АДАМ АНАТОМИЯСЫ пәнінен ДӘРІСТЕР ЖИНАҒЫ


Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ
ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ
АДАМ АНАТОМИЯСЫ
пәнінен
ДӘРІСТЕР ЖИНАҒЫ
ТҮРКІСТАН
050607, 5B060700, 050113, 5B011300-Биология
мамандығының студенттеріне арналған
Дәрістер жинағы кафедраның мәжілісінде қаралды. Хаттама № 20___
Құрастырушылар: б. ғ. к., доцент З. С. Ажибаева
б. ғ. к., аға оқытушысы А. М. Бостанова
б. ғ. к., аға оқытушы А. М. Дүйсебекова
магистр - оқытушы А. Е. Сержанова
магистр - оқытушы А. Б. Алпамысова
магистр А. А. Абдрашитов
Кафедра меңгерушісі, б. ғ. к., доцент З. С. Ажибаева
Дәрістер жинағы факультет мәжілісінде қаралды. Хаттама № 20___
Оқу-әдістемелік кеңесінің төрайымы
б. ғ. к., доцент А. К. Убайдуллаева
КІРІСПЕ
Пән туралы қысқаша сипаттама : Адам анатомиясы морфология ғылымының бір саласы, ол адам денесінің сыртқы пішіні мен ішкі құрылысын зерттеумен бірге, олардың өзара байланысын және сыртқы ортамен қатынасын және біртұтастығын дәлелдейді.
Пәннің мақсаты : Адам анатомиясы мүшелердін онтогенез және филогенез барысындағы дамуын әрі олардың өзара байланыстарын зерттеу. Студенттерге адам организмінің жүйелері, қызметі, олардың био-әлеуметтік ортамен байланыстылығы туралы білімді қалыптастыру.
Пәннің міндеттері :
- Адам анатомиясы ағзаның құрылысы мен пішін сипаттау;
- Құрылысын атқару қызметіне қарай зерттеу;
- Адам денесіндегі органдардың орналасу тәртібінің өзара байланысын зерттеу;
- Адам денесінің сырт пішінін, оның мүшелерінің пропорциясын зерттеу;
- Ағзадағы мүшелердін қалыптасуын, еңбекке, жұмыс әрекетіне және сыртқы ортаға бейімделуін зерттейді;
- Адам денесіндегі тірек-қимыл аппаратының құрылысын зерттеп, дене шынықтыруға және спортқа қажетті материал береді;
- Адамның жасына қарай пайда болатын ерекшеліктерін, өзгерісін зерттеу;
- Ұлпалық, жасушалық құрылысын препараттар арқылы тексеріп зерттеу;
- Лабораториялық сабақтарды өз бетімен тәжірибелік ғылыми зерттеу жүргізуге үйрету;
- Әртүрлі жастағы адамдармен келешек жұмыс жасайтын мамандарды анатомия пәнінен алған білімдерін пайдалана білуге үйрету.
Пререквизиттер : Орта білім беру орындарындағы алған биологиялық білімдерден, жас ерекшелік физиологиясынан, мектептегі және жоғарғы оқу орындарында өткізілетін валеологиядан, цитология мен гистологиядан, өзіңді өзің тани біл, тіршілік қауіпсіздігін сақтау және т. б. бастапқы пәндерден хабардар болуы керек.
Постреквизиттер : Адам анатомиясы курсын таңдап игергеннен кейін биохимияны, биофизиканы, генетиканы, эволюциялық ілімді, иммунологияны, микробиологияны, молекулалық биологияны, қолданбалы биологияны, экологияны студент жеңіл қабылдайды және жақсы игереді.
Клетка, ұлпа, мүше, мүшелер жүйелері, аппараттар
Адам анатомиялық тұрғыдан зерттеу кезінде шартты түрде клеткалар, ұлпалар, мүшелер, мүшелер жүйесі, аппараттар және біртұтас организм деп бөлінеді.
Клетканың құрылысы мен оның атқаратын қызметі бұрынғы курста өтілген цитология пәнінде толық айтылғандықтан, клетка жалпы тірі организмдердің әрі құрылымдық, әрі қызметтік бірлігі екендігін еске түсіріп кету керек.
Ұлпалардың түрлері және олардың құрылысы мен атқаратын қызметі де бұрын өтілген гистология пәнінде айтылғандықтан да, ұлпалардың жеке топтарына, олардың қандай мүшелердің құрамында кездесетініне және атқаратын қызметіне қысқаша ғана шолу жасау қажет.
Жануарлар мен адам денесінде ұлпалардың 4 тобы кездеседі. Олар - эпителий, дәнекер, бұлшық ет және жүйке ұлпалары деп аталады.
Ұлпа дегеніміз - шығу тегі, құрылысы және атқаратын қызметі біркелкі клеткалар мен клетка аралық заттардың жиынтығынан тұрады.
1. Эпители ұлпасы адам терісінің сыртқы қабатыр, ішкі мүшелердің ішкі сілемейлі қабығын, дегендегі бездерді түзеді де, жабын және қорғаныштық қызмет атқарады. Эпителий ұлпалары бір қабатты, көп қабатты, бір клеткалы және көп клеткалы (экзокринді, эндокринді және аралас) эпителий деп бөлінеді.
2. Дәнекер ұлпасы - нағыз дәнекер (борпылдақ және тығыз талшық), ретикулярлыө, майлы, қатты (шеміршекті, сүйекті) және сұйық (қан, лимфа) дәнекер ұлпа деп бөлінеді. Дәнекер ұлпасы тіректік, қорғаныштық, қоректік қызмет атқарады. Дәнекер ұлпаның құрамында клетка аралық заттар басым орын алады.
3. Бұлшықет ұлпасы - бірыңғай салалы және көлденең жолақты (қаңқа еттері, жүрек, кейбір ішкі мүшелер) деп бөлінеді. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасы адам еркінен тыс жиырылады. Жүрек бұлшықеттері құрылысы жағынан көлденең жолақты болғанымен адам еркінен тыс жиырылады. Ал, адам денесіндегі қаңқасындағы көлденең жолақты бұлшықет ұлпалары адам еркіне сай жиырылады.
4. Жүйке ұлпасы - орталық жүйке жүйесі (ми, жұлын) мен шекті жүйке жүйесін (жүйкелерді, жүйке түрлерін, ганглияларды) және нейроглияларды түзеді. Жүйке ұлпасы сезгіштік, қозғыштық, байланыстырғыш, тіректік, қорғаныштық және қоректік қызмет атқарады. Жүйке ұлпасының ең кіші құрылымдық және қызметтік бірлігін - нейрон деп атайды. Жүйке ұлпасы сезім мүшелерінен келетін импульстарды талдап, саралап жауап қайтарады. Сонымен бірге, жүйке ұлпасы организмдегі жеке мүшелер жүйесін бір - бірімен және оларды сыртқы ортамен үнемі байланыстырып, олардың қызметін үйлестіріп, организімнің біртұтастығын қамтамасыз етіп отырады.
Мүше - өзінің белгілі бір пішіні, құрылысы және белгілі қызмет атқаруы арқылы ерекшеленеді. әрбір мүшенің құрамында 4 ұлпаның бәрі де кездеседі. Бірақ ондағы бір ғана ұлпа көбірек кездесіп әрі басты қызмет атқарады. Мысалы, бауырда, өкпеде, бүйректе, бездерде - эпителий ұлпасы негізгі рөл арқарса, сүйектерде - дәнекер ұлпа, ал ми мен жұлында - жүйке ұлпасы басты қызмет атқаруымен ерекшеленеді.
Мүшелер жүйесі - шығу тегі, құрылысы және атқаратын қызметтері біркелкі, бірнеше жеке мүшелерден құрылады. Мысалы, асқорту, тынысалу, жүрек - қантамырлар т. б.
Аппараттар - денеміздегі кейбір мүшелердің бірге қызмет атқарумен ерекшеленеді. Адам организмінде - тірек - қимыл зәр жыныстық және эндокриндік деп жеке үш аппаратты ажыратады. Тірек - қимыл аппаратына - адам қаңқасы (пассиві бөлімі) мен бұлшық еттер (активті) жатады. Зәр - жыныстық аппаратына - зәр шығару және жыныс жүйелері, ал эндокриндік аппаратқа - ішкі секреция бездері жатады.
Адам денесінде барлық мүшелер жүйесі және аппараттар бірігіп біртұтас организмді құрайды. Бұлардың барлығының қызметі бір - бірімен үйлесімді жүріп отырады. Организмнің өсуі, дамуы және қалыпты тіршілігі сыртқы орта жағдайларымен тығыз байланысты, сондықтан да адам организмін сыртқы орта жағдайларынан мүлде бөліп қарауға болмайды.
Ағзадағы жазықтарға және осьтерге қатысты мүшелердің орналасуының негізгі латын терминдері
(А. Рақышев Анатомия терминдерінің сөздігінен алынған)
1 дәріс: Сүйектер туралы ілім (Оsteologia)
Жоспары:
1. Скелет құрылысы
2. Сүйектің құрылысы
3. Сүйектің химиялық құрамы
4. Сүйектердің байланысу түрлері
Сабақтың мақсаты: Студенттерді скелеттің, сүйектің құрылысымен, химиялық құрамы мен және сүйек түрлерімен таныстырып, остеология туралы негізгі білімін қалыптастыру.
Қаңқа құрылысы: Қаңка - скелет (sceleton - грек сөзі skele - кептіру, skeletos - кепкен) негізінде 200-ден аса сүйектерден түзілген. Көбі жұп келеді. Дененің жалпы салмағымен салыстырғанда сүйектер 10% қана болады. Бұл жағдай да жалпы сүйек құрылысының жеңілдігін дәлелдейді.
Сүйек - адамның денесіндегі негізгі жанды мүше болып табылады. Ол өзінің қаттылық қасиетінің арқасында денені қимылға келтірумен бірге тіректік қызмет атқарады. Сүйекте негізгі сүйек ұлпадан басқа нерв (жүйке) және дәнекер ұлпалары да болады. Олар сүйек құрылысында қан, лимфа тамырларын және нерв талшықтарын түзеді.
Сүйекті сыртынан дәнекер ұлпадан тұратын сүйек қабы қоршап жатады. Ол қан тамырлы болады, осы қан тамырлары арқылы сүйек қоректеніп отырады. Қан тамырлары мен нерв талшықтары сүйек ішіне арнаулы тесіктер арқылы еніп қоректенумен қатар нервтендіреді, сонымен бірге сүйек қабы қорғаныштық қызмет атқарады. Ол екі қабаттан түзілген. Сыртқы қалың дәнекер ұлпасы және ішкі - остеобласт қабаты. Сыртқы қабатына бұлшық еттердің сіңір талшықтары мен буын сіңірлері жалғаса жатады. Сүйек қабының ішкі қабаты сүйек жасайтын клеткалардан - остеобластардан түзілген. Осы сүйек жасушаларының кебеюі нәтижесінде сүйекте жаңа қабаттар пайда болып, сүйекті көлденең өсіреді. Сүйек сынған жағдайда екі сынық аралығында остеобласт жасушалары шорланып сынықтың бітуіне себеп болады.
Сүйектің құрылысы
Сүйекті ұзына бойына жарып көрсек , оның құрылысының бірыңғай емес екендігін көруге болады. Оның сырт жағы қатты заттан түзілсе, ішкі жағында кемік заты жатады. Сүйектің тығыз жағының қалыңдығы мен кемікті затының бағыты сүйекке түсетін салмаққа байланысты келеді. Мысалы, аяқ жіліктерінің сыртқы тығыз заты қол жіліктерінің тығыз затына қарағанда қалыңдау келеді. Сүйектің кемікті заты сүйек қабыршақтарының (пластинкалары) жату жағдайына байланысты. Олар бір-біріне әр түрлі бағытта жатып, өз аралықтарында саңылау қалдырады. Ол саңылауларда сүйек майы орналасады.

1 - сүйектің денесі
2 - сүйек қабы
3 - остеон
4 - сүйек басы (эпифиз)
5 - кемікті зат
6 - жілік май түтігі
7 - қан тамырлары
8 - қызыл май
9 - кеуекті зат
10 - тығыз зат
Кемік затының сүйек қабыршақтары әр түрлі бағытта жатқанымен, орналасу тәртібі сүйекке түсетін салмаққа байланысты келеді. Мұндай құрылыс сүйекке беріктік қасиет береді. Кемікті заттар жалпақ, қысқа (қабырға, омыртқа) сүйектерде тұтасынан толтыра жатса, жілік сүйектерінің бас жағында ғана кездеседі. Сүйектің тығыз заты сыртқы , ортаңғы , ішкі деп аталатын үш қабаттан түзілген. Сыртқы қабаты бір-біріне қабаттала жатқан цилиндрлерге ұқсайды. Бұлар сүйекті қоршап жатқан сыртқы жалпы қабатын түзеді.
Ішкі қабаты жіліктің май түтігіне жақын жатып ішкі жалпы қабатын жасайды. Сыртқы және ішкі жалпы қабаттарының арасында ортаңғы қабаты жатады. Осы айтылып кеткен тығыз зат құрылысы негізінен остеондардан түзілген. Олар сүйекке мықтылық, беріктік қасиеттерін береді. Көп салмақ түсетін сүйектерде остеондар жиі орналасады да, аралық пластинкалар сирек келеді, ал аз күш түсетін сүйектерде керісінше. Жалпы сүйектің ішкі құрылысы адамның жасына, атқаратын қызметіне қарай өзгеріп отырады. Бұл жағдай ескі остеондардың жойылып жаңа остеондардың пайда болуына байланысты келеді. Сүйек ішінде жілік майы жатады, оның өзі түсіне, атқаратын жұмысына қарай сары және қызыл май деп бөлінеді.
Сары май жілік қуысын (диафиз бөлігін) толтыра жатса, қызыл май жілік басында, кемікті зат аралығында кездеседі. Бұл қан түйіршіктерін шығаратын мезодермалық тканьнен түзілген. Әсіресе жасөспірім балада қызыл май көбірек болады.
Сүйектің химиялық құрамы
Сүйек құрамына органикалық және минералды заттар кіреді. Минералды заттарға негізінен кальций, фосфор тұздары мен магнезия, көмір қышқыл хлорлы натрий жатады. Олар сүйектің 2/3 бөлігін, органикалық (оссейн) заттар 1/3 бөлігін алады. Сүйектің осындай химиялық құрамы оған қаттылық қасиетімен бірге серпімділік қасиетін де береді. Мысалы, екі метр биіктіктен тасталған бас сүйегі серпімділігінің нәтижесінде сынбай, майысып барып қайта қалпына келуі мүмкін. Жалпы сүйек беріктігі жағынан темір-бетонға ғана тең келеді.
Сүйек құрамындағы органикалық және минералды заттардың барлығын мынадай тәжірибелермен анықтауға болады. Егер сүйекті отқа салып жақсақ, органикалық заттары жанып кетіп, минералды заттары қалады. Ондай сүйек пішінін қалпында сақтағанмен, серпімділік қасиетін жойып, уатылғыш, сынғыш келеді. Ал, егер сүйекті тұз қышқылының ерітіндісіне біраз уақыт салып қойсақ, минералды заттары еріп органикалық заттары ғана қалады. Мұндай сүйек қаттылық қасиетінен айрылып өте жұмсақ, майысқыш келеді.
Сүйектегі органикалық заттар мен минералды заттардың мөлшері әрдайым бірдей бола бермейді. Жас өспірім балалардың сүйегінде органикалық заттар көбірек, сондықтан да өте майысқыш әрі серпімді болады. Олардың дұрыс қалыптасып жетілуіне қатты назар аудару керек. Ол үшін балаларды фосфор қышқылы тұздарының сүйекте пайда болуына, сүйектің қатаюына жағдай жасайтын құрамында Д витаминдері бар тағамдармен көбірек қоректендіру керек. Жас ұлғайған сайын сүйек құрамындағы минералды заттардың мөлшері артып, сүйектің серпімділік қасиеті төмендейді. Сондықтан да кәрі адамның сүйектері тез сынғыш келеді.
Сүйектердің химиялық құрамы атқаратын жұмысына қарай да өзгереді. Дене салмағы көп түсетін сүйектерде мысалы: бел омыртқаларында, аяқ, сан, сирақ сүйектерінде минералды заттар көп болады. Салмақ аздау түсетін мойын омыртқаларында, қол сүйектерінде минералды заттар керісінше аз болады. Осыған байланысты спортшылардың да дене мүшелері өздері шұғылданатын спорт түріне қарай жетіледі. Мысалы, футболшылардың аяқ сүйектері жақсы жетілсе, гимнастардың иық белдеуінің сүйектері ірі келеді.
Сүйектердің байланысу түрлері
(Синдесмология Syndesmologia)
Сабақтың мақсаты: Сүйектердің байланысу түрлері туралы білімін қалыптастыру.
Жұмыстың қысқаша теориялық мағлұматы:
Сүйектердің байланысу түрлері (синдесмология Syndesmologia) . Адам денесіндегі сүйектер байланысын негізінде екі түрге бөлеміз. Егер сүйектер бір-бірімен тікелей саңылаусыз, қимылсыз қосылса, оларды қимылсыз (синартрозды synarthrosis ) байланыстар дейді. Егер сүйектер бір-бірімен аралық саңылау қалдырып қимылды қосылса, оларды қимылды (ди-артрозды diarthrosis ) байланыстар деп атайды.
Бұл екі түрлі байланыстың шығу тегін зерттесек қимылсыз байланыс ерте пайда болған, сол себептен олар төменгі сатыдағы омыртқалыларда көбірек кездеседі.
Қимылсыз байланыстар
Қимылсыз байланыстарды сүйекаралық ткань қасиетіне қарай үш түрге бөлеміз. Екі сүйек аралығын шеміршек ткані байланыстырып жатса, синхондрозды байланыс деп атайды.
Сүйекаралық шеміршектер гиалин және талшықты деп бөлінеді. Гиалин шеміршегі арқылы байланыс өте серпімді, иілмелі қимылды келеді, ал талшықты шеміршек арқылы сүйектер неғұрлым берік қосылады. Сол себептен сүйек аралығында қимыл мүлдем болмайды. Бұл байланыстарды омыртқа аралықтарында, ми сауытының сүйек аралықтарында, 1-қабырға мен төс аралығында кездестіреміз.
Екі сүйек аралығын дәнекер ткані байланыстырып жатса, оны синдесмозды байланыс деп атайды. Бұларға білек және сирақ сүйектерінің аралығындағы сүйекаралық жарғақтар, жамбастың қолсұғар тесігін жауып тұрған жарғақ, денедегі сіңір байламдары, бас сүйектерінің жік аралық дәнекер талшықтары жатады. Осы айтылған байланыстар арасында қимыл өте аз, жоқ деуге де болады.
Сүйектердің сүйек ткані арқылы байланысуын немесе сүйектену процесін синостозды байланыс деп атайды. Бұл жағдай жас балаға қарағанда ересек адамдарда кебірек кездеседі. Себебі, жас адамда, кебірек кездесетін шеміршек ткані жас ұлғайған сайын сүйектене бастайды. Мысалы, 16 жасқа дейін арасы шеміршек тканімен байланысқан үш бөліктен тұратын жамбас сүйегі бара-бара бірігіп, сүйектеніп кетеді. Сондай сүйектену процесіне шүйде мен сына сүйектері, 1-ші қабырға мен төс аралықтары жатады.
1 омыртқа аралық диск (синхондроз)
2 тісті жік (синдесмоздың бір түрі)
3 сол жіктің сүйектеніп кеткені (синостоз)

6 қабыршақты жік
4 сақиналы сіңір байлам (синдесмоз)
5 сүйек аралық жарғақ (синдесмоз)



Қимылды байланыстар
Қимылды байланыстарға адам денесіндегі буынды қосылыстар жатады. Бұлардың қүрылысы өте күрделі.
Буын қүрылысына қатысатын сүйек санына қарай жай және күрделі буындар деп бөлінеді.
Жай буын деп екі сүйек қосылысынан пайда болған буынды айтса, күрделі буын деп үш одан да кеп сүйектер қосылысынан пайда болған буындарды атайды. Жай буындарға: иық, жамбас, бұғана т. б. буындар жатады. Әрбір буын буын бетінен, оны жауып жатқан буын шеміршегінен және буын қапшығынан түзілген.
Буын беті деп екі сүйектің бір-біріне қараған, беттескен жерін айтады. Буындасушы сүйектердің беттері бір-біріне сай келеді. Бірі ойыс болып келсе, екіншісі соған сай дөңес болып бітеді. Мысалы, ортан жіліктің шар басына, жамбастың ұршық ойысы сай келсе, тоқпан жілік басына жауырынның буын ойысы сай келеді.
Сүйектердің буын беттері шеміршекпен жабылады. Оны гиалин шеміршегі дейді. Ол өте тегіс ашық-көгілдір келеді. Бұл сүйектердің бір-біріне қажалмай еркін қимылдап тұруына себеп болады.
Буын қуысы деп екі сүйек аралығындағы саңылау қуыстықты айтамыз. Бұл қуыстық буын қапшығымен айнала тұйықталып жатады. Буын беттерін ылғалдап тұратын буын сүйықтығы ол арқылы өтетін қимыл әрекеттерді оңайлатады, әрі сүйек аралық үйкеліс болмауын қамтамасыз етеді. Буын қуысындағы қысым атмосфералық қысымнан төмен болғандықтан беттескен сүйектер бір-біріне жабысып, буын беттерінің таймауына себеп болады.
Буын қапшығы байланыс жасап жатқан сүйектердің буын жиектеріне бекіп жатады. Буын қапшығы екі қабаттан тұрады. Сыртқы фиброзды, ішкі - синовиялды деп аталатын екі қабаттан тұрады. Сыртқы қабат талшықты дәнекер тканінен түзілген. Бұл қабаты буын қапшығын сырт жағынан жауып, сүйек қапшығына тіркеледі. Өте берік келеді, қорғаныштық қызмет атқарады.
Буын қапшығының ішкі қабаты қан тамырларына бай, әрі синовиялды түкшелер түзеді. Бұл түкшелер буын сұйықтығын бөліп, сүйектердің буын беттерін ылғалдап отырады. Кейбір буындарда (иық, тізе) синовиялды қабаттар буын ішіне қарай қатпарлар, бір бүйіріне қарай қалталар жасайды. Бұл құрылыстар ет сіңірлерінің өтер жерінде де жатып, сүйекті үйкеліс жағдайдан қорғайды.
Буының қозғалғыштығы оның пішініне сай келеді. Буын басының үлкен-кішілігі, оның ойыстарының саяз-тереңдігі әр түрлі болады. Буын ойындысы қаншалық саяз, жазық болса, соншалық бекемдігі азырақ келеді. Бұған тізе, иық буындарын айтуға болады. Егер буын басы ойындығы терең орналасса оның бекемділігі орнықты болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz