Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындаудың педагогикалық негіздері


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
ӘОЖ 373. 1. 02:37. 035. 3:371. 212. Қолжазба құқығында
АХАТАЕВА ҚАЛИЯ БАЙҒОҢЫРҚЫЗЫ
Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру
13. 00. 01 - Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми кеңесшісі: п. ғ. д.,
профессор Р. К. Төлеубекова
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 3
1 Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындаудың педагогикалық негіздері 9
1. 1 Оқушылардың өздігінше орындайтын жұмыстарының ғылыми-теориялық негіздері 9
1. 2 Жоғары сынып оқушыларының педагогикалық-шығармашылық біліктігін қалыптастыратын оқытудың жаңа технологиялары 22
1. 3 Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру моделі 43
2 Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру әдістемесі 56
2. 1 Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыруды мазмұндық тұрғыда қамтамасыздандыру 56
2. 2 Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастырудың формалары мен әдістері 64
- Тәжірибелік-эксперимент жұмысының нәтижесі 102
Қорытынды 120
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 122
Қосымшалар 128
КІРІСПЕ
Қазіргі таңдағы мемлекеттің білім беру саласындағы саясатының басты бағыты - шығармашыл, сындарлы ойлай білетін, өз мүмкіндіктеріне сенімді, әртүрлі әлеуметтік және өндірістік проблемаларды өз бетінше шешуге қабілетті азамат дайындау екендігі мәлім. Осыған орай әлемдік қауымдастықта айтарлықтай ықпалы артып келе жатқан еліміздің білім беру саласын халықаралық дәрежеге көтеру, бәсекеге қабілетті маман даярлау мақсатында тың да нақты қадамдар жасалуда.
ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев: Қазақстан халқына Жолдауында (2007 ж) «Білім берудің басты өлшемі - білім мен білік алған кез келген азамат әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады» [1], - деп атап көрсетті. Ғылымның әр саласында білім мазмұны мен көлемі қауырт өсіп отырған бүгінгі күні жан-жақты дамыған азаматтарды қалыптастыру, әсіресе, мектеп оқушыларының өздігінше шығармашылық жұмыстарды орындау біліктілігін дамыту ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Өйткені, білім берудің жаңа мазмұнына байланысты мұғалім әрекеті оқыту үрдісін ұйымдастырушы ретінде қарастырылып, оқушының тұлғалық аспектілерін дамыту мәселесі алғы орынға шықты. Бұл оқу қызметінің субъектісі ретінде, даралық, өзіндік жұмыс істеуге, өзін-өзі тануға, білім алу арқылы дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру басты құндылық болып табылатынын көрсетеді.
Сондықтан оқушының өздігінен білім алу, іздену, қорытынды жасап, талдау дағдыларын қалыптастыру үшін, оның өзіндік біліктілігіне сүйене отырып, білім алу технологиясын меңгертуге көңіл аударылуда.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Білім беру туралы Заңында: «Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» - деп, атап көрсетілген [2] .
Демек, білім беру мазмұнын жаңарту қажеттігі еліміздегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты қазақстандық білім беру саласында қалыптасқан ахуалдан туындап отыр. Бұл ретте біз оқытудың ең маңызды мәселелерін айқындай отырып, дамыған елдердің прогресшіл тәжірибесіне сүйене білуге тиіспіз.
Оқушылардың шығармашылық жұмыстары бойынша зерттеу барысында өздігінен орындау жұмыстары мәселелері философиялық, педагогикалық зерттеулерде, әдебиеттерде, басылымдарда көрініс тапқанын, бұл салада біраз тәжірибе бар екенін байқадық.
Мәселен, Кеңес өкіметі жылдары Н. К. Крупская, П. П. Блонский білім беруде өзіндік жұмыс мәселелерін зерттеп, құнды педагогикалық мұра қалдырды [3, 4] .
Жастардың өз бетінше оқып, білім алуы мен дүние тануын жетілдірудің әдіснамалық негіздері М. А. Данилов, Ю. К. Бабанский, Я. Зорина, М. Н. Скаткин, А. В. Усова және т. б. еңбектерінде жалпыпедагогикалық аспектіде қарастырылған [5, 6, 7, 8, 9] .
Ал И. Я. Лернер, Р. Г. Лемберг, М. И. Махмутов, А. М. Матюшкин, Г. И. Шукина, П. И. Пидкасистыйдың зерттеулері оқыту үрдісінде оқушылардың оқу белсенділігін арттырудың жолдары мен тәсілдеріне арналған [10, 11, 12, 13, 14, 15] .
Тәрбие мен оқытудың теориясы мен практикасын дамыту саласында педагогика-психологиялық күрделі зерттеулер жүргізген қазақстандық ғалымдар А. А. Бейсенбаева, Қ. Қ. Жампейісова, В. В. Трифонов, Н. Д. Хмель, Г. К. Нұрғалиева, Ж. Н. Намазбаева, А. П. Сейтешев, Г. Т. Хайруллин, Н. Н. Хан, М. А. Құдайқұлов, В. А. Ким, Р. К. Төлеубекова, т. б. еңбектері ұлттық мектебіміздің жаңа жүйесін қалыптастыруда ерекше маңызды орын алады. Сонымен қатар, Ө. Озғанбаев, С. Қалиев, Ж. Наурызбай, С. А. Ұзақбаева, М. Жадрина, А. Құсайынов, т. б. ғалымдар өз еңбектерінде көп ұлтты мәдени кеңістіктегі Қазақстан мектебінің жаңа ұлттық моделін қалыптастыруға байланысты ұлттық идея мәселесіне ерекше мән берген.
Республикамызда бірқатар ғалымдардың диссертациялық еңбектері оқушылардың әр сала, әр пән бойынша өздік жұмыстарды орындау мәселелеріне арналған. Мәселен: Б. Қ. Әбдіғұлова (тарихты оқытудың дидактикалық негіздері), Б. А. Тұрғынбаева (мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту), К. А. Тілеубергенова (география пәні бойынша), Р. А. Әлімқұлова (жалпы биология бойынша), Б. Е. Қожамқұлова (физика пәні бойынша өздік жұмыстар), А. Г. Сон (іскерлік шеберлікті қалыптастыру), Р. Ж. Садықова (өздік танымдылығын қалыптастыру), А. Х. Әренова (танымдық қабілетті белсендіру), А. А. Гурбанова (сабақта өзіндік жұмыстың сапасын көтеру) .
Т. Сабыров, Ж. А. Қараев, Қ. А. Әбішев және т. б. дидакт зерттеушілер де, педагог-әдіскерлер де жоғары сынып оқушыларының өздігінен білім алуы өте маңызды үрдіс екенін анықтауға, оны зерттеп, өзіндік мәнін ашуға, өздігінен білім алуды айқындауға өз үлестерін қосты.
Алайда, осы аталған еңбектерде жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру мәселесі арнайы зерттелмеген. Сондай-ақ жоғары сыныптың оқу бағдарламалары мен оқулықтарын зерттеп білу де, оқу-тәрбие үрдісіне жасаған талдау да бұл мәселеге аса назар аудармайтынын дәлелдейді.
Демек, жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптасу қажеттілігі мен педагогика ғылымында жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындауды қамтамасыз ететін жаңа жүйенің толық зерттелмеуі және шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындауға бағыт-бағдар беретін әдістемелік нұсқаулардың жеткіліксіздігі арасында қарама-қайшылықтар бар екені анық байқалады. Осы қайшылықтардың тиімді шешімін іздестіру біздің зерттеу проблемамызды айқындауға және тақырыпты « Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру » деп таңдауымызға негіз болды.
Зерттеудің объектісі - жоғары сыныптағы оқу-тәрбие үрдісі.
Зерттеудің пәні - жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстары.
Зерттеудің мақсаты - жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыруды ғылыми-педагогикалық тұрғыдан негіздеу және оның әдістемесін жасау.
Зерттеудің міндеттері
1. «Шығармашылық», «шығармашылық әрекет», «өздігінше орындау біліктілігі» ұғымдарының мәні мен өзара байланысын ғылыми-теориялық тұрғыда негіздеу.
2. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру жүйесін айқындау.
3. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастырудың моделін жасап, өлшемдері мен көрсеткіштерін және деңгейлерін анықтау.
4. Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастырудың формалары мен әдістерін, түрлерін айқындау және олардың тиімділігін тәжірибе жүзінде тексерістен өткізіп, әдістемелік кешен дайындау.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Егерде, шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындаудың теориялық негізі нақтыланса; жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастырудың жүйесі, құрылымдық-мазмұндық үлгісі жасалса және ол ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етіліп, әдістемелік нұсқаулар дайындалса, онда, жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыруға болады, өйткені, ол жоғары сынып оқушыларының өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тануындағы тұлғалық қажеттіліктерін, шығармашылықпен жұмыс істей білу дағдыларын қанағаттандырады.
Жетекші идея. Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру оқу-тәрбие үрдісінде мақсаттылықпен кешенді пайдалануда өзінің жалғасын табуы керек.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздерін жеке тұлға мен оның дамуындағы іс-әрекеттің, қабілеттің рөлі туралы қағидалар философиялық, психологиялық және педагогикалық және тарихшылар мен әдебиеттанушылардың тұлға дамуы туралы ой-пікірлері, шығармашылық, өздігінше жұмыс, тұтас педагогикалық үрдіс теорияларындағы, шығармашылық жұмыстарды өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру проблемасын зерттеудегі тұлғалық іс-әрекеттік бағдарлы көзқарасын ашып көрсететін педагогикалық идеялар мен тұжырымдамалар құрайды.
Зерттеудің көздері:
ҚР Конституциясы (1995 ж. ), ҚР «Білім туралы Заңы» (1999 ж. ), «ҚР гуманитарлық білім беру, тарихи сана қалыптастыру мен этникалық-мәдени білім беру Тұжырымдамалары», «ҚР 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы», «ҚР тарихи сана қалыптастыру Тұжырымдамасы» (1996 ж. ), ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа арналған «Қазақстан - 2030» Жолдауы, ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (2007 ж. ), пәндік оқу бағдарламалары, оқулықтары, озық іс-тәжірибелер, автордың зерттеушілік іс-әрекет тәжірибелері, мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарына қатысты құжаттары мен озат педагогтардың іс-тәжірибелері.
Зерттеу әдістері: зерттеу проблемасы бойынша философиялық-психологиялық, ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді талдап зерттеу, жүйелеу; жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардың оқу үрдісін бақылау, сауалнама, тест алу; мұғалімдермен, оқушылармен әңгімелесу; тәжірибелік эксперимент; мәліметтерді математикалық тұрғыда өңдеу.
Зерттеудің теориялық мәні мен ғылыми жаңалығы
1. «Шығармашылық», «шығармашылық әрекет», «өздігінше орындау біліктілігі» және т. б. ұғымдардың мәні ғылыми-теориялық тұрғыда негізделіп, мазмұны анықталды.
2. Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру жүйесі айқындалды.
3. Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері анықталған моделі жасалды.
4. Жоғары сынып оқушыларына арналған шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыратын әдістемелік кешен жасалып, оның тиімділігі сынақтан өткізіліп, тәжірибеге енгізілді.
Зерттеудің практикалық мәні:
Жоғары сынып оқушыларының өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру деңгейінің диагностикалық әдістемесі және әдістемелік кешені, зерттеліп отырған мәселеге байланысты әдістемелік нұсқаулар, ұсыныстар жасалды.
Зерттеу жұмысының нәтижелерін мектептерде, лицейлер мен гимназияларда, педагогикалық колледждер мен институттарда, мұғалімдер білімін жетілдіретін мекемелерде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар
1. «Шығармашылық», «шығармашылық әрекет», «өздігінше орындалатын жұмыс» ұғымдарының мәні мен мазмұны оқушылардың теориялық білімдерін жетілдіреді.
2. Зерттеу проблемасына байланысты айқындалған жүйе оқушылардың шығармашылық жұмыстарын өздігінен орындау біліктілігін қалыптастырады.
3. Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастырудың құрылымдық мазмұнын сипаттайтын моделі оқушылар біліктілігінің өлшемдері мен көрсеткіштерін, деңгейлерін анықтайды.
4. Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру әдістемесі және оның нәтижелері оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырады.
Зерттеудің кезеңдері:
І кезеңде (1999 - 2001) тақырып анықталып, зерттеудің ғылыми аппараты айқындалды. Айқындалған зерттеу әдістері негізінде ғылыми жұмыстың жоспары нақтыланды. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге талдау жасалды.
ІІ кезеңде (2001 - 2003) жоғары сынып оқушыларының өздігінше шығармашылық жұмыстарын орындау біліктілігін қалыптастыруға қатысты жинақталған материалдар теориялық және практикалық тұрғыда талданып, педагогикалық жаңа технологиялар жасалып, оқу үрдісіне енгізілді.
ІІІ кезеңде (2003 - 2006) зерттеу бойынша талдау жүргізілді. Жоғары сынып оқушыларының өздігінше шығармашылық жұмыстарын орындау біліктілігін қалыптастырудың әдістемесі мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырылып, зерттеу нәтижелері қорытындыланды.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі талапқа сай әдіснамалық және теориялық қағидалармен, зерттеу пәніне сәйкес әдіс-тәсілдерді қолданумен, эксперимент бағдарламасының мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы көрсеткіштер нәтижелерін қорытындылаумен, жалпы білім беретін мектептің жоғары сыныптарында олардың тиімділігін тексерумен қамтамасыздандырылады.
Зерттеудің негізгі базасы. Тәжірибелік-эксперимент жұмысы Алматы облысының Қарасай ауданындағы Б. Соқпақбаев атындағы орта мектепте, Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясында, М. Жұмабаев атындағы №137 орта мектепте өткізілді.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру. Зерттеудің негізгі нәтижелері халықаралық (Алматы, 2002, 2003, 2004, 2005), республикалық (2003 - 2006), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары мен оқытушыларының ғылыми-теориялық конференцияларында (2001 - 2006), Республикалық педагогикалық оқуларда (Алматы, 2003) баяндалды, эксперимент жүргізу барысында жүзеге асты, сондай-ақ мерзімді басылымдарда жарық көрген ғылыми мақалаларда, әдістемелік нұсқаулар мен құралдарында көрініс тапты.
Диссертацияның құрылымы.
Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Кіріспе бөлімде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, нысанасы, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, әдіснамалық негіздері, әдістері мен негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы мен практикалық мәні, қорғауға ұсынылатын қағидалары баяндалады.
«Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындаудың педагогикалық негіздері» атты бірінші тарауда «шығармашылық», «шығармашылық әрекет», «өздігінше орындау біліктілігі» ұғымдарының өзара байланысы ғылыми-теориялық тұрғыда қарастырылып, жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарды өздігінен орындау біліктілігін қалыптастырудағы оқытудың жүйесі жасалып, моделі құрастырылды.
«Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру әдістемесі» атты екінші тарауда жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау мүмкіндігін қалыптастыруды қамтамасыз ететін әдістемелік кешен дайындалып, тәжірибелік-эксперимент жұмысының әрбір кезеңіндегі білім деңгейлерінің кесіндісі, нәтижесі баяндалады.
Қорытынды бөлімде зерттеудің нәтижелері, тұжырымдары мен қорытынды және ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі.
Қосымшада оқушылардың шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру жұмыстары бойынша сауалнамалар, тест тапсырмалары, факультативтік курс бағдарламалары, пәндік кештер, сценарий үлгілері және т. б. тапсырмалар ұсынылады.
1 ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН ӨЗДІГІНШЕ ОРЫНДАУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1. 1 Оқушылардың өздігінше орындайтын жұмыстарының ғылыми-теориялық негіздері
Антикалық дәуірдің өзінде-ақ педагогтар оқушылардың өзіндік ой-тұжырымын жасау, ойлау қабілетін дамыту үшін репродуктивті және эвристикалық әдістерді дұрыс қолдану мәселесіне көңіл бөлген. Күнделікті бір жаңа нәрсені білу, құпия дүниенің сырын ашу - адамның ой-өрісін байытып, түсінік-пайымын кеңейтетін танымдық бастаулардың бірі. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі сол қоғамдағы адамның ой-өрісіне, шығармашылық біліктілігіне байланысты.
Тұлғаның өзіндік шығармашылық біліктілігін қалыптастыру - күрделі үрдіс. Сонау 1592 - 1670 жылдарда өмір сүрген чех халқының атақты педагог-әдіскері Я. А. Коменский де кезінде: «Қай баланың қалай болып туылатыны бөгде адамдардың бірде-бірінің ықтиярында емес, бірақ дұрыс тәрбие арқылы оларды жақсы адам ету біздің билігімізде», - деп, оқушылардың біліктілігін жетілдіру жұмысын арнайы басқарып отырудың қажеттігі туралы айтқан болатын [48] .
Бұл қағида кейіннен Ж. Ж. Руссо, А. Ф. Дистервег, И. Г. Песталоцци, К. Д. Ушинский, т. б. ғалымдардың идеяларынан да көрініс тапты [49, 50, 51, 52, 53] .
Мәселен, баланың өзбетінше танып-білу біліктілігін дамыту идеясын француз философы Ж. Ж. Руссо ұсынды. Ол бала тәрбиесінде күштеу, мәжбүрлеуге жол бермеу керектігін құптай отырып, баланың өз еркімен оқуға ынталануы ең бір тиімді әдіс деп есептеді. Оның ойынша тәрбиенің мақсаты - баланың осы қалауын орындау, ол үлкен әрі бірден-бір қозғаушы күш.
Сонымен қатар, Ж. Ж. Руссо: «Баланың ынтасы, қызығушылығы ең алдымен өзінің айналасын қоршаған дүниеге, байқағанына бағытталады, сондықтан ең алғашқы пәндер география, астрономия, табиғаттану болуы керек» деп, осы пәндерді оқытудың ерекше бір әдістемесін құруды ойластырады, ол әдіс оқушылардың оқиғаларды өздігінше бағдарлап, түсіне білуіне негізделеді [49] . Сондай-ақ, Ж. Ж. Руссоның педагогикалық шығармашылық мұраларында оқушыларды ғылыми шындықты ашушы, тіптен компасты ойлап шығарушы және т. б. осы сияқты жәйттерді зерттеуші ретінде сипаттады.
И. Г. Песталоцци өзбетінше білім алуда дамыта оқыту идеясын өте жоғары бағалады. Адамгершілік, дене бітімі және ақыл-ой тәрбиесінде ол алғашқы қарапайым элементтерден бастап, бірте-бірте күрделіге қарай жылжуды ұсынды. Адамның ішкі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, осы мақсатқа жетуге болатынын айтты.
Қарапайым білім беру теориясын ол педагогтарға да, ата-аналарға да түсінікті етіп былайша пайымдайды: «біздің барлық танымымыз үш қана қарапайым күшке ие», олар:
- дыбыс шығару қабілетіміз, одан сөз сөйлеу мүмкіндігі туады;
- көз алдымызға сезім арқылы елестету, сол арқылы кез келген нәрсені тани аламыз;
- сезім арқылы анық нәрселерді танимыз, сол арқылы санай аламыз және анықтай аламыз» [51] .
Ал, К. Д. Ушинский оқушылардың өзбетінше жұмыс істеуінің философиялық-психологиялық негіздерін ұсынады. «Балалардың жан дүниесі бәрінен де өзбетінше әрекет етуге ұмтылады», - деп жаз
ды [52] .
Сонымен қатар, К. Д. Ушинский балаларды өзбетінше ізденуге, үйретуге болатын әрекеттерді қарастыруға көп көңіл бөлді. Атап айтқанда, сабақ барысында жеке жұмыс істеуге мүмкіндік тудыратын материалдар беріп, өздігінше жұмыс түрлерін ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды, П. П. Блонский оқушылардың дербестігін педагогиканың ең басты мәселелерінің бірі деп есептеді. Ол: «Жасөспірім жан-жақты болуға тырысады және адам өмірінің барлық сатысын білуге ұмтылады . . . Өзбетінше әрекет етуге деген ұмтылысын және жалпы адам өмірінің сан саласына өзбетінше араласуын біздің педагогикалық базамыз деп білуіміз керек» [4, ] деп атап көрсетті.
Демек, мектеп білім алушылардың дербестік танытуына, ғылыми мәліметтерді меңгеріп, табиғи және әлеуметтік ортада шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасауы тиіс. Оқушылардың өздігінен ізденуі оларды шығармашылыққа, біліктілікке, белсенділікке ынталандырады. Сондай-ақ, бүгінгі қоғамның даму деңгейі табиғи ресурстардың байлығымен ғана емес, адамдардың ақыл-ойы және шығармашылық мүмкіндігі, ғылым мен өндірісте жаңа технологияларды игеру мен енгізу жолындағы табыстарымен де анықталады. Жаңа технологияларды іс жүзіне енгізу өндірістік және әлеуметтік өмірге жаңа мазмұн кіргізетін, болашаққа қатысты жаңа міндеттер қойып, шеше білетін, шығармашылық біліктілігі бар адамдарды қажет етеді. Өйткені, бүгінгі қоғам шығармашылықтың өзі өнім екенін түсініп келеді.
«Шығармашылық» деген сөздің төркіні, этимологиясы «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп саяды. Мәселен, философиялық сөздікте шығармашылыққа «қайталанбайтын, тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет» деген анықтама берілсе, көрнекті кеңес педагогы И. Я. Лернер: «адамның іс-әрекеті әлеуметтік мағынаға ие болу үшін білім, оны жүзеге асыру тәжірибесі ғана емес, шығармашылық тәжірибесі де керек», - деп тұжырымдайды. Яғни шығармашылық - білім, білік, дағдыны жаңа жағдайға тасымалдай білуді, объектінің жаңа қызметін көре білуді, жаңа шешім табуды белгілейді. Әр адам өзінің «Менін» сезінуге, толықтыруға, сыртқы әлеммен әлеуметтік қарым-қатынастарда өз орнын табуға, өзін шығармашылықпен өзгертуде белсенділік танытуға ұмтылады. Сондай-ақ ол, адамның мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен түзіліп, ақыл-ойы мен сезімінің, қиялының ерекше бітімінен көрінеді. Шығармашылық - адамның ойлауының және өзбетінше әрекетінің жоғарғы формасы.
Шығармашылық мәселесі - қоғамның өрлеуі мен тоқырауының индикаторы. Бұл мәселені зерттеуде де өрлеулер мен құлдыраулар болғаны белгілі. Зерттеу барысында шығармашылықтың мәніне, табиғатына, бастауларына философиялық көзқарастардың да әртүрлі кезеңде әрқалай болғаны анықталды.
Шығармашылық жолы - ол үміттер мен күдіктер, жеңілістер мен жеңістер жолы. Осы жолдан өзіне сабақ ала білу, жетер биігін белгілей білу, өзінің жетістіктері мен кемшін тұстарын талдай алу - оқушының өзін-өзі шығармашылықпен дамытудағы стратегиялық бағыттары болып табылады.
Шығармашылық - адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы біліктіліктерді дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz