Жұмысшы газетінің редакторы Баймұратов жолдасқа


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 154 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысы 1931-38 жылдары «Жұмысшы» деген атпен Риддер қаласында, 1939 жылдан бері Өскемен қаласында «Социалистік Алтай», «Большевик Алтая», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» деген атпен шыққан, 1990 жылдан бері «Дидар» деген атпен шығып келе жатқан Шығыс Қазақстан облыстық қазақ газетінің қалыптасу, даму кезеңдеріне арналады. Сол кездері облыс аумағында жарық көрген орыс және қазақ тілді басылымдарға да шолу жасалады. Ғылыми еңбекте қазақ журналистикасының тағдыры мен тарихына тікелей қатысты, дүние қойнауына сіңіп бара жатқан көптеген мәліметтер мен деректер, оқиғалар мен тағдырлар анықталып, алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.

Тақырыптың өзектілігі. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болған соң, рухани саладағы басты міндеттің бірі - «жұп-жұқа» тарихымызды түгендеп, толықтырып, еңсемізді тіктеп, өркениетті елдер қатарынан лайықты орнымызды табу. Бұл зерттелуге тиіс мәдени мұраның маңызды бір саласы қазақ журналистикасының тарихы болуға тиіс. Қазақ журналистикасы тарихында игерілмей, ғылыми ой елегінен өткізілмей келе жатқан тақырып әлі көп. Соның бір парасы - баспасөзге, оның ішінде жергілікті басылымдар тарихына қатысты іздеу, табу, саралау, жүйелеу, тұжырымдау және табылған жаңалықты жариялау, ғылыми айналымға түсіру жұмыстары.

«Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму кезеңдері» атты ғылыми жұмыс зерттеліп отырған аймақ басылымдарының тарихын өз деңгейінде ғылыми тұрғыдан қарастырып және оның журналистика тарихындағы алар орнын нақты айқындау мақсатынан туған. Әр кезеңдегі облыстағы қоғамдық-саяси оқиғаларға да баға бере кету зерттеу барысында назардан тыс қалған жоқ.

Қазақ баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан Шығыс өңірі баспасөзінің жан-жақты зерттелуі жалпы ұлттық баспасөз тарихының жаңа беттерін парақтап, өткеніміздің бар-жоғын сараптап, журналистиканың даму бағыттарын бүгінгі күннің көзқарасымен зерделеу үшін де аса қажет. Облыстық, өлкелік журналистиканың қалыптасу кезеңдері мен даму жолдарын саралау және аймақтағы қазақ газеттеріне тән ортақ заңдылықтарды іздестіру - журналистика ғылымында көп зерттелмеген және зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Осы тұрғыдан келгенде диссертанттың таңдап алған тақырыбы өзекті.

Зерттеу нысанына айналып отырған Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің алғашқы бастауы болып саналатын, Риддерде 1931 жылдан шыға бастаған «Жұмысшы» газетінің дүниеге келуіне сол кездегі ең алғашқы қазақ жұмысшы табының Шығыстағы Риддер қаласындағы ірі өндіріс орындарында ең көп шоғырлануы тікелей әсер етті деуге негіз бар. Мұрағаттан Риддер комбинатына жергілікті ұлт өкілдерін қабылдау (коренизация) саясатының да болғанын, өлкелік партия комитетінің Риддерде қазақ газетін ашу қажеттігі жөніндегі арнайы шешім қабылдағанын айғақтайтын құжаттарды кездестіруге болады [1] . 1937 жылы сол Риддерде жеке қазақ активін жинап, жиналыс өткізгені үшін «халық жауы» ретінде атылып кеткен газеттің алғашқы редакторы Мақсұт Тайшыбаев өз заманында қазақ жұмысшыларының сол өңірдегі жолбасшысына айналған, қоғамдық-саяси істерге белсене араласқан талантты журналист, жазушы болған адам.

Еліміздің тәуелсіздік алуы мен ел экономикасының жаңаша сипатта дамуы, меншіктің жеке түрінің қалыптасуы, елдегі саяси және экономикалық өзгерістерге орай қазақ тіліндегі басылымдар да жаңа ахуалға тап болып отыр. «Дидар» газетінің соңғы жылдардағы жарияланымдары мен жинақтаған тәжірибелерін ғылыми айналымға түсіру, басылымда қызмет еткен журналистердің шығармашылығы, газет ісіне араласқан авторлардың белсенділігі, мерзімді баспасөз ісінің негізгі процестері жайлы ой қорытылып, тұжырым жасау да зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігін танытады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеу еңбектерінің әр жылдары елімізде жарық көргені аз емес. ХХ ғасырдың екінші жартысында Т. Амандосов [2], Х. Бекхожин [3], Х. Бекхожин, С. Қозыбаев, С. Матвиенко [4], Б. Кенжебаев, Т. Қожакеев [5], Ү. Сұбханбердина [6] сияқты белгілі ғалымдар кеңестік баспасөздің тарихын зерделеді. Заман талабына байланысты бұл ғалымдардың зерттеулерінде кеңестік газеттер тарихы партия мен Кеңес өкіметінің көзқарасы тұрғысынан қарастырылады. Дегенмен, қазақ баспасөзінің қалыптасу және даму тарихы құнды деректер негізінде, жүйелі түрде сипатталады.

Жоғарыда көрсетілген авторлар өз еңбектерінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Семей өңіріндегі баспасөз тарихына қатысты мәселелерге біршама терең тоқталған, сонымен қатар кейбір еңбектердің библиографиялық шолу, анықтама сипатында екенін де айтқан жөн.

Семей өңіріндегі баспасөз тарихының бірқатар мәселелері қазіргі «Семей таңы» қалалық газетінің редакторы Р. Молдашеваның 2003 жылы қорғалған диссертациялық жұмысында қарастырылады [7] .

Кеңес кезінде орыс тіліндегі газет-журналдардың көпшілігі реттеліп, библиографиясы жасалып, материалдары ғылыми айналымға түскенімен өзінің бастауын 1917 жылы Өскеменде шыққан «Голос Алтая» басылымынан алатын бүгінгі Шығыс Қазақстан облыстық «Рудный Алтай» газеті жайлы толыққанды ғылыми зерттеу болған жоқ. Газет тарихына қатысты мұрағаттық құжаттарды жинақтау, өзіндік ой түю талпыныстары көбінесе газеттің 2003 жылы атап өтілген 85 жылдық мерейтойына қатысты ғана жасалған [8] . Осы диссертация тақырыбына арқау болып отырған Шығыс Қазақстан облыстық қазақ газетінің тарихы жайлы да жарық көрген мардымды материалдардың болмағанын айтқан жөн. «Дидар» газетінің әр кезеңдегі тарихына шолу жасаған авторлардың бір тобы - басылымның өзінде ұзақ жылдар еңбек еткен журналистер және жергілікті авторлар.

Белгілі журналистер Б. Исабековтың «Жұмысшы дастаны», Б. Әбілдиновтың «Ұшқан ұя», К. Сақабаевтың «Алғашқы редактор», Қ. Байкеновтың «Ұмытылмас күндер», Қ. Қамбаровтың «Сол жылдарда», З. Ыбыраевтың «Алтай айнасы», Ш. Машрафиннің «Газет маған не берді?», Д. Әшімхановтың «Сол бір жыл», З. Баяновтың «Алғашқы қадам» атты естелік материалдарында газетте әр кездері қызмет еткен журналистер, әдебиетшілер мен ақындар шығармашылығы туралы, сол кезеңдерде басылым алдына қойылып отырған міндеттер жайлы жан-жақты ой қозғалған, «Жұмысшы» газетінің алғашқы редакторы М. Тайшыбаевтың өмірі мен қызметі жайлы диссертанттың бір тарихи зерттеу еңбегі жарық көрген [9] .

Шығыс өңірі басылымдарының қалыптасу және даму тарихының зерттелуі жалпы ұлттық баспасөзіміздің тарихын түгендеу үшін ғана емес, бүгінгі қазақ журналистикасының даму бағыттарын өз деңгейінде айқындау, әрі жүйелеу үшін де қажет. Шығыс Қазақстан облыстық газетінің пайда болуы, дамуы мен қалыптасу жолдарын көрсету және бұл тақырыпты кең ауқымда зерттеу ісі әлі қолға алынбаған. Аталған басылымның тарихы мен онда еңбек еткен белсенді де қарымды қаламгерлер мұрасы диссертациялық жұмыс ретінде алғаш рет жазылып отыр.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты - аймақ басылымдарының тарихы арқылы қазақ баспасөзінің қалыптасу кезеңдері мен даму жолдарын анықтау, қазақ газеттеріне тән ортақ заңдылықтар мен байланыстарын іздестіру және өндірісті Шығыс өңіріндегі ұлттық баспасөздің өзіндік даму бағытын, қалыптасу ерекшелігін сараптау, олардың жалпы қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесін айқындау.

Негізгі мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттердің шешім табуы қажет:

  • облыстағы басылымдар тарихын, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Шығыс Қазақстандағы ақпараттық кеңістікті зерттеу, Риддер жұмысшыларының қазақ тіліндегі басылымға зәрулігін анықтау; Шығыс Қазақстан облыстық қазақ газетінің дүниеге келуіне әсер еткен алғышарттарды көрсету; Кеңес үкіметінің соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдеріндегі (1939-1953 жж. ) газеттердің қызметіне, тақырыптық өзгешеліктеріне талдау жасау; 50 жылдардың екінші жартысынан 80 жылдардың соңына дейінгі аралықтағы газеттердің ұстанған бағытын айқындау, олардың жарияланымдарының жанрлық, стильдік, тілдік ерекшеліктерін нақтылай көрсету; Облыстық газетте жарық көрген мақалалар арқылы Шығыс өңірі журналистерінің шығармашылықтарына тән белгілерді жіктеп көрсету және олардың шеберлік қырларын ашу; «Дидар» (1990-2006 жж. ) газетінің бүгінгі таңдағы тәжірибелері мен жаңашылдық ізденістерін дәйекті деректемелер негізінде топтастыра жүйелеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

1. Диссертациялық жұмыс Шығыс Қазақстан облыстық қазақ газетінің дүниеге келуін, қалыптасуы мен дамуын, жалпы тарихын тұңғыш рет зерттеу нысанына айналдырды. Зерттеудің басты ғылыми жаңалығы осында.

2. Облыстық газеттің алғаш жарық көруі, қалыптасуы, дамуы қоғамдық үрдістермен сабақтастырыла, шендестіріле зерттелді. ХХ ғасыр басында облыста жарық көрген өзге де қазақ және орыс басылымдарының тарихына да шолу жасалып, сол кездегі облыстағы ақпараттық кеңістік жайлы мағлұматтар бір жүйеге келтірілді.

3. Алғаш рет газеттің тарихы соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі жылдар кезеңдеріне бөлініп, жүйеленді. Мұрағаттық деректер, қолжазба қорларындағы мәліметтер орынды пайдаланыла отырып, әр кезеңнің басты ерекшеліктері нақтыланды, ондағы журналистердің шығармашылық жұмыстары, тәжірибелері топтастырылды.

4. Зерттеу жұмысында алғаш рет өндірісі мол шоғырланған аймақтағы газет бетінде өнеркәсіп тақырыбын көтеру үрдісі, әр кезеңдегі сабақтастығы, осы тақырыпта жазатын газет қызметкерлері материалдарының жанрлық, тілдік, стильдік ерекшеліктер анықталды. Болашақта осы өндірістік журналистика тәжірибесін дербес зерттеу тақырыбына айналдыруға болатындығы дәйектелді.

5. Ғылыми еңбекте қазақ журналистикасының тағдыры мен тарихына тікелей қатысты, дүние қойнауына сіңіп бара жатқан көптеген мәліметтер мен деректер, оқиғалар мен тағдырлар анықталып, алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасуы және даму кезеңдеріндегі тақырыптық, мазмұндық, жанрлық ерекшеліктері мен тарихи сабақтастығы жайлы нақты пікірлер айтылып, тұжырымдар жасалды.

6. Жаңа ХХІ ғасырдағы облыстық газеттердің ертеңгі даму жолдары мен шешетін проблемаларын белгілеу, бұқаралық ақпарат құралдарын бүгінгі нарық жағдайында маркетинг пен менеджмент арқылы басқару мәселелері зерделеніп, сарапталып, дәйектелді.

Зерттеу тәсілдері. Зерттеу жұмысы барысында тарихи талдау, салыстыру, жүйелеу әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының нысаны. Шығыс Қазақстан облыстық газетінің пайда болу, қалыптасу, даму кезеңдерін, жалпы газеттің тарихын облыстың әр кезеңдегі тыныс-тіршілігін де танып отыратындай қоғамдық үрдістермен сабақтастыра, ғылыми тұрғыдан сараптап, талдау зерттеу жұмысының негізгі нысанын көрсетеді.

Диссертацияның деректік көзі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық кітапханасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының, Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қорларында сақталған, Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінен, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстық архивтерінен алынған облыстық газетте қызмет істеген журналистердің өмірі мен қызметіне қатысты тарихи түпнұсқа құжаттар, деректік маңызы бар мәліметтер мен облыстық газет тігінділеріндегі сан алуан мақалалар зерттеу жұмысының өзегі болды.

Тақырып деректемелерінің негізгі бір тобы - газетте әр жылдары қызмет істеген Б. Исабеков, Б. Әбілдинов, Қ. Байкенов, Қ. Сақабаев, Қ. Қамбаров сияқты баспасөз ардагерлерінің естеліктері. Олар облыстық газеттің қалыптасуы мен даму жолындағы игілікті істер, кездескен қиындықтар жайлы, қызметтес журналистер туралы көптеген тың деректер негізінде сыр шертеді. Зерттеу нысанының қыр-сырын ашу үшін қажетті жерлерде көз көргендердің осындай естеліктері пайдаланылды.

Жұмыстың теориялық және әдістемелік негізі. Облыстық газеттің пайда болуы, қалыптасуы мен дамуын зерттеу барысында Шығыс Қазақстан облысының мерзімді баспасөзіне байланысты негізгі деректердің барлығы қамтылды. Қазақ әдебиеттану ғылымына, баспасөз тарихы мен теориясына елеулі үлес қосқан А. Байтұрсынов, Ғ. Мүсірепов, Б. Кенжебаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, Қ. Бекхожин, Ш. Елеукенов, Ж. Ысмағұлов, С. Қирабаев, С. Қасқабасов, Ж. Дәдебаев, Н. Омашев, Қ. Әбдезұлы, Б. Майтанов, З. Бисенғали, С. Қозыбаев, Б. Жақып, Д. Ысқақұлы және т. б. көрнекті ғалымдардың еңбектері ғылыми дәйек ретінде пайдаланылды. Сонымен бірге журналистиканың, публицистиканың әралуан мәселелеріне қатысты келелі пікірлерін білдірген Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Ш. Нұрғожина, Ғ. Ибраева, А. Мектеп, Н. Қуантайұлы, Р. Жақсылықбаева, Ж. Әлмашұлы, Т. Бейісқұлов, К. Қамзин, Қ. Аллаберген еңбектері, газет бизнесінің теориясын талдап, ғылыми зерттеу нысанына айналдырған С. М. Гуревич, Т. Болдинг, В. А. Шандра, В. А. Аграновский сияқты ғалым-журналистердің зерттеу еңбектерін негізге алдық.

Жұмыстың ғылыми-тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысының нәтижелерін жоғары оқу орындарының журналистика факультеттерінде жүргізілетін «Қазақ баспасөзінің тарихы», «Журналистік шеберлік», «Журналистикаға кіріспе» тәрізді жалпы курстар бойынша оқылатын дәрістер, семинар мен тәжірибелік сабақтарды өткізу барысында пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

  1. ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңы мен 30 жылдарының басында Риддерде жарық көрген «Риддерский рабочий», Өскемендегі «Прииртышская правда» қазақ ұлтының басым көпшілігіне түсініксіз, орыс тілінде болды, ал Семейде жарық көрген «Қызыл дала» мен Аягөзде шығатын «Жаңа ауыл» газеттері Өскемен өңіріне көп тарала қоймады. Бұл - өндірістегі қазақ жұмысшыларының ұлт тіліндегі басылымға деген зәрулігін тудырған жағдайдың ең бастылары.
  2. Шығыс Қазақстан облыстық қазақ газетінің жарық көруіне әсер еткен негізгі алғышарттар - алғашқы бесжылдықтар кезеңіндегі баспасөз ролінің күштілігі, сол кездегі ірі өндіріс орталығы болған Риддерде қазақ жұмысшыларының көп шоғырлануы және коммунистік большевиктер партиясының ұлттандыру (корениязация) саясатының жүзеге асырылуының нәтижесі.
  3. Облыстық басылымның соғыс жылдарындағы, соғыстан соңғы халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі аса ауыр материалдық-техникалық базасы, қаржы-қаражаттық әлеуетінің нашарлығы - оның штаттық құрылымына, ал ол өз кезегінде газет жарияланымдарының сапасына, жеделдігіне кері әсер еткен себептер. Облыстық газет - мұндай қиындықтардан абыроймен шыға білген басылым.
  4. 50 жылдардың басында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп келген Ш. Елеукенов, С. Ғабдуллин, А. Темірбаев, Т. Әбуғалиев, Т. Кенжебаев, Қ. Сапарғалиев сынды жас мамандар газет тарихындағы шын мәніндегі «алтын қор» болды. Жарияланымдарды жанрлық, стильдік, тілдік жағынан түрлендіріп, газет таралымын, қоғамдық тілшілер қатарын анағұрлым молайтқан осы аға буынның тәрбиесін көрген кейінгі толқын журналистер де облыстық қазақ басылымының ұстаханасынан топшыларын қатайтып, қанаттанып шықты. Бұл - бүгінгі журналистер үшін үйренерлік мектеп.
  5. Облыс өңіріндегі ұзындығы 810 шақырымдық «Шығыс шеңбері» жолының, Бұқтырма ГЭС-інің, жүздеген завод, фабрикалардың алып құрылыстарынан материалдар алу үшін облыстық газет қызметкерлерінің вахталық тәсілмен апталап, айлап іссапарда болуы, инженер-техник мамандардың, басшылардың басым көпшілігінің орыс ұлты өкілдерінен болуы - Шығыс өңірі журналистерінің өз шығармашылықтарының сапасын арттырып, шеберліктерін жетілдіре түсуге деген басты жауапкершіліктері мен міндеттеріне айналды. Бұл - күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан шеберлік мектебі.
  6. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында баспасөз беттерінде қауырт көтерілген бұрынғы «жабық» тақырыптар - саяси, рухани теңсіздік, ұмытыла бастаған дін, салт-дәстүр, тіл мен өнер, кеңес дәуіріндегі қуғын-сүргін, сол кезеңде «иесіз қалған» Одақ әскері жайлы, жер дауы сияқты мәселелер. «Дидар» осындай өткір материалдарды зерделеп, саралап, ұлттық мүдде мақсатында жариялап отыруымен беделді. Сөз бостандығына, ой еркіндігіне ден қойған бүгінгі «Дидар» - ел мен жер тарихын, тіл тағдырын, діл мен дін тұтастығын, ұлттық рух пен ұрпақ тәрбиесін негізгі тақырыбына айналдырып келе жатқан басылым.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар мен халықаралық және республикалық конференциялар жинақтарында жарық көрді.

Зерттеу жұмысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің мерзімді баспасөз, журналистика тарихы, телерадиожурналистика, баспа ісі және редакциялау, халықаралық журналистика кафедраларының және филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының бірлескен мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшалар берілген.

1 КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ГАЗЕТТІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛДАРЫ

1. 1 «Жұмысшы» газеті - Шығыс өңіріндегі алғашқы ұлттық басылым (1931 - 1939)

1929 жылғы сәуір айында өткен Бүкілодақтық партия конференциясы СССР халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдық жоспарын (1928-32) қабылдады. Онда еліміздегі қорғасын мен басқа металдар өндірудің ең басты көзі болып саналатын Риддер қаласына да үлкен маңыз берілді. Риддер кен-металлургия комбинаты алғашқы жылы-ақ өзінің өндірістік бағдарламасын төрт есе өсіруге тиіс болды. Мұндай ауқымды міндеттерді орындап шығу үшін комбинат кәсіпорындарында социалистік жарыстар кеңінен өріс алды. Бесжылдықтың алғашқы жылдарында-ақ өндірістік нормаларын 140-160 пайызға орындаушы 10 бригада өмірге келді.

Тек үш жылда ғана мемлекет комбинаттың дамуына 30 миллион рубльге жуық қаржы бөліп, Григорьевка шахтасында жаңа өндірістік буындар іске қосылды. Быструха су-электр станциясы кеңейтіліп, сол кездегі ірі құрылыстың бірі - Ульба ГЭС-і салына бастады, жаңа байыту фабрикасы іске қосылып, қорғасын заводы кеңейтілді, нан заводы, асхана, монша, жүзге жуық тұрғын үй, басқа да бірқатар мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар іске қосылды. Бірнеше забойларға электр жарығы тартылды, ауыр қол жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен пневмо бұрғылау тәсілі өндіріске енгізілді.

Риддер жұмысшыларын кен-металлургия өндірісін дамытуға, қорғасын балқыту мен сирек те бағалы металдар алуға, екпінділер қозғалысын кеңейтіп, өнертапқыштар мен жаңашылдар жұмысын, еңбектің озық тәсілдерін насихаттауда 1929 жылғы 1-маусымнан бастап жарық көре бастаған қалалық орыс газетінің рөлі ерекше үлкен болды. Оның алғашқы отыз номері «Горняк в соревновании» деген атпен, одан соң «Риддерский рабочий» болып шыға бастады [10] . 1930 жылғы 5-наурызда облыстық «Прииртышская правда» былай деп жазды: «Қорғасын заводы жұмысшылары арасында өріс алған социалистік жарыс заводты екпінді деп жариялауға мүмкіндік берді. Заводта 227 адам (заводта жұмыс істейтіндердің жалпы саны - 248 адам) онда жарысқа қосылған. Қорғасыншылар жұмыс қарқындарын бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамытуда . . . ».

Бірінші бесжылдықтың алғашқы үш жылында Риддер қорғасын-металлургия комбинатында кен өндіру 3, 4 есе, ал қорғасын балқыту екі еседен артық өсті. Мұндай еңбек өрлеуімен қоса Кенді Алтай жұмысшы табын қалыптастыру белсенді түрде жүргізілді. Деревнялардан келген шаруалар мен қазақ ауылдарынан келген кедей-батрақтар өндірістік-техникалық курстарда, мектеп-шеберханаларда, ФЗО мен қалада 1929 жылы ашылған кен-металлургия техникумында білім алып, кеншілер, металлургтер, металлистер қатарын толықтырып отырды.

1931 жылы салына бастаған Ульба ГЭС-іне жұмысқа келгендер де балташы, бетоншы, тас қалаушы, сылақшы, электромонтажшы мамандықтарын меңгерді. Тек 1932 жылы ғана арнайы курстардан өткен 300-ден аса адамның бестен бірі қазақтар болды.

Атағы дүрілдеп тұрған Риддерге ол кезде жан-жақтан жұмыс іздеп өз бетімен келіп жатқан қазақтар да болды, өкіметтің кәсіпорынға жергілікті ұлт өкілдерін қабылдау (коренизация) саясаты да болды. Мәселен, Риддер комбинатының Семей округтік атқару комитетіне берген статистикалық мәліметінде мынадай деректер келтірілген. «1928 жылғы 1-ақпанда кәсіпорындағы 1847 адамның 254-і, немесе 13, 8 пайызы қазақ ұлтынан. Негізінен жұмысшы-қазақтар тау цехында, байыту фабрикасында, теміржол цехында, ат қорада жұмыс істейді. Біздің кәсіподақ ұйымдары кәсіпорындағы қазақтардың жағдайын жүйелі түрде зерттеулері қажеттігін талап ету керек. Сонымен қатар ұлттандыру (коренизация) жөніндегі біздің жұмыстардың табысты жүруі үшін райкомда бірнеше рет қаралған - кәсіпорында ұлттандыру жұмысымен жүйелі түрде айналысатындай директордың көмекшісі етіп қазақты тағайындау мәселесін түбегейлі шешу керек» [11] .

Бұл, әрине, өкімет саясатын қағаз жүзінде қолдау. Әйтпесе кәсіпорындағы қазақтардың жағдайы мәз болған жоқ, оның барлығы әсіресе журналистерді, ұлтжанды азаматтарды толғандырмай қоймағаны белгілі, ол жөнінде нақты мысалдар кейінірек келтірілетін болады.

Қалай дегенмен де сол кездегі ірі өндіріс орталығына қазақтар көптеп келіп қоныстанып жатты. Алғашқы ұлттық жұмысшы табы қалыптаса бастады, Одаққа әйгілі жарыс жеңімпаздары шыға бастады. Осының барлығы қалаға ұлт тілінде шығатын ақпарат құралының қажеттілігін туғызды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму кезеңдері (1931 – 2004 жж.)
ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Тәуелсіздік кезеңдегі «Қазақ әдебиеті» газеті
Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ақын, прозаик, драматург, әнші, журналист-публицист, сазгер, ғалым, психолог ретінде танылады
Түркістан өлкесіндегі ұлттық баспасөз дамуының проблемалары
Қазақстандағы кеңестік мәдениет ошақтарының қалыптасуы
Отан соғысы майдандарында
ЖАНДОСОВ Ораз Саяси қайраткер
Онлайн қазақ басылымдары
Ресми құжат тілінің функциональдық формасы жазба тілі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz