ХIX ғ. аяғы –XX ғ. басындағы Қазақстандағы әлеуметтік-эканомикалық жағдай


МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 3-8
І. ХІХ Ғ. АЯҒЫ - ХХ Ғ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКАНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙ . . . 9-14
1. 1. ХІХғ-ХХғ Қазақстандағы патша үкіметінің отарлау саясаты . . . 9-14
1. 2. Ресей патшалығының аграрлық реформасы және оның жүргізілу барысы . . . 15-24
ІІ. ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ОТАРЛАУ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ КҮРЕСІ . . . 25-35
2. 1. Жер мәселесі және қазақ интелигенциясының қоғамдық-саяси қызметі . . . 25-35
2. 2. Жер мәселесіне қатысты көзқарастар және оның мемлекеттік думада қаралуы . . . 36-47
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 48-50
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 51-52
КІРІСПЕ
Еуразияның жүрегінде, өркениеттер тоғысында талай халықтарды тал бесігінде тербеткен ұлы даланың төсінде дүниеге келген біздің халқымыздың барша тарихы - ұлт пен ұлыс ретінде сақталып қалу жолындағы толассыз күрестерге толы тарих.
Тәуелсіздігімізді алған 16 жылдың ішінде Қазақстанның төл тарихы негізгі тақырыпқа айналғаны белгілі. Осының негізінде назардан тыс қалып келген мәселелердің шешімін табуға, бұрын біржақты баға беріліп келген, идеологиялық себептермен айтыла бермейтін жабық тақырыптарды зерттеп, ғылыми талдаудан өткізу үшін жаңа міндеттер жүктеп отыр.
Кеңестік тарихнамада қазақ даласын отарлау мәселесі көптеген, іргелі зерттеулерге арқау болса да, нақты өз бағасын ашық түрде ала алмады. Кеңес өкіметі жылдары патша өкіметінің отарлау саясатының ақиқатын ашып көрсетпек болған зертеулерге халықтар достығына зиянын тигізді деген желеумен тиым салғаны белгілі.
Қазіргі кезеңде, еліміздің тарихына жаңаша ой-пікірдің қалыптаса бастаған шағында осы мәселені жан-жақты зерттеуге мүмкіндіктер туды. Отарлық кезең тарихының толықтай зерттеліп үлгермеген, өзінің лайықты бағасын ала алмаған мәселелеріне ғылыми талдау жасауға жол ашылды. Бұл Қазақстан тарихындағы аса маңызды осы мәселені тиянақты түрде саралауға, қоғам дамуының заңдылықтары негізінде әлеуметтік құбылыстарды ұсынуға көмектеседі.
ХІХ ғасырдың ІІ-жартысы мен ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін күреске толы кезең. Өйткені, Ресей үкіметінің қол астында болып, патша мен оның шенеуніктерінің езгісі мен тепкісін көрген қазақ халқы басқа да бұратана халықтармен қатар өз азаттығы үшін күреске шықты. Бұл кезде қазақ қоғамында ұлттың еңсесін көтеріп, патша саясатына ашық түрде қарсы шыққан қазақ интеллигенциясының қатары қалыптаса бастаған болатын.
Осы зиялы топ қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, ұлт-азаттық жолындағы күресте көш бастаушы болды. Қазақ интеллигенттерінің бұрыннан алға қойған басты мақсаттарының бірі - жер мәселесі еді. Жер мәселесін шешуде қазақ интеллигенттері Ресей Мемлекеттік Думасын, патша үкіметінің әкімшілік органдарын пайдалануға тырысты. Зиялы қауымның осы қызметі және олардың қоғамдық-саяси көзқарастары жете көңіл бөліп, зерттеу елегінен өткізуді талап етеді. ХХғ. бас кезінде қазақтың зиялы қауымы өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ағартушылары «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Дала уалаятының газеті», «Алаш», «Сарыарқа», «Қазақстан» газеттерінде өз ойларын жариялап, қазақ қоғамының келешегі, қазақ шаруаларының тағдыры, жер мәселесі мен отырықшылыққа көшуге байланысты пікірталастар ұйымдастырды. Олардың сол кездегі қызметі мен көзқарасы бүгінде маңызын жойған жоқ. Соңғы кездерде зерттеушілер қазақ интеллигенциясының пайда болып, қалыптасу ерекшеліктерін, қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуында оның атқарған ролін анықтап және мұны әр сала бойынша қарастыруда. Сондықтан бүгінгі қазақ тарихнамасында ғасыр басындағы осындай көкейтесті мәселелерді шешуге тырысқан ұлттық интеллигенцияның көзқарастарын әр қырынан толықтай ашып беретін зерттеу қажет. Міне, сол себепті қарастырылып отырған тақырып арнайы ғылыми зерттеу объектісі болуға лайықты, жаңаша көзқараспен талдауда тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі деп айтуға болады.
Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өмірін орыс тарихшылары мен саяхатшыларының зерттеулері мен жазбаларынан, ресми құжаттарынан оқып білуге болады. Алайда, олардың барлығы отырықшылықты көздеген патша үкіметінің арнайы нұсқауымен орындалған еді. Өйткені, қазақ даласын түгелдей отарлық меншікке айналдырып, бодандықта ұстау үшін, халықтың тұрмысын, әлеуметтік өмірін, жерінің табиғи-географиялық жағдайын, мәдениеті мен тілін, дінін, жалпы психологиясын зерттеу өте қажет болды. Жалпы отарлық кезеңде жарияланған мұндай зерттеулердің құнды мәліметтері сыни талдау арқылы пайдалануға болатын маңызды дерек көзі екені даусыз. Ал қазақ интеллигенциясы өкілдерінің пайда болуы, қалыптасуы, қоғам ісіне араласуы, жер мәселесіне байланысты қызметі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен арнайы ғылыми еңбектерінен белгілі. Бұл ретте Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Р. Мәрсековтың, Ж. Сейдалиннің, М. Дулатовтың еңбектерін айтқан жөн. Осы алаш қайраткерлерінің мақалалары саяси үгіт пен насихаттың қыр қазағына жақын, ұғынықты тілде жазылған тамаша үлгілері болды.
ХІХ ғ. аяғы - ХХ ғ. бас кезіндегі қазақ тарихына байланысты елді «отарлау», «орыстандыру», «қоныстандыру» саясатына арналған орыс зерттеушілерінің де еңбектері баршылық. Бұл зерттеулер қазақ өлкесінің Ресей қол астына енуінің, патша үкіметінің жүргізген әскери, әкімшілік-шаруашылық отарлауы, орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аудартуы сияқты жолдарын ашып бере алады. 1917 ж. Жейінгі қазақ қоғамындағы жер мәселесін қарастырғанда Қоныстандыру Басқармасының жыл сайынғы Дала өлкесіндегі қоныстандыру мен санақ жүйесіне қатысты шығарып отырған арнайы есеп істері мен еңбектерінің маңызы зор.
Отаршылар казак әскерлері мен орыс шаруаларын өлкеге қоныстандыру нәтижесінде қазақ шаруалары көшпелі өмірден отырықшылыққа көшіп, егін егуді үйренді деп түсіндіруге тырысты. Патша үкіметі осындай жолмен қазақтың мәдени-әлеуметтік тұрмысы мен ауыл шаруашылығын көтердік деп алдады. Патша үкіметінің отарлау, қоыстандыру саясаты Қазан төңкерісіне дейін шығып тұрған «Вопросы колонизации» журналында жарияланған авторлардың еңбектерінде көрініс тапты.
Патша үкіметінің арнайы нұсқауымен жіберілген қазақ әскерлерінің қазақ жерін иемденуі И. Бородиннің, В. А. Остафьевтің, Н. Г. Путинцевтің, Н. В. Лебедевтің еңбектерінде, отарлау саясаты А. Кауфманның еңбегінде баян етіледі. П. Румянцевтің, К. А. Сүтеева, П. М. Головачев, Н. Коншин, Т. Седельниковтың, А. Л. Трегубовтың, Бератовтың, М. А. Терентьевтің еңбектері де қазақ даласын отарлау тарихына арналған. Аталған авторлар кезінде орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру қозғалысының нақты себептерін ашып беруге тырысқан болатын.
1868 ж. Патша реформалары мен оның қазақ жеріне тигізген әсерін, отарлау аппараты шенеуніктерінің жүгенсіздіктерін, жергілікті құқық ұйымдарының заңсыздық әрекеттерін М. Н. Вяткин мен В. Федоров, А. Баймурзин өз еңбектерінде көрсетуге тырысты.
Қазақстан жеріндегі аграрлық мәселенің зерттелуіне П. Г. Галузоның, С. Сүндетовтың, Б. Сүлейменованың, А. Тұрсынбаевтің, В. Шахматовтың, М. Х. Асылбековтың, С. Әсіптің, Л. Әуезованың еңбектері зор үлес қосты. Аталмыш зерттеушілер патшалық Ресей үкіметінің қазақ даласында жүргізіп келген аграрлық саясатын, оның қазақ халқына тигізген әсерлерін, ұлттық интеллигенцияның экономикалық және саяси күрес барысын әр қырынан ашып көрсетуге тырысты.
ХХ ғасырдың бас кезінде патша үкіметінің саясатына қарсы мақсаттағы азаттық қозғалыстар тек ішкі Ресей аймағын қамтыған жоқ, сондай-ақ, патша үкіметінің қол астындағы бұратана елдерді де шарпыды. Қазақстандағы аграрлық қозғалыстарға ұйытқы болып, жөн сілтеп, жол көрсеткен ұлттық интеллигенция өкілдерінің саяси мақсатын Ә. Бөкейхановтың, М. Тынышпаевтің еңбектері айқындайды. Әсіресе, Әлихан Бөкейхановтың еңбектерінен қазақ жерінде пайда болып, өрістеген ұлт-азаттық қозғалысының даму эволюциясын айқын аңғаруға болады. Бүгінгі таңда осы еңбектер құндылығы жоғары зерттеулер болып табылады. Сонымен қатар, 1923 ж. Орынборда жазылып, 1995 ж. Профессор Ә. Тәкенов пен архивист-ғалым Б. Байғалиев, жас ғалым Г. Жүгенбаеваның құрастыруымен жарық көрген Телжан Шонанұлының «Жер тағдыры - ел тағдыры» еңбегінде қазақ жерін талан-таражыға салып, сырттан жаппай қоныстандыру саясатын жүргізіп келген патша үкіметінің заңсыз әрекеттері нақты әшкереленген. Ол қазақ жеріндегі отарлаудың түрлерін кезеңдерге бөліп, тигізген зиянын, осының нәтижесінде қазақ-орыс арасында туындаған қақтығыстарды баса көрсетеді.
Бірінші орыс революциясынан кейінгі Қазақстандағы азаттық қозғалыстар кезінде орыс пен қазақ шаруалары арасындағы жер мәселесіне байланысты ұлттық интеллигенция өкілдерінің саяси күрес бағытын айқындауда кеңес дәуірінде шыққан зерттеулер өз алдына бір сала. Мысалы: зерттеуші - ғалым А. Ф. Якунин «Қазақстандағы 1905-1907 жж. революция» атты еңбегінде 1905-1907 жылдар аралығында Қазақстанда екі түрлі бағыттағы зиялы қауым тобының болғанын атап өтеді. Ол буржуазиялық-ұлтшыл бағыттың өзін екіге: «батысшылдар» (Ә. Бөкейханов басқарған), «мұсылмандық» (Б. Қаратаев басқарған) деп бөліп, олардың патша шенеуніктеріне қарсы жүргізген күрес барысын айқындап беруге тырысты.
Интеллигенция тақырыбы әрбір дәуір тынысы, оқиғалардың және үстем идеологияның ықпал - әсерімен қарастырылып келгені белгілі. Ұлттық интеллигенцияның пайда болуы мен қалыптасу тарихына және қызмет барысына арнап кеңес ғалымдары мен шетелдік тарихшылар да, бүгінгі зерттеушілер де біраз еңбектер жазған. Шетел ғалымдарының қазақтар жөнінде жазған еңбектерін зерттеуші К. Есмағамбетовтың аударып, құрастырған «Қазақтар шетел әдебиетінде» кітабынан оқып білуімізге болады. Шелелдік әдебиет ішінен Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы Х. Оралтайдың еңбегін атаған жөн. Алайда кітаптағы қысқаша ғұмырнамалық очерктерде қате көп, автор «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетін бағалауда жаңсақ пікірлерге ұрынған. Алаш қозғалысына қатысты мәселелер М. Олкоттың «Қазақтар» атты монографиясында да атап өтіледі. Алайда ғалым еңбегін орыс басылымдарындағы деректерге сүйеніп жазған және көпшілігі шындыққа жанаспайды.
Қазақ даласын орыстандыру мәселесіне батыс тарихнамасы да көңіл бөлді. Бұл мәселе бойынша 1950 жылы 8 шілдеде АҚШ-тың азаттық комитеті тарапынан қолдау тауып, Германияның Мюнхен қаласында құрылған «Кеңес өкіметін зерттеу институты» күрделі зерттеу жұмыстарын жүргізгені мәлім. Олардың зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты - Ресей империясының тарихы туралы батыс елдеріне таныс емес жәйттарды жариялау болып табылды. Шетел зерттеушілерінің қарастырылып отырған проблемаға қатысты еңбектерінің арасынан Дж Демконың «Орыстардың Қазақстанды отарлауы (1896-1917) » деген кітабын атап өткен жөн. Алайда, еңбек орыс зерттеулері негізінде ғана жазылып, тек статистикалық мәліметтерді келтірумен шектелген.
Тақырыптың деректік негізіне байланысты қазақ интеллигенциясының үкімет ісіне араласып, Мемлекеттік Думаға қатысуы жөнінде (1905-1907 жж. ) орыс революциясынан кейін шыққан және кеңес дәуірі кезеңінде жарық көрген еңбектер біршіма мағлұмат береді. Мемлекеттік Думаның стенографиялық есептері қазақ депутаттарының жүргізген қызметіне толық мәліметтер бере алады. І, ІІ Мемлекеттік Думаларға сайланып, мұсылман фракциясының мүшелері болған қазақ депутаттары Ш. Қосшығұлов, А. Бірімжанов, Б. Қаратаев, У. Алдабергеновтердің ондағы қоғамдық-саяси қызметі татар зиялысы Усалдың «Бірінші, екінші, үшінші думадағы мұсылман депутаттар және олардың атқарған істері» деген еңбегінде қарастырылды. Осы еңбекте дала депутаттарының суреттері беріліп, олардың Дума жұмысындағы белсенді қызметі мен кемшіліктері ашық көрсетілген.
Ұлттық интеллигенция тарихы мен қызметі 20-40 жылдары сол заман ағымымен зерттелгені белгілі. 1930-1938 жылдардағы интеллигенция өкілдеріне қарсы жүргізілген жаппай қудалау саясаты бұл тақырыптың зерттелуіне кедергі келтірді. Қазақ интеллигенция өкілдерінің саяси қызметін шынайы түрде көрсетуге тырысқан ғалымдар Т. Рыскулов пен С. Асфендияровтар үкімет тарапынан қудалануға түсті. Т. Рыскулов пен С. Асфендияровтар үкімет тарапынан қудалануға түсті. Т. Рыскулов қазақ интеллигенциясының пайда болуы мен қалыптасуына зор көңіл бөліп, олардың саяси қызметін саралап көрсетуге ұмтылса, ал қазіргі қазақ тарихы ғылымының негізін қалаушылардың бірі С. Асфендияров қазақ интеллигенциясының пайда болуын ХІХ ғасырдың аяғына жатқызып, олардың іс-әрекеттерін дәйекті түрде көрсетуге тырысты.
Патша үкіметінің отарлық саясатын, жер, су, тіл мәселелерін көрсетугде қазақ зиялыларының бірі Қошмұхамет Кеменгерұлының еңбегі де маңызды. Автор онда патша үкіметінің жерге, тілге, денге қатысты қабылданған әділетсіз заңдарын сынға алып, осы заңдардың тигізген зардабын нақты түрде көрсетеді.
Ұлттық интеллигенция тақырыбын зерттеу 50-60 жылдары едәуір жандана түсті. Мысалы: Ә. Әтішев, Қ. Бисембиев, С. Зиманов, Д. Қабдиевтардың еңбектері қазақ интеллигенттері қызметінің жекелеген қырларын зерделеуге арналып, олардың дүниетанымдық көзқарастарын тереңірек көрсетуге тырысқан. Ал 80-жылдардың соңына қарай қоғамдық ғылымдар саласындағы бетбұрыс отандық тарихты жаңаша тұрғыдан зерттеуге жол ашты. Зерттеліп отырған дәуірге байланысты Қазақстанның қоғамдық өміріне арналған М. Бурабаевтың зерттеуі, қазақ интеллигенттеріне қатысты құнды мәліметтер берсе, С. Зиманов пен К. Ыдырысов еңбектері көрнекті қазақ интеллигенті, «Айқап» журналының редакторы М. Сералиннің қоғамдық-саяси қызметін баяндайды.
Тәуелсіз қазақстан кезеңіндегі өзгерістер Алаш қозғалысы мен Алашорда тарихын қайта қарап, ақиқат тұрғысынан зерттеуге мүмкіндік береді. Қазақ интеллигенциясы тарихын, Алаш партиясы мен алаш қайраткерлерін, олардың ұлттық ерекшеліктерін айқындауда жаңа тарихи таныммен сараланған күрделі зерттеулер басылып шықты. Бұған М. Қозыбаевтың (Ақтаңдақтар ақиқаты. А., 1992; Тарих зердесі. 1-2 кітап. А., 1998), К. Нұрпейісовтың (Алаш һәм Алаш орда. А., 1995), М. Қойгелдиевтің (алаш қозғалысы. А., 1995), Д. Аманжолованың (Пртия Алаш: история и историография. Семей, 199; Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш. М., 1994), Ә. Пірманов пен А. Қапаеваның (Қазақ интеллигенциясы. А., 1998), М. Құл-Мұхамедтің (Алаш ардагері Жақып ақбаев. А., 1996; Алаш қайраткерлері: саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. А., 1998), С. Өзбекұлының (Арыстары Алаштың: Тарихи очерктер. А. 1998) еңбектері айқын дәлел. Сондай-ақ Ж. Б. Әбілхожиннің еңбектерінде ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерінің 20-жылдары қазақтың әлеуметтік-экономикалық өмірін зерттеуге қосқан үлесі тиісті бағасын алған.
Кеңестік тарихнамада «буржуазиялық-ұлтшылдықтың» көрінісі ретінде бағаланып келген зиялы қауым өкілдері, қазақтың біртуар ұлдары Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаев, М. Тынышпаевтардың саяси көзқарастарын анықтауда белгілі тарихшы М. Қойгелдиевтің «Қазақ демократиялық интеллигенциясының 1905-1907 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметі» деп аталатын докторлық диссертациясы мол мағлұмат беріп, тың тұжырымдар жасайды. Интеллигенция тарихында әділетсіз бағаның ақиқатын анықтап, қазақ ұл-азаттық қозғалысын бүгінгі ғылыми және қоғамдық сұранысқа сай зерттеуде академик М. Қозыбаев еңбектерінің орны ерекше.
90-жылдардан бері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Қ. Кемеңгеров және басқаларының шығармалары жарық көрді. Бұрын аты аталмай келген Алаш қайраткерлерінің өмірі мен творчестволық мұрасын зерттеуге Р. Сыздықова, Б. Қойшыбаев, С. Созақбаев, Б. Байғалиев және басқалары өз үлесін қосты.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. Басындағы Қазақстандағы жер мәселесі, қазақ депутаттарының Ресей Мемлекеттік Думасындағы қызметі, қазақ зиялы қауымы өкілдерінің Ресей мұсылмандық қозғалысына қатынасуы С. Малтұсыновтың, С. Рүстемовтың кандидаттық диссертацияларында қаралған. Ғалым Ө. Озғанбаевтың докторлық диссертациясы мен сол негізінде шыққан монографиясы Мемлекеттік Дума мәселесін, оған қазақтардың қатысу барысын қарастырады. Соңғы жылдары Ресей империясының отаршылдық саясаты туралы В. З. Галиевтің, Ж. Қасымбавтың, М. Егембердиевтің, М. Мырзахметовтың, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан өңірін отарлауда Жетісу казачествосының үлесін ашқан М. Абдировтың жұмыстарын атауға болады.
ХІХ Ғ. АЯҒЫ - ХХ Ғ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКАНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
- Патша үкіметінің ХІХғ-ХХғ Қазақстандағы отарлау саясаты
Қазақстан жері екі ғасырдан астам Ресей империясының бодандығында болды. Қазақ елі Ресей патшалығының құрамына енгеннен кейін, отаршыл орыс әкімшілігі біржолата билікті қолына топтастыруға тырысты. Сол мақсатпен 1822 жылы 22 шілдеде «Сібір қырғыздары туралы Жарғыны» шығарып, қазақ қоғамындағы хандық билікті жою ісіне көшті. «Жарғы» авторы - Ресей империясының отарлық саясатын уағыздаушы патшалық жендет - реформатор М. М. Сперанский еді[1] . М. М. Сперанскийдің бұл «Жарғыны» дайындаудағы мақсаты Орта жүз қазақтарын басқаруды біржолата «жақсарту» арқылы мұндағы ел байлығын тонап, халықты қанауды күшейтуге жағдай жасау еді. Сөйтіп, орталық саясат шекара бойынан әрі өтіп ішкі далаға ене бастайды. 1824 жылы 20 наурызда «Орынбор қазақтарын басқарудың» жобасы бекітіледі[2] . Ал 1844 жылы 14 маусымда «Орынбор қазақтарын басқарутуралы ереже» жасалады. Бұл әкімшілік реформаның 1824ж. реформадан көптеген ерекшеліктері болды [2] . Патша үкіметі отарлау саясатын күшейту мақсатында 1854 жылы 19 мамырда «Семей облысын басқару жөнінде» жаңа ереже енгізеді. Патша үкіметі түрлі реформалар жасады[3] . 1865 жылы патша үкіметі Қазақ даласын басқару туралы ереженің жобасын жасау үшін «Дала комиссиясын» құрып, оған ішкі істер министрлігінен, әскери министрліктерлің өкілдері мен Орынбор өлкесі, сондай-ақ Батыс Сібірден «депутаттар» еніп 1865-1866 жылдары ол Сібір және Орынбор қазақтары облыстарын және Түркістан облысын зерттеп, қазақ даласын басқару туралы ереженің жобасын жасады[4] .
Сондай-ақ 1861 жылы 19 ақпандағы «Крепостнойлық құқықты жою» туралы реформа да Қазақстанды отарлауға қолайлы ең негізгі реформа есебінде көрінді. Осы крепостнойлық құқықтың жойылуы шаруаларды жерлерінің бестен бірінен айырды. Бұл помещиктерге қарсы күреске патшалық биліктің негізінің әлсіреуіне де себепші болды. Сондықтан Ресей патшалығы шаруаларды шет жерлерге қоныстандыру арқылы осы мәселені шешуге тырысты. Осы кезеңде Қазақстан патшалы Ресейдің ең артта қалған отарланушы аймағы болды. Реформа бойынша крепостниктік тәртіп жойылғанымен, Ресейдегі аграрлық мәселенің өз шешімін табуы өте киынға түсті. Енді, күнкөріс үшін орыс мұжықтары басқа жақтарға табыс іздеп кете бастады[5] .
1860 жылдың өзінде Ресейдегі село тұрғындарының саны 50 млн-ға, ал 1900 жылы 86 млн-ға, яғни 72℅-ке өсті.
Ғалым Санжар Асфендиаров Ресей империясының қазақ өлкесін басқаруда отарлау саясатының өте сорақы түрде әскерлік-феодалдық әдісін қолданғанын айта келе, қоныс аударушылардың отарлық құрылымын әскери отарлау, қара шекпенлілердің отарлау және 1905 жылғы революциядан кейінгі переселен саясаты деп үш дәуірге бөледі.
Ал Қазақтардағы жер мәселесі тарихын зерттеген көрнекті ғалым Телжан Шонанұлы қазақ жерін отарлауды екі кезеңге бөлген болатын:
1. Орысқа бағынғаннан бастап ХІХ ғ. 80-жылдарының басына дейін. Бұл қазақтардың, әскерилердің пайдасына деп жер алу дәуірі. Екінші сөзбен айтқанда «Сары орыстың» келе бастауы.
2. 80-жылдардың аяғы - 90-жылдардан бастап патша құлағанға шейін. «қара шекпенділер» үшін жер алу дәуірі. Қазақтың «қара орыс қаптағанда сары орысты әкеңдей көресің» деген мәтелі осы кезеңді сипаттайды [6] -дейді Т. Шонанұлы.
Әскери отарлау саясаты Қазақстанның Ресей империясының бодандығына енуінен басталды. Крепостнойлық қанаудан қашқан қара шаруалар (казактар) қазақ жеріне келіп (Орал өңірі) казак-орыстардың әскери міндеткерлігін атқарды.
Қазақстанды отарлау саясатымен патша үкіметі оны үшке бөліп, Орынбор, Батыс Сібір және Түркістан генерал-губернаторлығы арқылы биледі. Бұл жерлерде казак-орыстардан құрылған үш әскери топ - Батыс Қазақстанда, Орал әскері, Арқада-Сібір әскері, Оңтүстікте - Жетісу әскері болды.
Оралдағы казак-орыс әскерінің қолында 6 миллион десятина жер болды (3, 4 десятина-1гектор) . Осы Орал бойындағы казак-орыс әскрлерінің станицалары мен поселкелерінің саны 116 еді. Ал Сібірдегі казак-орыс әскерінің жері 5 миллион десятина болды. 11 610 484 десятинаға жетті [7] . 1895 жылғы мәлімет бойынша Сібір әскерлері мүшелерінің әрқайсысына орта есеппен шаққанда 50 десятинадан қазақ жері тиді. Ал Ақмола облысының 1894 жылғы көрсеткіші бойынша Петропавл мен Омбы уезіндегі әрбір казак-орыс жанұяларына берілген жер мөлшері 200 десятина болды.
Жетісу казак-орыс әскерлерінің ең шұрайлы деген жері 610519 десятинаға жетті, яғни жанбасына 2 десятинадан келді. Сөйтіп қазақтың ең құнарлы жерлері казак әскерлерінің қалына кетті. Отаршыл казактар ешқандай шектеусіз, өздері қалаған жерлерге жыртып егін екті. Мәселен, Жетісу облысының 387 жандық Сегейопль станциясындағы казак-орыс әскерінің қазақ кедейлерінен тартып алынған жерлері 117618 десятинаға жеткен, яғни әр жанұяға 300 десятинадан келген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz