәні: бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры
арқылы эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру процесі.
Зерттеу мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры
арқылы эстетикалық қызығушылығын қалыптастыруды теориялық тұрғыда негіздеу
және практика жүзінде әдістемесін жасау.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, оқу-тәрбие процесінің мазмұны ғылыми-
әдістемелік тұрғыда негізделген қазақ балалар фольклоры шығармаларымен
толықтырылса; мұғалімдер қазақ балалар фольклорын оқу-тәрбие процесінде
мақсатты түрде пайдалануға байланысты қажетті даярлықтан өтсе, бастауыш
сынып оқушыларының эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру процесінде қазақ
балалар фольклоры мазмұнын пайдалануға байланысты әдістемесі жасалса, онда
бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы эстетикалық
қызығушылығын қалыптастыру аса нәтижелі болады, өйткені қазақ балалар
фольклорының көркемдік-эмоционалдық әсері өте жоғары және түсінікті формада
ұлттық мәдени мұра мен қоршаған ортадан деректі мағлұматтар береді.
Зерттеудің міндеттері:
1. Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру
қажеттігін теориялық тұрғыда негіздеу;
2. Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қызығушылығын
қалыптастырудағы қазақ балалар фольклорының мүмкіндіктерін анықтау;
3. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру моделін жасау;
4. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастыруға қажетті ғылыми-әдістемелік
нұсқаулар жасау.
Жетекші идея: бастауыш мектептің оқу-тәрбие процесінде қазақ балалар
фольклорын мақсаттылықпен кешенді пайдалану оқушылардың оларға деген
көркемдік-эстетикалық қызығушылығын арттырады.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері болып диалектикалық
білім және тұлғаны дамытудағы қызығушылықтың, қабілеттіліктің рөлі туралы
таным теориясы саласындағы бүгінгі тұжырымдамалар; тұлғаны зерттеу
процесіндегі және педагогикалық процесті ұйымдастырудағы жүйелі-құрылымдық,
тұлғалық-іс-әрекеттік қатынастар; ұлттық мәдениет пен фольклордың
білімдегі рөлі туралы қағидалар; оқушы жастардың эстетикалық тәрбиесі
тұжырымдамасындағы қағидалар; халық педагогикасы мен халық шығармашылығының
тәрбиелік әлеуеті туралы теориялық тұжырымдар саналады.
Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми құжаттары
(Заңдар, қаулы-қарарлар), Білім және Ғылым Министрлігінің ұлттық мәдени
мұраны оқу-тәрбие процесіне ендіруге байланысты тұжырымдамалары мен
бағдарламалары, оқу құжаттары; ғалымдардың (тарихшылар, этнографтар,
әдебиетшілер, психологтар мен педагогтар) еңбектері; ұлттық мәдени мұралар;
мектеп мұғалімдерінің озық тәжірибелері, сондай-ақ автордың жеке басының
педагогикалық және зерттеушілік тәжірибесі.
Зерттеу әдістері: зерттеу проблемасы бойынша философиялық,
психологиялық, педагогикалық, фольклорлық әдебиеттерге теориялық талдау
жасау; мектептің оқу құжаттары (оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар) мен
мұғалімдердің озық тәжірибелеріне талдау; бақылау; сауалнама жүргізу;
әңгімелесу; педагогикалық эксперимент; мәліметтерді математикалық тұрғыда
өңдеу.
Зерттеудің теориялық мәні мен ғылыми жаңалығы:
1. Эстетикалық қызығушылық теориясының негізінде бастауыш сынып
оқушыларының эстетикалық қызығушылығын қазақ балалар фольклоры арқылы
қалыптастырудың құрылымдық моделі жасалды;
2. Қазақ балалар фольклоры педагогикалық жіктемеге келтірілді және
олардың бастауыш сынып оқушыларының оқу-тәрбие процесінде эстетикалық
қызығушылығын қалыптастырудағы мүмкіндіктері айқындалды;
3. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастырудың тиімділігін қамтамасыздан-дыратын
педагогикалық шарттар анықталды;
4. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастырудың әдістемесі жасалып, тәжірибелі-
эксперимент жүзінде тексерістен өткізілді.
Зерттеудің практикалық мәні: а) бастауыш сынып оқушыларының қазақ
балалар фольклоры арқылы эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру деңгейінің
диагностикалық әдістемесі; ә) “Қазақ балалар фольклорына саяхат” атты
үйірме жұмысының бағдарламасы және “Ана тілі” пәні бағдарламасына қосымша;
б) мұғалімдерге арналған “Қазақ балалар фольклорының эстетикалық тағлымы”
атты арнайы курс бағдарламасы және сыныптан тыс тәрбие шараларының жоспары
мен оны өткізуге байланысты әдістемелік нұсқаулар жасалды.
Зерттеу нәтижелерін мектептерде, лицейлер мен гимназияларда,
педагогикалық колледждер мен университеттерде, мұғалімдер білімін
жетілдіретін мекемелерде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
1. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастырудың құрылымдық моделі эмоционалдық-
мотивациялық, мазмұндық, іс-әрекеттік компоненттердің бірлігін,
көрсеткіштер мен өлшемдерді қарастырады.
2. Қазақ балалар фольклорының педагогикалық жіктемесі (әлпештеу (ана)
поэзиясы, тұрмыстық фольклор, күлдіргі фольклор, ойын фольклоры) олардың
бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қызығушылығын қалыптастырудағы
мүмкіндіктерін анықтауда және оқу-тәрбие процесіне ендірілетін шығармаларды
сұрыптауда көмектеседі.
3. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру процесі мынадай педагогикалық
шарттар бойынша жүзеге асырылады: зерттеу барысында жасалған бастауыш
сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесі бағдарламасы негізінде білім
мазмұнын жетілдіру; бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қызығушылығын
кезеңдеп қалыптастыруды қамтамасыздандыру және осы кезеңдерге сай келетін
фольклор материалдарын ендіру; бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар
фольклорына эстетикалық қызығушылығын тәрбиелеуде пайдаланылатын әртүрлі
формалар мен әдістердің, амал-жолдардың оңтайлы байланысын
қамтамасыздандыру; мектептегі әдістемелік бірлестіктерде, мұғалім білімін
жетілдіретін институттарда мұғалімдерге қазақ балалар фольклоры
материалдарын пайдалану саласынан арнайы білім беру, даярлықтан өткізу.
4. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру мазмұндық-әдістемелік тұрғыда
қамтамасыздандырылады.
Зерттеудің негізгі кезеңдері. Алғашқы кезеңде (2001-2002 жж.) зерттеу
проблемасы бойынша материалдар жиналып, жүйеге келтірілді, ғылыми аппарат
айқындалды, бастауыш мектеп мұғалімдерінің озық тәжірибелері жинақталып,
қорытындыланды, эксперимент жұмысының бағдарламасы даярланды.
Екінші кезеңде (2002-2005 жж.) оқу-тәрбие процесіне ендірілетін қазақ
балалар фольклоры сұрыпталды. Үйірме жұмысының бағдарламасы даярланып,
арнайы курс бағдарламасының мазмұны айқындалды, оларды өткізудің әдістемесі
жасалды, тәрбие жұмыстарының іс-шаралары жоспарланды. Тәжірибелі-
эксперимент жұмыстары жүргізілді, аралық кесінділер алынды.
Үшінші кезеңде (2005-2006 жж.) зерттеу нәтижелері жүйеге келтірілді,
деректер мамематикалық өңдеуден өтті, қорытынды, ұсыныстар берілді,
пайдаланған әдебиеттер жүйеге келтірілді.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі оның әдіснамалық-
теориялық негіздерімен, ғылыми аппараттың логикалық бірлігімен, тәжірибелі-
эксперимент жұмысының мақсатына, міндеттеріне, мазмұнына барабар кешенді
әдістерді пайдаланумен қамтамасыздандырылады.
Зерттеу базасы. Тәжірибелі-эксперимент жұмысы Ақтау қаласының №№ 13,
14, 20, 24 қазақ орта мектептерінде өткізілді.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру. Зерттеудің негізгі
нәтижелері халықаралық (Алматы, 2001, 2004, 2006), республикалық (Ақтау,
2002, 2004) ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды; Ш.Есенов
атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушыларының ғылыми-
теориялық конференцияларында (2001-2006) баяндалды, эксперимент жүргізу
барысында жүзеге асты, сондай-ақ мерзімді басылымдарда жарық көрген ғылыми
мақалаларда, ғылыми жинақтарда, әдістемелік нұсқауларда көрініс тапты.
Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан,
қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық негіздері

1. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ балалар фольклоры арқылы
эстетикалық қызығушылығын қалыптастыру психологиялық-педагогикалық
проблема

Оқушылар қызығушылығын қалыптастыру проблемасы өзінің көпжақтылығына
қарамастан педагогикалық теория мен практикада жеке тұлғаны үйлесімді
дамытуда көкейкесті мәселенің бірі болып саналады. Педагогикалық
зерттеулерде оған аса зор мән беріліп, жан-жақты қарастырылған.
Психологиялық және педагогикалық теорияда осы проблемаға байланысты
бірқатар маңызды тұжырымдамалық қағидалар қалыптасқан.
Проблеманың әдіснамалық негіздері философтар мен әлеуметтанушылардың
еңбектерінде көрініс тапқан. Мысалы, философия тарихында орын алған
бірқатар философтар (Гельвеций, Гольбах, Дидро т.б.) қоғамдық өмірді
қызығушылық арқылы түсіндіруге талпынған. Олар қызығушылықты
адамгершіліктің, саясат пен қоғамдық қызығушылықтың ақиқатты негізгі
тұрғысында қабылдаған. “Егер физикалық әлем қозғалыс заңдылығына бағынса,
рухани әлем қызығушылықтың заңдылығына бағынады. Жердегі қызығушылық барлық
тіршіліктің көз алдында заттың түрін өзгертіп отыратын құдіретті сиқыршы” –
деп түсінген [56]. Француз философ-материалистері қызығушылықты адамның
сезімдік табиғатынан іздестірген, олардың айтуынша адамның сезімдік
табиғаты тұрақты болап келеді. Ал қоғамдық қызығушылықты жеке
қызығушылықтар құбылысының жиынтығы ретінде қарастырған. Неміс ғалымдары да
қызығушылыққа назар аударып, өздерінің теориясын белгілеген. Гегельдің
пайымдауынша адамдар “өздерінің қызығушылығын қанағаттандырып отырады және
осыған байланысты өздерінің ойында жүрген, сондай-ақ өздері мойындап
жоспарламаған тағы басқа нәрселерді жүзеге асырып отырады” [57].
Философтардың еңбектеріне жасаған талдау, олардың қызығушылық бойынша
бірқатар жіктемелер ұсынғанын айғақтайды. Атап айтсақ:
- қоғамдық дәреже бойынша – жеке, топтық, қоғамдық қызығушылық;
- бағыттылық сала бойынша – экономикалық, саяси, рухани;
- оларды жүзеге асырудағы мүмкіндіктері мен сенім дәрежесі бойынша –
шынайы, алдамшы;
- қоғамның объективтік дамуына көзқарасы бойынша – прогрессивтік,
кертартпалық.
Егер өткендегі философтар қызығушылықты әлемдік ақыл-парасатпен, ешбір
шартқа тәуелсіз идеямен байланыстырса, бүгінгі заман философтары
(А.Д.Макаров, М.В.Яковлев, А.Г.Спиркин, В.К.Скатерщиков) қызығушылықтан
жасампаз күшті байқастырады [58; 59; 60; 61].
Қызығушылық проблемасына педагогика және психология ғылымында аса назар
аударылады. Бұл ұғымға зерттеушілер әр-түрлі түсініктеме береді: бағыттылық
(Г.И.Щукина, А.Н.Леонтьев, Н.Ф.Добрынин, С.Л.Рубинштейн т.б.) [62; 63; 64;
65], қажеттілік (Л.И.Божович, А.В.Петровский, Ю.В.Шаров және т.б.) [66; 67;
68], қарым-қатынас (В.Г.Мясищев, Н.Г.Морозова, А.П.Архипов және т.б.) [69;
70; 71]. Анықтамалардың әртүрлі болуы мынадай жағдайларға байланысты:
- қызығушылық әртүрлі жағдайда, объектіні, шарттарды және салаларды
зерттеуге байланысты туындайды;
- осы құбылысқа қарай жеке тұлғаның барлық негізгі психикалық
функциялары өзінің бейнесін табады;
- қызығушылық жалпы түсінік аясында емес, соңғы “кестедінің” деңгейімен
жиі қарастырылады және алынған сипаттама бүкіл болмысқа таралады.
Сондықтан ең алдымен жоғарыда аталған түсініктерге қызығушылықтың
қандай даму деңгейлері сәйкес келеді соны негіздеп алған жөн.
Бағыттылық тұрғысында қарастырылып отырған қызығушылыққа сипаттама бере
отырып біз сонымен бірге оның мынадай нышандарына мән береміз: белсенділік,
тұрақтылық, ықыластылық, мақсаттылық, ынталылық, саналылық. Бұл жеке
тұлғаның қызығушылық деңгейінің жоғары дамығандығын айғақтайды. “Тұлғалық
қызығушылық – дейді Н.Г.Морозова – қызығушылықтың аса бір жоғары да саналы
сатысын көрсетеді. Бұл әсерленушілік те, қарым-қатынас та емес, бұл тұлғаны
жан-жақты сипаттайтын, тұлғаның бағыттылығы” [70, 26-б]. “Танымдық
қызығушылық” категориясына әсіресе педагогикалық терияда аса назар
аударылған. Танымдық қызығушылықтың мәні мен дамуына Г.И.Щукина былайша
түсінік береді: “танымдық қызығушылық өзінің қалыптасуының қай кезеңінде
болса да қозғаушы күштің бірі болды. Алайда дамудың алғашқы кезеңдерінде
онда қажеттілікке тән сипаттағы тежелмейтін әуестік мінез болмайды” [62,
102-б].
Танымдық қызығушылықтың және оның дамуының “қарым-қатынас”
категориясымен байланысқан кездегі түсінігіне көзқарас ерекше. Мысалы,
Н.Г.Морозова қызығушылықтың дамуын бір сатыдан екінші сатыға өту, орнықты
мінезді біртіндеп дамыту ретінде көрсетеді, бұл тұлғаны бағыт аудағы қарым-
қатынастың өзгеруіне алып келеді. Осыған орай ол “қарым-қатынасты, оның
құрылымы шыңдалмай, мазмұны көмескі, аралас сипатта тұрғанда қызығушылықтың
бастапқы даму сатысына жатқызуға болады” деп жазады. Қарым-қатынас тұрақты,
ынталы, тұлғалық сипатқа белгілі бір даму деңгейіне жеткенде “ауық-ауық
қызығушылықтан дербес, белсенді, ынталы қызығушылыққа ауысу барысында,
эмоциялық-танымдық қатынас эмоционалдық-танымдық бағыттылыққа ауысқанда
ғана ие болады” [70, 95-б].
В.И.Мясищевтың тұжырымдамасында қарым-қатынас бағыттылықты көрсету
тұрғысында қарастырылады, автордың түсінігінде бұл “адамның болмысқа
басылымды көзқарасты таңдай білуін сипаттайды” [72]. Басқаша айтқанда,
қарым-қатынас іс-әрекеттің басымды себеп салдар деңгейіне жеткенде ғана
бағыттылыққа айналады.
К.К.Платоновтың түсінігінде “қарым-қатынас” пен “бағыттылық” тұлғаның
біртұтас құрылымын жасай отырып, белгілі бір байланыста болады. Осы
құрылымның ішінде қызығушылық “бір нәрсеге бағытталған танымдық форма”
ретінде қарастырылады [73]. Г.И.Щукина болса, “бағыттылық” пен “қарым-
қатынас” қатарласа қолданылуы керек деп есептейді. Соның ішінде, танымдық
қызығушылықты “таңдап алынған бағыттылық” ретінде анықтай отырып, ол осы
бағыттылықтың нақысты сөзі “әлемге, заттарға, құбылысқа деген танымдық
көзқараста” болып саналады дегенді айтады [74].
Біз авторлардың, жоғарыда аталған сипатамаларын (қажеттілік, қарым-
қатынас, бағыттылық) бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайды, олардың
белгілі немесе белгісіз жағдайлармен келісімін көру керек деген
көзқарастарын қолдаймыз. Осыдан барып, қызығушылық, таңдап алынған
бағыттылық ретінде де, қажеттілік көрсету ретінде де, эмоционалдық-танымдық
қатынас ретінде де, іс-әрекеттің себеп - салдары ретінде де, жүзеге асуына
болды.
Қызығушылықтың бүкіл мән – мағынасын, оның қызметінің механизмін
түсінуге тұлға қызығушылығы қағидаларын, оның қажеттілік – мотивациялық
саласы құрылымын терең зерттеген психологиялық-педагогикалық зерттеулер
көмектеседі.
Мысалы, А.В.Петровский қызығушылықты себеп – салдармен
байланыстырады, оның пайымдауынша, “қызығушылық дегеніміз – бұл белгісіз
бір салада бейімделіге жаңа деректермен танысуға, болмысты жан-жақты, терең
сипаттауға ықпал ететін себеп – салдар” [67; 56-б].
Д.А.Кикнадзе болса “қажеттілік қызығушылықты кейбірді мәселелерді шеше
алмай қиналып, қанағаттанбаған жағдайда туындатады” - дейді [75].
Қ.Жарықбаевтың пайымдауынша, “қызығу болмыстағы заттар мен құбылыстарды
белсенділікпен танып-білуге бағытталған адамның біршама тұрақты, жеке
ерекшеліктерінің бір көрінісі. ...қызығу көбінесе баланың бір нәрсеге
бейімділігіне қарай көрінеді, ал ол пәрменді, белсенді болу үшін тікелей
әрекетпен айналысуы қажет. Мұғалімнің міндеті балалардың жанама қызығуын
(әрекеттің түпкі нәтижесін қажетсіну) тауып, оны тұрақтандыруды ойластыруы
керек. Сонда ғана рухани өмірге бай, жан-жақты қабілетті адамды тәрбиелеу
мүмкін болады” [76].
Осы айтылғанның бәрі, психологиялық әдебиеттерде қажеттілік, себеп-
салдар мен қызығушылық тығыз байланыста қарастырылады деген түсінікті
береді және қажеттілік қызығушылықтан бұрын болып, оның қайнар көзіне
айналады. Алайда қызығушылық, ең алдымен, өзінің дамуының белгілі бір
кезеңінде қажеттілікті қалыптастыруға ықпал ете алады.
Мысалы, Б.Г.Ананьев өзінің зерттеуінде, оқу және танымдық қызығушылықты
дамыту қажеттіліктің танымдағы сапалы сипатында көрініс табады, оның
әртүрлі формаларының дамуына ықпал етеді деп көрсетеді [77].
Жалпыпедагогикалық тұрғыда танымдық қызығушылықтың психологиялық
құрылымы туралы мәселе біртұтас білім беру ретінде маңызды. Бұл тұрғыда
қайсібір қызығушылықтың болмасын құрылымы, соның ішінде танымдық-
қызығушылықтың құрылымы ой-өрістік, эмоционалдық және еріктілік
процестердің жиынтығын құрайды. Ой-өрістік компонент – бұл пәнді білуі және
сонымен қарым-қатынаста жинақтаған рухани-практикалық тәжірибесі.
Эмоционалдық – эмоционалдық еліктеушілік дәреже, яғни қарастырып отырған
шығарманың мағыналық бағыттылығы адам өмірі бағдарламасына қаншалықты
сәйкес екенділігі. Еріктілік – қызығушылықты енжар, жартылай белсенді,
мінез-құлықтың белсенді формалары арқылы жүзеге асыру.
Қызығушылық – тұлғаның туа біткен қасиеті емес, оның дамуының нақты
нәтижесі. Тұлға қызығушылығының қалыптасуына қоршаған орта, жақын
адамдардың мүддесі, тұлғаның өз іс-әрекетінің белсенділігі, сонымен бірге
қызығушылықты дамытуда ынталандыратын оқу мен тәрбие процесі ықпал етеді.
Тұлғаны қалыптастыратын проблеманы, яғни оның мүддесін осы тұлғаның іс-
әрекеті мен өзара байланыста қарастыру қажет, өйткені іс-әрекетсіз
қызығушылықты дамыту мүмкін емес. Қызығушылықты қалыптастырудың маңызды
әдісі болып тұлғаны іс-әрекетке тарту саналады, бұл қызығушылықты
қалыптастыру процесін осы іс-әрекетке мақсатты жағдайлар жасау арқылы
(Л.И.Божович, Г.И.Щукина және т.б.) педагогикалық белсенділікпен басқаруға
мүмкіндік береді.
Қызығушылық біртіндеп, кезеңдеп және мақсаттылықпен дамитын процесс
болғандықтан оны қолма-қол, бір мезгілде қалыптастыра салу мүмкін емес.
Г.И.Щукина қызығушылықтың даму кезеңдерін былайша атап көрсетеді: әуестік,
бір нәрсені белсенді іздестіру, әуестену, танымдық қызығушылық, кәсіптік
немесе ғылыми-қызығушылық. Қызығушылықтың даму кезеңдері – адамның таңдап
алған бағытының әртүрлі дәрежесі мен мағыналылығы және тәрбие мен дамудың
нәтижесі [62; 120-б]. Іс жүзінде қызығушылықтың аталған кезеңдері (әуестік
( әуестену ( танымдық қызығушылық) күрделі үйлесімділікте және өзара
байланыста болып көрінеді. Бұл кезеңдерді біз бастауыш сынып оқушыларының
қазақ балалар фольклоры арқылы эстетикалық қызығушылығын қалыптастырудың
механизмі ретінде қарастырамыз.
Қызығушылықты қалыптастырудың бұл механизмі қазақ балалар фольклорын
жақсы меңгергенде, белгілі бір мақсатты көздегенде ғана іске асады. Балада
қызығушылықтың пайда болуы оның іс-әрекетінен, көзқарасынан, танымдық
белсенділігінен көрініп тұрады. Қызығушылығы белгілі бір деңгейге жетті
дегенде, баланың бүкіл болмысы жаңа сипатқа ие болады. Қызығушылық адам
өміріндегі алатын орнына қарай мынадай функцияларды атқарады:
дүниетанымдық, қозғаушы, таңдаушы, реттеуші, әлеуметтендіруші. Бұл
функциялар оқушылардың жан-жақты дамуында қызығушылықтың мүмкіндіктерін
өзара байланыстырып, сабақтастырып отырады.
Қызығушылықты оқыту барысында қалыптастыру проблемасын зерттегенде, біз
оның ұғымдық-терминологиялық саласына тоқталумен бірге оқушыларды
қызығушылыққа тәрбиелеу процесінде педагогикалық басқару әдістемесінің
атқаратын рөліне де аса мән бердік. Бізге қажетті процестің басқарылуы:
балалардың жас ерекшеліктерінің дұрыс ескерілуіне, ойластырылған
педагогикалық сұрыптамалардың іскерлікпен пайдаланылуына байланысты, яғни
оқыту әдістерін таңдауды, сабақта пайдаланылатын оқу материалының мазмұнын
сұрыптауды, оны түсіндіруді сауаттылықпен шешу керек; сабақ барысындағы
қарым-қатынасты іскерлікпен ұйымдастыруға және т.б., педагогика ғылымында
шешімін табуға қажетті “оқушылардың қызығушылығын қалыптастыру факторлары
мен шарттары” сияқты категорияларға назар аударған дұрыс.
Әлбетте, оқушыларды қызығушылыққа тәрбиелеу проблемасын жасауда,
зерттеушілер әрбір мұғалім үшін практикалық мәні зор осы маңызды мәселені
өз көзқарастарынан тыс қалдырған жоқ. Оқушылардың қызығушылығын
қалыптастыруды педагогикалық басқару әдістемесі жоғарыда аталған Г.И.Щукина
мен Н.Г.Морозованың еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Басқа
зерттеушілердің еңбектерінде де бірқатар қызықты ұсыныстар мен нұсқаулар
кездеседі. Енді қойылып отырған сұрақтардың мән-мағынасына жан-жақты
тоқталайық.
Оқушылардың қызығушылығын қалыптастыруда педагогикалық шарттардың қажет
екендігін айта отырып Г.И.Щукина мынадай шарттарды саралап көрсетеді:
1. Оқытуды ақыл-ой әрекеттерімен толықтыру. Бұл ізденісті, зерттеуді,
дәлелдемелерді белсенді пайдалануды, әртүрлі ой әрекеттерін пайдалануды
болжайды;
2. Жағымды эмоциялық орта. Бұл сезімді ой елегінен өткізуге, оның әр
түрін (таңырқау, тосу, өзінің және достарының жетістіктеріне мақтану,
өзінің адамгершілігін сезіну, танымдық қуаныш) қозғауға себеп.
3. Оқушылардың еркі-жігерін олардың танымдық әрекетін басынан дамыту
(оқыту деңгейін тиімділендіру, тапсырмаларды күрделендіру, оқушыларды
өздігімен дербес шешім жасауға баулу, іс-әрекетті тиімді нәтижемен аяқтауды
талап ету) [78]. Яғни мұғалім оқушылардың қызығушылығын қалыптастырудағы
міндеттерді шешуде оқу әрекетінде оқушыларды белсендендіретін әртүрлі әдіс-
тәсілдерді пайдаланумен бірге, эмоционалды тұрғыда ынталандыратын
құралдарға аса назар аударуы қажет.
Тұлғаның қызығушылығын оқу-тәрбие процесінде қалыптастыру әдістемесі,
сонымен бірге кешенді көзқарасты, яғни осы процесте үйлесімділікпен бір
мезгілде әртүрлі құралдардың жиынтығын пайдалануды талап етеді. Бұған осы
проблемамен айналысып жүрген барлық дерлік зерттеушілер аса назар аударады.
Басқаша айтқанда, тұлғаның қызығушылығын қалыптастыру міндеттерін қоя
отырып, педагогикалық шарттар мен факторлардың бірқатар кешенін қарастыру
қажет.
Мысалы, В.А.Онищук оқуға қызығушылықты қалыптастырудың нақты кешенді
факторына: материалдарының мазмұнын, оқу процесінің айқындылығы мен
жинақылығын, әртүрлі оқыту әдістерін үйлесімділікте пайдалануды, мұғалімнің
білімдарлығын, эмоционалды түрде әңгімелеуді жатқызады [79].
А.П.Ткачев өзінің еңбегінде оқушылардың оқу пәндеріне қызығушылығын
жеделдете қалыптастыруды: қызығушылықты қалыптастыруды қажет ететін пән
бойынша іс-әрекетті белсенді ұйымдастыру; оқушылардың өзіндік ынтасын
көрсетуіне жағдайлар жасау; пән бойынша жүргізілген оқу жұмыстары
нәтижесінен оқушылардың қуанышы; іс-әрекетке және пәнге деген оқушының
қабілеттері; оқушының белгілі пән саласынан танымдық мүмкіндіктерін
толықтыру; меңгерген пәнінен алған білімін әсерлі әңгімелету арқылы
анықтауға болады деп көрсетеді [80].
Егер жоғарыда аталған авторлар оқушылардың қызығушылығын оқу
әрекеттерінде қалыптастыру шарттары мен факторларына аса мән берсе,
В.И.Казаренков факторларды, сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыруға қатысты
нақты бір тұтастықта қарастырады. Соның ішінде, ол мыналарды атап өтеді:
оқушылардың жас ерекшеліктерін және дара қызығушылығын ескеру; сыныптан тыс
жұмыстың қоғам мен жеке тұлға үшін маңызы; сыныптан тыс жұмыстың сабақпен
өзара байланысы; оқушыларға сабақ барысында және сабаққа даярлық процесінде
дербес жұмыс істеу үшін жағдайлар жасау; бұл сабақтардың қызықты болуы;
оқушылармен жұмыста әдістердің әртүрлі болуы; сыныптан тыс жұмыс
формаларының әртүрлі болуы; сыныптан тыс жұмыста зерттеу элементтерін
пайдалану [81].
Жоғарыда аталған жұмыстарға жасаған талдау авторлардың қызығушылықты
қалыптастыру “шарттары” мен “факторлары” ұғымдарын шатастыратынын
байқатады; бір тізімде көбінесе әртүрлі реттегі, сараптамадан өтілмеген
шарттар кездеседі: психологиялық, дидактикалық, тәрбиелік. Біздің
пайымдауымызша, бұл мәселеде үлкен айқындылық жүйелілік пен дәлелділік
керек. Өз зерттеуімізде біз қызығушылықты қалыптастырудың “педагогикалық
шарттары” ұғымына тоқталамыз және бұл категорияның мазмұнын түсінуде
О.Ф.Федорованың: педагогикалық шарттар дегеніміз – бұл “қойылған
міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыздандыратын оқыту мен әдістер
мазмұнының объективті мүмкіндіктерінің, оны жүзеге асыруда ұйымдастырылған
формалар мен материалдық мүмкіндіктердің жиынтығы” [82], деген анықтамасын
бағытқа аламыз. Осы анықтамаға сүйене отырып, қызығушылықты қалыптастыру
мүмкіндіктерін оқу пәндерінің немесе сыныптан тыс іс-әрекеттердің
мазмұнында, және оқу-тәрбие жұмыстарында пайдаланатын әдістерде және оқыту
мен тәрбиені ұйымдастыру формалары мен құралдарында пайдалануға болады.
Сонымен бірге, аталған шарттардың бірде-біреуі назардан тыс қалмауы керек.
Біздің зерттеуіміз үшін тұлға қызығушылығының типологиясы туралы мәселе
де аса маңызды. Психологиялық-педагогикалық зерттеулерге жасаған талдау,
оларда “танымдық қызығушылық” категориясына көбірек назар аударылатынын
көрсетеді, алайда жеке тұлғаның қызығушылығы бойынша да еңбектердің аз емес
екендігі баршаға белгілі. Бұл құбылыс бекерден – бекер емес, бұл біздің
мектепте ақыл-ой біліміне басымырақ назар аударылатынына, көркемдік
білімнің қажеттілігінің төмендігіне байланысты. Тіпті бұл отандық мектеп
үшін тұрақты дәстүрге айналды десе болады. Оның әдіснамалық негіздемесін
И.М.Духовныйдың сөзімен жеткізуге болады: “Таным теориясы оқыту теориясы
турасында жетекші болып саналады” [83]. Бұл қағиданы көптеген жылдар бойы
басшылыққа ала отырып отандық мектеп, ең алдымен оқушыларды ғылымдарға
негізделген оқу пәндерін оқыту арқылы әлемді ғылыми тұрғыда танып, білуге
баулыды. Мұндай жағдайда оқушылардың ойлау қабілеттерін белсендендіретін
фактордың бірі – танымдық қызығушылыққа аса мән берілуі әрине орынды.
Бүгінгі қоғамдағы өзгерістер мен заман талабына байланысты оқытудың
тәрбиелік және дамыту функциясын жетілдіру туралы, оқушылардың ақыл-ой
қабілеттерінен басқа да психикалық процестерді үйлесімділікте дамыту туралы
ұдайы қайталап айта беруге болмайды. Кейінгі жылдары білім беруді
гуманитаризациялауға аса мән беріліп келеді, ал бұл болса мектеп білімін
гуманитарлық пәндерге (әдебиет, музыка, бейнелеу өнері және т.б.) басқа
пәндер сияқты назар аударылады деген түсінік береді.
Гуманитарлық пәндер саласында қызығушылықты қалыптастырудың өзіндік
мәні, даму “механизмі” бар, өйткені жеке тұлғаның мұнда меңгеретін пәндері
өзіндік ерекшелікпен айқындалады.
Егер алғашқыда аталған оқу пәндерінде танымның саласы - ғылым болып
саналса, гуманитарлық пәндерде адамның эмоционалдық саласына бағытталған,
өнер меңгеріледі. Сондықтан, қажетті деген оқу пәндеріне терең бойлаудың
өзінің логикасы, өзінің психологиялық заңдылықтары мен тұлғаның меңгеріп
жүрген оқу пәндеріне қызығушылық танытуда өзінің мәні бар. Бұның бәрі
оқушылар қызығушылығының, танымнан басқа әр түрін қалыптастыру проблемасын
көкейкестілендіреді.
Оқушылардың әдебиет пен өнер сабағында қалыптасатын қызығушылығы қандай
белгілермен ерекшеленеді дегенге келсек. Егер ғылыми-жаратылыстану
бағыттағы сабақтарда мұғалім логикалық, ұғымдық ойлау қабілетін терең
дамытуды міндет етсе, көркемдік-эстетикалық бағыттағы сабақтарда мұғалім
өзінің пәнінде басқа нәтижелерге жетуге талпынады, атап айтсақ: оқушылардың
санасында көркем бейнелердің көрініс табуына көмектеседі ең бастысы,
өмірді, білімді, өзін эмоционалдық көзқараспен қабылдауға үйретеді.
Көркемдік-эстетикалық бағыттағы оқу пәндерін меңгеру процесінде
қалыптасатын қызығушылықтың ерекшелігі туралы мәселені қарастыру да міне
осыған байланысты.
Бұл проблемаға педагогика ғылымында бірқатар ғалымдар назар аударған
(К.К.Платонов, Н.Б.Берхин, Н.И.Кудряшев, В.А.Филиппова, Н.Д.Хмель,
Г.К.Байдильдинова және т.б.) [84; 85; 87; 88]. Солардың ішінде
В.А.Филиппова эстетикалық қызығушылық проблемасына жан-жақты талдау жасайды
[87, 93-б]. Қызығушылықтың бұл түрі оқушыларды гуманитарлық сабақтарда
оқыту барысында негіз болады деп ойлаймыз.
Қызығушылықтың осы түрі біздің диссертацияның зерттеу объектісі
болғандықтан біз оның мәніне тереңірек тоқталамыз. Танымдық пен эстетикалық
қызығушылықтың байланысын ғалымдар әртүрлі қарастырады. Мысалы, бірі
эстетикалық қызығушылықты танымдықтың компоненті (Е.Я.Бурлина) деп санаса
[89], екіншісі оны көркемдік қызығушылыққа (Ю.Б.Алиев) балайды [90],
үшіншісі оны бөлектеп дербес (В.А.Филиппова) қарастыру қажеттігін айтады
[87, 97-б]. Біз соңғы көзқарасты қолдаймыз және эстетикалық қызығушылықта
өзіне тән дербес құндылық бар деп есептейміз.
Дейтұрғанмен, танымдық пен эстетикалық қызығушылықтың арасында ортақ
нәрсеніңде көп екенін айта кеткен жөн. Мысалы, эстетикалық қызығушылық
танымдық сияқты пәннің мәніне бағытталады. Қайсібір қызығушылықтың болмасын
негізін білім құрайтындықтан, эстетикалық білім де белсенді ой еңбегімен
табылады. Сонымен бірге танымдық пен эстетикалық қызығушылық үшін ортақ
нәрсе олардың риясыздығы. Танымдық қызығушылықта қанағаттанудың пәні таным
процесі болса, эстетикалық қызығушылықта – эстетикалық ляззат алу процесі
саналады. Таным процесінің, эстетикалық әсерленушілік сияқты ұдайы
дербестікте болатынын айта кету керек. Танымдық пен эстетикалық қызығушылық
арасындағы ортақ нәрселерді көрсетумен бірге, эстетикалық қызығушылықтың
өзіне тән ерекше белгілерін де айқындау қажет.
Эстетикалық қызығушылықтың өзіне тән кейбір ерекшеліктерін
В.А.Филиппова айқындаған. Олар: эстетикалық қызығушылықтағы объективтілік
пен субъективтіліктің ерекше байланысы; эстетикалық қызығушылықтың пәндік
бағыттылығы; оның психологиялық құрылымы [87, 12-б].
Белгіленген эстетикалық қызығушылықтың ерекшеліктері В.А.Филипповаға
оны “тұлғаны өзіне қажетті эстетикалық құндылықты таңдауға, әндердің,
құбылыстардың формалары мен мазмұндарына және олардың қасиеттеріне сәйкес
өлшемдерді белгілеуге, пәндер өлшемінің адам өлшеміне сәйкестілігін
белгілеуге бағыттау” тұрғысында анықтауға көмектесті [75, 12-б].
Эстетикалық қызығушылықты автор оқытудың ерекше бір қоры ретінде
қарастырады, өйткені ол оқушының оқу процесін оңтайландыруға және
үйлесімдендіруге септігін тигізеді. Сонымен бірге автор эстетикалық
қызығушылықтың бастауы мен оны ынталандырудың жолдарын ашып көрсеткен.
Мысалы, эстетикалық қызығушылықтың бастауына В.А.Филиппова оқытудың
мазмұнын, танымдық іс-әрекетті және сабақтағы қарым-қатынасты жатқызады
[87, 14-б].
Біз авторлардың қызығушылық ұғымдарына берген анықтамаларын қолдай
отырып, зерттеу пәнімізге қарай: “Эстетикалық қызығушылық дегеніміз
оқушының көркемдік-эстетикалық пәндерге деген тереңдетілген эмоционалдық-
танымдық көзқарасы, бұл көркем шығармаларға зер салып, назар аударғанда,
сезім әрекетіне бой алдырғанда, шығарманың көркемдік-эстетикалық тілінің
ерекшеліктері туралы айтылған пікір-пайымдарда, оны тыңдауға деген
қажеттілікте айқындалады”, деп өз анықтамамызды береміз.
Эстетикалық қызығушылықтың ерекшелігі оны ынталандыру ерекшеліктерімен
байланысты. Оқу пәндерінің мазмұнымен байланыстағы ынталандыруға ол
мыналарды жатқызады: әңгімелеудегі бейнелі форманы, бейненің бірегейлігі,
қосымша эстетикалық білімді ендіру, деректерді эстетикалық бағалау және
т.б. Танымдық әрекеттер мынадай ынталандырулармен байланысты болады:
меңгеретін құбылысты талдау, құндылықтар, пайымдау, логикалық бірізділік,
сабақтағы күтпеген жағдайдағы бәсеңдік, ұжымдық және дербес іс-әрекет
түрлерінің үйлесімділігі, іс-әрекеттің ізденіс сипаты және оқушылардың
шығармашылық жұмысы және соңғы, үшінші топқа сыныптағы қарым-қатынасты
анықтайтын ынталандыруды жатқызады: мұғалімнің оқыту мазмұнына өзіндік
көзқарасы, оқушылардың берген ауабына эмоционалдық-бағалық көзқарасы,
мұғалім тұлғасының сабақта өздігінен ашылуы, оқушылардың дара
ерекшеліктеріне бағдары, сынып ұжымындағы өзара түсіністігі.
Эстетикалық қызығушылыққа жоғарыда аталған ынталандырумен бірге, оқу
процесінде эстетикалық жағдайларды құрайтын олардың жиынтығы да ықпал
етеді. Эстетикалық тәрбиеде бір жағынан, адамның өмірдегі құбылыстарды
өзіне қажетті эстетикалық нәрсе тұрғысында қабылдаудағы қабілеті мен
даярлығы маңызды болса, екіншіден – адамның осы құбылыстармен эстетикалық
тұрғыдағы байланысын қамтамасыздандыратын шарттардың болуы маңызды.
Эстетикалық жағдайлардың ерекшеліктері сол, ол біріншіден, пәндерді
тікелей сезіммен қабылдаған жағдайда, екіншіден, адам ерекше мақсат қойған
жағдайда (адам үшін эстетикалық объект риясыз ляззаттанудың қайнары
болғанда) пайда болады .
Педагогикалық эстетикалық жағдайлар оқудағы жағдайлардың бір түрі болып
саналады, дидактикада ол оқу процесінің элементтерін тұрақты жиынтықпен
сипаттайтын қарапайым құрылымдық бірлігі ретінде анықталады. Оқудағы
педагогикалық жағдайларда ішкі және сыртқы шарттарды ескерген жөн.
Оқу процесінде эстетикалық жағдайлардың пайда болу шарттарына
В.А.Филиппова келесілерді жатқызады:
1. Өзінің эстетикалық әсерленудегі тәжірибесін;
2. Сыныпта бірлескен әсерленуді қамтамасыздандыратын ұжымдық қатынастың
сипаты;
3. Арнайы көркемдік және эстетикалық білімдерге танымдық қызығушылық;
4. Эстетикалық жағдайлардағы оқушылардың белсенді іс-әрекеті;
5. Тұлғаның эстетикалық қызығушылығы [87, 18-б ].
Сонымен, айтылғандарды қорытындылай келе, эстетикалық қызығушылық
тұлғаның құнды қасиеті, оның жан-жақты рухани дамуының көрсеткіші болып
табылады деуге болады. Эстетикалық қызығушылықтың мәнін зерттеу, оның
педагогтардан ерекше көзқарасты талап ететінін көрсетті, атап айтсақ:
оқушылардың эстетикалық қызығушылығын дамыту олардың қабылдаған көркемдік
бейнелеріне қарай біріге әсерленушілігін қалыптастыруға байланысты. Сонымен
бірге біз бір мезгілде балалардың эмоционалдық талғамын қалыптастырамыз,
қабылдаған көркемдік әсерін ой-елегінен өткізу процесін тереңдетеміз.
Эстетикалық қызығушылықты дамыту бейнелі ойды ынталандыруға ықпал етеді,
сұлулықпен қатынаста алған эстетикалық ләззатті сезіне білуге үйретеді.
Эстетикалық қызығушылық, ең алдымен, гуманитарлық топтағы пәндерді
меңгеру процесінде қалыптасады:
- ана тілі,
- әдебиет,
- бейнелеу өнері,
- музыка және т.б.
Музыка - өнердің аса бір түсінікті түрі, эстетикалық ләззаттанудың ең
көп тараған кәусары. Бұл сонымен бірге, музыкадағы рухани игілік көпшілік
пайдаланатындай эстетикалық іс-әрекеттің аса танымал түрі. Айта кететін
тағы бір жәйт, музыкаға баулу арқылы біз арнайы қызығушылықты (тыңдауға,
әнге, ритмикалық қозғалысқа, аспапта орындалған музыкаға сүйіспеншілік
және т.б.) ғана қалыптастырмаймыз, керісінше, қызығушылықты зор эстетикалық
тұрғыда (нәзік эмоционалдық сезімде, қайырымдылықта, сәулетті
сүйіспеншілікте, әдемілікті жалпы сезінуде) қалыптастырамыз. Біздің
пайымдауымызша, бұл жалпы білім беретін мектепте музыка сабағының басты
дидактикалық мақсатын атқару керек.
Эстетикалық қызығушылықты музыкалық материалда қалыптастыру
процесіне толығырақ тоқталып өтейік.
Оқушылардың қызығушылығын қалыптастыруға байланысты музыкалық өнер,
әдебиет саласында “музыкалық қызығушылық” деген ұғым кездеседі.
“Музыкалық қызығушылық” ұғымы, көбінесе, қоғамның музыкалық
мәдениетінің дамуы проблемасына арналған әлеуметтік зерттеулерде
(А.Н.Сохор, Е.Я.Бурлина, В.С.Цукерман) қолданылады [91; 92; 93].
Зерттеушілер музыкалық қызығушылықты “музыкалық қажеттілікті жүзеге асыру”,
оны “тыңдау үшін саналы түрде таңдап алуда” ашып көрсету, немесе “адамның
музыканы мазмұнды қабылдауға және ләззаттануға саралы көзқарасы” деп
түсіндіреді. Оны тұлғаның музыкалық қажеттілікті көрсетуі тұрғысында, яғни
ақиқатты, санадағы қиялды іс-жүзіне асыру тұрғысында қарастырады.
Барлық жағдайларда қызығушылықтың түрін анықтау:
- қызығушылықтың объектісіне (музыкалық өнерге);
- субъектіге (үстірт – тыңдарманға);
- әлеуметтік-педагогикалық мақсатқа (музыкалық өнерге қоғамның көптеген
мүшелерінің қызығушылығын дамытуға және онымен ұдайы қарым-қатынаста болу
қажеттігін қалыптастыруға байланысты туындаған. Қызығушылықтың бұл түріне
ретке келтірілген: пән жабдықтарының принциптеріне негізделген: әдеби,
театр, спорттық және т.б. қызығушылықтар жатады.
А.И.Паламарчуктың айтуынша, музыкалық қызығушылықтың негізгі белгілері
болып мыналар саналады: әртүрлі музыкалық іс-әрекетке жағымды көзқарас
және белгілі немесе белгісіз музыкалық шығармаға жағымды көзқарас [94].
Е.Я.Бурлина болса, музыкаға деген қажеттілік музыка өнері пәніне
байланысты, сондай-ақ осы пәннің адам үшін түсінікті болған жағдайында
туындайды. Сонымен бірге, музыка пәніне деген қажеттілікке жету үшін үш
сатыдан өту қажет: а) пәнге деген қажеттілікті адамның санасында бейнелеу;
ә) пәнді әлеуметтік қажеттілік тұрғысында түсіну; б) пәнді бейнелеу
негізінде және оның пәндегі құндылықты меңгерудегі эмоционалдық әсерленуі
негізінде қалыптастыру [92, 15-б]. Музыкалық қызығушылық жеке тұлғаның
өзіне ұнайтын авторлармен, шығармалармен аралысуға, жаңа музыкалық әсер
алуға деген талпынысынан байқалады. Музыкалық қажеттілікке психологиялық
салада Г.С.Тарасов талдау береді. Оның айтуынша музыкаға әсерлену “ойынға
әуестенуден”, “музыкалық бейнелілікке сезіммен сүйсініп қараудан”,
“жабырқаңқы сезімді жоюдан” және “әлеуметтік-сезімдік қатынасқа
талпыныстан” көрінеді [95].
Аталған анықтамаларға жасаған талдау, авторлардың “музыкалық
қызығушылық” деген ұғымға әртүрлі түсінік беретінін айғақтайды. Яғни
күрделі әлеуметтік түсіндірмелер де (Е.Я.Бурлина), керісінше, музыкалық
қызығушылықтың дамуын, музыкалық дағды мен іскерлікті қалыптастырумен,
музыкалық деңгейді дамытумен байланыстыратын (Н.Н.Гришанович) шағын
түсінікте берілетін анықтамалар да бар [96]. Жеке тұлғаны жалпы дамытуға
байланысты музыкалық қызығушылыққа аса күрделі түсінікті Г.С.Тарасов береді
[95, 12-б]. Тәрбиелік тұрғыда, бұл өте құнды көзқарас болғандықтан біз оны
өз жұмысымызда ескереміз.
Явгильдина болса, жалпы білім беретін мектеп жағдайында шағын түсінікте
көлемде музыкалық қызығушылықты қалыптастыру мен оқушылардың жалпы
эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін музыкалық-эстетикалық
қызығушылық туралы мәселені қоюдың өзі педагогикалық тұрғыда орынды емес
дегенді айтады. Оның пайымдауынша, музыкалық-эстетикалық қызығушылықты
көптеген эстетикалық қажеттілікті (әдемілікке қажеттілікті, эстетикалық
әсерленушілікке, өздігімен музыкалық білімін жетілдіру және т.б.)
қанағаттандыру мақсатында жеке тұлғаның белгілі немесе белгісіз музыкалық
материалды рухани-практикалық меңгеруге талпынысы тұрғысында анықтауға
болады.Өзінің осы ойын дәлелдеу үшін ол ғылыми-педагогикалық мазмұнға
“музыкалық-эстетикалық қызығушылық” деген түсінік ендіреді [97].
Оның ойынша, “музыкалық-эстетикалық қызығушылық” түсінігі “музыкалық
қызығушылық” ұғымына қарағанда жеке тұлғаны эстетикалық дамытуда аса кең
бағытты болжауға көмектеседі. Ал енді осы әр типтегі қызығушылықтың, атап
айтсақ, танымдық, эстетикалық және музыкалық қызығушылықтардың байланысы
қандай? Дегенге тоқталып көрейік. Кейбір авторлар (Е.Я.Бурлина) бұл
қызығушылықтардың бір-біріне бағынышты - тәуелді болғанын қалайды. Біздің
көзқарасымызша, жоғарыда аталған қызығушылықтар түрлерінің (танымдық-
эстетикалық-музыкалық) арасында мұндай тәуелді байланыстың болуы мүмкін
емес, өйткені әрбір қызығушылықтың өзіне тән ерекшелігі және тұлғаның
рухани сұранысы құрылымында көкейкестілендіретін саласы болады.
Оқушылардың қызығушылығын көлемді эстетикалық бағытта қалыптастырудың
қажеттілігі эмпирикалық мәліметтерге байланысты мектеп пәні мазмұнында
бейнелі оқу материалына қызығушылықты қалыптастыруда шағын көлемдегі арнайы
көзқарас оқушының біртұтас рухани әлемін қалыптастырудың міндеттерін және
барынша дамыған эстетикалық мәдениеті тиімді шешуге мүмкіндік бермейді
деген түсінік береді. Бұл оқушыларды эстетикалық қызығушылыққа тәрбиелеуге
байланысты арнайы әдістемелік нұсқаулар жасау қажеттігіне меңзейді және осы
зерттеудің аясында назар аударатындай негізгі объектінің бірі болып
саналады.
Сонымен, оқушылардың оқу-тәрбие процесінде қызығушылығын қалыптастыру
проблемасы бойынша психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге жасаған талдау
бүгінгі таңда танымдық қызығушылықтың жалпы тұжырымдамасы жасалғанын, оны
қалыптастырудың педагогикалық шарттары мен факторлары негізделгенін;
оқушылардың кейбір оқу пәндеріне қызығушылығын қалыптастыруға байланысты
көптеген еңбектер бар екендігін көрсетеді. Жүргізілген теориялық талдау
эстетикалық қызығушылық саласының әлі де болса толық зерттелмегенін, оны
қалыптастыруда қазақ балалар фольклорын жүйелі пайдаланбағанын, бастауыш
сынып жасында эстетикалық қызығушылықты қалыптастыруда олардың
мүмкіндігінің жоғары екендігін дәлелдейді. Ол туралы келесі бөлімде
қарастырылады.

1.2 Қазақ балалар фольклорының ерекшеліктері және эстетикалық қызығушылықты
тәрбиелеудегі мүмкіндіктері

Кейінгі жылдары мәдениет қайраткерлері тарапынан да, қоғамдық санада
да, білім беру жүйесінде де халықтың рухани бай мәдениетіне, соның ішінде
фольклорға ынта-ықылас едәуір артып отыр. Бұл қазақ халқының ата-баба
дәстүрінде, мәдениетінде, өмір бейнесінде сақталған өткендегі тарихына
деген қызығушылығына байланысты. Бұдан халықтың ұлттың қайта өркендеуіне
деген талпынысын көруге болады. Өз ұлтының өзіндік ерекшелігін сақтауға
ұмтылыс жасамайтын бірде-бір халық болмайды. Бүгінгі таңда қазақ ұлттық
мәдениетінің, соның ішінде фольклордың адамдардың рухани жетілуінде өзіне
тиесілі орынды көрсетуде кеңестік кезеңдегі мәдениеттің қажетті деңгейде
ықпал жасамағанын барлығы мойындайды. Өкінішке орай, фольклордың рухани
әлеуеті бүгінгі мектептердің тәрбие жүйесінде өз деңгейінде бағаланып жүр
деп айтуға болмайды. Бұны эстетикалық тәрбиені байқауға байланысты мектеп
бағдарламаларына жасаған талдаудан-ақ көруге болады.
Бұл проблеманың жалпы педагогикалық мәні, білім беру жүйесіндегі ұлттық
компоненттің міндеттерін дамытудағы қойылымында көрініс табуы мүмкін.
Ұлттық компоненттің аясы: ана тілі мен әдебиетті, ұлттық тарихты, дәстүрлі
өмір салтымен таныстықты, өнерді, ұлттық ойын түрлерін және фольклорды
қарастырады. Бүгінгі таңда тәрбиенің аса бір жетілген принципі деп ұлттық,
этномәдениет дәстүрлерінің негізінде жүзеге асырылатын тәрбиені айтуға
болады.
Сонымен бірге дәстүрлі ұлттық тәрбиені тірек ету дегенді басқа ұлттың
мәдениетіндегі тәрбие тәжірибесін менсінбеу деп түсінуге болмайды. Бұл
жерде диалектикалық көзқарасты ұстану керек, яғни ұлттық мәдениеттердің
диалогымен үндестікте болуы керек және онсыз ол өзінің ерекшелігін көрсете
алмайды. Біз өз зерттеуімізде қазақ халқының өте бір айшықты компоненті –
фольклорды қарастырамыз. Сонымен бірге оның ерекше бір түрі – қазақ балалар
фольклорын арнайы саралап көрсету қажеттігін негіздейміз.
Фольклордың балаларды рухани дамытудағы тәрбиелік мүмкіндіктерін, соның
ішінде олардың эстетикалық қызығушылығын тәрбиелеудегі мүмкіндіктеріне
тоқталамыз. Біздің пайымдауымызша, халық шығармашылығы құралдарының жалпы
жиынтығында өзінің рухани-эстетикалық әлеуеті бойынша қазақ балалар
фольклоры ерекше орын алады. Бұл ең алдымен, оның эстетикасының
ерекшеліктерімен, нақты айтсақ, ол күнделікті өмірді айшықты, әсерлі түрде,
баланың санасына ұсынылатындарды түсінікті формада көрсетеді. Балалар
фольклоры сонымен бірге бір мезгілде бала психологиясын түсінудің кілті
болып табылады.
Балалар фольклоры фольклористиканың аса бір қызықты және аз зерттелген
саласы болып саналады. Онда баланың бүкіл өмірі көрініс табады.
Балалар фольклоры жай, қарапайым баланың эстетикалық талғамын
қалыптастырудың құнды қайнары болып саналады, ол өмірдегі барлық әдемілікті
сүйе білуге үйретеді, ал аса бір дарынды балаларды шығармашылық іс-әрекетке
итермелейді.
Балалар фольклорының тәрбиелік мүмкіндіктері оның халық педагогикасы
жүйесімен байланысын анықтаған кезде айқындала түседі. “Халық
педагогикасы” деген ұғым халық санасында, дәстүрлері мен фольклорында
орныққан жеткіншектер тәрбиесі мен білімінің құралдары мен әдістерінің
жиынтығын қарастырады. Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, салт-дәстүрлер, ертегілер
балаларға эстетикалық ләззат бере отырып, бір мезгілде өмірге қажетті
ақпарат ұсынады, олардың ақыл-ойын дамытады, адамгершілікке тәрбиелейді,
қарым-қатынас жасауға үйретеді, дене құрылымын жетілдіреді.
Балалардың өмірі ересектердің өмірімен тығыз байланысты болғанымен,
балада психикалық жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік дүниетанымы бар
екендігін ұмытпаған жөн. Кезінде К.Маркс “баланың пікірі, оның практикалық
ойлауы сияқты, ең алдымен практикалық-сезімдік сипатта болады. Бала
организімінің табиғи сезімі – ол оны қоршаған ортамен қатынас жасататын
алғашқы байланысы” деген [98]. Қоршаған ортадағы көпжақты құбылыстарды кіші
жастағы балалар ересектер сияқты қабылдай алмайды. “Ересектер сөзбен, сөз
арқылы, ал кіші балалар – қоршаған ортадағы заттар арқылы ойластырады.
Олардың ойы алғашқы кезде тек нақты бейнелермен ғана байланысты болады” -
деп жазады К.И.Чуковский. Балалардың психикасының ерекшеліктерімен
поэтикалық бейнені таңдау, балалар фольклорының бүкіл құрамы айқындалады
[99].
Ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған поэтикалық шығармалар, біртіндеп
балалар эстетикасының заңдылықтарына сәйкес мазмұны мен формасын
қалыптастыра бастады.
Балалар фольклорында балалардың жас ерекшеліктерін, көркемдік талғамын,
шығармашылық мүмкіндіктерін түсінудің жолы бар.
Бұл проблемада сонымен бірге балалар фольклорының функционалдығын, оның
мазмұнын, көркемдік ерекшелігін ескермей зерттеуге болмайтындай бірқатар
салалары да жоқ емес.
Біріншіден, бірқатар ғалымдар балалар фольклорына, балалар арасында
айтылатындардан басқа, ересектердің балаларға арнап айтатын әндері -
әлдилеу - әлпештеу поэзиясын да жатқызады, ал бұл болса “балалар фольклоры”
ұғымының аясы мен өзіндік ерекшеліктерін айтарлықтай өзгерте түседі.
Екіншіден, балалар ортасында балалардың ауызекі – поэтикалық репертуары
деп пайдаланылып жүргендердің көбі балалар шығармашылығына жатпайды.
Ересектердің фольклорынан, өнердің басқа түрлері мен әдебиеттен алып
пайдаланудың рөлі жоғары. Әрине, бұл – механикалық процесс емес.
Басқалардан алып пайдаланғанның бәрі балалар ортасына бейімделеді, балалар
эстетикасының заңдылықтарына қарай қайта өзгеріледі, әйтседе оларды тиісті
түсініктемесіз балалар шығармашылығы деп атауға болмайды.
Сайып келгенде, балалар фольклорының ересектер фольклорынан айтарлықтай
айырмашылығы болғанымен олардың арасында нақты бір шекара жоқ және көптеген
шығармаларды балалар фольклорына да ересектер фольклорына да бірдей
жатқызуға болады. Мысалы, балалардың бірқатар танымал ойындары (“Ақ сүйек”,
“Тақия тастамақ”, “Орамал жүгірту” т.б.) ойын ережесінің өзгеруінсіз
ересектерде де, балаларда да пайдаланылады. Көптеген сюжеттер балалар
ертегілеріне де, ересектер ертегілеріне де тән. Алайда мұндай жағдайда,
ереже бойынша, көркемдік мәнерде айтарлықтай өзгеріс болады.
Үшіншіден, балалар фольклоры Г.С.Виноградовтың сөзімен айтқанда
халықтың педагогикалық қажеттілігіне қарай бүтіндей дерлік өмірге
бейімделген [100]. Тіпті міндеттерді көркемдік формаларды зерттеумен
шектегеннің өзінде, балалар фольклорында ең алдымен эстетикадан тыс
педагогикалық функцияның форманы құрудағы рөлі нақты көрініс табады. Демек,
балалар фольклорын халық педагогикасымен байланыссыз зерттеу шындыққа
жанаспайды және нәтижесіз болып саналады.
Сонымен, балалар фольклоры балалар әлемі мен ересектер ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқытудың маңызы және оның басқа пәндермен байланысы
Қиын балаларды тәрбиелеу туралы жалпы түсінік
Әдебиеттік оқу сабақтарында халық ауыз үлгілерін қолдану арқылы эстетикалық көзқарастарын қалыптастыру
Бастауыш сынып оқушыларының ұлттық дүниетанымын музыка арқылы қалыптастырудың педагогикалық шарттары
Ұлттық дүниетанымды халық өнері арқылы қалыптастыру
Оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы экологиялық білім берудің пәнаралық сипаты
Үйірме жұмысында балалардың қабілеттерін дамыту мақсаты
Музыкалық білім беру
Ұлттық өнердің нақты туындыларын және олардың оқушылардың эстетикалық қабылдауына әсерін талдау
Музыкалық білім беру әдістемесі
Пәндер