ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің зерттелуі



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі
Қазақ және орыс филологиясы факультеті
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

Курстық жұмыс

ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБЕТІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІСІ

Ғылыми жетекші: аға оқытушы
.

Қостанай, 2020 жыл

КІРІСПЕ

Тақырытың өзектілігі: Қазақ әдебиеті тарихын кезең-кезеңмен қарастырып, талқылайтын болсақ ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде елеулі өзгерістер болды. Тақырып жағынан да, мазмұн жағынан да ақындар шығармалары жаңа формаға көшті.
Жыраулық поэзияның қалыптасқан дағдылы сөз саптауы, ел тағдырын ту ғып ұстап, ерлікті асқақтата мадақтаған биік пафосты үні сабасына түсіп, жаңа ақындық өнер арқылы күнделікті тіршіліктің сан-саласына, жеке адам өміріне, оның ісі мен қылығына, қоғамдағы орны мен қызметіне үңілуі байқалады. Бұл - әдебиет дамуындағы жаңа дәуірдің басталуы еді. Қазақ әдебиетінде сол заманның қоғамын суреттейтін шын өмірдегі кейіпкерлерге қатысты туындаған өлеңдер, яғни реалистік бейне ақындар шығармашылығында басымдыққа ие болды. Ал, реализм әдісі әдебиет пен көркем өнер шығармаларында кейіпкерлердің тұлғасын, мінез-әрекетін мейлінше шынайы суреттеуге мүмкіндік береді.
Шығармада кейіпкердің тұлғасын жасау үшін қоғамдық өмірді жан-жақты, терең зерттеп, білу шарт. Қаламгердің айтқысы келген ойын, идеясын жеткізетін құралы, қаруы - кейіпкер болып табылады. Кейіпкер өмір сүрген заманының құндылықтары туралы, рухани-материалдық мәдениеті, тарихи оқиғалары жайлы, сол заман адамдарының мінез құлқы туралы оқырмандарды хабардар ететін бірден-бір ақпарат көзі болып табылады. Жұмыстың негізгісі - ХІХ ғасыр қазақ ақындары жырына арқау болған кейіпкерлердің, ал дәл айтатын болсақ жастар бейнесінің сомдалудағы ерекшеліктерін талдау, аталмыш заман шығармаларындағы жастардың мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігімен танысу.
Мәселен, ХІХ ғасырдың көрнекті өкілі Махамбет өлеңдеріндегі Исатайдың - батыр образынан ғана біз сол заман жастарының бейнесін танимыз. Махамбет өлеңдерінде Исатай - құр ғана әдеби герой емес, тарихи адам. Махамбеттің өзі айтқандай, қайтпас ер қаһарман батыр, бұқараның көрнекті ұйымдастырушысы, даңқты қолбасшысы. Исатайдың халық көпшілігіне жақындығы, ел арасындығы беделін арттырды да, уәдесіне берік, сөз ұстағыштығы, сонымен қатар, халықтың ойлаған ойын тілек арманын, мұңы мен зарын ұға білушілік, солар үшін неге де болса, әзір екендігін сөзде емес, істе дәлелдей алушылық - оның соңына халық ерерліктей зор қасиеттің негізділері боп саналады.
Тақырыбымыз жастар бейнесі болғандықтан шығармалардағы ер жігіттермен қатар нәзік жандыларды да қатар талдаймыз. Әйел қауымын ардақтап, оның жан сезімінің сұлулық, ақылдылық сипаттарын шебер суреттей жырлаған, жүректен шалқып шыққан ғашықтық жалынды сезімдерді жырлаған - Ақан сері болатын. Біздіңше, Ақан өлеңдері - сол бір алабұртқан, алуан қилы сезімдерге бөленген, толқынған, соларды өз басынан кешірген адам тағдыры. Ақан шығармашылығында өз заманының қыздары сан қилы. Қыз сипаты атты өлеңінде өз заманының қыздарының мінезін де, түр-түсін де, жүріс-тұрысын да түрлі айшықтау тәсілдерін қолдана асқан шеберлікпен сипаттап берген.
Жалпы жастар бейнесін сомдауда ХІХ ғасыр қазақ ақындарының шығарма тілі әрі көркем, әрі образды, әрі өткір, әрі күшті болумен қатар, әр сөзі орынды, әр жағдайдың өзіне лайықты, соған тән болып келеді.
Курстық жұмыстың мақсаты мен міндеті: Зерттелген тақырыптың мақсаты - ХІХ ғасыр қазақ ақындарының өлеңдеріндегі жастар бейнесімен танысу және ақындардың оларды сипаттаудағы қолданған өзіндік ерекшелігін анықтау болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін зерттеу барысында мына міндеттерді жүзеге асыру көзделді:
oo ХІХ ғасыр әдебиетінің зерттелуіне шолу жасау;
oo ХІХ ғасыр қазақ ақындарының шығармаларының тақырыптық-идеялық сипатын зерделеу;
oo ХІХ ғасыр қазақ ақындарының өлеңдерін оқу барысында кейіпкерлермен танысу;
oo ХІХ ғасыр қазақ ақындарының жастар бейнесін сипаттау ерекшеліктерін анықтау;
Курстық жұмыстың нысаны: ХІХ ғасыр қазақ ақындары өлеңдерінің тақырыпық-идеялық маңызы, аталмыш ғасырда өмір сүрген ақындардың өлеңдеріндегі жастар бейнесін сомдаудағы ерекшелігі.
Курстық жұмыстың ғылымилығы: Еңбектерді бір жүйеге келтіріп, алғаш рет кешенді тұрғады зерттелді
Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында нақты міндеттерге байланысты салыстыру, жүйелеу әдістері, сондай-ақ әдеби талдау тәсілдері қолданылды.
Курстық жұмыстың құрылымы: Ғылыми жұмыс кіріспеден, екі негізгі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспесінде тақырыптың өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, нысаны, жұмыстың ғылымилығы, зерттеу әдістері, құрылымы қарастырылады.
Бірінші тарау екі бөлімнен тұрады.
Екінші тарау үш бөлімнен тұрады.
Қорытындыда негізгі тұжырымдар жасалынады. Сілтемелер әдебиеттер тізімімен сәйкес келеді.

1 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБЕТІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІСІ

1.1 ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің зерттелуі
Қазақ әдебиеті ХІХ ғасырда аса бір елеулі, құнарлы кемелденуді , түрленіп, түлеуді бастан кешті. ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің бел асқан кезеңі болды. Әдебиет тарихының мәселелері түпкілікті қозғала бастаған жиырмасыншы ғасырдың басынан бері ХІХ ғасыр әдебиеті айрықша назарда зерттелді.
ХІХ ғасыр әдебиетінің негізгі бітім-болмысы, саяси-тарихи жағдайлары Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішов, Р.Бердібаев, М.Мырзахмедов. М.Мағауин, А.Жақсылықов, Б.Омарұлы т.б. ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырылған.
Қазақ халқының ХІХ ғасырдағы әдебиетінің шынайы рухы, ұлттың азаттығы мен елдің тәуелсіздігі жолындағы өзекті арқауы, көкейкесті мүддесі патшалық Ресейдің отаршылдығы тұсында да, Советтік саясат жылдарында да жеткілікті деңгейде ашылмай, айтылмай келген еді. Бірқатар ақындардың шығармашылығы кеңестік идеология қалыбымен жаңсақ бағаланып отырды. Қазақ әдебиеті тарихы кітабының төртінші томы мен бесінші томын оқу барысында бұл жаңсақтықтардың түзелгенін байқаймыз.
Қазақ әдебиеті тарихының төртінші томында ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдеби процестерге талдау жасалса, ал бесінші томы осы ғасырдың ІІ жартысына арналады. Сол кезеңдегі әдебиеттің даму ерекшеліктері сарапталып, белгілі сөз зергерлерінің мұралары қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеліп келеді. Халық әдебиеті мен жыраулар поэзиясы оның алдындағы құнарлы қабат ретінде алынып, ХІХ ғасыр кезеңіндегі қазақ әдебиетінің жай-күйі және жаңа әдебиеттің өркендеу жолына ұласу заңдылықтары ескеріледі. Бұл кітапта қазақ әдебиетінің ерекше тегеуірінді, рухы асқақ, идеялық-көркемдік шарықтау дәуірі - ХІХ ғасырдағы ішкі жаңғыру заңдылықтары тарихи шындық тұрғысынан сараланып отыр. Көркем әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың сабақтастығы, сонымен қатар ұлттық әдебиеттің халықтық қасиеті тұңғыш рет ғылыми түрде негізделіп, басты сипаттары мен заңдылықтары дәйектелген. Көптеген ақындардың мұралары қайта қаралды, архивтерде тұмшаланып жатқан деректер назарға алынды, жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланған. Тәуелсіздік алғанға дейін әдебиет тарихындағы орны жете сараланбай келген Көтеш Райымбекұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы сынды бірнеше ірі ақындардың шығармашылығына назар аударылған. Шал Құлекеұлы, Махамбет Өтемісұлынан бастап бірқатар көрнекті тұлғалардың туындылары арнайы талданған.
Қазақ әдебиеті тарихының ең бір тынысты, мазмұнға бай кезеңі - ХІХ ғасыр шығармаларын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарауға тура келеді. Демек, ХІХ ғасырды еңсеріп ХХ ғасырдың советтік дәуіріне аяқ басқан алғашқы ширегін қамтитын ұлттық әдебиеттің жаңа дәуір әдебиеті кезеңі үш дәуірге сұрыпталып қарастырылмақшы. Бірінші кезең - ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет, екінші кезең - ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет деп желіленді. Ұлттық әдебиеттің бұл үш белесі негізінен қазақ ақын-жазушыларының, зиялы қауым өкілдерінің елдік құрылымды, мемлекеттік тәуелсіздікті, елдік әдебиетті көксеп, сол жолда жанын салып ізденіп жұмыс істеген, ашық саяси күреске бел шешіп кірген тұсы. Бір ғасыр бойы жүрген ұлт-азаттық күресі мен ұлттық азаттық аңсары ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қозғалысына барып ұласты. Қазақ әдебиеті мен қазақ елінің тарихында бұрын-соңды мұндай азаматтық-саяси бағыты айқын тегеуірінді дәуір болған емес. Алашорда қайраткерлерінің саяси күресі есіл кетіп, қазақ елінің кейінгі тағдыры советтік заманға жалғасқандығы мәлім.
Қазақ әдебиеті тарихының төртінші томындағы зерттеулер мен талдаулар ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы (1800-1850 жылдар аралығындағы) әдебиеттің даму заңдылықтарын қамтиды. "ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті" атты шолу мақала осы кезеңдегі әдебиет тынысына сараптама жасап, негізгі бағыттары мен көркемдік ерекшеліктерін көрсетуге арналған. ХVІІІ ғасырдың соңында дүниеге келіп шығармашылық ізденістері ХІХ ғасырда көрінген ақын-жыраулар мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, әдеби шығармалар жазған тарихи тұлғалардың өмір жолы мен әдеби қызметі ғылыми айналымға ұсынылған. Отыздан аса ақын-жыраулар мұралары қарастырылған. Сол кезеңдегі әдебиеттің даму тынысының өзіндік ерекшеліктері сипатталып, негізгі заңдылықтары зерделенген, он бес ірі суреткерлердің шығармашылық портреттері жасалынған.
Әдетте әдебиет тарихына қатысты академиялық басылымдарға шығармалары жете зерттеліп, зерделенген, белгілі бір ғылыми тұжырымды көзқарас қалыптасқан тұлғалар қосылатындығы белгілі. Қай ғасырда да қазақ ақын-жыраулары, көркем сөз шеберлері көп болғандығы да шындық. Бұл ХІХ ғасыр әдебиетіне де қатысты жай. Қолжазбалары мұрағат қорларында сақтаулы, мерзімді баспасөзбен бірді-екілі кітаптарда шығармалары тиіп-қашып жарияланған, немесе мұралары жарық көрсе де зерттеліп, бағалана қоймаған ақын-жыраулар тіпті көп. Кейбірінің әдеби-көркем мұралары ауқымды болып келсе, енді біреулерінің үш-төрт, әлде оншақты өлеңдері мен айтыстары ғана сақталып қалған. Тәуелсіздік алған жылдардағы егемендік пен еркіндік бұл салаға да өз жаңалағын әкелді. Көптеген ақын-жыраулар әдеби айналымға қосылды. Сонымен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әр ауылдан ақындар мен батырларды атап-түстеп, дәріптеу үрдісі басталды. Бұл көбінесе жер-жердегі әуесқой әдебиетшілер мен әдебиет жанашырлары тарапынан шашыраңқы, стихиялы түрде жүрді. Кейінгі жылдарда арнайы ғылыми мамандандырылған экспедициялар шығару дәстүрі мүлде тоқтап қалғандықтан, ел ішінде бастау алған әдеби мұраларды жинап-насихаттау мақсатындағы талаптардың бәрі бірдей ғылыми тұрғыда тиісті деңгейде нәтиже бере бермейді. Міне, осындай себептермен, жеткілікті зерттеліп, белгілі бір ғылыми тұжырым түйіп үлгермегендіктен ақын-жыраулардың енді бір қатарының шығармаларын академиялық зерттеу кітабына қосудың реті келмеді. Бұл әдебиеттану ғылымының үздіксіз жалғаса беретін, кезең-кезеңімен атқарылатын төл ісі. Енді бірқатар ақындардың есімдері мен шығармалары аталып, қысқа мағлұматтар ұсынылған.
Жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары (ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезі) ғылыми-зерттеу жобасы авторларының құрамында көрнекті әдебиетшілер мен белгілі әдебиет зерттеуші мамандар атсалысты. Енді еңбектің құрылысына келсек, төртінші томды жазуға ғылыми жобаның жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Егеубаев (Кіріспе, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму заңдылықтары, Көтеш Райымбекұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Ысмағұлов (Шал ақын Құлекеұлы), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.С. Қирабаев (Жанақ Сағындықұлы), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Жұмалиев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.А. Қасқабасов (Махамбет Өтемісұлы), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Жұмалиев (Шернияз Жарылғасұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Дербісалин (Шөже Қаржаубайұлы), филология ғылымдарының кандидаты
Қ.Сыдиықов (Абыл Тілеуұлы, Нұрым Шыршығұлұлы) филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Тілепов (Қобылан Бөрібайұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор С.Негимов пен филология ғылымдарының кандидаты Н.Ахат (Орынбай Бертағыұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жармұхамбетов (Шортанбай Қанайұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбеков пен әдебиетшілер К.Ахметова, М.Төлепбергенов (Ұлбике Жанкелдіқызы), филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.С.Қорабай (Сабырбай Ақтайлақұлы), филология ғылымдарының кандидаты Қ.Раев (Дулат Бабатайұлы), Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкері С. Қамшыгер (Түбек, Сүйінбай Аронұлы) қатысты. Зерттеу жұмысында еңбектері ғылыми айналымға тартылды.
Социалистік реализм әдебиеті тұсында жазылса да ғылыми құндылығын жоғалтпаған, әдебиеттану тарихында маңызды орын алатын бірді-екілі еңбектерді ғылыми айналымға қосқанда, кезінде кеңестік идеология тұрғысынан айтылған байламдарды қайта қарап, тиісті жерінде ғылыми сипатына нұқсан келмейтіндей етіп редакциялап ұсынуға тура келді дейді еңбекті құрастырушылар.
Қазақ әдебиетінің қарастырылып отырған кезеңі туралы бұған дейін жарық көрген зерттеулер мен ғылыми еңбектердің маңызы өте жоғары. Қазақ әдебиетінің тарихы атты тарихи мәні тәлімді академиялық көптомдықтың (Алматы, 1960) бірінші томының кіріспесінде, әдебиет зерттеу саласындағы еңбектерге арнайы байсалды талдау жасалған сүбелі тарауларында қазақ әдебиетінің тарихын ежелгі дәуірлерден бері байыптап саралаған зерттеуші ғалымдар мен олардың кітаптары мен талдауларына кең көлемді шолу ұсынылып, лайықты баға берілген. Ол ғылыми мағлұматтар мен кітаптарды түгел тізіп қайталап жатудың реті жоқ деп ойлаймыз. Әрине, социалистік реализм әдісін ұстанған тұста жарияланған зерттеу жұмысының өзіндік саяси сипаты бар екендігі анық, әйтсе де қазақ әдебиетінің тарихына қатысты сараланған ерекше бай мұралар мен деректер, тұлғалы қаламгерлердің талантты толғамдары мен терең танымдық көзқарастары ұлттық әдебиеттану ғылымының қастерлі қазынасы. Өткенді мансұқтау өзектен үзілу. Сөз болып отырған Қазақ әдебиетінің тарихы атты академиялық көптомдық, басқа талантты еңбектер де әдебиеттану ғылымының айналымынан түспейтіні, әлі де талай зерттеу жұмыстарының өзегіне айналуы күмәнсіз. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде де әдебиет тарихы, оның ішінде ХІХ-ХХ ғасыр әдебиеті тарихы мен теориясы жайлы бірқатар іргелі зерттеу кітаптары жарық көрді. Олардың негізгілері қосымша бөлімде ұсынылып отырған қысқаша библиографиялық көрсеткіште берілген [1, 10-26 б.].
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әдеби мұралардың қолжазбаларына ғылыми сипаттамалар мен библиографиялық көрсеткіштерді әзірлеуге институттың Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкерлері Т.Берікболов, С.Қамшыгер, Ж.Керімбек, А.Сейітова, аспиранты Қ.Мұқашева қатынасқан
Қазақ әдебиеті тарихының бесінші кітабы, жоғарыда айтылғандай ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдеби даму заңдылықтарының басты ерекшеліктерін саралап көрсетуге, сол кезеңде өмір сүрген ақындардың мұраларын талдап зерделеуге арналған.
Сонымен, он томдық Қазақ әдебиеті тарихының төртінші - бесінші кітаптары тұтас бір ғасырдың әдеби тарихын қамтиды. Бұл ғасыр әдебиеті өз уақытына сай жедел дамыған, жаңғыру үрдісі кең, мазмұны барынша бай әдебиет болуына орай, әр жылдарда оның тарихи-теориялық мәселелері де жан-жақты зерттеліп отырды. Академиялық зерттеу еңбектерінің ішінде 1961 жылы жарық көрген Қазақ әдебиетінің тарихы үш томдығының екінші томының тұтас бір кітабы осы ХІХ ғасыр әдебиетінің тарихына арналған еді. Осы кезеңнің әдеби мұралары өткен ғасырдың өзінде көрнекті зерттеушілердің жарыққа шығарған жинақтарында жарияланды. В.В. Радловтың Түрік рулары әдебиетінің нұсқалары атты кітабы (1870 ж.), Я. Лютштің Қырғыз хрестоматиясы (1883 ж.), А.Е. Алекторовтың Қырғыз хрестоматиясы (1889 ж.), Ы. Алтынсаринның Қырғыз хрестоматиясы (1879 ж.), Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары (1911 ж.), т.б. бірнеше кітаптарда қазақ әдебиетінің ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы шығармалары баспа бетін көрді. Бұл басылымдардың бәрі де қазақ әдебиетінің тарихында елеулі із қалдырды, әрі олар ХІХ ғасырдың екінші жартысында баспа бетінде шыққан еді.
Ғалымдар мен әдебиетшілер осы кезеңдегі әдебиет тарихына арналған еңбектерін әр жылдарда жариялап жұртшылық назарына ұсынып отырды. Бұл орайда С. Сейфуллиннің Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары (1931 ж.), Қазақ әдебиеті (1932 ж.), С. Мұқановтың ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті (1932 ж.), ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан очерктер (1942 ж.), М.Әуезов, М. Жолдыбаев, М. Қаратаевтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті (1933ж.), т.б. еңбектер күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген Қазақ әдебиетінің тарихы атты академиялық көптомдық зерттеу еңбегі әдебиет тарихын, оның ішінде ХІХ ғасыр әдебиетінің мұраларын зерттеудегі межелі бір белес болса, одан кейінгі кезеңдерде де ХІХ ғасыр әдебиеті жайында белгілі ғалымдардың, қаламгерлердің зерттеу еңбектері мен көзқарастары түрлі деңгейде жарияланып келді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет тынысын зерделеуге арналған бесінші томда бұрынғы зерттеу жұмыстарына да методологиялық тұрғыдан назар аудара отырып, көптеген әдеби мұралар жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарында рухани дүниенің жаңғыруына, әдебиетті жаңа ұлттық таным өресінен тануға ұмтылыс басымдықпен жүргені аян. Сол мақсатта көптеген бұрыннан мағлұм шығармалар мен авторлардың дүниетаным тұжырымдары тарихи шындыққа сәйкес талданды. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен қазақ қоғамының тарихы арасындағы жанды байланысқа баса назар аударылып, содан туындайтын көркемдік шындық пен тарихи шындықтың аражігіне көңіл бөлінді. Жаңа әдебиет пен дәстүрлі әдебиеттің өзара үндестігі мен көркемдік-эстетикалық бағыттарының аражігі ескеріліп сөз болды. Ғасырдың екінші жартысында пайда болып ұлттық әдебиетті әлемдік мәдени процесс биігіне көтерген Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев тұлғалары мен олардың әдебиеттегі мәртебелі реформаторлық қызметіне арнайы тоқталып өту қажеттігі бүгінгі таңда аса айқын көрінді. Сондықтан да, ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен бұл ұлы жаңашыл дарындардың дәстүр жалғастығы ХХ ғасырда да қанат жайды.
Абай мектебі, Абай дәстүрі мен дүниетанымы ХІХ ғасырдың соңынан бастап жаңа қазақ әдебиетінің алтын арқауына айналды. Осы кезеңде қазақ әдебиеті жанрлық, түрлік тұрғыдан, мазмұн мен халықтық мұрат жағынан жедел өсіп өркендеді. Әдебиеттің поэтикасы байыды, тәжірибесі молықты. Баспасөз бен әдебиет байланысы артты. Қоғам мен әдебиет аралығындағы байланыс барынша айқындық сипат алды. Әдеби байланыс өрістеді. Тұтастай алғанда, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен соңына қарай әдебиет жаңа сипаттармен толысып, ұлттық сананың сара көрінісіне жол ашты. Қазақ әдебиеті тарихының бесінші томы осындай әдеби даму арналарының басты-басты сипаттарына ден қоюмен ерекшеленеді. Бұның өзі аталдған кезеңнің әдебиет тарихындағы орасан зор маңызын көрсетеді.
Бесінші томды әзірлеуге әдебиеттанудың көрнекті мамандары ат салысты. Жас әдебиетшілер еңбектерімен қоса, осы дәуір заңдылықтары туралы терең із қалдырған ірі зерттеушілердің көзқарастары мен еңбектері де ұжымдық зерттеу ісінде өзіндік орнын тапты. Көптеген ақындардың шығармалары мен өмірбаян деректері туралы қысқа тұжырымды шолу дәйектері ұсынылды. Он алты көрнекті ақынға арнайы монографиялық сымбаттамалар әзірленді. Бесінші томның алғы сөзін, ғылыми шолу мақаласын (ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті) филология ғылымдарының докторы, профессор, зерттеу жобасының жетекшісі А.Қ. Егеубаев жазған.
Монографиялық тарауларға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор З. Ахметов пен ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасовтың (Абай Құнанбаев), академик З. Ахметовтың (Шоқан Уәлиханов, Шәңгерей Бөкеев), ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Ысмайыловтың (Біржан Қожағұлұлы, Әнші-ақындар, сал-серілер), филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р. Бердібайдың (Мұсабек Байзақұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Ергөбек Құттыбайұлы), профессор Ж. Ысмағұловтың (Ыбырай Алтынсарин, Нұржан Наушабаев), филология ғылымдарының докторы, профессор Н. Келімбетовтің (Шәді Жәңгіров), филология ғылымдарының докторы А. Нұрқатовтың (Ақан сері Қорамсаұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жармұхамедұлының (Базар жырау Оңдасұлы, Қожабай Тоқсанбайұлы, Серәлі Еруәліұлы), профессор М. Жармұхамедұлы мен Т. Әлбековтің (Айтыс), филология ғылымдарының кандидаты Қ. Сыдиықовтың (Ақтан Керейұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбілқасымов пен филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұлұлының (Әсет Найманбаев), филология ғылымдарының докторы, профессор У.Қалижанның (Ақмолла Мұхамедиярұлы), филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаровтың (Мұрат Мөңкеұлы), филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ә. Оспановтың (Майлықожа Сұлтанқожаұлы), филология ғылымдарының кандидаты Б.Ердембековтің (Әріп Тәңірбергенов) атты зерттеулері қосылған [8, 16-28 б.].

1.2 ХІХ ғасыр қазақ ақындары әдеби мұрасның тақырыптық-идеялық сипаты
XVIII ғасырдың соңғы жағынан бастап, қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүр біртіндеп ығысып, жеке ақындық өнерге орын бере бастады. Жыраулық поэзияның қалыптасқан дағдылы сөз саптауы, ел тағдырын ту ғып ұстап, ерлікті асқақтата мадақтаған биік пафосты үні сабасына түсіп жаңа ақындық өнер арқылы күнделікті тіршіліктің сан-саласына, жеке адам өміріне, оның ісі мен қылығына, қоғамдағы орны мен қызметіне үңілуі байқалады. Бұл - әдебиет дамуындағы жаңа дәуірдің басталуы еді. Ұлттық әдебиеттегі адамды, оның мінез-құлқын, ішкі құбылысын суреттеуге бет-бұрыс осы кезеңнен басталады. Ақындар да өмір шындығын нақтылықпен тануға, оны өзінше түсінуге, оған көзқарасын білдіруге мүмкіндік алды. Осымен байланысты әдебиеттің тақырыптық өрісі кеңейді. Бұл арқылы жеке ақындық шығармашылық өнер байып, өзіндік көркемдік бояу іздеу жолына түсті. Осы жолмен ол ауыз әдебиеті дәстүрінен біртіндеп алстап, кәсіптік поэзияның қалыбына кірді [2, 48 б.].
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті өзінің мазмұны менидеясы жағынан біраз ілгерілеген, қоғамдық мәні зорайып, әлеуметтік беті айқындала бастаған әдебиет. Бұл кез әдебиетіндегі дәуір көрінісі айқын бейнеленді үстем қоғам билеген заман сыры жан-жақты ашылып, қоғамдық, ұлттық сананың ояна бастағаны, әлеуметтік теңсіздіктер, қоғамдық, таптық қайшылықтар жырланып, қазақ ақындарының ел ісіне белсене араласып жатқан кезеңі танылады. Патшалық, аға сұлтандық өктемдіктерге жергілікті үстемдік озбырлығы қосылып, қалың ел, еңбекші бұқараның қасіреті молайып жатқан бұл кез поэзиямызда өзінің реалистік сипатын табады. Шыдамы таусылып, басқа амалы қалмаған шаруалардың қолына қару алып, хан-төре, аға сұлтан тобына қарсы аттанғаны үлкен оптимистікпен жырланады. Қазақ поэзиясы бұрынғы біріңғай сарыннан арыла бастайды, батыл істерді жақтайды. Бұрынғы кейбір жыраулар алланың рақымын тілеп жақсы патша, мейірімді хан-сұлтандарды ақылға шақырып, кем-кетік, жоқ-жітікке аяушылық жасап, мейірімді іс-қылуға үндеп, әділет жолынмеңзеп, адамгершілік ақылдар айтып, ағайыншылыққа баулу немесе алыстан тоят тілеп, басқа бір қиялы өмірді, жайлы өңірді, жағасы жаз, суы бал жер ұйық күні нұрлы жанға рақат, малға жайлы - Жиделі байсын сияқты мекенді армандаумен қанағаттанып келгенді. Бұл сарыннан жаңа дәуір поэзиясы түгел арылып кетпесе де, оның алдыңғы қатарлы өкілдері заманы ұсынған жаңа талаптарға сай, зұлымдыққа, әділетсіздікке қарсы, батыл күрес идеяларын қолдап атой салып, Ереуіл атқа ер сауға үндеді. Осылайша қазақ поэзиясында жаңа бір өршіл сарын пайда болды. Көтеріліске аттанған халықтардың қаһарл күші мен айбынды алып бейнелерін танытар жаңа пафосты ерлік идеядағы күресшіл поэзия бой көрсетті. Бұл сайып келгенде өзіне дейінгі батырлар жыры дістүрінің жаңарған тың түрі. Идеялық жағынан өскен бұл поэзияның табысы еді. Қазақ елін - билеп-төстеп отырған төре-шора, би-болыс, дін иелері, молла, ишан, қалпе-қазірет, бай-шонжарлар кейбір ақындарша бұрынғыдай, қызыр қонған құдайдың сүйген құлдары боп, тақсырлап сөйлеп, мадақ жырларының кейіпкерлері бола бермейді. Енді олардың шындық беттері ашылып, халық алдында әшкере болады, олардың аттарына лайық сын-сықақ жір толғанып, поэзияның шыншылдық беті айқындалады. Осылайша қазақ поэзиясының халықтық беті ашылып, бұқарашыл идеялары нығаяды. Еңбекші халықтың талап-тілектері, мұң-мұқтаждары бірінші қатарға шығарылып, азаттық, ерлік күрес, ел тәуелсіздігі жоқталады. Хаалқының қамын ойлап, ел үшін еңіреп туған ерлер істері дәріптеліп, әділеттік, адамгершілік пікірлер ұсынылады.
ХІХ ғасыр ақындары өзінің жаңа идеяларын поэзияның бұрынғы дәстүрлі үлгі формаларында жырлады. Ертеден қалыптасып, қазақ поэзиясында берік орныққан поэтика, көркем түр, стиль әдіс-тәсілдер әрбір ақынның үйреншікті, төселген, жаттыққан бейнелеу, сурттеу құралдары болатын. Ең алдымен, халықтың поэтикалық творчествосы қалыптастырған өлең құрылысы, буын өлшем, ырғақ-ұйқас жүйелері қаз-қалпында сақталды. Әсіресе, халықтық қара өлең, толғау, айтыс, өлең формасын жиі қолданады. Осылардың ішінде, ХІХ ғасыр поэзиясын кең өріске көтеріп, ілгері дамытқан жанрлары деп арнау, толғау, айтыс формаларын ерекше атап көрсеткен орынды.
Әрине, бұдан аталмыш поэтикалық формалар ескіі қолданылған қалпынан өзгерместен бұрынғысынша пайдаланылды, формада еш прогресс болмады деген бір жақты ұғым тумаса керек. Не дегенмен жаңа дәуір поэзияға жаңа мазмұн мен идеялар ғана беріп қоймайды. Соған лайық жаңа формаларды да талап етіп отырады. Бұрынғы дәстүрлі формалардың өзі жаңа идеяны жырлау үстінде біраз жаңғырады, жақсарады, жетіледі, олар өзінің жаңа қырынан көрініп отырады. Мысалы, Махамбет Өтемісұлының толғаулары өзінің екпінділігімен, ырғақтылығымен өзгешеленіп, толғау формасын идея жағынан да, түр жағынан да жаңартты деп айтуға болады. Шернияз бен Сүйінбай арнауары да осындай жаңалықтармен өзгешеленеді.
Айтыс жанрының ақындық өнер, импровиизация өнері ретінде дамуы біржола қалыптасулары да осы дәуір поэзиясының үлесіне молырақ тиеді. Бұл кездің кейбір арнаулары толғау дәрежесіне, кейбір толғаулары дастан дәрежесіне, кейбір айтыстары диологты поэма дәрежесіне көтерілгені байқалады. Сөйтіп, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті өзінен бұрын жасалған әдеби формаларды жаңғырта пайдаланып өскен, дәуір талабына сай мазмұнды дамыған, негізінен, көне поэтикалық үлгілерді өз бойында сақтап келген дәстүрлі әдебиет болды [7, 61-62 б.].
Қазақ халқының тарихи өткен жолын шолу мен оған баға беруде, әдебиет туындыларын солармен байланыста қарастыруда Мұхтар сөзі алғашқ ғылыми ойлардың басы десе боларлық. Мұны М.Әуезовтың Әдебиет тарихы атты кітабының Тарихи өлеңдер мен Зар заман ақындары бөлімдерінде толық баяндаған. Оның тарихсыз заманда (тарихы жазылмаған деген мағынада) шыққан кітабындағы бұл ойлар да сонылығымен бағалы. Ол қазақ елінің кең даланы еркін жайлап жүрген заманындағы әдебиет үлгілерінде Қайдабарамын, не тілеймін, кім боламын? деген сұрауларды өзіне қоймаған ел боғанын айта отырып, отаршылдықтың заманы туған кезде ғана әдебиетте бағыт, мақсат деген нәрселердің туғанына, жаңалық іздеп, бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын деген күй, бірлік, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастағанына, содан бастап жазба әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастағанына, содан бастап жазба әдебиет дәуірі туғанына тоқталады. Осылардан бастап әдебиет әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтайға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт-санасын құрай бастайды, - дейді ол [11, 147 б.].

2 ХІХ ҒАСЫР АҚЫНДАРЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЖАСТАР БЕЙНЕСІНІҢ СОМДАЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ

2.1 Ақындардың шығармаларындағы ер жігіт бейнесі
Ғалым Серік Қирабаев Махамбет жайлы, оның поэзиясы туралы мынадай пікір қалдырған: Махамбет Өтемісұлының бүкіл өмірі мен ақындық қуаты түгелдей дерлік халық қамына жұмсалды. Махамбеттің алып жүрегі халыққа атой салған алып қоңыраудай күмбірлеп, тау құлатар тасқын толқындай тулап, дамыл таппады. Кеудесін кернеп, халқының мұңы мен зарын толғады.
Махамбет қалың көпшілік басындағы бақытсыздықты тек қана бір құдайдың ісі деп, сол тәңірдің ғана рақымын тілеп, тағдырға бас ұруға жүгіндірген қараңғылық тарына қарсы болды. Ол езілген елдің өз күшіне сенімін молайтып, жарқын болашаққа көзін жеткізуге күш салды. Еңбекшң басындағы барлық ауыртпалықтың түп тамыры хан-сұлтандардың таптық езгісінде екенін танытуды көздеді. Осындай ізгі ниет ақындық зор шабытқа ұштасып, халық жүрегіндегі қайғыны серпілтер, ел еңсесін көтерер жігерлі жыр туғызды.
Махамбет жырлары патша отаршылдары мен хан билігін, олардың қалың елге қарсы саясатын өткір әшкерелейді. Оның Баймағамбет сұлтанға айтқаны, Жәңгір ханға айтқаны - билеушілер алдында сөзін ірікпеген, ірі батыр-ақынның монологы.
Махамбет көтеріліс басшыларын жырлау арқылы жаңа заманның батырларын, халық мұңы мен тілегін арқалаған нақты жаңа қаһарманды танып суреттейді. Оның Исатай туралы өлеңдерінен бұл анық көрінеді [14, 208 б.].
Махамбеттанушы Қ.Жұмалиев былай дейді: Махамбеттің әдебиет тарихына жататындығы талассыз мәселе екендігін былай тұрсын, ХІХ ғасырдың бірінші жарымындағы қазақ әдебиеті тарихында феодалдық идеяны және демократтық идеяны қолдаған екі түрлі ағым болды десек, осы демократтық бағыттағы, әдебиетттік ағымның басы да, айқын үлгісі де - Махамбет.
Халықтың жырын жырлап, таяғын соғу ісінде Махамбет еңбегі тарихи еңбек. Осы еңбегі үшін де халық оның сөздерін сары алтындай сақтап алып кеп, оның шын мұрагері - совет жұртшылығына табыс етті.
Махамбет ең алдымен халқын, Отанын сүйген патриот ақын. Оның өлеңі - елін тереңнен сүюдің айқын үлгісі. Санасы оянып, ойы өсе бастаған күннен бастап-ақ ақын жалпы халық көпшілігін езіп отырған хан, сұлтан, би-төрелерге қарсы шықты. Найзасына асыл сөз, өткір тілін қоса жұмсады. Көпшілікті езушілеріне қарсы қарулы күреске шақырды.
ХІХ ғасырдың бірінші жарымын қамтитын әдебиет тарихында адам образын, батырдың образын жасауды өзіне шейінгі халық әдебитінің табыстарын меңгеруші де, олардың кемшілігін қайталамай, шын мәніндегі реалистік образ жасаушы бірінші ақын да Махамбет болды [10, 96 б.].
Махамбет өз өлеңдерінде Исатайдың образын - батыр образын жасады. Ақынның көп өлеңдерінің геройы - Исатай, көп өлеңдеріне желі болған да оның ерлік істері. Исатайға тікелей арнап шығарылған Тарланым, Мінкен ер, Тайманның ұлы Исатай, Исатай сөзі, Қызғыш құс, Исатай деген ағам бар деген өлеңдер. Бұлардан басқа: Мұнар күн, Исатай мен Жақия, Соғыс, Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны т.б. өлеңдерінде де Исатайдың ерлік істері мен адамгершілік, азаматтықтары жырланады [2, 362 б.].
Исатай - құр ғана әдеби герой емес, тарихи адам. Махамбеттің өзі айтқандай, қайтпас ер қаһарман батыр, бұқараның көрнекті ұйымдастырушысы, даңқты қолбасшысы. Исатайдың халық көпшілігіне жақындығы, ел арасындығы беделін арттырды да, уәдесіне берік, сөз ұстағыштығы, сонымен қатар, халықтың ойлаған ойын тілек арманын, мұңы мен зарын ұға білушілік, солар үшін неге де болса, әзір екендігін сөзде емес, істе дәлелдей алушылық - оның соңына халық ерерліктей зор қасиеттің негізділері боп саналады.
Исатай бастаған шаруалар көтерілісі, ірі қимыл оның жеке басындағы кейбір қайшылық, кемшіліктерді желге ұшырып, бойындағы нәрі мен барын жарыққа шығарады, сөйтіп оның атын мәңгілік етіп тарихқа қалдырды. Күрес үстінде батыр өсіп, жеке бас қамы емес, халық қамын, ел мүддесін ойлайды. Бұл тәрізді үлкен адамгершілік қасиет ісіне көрік, атына даңқ досты.
Исатайдың ерлік, адамдық қасиеттері жайлы, тарихшы А.Ф.Рязанов: Исатай батыр бар өмірін осы халықтың күресіне құрбан етті. Ешқандай қиыншылық, оның істері жөніндегі күңкіл сөздер, ешқандай жеке басының қайғысы, оның темірдей еркін қайыстыра алмады. Ол соғыста бір баласынан айырылды, бір әйелін қазаға ұшыратты және бір әйелі мен екі ұлындұшпанның қолына түсірді. Бұлар зор қайғы еді. Бірақ олар да батырды мойыта алмады, қайта оның жүрегіндегі өжетті кекті қайната түсті, өзінің және халықтың жауларынан көрген қайғы-азаптары оны шынықтырып жіберді! - деп жазды.
Тарихшы Рязановтың бұл мінездемесіне Махамбет өлеңдерінде берілетін сипаттар да дәл келеді. Бұл жағдай өте көңіл аударатын нәрсе. Рязанов пен Махамбет бір-біріне білмесе де, Исатай туралы айтқандарының бір жерден шығуы - шындық өмірдің өзінде Исатайдың тап сондай адам болғандығын айқындайды [10, 109 б.].
Махамбет те Исатайды әрі көтеріліс көсемі, әрі батыр, қайыспас берік, әрі ақылды, халық тілегін жеке басының мақсатынан жоғары санайтын, мақсатына жету жолында қайрат көрсететін, басқалардан жөні бөлек, шоқтығы биік жан етіп көрсетеді.
Тарланым деген өлеңінде:
Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Саған ұсынсам қолым жетер ме,
Арызым айтсам өтер ме?
Арыстаным, көп болды - ау
Саған да менің арманым!
Кермиығым, кербезім!
Керіскідей шандозым.
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағыңа сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған.
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан.
Айқайласа белдік байлаған,
Астана жұртын айналған,
Астына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңреткен;
Атқан оғы Еділ - Жайық тең өткен:
Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздай жалатқан,
Арыстан еді - ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде Арыстан одан кім өткен?! -
дейді.
Исатайдың сырттқы потретіне мінезі мен ақылы сай, басқалардан анағұрлым ілгері адам етіліп суреттелумен қатар, осы үзіндінің өзінде ақынның Исатайға дееген терең сүйіспендікпен, жүрегін жарып шыққан жылылықтың лебі де бетке үргендей сезіледі.
Оның портрет, мінез-құлқын көрсету үшін ақын қазақтың бай тілінен ең шұрайлы эпитет, теңеу, метафора, алуан көркем сөз образдарын қолданады. Сонымен қатар, батыр образын жасауда Махамбетке ауыз әдебиеті, әсіресе, батырлар жырының азды-көпті әсері болғандығы аңғарылады. Мысалы: ер - түсінігіндегі айнымай жауға шауы, алынбас қамал бұзған адамдарға қолданылатын тұрақты эпитет. Осыдан келіп: Ер Тарған, Ер Сайын, Ер Көкше, Ер Қосай т.б. Сондай-ақ Махамбетте де Исатайдың алдында тұрақты эпитет ер көп жерлерде қолданылады. Кейде батырлар жырында жиі ұшырайтын әсіреулер де Махамбетте аз кездеспейді.
Арыстан еді-ау - Исатай,
Бұл фәнидің жүзінде,
Арыстан одан кім өткен -
немесе:
Қоғалы көлдер суалып,
Тізеге жетер жетпес күн болған, т.б.
Әйтсе де, Махамбеттің образ жасаудағы әдісін де, образының идеялық мәнін де, оқушыларына ететін әсері мен тәрбиелік мәнін де, оқушыларына ететін әсері мен тәрбиелік мәні де, бұрынғы жардағы батыр образдарымен бір сатыға қоюға болмайды. Махамбет образдарының олармен жақынддығы болумен бірге, өзіне тән ерекшеліктері де бар.
Исатайға берген мінездемелерінде ақын батырды ақсүйек феодалдар тілегінен аулақ етіп көрсетеді [10, 104 б.].
Махамбетше Исатай батыр халықтың қорғаушысы болғанда жалпы халық қорғайшысы емес, соның ішінде еңбекші халықтың қорғаушысы.
Айқайласа белдік байланған,
Астана жұртын айналған.
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен.
Атқанда қардай боратқан
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан...
Бұл жердегі жұртына деген сөзге хан, сұлтан, би-феодалдардың ортағы жоқ. Ақын синекдоха арқылы жалқы ұғымның орнына жалпы ұғымды қолданады. Айтайын дегені езілген жұрт, еңбекші халық.
Геройын ақын өз аузынан сөйлеткенде:
Қорлықта жүрген халқыма,
Бостандық алып берем деп, -
дейді.
Маххамбет Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзінде Исатайға да, өзіне де осы тәрізді мінездеме береді.
Тайдағы тарлан шұбар біз едік,
Исатайдың барында.
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
ХІХ ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы мен зерттелуі
ХІХ ғасыр әдебиетінің зерттелуі
Қазақ әдебиет тарихын қай дәуірден, кімнен бастау керек деген мәселеде
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы, зерттелуі
Халық ауыз әдебиеті пәнінен практикалық сабақтың әдістемелік нұсқауы
Асан қайғының шығармаларының зерттелуі
Пәндер