Осыдан былай қарай, имандылық тәрбиесі жөнінде


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 72 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты жолдауында Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек. Басты міндеті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтерілген. Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен бері 3 956 жаңа балабақшалар мен шағын орталықтар іске қосылды[1] .

Елімізде болып жатқан саяси-әлеуметтік, мәдени-этникалық және т. б. өзгерістер халыққа білім мен тәрбие беру ісінің мазмұнын түбегейлі өзгертіп отыр. Мәдени-этностық білім берудің басты мақсатының бірі - қалыптасқан рухани құндылықтарға адалдықты дәріптеп, дана тұлғаларды қастерлеу арқылы гуманистік бағдардағы адам тәрбиелеу болып табылады [2] . Бұл міндет, өз кезегінде жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жүйесін біршама толықтырып, жетілдіре түсуді қажет етеді. Осыған орай, өткен кезеңдердегі ірі рухани тұлғалар мұрасындағы тәлім-тәрбиелік озық ой-пікірлерді саясаттың ықпалынан тыс кешенді түрде тұтас қарастырудың маңызы артып отыр. Мұның өзі төл педагогикамыздың тарихын жаңа айқындамалармен толықтыра түсетін аса күрделі педагогикалық проблема болып табылады[3] .

Тәуелсіздік алғанға дейінгі педагогиканың дамуы Кеңестік дәуір идеологиясы үстемдік етуімен тығыз байланысты екені баршаға аян. Ұзақ жылдарға созылған атеистік тәрбиенің жалаң уағыздары халқымызды сан ғасырлар бойғы қалыптасқан тәрбие негіздерінен айырды[4] . Халықтың рухани санасы азғындап ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан адамгершілік, имандылық, ізгілік қасиеттерге түп негіз болған ділі мен дінінен ажырады. Басқаша айтқанда, өзіндік имандылық келбетінен қол үзді. Осының салдарынан рухани тұлға мұрасын оқытуда да осындай келеңсіздіктерге жол берілді[5] .

Қазақ елі жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы рухани сілкінісі туғызған қайта түлеу процесі, сол кездегі педагогиканың даму барысын түбегейлі өзгертуге, сөйтіп, шынайы ұлттық тәрбие қағидаттарына (принцип) көңіл бөлуге ықпал етті. Оның алғы шарттары 1989-90 ж. ж. педагогикалық басылым «Қазақстан мектебі» журналында пайда болған «Халықтық педагогика» айдарымен берілген С. Ғаббас, К. Матажанов, С. Аманжолов еңбектерінде қалыптасқандығын айқын аңғарамыз [ 6, 7, 8] .

Тәуелсіздікті нығайтуда, жас ұрпақты осы айтылған ұлттық биік рухта тәрбиелеу, оның бойында бұрынғы Кеңестік дәуірде жоғалтқан имандылық қалпын қайта жаңғыртудың маңызы зор. Осы орайда, Ел Президенті Н. Назарбаевтың сөзімен айтқанда, « . . . жаңа құндылықтар жүйесіне тезірек бейімделіп кеткен, болашаққа жаңаша көзқарасы бар жас ұрпақты» дер кезінде ең қымбат адами, дүнияуи көзқарастар негізінде адамгершілік, имандылық ізгі қасиеттерге баулу қажет [9] .

Бұл оң өзгерістер педагогтардың алдына жас ұрпақты тәрбиелеудің жаңа міндеттерін әкелді. Оның бастысы - ұлттық ерекшеліктер мен жалпы адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген, рухани дүниесі бай, жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу.

Қазір ұлттық сананың көтерілуіне байланысты тарихтың «ақтаңдақ» беттері ашылып, рухани байлықтарымыз бен төл мәдениетімізге, білім мен тәрбие беруге жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауға мүмкіндік туып отыр. Өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау - жалпыұлттық бірлігіміздің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік болмысын қалыптастырудың, оның егемендігін нығайтудың, азаматтық пен отаншылдықты, ұлттық сананы тәрбиелеудің ең басты факторларының бірі. Тарих - халықтың зердесі, ол содан сусындап, әлеуметтік шығармашылыққа, жарқын болашаққа бастайтын күш-қуат алады. Сол себептен өткен заман оқиғаларын баяндағанда, тек елдің саяси тарихын, маңдай алды саясаткерлердің қызметін әңгімелеумен ғана шектеліп қалмай, сонымен бірге рухани және материалдық мәдениет тарихын әр салада жан-жақты толық зерттеген дұрыс. Халқымыздың ұлттық, мәдени мұраларын ескермеу, оның мән-маңызына көз жібермеу болашақ ұрпақтың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына теріс ықпалын тигізері сөзсіз. Елбасы Н. Ә. Назарбаев қоғамның қазіргі нарықтық қарым-қатынасқа көшуі барысында туындаған «экономикалық, саяси, ұлттық, экологиялық, имандылық дағдарыстары» жас ұрпақтың жан-жақты жетілуіне көптеген қолайсыздықтар туғызып отырғанын атап көрсетті. Демек, бұдан адам бойында имандылық қасиеттерінің кемуі қоғамдық дағдарысқа алып келетінін аңғаруға болады. Жалпы қоғамдағы кері процестердің барлығы да ұрпақ тәрбиесіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Нәтижесінде болашақ ел иелері - жастар арасында рухани азғындаушылық, жалпы адамзаттық құндылықтарды бағаламаушылық кеңінен орын алады.

Ұлттық мәдениетке, ұрпақты имандылықка тәрбиелеуде халқымыздың өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері жазба мұралар негізінде жетілетіні белгілі. Олай болса, ғасырлар сынынан еленіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жазба мұраларды жинақтап зерделеудің, оның тәлім-тәрбиелік мол тәжірибесі негізінде ұрпағымызды имандылық идеялармен таныстыру қажеттігі арта түсуде. Әсіресе, Ыбырай, Абай, Шәкәрім мұраларындағы имандылық идеялары арқылы иман жүзді адам қалыптастыру қажет. Ел басы Н. Ә. Назарбаев: « . . . қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан ғылыми дүние» [4. 45б] - деп, атап көрсетуі өте орынды. Өткенді зерттеу тарихи шындықты қалпына келтіріп қайта жаңғырту - қазіргі уақыт талабы.

Мұндай жауапты міндеттерді шешу, бұған дейін қалыптасқан халықтық бай рухани тәжірибеге сүйенуді қажет етеді. Оның маңызды бөлігін ірі рухани тұлғалардың бай мұрасы құрайтыны белгілі. Осындай тұлғалардың бірегейі - Абай Құнанбайұлы. Оның есімі бүгінде тек қазақ жұртына ғана емес, барша әлемге кең танымал екендігін 150 жылдық мерейтойы тағы бір паш етті.

Алайда, оның рухани мол мұрасының танылып болмаған қырларын жас ұрпаққа таныту ісі ешқашан тоқтамақ емес. Соның бірі - біздің зерттеуімізге өзек болған Абай мұрасындағы кең мазмұнды рухани-имандылық тәрбие идеялары.

Себебі, имандылық идеялары арқылы болашақ ел иелерінің рухани ішкі дүниесіне белсенді ықпал етіп, олардың тұлғалық және сапалық қасиеттерінің қалыптасып дамуына игі әсер етуге болады.

Жалпы, Қазақстан педагогикасы тарихында ұлы ойшылдар мен көрнекті педагогтардың рухани мұрасын зерттеудің мол тәжірибесі Т. Тәжібаев, Қ. Бержанов, А. Сыдықов, Г. М. Храпченков, Қ. Жарықбаев және т. б. еңбектерінде қалыптасқан[10. 4б] .

Кейінгі кезде осы дәстүр жалғастығы С. Баймұратова, Ш. Жұматаева, М. Көккөзова, К. Ибраева, Р. Көшенова, А. Құдиярова, К. Құламбаева, С. Садуақасова, К. Шәймерденова, Қ. Шалғынбаевалардың ғылыми еңбектерімен байытылып, жалғасын тапты[10. 5б] .

Абай мұрасындағы рухани-имандылық идеяларына тікелей қатысты зерттеулерге келсек, оның кейбір мәселелері 20-жылдардағы саяси қуғындауға ұшыраған қазақ зиялыларының Ж. Аймауытов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердіұлы, сондай-ақ, тың көзқарастар абайтанушылар М. Әуезов (жарияланбаған), К. Бейсембиев, С. Байжанов, Ғ. Есім, М. Мырзахметұлы, Б. Сапаралы және т. б. еңбектерінде кездеседі[10. 6б] .

Ал, оның педагогикалық-психологиялық тұрғыдан зерттелуі Қ. Бержанов, Қ. Жарықбаев, Т. Тәжібаев, К. Шәймерденовалардың ғылыми және монографиялық еңбектерінде негізделген. Оларда Абайдың рухани-имандылық ой-пікірлеріне қатысты кейбір көзарастары Кеңестік кезең ықпалымен қарастырылған.

Тәуелсіздіктен кейін, Абайдың этнопедагогикалық көзқарастарының жекелеген аспектілері М. Әлімбаев, Ә. Әбілдаұлы, С. Ғаббас, Қ. Жарықбаев, А. Көбесов, С. Қалиев, К. Құнантаева, С. Ұзақбаева, Ә. Табылдиевтің жекелеген мақалаларында сондай-ақ, I. Халитова және К. Шәймерденовалардың монографиялық зерттеулерінде көрініс тапқан[10. 11б] .

Қысқасы, Абай мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие идеяларын бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің қажетіне толыққанды жаратуда, жоғарыда аталған әр кезең ерекшеліктерін ескере отырып, оның рухани-имандылық ой негіздерін саясат ықпалынан тыс тұтастай өз дәрежесінде қарастыру - ұлттық тәрбиенің мазмұнын байытпақ.

Осы орайда, ұлы ұстаздың рухани-имандылық көзқарастарының кең тыныстылығы яғни, ұлттық және жалпыадамзаттық мұраттармен ұштасып жатуы - бүгінгі және болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде зор маңызға ие, өміршең құбылыс болып табылады. Зерттеуіміздің өзектілігі осында деп білеміз.

Алайда, қазақстандық жас жеткіншектер Абайлық рухани-имандылық тәрбие идеяларын бұған дейін өз бойларына біршама сіңіргендігіне қарамастан, оның бай әдеби-педагогикалық шығармашылығына деген қажеттілік артуда. Мұның өзі, біріншіден, Абай шығармашылығын тұтас алғанда (соның ішінде рухани-имандылық тәрбие идеяларын) толыққанды оқыту мен пайымдауды қоғамдық тұрғыдан қажет етсе, екіншіден, бүгінгі күні Абайдың тәрбие мен оқыту саласындағы көзқарастары мен пікірлерін бастауыш сынып балаларына оқыту дәрежесінің жеткіліксіздігі айқын сезіледі.

Осы қайшылықтарды ескере отырып, Абай педагогикалық көзқарастарының әлі де ашылмаған қырларын таныту ісі зерттеу проблемамызды айқындап, «Абай мұраларындағы рухани-имандылық тәрбие идеяларын мектепке даярлық тобында оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану» деген тақырыпты таңдауымызға себепші болды.

Зерттеудің мақсаты: Хакім Абай мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие идеяларына тарихи-педагогикалық талдау жасау, педагогикалық негізін анықтап, қазіргі мектепке даярлық тобында пайдалану жолдарын көрсету және оның қазіргі мектеп тәжірибесінің, республикамыздағы педагогика ғылымдарының дамуы үшін қосатын үлесін анықтау.

Зерттеу нысаны: Қазақтың ұлы ақын-ғұламасы Абай Құнанбайұлының әдеби-педагогикалық мұрасы.

Зерттеу пәні: Гуманист Абайдың жас ұрпақты рухани-имандылыққа тәрбиелеу, дамыту және оқыту туралы идеялары.

Зерттеу міндеттері:

1. Абай Құнанбайұлы мұраларындағы имандылық рухани-идеяларының дамуына мазмұндық сипаттама беру;

2. «Имандылық» ұғымына тұлғалық қасиет тұрғысында педагогикалық анықтама беру;

3. Абай Құнанбайұлының тағылымдық мұраларын мектепке даярлық тобында оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану жолдарын айқындау;

4. Абай мұраларындағы рухани-имандылық идеяларын мектепке даярлық тобында оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану жолдарын, әдістерін көрсету.

Зерттеудің әдістері: Зерттеу мәселесіне байланысты пәлсапалық, әлеуметтану, тарихи-педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерге талдау, қорыту және жүйелеу; зерттеудің деректі көздеріне теориялық, педагогикалық және статистикалық талдаулар жасау, салыстыру, жинақтау, қорыту; сауалнамалар жүргізу; озық тәжірибелерді меңгеру; әңгімелесу; интервью алу; зерттеу нәтижесін қорытындылау т. б. әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- Абай мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие идеяларының қалыптасу және даму көздеріне объективті тұрғыда тарихи-педагогикалық талдау жүргізілді;

- Хакім ұстаз мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие идеяларына байланысты педагогикалық мәні зор «иман», «имандылық» ұғымдарына анықтама берілді;

- Абай шығармаларындағы рухани-имандылық тәрбиенің мазмұны мен негізгі қағидаттары айқындалды;

- Абай мұраларындағы рухани-имандылық идеяларын мектепке даярлық тобында оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану жолдары мен әдістері көрсетілді.

Зерттеудің базасы: тәжірибелік жұмыс Түркістан қаласы Балбөбек, №31 мектеп балабақшада жүргізілді.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспе, екі бөлім, әр бөлімге жасалған тұжырымдар, қорытынды, библиографиялық көрсеткіш және қосымшалардан тұрады.

1 АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ РУХАНИ-ИМАНДЫЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

  1. Абай Құнанбайұлының рухани-имандылық ой-пікірлерінің қалыптасуының педагогикалық көздері

Қазіргі кездегі қоғамымыздағы болып жатқан оң өзгерістерге орай, ұлы тұлғалардың рухани мұраларын толыққанды игеруге кең жол ашылуы бізге жаңа міндеттер жүктеуде. Осы орайда, Абай мұрасындағы рухани-имандылық көзқарастарының кейбір қырларына қайта оралудың маңызы зор.

Сондықтан да, бұл бөлімде біз алға қойған мақсат: Абай шығармаларындағы рухани-имандылық ой-пікірлерінің қалыптасуына әсер еткен қайнар көздер мен бастауларға объективті тұрғыдан тағы бір шолу жасап, оның педагогикалық көздерін саясаттың ықпалынан тыс тұтас күйінде айқындау. Осы мақсатқа барар жолда соңғы кезде жарық көрген 20-шы жылдардағы қазақ зиялылары мен абайтанушылар М. Әуезов, М. Мырзахметұлы, Ғ. Есім, Д. Досжан, Б. Сапаралы, М. Әлімбаев, У. Әбілдаұлы және т. б. еңбектеріне сүйене отырып, олардың негізгі бағыттарын толықтыра түсу.

Жалпы, Абай шығармаларының өзегі болған ағартушылық идеясы - XIX ғасырдың ІІ-ші жартысындағы қазақ рухани мәдениетінің маңызды бөлігі болып табылады. Оның даму бағыты сол кездегі саяси-әлеуметтік тарихи жағдайлардың орын алуымен тығыз байланысты. Ол Ресей патшалығының отарлау саясатынан туындаған мәселелерге тойтарыс беру негізіндегі қазақ ағартушыларының белсенді рухани қызметі арқылы көрінді. Олардың ірі өкілдері Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин және А. Құнанбайұлы екені баршаға аян.

Алайда, солақай саясат ықпалы олардың еңбектеріндегі ағартушылық идеяларын біржақты оқыту, дәріптеуге әкеп соқты. Себебі, ол кезде қазақ даласында пайда болған төмендегідей басты тарихи жәйттардың ара жігі ашық айтылмады.

Біріншіден, жергілікті ұлт өкілдерінен орыс жанды чиновниктер дайындау үшін орыс балабақшадарін ашу; екіншіден, 1861 жылғы крепостнойлық правоны жою реформасына байланысты қазақтың шұрайлы жерлеріне орыс келімсектерін қоныстандыру тәсілімен оны түпкілікті иелену; үшіншіден, қазақтарды рухани тамырынан ажырату, яғни христиан дініне шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын жүргізуші миссионерлердің көбеюі; төртіншіден, қазақ елін рухани құлдыққа түсірудің ең тиімді жолы-территориялық принципке негізделген болыстық сатылы сайлау жүйесін орнату, рушылдық араздықты қоздыру.

Біз Абай мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие идеяларына саясаттың ықпалынан тыс тұтас талдау жасау дегенде, бұрын-соңды айтылып жүрген жәйттарды қайталаудан гөрі, осы бағыттағы қалыс қалған мәселелерге кеңірек тоқталуды көздедік. Себебі, «пайдасы» мен «зарарын» дер кезінде байқаған Абай сынды халқының перзентін бұл оқиғалар бей-жай қалдыра алмады. Сондықтан да жоғарыда аталып өткен қазақ халқының басындағы өзгерістер Абайдың ағартушылық күресінің мазмұнын құрап, оның рухани-имандылық тәрбие идеяларына негіз болғандығын атап өткіміз келеді.

Жалпы, бұған дейінгі монографиялық еңбектерге сүйенсек, Абай мұрасын халыққа таныту, оқыту ісі октябрь революциясынан кейін ғана жүзеге асырылды деген көзқарас қалыптасқан. Ал, кейінгі кездегі деректер оның мұрасын жалпы халыққа таныту ісін алғаш 20-шы ғасыр бас кезіндегі қазақ зиялылары қолға алғандығын көрсетіп отыр.

Мәселен, Абайдың тұңғыш кітабын басып шығартушы Ә. Бөкейханов оның есімін Фердоуси, Сократ, Шекспир, Толстой есімдерімен қатар қойып, Абайды «рухани мәдениет белгісіне» балаған [11] . Ал, А. Байтұрсынов болса, Абайдың көзі тірісінде оның өлеңдер жинағын қолға түсіріп, ұлы ұстазбен жүздеспекші болған. Алайда, ол арманы жүзеге аспай, Абай дүние салған соң, оның мұрасын жанашырлықпен жинастырып, халыққа бас ақын ретінде алғаш таныстырушы ғана емес, Абайдың «сөзі аз, мағынасы көп, терең» рухани мұрасының тәлімдік мәнін жіті бағалап, өзінің оқулықтарында кеңінен пайдаланған [12] .

Абай өлеңдерімен бала күнінен таныс Ж. Аймауытов өзінің М. Әуезовпен бірігіп жазған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында: «Абайдың қай өлеңі болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп, қозғайтын бір әсер береді» - деп жазды [13] .

М. Дулатов: «Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі» [14] десе, ал, М. Жұмабаев оны «Алтын Хакімге» балап, өзінің Педагогика 1923 ж. атты еңбегінде Абай тағылымын кең пайдалана отырып, насихаттаған [15] .

Мұның өзі, Абай мұрасының тәрбиелік мәні туралы алғаш сөз қозғап, оны қалың көпшілікке дәріптеушілер де осы зиялы қауым екендігін анық байқатады. Бұл пікір сол кездің өзінде-ақ, олардың ізін қуып жүрген М. Әуезовтің абайтануға қосқан үлесіне нұқсан келтіру үшін емес, тарихи шындықты жаңғырту, яғни дана тұлғаларға адалдықты дәріптеу үшін қажеттігін зиялы қауым түсінсе керек.

Ұлы Абай шығармаларының негізгі өзегі - рухани-имандылық көзқарасының қалыптасуына әсер еткен рухани көздер қандай еді?

Әрине, бұл орайда Абайдың дүниеге көзқарастарының М. Әуезов атап көрсеткен үш қайнар көзі, оның ағартушылық ой-пікірлерінің де негізі болып қала берері анық.

Біріншісі - қазақ халқының, есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры; екінш і - араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы; үшінші - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Европа мәдениеті [16] .

Сонымен, оның бірінші көзі - тікелей ұлттық педагогика қағидаттарымен ұштасып, Абай дүниеге келген үй - парасат мектебі болғандығын байқау қиын емес.

Алайда, осы кезге дейін еленбей келген зор шындық - бұл кеңестік таптық көзқарастың Абай тәрбие алған Құнанбай отбасына жасаған қиянаты десек қателеспеген болар едік. Өйткені, жоғарыда аталған абайтанушылар деректеріне сүйенсек, Абай шыққан ортаның өзі халық даналығы қонған киелі шаңырақ екендігі белгілі.

Себебі, ұлы атасы Ырғызбай халқының қолбасы батыры һәм ел ағасы би болса, кіші атасы Өскенбай би әділеттілігімен аты шыққан. Өз әкесі Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі, шешесі Ұлжан бәйбіше Қарқаралы уезіндегі қаракесек Бертіс бидің тұқымынан. Шеше тұқымы күлдіргі, қалжың, әзілге ұста Қантай, Тонтай деген күлкімен сөгіп, қалжыңмен жеңіп, аты шыққан адамдар нәсілінен [17] .

Педагогика ғылымында жеке тұлға қалыптасуына әсер ететін факторлардың бірі - тұқым қуалаушылық екенін ескерсек, Абай нәсілінің екі жағы да осал болмағандығын айқын аңғарамыз. Ал, бұрынғы педагогикалық еңбектерде Абайдың әкесін жас ұрпаққа «ірі феодал зорлық күш иесі, сахараның қатал әкімі, Тобықтының ру басы» ретінде таныстырып келген едік.

Шындығында, Абай ең әуелі, қазақ отбасындағы үлгілі ата мен әженің сүйікті немересі. Әрине, өз көзімен көрмесе де, Абай атасы Өскенбайдың өз ортасында беделді әділетті дана би болғандығына жастайынан қанық боп өскен [18] . Өз әкесі Құнанбай ел адамы болғандықтан, оқу жасына дейінгі Абай тәрбиесі негізінен Әже мен анасы Ұлжанның үлесінде болады. Таптық көзқарас бұл аналарды айналып өтуі себепті, М. Әуезов Абай туралы шындықты осы тәлімгерлер арқылы ашу бақытына ие болғандығына бүгінде бәріміз де куәміз.

XIX ғасырдағы қазақ әжесінің өнеге-үлгісін бір басына жинақтаған тұлға - Зере әжей десек қателеспеген болар едік. Зере абайтанушы Д. Досжанның сипаттауынша, мұсылманша тәрбие алған, жарға адал, обал-сауапқа тақуа, қолы ашық жомарт, есті кісі болған. Зере зерделі немересінің көкірек көзі ашылуына зор септігі тиген нағыз халықтық үлгідегі ұлы педагог . . . Зере әңгімеші, ертегіші. Жас Абай әжесінің әңгімесін естіп есейген. Абай үніндегі бояу, сөзіндегі бай ырғақ, ойлау жүйесі сол Зере әңгімесінен бастау алған көзі бітелмес бұлақ секілді үлкен бір әлем [19] .

Біз, бұл пікірді Зереге берілген әділ баға деп ойлаймыз. Сондықтан да, жас Абайдың имандылық, ізгілік қасиетті ең алдымен, әжесі Зереден сіңіргендігін тағы бір атап өткіміз келеді. Өйткені, баланың бойына жақсы адамгершілік қасиеттердің сіңісуі, өнер-білімді игеруі алғашқы ұстазға және ол өскен ортаға көп байланысты екені белгілі. Бұл орайда көргені мен түйгені көп Зере әжей немересін ұлттық педагогиканың озық үлгілерінің бірі - халық ауыз әдебиетінің шығармалары арқылы тәрбиелеуді көздеген.

Себебі, онда көзделетін мақсат та айқын. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда - ақыл-ой тәрбиесі, өлең-жыр дастандарда - әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілерде халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған [20] .

Бұдан шығатын қорытынды - Абай данышпандығының көзі - ұлттық педагогикадан бастау алатындығы. Яғни, оның көтерген ең асыл мұраттары мен қағидаттарын Абай жастайынан бойына өз отбасынан сіңіріп өскен.

Сондай-ақ, әже қамқорлығына қоса, Абай бойында адамгершілік, имандылық қасиеттердің мол болуына анасы Ұлжанның да ықпалы зор. Бұл орайда, С. Ғаббасовтың: «қазақ халқының ұрпағына қалдырған аксиомалық ұғымдарының бірі - «Алып анадан туады» дейтін тылсым сыры әлі ашыла қоймаған ұлағатты сөз» [21] деген орынды пікірінің мәні ерекше екендігін атап еткен жөн. Себебі, әжесі секілді Ұлжан да сүйікті ұлының бойына мейірімділік пен шапағатты, әзілқойлық пен тапқырлықты сіңірте білген текті де инабатты жан.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ислам дінінің тәрбиелік мәні
Дін және жастар тәрбиесі
ОТБАСЫНДА БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ЖОЛДАРЫ
Исламдағы бала тәрбиесінің ерекшеліктері
Қазақ халқының имамдылыққа бала тәрбиелеудегі тағылым сөздері мен өнегелерінің маңызы
Қазақ салт-дәстүрінің тәрбиелік негіздері
Тәрбиенің мақсаттары мен міндеттері
Тұрпайы тәрбие әдістерімен қаруланған отбасы
Қазіргі кезде педагогика ғылымы әлеуметтік-мәдени өзгерістер
Адамгершілік тәрбиенің теориялық негізі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz