ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫ МЕН МОҒОЛСТАННЫҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі . XV ғасырдың 50-жылдары Әбілқайыр хандығында саяси жүйе дағдарысқа ұшырап, мемлекет ішінде хан билігіне қарсы халық наразылығы күшейе бастады. Әбілқайыр хан жүргізген үздіксіз соғыстар халыққа ауыр тиді. 1457 жылы хан әскерінің калмақтардан жеңілуі Әбілқайырдың мемлекет пен халықты қорғай алмайтын дәрменсіздігін көрсетті. Бұл жеңілістен кейін Ақ Орданың ханы Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған халықтың бір бөлігі Әбілқайыр ханға қарсы көтеріліп, Моғолстан мемлекетінің солтүстік-батысына қоныс аударады. Моғолстан ханы Есен-Бұға Керей мен Жәнібек сұлтандарды құшақ жая қарсы алып, қашқындарға Жетісудың батысында, Шу мен Қозыбасы аралығында жер бөліп береді. Жәнібек пен Керей сұлтандардың қол астындағылары «қазақ», яғни «еркін адамдар, қашқындар, өз ұлысынан бөлініп кеткендер» атауын қабылдайды. М. Х. Дулатидың «Та´рих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған уақыты 1465-1466 жылдар деп белгіленген.

1468 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болып, билік үшін өзара соғыс басталды. Соның нәтижесінде мемлекет құлдырап, оның бір бөлігін Керей мен Жәнібек хандар өз билігіне қаратты. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің және оның ұрпақтары Бұрындық пен Қасым хандардың хандықты күшейтіп, Сырдария қалалары мен Жетісуды басып алуға ұмтылысы көрші мемлекеттермен қақтығыстарға алып келді. Сырдария мен Жетісу аймағын иелену үшін қазақтардан басқа шайбанилер, моғолдар мен Әмір Темір ұрпақтары күрес жүргізді. XVI ғасырдың соңында ғана Тәуекел ханның тұсында қазақтар Сырдария мен Жетісу жерлерін толық өзіне қаратып, Түркістан мен Ташкент қалаларын Қазақ хандығының құрамына түпкілікті қосты. Осылайша, XV-XVI ғасырлар аралығында Қазақ хандығы нығайып, орталықтанған мықты мемлекетке айналды.

2015 жылы Қазақстанда Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтеді. Сондықтан Қазақ хандығының тарихы Қазақстан тарихының ең өзекті мәселелерінің қатарына жатады.

Зерттеу жұмысының мақсаты - XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихына талдау жасай отырып, хандықтың даму кезеңдерін анықтау.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

- Қазақ хандығының құрылу алғышарттарын көрсетіп, оның құрылған уақытын анықтау;

- Қазақ хандарының Сырдария мен Жетісу аймағын иелену үшін жүргізген сыртқы соғыстарын баяндау;

- XVI ғасырдағы Қазақ хандығының саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайын сипаттау.

Зерттеу жұмысының нысаны: XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығы.

Зерттеу пәні : Қазақ хандығының қалыптасуы мен нығаюы.

Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазақ хандығының тарихын зерттеуде XVIII ғасырдағы орыс зерттеушілері үлкен рөл атқарды. Қазақ хандығының Ресей империясына қосыла бастауына байланысты қазақ жерінде болған Орынбор ведомствосының шенеуніктері көптеген құнды жазбалар қалдырып кетті. И. К. Кирилов, В. Н. Татищев, П. И. Рычков [46], А. И. Тевкелев, Г. Ф. Миллер, Г. Георги, П. С. Паллас, И. П. Фальк сияқты зерттеушілер мен орыс шенеуніктері Қазақ хандығы жөнінде алғашқы мәліметтерді ғылыми айналымға енгізді. Алайда бұл зерттеулердің басым бөлігі XVII-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығына байланысты болып келеді. XV-XVI ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығының тарихы өте аз зерттелген болып келеді. Бұл кезеңдегі Қазақ хандығының тарихы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Та´рих-и Рашиди» [19], Фазаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-йи Бухара» [21], Махмуд ибн Валидің «Бахр ал-асрар» [40], Бинаи Камал ад-Диннің «Шейбани-наме» [22], Усман Кухистанидің «Тарихи Абулхайр-хани» [8] еңбектерінде көрініс береді. Дегенмен бұл жылнамашылардың көпшілігі Шайбани әулетінің тарихын жазғандықтан, Қазақ хандығының тарихын бұрмалап жазуы мүмкін.

1943 жылы А. М. Панкратованың басшылығымен дайындалған «Қазақ КСР тарихы» Қазақ хандығының тарихын зерттеуге алғашқы бастамалардың негізін салды. Сондықтан XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихы әлі де зерттеуді қажет етеді. Соңғы жылдары тәуелсіз Қазақстанның тарихшылары Қазақ хандығының алғашқы кезеңінің тарихын парсы, араб, қытай деректері негізінде зерттей бастады.

Зерттеу әдістері. Мәселені зерттеу барысында тарихилық (историзм) және ғылыми объективтілік принциптері қолданылды. Тарихилық принциптің негізінде Қазақ хандығы тарихының негізгі кезеңдерін салыстыра отырып, материалды хронология бойынша беруге тырыстым.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысы барысында XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығы бойынша негізі деректер талданып, қорытындылар шығарылды. Бұл кезеңдегі Қазақ хандығының тарихын орыс, араб, шағатай, парсы және моғол деректері негізінде беруге тырыстым. Дипломдық жұмыста Қазақ хандығының құрылу уақыты бойынша көптеген ғалымдардың тұжырымдары берілген. Аталған дипломдық жұмыс Қазақ хандығының құрылуы мен алғашқы кезеңіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Дипломдық жұмыстың тәжірибелік мәні оның аз зерттелген Қазақ хандығының алғашқы кезеңі туралы толыққанды мағлұмат беріп, оны жаңғыртуында болып табылады. Зерттеу жұмысының нәтижелері XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихын жан-жақты зерттеуге негіз бола алады деп ойлаймын.

Диплом жұмысының тәжірибелік базасы Қазақ хандығының 550 жылдық базасы болып табылады.

Зерттеу жұмысының құрылымы:

Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Бірінші тарауда Қазақ хандығының құрылу алғышарттары, алғашқы қазақ хандары - Керей мен Жәнібек хандар туралы мәліметтер және Қазақ хандығының құрылу барысы баяндалған.

Екінші тарауда Қазақ хандығының нығайып, Сырдария, Жетісу мен Шығыс Дешті Қыпшақтағы билік үшін жүргізген соғыстары берілген.

Үшінші тарауда Қасым, Бұйдаш, Тахир, Хақназар және Тәуекел хандардың тұсындағы Қазақ хандығының тарихы көрсетілген.

Зерттеу жұмысының нәтижелері қорытындыда айқындалған.

1 XV ҒАСЫРДА ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ. ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫ МЕН МОҒОЛСТАННЫҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ

1. 1 Қазақ хандығы құрылуының алғышарттары

Қазақ хандығының пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең-байтақ аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процестердің заңды қорытындысы болды. Аралас экономикалы, көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік, қала шаруашылығы қалыптасқан өлкелердің табиғи интеграциясы негізінде XIV-XV ғасырларда тұтас экономикалық ауданның құрылуы аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай жасады. Аймақтың көшпелі және отырықшы халқының экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы қазақ рулары мен тайпаларының этникалық жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзінде аяқталуына себепші болды. Өз кезегінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы шеңберінде жергілікті этникалық негізде мемлекеттің даму тәжірибесі қалыптасып жатқан біртұтас халықтың саяси жағынан бірігу қажет екенін түсінуіне жәрдемдесті.

Қазақ хандығы құрылуының объективті себептері мен шарттары осы жағадайлар болды. Ірі этникалық-әлеуметтік қауымдастықтың өзінің біртұтас әлеуметтік-аумақтық мемлекеттік ұйымын құруға ұмтылуы соңғы уақытқа - ұлттардың құрылуы кезеңіне ғана емес, Орталық Азия аймағының қазіргі халықтары қалыптасқан орта ғасырларға да тән еді. Мемлекеттің этникалық қауымдастықты айқындайтын көптеген элементтерді - тіл, материалдық мәдениет, тұрмыс, тарихи зерде, халықтың әдет-ғұрпы, ойлау салты элементтерін қайта жаңғыртуда, оны дамыту мен этникалық аумағын қорғауда жетекші рөл атқаратыны белгілі.

Жоғарыда айтылып кеткендей, XIV-XV ғасырлар соңғы орта ғасырлардағы Қазақстан өмірінде ерекше маңызды кезең болды. Бұл қазақ халқының құрылуы, оның мемлекеттілігінің, этникалық аумағының негізгі нобайларының қалыптасуы аяқталған кез еді. Жоғарыда монғолдар жаулап алғаннан кейінгі алғашқы онжылдықтардағы күйзелістің орнына келген шаруашылықтың қайтадан жаңғыру фактілері атап өтілді. Әлеуметтік-зкономикалық қатынастардың даму саласында үлкен өзгерістер орын алды. Монғолдардан кейінгі уақытта жоғарыда айтылған мемлекеттерде азды-көпті тұрақты шаруашылық жағдайларының қалпына келтірілуі, Орта Азияда, Кавказда, Иран сыртында, орыс жерлерінде де болғаны сияқты, Қазақстанда да қоғамдық қатынастардың үдемелі түрде ілгері басуын қамтамасыз етті. Қазақстанның бүкіл аумағында, әсіресе оңтүстік аймақтарда әлеуметтік қатынастардың рулық-тайпалық белгілері мен рулық байланыстардың пәрменділігі барған сайын кеми берді, хандардың, сұлтандардың, әмірлердің, байлардың, билердің, мұсылман дінбасыларының еңбекші бұқара халық жөніндегі саясаты барған сайын өктем бола түсті. Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығы мемлекеттеріндегі әлеуметтік-экономикалық қатынастар мәселелерін әлі де жете зерттеуге тура келеді, дегенмен қоғамдық қатынастардың, әсіресе отырықшы-егіншілік дамыған аудандарда патриархаттық-рулық шеңберден біртіндеп арылуы мағынасында алғанда, ол қатынастардың дамуындағы кейбір ілгері басушылық туралы қазір де қорытынды жасауға болады. Ақ Орданың билеушілері Жошыдан тараған сұлтандар мен көшпелі тайпалардың шонжарларына үлестік иеліктер мен үлестік жерлер бөліп беру жүйесін ретке келтіру жөнінде бірқатар шаралар қолданды. Бұл көшіп-қонудың ежелден қалыптасқан жолдарын ескере отырып, жайылымдық және егістік аймақтарды иелену және пайдалану құқығымен жүзеге асырылса да, көп жағынан алғанда дәстүрлі жер пайдалануды бұзбай қойға жоқ, өйткені сыйға тартылған сойырғалдардың өзге тайпалар көсемдерінің қолына түсуі жиі кездесетін еді.

Қоғамдық қатынастар жүйесінің одан әрі дамуы, Моғолстанда сияқты, Ақ Ордада, кейін Әбілқайыр хандығында малды ғана емес, жерді де меншіктеудің нығайтылуынан көрінді. Мұны жайылым үшін барған сайын өрістей түскен күрес те растайды, бұған Әбілқайыр ханның Өзбек хандығындағы сияқты, аталған мемлекеттердің тарихы жөніндегі жазбаша деректемелерде дәлелдер бар. Өз мемлекеттілігінің құрылуына байланысты көшпелі шонжарлардың экономикалық және саяси күш-қуаты арта түсті. Қазақстанның оңтүстігінде қалалардың дамуы және қала халқын осы мемлекеттердің билеушілері мен қалаларды үлес-сойырғалға алған көшпелі шонжарлардың қанау мүмкіндіктерінің артуы, сондай-ақ мал санының көбеюі, жайлымдық жердің кеңеюі - осының бәрі шонжарлардың күш-қуаты артуы және қатардағы көшпелілердің, егіншілер мен қала тұрғындарының әлеуметтік жағынан саралануының өсуі үшін жаңа мүмкіндіктерді айқындап берді.

Моғолстандағы сияқты, Ақ Ордада да қоғамдық қатынастардың одан әрі дамуы туғызған осы құбылыстардың бәрі рулық және тайпалық байланыстарды барған сайын үзе түсіп, жекелеген этникалық топтардың этникалық жағынан араласуына, халық ретінде қалыптасудың жеделдеуіне жеткізді. Халықтардың этногенезі проблемаларын зерттеушілер барлық этностар мен халықтардың қалыптасу процесінде мемлекеттік, экономикалық, мәдени және басқа да әлеуметтік байланыстардың айқындаушы рөл атқаратынын атап көрсетеді [1] . Этностың қалыптасуына әлеуметтік факторлардың ықпалы этникалық қарым-қатынасты жанама түрде көрсететін экономикалық байланыстармен ғана шектелмейді, ол қоғам дамуының басқа да көптеген қырларынан көрінеді. Егер қоғамдық өндіріс барысында материалдық игіліктерді өндіру ең алдымен этникалық қауымдастықтың физикалық жағынан өмір сүруі мен дамуына мүмкіндік берсе, халықтың түрлі топтарының экономикалық байланыстарының барысында мәдени ақпарат алмасу жүріп жатады. Экономикалық байланыстар «тиісті мемлекеттік құрылымдардың құрамдас бөліктерінің саяси қауымдастығын» нығайтады. Халықты этникалық жағынан топтастыру мен оның өз тұтастығы сақтауы үшін оның мүшелерінің жаулап алушыларға қарсы бірлескен күресінің, этникалық аумақты бірлесіп қорғауының зор маңызы бар.

Этностың қалыптасуына әлеуметтік-экономикалық факторларының оң ықпал етуінің осы барлық көріністерін қазақ халқының құрылуы барысынан да көруге болады.

Қазақ халқының қалыптасуы процесінің баяулауына, оның уақыт жағынан ұзаққа созылуына моңғолдар жаулап алғаннан кейін Қазақстан аумағында пайда болған мемлекеттердің - әуелі моңғол ұлыстарының, содан соң Ақ Орданың, Моғолстанның, Әбілқайыр хандығының, Ноғай Ордасының бір орталыққа бағынбауы, көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдағы қоғамдық қатынастардың баяу дамуы, сыртқы саяси жағдайлардың қолайсыз болуы (моңғолдардың жаулап алуы, Темірдің және Темір ұрпақтарының агрессиялық саясат, одан кейінгі ойрат феодалдарының Қазақстанды қаңыратып кеткен, халықты тікелей қырып - жойған, қоныстарды қиратқан, туыстас этникалық топтарды бөлшектеп, бытыратып жіберген шапқыншылықтары) салқынын тигізді. Қазақ халқының қалыптасуына қазақ қоғамы дамуының бүкіл барысындағы ұзаққа созылған ішкі соғыстар мен талас - тартыстар және қазақ билеушілерінің көршілес Орта Азия, Шығыс Түркістан, Сібір, Жоңғария аумақтарындағы өздері жүргізген сыртқы соғыстары сияқты факторлардың да теріс ықпал жасағаны аз болған жоқ. Соғыс қимылдары обьективті түрде пайда болған шаруашылық, мәденижәне этникалық байланыстарды қайта-қайта үзіп отырды. Қазақ этногенезінің барысына жекелеген этникалық топтарды қалыптасқан халықтан шығарып тастаған немесе оған сырттан келгендерін қосып отырған халықтың көші-қоны айтарлықтай теріс ықпал жасады. Этникалық топтардың осылайша орын ауыстыруының халық топтасуының процесіне тежеуші ықпал жасайтыны бірқатар зерттеу әдебиетінде атап өтілген . Моғолстанныіс ықпал жасады. Этникалық топтардың осылайша орын ауыстыруының халық топтасуының процесіне тежеуші ықпал жасайтыны бірқатар зерттеу әдебиетінде атап өтілген . Моғолстанның, Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығының тарихы сондай және басқа да фактілерге толы. Сонымен бірге көші қон этникалық тегі жағынан жақын ұжымдардың қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызды. Мысалы, Қазақстан даласы көшпелі қоғамының дамуы да, көшпелілер мен жартылай көшпелілерінің отырықшылануы сияқты нәтижелері де нақ осы бағыттар болды. Жоғарыда аталған соғыстар мен талас-тартыстардың, жұттардың салдарынан қатардағы көшпелі малшылардың күйзеліске ұшырауы, әсіресе оларды Сырдария қалаларымен Жетісу ауданында, яғни ежелгі егіншілік мәдениеті ауданында отырықшы болуға амалсыздан әкеп соқтырды. Жерге отырықшыланған бұрынғы көшпелілер түркі тілді, араб тілді және басқа тілді өзге де этникалық қауымдастықтарға жататын жергілікті тұрғындармен шаруашылық, мәдени және этникалық байланыстар жасап, нақ Оңтүстік Қазақстан халқына тән өз ерекшеліктері бар этникалық топтар құрады [2] .

Біртұтас мемлекет қана халықтың этникалық құралу процесіндегі ықпалдардың әсерін жойып, оның этнос ретіндегі мәдени - шаруашылық дамуын қамтамасыз етеді.

Осыған орай көшпелілердің мемлекеттілігі туралы мәселе көтеріледі. Осы мәселе жайлы дау-дамайға тереңдеп енбей-ақ, бірқатар зерттеушілер көшпелілердің мемлекеттілігі егінші өңір мен қалаларды жаулап алуы арқылы қалыптасады деген пікір ұстанатынын атап өткен жөн. Бірақ тарихи шындыққа қарағанда арғы ата - бабалары сияқты қазақтар таза көшпелі мал шаруашылығымен ғана айналыспаған, олар отырықшы, жартылай отырықшы болған, егіншілікті де, қала мәдениетін де білген. Қазақ мемлекеттілігінің құлылуы мен нығаюына ерекше дамыған екі аудан - Түркістан мен Жетісу маңызды рөл атқарды.

Қазақстанның батыс - орталық бөлігінің аудандарымен, сондай-ақ Жетісумен және Шығыс Қазақстанмен қатар, Оңтүстік Қазақстан мен Сырдарияның орта және төменгі өңірінің қалалары, Орталық Қазақстанды қоса алғанда, қазақ этногенезі мен политогенезінің аса ірі үш торабының бірі саналады. ХІІІ - ХІV ғасырлар шебінде - ақ Алтын Орданың зорлық- зомбылығының артуы жағдайында қалыптасып жатқан жергілікті халық мемлекеттігінің саяси орталығы Оңтүстік Қазақстан мен Оңтүстік - Шығыс Қазақстанға қарай ойыса бнргенімен, қазақ мемлекеттігінің дамуы да осы аталған ірі орталықтардың тарихымен тығыз байланысты болды. Қазақ хандығының саяси орталығы әуелі Батыс Жетісу, бірнеше жылдан кейін - Сыр өңірінің қалалары мен Қаратау беткейлерінің солтүстік бөлігіндегі ауданға (басты қалалары Сығанақ пен Сауран болған), ал ХVІ ғасырдың аяғынан бастап Түркістан қаласына ауысты. Қазақ хандығыда мемлекет орталығын таңдау мәселесінде ХІV - ХV ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында одан бұрын болған мемлекеттер - Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығы («көшпелі өзбектер мемлекеті») дәстүрлерінің жалғастырылуы кездейсоқ емес. Оңтүстік Қазақстанның нақ осы ауданына ноғай (маңғыт) феодал шонжарлары, атап айтқанда, әмір Едіге ұрпақтары мүдделерінің аударылуы жиі кездесетін және заңды болатын.

Түркістан мен Жетісу қазақ мемлекетінің өмір сүре бастаған алғашқы онжылдықтарынан бастап ұйытқысы болды. Оның пайда болу алғышшарттарының осы аймақтың алдыңғы кезеңдегі, ХІV - ХV ғасырлардағы тарихымен байланысты болғаны сияқты, оның тағдырын нақ осы жерлердегі оқиғалар айқындап берді. Қазақ хандығының бүкіл дамуы, оның саяси тарихы өмірі Түркістан мен Жетісу тарихына тығыз байланысты болды. Түркістан мен оның қалалары қазақтардың Орта Азмя халықтарымен өзара экономикалық, мәдени, саяси қатынастарында, ал Жетісу қазақтардың қырғыздармен және Шығыс Түркістан халқымен қатынастарында зор рөл атқарды. Бұл қатынастардың феодалдық күрестен, ұзаққа созылған соғыстардан көрініс табуы сирек болмайтын, бірақ көбінесе бейбіт емес қатынастар бейбіт, тіпті достық қатынастармен ауысып отыратын.

Түркістан және Жетісу аудандарының қазақтың мемлекеттік, сол сияқты этникалық аумағының қалыптасуында маңызды болғаны күмәнсіз. Алайда тарихи әдебиетте қазақтың этникалық топтары бұл аумаққа ХVІ ғасырда не одан неғұрлым ертеректегі уақытта басқа жақтан қоныс аударған деген де пікір бар.

Шынына келгенде, қазақ мемлекеттегі Ақ Орданың өзінде-ақ қалыптасқан. Халықтың шаруашылық үлгісінің ортақтығы, бірдей материалдық мәдениеті мен тұрмысы, Қазақстан аумағында түгелдей басым болған түркі тілдес тайпалар мен тайпа бірлестіктерінің тіл жөнінен жақындығы орын алған. Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығын да, Қазақ хандығында да халықтың ортақ қоныстау аумағы болды.

ХV ғасырда Ақ Орда әлсірегенімен, Түркістанда және оған жапсарлас жатқан далалық аумақта Барақтың иелігі қалады. Феодалдық талас- тартыстар жағдайында және Барақ ханның қаза болуына байланысты Қазақстан даласының көп бөлігінде биліктің Шайбани ұрпағы Әбілқайырдың қолына көшуі - нақ сол Жошы ұрпақтары әулеттерінің алмасуы ғана болып табылады. Ал халық өзгермей, нақ сол аймақ шеңберінде қалды, оны шаруашылықтың, материалдық мәдениет пен тұрмыстың ортақ түрлері біріктірді. Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігіндегі этникалық жағынан туыс түрік тайпалары, сондай - ақ әлдеқашан түріктеніп кеткен монғол тайпалары XV ғасырдың аяғы - XVI басындағы тарихи шығармалар авторларының түсінігінде - ақ этникалық жағынан біртұтас болып саналады. Әбілқайырдың «көшпелі өзбектер мемлекеті» ыдырағанға дейін - ақ және әсіресе осы оқиғадан кейін Қазақстан халқы (Жетісуды қоспағанда) екі саяси бірлестікке бөлінгенімен, олар нақ сол этникалық топтардан тұрды. Қазақстан аумағында біртұтас мемлекеттілік Алтын Орданың бөлінуі кезінен бастап, Қазақ хандығы пайда болып, нығайғанға дейін жергілікті этникалық негізде қалыптасты. Әбілқайыр хандығы ыдырағаннан кейін нақ сол қалыптасқан халықта, нақ сол этникалық аумақта, нақ сол шаруашылық - экономикалық жағдайларда билеуші әулет қана алмасып, Жошы ұрпақтарының бұрынғы тармағының билігі қалпына келтіріледі.

Билеуші әулеттердің алмасуы, саясат саласында болған өзгерістер қоғамның экономикалық негізіне әсер еткен жоқ.

Жәнібек пен Керей «қазақтарының» Әбілқайыр «өзбектерінен» этникалық құрамы жөнінде де, әлеуметтік - мәдени дамуы, кәсібінің тегі, материалдық тұрмысы шаруашылығы жөнінен де еш айырмашылығы болмады. Сондықтан өзбектерді (бұл арада XIV- XV ғаырларда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында мекендеген «өзбектер» айтылып отыр) Сырдариядағы еіншілікпен тығыз байланысты, ал қазақтарды тек далалық аудандарда тұрған, егіншілік және отырықшы өмірді білмеген таза көшпелілер деп санаған бірқатар зерттеушілердің пікіре қате болып табылады. «Өзбектердің» Шығыс Дешті Қыпшақтан Мауаранахрға ауысуын бұл зерттеушілер олардың Сырдарияда бастан кешіре бастаған жер тарлығынан болды деп түсіндіреді.

Ақ Орда мемлекетін, Әбілқайыр хандығын, Моғолстанның солтүстік бөлігін (Жетісуды) және Ноғай Ордасын қазақ халқының ірі-ірі этникалық топтары мекендеді. Қазақ хандығы Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы мемлекеттілігінің және жоғарыда айтылған басқа да мемлекеттердің тікелей жалғасы болды. Осы мемлекеттер шеңберінде қазақ халқы қалыптасуының ұзаққа созылған процесі, ал Қазақ хандығында біртұтас халықтың біржола топтасуы аяқталды. Этникалық процестермен бірге қазақ мемлекеттігінің өзі де қалыптасып дамиды, ол бұрын Қазақстан аумағында мекендеген тайпалар мен халықтардың (қимақтардың, қыпшақтардың, наймандардың және басқа да түркі халықтарының) феодалдық мемлекеттігі дамуының тікелей жалғасы болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ хандығының құрылуы және оның маңызы
Қазақ хандығы құрылуының саяси алғышарттары
М.Х. Дулати – қазақ мемлекетінің алғашқы тарихшысы
ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Шайбанилық Әбілқайыр хан
Ақсақ Темірдің Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолостан шапқыншылығы
XV - XVII ғғ. қазақ тарихынан..
Қазақ хандығының нығаюы
Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы (15-17 ғғ.)
XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басындағы Қазақ хандығының сыртқы саяси қатынастары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz