Кәсіби сөздердің әдеби тілге қатысы жайында


- Диалектология ғылымының мақсаты мен міндеттері
- Диалектология пәнінің негізгі зерттеу нысандары
- Диалектологияның салалары
Дәріс мәтіні:
Қазақ диалектологиясы - қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыт, жаңа бөлім. Қазақ тіл білімінің үлкен бір саласы диалектология деп аталады. Ол - грек тілінен енген сөз, « диалектос » - сөз, сөйлеу, « логос » - ілім деген мағынаны білдіреді. Диалектология пәнінің негізгі мақсат-міндеті - жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттеу. Ол диалектілер мен говорларды (сөйленістерді) зерттеп айқындауды мақсат тұтады. Ал диалект, говор деп халықтық немесе ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері бар тармақтарын, бөліктерін айтады. Ол - жалпыхалықтық тілден өзгеше белгілі бір аймақты, территорияны қамтитын тілдік ерекшеліктер. Осы тілдік ерекшеліктер фонетикалық, лексикалық, грамматикалық болып 3-ке бөлінеді.
Диалект - жалпыхалықтық тілдің бір тарауы, бөлігі, бірақ одан тыс жатқан құбылыс емес. Диалект жалпыхалықтық сипат алмаған, белгілі бір аймақта ғана жұмсалатын тілдік ерекшеліктердің жиынтығын қамтиды. Ол жалпыхалықтық тілдің бір бөлігі ретінде қолданылады.
Ал говор ( сөйленіс ) шағын аймақты ғана қамтитын жергілікті тіл ерекшеліктері болып табылады. Мысалы, диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса, говор бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей ғана жерді қамтуы мүмкін. Әрине, мұның бәрі шартты түрде ғана. Олардың қаншалықты аймаққа таралуы жергілікті тіл ерекшеліктерінің қалыптасу тарихына, ондағы нақты жағдайларға байланысты болады. Кейде бір диалектінің ішіне оның басқа диалектілерден айырмасын көрсететін бірнеше ұсақ говорлар енуі мүмкін. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің таралуына орай кейде говорлар подговорларға бөлінеді. Негізгі диалектілік ерекшеліктері біркелкі болып келетін говорлардың тобы наречие деп те айтыла береді.
Жоғарыда аталған диалект, говор, подговор, наречие сөздері бір-бірінен онша алыс емес ұғымдар, кейде бұлар синоним ретінде де жұмсала береді. Сайып келгенде, бәрі де жергілікті тіл ерекшеліктері дегенді аңғартады.
Зерттеуші ғалымдар диалектілерге байланысты әр түрлі атаулар ұсынды. Мәселен, С. Омарбеков осы сөздерді айтылым деп атауды ұсынды. Ал зерттеуші Ғ. Бегалиев диалекті сөздерді сөздік диалекті және дыбыстық диалекті деп екіге бөліп қарастырды. Ғалымдар арасында бұл қолдау тапқан жоқ. Тек тілдік жергілікті ерекшеліктер деген атау ғана қолдау тапты.
Сөз диалектизм болу үшін екі түрлі шарт болу керек:
- Әдеби тілде қолданылмайтын, тек белгілі бір говорға, диалектіге тән сөз болу керек. Әдеби тілде баламасы болу керек.
- Диалектизмнің өзінің таралу шегі, аймағы (тілдік изоглоссасы) болу керек.
Яғни сөздің жалпыхалықтық тіл нормасынан өзгеше ерекшеліктері болса ғана диалектіге жатады. Мысалы: шалбар - сым, құман - құмған, үй - там, шаңырақ - шаңғарақ, шаңқобыз - шаңғауыз, берешек - бережақ, алашақ - алажақ, мұғалімнен оқу - мұғалімге оқу, ағасыз ба? - ағасыңыз ба? т. б.
Диалектілердің пайда болу, қалыптасу тарихы халық, ұлт тарихымен, оның этнографиясымен (әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі т. б. ) тығыз байланысты болады. Өйткені жергілікті ерекшеліктер этнографиялық белгілермен ұштасып жатады. Мысалы, әдеби тілдегі тандыр сөзі оңтүстік өңірлерде қабырғаларына нанды ( тандыр нан ) қарып пісіруге арналған пеш атауын білдіреді ( тандыр сөзі жалпыхалықтық тілде қатты, жарамсыз, құрғақ деген мағыналарды білдіреді: тандыры шыққан жер ) . Сондай-ақ Қостанай облысында тайтұяқ сөзінің халықтық тілдегі мағынасынан ( тай тұяғының көлеміндей сом күміс ) басқа мұз оятын құрал деген мағынасы тағы бар. Бұл атау жергілікті халықтың мұз оятын құралды тайдың немесе аттың тұяғынан жасау әдетінен туған.
Қазақ тілін зерттеуші диалектологтер диалектілердің шығу жолдарын үш түрлі жағдаймен байланыстырады:
- Тарихи жағдайларға байланысты
- Белгілі бір кәсіптік сөздерге байланысты, яғни белгілі бір кәсіптің, шаруашылықтың түрімен байланысты
- Көршілес тілдердің әсерімен байланысты
Жалпы қазақ тілі говорларындағы лексикалық ерекшеліктерді сипатына қарай, өзара қатысына қарай үш топқа бөлуге болады:
1. Сәйкесті диалектизмдер. Бұл топқа енетін сөздер - әр түрлі говордағы бір нәрсені, затты немесе бір ұғымды түрліше атаудан пайда болған сөздер. Мысалы, шеге суыратын тістеуікті батыста атауыз десе, бұрынғы Семей облысының кейбір аудандарында жылқыауыз дейді. Ал оңтүстікте, оңтүстік шығыста кемпірауыз дейді. Бұл сөздердің тұлғасы әр түрлі болғанмен, мағыналары бір-біріне бара-бар, синонимдес, яғни әр түрлі говорда бір-біріне ұғым жағынан сәйкес сөздер.
2. Сәйкессіз диалектизмдер. Белгілі бір говорда қолданылатын сөз түрлі географиялық немесе шаруашылық, әдет-ғұрып жағдайларына байланысты басқа говорларда болмауы мүмкін. Демек, белгілі бір сөздің басқа говорларда ұғым жағынан сәйкесті сөзі болмау ықтимал. Мысалы, Көкшетау облысының кейбір аудандарында егін суарылмайтындықтан, жергілікті халық тілінде Оңтүстік облыстарында тұратын халық тіліндегіндей әр алуан арық аттары жоқ. Сол сияқты Қазақстанның солтүстік аудандарында овощ, жеміс шаруашылығымен бұрын көп айналысқандықтан, дергілікті тұрғын адамдар оңтүстікте өсетін көптеген жемістердің аттарын білмейді. Бұлар көбінесе кәсіби сөздер тобына жатады.
3. Семантикалық диалектизмдер. Бұл топтағы сөздер тұлға жағынан әдеби тілдегі сөздермен ұқсас болады. Бірақ мағына жағынан әдеби тілдегі сөздерден бөлек, басқа мағынада да жұмсалады. Мысалы, Жетісуда әке деген сөз өзінің әдеби тілдегі мағынасын сақтай отырып, сонымен қатар қарағым, қалқам мағынасында да қолданылады.
Диалектология пәні тіл білімінің бір саласы ретінде қалыптасуымен байланысты, оның маңызы артып, зерттеу нысанының шеңбері де ұлғая түсті. Зерттеу халық тіліндегі ерекшеліктерді жинаумен шектелмей, тіл тарихын жасауға да үлкен қызмет атқарады. Диалектология зерттеу нысанына және сипатына қарай:
1. Сипаттамалы (описательная) диалектология
2. Тарихи (диахрониялық) диалектология болып екіге бөлінеді.
Сипаттамалы диалектологияның міндеті - жергілікті тіл ерекшеліктерін фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеп, жүйелі түрде түсінік беру. Яғни сипаттамалы диалектологияны терең зерттеп алмайынша тарихи диалектологияға жол ашылмайды. Ал тарихи диалектология жергілікті тіл ерекшеліктерінің пайда болуын, шығу тарихын зерттеуді мақсат етеді. Бұл халық не ұлт тілдерінің ру тілінен тайпа тіліне, тайпа тілінен халық тіліне, халық тілінен ұлт тіліне ауысып отырудағы даму жолдарын айқындауға жол ашады. Диалектологияның бұл екі саласы бірімен-бірі тығыз байланыста болып, бірін-бірі үнемі толықтырып отырады.
Жергілікті тіл ерекшеліктерін танып-білу тіл тарихын (дыбыс, сөз, сөз тіркесі т. б. ) зерттеумен тығыз байланысты. Оларды танып білудің халық тілінің сөз байлығын меңгеруде теориялық жағынан болсын, практикалық жағынан болсын маңызы өте зор.
Қазақ ұлттық тілінің қалыптасу тарихын, әдеби тілдің даму заңдылықтарын жетік білу үшін, жергілікті тіл ерекшеліктерінің тарихын қарастыру қажет. Бұған керекті материалдар көне тарихи жазба ескерткіштерде, туыстас түркі тілдерінде, халық тілінде жатыр.
Халық тілінің жергілікті ерекшеліктерінде қазіргі кезде әдеби тілде қолданылмайтын, әлдеқашан жойылып кеткен көне тілдік белгілер сақталып қалған. Олардың толық жойылып кетуі мүмкін емес, себебі халық дін аман тұрғанда олардың әйтеуір бір жұрнағы, сарқыншағы, қалдығы болсын сақталып қалады. Жергілікті тіл ерекшеліктерінен қазақ тілінің көптеген категорияларына қатысты материалдарды молынан табуға болады. Осылардың басым көпшілігі түркі тілдерінің көне ескерткіштер нұсқаларындағы тіл құбылыстарымен үндесіп келеді. Бұл тіл тарихын, атап айтқанда, оның тарихи фонетикасын, грамматикасын және лексикологиясын жасау жұмысын жеңілдетеді.
Мысалы: в, ф, ч, ц дыбыстары орыс тілі арқылы енген, сол тілдің әсерінен пайда болған деп айтып жүрміз. Әдеби тілде норма болмағанымен, қазақ тілінің дыбыс жүйесі дамуына көз жіберсек, ч дыбысы түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде, бұрыннан бар дыбыс екен. V-VІІІ ғ. Орхон-Енесей жазба ескерткіштерінде чур (титул-дәреже) ( оғлан чур ), чаб ( даңқ ), чығай ( кедей ), ічрә (ішкі ), М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» (ХІ ғ. ) сөздігінде чадан (шаян), чечек (шешек), черік (шерік), күч (күш), Ж. Баласағұнның «Құтты білігінде» чін (шын - Қытай), чүн (шын), чұқ (шық) т. б. сөздер кездеседі.
Ал қазіргі қазақ тілінде бұл дыбыс әдеби тілде қолданылмағанымен, ауызекі сөйлеу тілінде (диалектіде) Маңғыстау өңірінде, Жетісу қазақтарының тілінде (Алматы, Талдықорған), Оңтүстік-шығыс аудандарда (Жамбыл, Семей, Шығыс Қазақстан), Қытай, Монғолия қазақтарының тілінде көбінесе сөз басында, сөз ортасында ш дыбысымен алмасып қолданылады. Ч - ш : чикі - шикі, чық - шық, чеч - шеш, қамчы - қамшы, сонча - сонша, келгенче - клгенше, чаңырақ - шаңырақ т. б.
Ғ, г дыбыстары туралы да осыны айтуға болады: біз - бігіз, сурет - сүгірет, ие - еге, киіз - кигіз, құман - құмған, суар - суғар, шаңырақ - шаңғарақ т. б.
Сол сияқты ана тілінен сабақ беретін мұғалімдер үшін диалектологияны білудің практикалық маңызы бар. Мәселен, оқушылар тілінде жалпыхалықтық нормадан тыс жергілікті тіл әсерінен туған қарапайым сөздер, диалектизмдер, тіпті жаргондық сипаты бар сөздер кездесуі мүмкін. Шығарма, мазмұндама, диктанттағы кейбір қателіктер жергілікті тіл ерекшеліктерінің ықпалымен байланысты жіберілуі мүмкін. Сондықтан мұғалім сондай қателіктердің екіншілей қайталанбауы үшін жергілікті тіл ерекшеліктерінің әдеби тілдегі баламасын салыстырып түсіндіруі, көркем әдебиет, баспасөз беттерін оқыту арқылы диалектілік сөздерге көңіл аудартып, дұрыс айтылмаған сөздер мен сөйлемдерді оқушылардың өздеріне түзеттіріп, оларды әдеби тіл нормасына үзбей үйретуі керек. Мысалы : барғайы жүрмін емес - барғалы жүрмін, жар газеті емес - қабырға газеті т. б.
Диалектілік ерекшеліктерді зерттеу жинау қазақ тілі сөздіктерін, диалектологиялық картасын, атласын жасауға мүмкіндік береді. Қазір халық шаруашылығының жеке салаларында әдеби тілді байыта түсетін жергілікті кәсіби сөздер аз емес. Кәсіби сөздер лексикасы әлі де қалыптасып болмаған процесс екенін ескерсек, жергілікті тіл ерекшеліктерін жан-жақты, толық зерттеу аса қажет дүние.
Диалектілердің келешегі, болашағы бар ма?
Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың күн санап дамуына байланысты қазақ тілі газет-журналдарының, оқулық, көркем шығармалардың бірыңғай біртұтас тілде жазылып шығуы және қазақ халқының бір-бірімен тығыз араласуына жасалған жағдай тіліміздегі кейбір диалектілік ерекшеліктерді жоюы мүмкін. Бұл құбылыс қазіргі кезде біртіндеп жойылып бара жатыр. Ал кәсіби сөздер сол кәсіп, шаруашылық өркендеп тұрған кезде ешқашан жойылмайды.
Қазіргі диалектологияның алдында мынадай 2 міндет тұр:
1. Сөйленістердің (говор) тіл жүйесін барлық жағынан сипаттай отырып, арнайы зерттеу.
2. Тілдегі сөйленістердің (говор) өзара қарым-қатынасын, байланысын, территориясын анықтай отырып, толық жіктемесін (классификация) жасау.
Тілдегі говорларды бұлайша зерттеу арқылы тіл дамуының жалпы бағытын анықтаймыз және де диалектологиялық карта, атлас жасауға да қажетті материалдар жинақтаймыз.
Негізгі әдебиеттер:- Қалиев Ғ., Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы. Оқулық. Үшінші басылым. - Алматы: Ана тілі, 1991.
- Досқараев Ж. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1969.
- Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. І том. - Алматы, 1996. ІІ том. 1999.
- Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. - Алма-Ата, 1959.
- Сарыбаев Ш., Нақысбеков О. Қазақ тілінің аймақтық лексикасы. - Алматы: Ғылым, 1989.
- Қазақ тіліндегі аймақтық ерекшеліктер (жинақ) . - Алматы: Ғылым, 1990. 81-99 бб.
Дәріс 2
Жергілікті тіл ерекшеліктері және халық тілі, ұлт тілі, әдеби тіл
Дәріс жоспары::
- Жергілікті тіл ерекшеліктерінің пайда болуы
- Жергілікті тіл мен халық тілінің, ұлт тілінің байланыстары
- Диалектизмдер мен әдеби тілдің қатысы жайлы
а) Әдеби тілде диалектілерді пайдалану жайлы
ә) Диалектілердің әдеби тілге негізі жайлы
Дәріс мәтіні:
Белгілі бір ұлт, халық болу үшін тілдік бірлік, территориялық бірлік болу керек. Тіл - қоғамдық қатынас құралы. ұлттық тілге сол тілдегі барлық нормалар енеді. Ал әдеби тілге бұлардың ішіндегі кейбір қарапайым сөздер енбейді.
Зерттеуші ғалым Богородицкий халықтық говорлар мен әдеби тіл туралы айта келіп, «қай тілді болсын үйрену үстінде біз оның жеке әдеби қалпын ғана емес, халықтық говорларда қолданылуын зерттеуге тырысуымыз қажет», - дейді. Бұдан тіл мәселелерін ұлттық көлемде зерттегенде, бүкіл ұлт тілінің әдеби түрімен бірге, жергілікті диалектілерінің материалдарын қоса ескеру қажеттігі туады. Онсыз тұтас ұлт тілінің қалыптасу заңдылықтары туралы жан-жақты, терең зерттеу жүргізу мүмкін емес.
Сонымен, қазіргі диалектологтердің пікірі бойынша, диалект - жалпыхалықтық тілдің бір бөлігі, бөлшегі, одан тыс жатқан құбылыс емес. Диалектілердің грамматикалық құрылысы мен фонетикалық жүйесі, әдеби тіл немесе ұлттық тілдің грамматикалық, фонетикалық жүйесінен онша ерекшелене қоймайды, - деп есептейді. Дегенмен зерттеуші диалектологтер (С. Аманжолов, Ж. Досқараев, Ш. Сарыбаев, Ғ. Қалиев т. б. ) кейбір грамматикалық ерекшеліктерін де жоққа шығармайды. Мысалы: барсай - барсайшы, келсей - келсейші, келгейі отырмын - келгелі отырмын т. б.
Диалектілік ерекшеліктер түрлі тілдерде әр түрлі мөлшерде сақталған, бірінде аз болса, енді бірінде көп кездеседі. Диалектілер алғашқы қауымдық құрылыс кезінде тайпаның сөйлеу тілі болған. Зерттеушілер диалектінің алғашқы қауым кезінде ру, тайпа тілі ретінде, одан кейінгі қоғамдарда халық, ұлт тілдерінің бір бөлігі ретінде адамдар ұжымына қызмет еткенін атап көрсетеді. Алғашқы қоғамда әрбір тайпаның өзінің тілі (диалектісі) болған. Ф. Энгельс: «Тайпаның өзіне ғана тән ерекше диалектісі болды. Шындығында, тайпа мен диалект бір-біріне сай келеді», - дейді. Тайпа ішіндегі адамдардың көбеюіне байланысты бөлшектеніп, одан бірнеше жаңа тайпалар бөлініп шығады. Бөлініп шыққан тайпалар бірінен-бірі территория жағынан қашықтап, олардың әрқайсысының тұрмысында, сондай-ақ тілінде өзіндік ерекшелік пайда болады. Осылайша бастапқы біртұтас тайпа тілінен туыстас бірнеше тайпа тілі (диалектілер) жасалады.
Бертін келе адамдар бұрынғыдай тайпасына қарай емес, тұрғын жеріне, қонысына қарай жіктеле бастады. Содан барып жергілікті диалектілер қалыптасты.
Халықтардың қоғамдық, тарихи жағдайы біркелкі еместігін ескерсек, ертеде болған тайпалық тілдерге тән кейбір сөздер, тұлғалар сақталып қалған.
Қазақ тілінің тарихы оның құрамына еніп отырған диалектілердің тарихымен байланысты. Сол себепті қазақ тіліндегі диалектілердің пайда болуы, қалыптасуы, қазіргі қалпы қазақ тілінің жалпы даму процесі тұрғысынан қаралады. Қазіргі диалектілер бұған дейін өте күрделі процестерді басынан өткізіп келді. Олар бір кезде ру-тайпалық сипатта болып, келе-келе жергілікті сипатқа ие болған. Тілдегі диалектілік ерекшеліктердің қалыптасуына ру-тайпалық тілдердің де, жергілікті халық өміріндегі жағдайлардың да, көрші халықтар тілінің әсері де тиген. Бірақ бұлардың әрқайсысы жеке-жеке тұрған құбылыс емес, біртұтас жүйе ретінде белгілі бір территориядағы тұрғындарға тән болып қалыптасқан, сөйтіп, жергілікті диалект сипатына көшкен.
Жергілікті диалектілердің қалыптасуы, дамуы белгілі тарихи жағдайларға, қоғамдық-экономикалық формациялардың ауысуына байланысты болып келеді.
Қазақ тілінің диалектілік сипат алуын зерттеушілер көне ғұн дәуірінен бастайды. Қазақ тілінің даму, қалыптасу тарихы жалпы түркі тектес халықтардың тарихымен (даму, қалыптасу кезеңдерімен) тығыз байланысты болып келеді. Тіліміздің тарихына қатысы бар дәуірлерді былайша көрсетуге болады:
- б. з. бұрынғы ІV-ІІІ ғ. мен біздің заманымыздағы V ғасыр аралығы (ғұн дәуірі)
- Көне түркі тілдері дәуірі (V-Х ғ. )
- Түркі тілдерінің орта ғасырлық дәуірі (Х-ХІІ ғ. )
- Түркі тілдер дамуындағы жаңа дәуір (ХV-ХІХ ғ. )
- Түркі тілдер дамуындағы ең жаңа дәуір (ХХ-ХХІ ғ. )
Осы уақыт аралығында ұлт тілінің сөздік құрамы жан-жақты дамып, грамматикалық құрылысы әлдеқайда жетілді; халық тіліне қарағанда ұлт тілінің бірлігі, біртұтастығы артты, мұның өзі тілдегі жергілікті ерекшеліктердің азаю сипатына байланысты; ұлттық тілмен бірге белгілі нормаға түскен, стиль жағынан сараланған бүкілхалықтық сипаты бар әдеби тіл қалыптасты. Сонымен бірге ұлттық тілдің басқа да сапалық белгілері әлі де жетілу, қалыптасу үстінде деп айта аламыз.
Диалектизмдер мен әдеби тілдің қатысы жайлы
Диалектілердің әдеби тілге қатысы туралы да, тіл білімін зерттеушілер бірден ортақ пікірге келе қойған жоқ. Олардың араларындағы ұзақ айтыс пікір таластары қазіргі күнге дейін жалғасуда. Ол - әдеби тілге диалектілердің негізі болды ма, жоқ па? деген талас. Бұл қазірге дейін шешілген жоқ. Сонымен бірге әдеби тіл мен диалектілердің қатысына байланысты тұжырымдар да бірізге түскен жоқ. Тілдегі осындай талас пікірлер туралы айта келіп, академик Ә. Қайдар былай дейді: «Әдеби тіл мен диалектілер арасында қытай қорғаны жоқ. Әдеби тіліміз атқаратын қызметіне байланысты жергілікті халық тіліне ықпал жасап, оны игеруге, өз кәдесіне жаратуға тырысады және де ол тіл дамуына қажетті процесс» («Қазақ әдебиеті» газеті, № 6, 1983) .
Жалпы әдеби тіл мен диалектілердің қарым-қатынасын ажырату үшін екі мәселені шешіп алудың қажеттілігі туындайды:
- Әдеби тілде диалектілерді пайдалану жайлы
- Диалектілердің әдеби тілге негізі жайлы
а) Әдеби тілде диалектизмдерді пайдалану жайлы
Кез келген әдеби тілдің негізі жалпыхалықтық тіл негізінен бастау алады. Әдеби тіл мен жалпыхалықтық тіл бір-біріне қарама-қарсы құбылыс емес, екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Әдеби тіл сөйлеу процесінде халық тіліне, жергілікті диалектілерге ықпал етіп, қарапайым, тұрпайы сөздер мен диалектілерді ығыстырса, екіншіден, халық тілі есебінен өзі де байып, толығып отырады. Әдеби тіл бүкіл ұлттық тілдің байлығын түгелдей қамтымайды. Оған халық тіліндегі неғұрлым дәл, айқын сөздер мен сөз тіркестері, тұрақтанған грамматикалық тұлғалар ғана енеді. Кейде әдеби тілде де, сөйлеу тілінде де жарыса қолданыла беретін сөздер ұшырасады. Мысалы: қазір - қазыр, кәзір, қане - кәне, қадыр - кәдір, қадір, мағына - мағана, төрт - дөрт, патша - патса, және - жана, өмір - ғұмыр т. б.
Сонымен қатар әдеби тілде күні бүгінге дейін қатар жұмсалып орфоэпиялық нормасы айқындалмаған сөздер де аз емес, Мысалы: зәбір - жәбір, әшейін - әншейін, балуан - палуан, бәле - пәле, сайтан - шайтан, тілмар - ділмар, бірдеңе - бірдеме, пенде - бенде, нақыс - нақыш, бәйге - бәйгі, сопаю - сопию, ыржың - ыржаң т. б. Мұндай сөздерді синоним ретінде қарауға болмайды. Себебі олар айтылудағы аздаған өзгерістері болмаса, негізі бір сөздер. Диалектизмдерге де жатпайды, өйткені бұлар белгілі бір облыс, аймақ көлемінде ғана емес, жаппай барлық жерде айтыла береді, жалпыхалықтық сипатқа ие деуге болады. Айтылуындағы мұндай тиянақсыздық әдеби тілдің нормалануына зиянын тигізеді, сондықтан оларды бір ізге түсіру керек.
Ал диалектизмдердің әдеби тілге қатысына келетін болсақ, олардың әдеби тілді байытуы сирек кездеседі. әдеби тілге енген диалектизмдер санаулы ғана. Тек белгілі бір ұғымды білдіретін сөздер әдеби тілде жоқ болса ғана, жергілікті сөздердің кейбірін баспасөз арқылы әдеби тілге енгізуге болады. Мысалы: пәрменді (қарқынды), немелтай (шөберенің балалары), мелжемді (азулы) т. б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz