Мұқағали поэзиясындағы ішкі сезім иірімдері


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Дауытова Жадыра
ОРТА БУЫН СЫНЫПТАРДА М. МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ОҚЫТУ
Бакалаврлық бітіру
(Диплом) жұмысы
050117-Қазақ тілі мен әдебиеті
Алматы, 2010
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ КАФЕДРАСЫ
«Қорғауға жіберілді»
Хаттама
Кафедра меңгерушісі,
ф. ғ. д., профессор
Ыбырайым Б.
Бакалаврлық бітіру
(Диплом) жұмысы
Тақырыбы: ОРТА БУЫН СЫНЫПТАРДА М. МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ОҚЫТУ
050117-Қазақ тілі мен әдебиеті.
Орындаған: Дауытова Жадыра
Ғылыми жетекші: п. ғ. к., доцент Жұмақаева Б. Д.
Алматы, 2010
ЖОСПАР
Кіріспе . . . 3
1. М. Мақатаев шығармаларының көркем әлемі
- М. Мақатаев шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні, көркемдік ерекшеліктері . . . 5
- Орта буын сыныптарда лирикалық шығармаларды оқыту . . . 22
2. М. Мақатаев шығармаларын 5-7 сыныптарда жаңа технологиялармен меңгертудің тиімді жолдары . . . 38
2. 1. М. Мақатаев шығармаларын оқу бағдарламасы бойынша сыныпта оқыту жолдары, сабақ үлгілері . . . 43
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 51
ӘДЕБИЕТТЕР . . . 52
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы оқыту мен тәрбиелеудің басым бағыттарын айқындап берді. Тұжырымдамада: « . . . жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» қажеттігі айқындалып, жеке тұлғанын қалыптасуында алынған терең білім мен кәсіби дағдылардың маңызы зор екендігі атап көрсетілді.
Қазақ мектептері үшін бүгінгі таңдаңғы ең өзекті мәселе - халқымыздың мәдени-рухани қазынасын жасаушы жеке тұлғаларымыздың шығармаларын оқушы бойына жан-жақты, терең де түбегейлі сіңіре отырып, жоғары мәдениетті ұлттық сананың негіздерін қалыптастыру.
Халқымыздың мәдени-рухани бай қазынасының негізінде оқушы бойында жоғары мәдениетті ұлттық сананың негіздерін қалыптастыру бүгінгі оқыту үрдісіндегі әр пәннің алдындағы басты мәселе болып табылады. Саның ішінде әдебиет пәнінің атқарар жүгі ерекше. Өйткені, «Әдебиет мектеп ішіндегі ақыл, сезім тәрбиелеп, қалыптастырып, жетілдіруден басқа, оқушыларға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгінгі пішінін танытуы керек», - деген академик-жазушы М. О. Әуезов.
Әдеби шығармалар оқушы санасын белгілі бір ұғым, түсініктермен кеңейтіп қана қоймайды. Оқылатын шығарманың тақырыбын ашу, қат-қабат идеялардың астарына үңілу, сол арқылы автордың көзқарасын тану, ұстанған позициясына баға беру т. б. жұмыстар арқылы оқушының логикалық ойлауын, өмірге деген көзқарасын кеңейте түсетіні белгілі. З. Қабдолов айтқандай: “Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, сол өмірге көзқарастарын қалыптастырады, мінез-құлқына ықпал етеді, күллі тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді”.
Әдіскер-ғалым Е. Н. Ильиннің айтуынша, эмоциялық жағынан жақсы жетілген, жан дүниесі бай адамның шығармашылық ізденісте болуы және оған деген мұқтаждықты сезінуі өз-өзінен пайда болады. Осы ұғымды берік ұстанған ол “для меня урок - урок искусства, ибо оно способно воспитывать юную душу, увлекать жизнью, делает человеческими”-деген ой айтады/1, 48/. Сондықтан мұғалім әдебиет сабағында баланың рухани дүниесіне терең үңіліп, сол арқылы оның ізеттілік пен ынталық қөрсетуге ұмтылысын туғызуы - басты мәселе болуға тиіс деп есептейді. Осы мүмкіндіктің көбіне мұғалім Мұқағали шығармаларын оқытуда қол жеткізуіне болады. Мұқағали шығырмаларын оқып, ақынның терең ой тылсымындағы қат-қабат ойлары мен терең толғаныстарына үңілген жан өзінің көптен іздеген сұрақтарына жауап табары анық. Мұқағали шығармаларының тақырыптары әр алуан: адамгершілік, бейбітшілік, татулық, адалдық, отаншылдық т. б.
Зерттеу нысаны. Жалпы білім беретін орта мектептерде бағдарлама бойынша М. Мақатаевтың шығармаларын оқыту үдерісі.
Зерттеу пәні. Орта мектепте М. Мақатаев шығармаларын оқытудың әдістемесі.
Зерттеу мақсаты.
Орта мектепте қазақ әдебиеті бағдарламасы бойынша М. Мақатаев шығармаларын жаңа технологиямен оқытудың ұтымды әдістемесін ұсыну, ақын шығармаларын оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін айқындау, кешенді әдістемелік жүйесін жасау.
Зерттеудің міндеттері:
- М. Мақатаев шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәнін айқындау;
- М. Мақатаев шығармаларындағы көркем образдар, теңеулер, метафоралық қолданыстар, символдар, афоризмдер, кейіптеулер, т. б. көркемдік құралдардың қолданыс ерекшелігін айқындау, сол арқылы сабақ үдерісінде оқушының эстетикалық талғамын қалыптастыру жолдарын қарастыру.
- Ақын шығармаларын оқытудың тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін, білімділік, ізденушілік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын жүйелеу;
- Бағдарлама бойынша оқылатын ақын шығармаларын танып білуде өздігінен ізденудің тиімді жолдарын қарастыру;
- Жеке тұлға қалыптастыруға негізделген оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жолдарын қарастыру.
Жетекші идея. Жеке тұлғаның интелектуалдық қабілетін дамытуда, рухани жан дүниесін байытуда ақын туындыларын шығармашылық оқыту әрекеті арқылы тиімді жолдармен меңгерту оқушылардың сапалы да терең білім алуына көмектеседі, пәнге деген қызығушылығын дамытады.
Зерттеудің әдістері. Психологиялық, педагогикалық, әдістемелік еңбектерге сүйене отырып, тиімді әдіс-тәсілдер жүйесін саралау, салыстыру, қорытындылау әдістері қолданылды.
Ғылыми жаңалығы.
- М. Мақатаев шығармаларының танымдық, эстетикалық құндылығы талдаулар барысында айқындалып, оны оқу үдерісінде жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Ақын шығармашылығының жеке тұлға қалыптастырудағы, ұлттық рухани тәрбие берудегі маңызы ғылыми дәйектелді;
- Оқушылардың танымдық деңгейін, М. Мақатаев шығармаларына деген өзіндік ізденісін қалыптастыруға, білімін тереңдетуге, ойлау қабілетін дамытуға негізделген тиімді әдіс-тәсілдер, әдеби тапсырма-жаттығулар жүйесі ұсынылды;
- Ақын шығармаларын оқытудың кешенді талдау үлгісі жасалып, оқушыларға терең меңгертудің жолдары анықталды, сабақ үлгілері ұсынылды.
Практикалық маңыздылығы:
Диплом жұмысының материалдарын қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне, оқушылардың ізденушілік, шығармашылық жұмыстарына әдістемелік құрал ретінде пайдануына болады.
1. М. МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ
1. 1. М. Мақатаев шығармаларыныың танымдық, тәрбиелік мәні, көркемдік ерекшеліктері
Мұқағали есімінің өзінің жырға айналуы сезім қылын күйге бөлер нәзік поэзиясының жүректен ойып орын алуына байлынысты. Бұл Мұқағали жырларының мәңгілік екендігін көрсетеді. Ақын поэзиясының құдіреттілі неде?
Тіл мен әдебиеттің «алтын ғасырының» соңын ала келген М. Мақатаев сынды тұлғалардың ұлттық санасында Абайдан Әуезовке дейінгі ұлағаттылық пен сөз өнерінің озық үлгілері тұрды. Ол әдебиет майданында Абай салған дәстүрмен өз қоғамындағы тарихи, мәдени өзгерістерді, жеке адам бойындағы эмоциялық қалып-күйлерді өз таным-түсінігі тұрғысынан қарап, дәуіріне үн қоса білді. М. Мақатаев шығармашылығы қазақ өлеңінің тақырыптық-идеялық жағынан жаңа сатыға көтерілгенінің көрсеткіші. Сол себепті де ақын «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дейді.
Ақынның суреткерлік шеберлігін айқындау жолында оның шығармаларындағы көріктеу амалдары мен көркемдік әдістеріне ерекше көңіл бөлу керек. М. Мақатаевтың әдеби шығармаларында оның тілдік ерекшелігін көрсететін көріктеу құралдары көптеп кездеседі. Соның бірі - теңеу. Академик Р. Сыздық: «Теңеу - таным нәтижесі, сондықтан теңеулердің дені этнографиялық, ұлттық сипатта болады» дейді/2, 372/. Мұқағали поэзиясында тіл үшін дәстүрлі саналатын -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер мол. Мысалы:
Жүрген жан ем байымай, тапшысынбай,
Сарсаң болдым ертегі бақсысындай.
Басым қалды жасырын полигон боп,
Өзім тұрмын мақтаулы сақшысындай.
Теңеуде ерекше салыстырылатын нәрсе - адам баласының ерекше қасиеттері. Бұл дәстүр барлық тілде кездеседі. Қазақ тілінде адам баласының ерекше қасиеттері мен табиғат құбылыстарына қатысты теңеу үлгілері алдыңғы кезекте салыстырылатын категория болғандықтан ерекше түрге ие болып қолданылады. Бұл теңеулер алдымен эпостарда молынан кездесетіндіктен шартты түрде эпостық теңеулер деп аталған. Сол сияқты Мұқағалида -тай, -тей, -дай, -дей тұлғалы теңеулерде табиғат суреттері, құбылыстары, аң-құс атаулары лингвомәдени позициядан теңестіріледі. Мысалы, ақынның мына бір өлең жолдарында:
…. Жолбарыстай атылып тізгінді алдың,
Жігіт жүрек қыз едің, жігіт жүрек, - делінеді.
Бұл жерде ақын «жолбарыстай» теңеуімен жылдамдықты суреттесе, «жігіт жүрек» сөзі де әдемі теңеу тұлғасына келеді. Осы теңеудегі негізгі ерекшелік онын әрекетпен байланыстылығында болса керек. Бұған дейін жолбарысқа теңеу Мағжан ақын жырларынан ғана кездескен еді. Оның өлеңдерінде қазақ танымындағы дәстүрлі ұқсатулар (ассоциациялар) жетіп артылады.
Мысалы:
Жапырақ - жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын…
Шешем менің - иілген сұрау белгі
Дауылдар майыстырған мына белді.
деген ақын суретті образ жасайды. Образға барар алғашқы баспалдақ - суретті сөз болып табылады. Метафора табиғатында бейнелік ұқсастық құндылықтары жатады, өйткені, сол ұлттың өкілі ғана метафораны жылы қабылдаса, ал басқа ұлт өкілі селт етпеуі мүмкін. Мәдени, рухани ұлттық құндылықтар сөздердің бір-біріне сәуле түсіріп, ауысуына қашанда өз әсерін тигізіп отырады десек артық айтқандық болмас. Құбылыстар ұлттық санада тоғысқан метафоралық қолданыстың өмір сүруіне алып келеді. Тілдегі құбылыстарды ауыстыру шексіз процесс. Сол себепті метафоралық қолданыс қоғамдық өмір, құрылыс өзгеріп, дамыған сайын жаңаша рең ала береді.
Мұқағалидың танымдық метафораларында өзін айқындықта көрсету орнына, көбіне «қарапайымдылықты» қалайды. Бұл да ақынның өзіндік қолтаңбасы.
Мәселен,
…Көңілімнің сыбырлап көк құрағы,
Аққуы ұшқан ақ айдын көп тұнады.
Ақын өлеңдерінде өзіндік қолданыстағы метафоралар мен алмастырулар да, жан-жануар, ағаш, тұрмыстық-салт лексика да кездесіп отырады. Мұқағали өлеңдерінде дәстүрлі ұғымдар да метафоралық тіркес құрайды,
Көзді ашып-жүмғанша көсеуін ап қолына
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдаң күз
Қаза қылмай бірде-бір таң самалын,
Қыз қырман сапырды ол қашан мың.
Күз деген - әрі диқан, әрі малшы
Тонын жаман демеңіз малшы ағаның - деген жыр жолдарынан көруге болады.
Мұқағали шығармаларында әр метафоралар бұрынғы дәстүрлі деңгейдегі сөз ауыстыруларға, символдық мәні бар метафораларға, яғни сөз - символдарға ұласады. Символ - метафора сияқты тілдік тұлғаның тіліндегі ұлттық мәдениеттің көрсеткіші. Символдық мәнді халқымыздың дәстүрлі ұғымдарын білдіретін сөздерден іздейміз. Мысалы, құстың, жан-жануарлардың атаулары - халқымыздың бұрыннан келе жатқан тіліміздегі символдары. Осы орайда ұлтжанды тұлға Мұқағали тіліндегі сөз - символдар мәні таң қаларлық. Суреткер тілінде құстар символикасының орны ерекше. Әсіресе, аққу - әдеміліктің, тектіліктің, махаббатқа адалдықтың, қазақы мәдениеттің символы ретінде бейнеленеді. Оған дәлел - ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы аққу образы.
…Аққулар…
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!
Сондай-ақ, аққу, сандуғаш, тоты құс, аққу, жапалақ, бүркіт, торғай сөздеріне қазақ халқының ұғым түсінігін, табиғат бейнесін, санасында жағымды, жағымсыз бағалауыштық коннатацияларды сыйғыза білген. Сондай-ақ, ақын бүркіттің адал достығы мен тектілік, батылдық қасиетін, құсбегілік салтының бір бөлшегін «еркіндік» символына сыйғызған. Бүгінде еліміздің туында еркін шарықтап ұшқан қыран бейнеленгені ақын арманының орындалғанының көрінісі.
М. Мақатаев - Абай үлгісімен өзіндік «мен» - автор образы арқылы ұлтына үгіт-насихат, сын айтатын сипатынан оның жаршы, насихатшы, ақын екендігі аңғарылады. Ақынның өзіндік «мені» - күрделі ұлттық таным.
Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден, . . -
…Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, - дейді, ақын ақындық табиғат, биік бітімімен.
Сонымен, М. Мақатаевтың тілдік тұлғасы оның тіліндегі шоқтығы биік, қадау-қадау көркемдегіш құралдарды пайдалануымен ерекшеленеді.
Онда дәстүрлі, жекелік метафоралардың, сөз-символдардың қолданысы оның тілдік қуатының тағы бір қасиетін байқатады. Ал шығармаларының халық жанына жақын болуы ақынның тілдік тұлғасының халықпен рухтас екендігіне байланысты.
Мұқағали шығармаларында символдық қолданыстар көптеп кездеседі. Символдың оқушы қиялын дамытуда ролі ерекше. Мәселен, тау, тау өзені, түн, қыран, дала, жел, т. т. көптеген ұғымдардың бірнеше астары мен мәніне бойлауға болады. Оқушы ең алдымен осы ұғымдар қандай символдық белгілер екенін саралау арқылы сөздің астарындағы көп ұғым мен түсінікті ажырата алады.
Түн! Таң! Осы екі құбылыстың құпиясы жайлы ұлы Абайдан бастап көп ақындар қалам тартқан. Әр ақын өзіндік ерекшелігімен, мақамымен жырлайды.
Символдық ұғымдағы осындай сөздердің мәнін ашу үшін М. Мақатаевтың бірнеше өлеңін әдебиет теориясына қатысты талдату керек.
Мектеп бағдарламасында оқытылатын М. Мақатевтың «Қайырлы түн!», «Қайырлы тан!» өлеңдерінің мән мағынасын талдау барысы арқылы анықтауға күш салдық.
Екі өлеңде де ақынның айтайын деген ойы бір арнаға саяды. Ол - тыныштық.
Қайырлы түн!
Жер - Анам,
Көк аспанды жамыл да,
Таңға дейін дін аман,
Тәтті ұйқыда дамылда.
Қайырлы түн, тыныштық!
Қайырлы түн, тіршілік! - деп түн тыныштығын тілесе:
Арқалап ап ырыс құт,
Келеді әне күн шығып,
Қайырлы таң, тыныштық!
Қайырлы таң, тіршілік! - деп таң нұрына боялған жер бетінің тыныштығын суреттейді. Жай ғана суреттемейді, таң атқанда «орманым да шуламай, ақ басты ата тауларым да жыламай ұйқысынан оянса, шашу болып жұлдыздарың шашылды, айың келіп ақ мойныңа асылды» деп әдемі кейіптеулермен келтіреді.
Таң мен түнді қарма - қарсы қоя шендестіріп, көз алдымызға үшінші бір әдемі «тыныштық» деп аталатын суретті ұсынады. Яғни, антитезаның әдемі үлгісі бар.
Ауыл түні бозғыл, торғын, мақпалдай,
Аспан жерге таңырқап тұр ақ маңдай.
Бір-біріне ғашық екі дүние
Сырласа алмай, мұңдаса алмай жатқандай.
Ақын ағаның өз қаламына ғана тән теңеу мен кейіптеудің кереметін байқайсыз.
Түнгі жайлаудың сырына қаныққан, жеңгесі мен қайнысының диалогына құрылған өлеңін алып қарайық. әдемі әзілге езу тартқызар өлеңге «қарағай дулығасын лақтырып, жапырақ, құрақ күліп» мәз болысады. Аға-орман, іні -торғай паналаған жолдарды метафора ажарландыра түссе, қайнысының пұшайман болған халін «Сауға сұрап қашанғы күнелтемін, балаша балықшыны жағалаған» деген келісті теңеулер түйіндеп тұр.
Ақиық ақын өмірінің соңғы кездерінде ауру меңдеп, жаны қиналғанда да таң мен түннің құпиясын трагедиялық ахуалда суреттеуге арнаған. «көрдің бе таң мен түннің соғысқанын?» деп сұрақ қоя отырып, «мен көрдім, бірақ болыспадым» деп өзі жауап береді. Лирикалық кейіпкер:
Түн деген - шашын жайған албасты екен,
Апыр-ай, таң кешігіп қалмас па екен?- деп дегбірсізденеді, өйткені қараңғылықты үрейдің, өлімнің нышаны етіп суреттейді.
Таң - үміттің, жақсылықтың нышаны.
Жарық жеңді-ау, әйтеуір алаулатып,
Түнді асырды батысқа тараулатып,
Қолына алып пышақты сан мың найза,
Жауынгер - күн келеді жалаулатып!
Таң атты. Жауынгер- Күн жеңді. Оның өмірі тағы бір күнге ұзарды, ақын үміті тағы бір күнге жалғанды.
«Несіне асығады?» деген өлеңінде:
О, жарық дүнием -ай!
Қуатым-ай!
Несіне асығасың, тұра тұрмай.
өмірді басқа арнаға бұратындай
түннен қорқам . . .
мәңгілік тұратындай.
Тоқташы!
Тоқтай тұршы, қуатым-ай! - деп күнді жанына қуат, тірек көреді.
«қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі».
Жанды, бейнелі құбылыс!
Түн дүниесі адамды тонап бір-ақ жұтатындай «тірлікте қара түннің керегі не, кетпей ме онан-дағы күнге айналып» деп армандайды. Мұндай түн тақырыбы Мағжан шығармашылығына да тән. Үндестік бар. Олай болса, түн - дамыл, күн - өмір. Ақын жаны өмірдің тәтті елесіне елігіп:
Күміс қанат бір құсқа мініп алып,
Кетсем бе екен артынан күнді қуып, -дейді.
Солай бола тұрса да, қара түнді ылғи кіналаудан аулақ. «Қар ақ болса да қол тондырады, жер қара болса да қарын тойдырады» демекші, қара түннің қасиетін былай жеткізеді:
Қап-қара, ғажап, сиқырлы
Қашпандар қара бояудан!
Қандырып уыз-ұйқымды
Қап-қара түннен оянғам.
Қап-қара түнді көрдім де,
жап-жарық таңға кездестім.
Қарасыз, сірә мен мүлде,
Аппақтың нарқын сезбеспін.
Қап-қара көзді бір қыз бар,
Қашпаңдар қара бояудан.
Аспанда жарық жұлдыздар
Қап-қара түннен оянған.
Аллитерация тәсілімен жазылған осы бір өлеңнен қара түннің жақсылығын танимыз.
Мұқағали өз лирикасында түр мен түсті де ерекше көркемдік ерекшелігімен жырлайды. Түр мен түс халықтың танымында әртүрлі деңгейде /мифологиялық, тұрмыстық/ танылады. Түр мен түс табиғатқа эстетикалық қарым-қатынас пен адамның ішкі жан дүниесіндегі ұғымды танытады. Түр мен түс ұғымы уақыт өте келе өзі таныған, адам жанының эстетикалық және рухани мәнін танытуға көшті.
Ақын М. Мақатаев ақ пен қара түсті, боз, күрең түсті жиі қолданған. Ақын жырларында ақ түстің басқа түске қарағанда өте көп кездесетініне көзіміз жетті. Ақын көктем бейнесін, ауылдың мамыржай тіршілігін ақ түспен бедерлейді. Ақынның «Көктем де келер» атты жыр жолдарында көктемдегі көшіп жатқан бұлттар бейнесін «Ақ көңіл бұлттар, ақ нөсер төгіп өтсін де» деп жырлайды.
Кірсіз көңіл ақ туын
Жоғары ұстап, ағайын,
Ақ киімі оранып,
Алдарына барайын
Ақынның «аққулар ұйықтағанда», «Ақ қайың әні» поэмаларында ақ түстің көп кездесетініне көз жеткіздік. Оған екі поэманың да тазалық туралы идеясы себепкер болса, керек. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында ақ отау, ақ айдын, ақ мүсін, ақша бұлт, ақ нұр, ақ сәуле ұғымдарының кездесуі тақырып пен идеяның бірлігінен туындап жатады.
Құс аппақ, айдын аппақ, нұр да аппақ,
Аппақ нұр аппақ нұрға қосылады.
«Ақ қайың әні» поэмасында да ақ түс табиғаттың, сезімнің бейнесіндей жырланады. Бұл поэманың өзіндік ерекшелігі ақ пен қара түсті ақын қатар алып бейнелейді. Поэмада Бағдаттың сезімінен туындаған «Ақ қайың әні» радиодан шырқалады. Ақын жырда ақ қайыңды таза сезім көрінісі ретінде, күздегі айырылысқан кезді қара түспен суреттейді. Ақ пен қараны қатар ала отырып сомдайды. Ақ түспен ақын Ақ қайың, ақша бұлт, ақ өзенді бейнелесе, Бағдаттың дерті асқынып, қайғыда қалған сәтін психологиялық егіздеу күйінде қара нөсер, қара бұлт, қара аспан, қара тау, қара құс деп суреттейді.
Қара бұлт қаралы ару түнереді, қарағай қара аспанға тіреледі.
Қаптай кеп қарбаласта қара қарға
Қарайды қара тауға түнегелі.
М. Мақатаев жырларында боз түсті түстік мән мен күте-күте боз түске енген эмоцианальді кейіпкер болмысын танытады.
Боз атқа мініп, боз тауға, мүмкін, шығарсың,
Боз көйлек киіп, бозарған таңда тұрарсың.
Боз айдай балқып, бозарған көкте тұнарсың,
Бозарған жаным, боз түске неге құмарсың?
Ақынның жыр жолдарында күрең түр түсінің көп кездесуіне куә болдық. Күрең күз бейнесі - ақынның көңіл күйінің көрінісі, жабырқауы, көңілін мұң басуы. Ақынның күз бейнесі - қызылынан айрылып күреңіткен кезі, жыл құстарымен қоштасуы, қайтқан құстар тізбегіне қимай қарауы, жадырай алмай жабырқауы.
Бәрі ұқсайды күп-күрең күздегіге,
Көшесі де қаланың, түздері де.
Ақынның «Күн бүгін тұрып алды күреңітіп» атты өлең жолдарында:
Күн бүгін тұрып алды күреңітіп,
Шіркіннің ашылмайды реңі түк.
Күреңіткен ауылдың сырт жағында
Мені де отыр ма екен біреу күтіп, -
деп жырлай келе, күте-күте күндерін үзген жанның күреңіткені - мынау күрең табиғаттың қабағы ма екен деп ақын жазы кетіп жабырқаған, шуағы жанын жылыта алмайтын көңіл күйдің көрінісі ретінде бейнелейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz