ЖАРАСҚАН ӘБДІРАШЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ


Дипломдық жұмыс
ЖАРАСҚАН ӘБДІРАШЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫ
Алматы
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 5
І. Ж. Әбдірашев өлеңдерінің тақырыптық˗идеялық құрылымы . . . 7
1. 1. Ж. Әбдірашевтің ақындық тұғырнамасы . . . 7
1. 2. Ж. Әбдірашевтің эпиграммалары . . . 14
ІІ. Ж. Әбдірашев лирикасының көркемдік ерекшеліктері . . . 26
2. 1. Ақын өлеңдеріндегі айшықтау түрлері . . . 26
2. 2. Ақын өлеңдеріндегі құбылту түрлері . . . 35
2. 3. Ақынның тілдік-стильдік ерекшеліктері . . .
Қорытынды . . .
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . .
РЕФЕРАТ
Бітіру жұмысының тақырыбы: Жарасқан Әбдірашев поэзиясының поэтикасы
Бітіру жұмысының көлемі: 55 бет
Бітіру жұмысының құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, негізгі екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Бітіру жұмысының мақсаты: Бітіру жұмысының басты мақсаты ˗ белгілі қазақ ақыны Жарасқан Әбдірашевтің поэзиясын жан-жақты талдау арқылы көпшілікке таныту. Ақын поэзиясының тілін, көркемдік ерекшелігін, көтерген тақырыптарының өзектілігін айқындау мақсат етіледі. Осы мақсатқа жету жолында төмендегідей міндеттер көзделді:
- Ақынның өлеңдерін тақырыптық˗идеялық ерекшелігіне қарай талдау;
- Ақынның өзіндік ерекшелігін, стилін өлеңдерін талдау барысында бағалау;
- Ж. Әбдірашевтің ақындық шеберлігін жан˗жақты ашу;
- Өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктерін әдебиет теориясы тұрғысынан қарастыру;
- Құбылту, айқындау, ажарлаудың ақын өлеңдеріндегі қолданыстарын айқындау.
Диплом жұмысының өзектілігі. Қазақ әдебиеті ғылымында қазіргі қаламгерлердің, ақындардың шығармашылығы зерттеу нысанына алына бастады. Әдеби мұрасын жан˗жақты қарастырылу міндеті қойылғандықтан қазақ әдебиетіне, поэзиясына белгілі тұлғалардың шығармашылығының, мұрасының зерттеліп жатқандығын білеміз. Қазақ әдебиетіндегі поэзия жанрының қарыштап дамып, өсуіне үлес қосқан Ж. Әбдірашев поэзиясын терең зерттеп, жүйелеп, шығармашылық еңбегін ғылыми негізде жүйелеу. Ақын өлеңдерін жан ˗ жақты талдау. Қазақ поэзиясының көркемдік деңгейін танып, бағалауда ақындардың поэтикалық әлемін сөз ету өте қажет.
Диплом жұмысының зерттеу әдісі. Тақырыпты зерттеуде салыстырмалы талдау, жүйелеу, жинақтау, тұжырым жасау әдіс˗тәсілдері қолданылды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 41
Тірек сөздер: поэзия, поэзия тілі, көркемдеу құралдары.
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Поэзия ˗ әдебиеттің ертеде қалыптасқан көне саласы. Ол ˗ ежелден зерттеушілердің назарын өзіне аударып келген әдебиет жанрының бір түрі. Сондықтан болар, поэзия туралы зерттеулер әлі толастаған емес. Қазақ өлеңінің тарихы қызық та ұзақ, әрі терең. Оны ойласаң, көз алдыңа қазақ даласындай кең жайылып жатқан өлең жыр дариясы елестейді. Суы мол, нәрлі бұлақтан бастау алған оған үлкенді кішілі өлеңдер қосылып, арнасын үлкейтіп, кең айдынға ұластырады. Асау тау өзендерінің толқыны іспетті күш халық жанының тереңінен нәр алған сол өлең- жыр дариясына өлмес, өмірдің күшін дарытып, буырқанта, бусанта көрсетеді. Осы жыр дарияны толтырған қазақтың халық поэзиясы мен ақын жырауларының есімі бүгін де әлемге аян. Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шортанбай, Абай барлығы да өз алдына бір жыр-дария.
Кез˗келген ақынның суреткерлік шеберлігін, тілін зерттеу түптеп келгенде сол ақынның өз дәуірінде дарабоз дүлдүл ақын болғанын мойындау. Халқымыз ықылым заманнан бері ақындық қасиетке бай келіп, ақындарға кенде болмаған. Тіпті, сонау түркі дәуірінде тасқа таңбаланып, қалдырылған жазбалардың өзі поэзия үлгісінде жазылуы да көп нәрсені аңғартса керек. Ал, біздің тоқталып отырған ақынымыз Ж. Әбдірашев ˗ болмысы мен ақындық мінезі өзгелерден дара, поэзиясы тарихта мәңгі қалар тереңдігімен, философиялық ойларға бай данышпандығымен, өткір тілі, ой ұшқырлығымен, нәзік те қуатты лирикасымен тамсандырып, бас игізеді. Саналы ғұмырын поэзия көгінде қалықтауға арнаған ақын Қазақстан Жазушылар Одағының Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлығының лауреаты, Юнесконың Алтын жұлдыз иегері.
Қазақта ақындар көп, жақсы ақындарға да жарлы емес. Бірақ Жарасқан Әбдірашев ең бір шынайы, жарық сәулелі, жұлдызды ақын. Ол рухани алтын кезеңіміз ˗ алпысыншы жылдардың екінші жартысында әдебиет табалдырығын батыл аттап, көп ұзамай˗ақ поэзияда өзіндік орнын қалыптастырды. Жарасқан поэзиясының өн бойы бірде күйдіріп, бірде тоңдырған сапырылысқан сезімдерге, ешкімнің алдында бас игізіп, тізе бүкпеген қуатты рухқа толы болса, туған елі мен жеріне деген ыстық ықыласымен нәзік лирикаға, қағытпа қалжыңымен өткір юмор, сатираға да толы. Қазақ поэзиясына жаңалық болып келген ақынның эпиграммалары да көптің көңілінен шыққан тың туынды болды.
Жұмыстың өзектілігі. Қазақ әдебиеті ғылымында ақындар шығармашылығы, не болмаса әдеби мұрасы кейінгі кезде жан˗жақты қарастырылып жүр. Әсіресе, қазақ әдебиетіне, поэзиясына белгілі тұлғалардың шығармашылығының, мұрасының зерттеліп жатқандығын білеміз. Қазақ әдебиетіндегі поэзия жанрының қарыштап дамып, өсуіне үлес қосқан Ж. Әбдірашев поэзиясын терең зерттеп, шығармашылық еңбегін ғылыми незізде жүйелеу. Ақын өлеңдерін жан ˗ жақты талдау.
Бітіру жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмыстың басты мақсаты ˗ белгілі қазақ ақыны Жарасқан Әбдірашевтің поэзиясын жан жақты талдау арқылы көпшілікке таныту. Ақын поэзиясының тілін, көркемдік ерекшелігін, көткерген тақырыптарының өзектілігін айқындау мақсат етіледі. Осы мақсатқа жету жолында төмендегідей міндеттер көзделді:
- Ақынның өлеңдерін тақырыптық ˗идеялық ерекшелігіне қарай талдау;
- Ақынның өзіндік ерекшелігін, стилін өлеңдерін талдау барысында бағалау;
- Ж. Әбдірашевтің ақындық шеберлігін жан ˗ жақты ашу;
- Өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктерін әдебиет теориясы тұрғысынан қарастыру;
- Құбылту, айқындау, ажарлаудың ақын өлеңдеріндегі қолданыстарын айқындау.
Зерттеудің дереккөздері. Диплом жұмысын жазу барысында негізгі теориялық әдебиеттерден басқа Ж. Әбдірашевтің шығармалар жинағы, ақын шығармашылығына, поэзияға қатысты зерттеулер, монографиялар және әр кезеңде әртүрлі баспасөз беттерінде ақын өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған мақалалар, естеліктер қарастырылды.
Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеудің теориялық ˗ әдіснамалық негіздеріне ұлттық әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдерінің А. Байтұрсынов, Қ. Жұмалиев, З. Қабдолов, Б. Майтанов, Қ. Мырзалиев т. б. зерттеу еңбектері тақырыпты зерттеудің көзіне айналды.
Зерттеудің әдістері. Тақырыпты зерттеуде салыстырмалы талдау, жүйелеу, жинақтау, тұжырым жасау әдіс ˗ тәсілдері қолданылды.
Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І. Ж. ӘБДІРАШЕВ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ˗ ИДЕЯЛЫҚ МАЗМҰНЫ
- Ж. ӘБДІРАШЕВТІҢ АҚЫНДЫҚ ТҰҒЫРНАМАСЫ
Поэзия ˗ қасиетті де киелі сөз. Поэзияны үлкен құлып десек, оны ашатын кілт ˗ ақын жүрегі. Орыстың ұлы сыншысы В. Г. Белинский поэзияға мынадай анықтама береді: «Поэзия ˗ сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы. Поэзия ˗ көрікті қыздың жүзіндей ұялшақ, албырт қызғылт, теңіздей, көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі. Әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, күміс үнінің гармониясы, сиқырлы сөзінің музыкасы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры . . . » [1, 126 б. ] . Поэзия ˗ көрікті, айшықты сөзбен бейнеленетін сөз өнері. Поэзия тілі жайлы ғалым Ә Қоңыратбаев былай дейді: «Ақындық шеберлікке тікелей қатысы бар мәселенің бірі ˗ поэзия тілі. Тіл ˗ көркем әдебиеттің басты бір элементі, образдаудың ең негізгі құралы екені белгілі. Образдаудың троптық, тілдік, синтаксистік˗фигуралық және типтік˗характерлік түрі бар десек, осының екеуін де тілсіз жасауға болмайды. Ал, поэтикаға келгенде, тіл музыкамен қанаттасып, адам жанын меңгертетін күштердің ең сиқырлысы болып табылады. » [2, 117 б. ] .
Әрбір ақынның өзіндік қолтаңбасы, өзінің көркем әлемі бар. Сол көркемдік ақынды шынайылыққа жетелейді. Шын ақын жырларының ғұмыры мәңгілік болады. Жетпісінші жылдары қазақтың қара өлеңіне қосылған арнайы шоғыр, соғыстан соң туғандар әдебиетімізде әдеби ерекшелігімен, келісті көркемдігімен дараланды. Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Иранбек Оразбаев, Темірхан Медетбек, Тынышбай Рахимов сынды жыр дүлдүлдері поэзия патшалығына атойлап келді. Бұл буынның арасында қазақ өлеңінде өзіндік орны бар, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақындарымыздың бірі ˗ Жарасқан Әбдірашев болатын.
Ақынның шығармашылық жолына назар салғанда, әрине, ең әуелі Жарасқан ақынның ерекшелігі, даралығы неде деген ой келеді. Ақын қаламынан туған шығармалар әр жылдары «Найзағайлы жаз» (1971), «Дала сенің ұлыңмын» (1975), «Көңіл көкпары», «Перзент парызы» (1980), «Соғыстан соң туғандар»(1993), «Сана соқпағы »(1998ж. Таңдамалы) т. б. жинақтарына топтастырылған. Соңғы оқырман қолына тигені - «Құлпытас» жыр жинағы. Ақын шығармаларының тақырыбы әр алуан. Әр жылдары жарық көрген жыр жинақтарының мазмұнына үңілгенде ең әуелі туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті, сол елі мен жері басынан кешірген тарихи-әлеуметтік шындықты, адамгершілік асқақ мұраттарды, махаббат пен жастықты, перзенттік борыш пен парызды бөлекше нақыш, көркемдік айшықпен бейнелегенін көруге болады. Ж. Әбдірашев туралы әдебиет зерттеушілері мен сыншылары тарапынан пікірлер айтылып келеді. Әдебиетші ғалым Бақытжан Майтанов «Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына қарай еркіндей басып, еркелей келген дарынды жас Жарасқан Әбдірашев болатын», дей келе ақын поэзиясының көркемдігі мен тілі, шеберлігі туралы ой қозғайды. [3, 6 б. ] . Жарасқан ақынның басқаларға ұқсамайтын бөлек бітімін «Көңіл көкпары» жинағының кіріспесінен көруге болады:
«Кіріспе» демей
Кірісу қойдым жыр атын.
Кірісу менің-
Міндетім,
Хақым,
Мұратым!
Өмірде мынау бәріне,
Бәрі,
Бәріне
Кірісу керек
Кірісу керек шын ақын! [3, 21б. ] .
Осы қолтаңбадан-ақ Жарасқан ақынның өзгеге ұқсамайтын даралығы көрінеді. Бұл даралық үзік- үзік бой көрсетіп қалып қоймайды, бүкіл шығармашылығының өн бойында өзгеше мәнер, тың өрнекпен жүйеленіп отырады. Ақынның әрбір өлеңінен бір ерекшелікті һәм ақындық тұлғасын көруге болады.
Ж. Әбдірашевтің ақындық тұғырнамасы − өмірдегі қым−қиғаш тартыс, өмір өткіншілігін аңғарту, сөйте тұра ақын оны «Ақ бұлақтар» өлеңінде былайша толғайды:
Ақ бұлақтар!
Алқынған ақ бұлақтар!
Қазір− көктем,
Алдың − жаз,
Шапқылап қал! [3, 24 б. ] .
Аласұрған өмір қозғалысы өмір ағынының бейнесі тәріздес. Ақын көңілі бұлақ пен адам өмірін үндестіре, жымдастыра бейнелейді. «Ақ бұлақтар» өлеңі Жарасқан ақынның поэзиядағы қолтаңбасы болып қалды.
. . . Көкжиектен күн аунап барады әні,
Қызарғаны− қоштасып қарағаны . . .
Күз де келер, кем −кемдеп тартыларсың,
Қыс та келер, біржола сарқыларсың . . . [3, 24 б. ]
Ақын тіршілік қызығына тоймайды. Біз «білетін» өзі кеткенмен атының, рухының, сөзі мен пікірінің, қалғанын қалау әр пенденің арманы. Бұлаққа қаратыла айтылған сөз ақынның өзіне айтылар ойы. Жыл мезгілдері, олардың тұрақсыздығы адам өмірінің әр кезеңі, олардың өткіншілігі туралы толғанысты жеткізуге негіз болып тұр. Табиғаттағы жалпы құбылыстан жалқы құбылысты назарына іліктірген ақын тұжырым жасауға ұмтылады. Тынымсыз шапқылаған бұлақ- тынымсыз өмірдің бейнесі болып өлеңге көшкен. Тынымсыз тіршілік деп жүріп уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалатын пенденің ғұмырын суреттеген десек қателеспейміз. Өлеңнің өн- бойынан өршіл рух, алып- ұшқан көңіл аңғарылады. Жарасқан поэзиясына тән асқақ пафос, риясыз шыншылдық екі көркемдік әдістің- реализм мен романтизмнің тоғысуының бір көрінісі. Ақын осы өлеңдері арқылы оқырманына ескерту жасайтындай көрінеді. .
«Әбдіраштың Жарасқаны − қазақ поэзиясында сирек кездесетін құбылыстардың бірі еді. Жарасқан поэзиядағы нағыз хас шебер еді. Оның өлеңдерінен селкеу тұрған бір сөйлемді, бос тұрған бір сөзді таба алмайсыз», − деп жазады ақын Т. Медетбеков [4, 4б. ] . Жарасқан ақынды осындай қазақ поэзиясындағы құбылыс ретінде танытқан оның жырлары. Ақын жырларының әрбір жолын шебер қиюласқан, берік сөздер тізбегінен, бөлшектеуге келмейтін тұтас шешендік толғамдардан тұратынына өлеңдерін оқи отырып көз жеткізуге болады. Ақын тақырыптарының жырлары әр алуан. Десе де, сол тақырыптар арасында ерекше орын алатыны халық тарихы деуге болады. Халқымыздың «сүттің бетіндегі қаймақтай» болған елім деп егілген ерлердің рухына арнаған өлеңдері ақынның құнды қазынасы. Жарасқан Әбдірашевтың соңғы мұрасы - «Құлпытас немесе екі дүние: фәниден бақиға дейін. . » атты жыр кітабы. «Бұл кітап˗ Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Шоқай, М. Жұмабаев, т. б арыстарға жырдан қойылған құлпытас», - дейді ақын Т. Медетбек [4, 5б. ] . Ұлттық поэзиямызға жаңалық болып қосылған бұл жинақтағы эпитафиялық өлеңдер Жарасқан ақынның қаламына тән рух асқақтығын барынша айқын танытты. Қайсарлық пен табандылық, тәкаппарлық пен ірілік, асқақ пафос, шешендік толғаныс- осының бәрі бірігіп келіп ақынның романтикасын нақтылай түсті. Кітап кіріспесінде ақындық ұстаным, айтылар идея айқындалған.
Үнсіз, тілсіз тас қой!- деме
«Құлпытас»
Үлкен- кіші құлпытастар астында
Тірлік жатыр!
Тағдыр жатыр!
Тарих жатыр біртұтас!
Құлпытасқа тікпе назар тым сұлық!
Үлкен- кіші құлпытастар астында
Өмір жатыр!
Көңіл жатыр
Әлем жатыр тұншығып!
Әруақтарға оқы дұға ырымдап . . .
Үлкен- кіші құлпытастар астында
Төзім жатыр!
Сезім жатыр!
Шындық жатыр шырылдап! [4, 9-10б. ] . Келтірілген өлең жолдарынан ақынның өзіне ғана тән асқақ үн, поэтикалық өр екпін танылады. Әрбір тариха тұлғаның халық азаттығы үшін қасірет шеккені жалаң, сырдаң айтылмай, астары терең айшықты сөз тіркестерімен берілген. Сондай˗ақ адамзаттың өмір сүру заңдылығына тән тағдыр, тарих, өмір мен көңіл, төзім сезім, шындық сияқты ұғымдар сол жырланып отырған тұлғалардың болмысына сіңіріледі. Романтикаға тән «ерекше жағдайда ерекше характер жасау» принципі Ж. Әбдірашевтің «Құлпытас» жыр жинағынан барынша көзге ұрады. Жыр өзегіне алынған өмір шындығы негізінде ақындық қиял әрлендірген ерекше болмыс туындайды. Бұлай болуының себебі - өткенге, ел үшін құрбан болған арыстарға ерекше құрмет.
Қақ төрінен орын алар тарихтың,
Есімдерін ерендер мен алыптың
Жазбау керек қағазға да, басқаға,
Жазбау керек тіпті қара тасқа да,
Жазу керек жүрегіне халықтың![4, 12 б. ] . Ақын айтар сөз осы сияқты тұтастай толғауға айналып, тарихи тұлғаны асқақатата көтереді. Оның халық өміріндегі орнын баяндап жатпай сыры терең, салмақты сөздермен толғайды. Әр арысқа арнаған өлең жолдарында сол тұлғаның тұтас бітімі ап- анық сомдалып шығады. Мысалдар келтірелік:
Атын Алаш ардақтап атайды анық,
Қорықпасаң әруақтан өт айналып,
Батырдың да бас иер әулиесі,
Ақынның да бас иер әулиесі,
Пақырдың да бас иер әулиесі
Жатыр мұнда Әлихан Бөкейханов! [4, 13 б. ] . Алаштың ардақтысы Ә. Бөкейхановқа осындай сипаттама берілсе, Мұстафа Шоқай туралы айтылар поэтикалық толғам төмендегідей:
Табынып Тәңірідей текті ісіне,
Құлдықтың қарсы шыққан тепкісіне!
Түбі бір түркі жұртын ұйытқалы
Ұранын еркіндіктің етті сүре!
Күрестің қайтпас, қайсар күшті атасы,
Қасірет, қатып қалған ішке тасы!
Кетердей көрден де осы атып тұрып,
Шоқайдың шермендесі- Мұстафасы!
Біздерге болды деген «не қайыры»,
Алынды ата жаудан ат-айыбы!
Қазақтың жатыр мұнда батыр тұлға
Қайраткер Мұстафасы- Шоқайұлы! [4, 14 б. ] .
Құлпытас туралы жырлардағы өлеңдер әр қайраткердің өзіне тән мінезі мен болмысын таныта отырып, оларды көркемдік- эстетикалық тұрғыда бөлекше сомдайды, поэтикалық кескін-келбетін жан әлемімен бірлікте ашады.
Мұхаметжан Тынышбаевты
Демеймін: «Пайғамбарсың!», «Тәңірісің!»
Ел өзі танығанды таныры - шын!. .
Қазақтың текті қаны тулап тұрған
Тарихтың сен бір - Күре тамырысың! [4, 20 б. ], - деп жырласа Ахмет Байтұрсынов туралы
Қаратқан аузына аталы ұлтты,
Қастерлеп қатары да бата алыпты.
Алланың бұл да болса рахметі,
Болғанмен Байтұрсынның Ахметі,
«Ақаңы алты алаштың» атаныпты!
Қастерлеп қатары да бата алыпты! [4, 20 б. ], дейді.
Сол сияқты С. Сейфуллин, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, І. Жансүгіров, Б. Майлин сынды ұлт арыстарының көркемдік портретін сомдап шығарған. Дүниеден көшкен ғалым, ақын, жазушыларға арналған эпитафиялық өлеңдері тұтас бір жүйе құрап, ақын стилін жаңа бір қырынан танытқан. Жарасқан лирикасына тән қайсарлық пен күрескерлік, өршілдік бұл жүйедегі өлеңдерінде барынша айқын көрініп, мұң мен сағыныштың өзі романтикалық түрде өрнектелген. Отыз жасында бақилық болған талантты ақын Т. Айбергеновке жазылған өлеңінде өршілдік пен сыршылдық қабат өріліп, ақындық сезім алдыңғы орынға шыққан. Төлеген тағдырын өлеңмен өзектестіріп,
Аққусың - тағдыр мергеннің
Оғына ерте жолыққан [4, 35б. ]
делінген бейнелі жолдармен ақын өмірінің тым қысқа болғанына наласын білдірсе, оның ақындық ғұмырының мәңгіліктігін
Жарасын таңып нұрменен,
Алдында көштің, қара, әні,
Сыңарың болған сырлы өлең
Сұңқылдап ұшып барады [4, 35б. ]
деген, шешендік толғаммен, элегиялық түрдегі бейнелі жолдармен өрнектейді. Шешендік толғау түрінде келетін Жарасқан өлеңдерінің мазмұнында сезім бұлқынысы қанатты қағидаға айналарлық сөздермен танылады. Ақынның жан тебіренісі өзімен замандас қаламгер Кеңшілік Мырзабековке арнаған өлеңдерінде жаңаша түрмен өрнектеліп, мұң шағу, сыр айту түрінде көрініс тапқан. Мұндай өлеңдерінің өзінде күйректік, сары уайымға салыну жоқ. Жалпы Жарасқан поэзиясының басты ерекшелігі дегенде, айтылар оптимистік сарын «Құлпытас» жинағында барынша шырқау биікке көтерілген деуге болады. Налудың өзін өрлікпен мойындау
Ақынның орны-
Білесің,
Бұ дүниеде- тозақта,
О дүниеде- жұмақта! [4, 37 б. ] ˗
немесе
Мен˗дағы оңып жүрген жоқпын,
Ұлықтар құлата алмай жұр!
Ішіндемін ит болып үрген көптің.
Ал, сенің жаныңда˗
Жұмақта˗
Мұқағали мен Сағат жүр,
Мұрат пен Жұматайлар жүр! [4, 37 б] . ˗
деген жолдардан анық аңғарылады. Кеңшілікке арналған топтама ақын жетістігінің бірі деуге болады. Ақынның әр жылдары жарыққа шыққан жыр жинақтарына назар салғанда, үздіксіз ізденісті, көтеріңкі пафоспен өрілген шешендік үлгідегі поэтикалық сөз тіркестерін молынан ұшыратамыз. Жарасқан поэзиясындағы асқақ пафосты Қ. Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасымен, «Орамал», т. б көңіл күй ауанын арқау еткен өлеңдерімен үндес келеді деуге болады. Ақынның 1975 жылы «Дала, сенің ұлыңмын» деген атпен жарияланған кітабына ақын дала туралы перзенттік сүйіспеншілікке толы өлеңдер топтамасын енгізген, «Туған дала» деп басталатын бұл туындыларында ақын қазақ даласының поэтикалық портретін жасайды. Ақын дала дегенде, ең алдымен, туған халқын, оның жомарт мінезі мен батырлығын, әр алуан психологиясын ұғынады. Туған жер, халқы мен ана тіліне деген шынайы, мөлдір көңілді ақын осы кітабында сыры мен сезімін әдемі өрнектеген.
Туған дала,
талайлардың от қанын
лапылдатты тентек күйің,
текті әнің. Сөз сөйлесем -
Сенсің биік тұғырым!. .
Сенсің менің абыройым,
мақтаным!. .
Туған дала,
көп үніңнің бірі едім,
өмірімнің,
көңілімнің нұры едің . . .
Өзің жайлы өлеңімді бірақ та
әлі күнге оқи алмай жүр елім. [3, 62 б. ] .
дейтін тармақтарында ақын даланы мақтан тұта отырып, өзін оның бір бөлшегі, ажырамас үні екенін білдіреді.
Ақынның адал да шынай көңілінен туған жыр жолдары туған жері, туған елі алдындағы өкініші мен уәдесі арқылы көрініс беріп тұрады:
Туған дала,
тұрдым ˗ ау бүгін де атып!. .
Кешір!
Түсін!
Кінә жоқ ұлыңда түк!. .
Қалай ғана шыдаймын -
көз алдымда
жатса біреу Шындықты шырылдатып?! [3, 74 б. ] .
Ақынның осы туған дала тынысымен бірге тербеліп, өрелі толғамдары «ұлттық сана ұлағатын шешендік үрдіспен» ширата бейнелейді:
Шығармайын дыбысыңды,
дымыңды˗
десе де кім,
өшіре алмайды үніңді.
Сені мылқау ету үшін әуелі
Кесу керек мына менің тілімді!
Өжет қазақ, өр қазақ, өз тілінде сөйлесін!. . [3, 101 б. ]
деп ақын заман наразылығына қарсы рухтана, жігерлене сөйлеген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz