Көркем шығарманы талдау мәселесінің зерттелуі


ӘОЖ 373. 016:821. 512. 122 Қолжазба құқығында
СМАНОВ БАҚТИЯР ӨРІСБАЙҰЛЫ
Мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері
13. 00. 02 - Оқыту мен тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі (бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ әдебиеті)
Педагогика ғылымдарының докторы
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орындалды.
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С. С. Қирабаев,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т. Қ. Жұмажанова
педагогика ғылымдарының докторы, профессор Н. И. Ишекеев
педагогика ғылымдарының докторы, профессор З. Бейсенбаева
педагогика ғылымдарының докторы, профессор С. К. Рысбаев
Диссертация 2010 жылы «12» наурыз күні сағат 10. 00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы филология және педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 14. 05. 05 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13) .
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы «11» ақпанда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбдіғазиұлы
Кіріспе
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазіргі кезеңде егемен еліміздің жас жеткіншектерін алдыңғы қатарлы озық көзқарас негізінде жан-жақты, жарасымды дамыған, қоғамдық-саяси белсенділігі жоғары интеллектуалды адамдар етіп тәрбиелеу басты талаптардың біріне айналып отыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н. Назарбаев республика білім және ғылым қызметкерлерінің II съезінде сөйлеген сөзінде: «Мұғалімдер − қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, «ең сынампаз» бөлігі болып табылады. Білім саласы қызметкерлерінің отаншылдығы халықтың басқа буындарымен салыстырғанда, анағұрлым ауыр қиындықтарды бастан кешіре отырып, жастарға өзінің бойындағы бар білімін беріп қана қоймай, оларды адалдық, адамдық, тазалық, гуманизм, Отанды сүйе білу секілді асқақ сезімдерге тәрбиелеуінен де танылады. Патриотизмнің биік бір белгісі, міне, осы емес пе?» − деп орынды атады [1, 120-б. ] .
Бұл жауапты жұмысты жүзеге асыруда орта мектепте өтілетін пәндер арасында қазақ әдебиетінің алатын орны ерекше. Өйткені, оқушыларға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беру, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану - әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептеледі.
Бала жастан көрген-білгенін көкейге түйген шәкірт этикалық құндылықтарға, әсемдік әлеміне, эстетикалық, сұлулық дүниесіне бастауыш сыныптардан бастап-ақ қызыға назар аударады. Олар оқу бағдарламасының талаптарына сай әдебиет сабағында қазақ және туысқан халықтардың, әлем әдебиетінің кейбір озық үлгілерімен таныстырылады.
Әдеби шығарманы оқып-үйренуде жас оқырман өзінің шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, сол оқыған туындысы негізінде ой-тұжырымдар, дұрыс пайымдаулар, тың қорытындылар жасауға ұмтылады. Сабақ барысында әдеби шығармаларды ұтымды талдау жұмыстарын жүргізу оқушылардың пәнді оқуға ынтасын арттырады. Сондықтан, бұл еңбекте орта мектепте көркем шығарманы талдау мәселесі тұңғыш рет арнайы зерттеу аясында жан-жақты сараланып отыр.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Көркем туындымен танысу үстінде жасөспірімдердің қоршаған орта туралы түсініктері қалыптаса түседі. Табиғат әлемі, оның терең тылсым сырлары, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, обал мен сауап, сан алуан басқа да рухани-әлеуметтік мәселелер, қоғамдық, адамгершілік, тарихи-саяси құбылыстарды өз биігінен байқап барлайды. Жақсыдан үйренетін, жаманнан жиренетін өмірлік ғибрат алады. Соған сәйкес жас жеткіншек өз дәуірінің, өмір сүріп отырған заманының талабына сай азамат болып жетіледі. Әдеби шығарманы оқи отырып, олар ондағы образдар жүйесін, шығарманың тақырыптық-идеялық мұратын шәкірттік ақыл-таразысына салып, балаң ой елегінен өткізеді. Алған әсеріне қарай әрқайсысы өзінше баға береді. Ол мұнда өзін-өзі тану арқылы қоршаған ортаны түсінуге, оған өзінің қатысын саналы түрде сезінуге, айналаға, қоғамға өзінің көзқарасын жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан жүйелеуге, өзінің өмірлік ұстанымын анықтауға құлшынады. Өзін-өзі тану өзін дамытудың, жеке тұлғаның дербес белсенділік көрсетуінің, өзінің қабілеті мен әлеуметтік мүмкіндігін ашудың қажетті шарты болып табылады. Соның нәтижесінде оқушы өзінің дербес өсу және өзіндік жетілу қабілетіне ие болады. Сөйтіп, шәкірт адами толысуын, өмірдің мәні мен өзінің ондағы мақсатын ұғынады.
Көркем шығарманы сабақ үрдісінде талдаудың алғашқы үлгілері, кейіпкерді танытудың ең қарапайым белгілері − оның сыртқы келбеті, іс-әрекеті, сөз сөйлеу, ойлау ерекшеліктері, автордың кейіпкерге, қоршаған тұрмыстық-әлеуметтік ортаға көзқарасы, әдеби туындының тақырыптық-идеялық нысанасы секілді мәселелер бастауыш сыныптардан басталып, сынып жоғарылаған сайын көркем шығармаға әдебиеттанымдық талдау жасаудың жолдары күрделене, түрлене түседі. Жалпы білім беретін орта мектеп тәжірибесінде көркем шығарманы талдаудың тұтастай (немесе автор ізімен), образ бойынша (кейіпкер, жан - жануар, табиғат, т. б. бейнелері), проблемалық-тақырыптық деген секілді кеңінен тараған әдістемелік жолдары қолданылады. Алайда, күнделікті сабақ барысында әлі де болса мақсатты түрде талдауға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейтіндігі байқалып келеді. Оқушылар көркем шығарманы талдау барысында образ табиғатына, көркем бейне характерінің қалыптасу жолдарына, шығарманың сюжеттік желілері мен композициялық құрылымының атқарар қызметіне жете мән бере қоймайды. Мәселен, 2009 жылдың 27-28 мамырында өткен «Мемлекеттік тілді халықаралық стандарттар деңгейінде оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты Республикалық оқу-әдістемелік семинарда, сол жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен әдеби білім мазмұнын жетілдіруге байланысты өткен Республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияда еліміздің әр түкпірінен келген мұғалімдер өз баяндамаларында көркем шығарманы талдау мәселелері орта мектепте жүйесіз жүргізілетінін, осы уақытқа дейін оң шешімін таппай отырғанын айрықша атап айтты. Бұл мәселенің мектепте қалыс қалып отырғанына байланысты нақтылы мысалдар келтірілді (Алматы қаласынан Е. Арын, Қостанай облысынан Е. Құрмансейітұлы, Алматы облысынан Ж. Өтеев, т. б) .
Сондай-ақ, ТМД мемлекеттері мен өз еліміз көлеміндегі педагогикалық, әдеби баспасөздердегі пікір алысулардың, толғағы жеткен ойлардың жиі жариялануы, алқалы жиындар мен жоғары дәрежедегі келелі басқосуларда, конференцияларда ұстаздар жұртшылығының ерекше мән беріп, ұсыныс ретінде қайта-қайта мәселе көтеруі, мектеп шәкірттерінің білім сапасының, сабақ тиімділігінің күрт төмендеп кетуі, оқушылардың жалпы сауаттылық деңгейінің, интеллектуалдық ой-сезімінің бәсеңдеуі зерттеу тақырыбының өзектілігін дәлелдейді .
Соңғы жылдары әдеби шығарманы талдаудың жалпытақырыптық мәселелеріне байланысты, әсіресе, оның сюжетін, композициясын, әдеби кейіпкерді, әдеби туындының идеялық-көркемдік қуатын танытуды мақсат еткен зерделі зерттеулер орыс әдебиеттану ғылымында да, орыс әдебиетін оқыту әдістемесінде де жиі жарық көріп келеді. М. А. Рыбникова, В. В. Голубков, Г. А. Гуковский, Л. И. Тимофеев, Г. Л. Абрамович, Д. С. Лихачев, В. И. Сорокин, А. И. Ревякин, Н. И. Кудряшев, В. Г. Маранцман, Н. О. Корст, Н. А. Демидова, Г. И. Беленький, Т. Ф. Курдюмова, З. Я. Рез, Л. С. Айзерман, сияқты т. б. әдебиетші, әдіскер-ғалымдардың еңбектерінде көркем туындыны талдаудың жүйесін жан-жақты сөз ететіні мұғалімдерге, жалпы оқырманға кеңінен мәлім.
Ал қазақ әдебиеттану ғылымында бұл тақырып белгілі бір шамада тиісті шешімін тауып келе жатқанымен, оқыту әдістемесінде жеке әдістемелік еңбектер, арнайы ғылыми негіздегі зерттеулер өте сирек, тіпті жоқтың қасы. Әйтсе де әдебиетші-ғалымдар М. Қаратаев[2], З. Ахметов[3], Т. Нұртазин [2], С. Қирабаев[4], Т. Кәкішев[5], Н. Ғабдуллин [6], Р. Нұрғали[7], Б. Ыбырайым[8], Ж. Дәдебаев[9], Б. Майтанов[10], Қ. Әбдезұлы[11], Қ. Алпысбаев[12], Б. Әбдіғазиұлы[13] т. б. еңбектерінде әртарапты арнайы сөз болғанын, Ә. Қоңыратбаев[14], А. Көшімбаев[15], Т. Ақшолақов[16], Қ. Тасболатов[17], Р. Сүлейменова[18], С. Қалиев[19], Т. Жұмажанова[20], С. Мақпыров[21], Т. Тебегенов[22], Г. Құрманбаева[23], Қ. Бітібаева[24], С. Дүйсебаев[25] сынды әдіскер ғалымдардың еңбектерінде, сондай-ақ тәжірибелі жаңашыл ұстаздардың әдістемелік нұсқауларында көркем шығарманы орта мектеп қабырғасында талдауға байланысты құнды пікірлер айтылып келе жатқаны белгілі.
Әдеби шығармада кейіпкер, оның өсу динамикасы, сюжеттік желі болмаса, тұтас құрылым − композиция болмайды. Демек, көркем туынды да жоқ деген сөз. Сондықтан да ұстаз мектеп қабырғасында көркем шығарманы оқып-үйрену барысында кейіпкерлерді әртүрлі жағдайларға байланысты өзге бейнелермен тығыз органикалық бірлікте, қарым-қатынаста қарастыруы қажет. Мұны өмірлік мәні бар құбылыстармен салыстыра танытуға, оған шәкірттердің өз пікірлерін білдіруіне назар аударуы керек.
Әдетте оқушы шығармадағы көркем ойды шындық түрінде ғана қабылдап, ондағы образдылық, типтілік, мазмұн мен форманың бірлігі секілді әдебиеттің теориялық астарларына назар аудара бермеуі мүмкін. Сол үшін мұғалім көркем мәтінмен жұмысты тереңдете отырып, оқушыларды әдеби-теориялық сауаттылыққа дағдыландыруы керек. Бұл көркем туындыны дәйекті түрде талдауға, білімді саналы меңгеруге үйретеді.
Көп жылғы тәжірибелік бақылау жұмыстарымыз мұғалімдердің басым көпшілігі оқу материалын − көркем туындыны түр мен мазмұн бірлігінде талдай білмейтіндіктерін, кейіпкерлер жүйесін шығарманың тақырыптық идеясын ашуға қарай саралай білмейтіндіктерін, көркем шығарманы орта мектепте оқып-үйренудің ғылыми-әдістемелік жүйесін тұтастықта қарастыра алмайтындықтарын байқатты. Мұның салдары жоғары сынып оқушыларының оқу бағдарламасы талаптарын орындамауына, көркем шығармамен өздігінен жұмыс істей білмеуіне, соның нәтижесінде олардың білім деңгейінің төмендеуіне апарып соқтырды. Осы аталған кемшіліктердің басты себебі − қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінде, әсіресе, жоғары сыныптарда, әдеби туындыдағы образ-персонаж, кейіпкерлер жүйесі, көркем бейнелердің мінез-құлық әлемі, сюжеттік оқиғалар желісі, композициялық құрылым секілді әдеби-теориялық ұғымдардың, автор ізімен немесе тұтастай, кейіпкерлер бойынша яки проблемалық-тақырыптық сияқты әдеби шығарманы талдаудың негізгі әдістемелік жолдарының арнайы зерттелмегендігінен деп пайымдауға болады. Бұл олқылықтың орнын толтыруға аз да болса үлес қосу мақсатында орыс және жақын шет ел (қырғыз, өзбек) әдебиеттерін оқыту әдістемесіндегі іргелі зерттеулерге зер салумен бірге республикамыздағы озат ұстаздардың іс-тәжірибелеріне назар аудара отырып, өз тұжырымдарымызды жасадық.
Озат тәжірибелерді қорыта келе және өзіміздің көп жылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарымыздың нәтижелеріне сүйене отырып, ғылыми жұмыста мынадай мақсаттар қойылды:
- жалпы орта білім беретін мектептегі қазақ әдебиеті пәнінің оқу материалын терең де тиянақты меңгертудегі көркем шығарманы талдаудың тиімді жолдарын анықтау және оның ғылыми-әдістемелік негіздерін қалыптастыру;
- көркем шығарманың мәтінін талдаудың оңтайлы әдістері мен әдеби-теориялық ұғымдарды, сондай-ақ оқушылардың өздігінен жұмыс жасау түрлерін меңгерту тәсілдерін айқындай отырып, олардың тиімділігі мен құндылығын педагогикалық эксперимент арқылы дәйектеу.
Зерттеу нысаны: Жалпы білім беретін орта мектептегі қазақ әдебиеті пәні сабағында көркем шығарманы оқып-үйрену үрдісі.
Зерттеу пәні: Мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері.
Зерттеу болжамы: Көркем шығарманы талдау үрдісі оқушылардың өздік және шығармашылық жұмыстар жүргізуінің әр түрлі формаларын арқау еткен тиімді әдістер мен тәсілдерді қолданған жағдайда, сондай-ақ шығарманың рухани-эстетикалық мәнін терең бағамдай отырып, әдеби-теориялық ұғымдарды саналы түрде меңгергенде, көркем мәтінді тұтастықта әрі сабақтастықта қабылдағанда, әдеби құбылысқа тарихи тұрғыда мән беру қалыптастырылғанда, әдеби туындыны талдаудың әдістемелік жолдары мен соған байланысты білім, білік, дағдыларды меңгергенде ғана мақсатты түрде жүзеге асады.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен болжамы мынадай міндеттерді шешуді талап етеді:
− көркем шығармалардың жанрлық ерекшеліктеріне назар аудара отырып, шығарманы талдау мәселесінің ғылыми-теориялық негіздерін дәлелдеу негізінде кешенді жұмыстардың түрлерін анықтау;
− зерттеу мәселесіне байланысты қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламаларын, оқулықтарын және хрестоматияларын жетілдіру мақсатында талдау жасау;
− зерттеу тақырыбы бойынша қазақ әдебиеті мұғалімдерінің озат тәжірибелерін қорыту; отандық және көрші елдер (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан) әдіскерлерінің көзқарастарын зерделеу;
− XI сынып оқушыларының эпикалық шығармаларды оқып-үйрену үрдісіндегі білім, білік, дағды деңгейлерін, гуманистік-ізгілік көзқарастарын қалыптастыру жолдарын қарастыру;
− шәкірттердің оқырмандық мәдениетін қалыптастырудағы көркем шығарманы талдаудың ұтымды жолдарын, әдістері мен тәсілдерін, әдеби туындыны талдаудың моделін, ақын-жазушының шығармашылық тұлғасын танытудың үлгі-кестесін ұсыну;
− ұсынылып отырған әдістемелік жүйенің тиімділігін және құндылығын ғылыми эксперимент арқылы дәлелдеу.
Зерттеудің жетекші идеясы. Орта мектепте көркем шығарманы мақсатты және жүйелі түрде талдаудың нәтижесі әдебиетті оқытудың сапасын арттыруға тікелей ықпал жасауымен, көркем мәтінді терең меңгертуімен ерекшеленеді. Ол оқушының өзіндік ізденісін, танымын, шығармашылық қабілетін, логикалық ойлау жүйесін байытады.
Ғылыми зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі. Қазіргі кезеңдегі оқыту әдістемесі және әдебиеттану ғылымдарының жетістіктері, дидактиканың оқыту ұстанымдары, отандық және шетелдік педагог-психолог ғалымдардың оқыту нәтижесінде жас жеткіншектердің ақыл-ой қабілеттерін дамыту туралы іргелі теориялық қағидалары, әдеби білім берудің мемлекеттік стандарты, оқу тұжырымдамалары, бағдарламалар, оқулықтар, оқу құралдары, оқытудың жаңа технологиялары туралы ғылыми-әдістемелік еңбектер негіз болды.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында баяндау, бақылау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, талдау, тұжырымдау, диагностикалық сауалнама, талқылау, зерттеу нәтижелерін қорытындылау, эксперименттік мәліметтерді сапалық және сандық тұрғыда сараптау, жинақтау әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- қазақ әдебиеті сабағында көркем шығарманы талдаудың ғылыми- әдістемелік тұрғыдағы орны мен мәні тұңғыш рет айқындалды; соның негізінде жинақталған ой-тұжырымдар жасалды;
- қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінде алғаш рет әдеби туындыны талдау жүйесі, оның жеке тұлғаны қалыптастырудағы мәні ғылыми-теориялық және әдіснамалық тұрғыда негізделді;
- көркем шығарманы талдаудың жалпы білім беретін орта мектептерде оқушы мен ұстаз арасында нәтижеге бағытталған ынтымақтастық қатынастар орнықтыруға ықпал ететін әдістемелік жүйесі ұсынылды;
- көркем әдебиет үлгілерін талдаудың педагогикалық-психологиялық, ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындауға алғаш рет қадам жасалды, көркем шығарманы жанрлық ерекшелігіне қарай талдаудың тиімді әдістері мен тәсілдері нақтыланып, нұсқаулар дайындалды; тың әдістемелік талдау жолдары оқытудың жаңа технологиясы мысалында беріліп, көркем шығарманы талдаудың моделі, ақын-жазушының шығармашылық тұлғасын танытудың үлгі-кестесі ғылыми-әдістемелік тұрғыда дәйектелді;
- талдауға қатысты берілетін танымдық, тәрбиелік, дамытушылық бағыттағы жаттығуларға қойылатын талаптар белгіленіп, оған байланысты жұмыс түрлері сараланды, соған сәйкес сұрау-тапсырмалар жүйесі жасалып, көркем шығарманы жанрлық ерекшеліктеріне қарай талдай оқытудың тиімділігі эксперимент арқылы дәлелденді;
-орта мектеп оқушыларының жеке құзыреттіліктерін қалыптастырудағы көркем шығарманы талдау технологиясының орны мен мән-маңызы белгіленді; шәкірттердің оқырмандық мәдениетін дамытудың мүмкіндіктері нақтыланды; туындыны талдаудың диагностикасы жасалып, олар тәжірибе арқылы тексеріліп, дәйектелді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- қазақ әдебиетін оқытуда шәкірттердің әдеби дамуын қамтамасыз ететін көркем шығарманы талдаудың ұтымды әрі оңтайлы әдістемелік жұмыстар жүйесі арқылы оқушы бойында оқырмандық білім, білік және дағдылар қалыптастыру, олардың гуманистік көзқарастарын тәрбиелеу жолдары ұсынылады;
- ақын-жазушының азаматтық тұлғасын, қаламгерлік ұстанымын тануда әдеби шығарманы талдаудың рөлі зор екені айқындалады, сол арқылы шәкірттер теориялық білім алу әрекетін шығармашылық қызмет әрекетіне айналдырып, талдау арқылы эстетикалық-этикалық білім алуға, оқырмандық қызығушылықтары мен қабылдау мүмкіндіктерінің қалыптасуына қол жеткізеді;
- әдеби-теориялық талдау көркем туындыны терең меңгеруге, сол арқылы оқушылардың белсенділікпен талдау жүргізуді игеруіне, жағдаятты талдау мен сол талданатын жағдаяттың моделін, сипаттамасын жасауға, өз шешімін саралап айтуға, өздігінен ізденуге және оларды салыстыра зерттеуге үйренеді;
- көркем шығарманы белсенділікпен интерактивті талдау, оқушы мен мұғалім арасындағы әрекет көркем шығармаға ұтымды этикалық-эстетикалық талдау жасаудың кепілі болып есептеледі; бұл ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуге, олардың білім көкжиегінің кеңеюіне ықпал етіп, күнделікті өмірде оқу-тәрбие ісін жақсартуға бағыттайды;
- белсенділікпен талдау оқушы тұлғасының дамуына әсер етіп, танымдық-психологиялық қасиеттердің нығаюына мүмкіндік жасайтыны, баланың ізденушілік, зерттеушілік, шығармашылық әрекетін ұйымдастыруға, нақты нәтижеге қол жеткізуге жол ашатыны анықталды;
- талдауға байланысты жүргізілетін шығармашылық жұмыстар арқылы оқушылар өзін-өзі және бірін-бірі оқыта отырып, білімді өз ізденістері нәтижесінде игеруіне жол ашады; талдауды жүйелі түрде шығармашылықпен жүргізу шәкірттердің нәтижеге бағытталған білім, білік, дағдыларды меңгеруіне ықпал етеді;
- талдау арқылы жүргізілетін әдеби-шығармашылық жаттығулар, проблемалық тапсырмалар, жазба жұмыстары оқушының танымдық әрекетін жандандырып, жеке тұлға ретіндегі дамуына, өмірлік бағдар алуына, оқушының дербес тұлға қатарлы өзін-өзі азамат ретінде сезіне білуіне және оның өз білімін үздіксіз жетілдіру қажеттілігіне мүмкіндік алады;
- талдау арқылы оқушыны мақсат қоя білуге төселдіру, ақын-жазушының үнін, жеке тұлғасын тану, ішкі толғанысын байқау, терең ойлай білуге үйрету, өз пікірін ашық жеткізіп, қорғауға дағдыландырып туындының философиялық астарын зерделеуде шәкірттерді ғылыми-ізденушілік, танымдық-зерттеу жұмысына бағыттаудың негізі қаланады;
- деңгейлік тапсырмалар беру, жүйелі талдау шәкірттерді нәтижелі іс-әрекеттерге баулуға бағыттайды, әр оқушының икем-қабілетін, талантын ашу оның өзіне деген сенімін нығайтуға жетелейді; белгілі бір проблеманы өздігінен шеше алатындай ойлау логикасын жетілдіруі жүзеге асырылады;
- ұсынылған ғылыми-әдістемелік талдау жүйесінің тиімділігі оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын дамытады.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен нақтылығы. Зерттеу негізі етіп алынған, теориялық тұрғыда қарастырылған қағидалар әдіснамалық жүйеде сараланып, талдаумен бекітіледі. Зерттеудің алдына қойылған мақсатына сай белгіленген міндеттеріне байланысты қолданылған әдіс-тәсілдердің ұтымдылығы, қол жеткізген бағдарлы нәтижелілігі, оқу пәнінің сапалы білім деңгейіне тиімді ықпалы тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар арқылы тексерумен, практикаға толық ендірумен қамтамасыз етілді.
Зерттеудің практикалық құндылығы мен маңызы. Көркем шығарманы талдаудың әдістемелік негіздері оқушының оқу материалын меңгеру сапасын арттыруда, көркем шығарманы талдау бойынша білім, білік, дағдыларды қалыптастыруда, соның нәтижесінде шәкірттердің оқырмандық мәдениетін, рухани-адамгершілік, интеллектуалдық-әлеуметтік құзыреттіліктерін тәрбиелеуде деп есептейміз.
Зерттеу жұмысында жоғары және арнаулы орта оқу орындары оқытушылары мен студенттеріне, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне көмек ретінде монографиялы түрде оқытылатын эпикалық шығармаларды талдауға байланысты күнделікті сабақ үрдісінде кәдеге жарататын нақтылы әдістемелік ұсыныстар беріледі. Көркем шығарманы талдауға қатысты бұл әдістемелік ой-тұжырымдар білім мазмұнын жетілдіруде, бүгінгі күн талаптарына орай жасалған бейіндік оқу бағдарламаларында, оқулықтарда, оқу-әдістемелік құралдарда негізге алынады.
Зерттеу жұмысының кезеңдері.
Бірінші кезеңде (2000-2003 жж. ) орта мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау үшін педагогикалық, психологиялық, әдебиеттанушылық мәселелер бойынша ғылыми еңбектерге талдау жасалды. Тақырыпқа байланысты бақылау және анықтау тәжірибесін жүргізу мақсатында қажетті материалдар әзірленді.
Екінші кезеңде (2003-2006 жж. ) . Әзірленген ғылыми деректер мен әдістемелік материалдар тәжірибеде пайдаланыла бастады, осыған орай көркем шығарманы талдаудың әдістемесі жасалды. Тәжірибелік сабақ үлгілері, сұрау-тапсырмалар жүйесі нақтыланды. Әдеби туындыны талдаудың ұтымды жолдары, әдістері, тәсілдері, оқытудың жаңа технологиясы қалыптастырушы оқыту эксперименті арқылы сынақтан өткізілді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz