Өлкетану сабақтарына Берел ескерткіштерін енгізу


ДИПЛОМ (БІТІРУ) ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: Алтайдың тоң басқан қорғандарының зерттелу мәселелері (Ресей және Қазақстанның археологиялық ескерткіштері негізінде)
Мазмұны:
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Б. з. б. бірінші мыңжылдықта Моңғолиядан Дунайға дейін көсіліп жатқан еуразия далаларының ұлы белдеулерінде тірлік кешкен халықтардың өмірінде түбегейлі бетбұрыс болды. Жылқыны қолға үйрету, оны мініске пайдалану, жылқы шаруашылығын дамыту, көшпелі тұрмысқа өту, қола еңбек құралдары мен қару-жарақтарды біртіндеп темірге ауыстырулардың бәрі қоғамдық, экономикалық және саяси салаға түгелдей түбірлі өзгерістер ала келді. Осыған орай рухани мәдениетте, әлеуметтік психологияда, идеология мен құндылықтар жүйесінде тұтасымен тың жаңғыртулар туды.
Төңірегін мәңгілік қар басқан таулар қоршаған ұлы далада ғылымда “скиф-сібір әлемі” деп аталатын бүтін бір тарихи-мәдени қауымды құрған көшпелілердің сансыз зират-обалары, таңбалы тастары, қоныс-тұрақтары, киелі орындары мен ғибадатханалары көп. Антикалық және көне шығыстық мемлекеттермен шектесетін аймақта көшіп жүрген, еуразия даласының халықтары хақында жазба деректерде көптеген мәліметтер ұшырасады.
Тарихтың атасы саналатын Геродот Еділ мен Жайықтың арасын савроматтар мекендегенін жазған. Ал Қазақстан және Орталық Азия жерін сол кезде исседондар, “Алтын қорыған самұрықтар”, аргиппейлер, аримаспылар, сақтар, сарматтар, массагеттер, дахтар т. б. ірі көшпелі тайпалар бірлестігі мекен етті. Оңтүстік Сібірден, Моңғолиядан, Шығыс Түркістаннан осы сақ, скиф, саврамат тектес көшпелі тайпалардан қалған ескерткіштер көптеп табылып отыр.
Б. з. б. І мыңжылдықта Еуразияның далалық аймағын жайлаған көптеген көшпенді халықтар - скифтер, сақтар, масагеттер, савроматтар және т. б. көптеген тілі мен атауы бізге беймәлім тайпалар мен халықтар өмір сүрген. Олар бізге грек, рим, парсы, қытай авторларының мәліметі бойынша белгілі болған. Шөбі шүйгін ғаламат кеңістік - тамаша жайылымдық жер, ал тегіс те жайлы рельеф адамдардың қозғалыс қонысына еш кедергі келтірмеді. Осындай табиғат жағдайына қарай мұнда шаруашылықтың ерекше түрі - көшпенді малшылық қалыптасып дамыды. Көшпенділіктің қозғаласы, көші-қон маршруты мен сипаты туралы ғалымдарда әлі талас пікірлер бар, бірақ көшпенді өмірдің мобильділігін ешкім жоққа шығармайды. Осындай көшпенді мәдениеттер Шығыс еуропаның далалық және орманды даласын, Предкавказье, Оңтүстік орал, Арал маңы, бүкіл Қазақстан, Памир, Тянь-Шань мен Саян-Алтайдың кейбір аудандарын, Тува мен Оңтүстік Сібірдің басқа облыстарын алып жатыр. Олардың қауымын скиф түріндегі мәдениет қауымдастығы немесе скиф-сібір дүниесі деп атайды. Ұлы Еуразия даласы өзара тек түрлі көшпелі халықтарды ғана емес сонымен қатар екі дүниені - көшпелілер дүниесі мен отырықшылық өмір салтындағы адамдар дүниесін де байланыстырып өтті. Картаға көз тастасақ далалық аймақтың оңтүстігінде ежелгі егіншілік өркениеттілердің иеліктері орналысқан - батысында Закавказье мен Алдыңғы Азия, шығысында Қытай. Ежелгі Грекиямен де - Қара теңіз жағасындағы грек колониялары арқылы байланысып жатты.
Қазақ Алтайы еліміздегі ең бір қызық та, ерекше аймақтардың бірі. Ол бізге өзінің сарқылмас табиғи байлықтарымен ғана емес, сонымен қатар керемет тарихи-мәдени ескерткіштерімен де белгілі.
Алтайдағы ерте көшпелілер дәуірінің ескерткіштері - тарихтың осы кесіндісін зерттеудегі ең мәнді археологиялық дерек көзі болып саналады. Бұл ескерткіштердің ішінде ақпарат беру жағынан құндысы басқа жағдайларда сақталуы мүмкін емес органикалық заттары алғашқы қалпында сақталған тоң басқан қорғандар. Тоң басқан ескерткіштерді зерттеу археология бөлімінен де басқа гуманитарлық ғылым салаларын қатыстырып, Орта Азия ежелгі көшпелілерінің мәдени мұраларын қалпына келтіру мәселелерін шешуде өз нәтижелерін беруде.
Алтайдағы ерте көшпенділердің қорғандарында бейнелеу өнерінің ең жоғарғы деңгейінде орындалған скиф-сібір аң стилінде жасалған артефактардың мол қоры сақталған. Терең өнертанымдық талдау жасауға болатындай материалдар жинақталған. Біздің елімізде Алтай ескерткіштерін зерттеу бастапқы деңгейде қолға алынғандықтан диплом жұмысына Ресей аумағына жататын Алтай ескерткіштері салыстырмалы түрде пайдалануға алынды.
Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Берел ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан Бұқтарма өзенінің оң жақ жағалауындағы Берел жазығындағы ежелгі көшпелілерді зерттеу ХІХ ғасырдың екінші жартысында В. В. Радловтың қазба жұмыстарынан бастау алады. Алғашқы археологиялық жұмыстар мұнда 1865 ж. “үлкен Берел қорғаны” аталған № 1-ші нысанды зерттеуден басталған. Үлкен Берел қорғаны зерттелген 1865 жылы В. В. Радлов Ресей Федерациясы Алтай Республикасындағы Усть-Коксинский ауданында Катанды ауылының маңынан да қорған қазды. Орта Азия аумағындағы ерте көшпелілер ескерткіштерін зерттеуде ең алғаш тарихта дәл осы Берел және Катанды қорғандарында қабір асты мұз қабаты табылды деп тіркелді.
Пазырық мәдениетіне жататын ескерткіштердің саны көп болғанымен (бізге мәлімі зерттелген нысандар саны 120-дан астам), олардың арасында тоң қабаты бар қорғандар 6% ғана.
Сонымен, 141 жыл бойы зерттеліп келе жатқан Алтай аумағындағы тоң басқан қорғандарды зерттеу барысында жоғарғы өнер санатына жататын ескерткіштерден табылған археологиялық артефактарға талдау жасай отырып, ежелгі көшпелілердің мәдениетінде, салт-санасында, өнерінде қайталанбас орны бар құндылықтарға көз жеткізуге мүмкіндік туып отыр.
Диплом жұмысының мақсаты - Қазақстан және Ресей аумағындағы Алтайдың тоң басқан қорғандарын зерттеу барысында археологиялық қазбалардан табылған заттарды негізге ала отырып, ежелгі Алтайлықтардың соның ішінде Берелдіктердің мифологиясын, дүниетанымын, мәдениетін болашақ ұрпаққа жеткізуді жүзеге асыру.
Міндеттері:
- қазіргі таңда төрт мемлекеттің (Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия) шекарасына тән Алтайдың біртұтас аумаққа жататынын айқындау;
- теңіз деңгейінен 1500 м биікте орналасқан аудандарда табиғи, одан төменгі тау деңгейлерінде жасанды тоң қалыптастырудың б. д. б. VI-III ғғ. орын алғандығын зерделеу;
- тоң қабатының салдарынан бүгінгі күнге сол қалпында жеткен археологиялық артефактардың зертханалық болжауларынан ежелгі көшпелілердің салт-санасын, мәдениетін, тұрмыс деңгейін ашып көрсету;
- мектепте Алтайдың тоң басқан қорғандарын оқытудың мәселелері мен мүмкіндіктерін қарастыру;
- Алтайдың тоң басқан қорғандарының тарихын мектепте оқыту әдіс-амалдарын жинақтап, жүйелеу.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы. Алтай аймағын зерттеу көптеген ғалымдардың аттарымен байланысты. Алтайдың көне ескерткіштері жайлы алғашқы қысқаша мәліметтер XVIII ғ. саяхатшылары мен ғалымдарының жазбаларынан-ақ белгілі бола бастаған. 1716 ж. оралдық зауыт салушысы Демидов сол уақыттардағы орыстардың Алтайдың бай қорғандарынан қазып алған түрлі алтын әшекей заттардың бір бөлігін қолына түсіріп, оны бірден дұрыс бағалап және өзінің кунскамерасына осыған ұқсас заттарды сатып алу туралы жарлық шығарған Петр-І-ге сыйға тартқан. Келесі жылы Сібір губернаторы М. П. Гагарин Петр-І-ге осы типтес заттардың екі партиясын жіберді. Міне, сөйтіп, Сібірдің ерте көшпенділері өнерінің жарқын бейнесі, Ресейдегі ең бірінші археологиялық коллекция - Петр-І-дің Сібір коллекциясы жиналған болатын [1] .
ХІХ ғасырдың әуесқой коллекционері П. К. Фролов әртүрлі көне мұрағаттардың үлкен бөлігін жинаған. Олар Санкт-Петербургтегі Эрмитажда және Мәскеудің тарих мұражайында сақтаулы. Саяхатшылыр Страленберг, Миллер, Гмелин, Паллас және Фалька бұл жерде қорғандардың көп екенін, бірақ олардың бұрыннан бері тоналып кеткенін айтады. Бұл еңбектерде көне тау-кен орындары мен жартас суреттері жайлы да мәліметтерді кездестіруге болады [2] .
Алтай жерінде алғашқы қазба жұмыстарын жүргізген 1734 ж. Г. Ф. Миллер және ботаник Сиверсон, ХІХ-ғасырдың 60-жылдарында В. В. Радлов Қазақ Алтайында алғашқы ғылыми экспедициямен екі үлкен қорғанда ауқымды қазбалар жүргізген. Оның бірі Бұқтырма өзенінің бойы, Берел жазығындағы және Қатон өзенінің бойында Қотанда ауылының маңындағы бұл қорғандар б. з. б. көшпенді ру басыларының бай зираттары еді [3, 8 б. ] .
1911 ж. А. В. Адрианов Шығыс Қазақстан облысы Майемер жазығында, Нарын өзені бойындағы көне көшпенділер дәуірінің бірнеше қорғандарын қазды. Сонымен қатар Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысындағы Черновая ауылы маңында да қазба жұмыстарын жүргізді [4, 10 б. ] .
Кеңес үкіметі кезінде ғылым алдында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін үлкен мүмкіндіктер ашылып, Алтай жеріндегі ерте көшпенділер дәуірінің қорғандары жүйелі түрде зерттеле бастады. Экспедиция ұйымдастырушысы және жетекшісі С. И. Руденко бастаған Мемлекеттік этнография мұражайының Алтай экспедициясы атқарған жұмыстар орасан зор болды.
1924-29 жж. Обь пен Бий өзендерінің жағасындағы Пазырық жән Шибе кезеңдерінің қорғандары мен отырықшы қоныстары қазылды [5] .
1925 ж. С. И. Руденко Қатон өзенінің Қотандыға құяр тұсындағы тас қорымдарда жұмыс істеді [6, 555 б] .
1927 ж. М. П. Грязнов Шибе жерінде үлкен тасты қорғанда қазады.
1929 ж. Пазырық І қорғанын зерттеген С. И. Руденко, М. П. Грязновпен қатар В. С. Адрианов Аргола өзенінің бойында үш қорған қазды [7, 90 б. ] .
1934-37 жж. Таулы Алтайдың әр аудандарында С. В. Киселев пен А. А. Евтюхова;
1924-34 жж. Алтайдың солтүстік беткейі мен жоғарғы Обь өзенінің бойында С. М. Сергеев;
1935 ж. Осы Таулы Алтай облысы, Қосағаш ауданы, Қурай ауылы маңында мемлекеттік тарих мұражайының Саян-Алтай экспедициясы;
1936 ж. Қатон өзеніндегі Усть-Куюлда Г. П. Сосновский;
1937 ж. Урсула өзені бойындағы Тұяқты ауылында С. В. Киселев;
1935-37 жж. А. П. Марков, А. Т. Кузнецов т. б. Майемер, Пазырық, Шибе кезеңдерінің көшпенділері мен отырықшы тұрғындарының мола-қорғандары мен қоныстарында ауқымды қазбалар жүргізді [8, 11 б. ] .
1935 ж. С. С. Черников басшылық еткен КСРО ҒА ЛАИИМК-ның шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы мен Қазақ КСР-ның ҒА ТАЭИ экспедициялары Калбин және Нарын тау жоталарында археологиялық барлау жұмыстары мен көне қалайы, алтын, мыс кен орындарында зерттеу жұмыстары жүргізілді.
1949 ж. Шілікті даласында археологиялық барлау жұмыстарымен қоса ерте көшпенділер дәуіріне жататын үлкен қорғандардың жетіншісінде қазба жұмыстары жүрді [3, 147 б. ] .
1947-57 ж. Эрмитаж жән КСРО ҒА-ның заттай мәдениет тарихы институтының экспедициялары таулы Алтайда (Пазырық ІІ-V) және Орталық Алтайда (Башадар, Тұяқты) ғылымда әлемдік мәні бар қазбалар жүргізді [4, 285 б. ] .
1950 ж. Шығыс Қазақстан экпедициясы Ертіс өзенінің оң жақ жағасында, Самара ауданы Қызылту ауылы маңындағы ерте көшпенділер қорғандарында қазба жұмыстарын жүргізді [3, 90 б. ] .
1950, 1954 жж. Башадар мен Туэктада С. И. Руденко тоң басқан қорғандарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді [4, 211 б. ] .
1953-54 жж. Пчела, Түсқайың, Славянка, Юпитер ауылдары маңында, 1956 ж. А. М Оразбаев басқарған Шығыс Қазақстан экспедициясының отряды Құлажорға мен Усть-Букен аылдарының маңында қазба жұмыстарын жүргізді [3, 96 б. ] .
Зерттеушілер Берел қорғандарында қазба жұмыстарын жүргізуге араға ғасыр салып қайта оралады. 1959 жылы С. С. Сорокиннің басшылығымен Мемлекеттік Эрмитаждың оңтүстік Алтай археологиялық экспедициясы құрылады. Бұл экспедицияның ең басты мақсаты көшпелі дәуір өнерінің гүлденуі мен құлдырауын көрсететін материалдар жинау болды. Алғашқы құрылған жылдары экспедиция үлкен Берел қорғанындағы жұмыстарды жалғастыру, сонымен қатар Берел жазығында бірнеше нысандарда қазба жұмыстарын жүргізуді мақсат етті. 1959 ж С. С. Сорокин жетекшілік еткен археологиялық экспедиция үлкен Берел қорғанын соңына дейін зерттеді. 1865 және 1959 жж. Экспедициялар жұмысының нәтижесінде үлкен Берел қорғаны Пазырық қорғандар тобына кіретін мәдениет екені анықталды [9, 207 б. ] .
1960 ж. С. С. Черников басшылық еткен Шығыс Қазақстан экспедициясы мен Шілікті даласындағы V-ші сақтардың патша қорғаны қазылды [3, 103 б. ] .
1985-88 жж. А. М. Оразбаев басшылық еткен ҚазМҰУ-дің Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы барлау және зерттеу жұмыстарын Катон-Қарағай ауданындағы Черновая қорымында жалғастырды [10, 70 б. ] .
Ресей археологы В. Д. Кубаревтің Алтайдағы Пазырық мәдениетінің қатардағы қорғандарды (Ұландырық, Юстыды, Сайлюген) қазу нәтижесі де ғылымда өзінің елеулі орнын алды [11, 301 б. ] .
1990-91 жж. Алтайдың оңтүстігіне орналасқан Укок жазығында Н. В. Полосьмак басқарған археологиялық экспедиция үлкен олжалар мен табысқа жетті [12, 125 б. ] .
1997-99 жж. ҚР БҒМ-нің Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институты, Ресей Федерациясының Мемлекеттік эрмитажы, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, РФ-ның Кемеров Мемлекеттік Университеті және Францияның ғылыми зерттеу ұлттық орталығының бірлескен археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданында Майемер, Берел, Тарасу қорымдарында жаңа археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады [13, 174 б. ] .
Тоң басқан қорғандардың Алтайға көршілес аймақтарда да зерттелгенін атап айтқан жөн. 1960-1962 жж. Тывадағы Саглы-Бажи қорымын зерттеген А. Д. Грач бұл ескертткішті б. д. б. 5-4 ғғ. пазырық мәдениетіне жатқызды [14, 41 б. ] .
2006 жылы Монғолиядағы Ойгор-Гол жазығында Ресей және Германия ғалымдары Олон-Курин-Гол ескерткішінде жанына әшекей бұйымдарымен жерленген 2 жылқының сүйегі бар мумияланған ер адамның қабіріне зерттеулер жүргізді [15, 8 б. ] .
Деректік негізі. Алтай, соның ішінде Қазақ Алтайынан табылған деректік заттар дүниежүзін таң қалдырар жаңалықтар әкелді. Үлкен Берел қорғанынан табылған алғашқы артефактар 1867 ж. археологиялық тексеруден өтіп, қазіргі күні № 54660, № 54746 қор (коллекция) болып Мәскеудегі мемлекеттік тарихи мұражайда сақталуда. І-Петрдің сый қорындағы Алтай қорғандарының заттары қазір Санкт-Перебургтегі мемлекеттік Эрмитажда орын алған. Сондай-ақ, Барнаул, Горно-Алтайск, Новосибирск, Өскемен қалаларындағы мұражайларда тоң басқан қорғандар құндылықтары тіркеліп, экспозицияларын толықтыруда.
1998-2006 жж. Берел қорғандарынан табылған құндылықтар Қ. Алтынбековтың зертханасында өңделіп, қайта қалпына келтіріліп Астана қаласындағы Президенттік мәдени орталыққа, Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылуда.
Диплом жұмысын жазу барысында осы мұражай қорларындағы заттар негізінде жазылған ғылыми еңбектер және Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институтының мұрағат қорындағы қазба жұмыстарының ғылыми есептері пайдаланылды. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Қырым Алтынбековтың зертханасында қайта қалпына келтіру процесінен өткізіліп жатқан археологиялық артефактар қолданылды.
Географиялық ауқымы. Алтай тауларының биіктерін алып жатқан Ресей Федерациясының Укок платосы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Берел жазығы. Қасиетті Алтай мәуелі ақ қайыңдар мен мәңгі жасарып тұратын балқарағай, самырсын, шырша сынды неше мың жылдық орман-тоғайлармен көмкерілген тау сілемдері қоршап жатқан көрікті аңғар. Алтай - орманы нулы, өзені шулы, бұлағы шипалы, ауасы дауалы киелі де құйқалы жерұйық саналады. Бұл аймақ ежелден түркі жұртының атасы саналған сақтардың кіндік отаны, ақ жайлау ата қонысы болғаны да аян. Дарасында мәңгілік ақ қар жамылған асқар шыңдары, ал етегінде ағысы асаудай тулап жататын өзендері бар бұл мекен Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай елдерінің шекараларымен түйіскен.
Алтайдың жануарлар әлемі мен өсімдік әлемі ерекше бай. Тағы аңдардың алуан түрлері: қоңыр аю, қасқыр, түлкі, құну, күдір, бұлғын, құндыз, борсық, елік, марал, тау ешкісі т. б. мекендейді. Өсімдіктер әлемінен дәрілік қасиеті мол емдік шөптер мен хош иісті гүлдердің 1000-нан астам түрі бар. Жергілікті халық табиғаттың сыйы - қара қарақат, қызылқат, бүлдірген, балқарағай, көкбояу, мойыл т. б. жеміс-жидектерді әлі де пайдаланады. Аймақтың қазба байлықтары Д. И. Менделеевтің кестесіндегі барлық элементтерді қамтиды.
Өмір сүруге қолайлы табиғи жағдай ерте тас дәуірінде-ақ адамдарды өзіне тартқан. Алтайда неолит, энеолит дәуірінің тұрақтары, қола дәуірінің жерлеу кешендері, ерте темір дәуірінің жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері, түркі дәуірінің кешендері орын тепкен.
Хронологиялық шегі. Диплом жұмысына арқау болған Алтайдың тоң басқан қорғандары орташа есеппен б. з. б. 5-2 ғасырлар деп саналады. ХІХ-ХХІ ғғ. зерттелген Берелдегі ерте темір дәуірінің ескерткіштері б. з. б. 4-3 ғғ. -мен белгіленетін пазызырық мәдениетіне жатады.
Ғылыми жаңалығы. Диплом жұмысын жазуға арқау болған Алтайдың тоң басқан қорғандары тек археолог мамандардың ғана емес гуманитарлық саладағы биология, антропология, архитектура, этнография, топырақтану ғылымындағы ғалымдардың да зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытты. Сондай-ақ, шекаралық талас тудырған қазіргі таңда Алтай аймағының біртұтас ортаға жататынын дәлелдейді. Зерттеудің нәтижелері Алтайдың жоғарғы санатты, аса мәдениетті, шаруашылығы дамыған сақ дәуірінің көшпелілері гендік тексерулер бойынша осы күнгі алтайлықтар мен берелдіктеге ұқсайтынын айқындайды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Зерттеу методологиясы объективтік, тарихи жүйелілік сияқты ғылыми таным принциптеріне негізделіп, жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан жазылған. Сондықтан, тарихи деректер мен материалдарды ғылыми зерттеуде жинақтау, салыстыру, жүйелеу және талдау сияқты әдістер негізге алынды.
Сонымен қатар, кейінгі кезде қалыптасып келе жатқан тың бағыттағы ғылыми ой - пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарас тұрғысында жазылған еңбектер басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Бітіру жұмысын жазуға Берел қорғанының археологиялық зерттелуі бойынша жарияланған еңбектер мен монографиялар және 2002-2006 жж. өзім қатысқан Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институтының Шығыс Қазақстан археологиялық экспедиция материалдары негіз болды.
Қазақстан тарихы бағдарламасына сай зерттеу нәтижелерін іргелі ғылыми еңбектер мен оқулықтар жазуда, оқу орындарында дәрістер беруде пайдалануға болады.
Сондай-ақ, зерттеуде ұсынылған сабақ жоспарлары мен үлгілерін мектеп бағдарламасына сәйкес Қазақстан тарихы пәні бойынша қолдануға болады деген сенімдеміз.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диплом жұмысының негізгі бөлімдері бойынша 2007 жылдың 22 ақпанында университетімізде өткен «ХХІ ғасыр білімі: мәселелер мен даму жолдары» атты студенттік ғылыми - практикалық конференцияда «Алтайдың тоң басқан обалары» деген тақырыппен ғылыми мақала жасалынды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, 3 бөлімнен, қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде диплом жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, географиялық ауқымы, зерттеудің хронологиялық шегі, ғылыми жаңалығы, методикалық негізі, зерттеу жұмысының практикалық маңызы қарастырылады.
І-тарау үш тармақшадан тұрады. Бұл тарауда ежелгі Алтай сақтарының тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы, мифологиясындағы образдар әлемі кеңінен әңгімеленеді.
ІІ-тарау үш тармақшадан тұрады. Тарауда археологиялық қазба жұмыстары барысында алынған материалдар бойынша Алтайдағы тоң басқан қорғандарға сипаттама беріледі.
ІІІ-тарауда Алтайдың тоң басқан қорғандарының зерттелу мәселелері тақырыбын мектепте оқыту әдістемесі қарастырылады. Сондай-ақ өлкетану сабақтарына Берел ескерткіштерін енгізу ұсынылып, лекция жоспары қарастырылады. Үшінші тарау екі тармақшадан тұрады.
Қосымшаларда ежелгі Алтай сақтарының мәдениетін көрсететін қазба жұмысы барысында табылған заттардың бейнесі графика және фото материалдар негізінде берілген.
І-тарау Ежелгі Алтай сақтарының тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы.
1. 1. Мал шаруашылығы, баспана, үй шаруасы мен қолөнері.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz