ХІХ ғасыр ақындары туындыларындағы заман бейнесі


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі

Қазақ және орыс филологиясы факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

Курстық жұмыс

ХІХ ғасыр ақындары туындыларындағы заман бейнесі

Ғылыми жетекші : аға оқытушы

.

Қостанай, 2020 жыл

МAЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1 «ҚЫЗЫР ҚОНҒАН» ҚҰДАЙДЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛДАРЫ . . . 6

1. 1 Дулат Бабатайұлы шығармаларындағы сұмдар мен қулар бейнесі . . . 6

1. 2 Халық қозғалысының жалынды жыршысы - Махамбет . . . 8 1. 3 Әкім төренің аузын буған Сүйінбай . . . 9

1. 4 Орынбай Кертағылұлының поэзиясындағы ел үстінен күн көрген елбасылар . . . 13

1. 5 Шөже айтысындағы рушылдық пен феодалдық сана . . . 14

1. 6 Елдің мұңын жоқтаған Мұрат . . . 16

1. 7 Әбубәкір жырындағы «Жаңа низам» көрінісі . . . 19

1. 8 Бодандықтың қамытын киген халық (Нарманбет Орманбетұлы шығармашылығы) . . . 21

1. 9 Қашаған Күрімжанұлы поэзиясындағы ел апшысын қуарғандар болмысы . . . 23

2 САУДА КАПИТАЛИЗМ ЭЛЕМЕНТТЕРІ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ҚАНАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ . . . 26

2. 1 Шортанбай Қанайұлының шығармаларындағы заман сүреңі . . . 26

2. 2 Ақын поэзиясындағы езілуші кедейлердің ауыр тұрмысы . . . 27

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 32

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 34

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі :ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті XV-XVIII ғасырлардағы деңгейіне қарағанда тек сандық тұрғыдан ғана емес, сапалық жағынан да біраз ілгері басты. Сондықтан бірсыпыра нышандары әдебиеттегі тарихилық мәселелерінде көрініс тапты[1, 116] .

Жер жүзі әдебиетінің тарихына көз салсақ, мәдени-рухани дамуында белгілі бір белі, елеулі кезеңдері болады. Әр елдің әлеумет өміріндегі әр алуан тартыс, тап күресі, қоғам өмірінің жалпы даму процесі таптың немесе топтың ой-пікір, тілек, мүддесін жыр етіп жоғары көтеретін адамдарды да дүниеге ала келеді. Олардың кейбіреулері ескінің шырмауынан шыға алмай, өткеннің күнгейін, жаңа заманның көлеңке жағын көрсе, кейбіреулері ескіліктің сыншысы, жаңалықтың жаршысы дәрежесіне көтеріледі. Олар тарихты даттамай да, мақтамай да әділ бағалап, үмітті алдан, жарықты келешектен күтеді. Өз кезіндегі әр алуан мәселелерді терең толғап, кеңінен шолиды. Айналасына көз тігіп, ел қамы, жұрт пайдасы деген нысананы алға қояды да, тарихтың үлкен сахнасында бой көрсетеді. Сөйтіп, олар өз дәуірінің ұраншысы, келешектің жыршысы болды [2, 4-5] .

Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан жыраулық поэзия өмір аренасындағы өз орнын ХІХ ғасырдың екінші ширегінен бастап ақындық поэзияға бере бастады. Өйткені, бұл кезде қазақ қоғамының көшпенді тірлігі адам таңғалаларлықтай боп өзгеріске түспегенмен дала тіршілігінде бірсыпыра өзгерістер дүниеге келді. Соның ең басты өзгешелігі бұл кезеңде қазақ даласы түгелге дерлік Ресей империясының құрамына енді. Соған байланысты қазақ қоғамының ел басқару, халық билеу дәстүрлері мен заң жобаларына өзгерістер дендеп кіре бастады. Территориялық мәселелер бірсыпыра айқындалып, жерге деген меншіктілік жағдайлары өз шешімін тапты. Ұлыстарды билейтін хандық институттардың құқығы қысқарды. Бұрын үлкен территорияларды мекендеген халықты хандық атақпен билеп, өзін әрісі бүкіл қазақтың берісі үш ұлыстың бірінің әміршісі сезінетін хан-сұлтандар тұқымының айбыны кеміді. Осыған байланысты бұрын сол хандық институтының басқару апараттың құрамында отырып ұлыстың мүддесін қорғайтын жыраулар қауымы да тарих сахнасынан біртіндеп ығыса бастады.

Бірақ жыраулардың қарасы кеміп, қарымы тарылғанымен, елдің мүддесін ойлайтын, оның арман-мүддесін паш ететін, трихынан тағлым алуға шақыратын - бойында ақындық оты мен патриоттық намысы бар ақындар аз болған жоқ. Олар Махамбет пен Шернияз, Абай мен Ыбырай, Ығылман мен Мұхамеджан Сералин т. б. еді [1, 116] .

Бұл кезеңде әдеби тілдің негізгі жанры - поэзия жаңа белеске көтерілді. Өсите мәнді дидактикалық толғаулар ығыстырылып, олардың орнына кең көлемді әлеуметтік тақырыптар жырланатын болды [3, 108] .

Зар заман дәуірі қазақ әдебиетінің тарихында асқан дәуір болғандықтан, қазақтың жазба әдебиеті осылардан бастап әлеуметтік халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт санасын құра бастайды. Бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы шығады [4, 194-195] .

ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың әлеумет қайраткерлеріне, оқымысты, ақын, жазушыларына, олардан қалған мұраларға біз осы тұрғыдан келсек, өмірде екі түрлі көзқарас, екі түрлі тілек, екі түрлі мүддені аңсаушылардың болғандығын көреміз. Бұны әдеби нұсқалардан айқын аңғарамыз. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиеттің идеялық мазмұнына, стиль ерекшеліктеріне қарап, біріншісін регресшіл романтизм бағытындағы әдебиет те, екіншісін реалистік және прогресшіл романтизм бағытындағы әдебиет деп бөліп қараймыз. Бірінші бағыттың басты өкілдері: Шортанбай, Әубәкір (Әбубәкір), Мұрат, Нұржан т. б. Бұл ақындардың әрқайсысы Қазақстанның әр түкпірінде өмір сүрді. Көбінің бір-бірімен қарым-қатыс, байланыстары болған жоқ. Бірақ олардан қалған мұраларды алсақ, барлығына ортақ, барлығының шығармаларына тән бірнеше ерекшеліктерді көреміз, яғни өмірге торыға қарау, заманына риза болмау, қазақ даласына жайыла бастаған капитализм элементтеріне, олармен байланысты туа бастаған жаңалықтарға қарсы болу, Қазақстанның Россияға қосылуына наразылық білдіру, өткен заманды, хандық-феодалдық құрылысты мадақтау, бар жанымен ескі өмір, көне заманға қайта бұрылу, өмірден торығу, дінге сену, бұл дүниеден безіп, ол дүниені іздеу [2, 4-5] .

Бұқар жырау заманынан келе жатқан бұрынғы әлеуметшілдік, ойшылдық сарынына Махамбет заманында ісшілдік қосылса, кейінгі ақындардың тұсында жаңа әсер сияқты болып дін мен мәдениет исі кіре бастайды.

Зар заманның орта буынынан бері қарай дін сарыны біздің әдебиетте жылдан жыл өткен сайын үлкенірек орын алды. Басы Шортанбайдан басталған діншілдік, ХІХ ғасыр аяғына келгенде толып жатқан дін қиссаларына келіп соғады. Бірақ бұл жазылып отырған әдебиет тарихында біздің мақсат қылған нәрсеміз ең әуелі қазақтың нағыз өз әдебиетін ашып алу болғандықтан, дін ағымымен туып, жат жұрттың үлгісі сияқты болып көшіп келген әдебиетіне әзірше қозғамақшы емеспіз. Себебі қазақ әдебиетіне кірген дін қиссалары мен халық романдарын алсақ, барлығы да өзге елдерде туып, бізге көшірме сияқты болып келген. Сондықтан қазақтың бір қиссасын қарастырудан бұрын сол қиссаларды өзге елдердің әдебиетінен теріп, тексеру керек болар еді. Қазіргі міндет ол емес. Сондықтан біздің әдебиеттегі дін ағымын кең ауданымен қарастырмаймыз. Оның орнына жоғарыдан қарастырып келе жатқан зар заман ақындарында дінділік әсері білінді ме, қаншалық дәрежеде білінді, соны ғана әр қайсысының өлеңінен қарастырып өтеміз.

Зар заманның орта буынындағы бір жаңалық діншілдік сарыны дедік. Екінші - жоғарыда айтқан мәдениет исі. Бірақ бұл дәуірде соңғы жаңалық оншалық айқын болып, толық күйінде білінбейді. Білінсе жалғыз Алтынсаринның ғана сөздерінде білінеді. Сондықтан мұны бір үлкен жаңалық демей исі деп қана атадық.

Зар заман поэзиясындағы негізгі мотивтердің бірі - бардың жоғалуын, жаңаның тозуын, кеңейгеннің тарылуын, құндылықтың азғанын жырлау. Көбіне-көп мұндай тұжырымдар ақырзамандық сарындағы пайымдауларға тіреледі [4, 211-212] .

Курстық жұмыстың мақсат-міндеттері:

-ХІХ ғасыр ақындарының сара жолын анықтау;

-ХІХ ғасырақындары жырға қосқан заман бейнесін айқындау;

Курстық жұмыстың нысаны: ХІХ ғасырда өмір сүрген ақындар мен ағартушы-ғалымдарды зерттей келе, олардың шығармашылығымен толығымен танысып, сол заманның майталман ақындарының шығармаларындағы өзекті тақырыпты анықтап, ХІХ ғасырдағы заман бейнесін ашу. Жұмысты жазубарысында Ж. Тілепов, Қ. Жұмалиев, Ғ. Қалиев, Г. Боранбаев, Х. Сүйіншалиев, М. Әуезов және т. б. ақын-жазушылардың зерттеу еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдамалары, ой-пікірлері пайдаланылды.

Курстық жұмыстың ғылымилығы: Жұмысты зерттеу келе оның ғылыми сипатын таныдық. Соның ішінде мұнда бұрын зерттелмеген ХІХ ғасырдағы заман тақырыбы зерттеліп, зертеушілердің еңбектері қолданылуы жұмыстың ғылыми сипатын танытады.

Курстық жұмыстың зерттеу әдістері: Курстық жұмыс барысында жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы, зерттеу әдіс түрлері қолданылды.

Курстық жұмыстың құрылымы: Курстық жұмыс кіріспе, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 «ҚЫЗЫР ҚОНҒАН» ҚҰДАЙДЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛДАРЫ

1. 1 Дулат Бабатайұлы шығармаларындағы сұмдар мен қулар бейнесі

Жырау жырлағанда ел басына келе жатқан жаңа заманның ұлы денесін, нобай суретін сөз қылатын, содан қорқып толғанатын. Олар қазақ жайлаған сахараның бір шетінен шыққан шоқтай қара бұлтты көріп, соның белгісінен шошып, содан келетін бәле қандай екенін болжап, тұспал қылып айтатын.

ХІХ ғасыр ақындарының заманында сол бұлт бір есептен қазақ даласына үстінен соғып өтті. Сондықтан бұл күннің ақындары баяғыдай шыққан бұлтты сөз қылмай, содан түскен бұршақты, үй шыққан дауылды, мал ықтырған соққыңды сөз қылды. Дала жайлаған елдің өмірінде бұлттан түскен қаза менен дерт қандай болды, соларды айтып күңіренетін болды.

Сол қаза мен дерттер қайсы. Дерт көп. Біреуі, елді орыс ұлығы билегенін арман қылады. Ел мінезінің бұзылып, берекеден айырылғанын айтады. Байлық кетіп, кедей болғанына қайғырады. Екіншісі, ел жайлауын орыс алып, жер тарылғанын, зорлық көргенін айтады. Бұрынғы кең қоныс, кең өрісін жоқтайды. Үшіншісі, дін жоғалып, қарындастық қадір тозып, ру тіршілігігің шырқы бұзылғанын сөйлейді. Кейбіреулер өзгеріп тұрған заманның ауыртпалығын айтып келіп, өткен күнге жоқтау айтады. Осының бәрін санаумен бірге тығырыққа қамалып, сенделген елдің қайғылы хандары кей-кейде ем айтқысы да келеді. Бірақ мұның ешқайсысы да алдыңғы заман неге соғатынын білмейді. Өткен күннен қалған ұлы жұмбақты шеше алмайды. Сондықтан әрқайсысының демі де әр түрлі. Кейбірінікі дін, кейбірінікі таза адамшылдық, тағы бірінікі шала күйде айтатын оқу өнер. Бұлардың сөз қылған жайлары басқа-басқа сияқты болып, атаған емдері де әр түрлі болғанымен, барлығының басын қосатын ортақ жері бар. Ол ортақ жері: заман халінің қайсысынан туатын өкініш, зар өткендей ойлап, күрсініп сағынып, қазірден қажып, торығу, алдыңғыдан шошынып, қорқу, сондықтан ыңыранып зарығу. Жылауына зорлау. Зар заманның пісіп жеткен кезіндегі толық шыны осы. Енді осы халдерді жеке ақындардың өз мысалдарынан тексеріп қарайық[4, 212-213] .

Туған елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас ақын, Патшалық Россиияның қазақ өлкесін күшпен отарлау езеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі - Дулат Бабатайұлы[5, 6] .

Ақын бірсыпыра толғауларында Ресей ықпалы мен елге еніп, еміп жатқан сауда қатынастарына, елді басқару, билеу тәртібіне ашық наразылық білдіреді. Үйреншікті ел билігін бұзған өзгерістің бәрі оған ұнамайды. Бұрынғы ізгі адамдар жойылды, олардың орнын алаяқ, қулар, пайдакүнем құлқынқұмарлар, пейілсіз бай, берекесіз сұмдар мен қулар басты, ендігі би дегендеріңіз - елін сатып, шен алып, күн көріп жүрген жыртқыш аң бейнесіндегі бұзықтар, опасыз аға сұлтандар, - дейді.

Заманымыз бұзылды,

Қияметтің төріндей,

Аға сұлтан қазының,

Ел сілкінді ісінен,

Ауылдың атқа мінері,

Жемтікке қонған күшіген.

Сатылымпаз жалдап әкімдерді ақын иттің етінен бетер жек көреді. Оларға қарсы сөз заһарынан жыр төгеді. Екі жүзді, жемсауы кең бектер мен елін сатқан сұмдардың мінез-құлқын тайға таңба басқандай анық суреттеп, олардың ащы мысқыл мен жер-жебіріне жеткізе түйрейді.

Шен-шекпенге құматқан,

Қанталап көзі мұнартқан,

Саудалап елін тиынға,

Құмартып патша сыйына . . .

Замандастарының жағымсыз мінез-құлқын, әдепсіздіктерін термелеп, елден тірлік-бірлік деген кетіп жатыр деп қанжылады:

Арамызда тірлік жоқ,

Қай үлкенді сыйлайды,

Елімізде әдеп жоқ . . .

Заманында төре болған, сұлтандық құрған Барақ, Кеңесбай, Сүлеймен сияқтылардың атына арнайы өлең шығарып, оларды әділ қазы, ата-билердің жолын қумай, елінің жауы қатарында өз жұртын талап жатыр деп айыптайды. Ұлықтар мен бектерді өлімтік баққан жаман ит пен жыртқыш қасқыр деп бейнелейді.

Патша өкіметі алдында құрша жорғалап, жоқ жерде кісімсіген жағымпаз болыс бейнесін ақын шебер мысқылдайды. Олардың бойындағы екі жүзділікті, парақорлықты батыл әшкерелейді:

Майырдың алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын,

Ел пысығы жортады,

Онан өзі қорқады.

Бұл тұста ақын пысықсыған болыстар бейнесін, олардың бұлаң құйрық мінездерін дәл басып отыр. Момындар алдында әкімсіп, ұлықтар алдында құрдай жорғалайтын бейшаралықтарын әшкерелейді. Пара алып баюдан басқа арманы жоқ, алса тоймайтын кең жемсау, кердең әкімдерді мысқылдайды:

Қолбала құс секілді,

Биялайға қарайсың,

Не тұлғама тұтқа боп,

Не керекке жарайсың.

Ашылған әбден араның,

Түйені жұтсаң түгімен,

Қақалмай бір-ақ жалмайтын.

Қазақтың кейбір жаңа байларының қайырсыз, нашарға пайдасыз болып бара жатқанын айта келіп, оларды:

Қайырсыз байдан пайда жоқ,

Нашарға жәрдем бермесе.

Кем-кетікті көрмесе,

- деп мейірімбандылыққа үндейді [5, 14-15] .

1. 2 Халық қозғалысының жалынды жаршысы - Махамбет

Халық қозғалысының жалынды жыршысы, бойындағы талантын жауға қарсы атылған жәй оғымен қабат жөнетіп, қылышымен сөзін бірге сілтеп өткен әрі батыр, әрі ақын - Махамбет Өтемісұлы [6, 416] .

Махамбет ақын - қазақ поэзиясының жаңа да жарқын беттерінің, оның алтын діңгектерінің бірі еді. Сондықтан әдебиет тарихын, не оның жеке мәселелелерін сөз ет кенде Махамбет шығармаларына соқпай өту мүмкін емес-ті. Оның біраз толғауларының мазмұнына қарап, олардың қай жыл, қай айларда шығарылғанын айқындауға болады. Мұндағы тірек етер уәжіміз - шаруалар көтерілісінің бүкіл рухын, тағлымды тарихының ізін қиналмай табуға болатындығы ғана емес, сол ұлы оқиғалардың мезгілі мен мекен жағынан олардың өзінен кейінгі оқиғалардан үзіле көрсетілендігі. Ақын тек өзінің бейнесін, көтерілістің көсемі Исатай образын жасау барысында ғана емес, ол өзінің бүкіл шығармашылық бетін сол көтерілістің рухымен ғана айқындайды. Сөйтіп, шындап келгенде оның шығармаларынан өзге тақырып табу қиын. Өйткені, оны көзі жұмылғанша барша тілек ниеті осындай ұлы мақсат жолында болған.

Ақынның қандасқан жауынан рақым іздемегені, өле-өлгенше арпалысып өткені былай тұрсын, ол өздері бастаған таптық күрестің жалғасын келешек ұрпақтан көруді мұрат тұтады. «Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса, атаның кегін қумаса . . . Ханнан қырық туғанша, қарадан бір-ақ тусайшы. Халықтың кегін қусайшы- артымыздан біздердің ақырып теңдік сұрарға» деп өздерінің кегі мен өшін солар алса ғой деп арман етеді. М. Әуезов: «Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес» - десе, Қ. Жұмалиев: «Махамбет өлеңдерінде қамшының өзегіндей тартылып жатқан идея - қанаушы тап өкілдеріне қарсы өзінің және халықтың өшпенділігін, олармен еш уақытта келісімге келмейтіндігін жеріне жеткізе жырлаушылық. Сол дәуірді алсақ, бұл мәлелеге бүкіл шығыс елінде Махамбетпен ешкім таласа алмайды» деп, бағалайды. Сөз жоқ, мұның барлығы - Махамбеттің бүкіл ақындық, азаматтық болмысын, әдебиет пен тарихтағы елеулі орнын назарда ұстай отырып айтылған байыпты пікірлер [1, 120-144] .

Махамбет - шын мәнінде өз халқын, өз отанын сүйген патриот ақын. Әр сөзі қанаушы хан, сұлтан, би-феодалдарға қарсы айтылып, өмір шындығының бір бөлшегі тәрізді көрінеді. Халықтың ауыр тұрмысын жеңілдету үшін «Жәңгір ханға айтқан сөзі» деп аталатын өлеңінен бастап қарулы күреске шақырады:

Беркініп садақ асынбай,
Біртіндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жаурын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан жауына
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?

Қай кезде болсын күрес оңайлықпен қолға түспейді. Талай қиыншылық, ауыр азап, зор бейнеттерді бастан кешіруге тура келеді. Ақын бұл жайтты да халыққа ескертіп, үлкен іс үлкен төзімділікті керек ететіндігін ашық айтты:

Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға,

Қас үлектен туған кәтепті

Қара нар керек біздің бұл іске.

Қабырғасын қаусатып,

Бір-біріндеп сөксе де,

Қабағын шытпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске.

Тап осы идеяны ақын «Ереуіл атқа ер салмай» деген әйгілі өлеңінде бұдан гөрі де тұжырымдырақ жырлайды. Халық мүддесіне шын берілнге ерлер «Қу толағай бастанбай», іс бітіре алмайды деп түйеді.

Хан, сұлтан, би-феодалдар қаншама мықтысынып, қара халықты қанаса да, күш халықта деген идеяны кейінгілерге өсиет есебінде қалдырды. Өздері жете алмай кеткен ұлы армандарын келешек ұрпақ орындайтынына сенді және халық үшін күрескерлердің қандай сипаты болуы керек деген сұраққа да өз жауабын беріп кетті. Ол еңбекші халықтың арман-тілегін, ой-мүдделерін жырлады. Оның үгіттік, азаматтық лирикасына тақырып болғанда халықтық осы мәселелер және оның үгіттік күшінің қандай дәрежеде екендігін айқындайтын ерекшелік те ақын өлеңдеріндегі идеялардың жұртшылық тілегімен қабысуында [7, 91-123] .

1. 3 Әкім төренің аузын буған Сүйінбай

Бетіне адам қаратпаған әрі ақын, әрі әкім төренің аузын буып, оның төріне именбей шығып, табағынан ас, малынан бас беруге мәжбүр еткен ХІХ ғасырдың майталман ақыны - Сүйінбай Аронұлы. Ақын шығармаларының бұқарашылық беті, әлеуметтік сыры айқын. Оның жүрегі елім деп, жерім деп дүрсіл қағып, тыным таппайды. Сүйінбайдың бар арманы еліне әділетті өмір орнатып, еңбек адамын бақ-дәулетке ие ету. Берекелі, бейбіт елді, елі үшін еңіреп туған ерді көрсетіп, бұқара халықты әділ жолға бастар абзал басшыны, адал азаматты қадірлеу. Ел берекесі бірлікте екенін ескеріп, әсіресе, сыртқы жауға қарсы тұру үшін ауыз бірліктің маңызы ерекше екенін баса айтады:

Жау басынар халықты,

Басқарушы оңбаса.

Малшы айдап адамды,

Орынсыз күштеп зорласа.

Ауға түскен балықтай

Шыға алмасаң бұлқынып.

Әділетшің болмаса

Күүүің көзін жасырар.

Аспанды бұлт торласа.

Елдің бағы ашылар.

Әділеттілік орнаса.

Сүйінбай шығармаларының халықтық беті айқын. Ол үстемдер тобын езілген қалың елге қарама-қарсы бейнелеп, кедей-кепшіктер мұңын жырлайды. Хан-сұлтан, төре-датқалардың халық мұңымен санасуын керек етеді. Қара халықтың қаһарын, қалың көптің қайтпас жігерін жоғары бағалап, оларға қарсы тұрар еш күштің жоқ екенін көрсете алады. Қайсар ханға қарсы ақын жырларының пафосы сол қалың бұқараның қаһарлы айбарына толы:

Қаһарланса қалың ел,

Шығармай ма миыңды?!

Бет-аузыңды қан қылып,

Бермей ме, сүйтіп, сиыңды?!

Қоғамдық қайшылықтардың бетін реалистікпен ашып, үстемдер тепкісінде күйзелген халықтың жағдайын ашына жырлайды:

Ел қадірін білмейсің,

Төремін деп мастанып,

Бұқараңа қас қылдың,

Жарлының ұрлап жалғызын,

Шығармай қырға аш қылдың . . . [8, 38, 48-49] .

Еңбекші көптің үстем тап өкілдеріне қарсы күресін қолдап, әділеттіліктің жебеуші жақтасы болған Сүйінбай - жер дауы, жесір дауы, ер құны тәрізді маңызды, мәнді, жауапты жиындарда халық атынансөйлеп, өз шешімін өткізе алған дипломат шешен. Өзі қатысқан мәмле-мәжілістерде ел билеген сұлтан, төрелерді, атқа мінген болыстарды шенеген. Әрқашан да халық мұраты жайлы ойланып, өзін еңбекші елдің намысын жақтаушы уәкілімін деп санаған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ЗАР ЗАМАН ӨКІЛДЕРІНІҢ АЗАТТЫҚТЫ ЖЫРЛАУЫ
Зар заман өкілдері мен шығармашылығы
ХХ ғасыр басындағы әдеби процесс және символизм
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
Қазақ - парсы әдебиеттерінің ортақтастығы
АЗАТТЫҚ ИДЕЯСЫНЫҢ ТОРҒАЙ АҚЫНДАРЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ
Әуезов және Абай
Әдебиет сабағындағы романтизм және реализм әдістері
Дүние деген сары алтын
ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің зерттелуі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz