Мектеп оқушыларын ұлттық қолөнер сырмақ сыру өнеріне баулу мүмкіндіктері



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 75 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ.А.ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ
Ақпараттық технологиялар және инженерлік факультеті

Даримбаева Г.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР СЫРМАҚ СЫРУ ӨНЕРІНЕ БАУЛУ МҮМКІНДІКТЕРІ

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

050120 - Кәсіптік білім мамандығы

Түркістан-2012

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ.А.ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ
Ақпараттық технологиялар және инженерлік факультеті

Қорғауға жіберілді
Кәсіптік оқыту технологиясы
кафедрасының меңгерушісі
п.ғ.д., доцент ___________ Б.Ортаев

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Мектеп оқушыларын ұлттық қолөнер сырмақ сыру өнеріне баулу
мүмкіндіктері

050120-мамандығы бойынша – Кәсіптік білім

Орындаған:

АКБ - 811 тобы студенті
Даримбаева Г.

Ғылыми жетекшісі:
п.ғ.к., доцент м. а
Ж. Күнпейіс

Түркістан 2012

Мазмұны
Кіріспе
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... .. 4

І ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ БАУЛУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

1.1 Технология пәні арқылы жоғары сынып оқушыларын
сәндік қолөнерге баулудың педагогикалық, психологиялық
ерекшеліктері
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... .. 6
1.2 Ұлттық қолөнердің оқу-тәрбие үдерісіндегі
маңызы ... ... ... ... ... ... .. 10
1.3. Сырмақ түрлері және олардың қолдану мақсаты
... ... ... ... ... ... ... ... 14
1.4. Байырғы дәстүрлі үлгідегі сырмақ үлгілері
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 20

ІІ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ
БАУЛУДА СЫРМАҚ ӨНЕРІНЕ БАУЛУДЫҢ
ӘДІСТЕМЕЛІК ЖОЛДАРЫ

2.1 Сырмақ дайындау технологиясын үйретудің әдіс-тәсілдері ... ... ... ..
23
2.2. Сырмақ құрастыру
тәсілдері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
..31
2.3. Сырмақ түрлерін жасау әдістері және құрастыру
тәсілдерін оқыту
әдістері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
... ...34

ІІІ СЫРМАҚ ЖАСАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

3.1 Сырмақ ою аттары
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... 39
3.2 Сырмақ түрлері және оларды қолдану
мақсаты ... ... ... ... ... ... ... ... .40
3.3 Сырмақ дайындаудағы қолданылатын тігіс
түрлері ... ... ... ... ... ... . 42
3.4 Сырмақты тігу технологиясы
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 52
3.5 Сабақ
жоспары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... 66

Қорытынды ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 73

Пайдаланған
әдебиеттер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ..74

Қосымшалар ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ... ... ... ... ...76

Кіріспе

Зерттеудің көкейтестілігі. Әрбір мемлекеттің ұлттық менталитеті, ұлттық
мәдени қазыналары жағынан өзіндік ерекшеліктері болады. Қай жағынан болса
да, ұлттық мәдениетімізді меңгермей, мәдениетті адамзат тәрбиелеу және
ұлттық сананы қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан қай кезеңде болсын
адамзат алдында тұратын мұрат-міндеттердің ең бастысы, өзінің ісін, өмірін
жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Білімді,
жан-жақты тәрбиелі жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан
жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсірудегі халық қолөнерінің тәлім-
тәрбиелік, білім-танымдық ролі орасан зор.
Халық  бұрын ғылым мен білімге қолы жетпесе де, сұлулық пен әсемдікті
талғай да, таңдай да білген. Өз тұрмысы мен мәдениетін де, қолөнерді мұрат
тұтып жетілдіре білген. Шебердің кейбір сан саласын асқан ұқыптылықпен
көкірегінде қастерлей сақтап, меңгеріп, біздің дәуірімізге ұштастырғаны
белгілі.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Еліміздің өркендеуіне аса жауапкершілікпен
қарап Қазақстан-2030 атты ұзақ мерзімді стратегиялық бас жоспарын жасап
ұсынған болатын. Осы жоспардан туындаған кезекті 2011 жылдың 24 ақпанында
Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан атты жолдауында, 2012 жылдың 27
қаңтарындағы Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту- Қазақстан дамуының басты
бағыты деп аталған халыққа арналған Жолдауында да ғылым мен білім
мәселесіне көңіл аудармай кетпейді. Себебі: заман ағымы едәуір өзгерді;
жаһандану үдерісі қарқын алды; білім беру экономиканы дамытудың басты
факторына айналып отыр деп баяндайды [1].
Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту- Қазақстан дамуының басты бағыты
деп аталған халыққа арналған Жолдауында жеке адамдардың, қоғамның және
еңбек нарығының талаптарын қанағаттандыра алатын бәсекеге қабілетті отандық
білім беру жүйесін қалыптастыруды талап етіп отыр. Осыған орай, бүгінгі
таңдағы білім жүйесінің ерекшелігінде ұстаз тек қана жалпыға міндетті
стандартты орындаушы ғана емес, ол шығармашыл ұстаз ретінде қызмет көрсете
алатын мүмкіндікке ие болуы керек.
Негізгі мектептегі еңбекке баулу сабағында 5-11 – сынып оқушыларының
технологиялық дайындығын арттыру мақсатымен оқушыларда ұлтымыздың салт-
дәстүрлерімен әдет-ғұрыптарын қалай сақтау керек болса ұлттық қолөнерімізді
де дәріптеуіміз керекті педаг ғалым Ж.Күнпейіс кезекті ғылыми мақаласында
баяндайды [2]
Негізінде жалпы ұлттық өнер, ұлттық мазмұн тек мектептерде өтілетін
кәсіпке баулитын арнаулы пәндерде ғана емес, балғын жасқа тәрбие беруде
және оқу барысында кез келген сабақта ұлттық педагогикамен үндестік тауып
жатуы тиіс. Міне, осы негізді басшылыққа ала отырып мектеп оқушыларын
қолөнершілікке баулуда мектептің технология пәні арқылы кәсіби білім
беру– бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Өйткені, өтпелі бүгінгі қоғамдағы
болып жатқан бетбұрыстар, саяси көзқарастар аясында қазақ елінің тарихын
шынайы тұрғыда танып - біліп, салт – дәстүріне, рухани мұрасына және
сондай қажеттіліктердің бірі – халық қолөнеріне сүйіспеншілікпен қарау
ерекше маңызға ие болып отыр.
Осы тұрғыдан біз зерттеп отырған дипломдық жұмысымыздың тақырыбына
байланысты этнограф ғалымдармен педагог ғалымдардың еңбектеріне талдау
жасап, ұлттық қолөнерімізді дәріптеуге бағытталған мазмұндағы ғылыми
еңбектерді зерделей отырып және мектептің еңбекке баулу сабағының
практикалық сабақтарын ұйымдастырудың тәлім-тәрбиелік маңызын басшылыққа
ала отырып, зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: Мектеп оқушыларын ұлттық
қолөнер сырмақ сыру өнеріне баулу мүмкіндіктері - деп алдық.
Зерттеу жұмысының нысаны: Жалпы орта білім беретін мектептің оқу-
тәрбие үдерісі
Зерттеу пәні: Ұлттық қолөнер негізінде сырмақ өнеріне оқушыларды
баулуға бағытталған технология пәні
Зерттеудің мақсаты: Технология пәнінде ұлттық қолөнер негізінде
сырмақ өнеріне оқушыларды баулуға бағыттаудың мазмұнын анықтау
Зерттеу міндеттері:
- мектеп оқушыларының ұлттық қолөнерге қызығушылықтарын бақылау;
- жоғары сынып оқушыларын сырмақ өнеріне баулудың жолдарын айқындау;
- технология сабақтарында сырмақ сыру өнеріне оқушылардың ептілігі мен
дағдыларын қалыптастыруда ықпалын айқындау;
Зерттеу әдістері: зерттеу жұмысымыздың тақырыбына орай
психологиялық, педагогикалық, этнографиялық әдебиеттерге, әдістемелік және
арнайы оқу құралдарына теориялық талдау жасау, жалпы білім беретін
мектептің оқу құжаттарын зерделеу, оқу үдерісін бақылау, жалпы білім
беретін мектептердің озық тәжірибелерін талдау, мектептерде өтілетін
сәндік-қолданбалы өнер сабақтарын оқыту үдерісін бақылау;
Дипломдық жұмыстың құрлымы: Кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан,
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ БАУЛУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

1.1 Технология пәні арқылы жоғары сынып оқушыларын сәндік қолөнерге
баулудың педагогикалық, психологиялық ерекшеліктері

Қазақ халқы сонау ерте заманнан-ақ күнделікті еңбек қызметінде өзінің
қолданбалы өнерін дамытып отырды. Көркемдік талғам мен талапқа сәйкес олар
рудың, отбасының, жеке бастың тұрмыстық және рухани қажеттерін
қанағаттандыру, айырбас сауда жасау үшін ең қажетті заттарды дайындады.
Жүн, тері, сүйек пен мүйіз, яғни мал шаруашылығы өнімдері, ағаш, металл,
қолданбалы өнер туындыларын жасайтын материалдар қызметін атқарды. Міне,
осының бәрін жастайынан көріп, көңіліне тоқып өскен балалар бірте-бірте бұл
өнердің қыр-сырын меңгеріп, өз бетімен өмір жолын бастағанға шейін
айтарлықтай тәжірибе жинақтайды.
Бүгінге дейін игі дәстүр ретінде жалғасып келе жатқан ұлттық сәндік
–қолданбалы өнерімізді бүгінгі мектеп жастарына технология пәнінің оқу
материалдары арқылы жалғастыра білуіміз керек. Сондықтан мектеп оқушыларын
дер кезінде ұлттық өнерімізге деген қызығушылықтарын арттыра білуді
қажеттейді. Ең алдымен пән мұғалімінің өзінің қолөнер сабақтарын ұтымды
ұйымдастыра білу қабілетінің жоғары жеңгейде болғаны дұрыс дер едім.

Қолданбалы өнерге тән ерекшеліктер - айналадағы ортамен, өмірмен
еңбекпен тығыз болуы. Қолданбалы өнердің әлеуметтік-тәрбиелік рөлі тек оның
туындыларының өзіндік көркемдік, эстетикалық құндылығымен ғана
бағаланбайды, сонымен қатар адамдардың өз заманына сай талғамын
білдіруінен, өткен дәуір мәдениетімен, ұлттық дәстүрлерімен сабақтастығынан
көрінеді.
Сонымен, халқымыздың баланы еңбекке үйрету, кәсіби бағдар беру жөнінде
тәжірибесінен мынадай ойлар түюге болады деп педагог ғалым өз еңбегінде
түсіндіреді [3]:
1. Дамыту
Еңбек етіп, өмір сүруге қабілет, икемін, дағ-дысын дамыту. Отбасы және
қоғамдағы еңбек тәрбиесі
2. Дарыту
Бала бойына халықтық абзал қасиеттерді сіңіріп дарыту. Кәсіпке үйрету,
еңбек тәрбиесі. табандылық, ептілік, ұқыптылық, икемді-лік, іскерлік,
еңбекқорлық, бейнеткештік, көпшілдік
3. Өнерге баулу, эстетикалық тәрбие.
Талғампаздық, танымпаздық, сұлулық, нәзіктік, әсемдік, көркемдік,
сыпайылық, шеберлік, ісмерлік.
Еңбек тәрбиесі отбасы шаруаларымен ғана шектеліп қоймаған. Ол балаға
белгілі кәсіп, өнер шеберлері тарапынан білім мен кәсіптік бағдар беру
арқылы қоғамдық сипат ала бастайды.
Еңбек тәрбиесі дидактикалық принциптерге негізделді (тәрбие
процесінде баланың жасы мен жыныс ерекшелігінің ескерілуі, жүктелетін
міндеттің жеңілден ауырға қарай бірте – бірте күрделеніп отыруы, т.б.).
Баланы еңбекке үйретуде түрлі әдіс – тәсілдер қолданылса, солардың
бастысы халықтық тәрбиешілердің өнегелік үлгісінің ықпалы, ақыл – кеңес
беру, іс - әрекет үстінде жаттықтыру, сенім арту арқылы талап қою, т.б.
Еңбек тәрбиесінің арнайы тәрбие құралдары болды. Мәселен, еңбек -
кәсіп өлеңдері: төрт түлік өлеңі, егіншілік өлеңі, бақташылық жырлары,
аңшылық өлеңі, адам өміріндегі еңбеетің маңызы туралы мақал – мәтелдер,
аңыз - әңгімелер, т.б.
Баланы еңбекке үйрету үстінде тәрбиенің басқа да түрлері (ақыл – ой,
адамгершілік, эстетикалық, отаншылдық және дене тәрбиесі, т.б.) жүзеге
асырылды.
Қазақ баласы қолөнерін игеру барысында қажыр – қайратын шынықтырумен
қоса, үлкен – кішімен қарым – қатынас жасауды тұрмыс – тіршіліктің қиын
кезеңдерінде қайырымдылық танытуды, ата – ананы, еңбек адамын қадірлеуді
үйренді.
Жастардың бойында қайырымдылық, бауырмалдық, иманжүзділік, әдептілік,
ананы сүю, ата – анаға құрмет, үлкелді сыйлау, инабаттылық т.б. негізделген
адамгершілік тәрбиесі де тәрбиенің бүгінгі мәселелерінен алшақ тұрған жоқ.

Ұлттық өнер, ұлттық мазмұн тек мектептерде кәсіпке баулитын арнаулы
пәнде ғана емес, балғын жасқа тәрбие беруде және оқу барысында кез
келген сабақта ұлттық педагогикамен үндестік тауып жатуы тиіс. Міне, осы
негізді басшылыққа ала отырып мектеп оқушыларын қолөнершілікке баулуда
кәсіби білім беру– бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қоғамдағы болып жатқан
бетбұрыстар, саяси көзқарастар аясында қазақ елінің тарихын шынайы тұрғыда
танып - біліп, салт – дәстүріне, рухани мұрасына және сондай
қажеттіліктердің бірі – халық қолөнеріне сүйіспеншілікпен қарау ерекше
маңызға ие болып отыр. Өнерден қуат алмаса тіршіліктің шырағы өшеді деп
М.Әуезов айтқанындай, өсіп келе жатқан ұрпағымызға өз халқының өнерін
бойына сіңіріп өсіру – педагогтардың қазіргі кездегі кезек күттірмейтін
мәселесі.
Қазақ жастарына кәсіптік мамандық беру мәселесінің ғылыми негізін
қалаған тұңғыш ағартушы, ғалым Ы.Алтынсарин. Ол мектептерде қазақ
балаларын ағаш ұсталығына, былғарыдан бұйымдар дайындауға үйрету, ал
қыз балаларға қарапайым халықтың тұрмысына керекті киім тігу,
өрмек тоқу, киіз басу, кілем тоқу сияқты әйелдер істейтін
жұмыстарды үйретуге ерекше мән беріп, қол өнеріне баулитын мектеп ашты.
Ы.Алтынсаринның еңбек туралы пікірлері, идеялары қазігі біздің экономикалық
жағдайда қойылатын талаптарымен сәйкес келеді.
Мәселен, – Атымтай жомарт аңызында Күн сайын өз бейнетімен тапқан
бір – екі пұлға нан сатып жесем де, бойыма сол тамақ болып тарайды,
еңбекпен табылған тамақтың тәттілігі болады екен деген жолдары Еңбек
етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей деген халықтың мағыналы сөздерімен
ұштасып жатыр емес пе. Ұлы педагогтың осындай прогрессивті идеялары
мектептің оқу – тәрбие жұмысы, кейбір сыныптарда тәрбие сағаты, сыныптан
тыс оқуда, конференцияларда, еңбек тәрбиесіне байланысты диспуттар, т.б.
басқа арқылы жүзеге асады.
Ы.Алтынсарин адал еңбек етуді, қанағат қыла білуді адамгершілік қасиет
деп санады. Оның Біз өзіміздің адал еңбегімізбен тіршілік етіп отырмыз дей
алатын адам – шын бақатты адам дегені соның нақты айғағы.
Халықтық педагогика негізінде қолөнер арқылы оқушының бойына
адамгершілік рухын, ұлтқа деген сүйіспеншілігін арттыруда еңбек тәрбиесі
мынадай мақсатқа бағытталады: халықтық педагогика негізінде балаларға білім
мен өнеге берудің қажеттілігін көрсету; оқушыға қолөнерді үйрету барысында
оның қабілет-икемін, дағдысын дамыту; қолөнер бұйымдарын жасай отырып оқушы
бойына халқымыздың ізгі қасиеттерін сіңіріп, дарыту; қолөнер жеке тұлғаны
дамытуға арналған құрал болғандықтан, олардың қызығушылық аясын кеңейтіп,
шығармашылық іздену жолдарын қалыптастыру; оқушының өзін-өзі тану қабілетін
ояту; еңбекті шығармашылықпен, қызығушылықпен орындауға, ерікті түрде еңбек
етуге үйрету; ұлттық тәрбиенің пайдалылығын қол өнер бұйымдарын жасату және
оны пайдалану арқылы түсіндіру.
Бүгінгі таңда сәндік өнерді оқытудың өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасып,
ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Жастарды сәндік өнерге бейімдеп оқыту
мен тәрбиелеу білім беру мазмұны мен оқыту формасы және әдістері бойынша
анықталады. Оқушыларды еңбекке баулуда және тәрбиелеуде негізгі мақсат
баланың толық білім алуына ықпал жасау болғандықтан, педагогикалық ізденіс
қажет.
Оқыту барысында оқушыларды қолөнер шеберлерінің шығармашылық
жұмыстарымен таныстыру керек. Дегенмен, оқушыларды олармен, олардың
жасаған бұйымдарымен таныстыру жақтары көңіл қуантарлық дәрежеде емес.
Сондықтан, мектеп оқушыларын мектептің технолгия пәнінің оқу материалдары
негізінде оларды қолөнерге баулу және оған қызықтыру үшін, ең алдымен,
оған үлгі алатындай жағдай туғызып, халық қолөнерінің әсемдік құпиясын
ашып көрсету қажет.
Мектеп оқушыларының жас ерекшеліктері ескеріліп қолөнерге деген
қызығушылықтарын арттырудың жолдарын қарастыра білуіміз керек. Бұл олардың
өз ойларымен композиция құрастыруына, ою-өрнектерді дұрыс қолдана
білуіне, түстерді дұрыс таңдап алуларына септігін тигізеді. Қызықты
түрде ұйымдастырылған сабақтар барысында орындалған шығармашылық
жұмыстар ұлттық тәрбиені, эстетикалық көзқарасты қалыптастырып ұлттық
дәстүрлермен қолөнерімізді бір-бірімен байланыстыра отырып рухани жан
дүниесін байытады.
Өнер түрі елде мол, өнім сыры жерде мол дегендей халықтың нақыл
сөздерінен нәр беретін, өнер түрлері халықпен жасай береді. Қазіргі кезде
де халық қолөнерінің бай мұраларына жаңаша түр, сипат беріп, оларды
жасаудың техникалық әдістерін жетілдіріп, ел арасында таратып жүрген
шеберлер еліміздің әрбір өңірінде көптеп кездеседі.
Оқушыларға қолөнерін үйретуде мынадай педагогикалық шарттар орындалуы
керек:
- қазақ қолөнерінің тәлім – тәрбиелік дәстүрлерін үйрету;
- оқушыларды жастайынан ұлттық өнермен таныстырып, еңбек етуге
баулу және қабілеттік пен шеберлікке даярлауды көздеу;
- қоғам өміріндегі еңбектің, халық қолөнерінің рөлін түсіну, өнер
адамдарын құрметтеу;
- көне мұраларды тауып, түрлендіре жаңғыртып отыру;
- ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер түрлерін іздестіріп меңгеру;
- ел арасында жүрген шеберлермен кездесу ұйымдастырып,
бұйымдарынан көрме жасау.
Сәндік-қолданбалы өнерін оқытуда әр сабақтың тәрбиелік мәні болуы
керек. Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуі, еңбек етуге қабілеті мен
шеберлігі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі негізінен бұйымдар жасау
барысында яғни, ою-өрнек салу, кілем тоқу, киім және кесте тігу
кезеңдерінде жүзеге асырылады. Үйде ұсталынатын бұйымды сатып алмай-ақ
өздерінің орындауы ата-анаға да үлкен қуаныш әкеледі.
Мұғалімдер мен мен оқушылар арасында білім, білік және дағдыларын іске
асыруда бірлескен қимыл - әрекет, практикалық қызмет аясында кәсіби
шеберлікке баулу процесі барысында қалыптасады.
Іс - әрекетті орындай білуде жаттығу арқылы бекітілген білікті дағды
деп атайды. Ал, кәсіби дағды белгілі бір кәсіпті меңгеру барысында
практикалық жаттығулар арқылы қалыптасатын еңбек қызметінің сапалы әрі
сандық көрсеткіші болып табылады.
Дағдының психологиялық тұрғыдан мынадай түрлері бар:
- қимыл дағдысы;
- ойлау дағдысы;
- сезім дағдысы.
Қимыл дағдыларында - оқушылар еңбек қимылдарын дәл, нақ және аз күш
жұмсай отырып тиімді үйлестіру әрекетін қалыптастырады.
Ойлау дағдылары жұмыс барысында стандарты қалыптасқан, арнайы ойлау
процесін қажет ететін дағдылар.
Сезімдік дағдылар оқушылардың іс - әрекетті атқару кезінде сезім
мүшелері арқылы қалыптасқан технологиялық процестер мен материалды
сұрыптауларда пайда болады. Сондай – ақ бұл әрекет әсіресе, технологиялық
процестерді ұйымдастыру мен бұйым сапасын бақылау кезінде байқалады деп
түсіндіреді [4].
Қорыта айтар болсақ, халық тәжірибесіндегі мәдени еңбекке баулу
арқылы бала тәрбиесі бір – бірімен тығыз байланысып отыратын екі мақсатқа
бағытталған.
1. Баланы еңбекке үйрету барысында оның қабілет – икемін, дағдысын
дамыту.
2. Еңбек үстінде бала бойына халықтық ізгі қасиеттерді сіңіріп, дарыту
.
Баланы өнерге баулуда халқымыз оның бойында талғампаздық, сұлулық,
әсемдік, көркемдік, сыпайыгершілік сезімін оятып, эстетикалық талғамының
жетілуіне ықпал еткен. Сондықтан мектеп оқушыларына жастайынан халқымыздың
ұлттық қолөнеріне деген қызығушылықтарын арттыра білу мектепте өтілетін
халқымыздың ұлттық қолөнеріне бағыт-бағдар беретін технология пінінің
мұғалімдерінің негізгі жұмыстарының бірі деп санаймыз

1.2 Ұлттық қолөнердің оқу-тәрбие үдерісіндегі маңызы

Қолөнер сонау көне заманнан бері халық тұтынып келе жатқан ұлттық
бұйымдарға салынып келе жатқан әшекейлерден бастап, қазіргі уақытта барлық
тұтынатын бұйымдарға сюжетті өрнектермен бейнелейтіндей жоғары деңгейде
дамыған дәрежеге келіп жетті. Археологиялық деректерге қарағанда, біздің
жерімізде қолөнер бұдан екі жарым мың жыл бұрын қалыптасып, әр дәуірде
өзінің өшпес ізін қалдырып, мәдени мұраға айналған.
Тарихи деректерге зер салсақ, алғашқы адамдар үңгірді мекендеген шақта
табиғаттың дүлей күштерінен, аңдардан қорғану үшін тек тірі қалуды ғана
ойлады. Паналаған үңгірлер, аң аулау үшін жасалынған құралдар, суықтан
қорғану үшін денесін жапқан лыпалар қолөнерінің ең алғашқы бастауы екенін
олар білген жоқ. Қажеттіліктен туған еңбек қызметінің алғашқы түрлері бұл
күнде адамдар айналысқан кәсіпке айналып отыр [5].
Әлемдік педагогикалық ойдың тарихында болашақ ұрпақты еңбекке баулу
идеяларының алатын орны ерекше, өйткені адамзат баласы өз тарихының барлық
кезеңдерінде еңбекке баулуды ұрпақтан ұрпаққа мирас етуді өзінің басты
мұраты деп таныған.
Өресі биік, өрісі кең өнер атаулының қай саласынан болсын, жер
жүзіндегі басқа да халықтар сияқты қазақ халқы да өзінің көне заманнан бері
келе жатқан тамаша тарихымен және бір өзіне ғана тән қайталанбастай
ерекшелігімен көзге түседі. Қандай-да болмасын өнер және талант иелерін
өмірге келтіретін де сол халық. Сондықтан біз оларды ұлттық дейміз. Жер
бетіндегі жасалған еңбектің қайсы бірі балмасын, адам баласының ой
еңбегімен, асқақ рухымен жасалынып, ғасырдан ғасырға жалғасын тапқан
қасиетті мұра.
Қазақ қолөнерінің туындауына, дамуына осы түрмыс дағдысы тікелей ықпал
етті. Ол қоғамдық өндіріспен қатар дамыды. Алғашқы кезде қолөнеріне үй
кәсібі негіз болды. Қолөнершілер қолөнер өнімдерін өз тұрмысының қажетін
қамтудан, бірте – бірте малға, затқа айырбастап, оны кәсіп түріне
айналдырды. Тапсырыс жасаушылар қолөнер бұйымдарының ақысын мал немесе
басқадай заттармен берді.
Қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу,
құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық өнер жиынтығын айтады [6].
Қолөнер шеберлігін мал бағып, егін салып, аң аулау кәсібінен артық
санамаса, кем санамаған. Қазақ қолөнері өзінің күнделікті өмір
тіршілігімен, тұтыну қажетімен тығыз ұштасып жатады. Қолөнердің дамуына
байланысты қолөнер өнімдері молайды. Тапсырыс бойынша өндірілді. Базар
сұранысы да ескеріліп отырылды. Халқымыз көшпенді және жартылай көшпенді
тұрмыстың мүддесі үшін сан – салалы шаруашылықпен шұғылданды. Мәселен,
малшылық, егіншілік, аңшылық, балық аулау бағбаншылық, қолөнершілік,
құрылыс салу, тасшылық. Жанама кәсіптер: алтын қазу, тас қазу кіре тарту,
ағаш кесу диірмен ұстау құс бағу сияқты сан алуан кәсіп түрлерімен
шұғылданды. Міне, осыған қажетті барлық сайман – жабдықтарды, құралдарды
қолдан жасап, өндіріп пайдаланды. Анықтап айтқанда, халқымыз қолөнершілік
шеберлігімен өз тұрмысына қажетті киім – кешек, ішіп – жем, үй – жай, құрал
– жабдық, қару – жарақ саймандарының барлығын өз қолдарымен жасады.
Негізгі шикізаты – мал шаруашылығы, аңшылық өнімдері, мекендеген
жерінің табиғи байлықтары еді. Халқымыздың төрт түлік малдың бабымен көшіп
– қонуы, аңшылық, саятшылық кәсібімен шұғылдануы, ру, тайпалар арасындағы
қақтығыстардың толассыз туылып тұруы, тері илеу, көншілік, етікшілік,
өрімшілік, жүн мәнерлеу, киіз басу, есу өру тоқу, сондай – ақ ершілік,
теміршілік, қару – жарақ жасау өнерінің туындауына негіз болды.
Сонымен қатар, тас дәуірінен басталған сүйек ине, сүйек бізді
пайдаланып тері және тоқыма киім – кешек жасау сынды қолөнердің дами түсуі,
киіну мәдениетін қалыптастыра бастады.
Сәндеп киім тігу, үй жабдықтарын сәндеу, әбзел – жабдықтар мен
жиһаздарды әшекейлеу, әсемдік түс берумен қатар заттық мәдениетке деген
қажеттілік – зергерлік, кестешілік, тоқымашылық, өрімшілік, ою - өрнек,
сырлау, бедерлеу, көздеу айшықтау т.б. қосалқы өнер түрін гүлдену сатысына
қадам бастырды. Бұл кезде халық шеберлері ішінен небір керемет ісмер оюшы
сызушылар, тігіншілер, кестешілер, сырмақшылар, тоқымашылар, зергерлер,
етікшілер, ершілер, өрімшілер шықты деп баяндайды [7].
Ежелгі қазақтың қолданбалы өнері бойынша бірқатар мағұлматтар 1957-1958
жылдары шыққан Т.Қ.Басеновтың Прикладное искусство Казахстана деген
еңбегінде қарастырылды [8].
Онда халықтың қолөнеріне әдет ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға,
мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар кіреді. Киіз үйдің
сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши,
түрлі бау – басқұрлар тоқып, арқан – жіп есіп, көннен және илеулі теріден
қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс – аяқ, адалбақан,
асадал, бесік және т.б. көптеген заттарды халық шеберлері қолдан жасап,
әшекейлеген - деп жазады [9].
Сақтардың үй тұрмысында қолданылатын бұйымдарды жүннен, былғары,
ағаштан және сонымен бірге гончарные бұйымдарды, қару – жарақтардың
табылғаны жайлы б.э. V – XX ғ. алғашқы жартысына дейінгі қол өнері жайлы
К.А.Акишевтың Искусство саков Казахстана деген еңбегінде айтылған [10].
Қазақ ғалымдары халқымыздың қол өнерін XX ғасырдың алпысыншы жылдары
зерттей бастады. Қазақтың сәндік – қолданбалы өнері саласында ҚР ҒА
академигі Әлкей Хақасұлы Марғұлан, Тарих ғылымының докторы Х.Арғынбаев т.б.
үлкен үлес қосты.
Еңбекке дайындауда оқыту әдістемесіне П.Р.Атутов, В.А.Поляков,
Д.Тхоржевский, О.Сыздықов, К.Өстеміров, С. Жолдасбекова, Б.Ортаев және т.б.
ғалымдардың еңбегі арналған [11].
Қазақ қолөнерін мектеп оқушыларына үйретуде соңғы жылдар көлемінде
бағдарламалар, әдістемелік құралдардың жарық көруі ұлттық қолөнердің мектеп
өмірінің жандануына себепші болды деп айтуға болады.Мәселен,
С.Жолдасбекованың Ұлттық сәндік - қолданбалы өнерге үйрету бағдарламасы
осы мақсаттарды жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосуда [12].
Ш.Әбдуәлиеваның Халық қолөнері атты әдістемелік құралы еңбекке баулу
пәні мұғалімдеріне арналады. Мұнда сәндік-қолданбалы өнері сабақтарын
өткізу әдістемесі мен ұйымдастыру мәселелері жайлы жазылған [13].
Қазіргі кезде халықтық педагогиканы мектеп өміріне негіз ету көп қолға
алынуда. Халықтық педагогикалық тәрбие мәселелерін қарастырған кітаптар
қатарында Қ.Жарықбаев, С.Қалиевтың Қазақ тәлім-тәрбиесі, С.Ұзақбаеваның
Тамыры терең тәрбие атты кітаптары қазақтың ұлттық тәлім-тәрбиесі жайлы
ой қозғайды.
Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу дәстүрі отбасындағы еңбек тәрбиесінде
көрініс тауып келеді. Адамның жеке басының мінез құлқын қалыптастыруда,
бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіруде отбасы ерекше рол атқарады.
Балаларды қолөнер кәсібіне тәжірибелі қарттар және қолынан өнер тамған
кәсіп шеберлері үйреткен. Сонымен бірге өз тәжірибелерін түсіндіру, ақыл-
кеңес беріп әрдайым қолдау көрсету, мақтап-марапаттау тәсілдерін қолдана
отырып, ер баланың тәрбиесіне әкелері, қыз баланың тәрбиесіне аналары көп
көңіл бөлген. Ұл атадан үйренбей сапар шекпес, қыз анадан үйренбей өнеге
алмас дегендей балаға қолөнер кәсібінің бір саласын меңгерту өздеріне
байланысты екенін түсінген ата-ана барлық жақсы қасиеттерді балаларының
бойына сіңіруге тырысады.
Қолөнері арқылы балаларының бойына эстетикалық талғамның қалыптасуы,
шығармашылық іс-әрекетінің дамуы ата-анасының іскерлігінен,
жауапкершілігінен туындайды. Қыз балаларды аналары қолөнердің кең тараған
түрлері- кілем тоқуға, сырмақ сыруға, құрақ құрауға, кесте тоқуға, тұрмысқа
қажетті бұйымдар жасап, киім тігуге баулып отырған. Бұндай өнер туындыларын
жасау ерекше талғампаздықты, нәзік икемділікті жоғары эстетикалық талғамды
талап етеді. Ана балаға өмір сыйлаумен ғана емес ол өзінің бар білгенін
абзал, адамгершілік қасиеттерге баули отырып, ұстамдылықты, сабырлылықты,
төзімділікті, өмірде кездесетін қиыншылық атаулыны қажырлылықпен жеңе
білуге баулыған. Арғы ата-бабаларымыз жігіттердің бойына өнер мен еңбекті
адамгершілік қасиеттерімен ұштастырып, ағаштан, темірден, теріден тұрмысқа
қажетті түрлі бұйымдар жасауға, яғни қолөнер кәсібіне, шеберлікке баулыған.

Қазақ халқының ерте кезден бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне
жарап келе жатқан рухани мұра – халықтық педагогика.
Халықтық педагогикада – онда тәрбиенің мақсаттары мен міндеттері, кең
бұқара қолданатын тәрбие мен оқытудың халықтық құралдарының, іскерліктері
мен дағдыларының жиынтығы көрініс тапқан [14].
Қайта жаңғырып, жастар тәрбиесіне арқау больш отырған халықтық
педагогика – бұл күнде мұғалімдер қауымына ғана емес, бүкіл қоғамымызға
ортақ әлеуметтік қозғалыс. Халықтық педагогика кешегі қариялардан, ойшылдар
мен сал – серілерден, шешен – билерден, ақын - жыраулардан мирас болып
қалған ұлы тәрбие құралы. Оның өміршең идеялары халықпен қайта қауышып,
жүректерден орып алуда.
Халықтық педагогика жаңалық та, ғылым да емес, ол ежелден халықпен
бірге өмір сүріп келе жатқан тәлім – тәрбие мектебі. Педагогика ғылымы оны
өзіне негіз етіп отыр. Ал, оның оқу – тәрбие үдерісіне енуі шын мәнінде
жаңалық. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары ұрпақ тәрбиесінің
негізгі түйіні - адамгершілік – имандылық, ақыл – ой, еңбек, эстетика,
дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі [15].
Қолөнерге тән ерекшеліктер - айналадағы ортамен, өмірмен, еңбекпен
тығыз болуы. Қолөнердің әлеуметтік-тәрбиелік рөлі тек оның туындыларының
өзіндік көркемдік, эстетикалық құндылығымен ғана бағаланбайды, сонымен
қатар адамдардың өз заманына сай талғамын білдіруінен, өткендегі
мәдениетпен, ұлттық дәстүрлермен сабақтастығынан көрінеді.
Әлемдік білім беру үрдісіндегі Технология атты педагогикалық ұғым
бүгінгі таңдағы білім беру саласын білімді де іскер адамды тәрбиелеуді
талап етеді. Білім беру саласының қайбір буынын алсақта, жоғарыдағы қойылып
отырылған талаптарды түбегейлі шеуді көздейді. Қазіргі кезде оқушыларға
меңгертілетін қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнер түрлерін жүйеге
келтіруде және оны оқытушылар тарапынан басқаруға байланысты бірқатар
талпыныстар жасалуда. Бұл жалпы білім беретін орта мектептердің
Технология пәні бағдарламалары бөлімдеріне (қыз балаларға арналған) қазақ
халқының сәндік-қолданбалы өнер бағыттарын ендіруге байланысты туындап
отырғандығы ескертіледі [16].
    Технология пәні сабақтарының негізгі мақсаттарының бірі - алғаш
білімдерін практикада қолдануға үйрету, дағдыландыру, теориялық білімнің
негізінде практикалық дағдыны қалыптастыру жне ұлттық тәрбие бағытындағы
ұлттық қолөнершілігімізді дәріптеу жолдарын қарастыру, яғни:
- теориялық білім беру, практикалық дағды қалыптастыру;
- ойлау қабілетін дамыту, байқағыштық қасиетін арттыру;
- оқушылардың белсенділігін арттыру, білімдерін дамыту;
- іскерлік пен дағдысын қалыптастыра отырып, еңбек мәдениетін дамыту;
- адамгершілікке, имандылыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу;
- еңбекқорлыққа, іскерлікке жетелеу;
- ұлттық өнеріміздің мәдени бай мұраларына бағытталған тапсырмалармен
бағыттау;
- мектеп оқушылары тек оларды жасап қана қоймай, әрбір қолөнер
бұйымдарның қадір қасиетін дәріптей білу;
Сабақ барысында оқушылардың өзінің болашақ мамандығына құштарлығы,
икемділігі, қызығушылығы қалыптасады, демек бұл пәннен практикалық сабақты
өткізу мынадай нәтижелерге қол жеткізеді:
- оқушы өзінің болашақ мамандығын таңдауына бағыт алады;
- еңбек етуге машықтандыру арқылы икемділігін, іскерлік пен шеберлік
дағдыларын қалыптастырады;
- білім мен тәжірибе негізінде еңбекті сапалы және өнімді етіп жасауға
және кәсіби еңбек пен өнертану ғылымына машықтанады;
- оқушылар технологиялық әдебиеттерді көбірек оқуға ұмтылыс жасайды;
- өздерінің ұлттық қолөнер түрлерін жасап үйренудегі шығармашылық
қабілеттерін қалыптастыруға жол ашады.
Оқушылардың білім сапасын арттыру мұғалімнің кәсіби шеберлігіне,
оқушылардың оқу іс-әрекеттерін педагогикалық сауатты ұйымдастыра білуіне
байланысты.

1.3 Сырмақ түрлері және оның қолдану мақсаты

Сырмақ - халқымыздың тұрмыс тіршілігіндегі ұлттық қолөнерінен
туындаған аса сәнді төсеніші, әрі өнер туындысы. Сырмақ еденге төселетін
бірден-бір жарасымды жабдық. Сырмақ сөзі - сыры етістігіне мақ
жалғауы жалғану арқылы сырымақ болып айтылып, кейін келе ы әрпінің
түсіп қалуынан сырмақ болып қалыптасқан.
Осы сырмақ сөзінің өзі-ақ,сырмақтың сыру арқылы жасалатындығын
түсіндіреді, әрі осы сөзден сырмақтың алғашқы нұсқасын да көз алдыңызға
елестету қиын емес. Кесек киіздер, текеметтер сол замандарда алғашқы
қажеттікті өтегенімен, қоғамдық құрылымның біртіндеп дамуы мен тұрмыс
мәдениетінің қалыптаса түсуіне сай, тазалыққа тиімсіз, тұтынуға
ептейсіздігі байқалған. Адамдар санасындағы талғам-талап, қажетсінудің қол-
өнерге ықпал етуімен, қолдануға ыңғайлы, жеңіл-желпі, әрі көркем төсеніштер
туындады. Осылайша сырмақ пайда болды. Сырмақтың өмірге келуіне күнделікті
тұрмыстағы қарапайым нәрселер себеп болса керек. Мәселен, көнерген
киіздерді қабаттап төсену одан соң оны қобырай бермеуі үшін қабаттап
көктеу.Осыдан бара-бара қабаттауды белгілі пішінге келтіріп, ықшамды етіп
төсеніп, көктеуді де бірте-бірте жиі тігістерге, одан сыруға өзгерткені
мәлім. Сөйтіп алғашқы сырмақ пішіні қалыптасқан. Бұдан соң кесек киіздерден
қалаған мөлшерде кесіп алып қабаттап сырып, шағын төсеніштер істеле
бастаған. Бұл сырмақтар алғашында, әрине ою салынбай жасалды. Бүтін күйінде
ығына қарай сырылуы, сондай-ақ сол кезгі таңба белгілер, нанымдар бойынша
өрнектер түсірілді. Мәселен ашамай +, х белгі, күн пішіні т.б. Осыларды
айналдыра сыру тәсілі қолданылды. Мәселен түйе жабуының сыруына қарап
аңғаруға болады.
Сырулар кейін қабат киіздердің жиектерін жөрмеу, төрт шетін бойлап
қабаттарын беріктеп, сырудан түскен сызықтарға сәйкесті сыру түсіру арқылы
сырмақ ортасынан табиғи төртбұрыш шығарылды Мұндай сырмақ киіздер бір
түсті (ақ не қара) болды. Осыдан кейін сырмақ шеттерін беріктей түсу үшін
жуандау жіп есіп, сырмақ шетін жию қалыптасты. Кейін ақ, қара жүндерді
пайдаланып қарама-қарсы түстерді шабыстырып қолдану арқылы сырмақтың шетін
жиектеу енгізілді. Ішкі жағына да сәйкесті жиек басып, сулар тарту арқылы
сырмақтың бетіне ішкі-сыртқы төртбұрыштар түсірілді де осы жиектердің ара-
арасы сырылып отырды.
Кейін сырмақшылықтың дамуына байланысты оны берік етіп жасаумен бірге
көркемдеу тәсілі қолданылып, сыру өрнектеуге өзгерді. Өрнектеу алғашқы
кезде жиек басу арқылы орындалды.
Көбінесе қара киізге ақ жиек және сары жиек басу арқылы өрнектелді,
өйткені халқымыз тым ертеден-ақ, жүнді қандыра бояу арқылы сары түсті
таба білді де, қара мен ақ түсті табиғи жүнмен қоса сары түсті де
шеберлікпен шабыстыра пайдаланып отырды. Осылайша сырмақты жиектеу арқылы
біріншіден, сырылды, екіншіден, көркемделді. Демек, сырмақшылық өнерінде
сол кездегі қолда бар материалдар негізінде парасатты аналарымыз жиек басу
тәсілін шебер пайдаланып, сол кездің аса сәнді сырмақтарын жасаған.
Сырмақтың қашан, қай дәуірде жарық көргені белгісіз. Бұл алдағы
археология-лық зерттеулердің міндеті болмақ. Солай болса да қолда бар
деректерге сүйеніп, ел ішіндегі сақталған көне дүниелерге көз салғанда
сырмақтың қалай дүниеге келіп, қалай дамуы жөніндегі жорамалдарды айтпау
мүмкін емес. Бұл шындыққа жанасады. Айталық, сырмақ астыға салынады. Ол
сыздан, ызғардан қорғайтын қалың болуы керек. Ол үшін екі қабат киізден
жасалды. Ол әрі берік болуы үшін кемеліне келтіріліп сырылуға тиіс. Оның
үстіне, ол адамдардың талғамдық өресіне сай көркемделуі тиіс. Осылайша сол
кезде сыру және жиек басып сырмақ жасау қалыптасты. Алайда, сырмақтарды
бүтін күйінде сырып, жиектеп өрнектеу қиынға соқты және тұтас бір түсті
киізді түрлеуге де жағдай болмады. Тек екі түрлі (ақ, қара) жиек
пайдаланылатындықтан сырмақты тұтас істеу дағдысына өзгеріс енгізілді.
Яғни, қараға ақ киізден, аққа қара киізден қалаған көлемде орта және шет
салып құрап, түр шығарып, өңдерді шабыстырьш істеу пайда болып, жеке-жеке
жиекпен өрнектеп сырып алып, қосу арқылы істеу қолайлырақ болды. Бұндай
сырмақ жасау тәсілі саралана келе қазіргі тұрмыста қолданылып отырған
ортасы, екі жаны, екі басы бар дәстүрлі сырмақ үлгісі қалыптасты. Кейінгі
бояушылық өнерінің жарыққа шығуы мен жүн бояу, киіз бояу, жиек бояу
техникасы біріктірілді де, сырмақтар тіпті де алуан жиектермен безендіріліп
түрлене түсті және боялған жүндерден алуан түсті, алуан өрнекті дәстүрлі
сырмақтар жасалды.
Осыдан бастап сырмақтың ою-өрнегі, істелу мәнерінде сапалық өзгеріс
туыла бастады. Ол дәуірлер бойы айшықталып түрлене түсті. Бүгінгі таңда
халқымыздың тұрмыс өресі жоғарылады. Кілемге бергісіз алуан оюлы, алуан
пішінді әсем сыр-мақтар әр үйдің төрінде көз жауын алып, жайнай түсуде.
Сондай-ақ сырмақтар пайдалану орнына, материалына, істелу әдістеріне қарай
алуан түрге бөлінді.
Сырмақ түрлері
Сырмақтар ұсталатын орынына қарай аталды. Олар: от киіз (от сырмақ),
от басы сырмағы, тізе сырмақ, маяуза (қарт адамдарға арналган төсеніш)
сырмақ, төр сырмақ, іргелік (ірге киіз), аяқжол т.б деп аталады.
От киіз. Көшпенді өмір кешірген хал-қымыз киіз үйлерінің ортасына от
жағып, ошақ қойып тамақ асып, мосыға шәугім іліп, шай қайнатып, ас-су
дайындады. Өте ерте кездерде көшпенді тұрмыс кешірген халқымыз күз, көктем,
қыс күндерінде де осы киіз үйлерінде отырды. Таулы өңірлерде түнгі
салқында, күз, қыс, көктем мезгілінде ортаға отты мол жағып, от басын
аинала, қоралана отырып, отқа жылынып, тамақтанатын болған. Міне, осылай
отыру үшін от басына төсеніш қажет еді.
Ата-бабаларымыз астынан сыз өтпеудің қамы үшін қыс күндері киіз үйдің
ішкі еденіне құрғақ топырақ, қүм төгіп тегіс-теп, оның үстіне қоға немесе
құрғақ шөп, сабан салып, оның үстіне ши төсеп, бұларды от ағашпен
айналдыра көмкеріп немесе дөңгеленте тақтай еден жасап, туырлықтарды осы от
ағаштарға жеткізе отты айландыра салатын болған. Туырлықтардың қарқасы
дөңгеленіп бір немесе екеуін төсегенде үй ішінің көп бөлімін қамтып жатты.
Оның үстіне басқа да төсеніш сырмақтар, көрпелер салынып от басында отыруға
қолайлы болды. Бірақ туырлықтар үлкен әрі ыс сіңген болатындықтан қағып-
сілку қолайсыз, тазалыққа үйлесімсіз болды да, кейін келе от басына, үй
ішіне лайықталып, дөңгелентіп киіздер жасалды. Бұл киіздер отқа ең жақын
салынатындықтан от киіз болып аталып кетті.
Кейін киіздерді сырып, жиектеп, оюлап, сәндеп жасау қалыптасты. Бұл
от басы сырмағы болса да от киіз деп атау қалыптасты. Бұндай от басы
сырмақтарының астына киіз төселді. От киіздер киіз үй іргесіне дейін
жететін үлкен етіліп те жасалды. Ол қазіргі жасалғап жерге төселетін
паластардың рөлін атқарды да үстіне сырмақтар, кілемше, маяуза, көрпелер
төселді. Кішігірімдері киіз үйдің орта бөліміне ғана төселетін етіп
жасалып, қағып-сілкуге ептейлі болу жағы қарастырылды. Сондықтан оны екі
жарты етіп дөңгелектеп келтіріп, қосып төселетін түрі жасалды.
Отырықшы тұрмысқа сай қазіргі кезде от киіздерінің тұрмысқа
лайықталып, үлкен етіп жасалған алуан үлгілерін кездестіруге болады.
Үлкен ордалардың от киіз сырмақтары тіпті үлкен болған. Оны 20 - 30
әйел қатар отырып тіккен.
Төр сырмақ
Төр сырмақ төрге төселетін сырмақ болғандықтан өте әсем жасалады. Төр
сырмақтар әдетте киіз үйлердің төріне үнемі салынбайды. Ол шиыршықталып
алып қойылады да сыйлы меймандар келгенде төрге төселеді. Үстіне көрпе
салынады. Төр сырмақтар әдемі етіліп жасалуымен бірге көлемі де үлкен
жасалады. Ықшамдары 200 см не 250см болса, үлкендері 300см-ден 600 см-ге
дейін жасалады.
От басы сырмағы
Киіз үйдегі от киіздердің (от сырмағының) үстінен және бір қабат
сырмақ салынады. Үнемі төселетін бұл сырмақтар от басы сырмағы деп
аталады. От басы сырмағы от киіздердің үстінен от басынан шегіндіріп
салынады.
Киіз үйде қазан жақтан отағасы төсегіне дейінгі аралыққа от басы
сырмағынан үшке дейін, төр жаққа отағасы төсегінің алдынан жалғастыра үш
сырмақ, келін төсегі жаққа, яғни оң жаққа екіден үшке дейін сырмақ
орналасады. Бір үйде отбасы сырмағынан 5 - 9-ға дейін болуы қажет.
От басына салынатын сырмақтардың көнесі де, жаңасы да болады.
Көнелерін жазып салып, жаңаларын екі қабаттап салады. Себебі: сырмақтың оң
бетінің тез тозбауы үшін, таза тұруы үшін тағы бір жағынан төсенуге
қалыңдау болуы үшін сырмақты екі қабаттап салу дағдысы болған. Қажет
болғанда жазып салынады. Отбасы сырмақтары негізінен онша үлкен болмайды.
От басы сырмақтары әдетте үйге үнемі ұсталатын болғандықтан ол қазан жақ,
оң жақ, төр демей барлық жерге салынады. Сондықтан от басы төр сырмақтары
да болады. Ол үнемі төрге салынады. От басы сырмақтары.

Маяуза сырмақтар
Маяуза аң терілерінен, мал терілерінен жұмсақ етіп илеп, кейде
астарлап істелетін төсеніш.
Кей отбасылары маяузаның орнына жұмсақ ақ киіздерден бастырып, асыл
кездемелермен қаптап, кестелеп, немесе киіздің өзін оюлап қаптап ықшам
сырмақ жасайды. Бұны - маяуза сырмақ деп атайды. Маяуза сырмақтың 4
бұрышты, ұзындау екі бүктеп салатын, дөңгелек, сопақ, әр түрлі пішінде
жасалған түрлері болады. Ол қалай жасалса да жамбасқа жұмсақ болуы керек.
Сірестіріліп сырылмайды өйткені, мұны қарт адамдар төсенеді.
Ұзын маяуза сырмақтың үстінен көрпе немесе аю, қаблан терісін салатын
отбасылар кезігеді. Қалалы, отырықшы жерлерде кілем үстінен маяуза
сырмақтар, кестелі сырмақтар сән үшін де төселетңн салты болғандығын сөз
етеді [17].
Маяуза түйе жүнінен тоқылып та жасалады. Түйе жүнінен тоқылған
маяузалар Моридағы Алтын Тоқанай қызының шебер қолынан тұңғыш рет тоқылып
шықты. Бұл маяуза сырмақ қарттар және жел-құзы бар адамдар үшін табылмайтын
төсеніш. Жұмсақ, жылы және жанға жайлы. Серпімді, жинағанға, бүктегенге
ебдейлі. Бұл маяуза сырмақты сөре жасап алып өріс жіптерін мақта жіптен
құрып, арқауын иірілген түйе жүнінен істейді. Түк шығару үшін түйе жүнін
бос етіп иіріп, түр шығару өрнек салу қажетіне қарай, әлгі бос ирілген
жүндерден мөлшерлеп алып бояйды. Бұл жіптер дайын болған соң кілем
тоқығанға ұқсас түк шығарып тоқылады.
Тізе сырмақ
Тізе сырмақ - отбасы адамдарының екі бүктеп салып отыратын
(бүктемейтін ықшам түрі де болады) төсеніші.
Қазан жақтан отағасы төсегі алдына дейін тізе сырмақтан бірнешеуі
төселеді. Әрбір отбасы мүшесінің өз сырмағы болады. Бұл сырмақтарды
көбінесе әйелдер қол ісін істегенде (үйдің іші-сыртында) орнынан жылжытуға
ыңғайлы болғандықтан жиі пайдаланады.
Қазақ әйелдері үй ішінде үнемі бір тізерлеп отыратындықтан және
сырмаққа тізелері көбірек тиетіндіктен тізе сырмақ атанған. Тізе
сырмақтар отбасы сырмағының үстінен салынады. Олар алуан пішінде шаршы,
төртбұрыш, дөңгелек, ұзыншақ т.б. түрде жасалады
Бөстек
Тізе сырмақтардың аңның, малдың терісінен жасалған түрі - бөстек
деп аталады. Бөстек те жұмсақ төсеніш. Бөстекті малдың, аңның терісін илеп
жұмсақ етіп жасайды. Кей отбасылар бөстекті киізбен астарлап істейді.
Бөстек үстінен жамбас көрпе салынып қарттар, отағасы, әжелер, аналар
отыратын орынға төселеді.
Көш сырмағы
Көш-қонда артқан түйе жүгінің үстіне жабылатын сырмақ - көш сырмағы
делінеді. Аналарымыз көш сырмақтарын көлемдерін 3-4 метрге дейін жасап,
көштің сәні ретінде істеген. Аса сәнді істелген көш сырмақтары кілемнен кем
түспеген. Ондай көш сырмақтарының шетіне жібектен, жіптен түрлеп, зерлеп
шашақ төгіп те сәндеген. Көш сырмақтары төрге ара-тұра бір салар ретінде де
пайдаланылған.
Жасау сырмақ
Жасау сырмақ деп, ұзатылатын қызға арнап жасалатын сырмақтар
айтылады. Қазақ халқы жасауға жасалатын дүниені жұптап жасамайтын салты
болған. Мәселен: 3,5,9—15...25, 41 ге дейін жасайды. Ауқатты отбасылар
жетіден жоғары жасау жасайды. Мәселен, жетіден жасау жасалса сырмақ та,
көрпелер де, жағалы киімі де жетіден болады... Бұндай жасау сырмақты ата-
аналар ерте бастан бастап істеп теңге буып сақтайды. Ол әр түрлі өлшемде
жасалады. Бұлардың ішінде қыз түсетін жердегі үлкен шаңырақтардың отына
салуға, қайнаға-қайын, абысын-ажындарының сыйлыларына арналған киіт сырмақ,
өзіне арналған төсек сырмақ, отауына арналған сырмақтар болады. Бұл жасауға
берілетін сырмақтар жасалғаннан кейін ұсталмайды. Жаңа күйінде қыз
ұзатылғанда басқа да мүліктерімен қоса қыз жасауы етіп беріледі. Алдыңғы
айтылған сырмақтардың барлығы да қызға жасау ретінде беріледі.
Қазақстан өңірінде дебіске сырмақ деген сырмақ атауы бар. Дебіске
сөзіне үңілсек оның девочка (девочка, девичье) деген орыс тілінен
енгендігін байқаймыз. Бірақ Жүңхуа халық республикасының қазақтар мекен
ететін аудандарында мұндай атау кезікпейді. Тек жоғарыда айтқанымыздай
жасау сырмақ, киіт сырмақ, жол-жоралғы үшін аталатын сырмақ, қызға
арнаулы жасайтын төсек сырмақ деген сырмақ атаулары таралған деп
түсіндіреді[18].
Төсек сырмақ
Төсек сырмақ төсек үстіне салынады. Төсек - әрбір отбасы адамдарының
жатып тынығатын, ұйықтайтын меншікті орны. Оны жерден биік тұратын етіп
ағаштан жасап төсек аяқ деп атайды. Төсек аяқтың ең дәстүрлі түрі
қайқыбас. Кейін келе бұл төсек аяқтарды - кереует деп атады. Бұл
кереуеттердің беті ерекше сәнделді. Сырлап, өрнектеп, бедерлеп (Қайқыбас
төсек,) сүйектеп, құймалап жасалған кереуеттер үйдің сәнді жиһазының бірі
болып қазан жаққа, отағасыға және оң жаққа келін мен ұлға арналып салынады.
Міне, осы төсектің үстіне арнаулы жасалып салынатын сырмақ - төсек сырмақ
делінеді [19].
Төсек сырмақтар кестелі, оюлы, ойыстырылған алуан өрнекті болып
келеді де, ол тек төсекке ғана салынатындықтан төсек бойы етіп ені 90-
110см, ұзыны 200 см етіліп, қос кісілік кереуеттерге ені 130 см-ден 150 см-
ге дейін келетін сырмақ жасалады. Төсек сырмақтар негізінен біз
кестеленеді. Төсек сырмақтардың жиек басылған, оюланған, баспа кестелеп,
киізден ойыстырылып та басқа да алуан нұсқада істелді.
Қыз-келін төсек сырмағы сәнді, ашық, қызыл-жасылды болып гүл жайнаған
өңімен көз тартады. Ал егде адамдардың төсек сырмағы көбінесе солғын өңді
сидам кез-демелерден оюланып, яки солғын жіптер-мен кестеленіп жасалады.
Төсек сырмақтар біз кестелі болса, алдымен түрлі жіптері және кездемелері
дайындалады. Кездемелерге барқыт, шүға, мәуіті, пүліш, дохабалар таңдалады.
Екі жаны, екі басы бір түсті кездемеден бөлек пішіліп, ортасы және көмкеруі
басқа түсті кездемеден пішіледі де өрнек сызылып, кергішке керіліп, біз
кестеленеді. Кестеленіп біткен соң құралып, тігістерінің үстінен оқа
бастырады. Ағаш төсектің ені мен ұзындығына ұқсас келетін жұқа ақ киізбен
астарланып көмкеріледі. Төсек сырмақтың кездемесіне кейде бір тұтас кездеме
істетіп тек өрнегін, екі жан, екі басы және ортасы бар үлгіде сызып
кестелейді. Немесе, тұтас бір түсті кездемеге алуан түрлі өрнек түсіріліп
төсек сырмақ көркемделеді. Ойыстырылған, оюлы, баспа кестелі төсек
сырмақтардың ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ халық қолөнерін бастауыш сынып оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың теориялық негіздері
Жүндерді іске әзірлеу
Сәндік қолданбалы өнер элементтерінің негізіндегі көркем қол өнер технологиясы
Жіп жалғау - керілген желі жіптерінің үзігін немесе қашқанын тауып байлау
Қазақ халқының қолөнерін оқушыларға үйретудің маңызы мен мазмұны
Қазақ қолөнері
Мектеп бағдарламасындағы бейнелеу өнер сабағына жоспар құру
Бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың көркемөнер шығармашылығына қызығуын қалыптастырудың негіздері
Бастауыш сыныпта халық қолөнерін оқу-тәрбие процесінде пайдалану әдістемесі
Дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз жасау өнері - киіз басу
Пәндер