Зерттеу нәтижелері ерте темір дәуірінде


Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институты
ӘОЖ 902:398. "03" Қолжазба құқығында
ОҢҒАР АҚАН
Ерте темір дәуіріндегі Қазақ Алтайы мен Жетісу
тұрғындарының жерлеу ғұрпы
07. 00. 06 - археология
Тарих ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
1-ші том
Ғылыми жетекші:
т. ғ. к. З. Самашев
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
МАЗМҰНЫ
- ҚАЗАҚ АЛТАЙЫ МЕН ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ ЕРТЕ ТЕМІР
ДӘУІРІНДЕГІ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ
МӘСЕЛЕЛЕР
- Жерлеу құрылымдары мен жерлеу ғұрпын зерттеу жөніндегі
көзқарастардың қалыптасуы . . .
1. 2 Қазақ Алтайындағы жерлеу-ғұрыптық ескерткіштердің зерттеліну
деңгейі . . .
1. 3 Жетісудағы жерлеу-ғұрыптық ескерткіштердің зерттеліну деңгейі . . .
10
10
25
33
2 ҚАЗАҚ АЛТАЙЫН ЕРТЕ ТЕМІР ДӘУІРІНДЕ
МЕКЕНДЕУШІЛЕРДІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫ . . .
2. 1 Күрті-зевакино кезеңі (б. з. д. 9-8 ғғ. ) . . .
2. 2 Шілікті-майемер кезеңі (б. з. д. 8-5 ғғ. ) . . .
2. 3 Берел кезеңі (б. з. д. 5-3 ғғ. ) . . .
2. 4 Құлажорға кезеңі (б. з. д. 4-1 ғғ. ) . . .
39
39
42
49
57
3 ЕРТЕ ТЕМІР ДӘУІРІНДЕГІ ЖЕТІСУ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ
ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫ . . .
3. 1 Ерте сақ кезеңі (б. з. д. 8-6 ғғ. ) . . .
3. 2 Кейінгі сақ кезеңі (б. з. д. 5-3 ғғ. ) . . .
3. 3 Ерте үйсін кезеңі (б. з. д. 3-1 ғғ. ) . . .
67
67
69
77
- ҚАЗАҚ АЛТАЙЫ МЕН ЖЕТІСУДЫ ҚОНЫСТАНҒАН
ЕЖЕЛГІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖЕРЛЕУ-ҒҰРЫПТЫҚ
РӘСІМДЕРІНІҢ ШЫҒУЫ МЕН ӨРІСТЕУІ . . .
4. 1 Екі өлкенің ежелгі тұрғындарының жерлеу-ғұрыптық
ескерткіштеріндегі кейбір элементтердің шығуы мен таралуы . . .
- Жерлеу ғұрыптары негізінде ежелгі тұрғындардың
діни-мифологиялық дүниетанымдарын қайта жаңғырту . . .
86
86
90
ҚЫСҚАРТУЛАР МЕН БЕЛГІЛЕУЛЕР
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақ Алтайы мен Жетісу өлкелерінің ерте темір дәуіріне жататын жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері жайлы ғылыми мәліметтерді жинақтап, топтап талдау арқылы осы өңірлердегі ежелгі тұрғындарының жерлеу ғұрпы мен соған қатысты дүниетанымы тарихи сабақтастық тұрғысынан зерттелді.
Тақырыптың өзектілігі. Ерте темір дәуірінде көп салалы шаруашылық жүйенің және әр түрлі қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, сол дәуірдегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымына көптеген басқа құндылықтар әкелді. Табиғи жағдай мен шаруашылықтағы өзгерістер жаңа өмір салтын қалыптастырды.
Б. з. д. 8-1 ғасырлардағы сақ, юечжы, у-гэ және у-сунь жөнінде мағлұматтардың қытай және грек, парсы деректерінде аздығы сақ әлемін танып-білудегі бар салмақты археология ғылымына жүктейді. Археологиялық деректердің негізгі көзі антропогендік және техногендік әсермен бүлініп, тек үйінді ретінде жеткен, жерлеу ғұрпының заттай көрсеткіші - жерлеу-ғұрыптық ескерткіштер болып табылады.
Бұрынғы зерттеулерде ерте темір дәуіріндегі тарихи-мәдени үдерістер, сол заман тұрғындарының жерлеу ғұрпы мен діни-мифологиялық түсініктері тек қабір іші құрылымы мен одан табылған заттары арқылы қайта жаңғыртылып отырды. Бүгінгі таңда осы обаларды қайтыс болған адамды жерлеу барысындағы және одан кейінгі кезеңдегі нақтылы рәсімдерді орындауға арналған күрделі архитектуралық ескерткіш ретінде кешенді түрде қарастыра зерттеу қажеттілігі туындауда.
Табиғи-географиялық және этномәдени жағдайлары ұқсас Қазақ Алтайы мен Жетісудың зерттелу тарихы бір жарым ғасырды алатын ерте темір дәуіріндегі жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері жайлы орасан зор деректер қоры жиналып қалды. Алынған мәліметтердің өңделуі жүйелі зерттеулердің жоқтығынан өте баяу жүрді. Бұл мәліметтер зерттеудің жаңа әдістемелеріне сай жүйелеуді, қазіргі ғылыми-теориялық деңгей мен талапқа сай жіті талдауды қажет етеді. Сонда ғана өлкелердің ғылыми тұжырымдалған ортақ тарихи-мәдени келбеті жасалады.
Әр түрлі мақсатта жүргізілген зерттеулерден тек жеке қорытындылар алынғаны болмаса, аталмыш тарихи кезеңде тіршілік еткен тұрғындардың жерлеу ғұрпын зерделеген арнайы тұжырымды ғылыми зерттеу еңбек жоқ.
Соңғы жиырма шақты жылда жинақталған қазба материалдары екі өлкенің ежелгі тұрғындарының жерлеу ғұрпы жайлы жаңа мәліметтер берумен қатар, осыған дейін қалыптасқан көзқарастарды қайта қарауға итермелейді.
Әр тарихи кезеңде әлеуметтік-экономикалық, этномәдени үдерістерге байланысты обалардың архитектуралық келбеті өзгеріп, көркемдік жағына жаңаша ерекшеліктер де қосылып отырды. Осы дәстүрдің ең бір шарықтап дамыған уақыты - ерте темір дәуірі.
Жерлеу ескерткіштерінің құрылымында көрініс тапқан діни-қияли түсінік мәселелерін зерттеу бұл өлкелердегі тұрғындардың Евразиядағы сақ-сібір тарихи-мәдени қауымдастығындағы өзіндік орнын ашып береді.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны ретінде өзгеріске жиі ұшырамайтын, тұрақты да, ескілікті сақтаушы жерлеу ғұрпы алынып отыр. Қоршаған ортадан алған іліміне сай адам жетіліп, дүниеге көзқарасы өзгереді. Алған өмірлік сабақтары мен жеткен жетістіктеріне қарай әлем жайлы өзіндік ой, сол түсініктеріне сай бақилық болған адамды о дүниеге жөнелту ғұрпы қалыптасады. Жерлеу ғұрпы жайлы мәліметтерді сақтаушы, әрі жеткізуші жерлеу ескерткіштер болып табылады.
Зерттеу жұмысының пәні ретінде Қазақ Алтайы мен Жетісуды б. з. д. 9-1 ғасырларда мекен еткен тұрғындардың жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері алынып отыр.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Ерте темір дәуіріндегі аталған екі өлке тұрғындарының жерлеу ғұрпын жалпылай сипаттау, сол жерлеу рәсімдерінің шығуы мен өрістеу жолдарын байқау және алынған жаңа білім негізінде олардың діни-қияли түсініктерінің негізгі қырларын қайта жаңғырту.
Соған сай мынадай міндеттер қойылды:
- Қазақ Алтайы мен Жетісу жеріндегі ерте темір дәуірінің қазылған жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері жайлы мұрағаттық және жарияланым мағлұматтарын жинақтау;
- аталған өлкелердегі ерте темір дәуіріндегі жерлеу ескерткіштерін топтау мен жіктеу жайлы әр буын зерттеушілерінің көзқарастары мен зерттеудің әдісі мен әдістемелерінің қалыптасуын талқылау;
- бөлініп қарастырылған топтау мен сұрыптау негізінде жерлеу ескерткіштерінің негізгі түрлерінің таралу аймақтарын ашу;
- зерттелініп отырған өлкелердегі ежелгі тұрғындардың жерлеу ғұрпының өзгеру динамикасын ашу үшін ескерткіштердің жер беті және қабір іші құрылымдарын зерделеу;
- екі өлкедегі әр кезеңдегі жерлеу тәсілдері мен түрлерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін айқындау;
- алынған мағлұматтар негізінде екі өлкенің жерлеу-ғұрыптық кешендеріндегі кейбір құрылымдық элементтердің шығуы мен таралуы жолдарын саралау;
- алынған ғылыми нәтижелер негізінде ежелгі тұрғындардың дүниетанымының кейбір жақтарын ғылыми түрде қайта жаңғырту.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттерін орындау барысында төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткіздік :
- Қазақ Алтайы мен Жетісуды мекен еткен ежелгі тұрғындардың жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері алғаш рет біртұтас жүйеде қарастырылды және мақсатты түрде жерлеу ғұрпы зерттелді;
- соңғы жылдарда бұл өлкелерде жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері пайдаланылды;
- қос өлкенің жерлеу ескерткіштері әр түрлі ғұрыптық рәсімдер атқарылған күрделі архитектуралық құрылыс ретінде қарастырылды;
- өлкелердегі мәліметтерді шартты түрде кезеңдеуде Қазақ Алтайы бойынша б. з. д. 9-8 ғасырларға жататын күрті-зевакино кезеңі, б. з. д. 8-5 ғасырлардағы ескерткіштері құрылымдық ұқсастықтарына қарай шілікті-майемер кезеңі мен Жетісудағы б. з. д. 3-1 ғасырлардағы ерте үйсін кезеңін жаңадан бөліп қарастырдық;
- екі өлке ескерткіштерінің құрылым ерекшеліктері мен қайтқан адамға қатысты жерлеу ғұрпы тарихи кезеңдерге сай сараланып, өз ерекшеліктері мен ұқсастықтары айқындалды;
- жерлеу ғұрпының кейбір құрамдас элементтерінің шығуы мен таралу мәселесі талқыланып, тың қорытындылар алынды;
- жерлеу ғұрпы негізінде Қазақ Алтайы мен Жетісудың ерте темір дәуіріндегі тұрғындарының дүниетанымы мен атқарылған ғұрыптық рәсімдерінің кейбір жақтары этнографиялық деректерді салыстырмалы қарастыру арқылы тарихи сабақтастықта қайта жаңғыртылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- жерлеу ғұрпы әрбір этнос мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Көршілес екі өлкедегі - Қазақ Алтайы мен Жетісудағы ерте темір дәуіріндегі тұрғындардың жерлеу ғұрпын зерттеу мұнда табиғи-ландшафтылық жағдайлардың ұқсастығына байланысты көбіне ортақ этноәлеуметтік және мәдени үдерістердің орын алғандығын көрсетеді. Аталған екі өлке бір тарихи-мәдени аймақ болуы мүмкін;
- оба - өлген адамды о дүниеге жөнелту мен жерленгеннен кейін де көптеген салт-жоралар атқарылған, бірнеше кезеңнен тұратын күрделі кешен;
- Қазақ Алтайында қола дәуірінің соңы мен ерте темір дәуірінің басында мәйітті қабір үстіне, әлде терең емес қабір шұңқырына, кейде тіпті тас жәшік ішіне қырынан жатқызып, қасына тұрмыстық бұйымдарын қойып, сыртына кіші көлемді тас қоршау жасау дәстүрі болды. Б. з. д. 8 ғасырдан бастап қоғамдағы әлеуметтік дәрежесіне сай шетінде тас қоршаулар жасалған, дәлізді элитарлық обалар тұрғызылды. Қабір үстіне зәулім ағаш құрылыс салынып, оның үсті тас, шым мен саз кесектері қабаттарымен жабылды. Қабір ішіндегі мәйіттің басы батысқа қаратылып, шалқалай жерленген. Бұл кезде мәйітті тас жәшік пен лақатқа жерлеу ғұрпы аз кезіксе, мүрдені жылқы және оның әбзелдерімен қоса жерлеу салты да шыға бастайды. Б. з. д. 5 ғасырдан бастап таулы-орманды алқаптарда басы шығысқа қаратылған мәйітті тас оба үйіндісі астындағы терең шұңқырлы қабірдегі қима-тағанға жылқымен қоса жерлеу кеңінен таралады. Жылқыны мәйіттен жоғары және бір деңгейде жерлеу түрлері болды. Б. з. д. 4-1 ғасырларда түбіне қарай кеңейіп немесе тарыла түсетін қабір шұңқырларындағы тас жәшікке жерлеу Ертіс өзенінің сол жағалауындағы тайпалар арасында орын алды;
- Жетісу өлкесінде этноәлеуметтік және мәдени өзгерістер жерлеу ескерткіштерінің сипаттық ерекшеліктеріне өз әсерін тигізіп, Алатаудың солтүстік баурайы мен Іле өзенінің аңғарындағы сақтарда б. з. д. 6-5 ғасырдан бастап оба архитектурасының соны үлгілері пайда болды. Алакөл ойпатын мекен етушілер арасында б. з. д 6-5 ғасырларда лақатқа жерлеу дәстүрі таралды және тағандағы мәйітті одан жоғары қойылған жылқымен қоса жерлеу салты көрініс тапты. Бірақ бұл уақытта Жетісуда кең тараған жерлеу тәсіліне адамды шалқасынан, басын шығысқа қаратып, қабір үсті беті бөренемен жабылған тік қабырғалы, төртбұрышты қабір шұңқырлы жерлеу орны жатады. Обаның шеті мен обадан алшақта тас қоршаулар жасалынды. Ерте үйсін кезеңінде обаларды тізбектей салу мен шетіне тас қоршау жасау әдісі сақталады. Бұл уақытта адамды жұптап, топтап жерлеу көбейеді және қабірге қойылатын бұйымдарының саны азайып, әдетті қыш ыдыс, темір пышақ, ағаш табақшаға қойылған қойдың сүйектері ғана қалады;
- қола дәуірінің соңғы кезеңінен сабақтастықта дамыған қабір үстіне құрылыс салу өнері Алтайда майемерліктер мен шіліктіліктерде, ал Жетісуда бесшатырлықтарда көрініс тапты. Екі өлкеде де лақатты жерлеу б. з. д. 6-5 ғасырларда ұшырасуы сирек. Қолдағы бар қазба деректері бойынша б. з. д. 3 ғасырдан бастап Жетісуда лақатқа, ал Қазақ Алтайында тас жәшікке жерлеу салты қалыптасқан;
- мұрағаттық деректерді жинақтау барысында олардың қазіргі ғылыми-әдістемелік талаптарға сай еместігін, толық құжатталмағандығын, сонымен қатар алынған заттай деректердің жүйеленіп, ортақ бір ғылыми қорытындылардың алынбағанын көреміз;
- жерлеу-ғұрыптық ескерткіштердің табиғи-ландшафтылық жағдайдағы орналасуы мен қорымдағы орны, жер бетіндегі құрылысы, мәйіттің жатысы, заттардың қойылу реті, саны мен кездесу жиілігі және оба маңындағы ғұрыптық құрылыстарының ашылуы сынды белгілерге мән беріле отырып, ортақ әдістемелерге сай зерттеу қажет.
Зерттеу жұмысының әдістемелік негіздері. Қазақ даласының ертедегі батыс және шығыс өркениеттерінің ортасында жатуы, сол замандағы тұрғындардың жерлеу ғұрпының нашар зерттелінуі және Алтай мен Жетісудың сол замандағы этномәдени үдерістердің тоғысар торабында орналасуы диссертациялық жұмыстың негізгі зерттеу әдісі етіп салыстырмалы талдауды алуға әкелді. Әр зерттелген обаның толық құжатталынуына қарай мағлұматтар жинақталды. Жерлеу ғұрпын сипаттау үшін анықталған белгілер бойынша жіктелген деректік қор территориялық және мерзімдік бөлініске қарай талданды.
Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері. Қола дәуірінің соңындағы шаруашылық жүйенің өзгерген уақытынан бастап өлкелердегі этномәдени жағдайлардың толық алмасқан, ерте темір дәуірінің кейінгі кезеңдеріне дейінгі аралық (б. з. д. 9-1 ғасырлар) қарастырылды.
Біздің зерттеу жұмысымыздың негізгі міндеттеріне екі өлке ескерткіштерінің мерзімделу деңгейлерін салыстырып, қайта мерзімдеу мәселесін қозғау мен тарихи кезеңдеуді қарастыру жатпайды. Өлке ескерткіштерін кезеңдеу, әр кезеңнің ерекшеліктерін ашып беру мен ат қоюда бір ізділік жоқ. Бүгінгі күні археология ғылымында әр түрлі пәнаралық радиокөміртекті, дендромерзімдік және тағы басқа жаңаша мерзімдік уақыттарды алу тәсілдері бар. Алайда ол зерттеулер кезіндегі қабірден табылған заттарды өзге жерлерден табылған олжалармен салыстыра мерзімдеуі сияқты көп күмән туғызады. Қазақстандық жерлеу ескерткіштері үшін хронологиялық шкаласы жасалған жоқ. Сондықтан да ескерткіштердің жасын бұлжытпай анықтайтын, жаппай мойындалған, қалыптасқан зерттеу әдістерінің әлі ашылмауы зерттеу барысында құжатталған Қазақ Алтайының ескерткіштерін шартты түрде күрті-зевакино кезеңі (б. з. д. 9-8 ғғ. ), шілікті-майемер кезеңі (б. з. д. 8-5 ғғ. ), берел кезеңі (б. з. д. 5-3 ғғ. ) мен құлажорға кезеңі (б. з. д. 4-1 ғғ. ) деп, ал Жетісу өлкесінің ескерткіштерін ерте сақ (б. з. д. 8-6 ғғ. ), кейінгі сақ (б. з. д. 5-3 ғғ. ) және ерте үйсін кезеңі (б. з. д. 3-1 ғғ. ) деп бөліп қарастыруға әкелді.
Ерте темір дәуірінің жылқы әбзелдері мен қару-жарақтарының ерекше өзгеруінен көрінетін аң бейнесіндегі мәдениеті б. з. д. 8 ғасырларда қалыптасып біткен еді. Қазақ Алтайында б. з. д. 9-8 ғасырларға жататын ескерткіштердің күрті, зевакино, измайловка сынды кешендері ашылды. Үйінді шетінде тұғыртастар мен қоршауы болған обаға адамды өте терең емес қабір шұңқыры немесе көне жер бетіне, кейде жылқымен қоса, қырымен, басын батыс немесе солтүстік-батысқа қаратып жерлеу сынды өзгеше салты тән бұл өтпелі кезеңді алғашқы ашылған ескерткіштерінің атымен атадық. Жер бетіне шым, тас, бөрене мен саздан салынған жерлеу құрылымының ірі түрі тән өлкенің эталонды ескерткіші шіліктінің құрылымы мен мерзімі жағынан майемер ескерткіштеріне ұқсас келуі шілікті-майемер атты ерте сақ кезеңін жеке қарастыруға мүмкіндік берді. Ерте темір дәуірінің екінші кезеңінен бастап сол кезеңдердің ашылған ескерткіштеріне үңілсек, Қазақ Алтайының таулы-орманды аймағы мен далалық аймағында екі түрлі - пазырық мәдениетінің берелдік түрі мен тас жәшікті құлажорға мәдениетін жасаушылар тіршілік еткендей. Құлажорға мәдениеті Жетісудағы үйсін мәдениеті сияқты өз дамуының екі кезеңін бастан өткеріп, б. з. 1-2 ғасырына дейін өмір сүрсе керек. Зерттейтін уақытымыз ерте темір дәуірі болғандықтан және қалыптасқан пікірлер бойынша бұл дәуірдің б. з. д. 1 ғасырына дейінгі мерзімді қамтуы құлажорға мен үйсін ескерткіштерінің тек ерте кезеңін қарастыруға алып келді. Жетісуда зерттеле бастаған «хунну» ескерткіштерін деректердің аздығынан қарастырмауды жөн санадық. Екіншіден, б. з. 1 ғасырлардан бастап өлкелерде әр түрлі күрделі тарихи-мәдени өзгерістер мен этникалық араласулардың орын алуы және Қазақстан археологиясында б. з. 1-4 ғасырлардағы жерлеу ғұрпының толық ашылмауы кедергі келтірді. Жетісуда қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтер және ерте сақ кезеңінің ескерткіштері аз зерттелген. Сол себепті де Жетісудың сақ кезеңі ескерткіштерін ерте және кейінгі деп екіге бөліп қарастырдық.
Зерттеу жұмысының территориялық аумағына Қазақ Алтайы мен Жетісу өлкелері енеді. Екі өлкенің жерлеу ғұрпын қоса зерттеуге қазақ жерінің шығысын қамтып жатқан ел-жұрттың сақ қоғамындағы барлық этномәдени үдерістердің бел ортасында тіршілік еткендігі себеп болды.
Қасиетті Алтай тау жүйелерінің бүгінде төрт мемлекеттің шекарасында жатуы салдарынан саяси тұрғыда Таулы Алтай, Қытай Алтайы, Моңғол Алтайы және Қазақ Алтайы деп төртке бөлінеді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңынан бері ғылыми айналымда кеңінен қолданылатын Қазақ Алтайы атауына шығысында Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысынан бастап, батысында Құлынды даласы мен Сарыарқаға дейінгі Оңтүстік Алтай тау жоталары, оңтүстік-шығыста аласа таулы Қалба, Нарым жоталары, ал оңтүстігінде Сауыр-Тарбағатай тау жоталары мен тауаралық Зайсан ойпаты сияқты ірі орографиялық ендіктер кіреді. Дала артериясы ретіндегі Ертіс өзені өлкені екіге бөле ағады.
Жетісу атауына шартты түрде батысында Мойынқұм құмы, Бетпақдала шөлі мен Шу өзені аңғарына дейінгі аралық, шығысында Жетісу Алатауына (бұрынғы Жоңғар Алатауы) дейінгі аумақ, солтүстігінде Балқаш, Алакөл және Сасық көлдері ойпаты мен оңтүстігінде Іле Алатауының солтүстік беткейіне дейінгі аймақ енеді.
Жетісудың қабылданған жер атауына батысында Шу мен Талас аңғарларына дейінгі және шығысында Іле өзенінің жоғарғы ағысы мен оңтүстігінде Теріскей, Қырғыз және Талас Алатаулары аумағы енсе де, бұл мәселеде зерттеу аймағын саяси шекарамен шектеуді жөн санадық. Себебі қолымызда Жетісудың шығысына енетін Шыңжаң өлкесі мен Талас өзенінің жоғарғы ағысы, Қырғыз және Теріскей Алатауларында жасалған соңғы ғылыми ашылымдар мен жарияланған жаңа еңбектер жайлы мағлұматтар жоқтың қасы. Кеңестік кезден келе жатқан мәліметтерді салыстырмалы түрде келтіруді жөн санадық. Екіншіден, Шығыс Түркістанға Гансуден келген үйсіндердің Жетісуға әсері қаншалықты болса, Шығыс Түркістанға сақтардың да әсері зор болғандығын тұйықталған Қытайдан табылған кездейсоқ олжалар дәлел болады. Яғни, сақтар мен үйсіндерді толық зерттеу үшін Шығыс Түркістан мен Батыс Түркістанды біріктіре зерттеу керек.
Негізгі дерек көздері ретінде Жетісу мен Қазақ Алтайы бойынша диссертанттың тікелей қатысуымен 1997 жылдан бүгінгі күнге дейінгі Берел, Майемер, Тар Асу, Есік, Боралдай, Жуантөбе, Үлкен Кеген және тағы басқа жерлеу-ғұрыптық кешендерін зерттеуден алынған мағлұматтарға қоса, XVIII-ші ғасырдан бері түрлі сала мамандарының жинақтаған және арнайы жасақталған ғылыми экспедициялардың қазып зерттеу барысында алған деректер қоры мен ғылыми жарияланымдар, сонымен қатар көршілес Шыңжаң, Таулы Алтай, Моңғол Алтайы, Сарыарқа, Қырғыз және Талас Алатаулары, Шу мен Талас аңғарлары және Памирдегі зерттеу тақырыбына қатысты ғылыми еңбектер мен мақалалар саналады. Ежелгі тұрғындардың жерлеу ғұрпы мен дүниетанымын қайта жаңғырту мәселесінде этнографиялық мәліметтер пайдаланылды.
Қазақ Алтайындағы ерте темір дәуірінің қазылған жерлеу-ғұрыптық ескерткіштерінің жалпы саны - 335. Оның құжатталғаны - 256. Жетісу бойынша зерттелген жерлеу-ғұрыптық ескерткіштерінің жалпы саны - 738. Оның құжатталғаны - 432. Екі өлке бойынша, жалпы 1073 жерлеу-ғұрыптық ескерткіш қарастырылып, нақты құжатталған 688 ескерткіш бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz