Отырарда жүргізген жұмыстары нәтижесінде


-
МАЗМҰНЫ
ҚЫСҚАРТЫЛҒАН СӨЗДЕР . . . 3
КІРІСПЕ . . . 4-9
І СЫР БОЙЫНДАҒЫ ҚАЛАЛАР ТАРИХЫ ЗЕРТТЕЛУІНІҢ АЛҒАШҚЫ
КЕЗЕҢІ . . . 10-25
- ХІХ ғ. 60-90-шы жылдары аралығында атқарылған зерттеулер
- Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің зерттеулері
ІІ КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕГІ ЗЕРТТЕУЛЕР . . . 25-48
- 1917-1945 жж. зерттеулер
- 1946-1968 жж. зерттеулер
- 1969-1991 жж. зерттеулер
ІІІ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕР . . . 48-73
- Отырар қаласы
- Түркістан қаласы
- Қарашық қаласы
- Сауран қаласы
- Сығанақ қаласы
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 74-75
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 76-82
ҚОСЫМША . . . 83-99
ҚЫСҚАРТЫЛҒАН СӨЗДЕР
АО - Археологические открытия
АӘТҮ - Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі
АҒЗО - А. Ясауи атындағы ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығы
Қазақ КСР ҒА ТАЭИ - Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тарих, археология, этнография институты
ҚР ҰҒА - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы
ХҚТУ - А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
ПТКЛА - Протоколы Туркестанского кружка любителей археологии
САЭ - Сығанақ археологиялық экспедициясы (2003 ж. құрылған)
ОАЭ - Отырар археологиялық экспедициясы (1969 ж. құрылған)
ОҚАЭ - Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (1947 ж. құрылған)
ОҚКАЭ - Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (1971 ж. құрылған)
ХАЭЭ - Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (1945 ж. құрылған)
ТАЭ - Түркістан археологиялық экспедициясы (алғаш 1985 ж., кейіннен 1996 ж. қайта құрылған)
ТұрАЭ - Тұран археологиялық экспедициясы (2001 ж. құрылған)
Туркомстарис - Ортаазкомстарис - 1921 ж. Музей ісі, табиғат, өнер туындылары мен көне ескерткіштерді қорғау жөніндегі Түркістан комитеті, 1924 ж. дан Ортаазкомстарис болып өзгертілген
ҒЗЖИ - Ғылыми-зерттеу мен жобалау институты
І СЫР БОЙЫНДАҒЫ ҚАЛАЛАР ТАРИХЫ ЗЕРТТЕЛУІНІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ
1. 1 ХІХ ғ. 60-90-шы жылдары аралығында атқарылған зерттеулер
Оңтүстік Қазақстанның Сыр өңірін зерттеудің алғашқы кезеңі ХІХ ғ. екінші жартысында басталды. ХІХ ғ. 60-шы жылдары ортасына қарай Оңтүстік Қазақстанды Ресейге қосу аяқталды. Патша өкіметінің Сібір мен Сырдария шептерін қосу саясатын іске асыруының нәтижесінде - 1864 ж. Әулиеата, Созақ, Шолаққорған, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент және 1865 ж. Ташкент, Ұржар, Ходжент, Жызақ қалалары Ресей патшалығының қол астына өтті.
Оңтүстік Қазақстан өңірі Ресейге қосылғаннан бастап ғылыми ұйымдар тарапынан осы өңірде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге қызығушылық пайда болды. 1865-1866 жж. аралығында Түркістан қаласында болған Уфалық судья М. Бекчурин Ахмет Ясауи кесенесін суреттеп жазып, оның жанына жерленген тұлғалар туралы мынадай құнды деректер қалдырды: «На дворе мечети Азрета, на особом месте, есть отдельное небольшое круглое здание с куполом покрытое с изразцовой мозаикой (мавзолей Рабиа Султан-Бегум) . . . Кроме могилы Рабиа Султан-Бегум, находятся тут могилы некоторых киргизских султанов Средней и Малой орды, между прочим, известного Аблай хана и всех предков Абулхаира, которые властвожали в Туркестане, и царевича неизвестной страны Баба-Самуд-Юлбарс-Аты.
Над одними из этих могил воздвигнуты памятники, а на других просто положены мраморные камни различной формы и величины, на которых высечены прекрасным арабским шрифтом имена усопших, но года кончины их не обозначены» [1, с. 64-65] .
1866 ж. Сауран, Ясы (Түркістан), Қарнақ және Испиджаб қалаларының орнында географ А. К. Гейнс болып, Сауран мұнараларын суреттеп жазды. Сонымен қатар, ол Сауран қаласының орнына шағын қазба жұмыстарын жүргізді. Осы жылы Сауран мұнараларын М. К. Приоров суретке түсіріп, “Түркістан альбомына” жариялады [2] (Қосымша А) .
1866 ж. Сауран қалашығында белгілі орыс шығыстанушысы П. И. Пашино болып, өзінің «Туркестанский край в 1866 году. Путевые заметки» атты еңбегінде қала жайлы біраз деректер қалдырған. Ол қаланы қоршап тұрған қамалдың кесектен қаланғанына көңіл аударып, оның ішінде орналасқан екі мұнараны суреттеп жазған (Қосымша Ә. 1), сонымен қатар, ол өз еңбегінде Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесіне қысқаша сипаттама беріп өткен [3, с. 44] (Қосымша Ә. 2) .
1867 ж. П. И. Лерх Императорлық Археологиялық Комиссияның тапсырмасы бойынша Сырдарияның төменгі және орта ағысы бойында орналасқан ежелгі қалаларды зерттеу мақсатында Янгикент, Жент, Сауран, Түркістан, Сығанақ қалаларында және Міртөбе бекінісінде болды. Оренбург генерал-губернаторының адъютанты М. К. Приоровпен бірге Лерх археология саласы үшін маңызды жерлерде болып, 1867 ж. аяғында Орыс Императорлық Географиялық Қоғамының жалпы жиналысында өзінің Орта Азияға жасаған сапарының нәтижелері жайлы баяндама жасады [4, с. 57] .
П. И. Лерх Жанкент қаласы жайлы көптеген құнды деректер қалдырды. П. И. Лерхтың айтуынша, Янгикент немесе Жанкент жайлы ең алғаш деректер Шыңғысханның Хорезмшах хандығын жаулау тарихында келтірілген. 1740 ж. келіп қала қирандыға айналған еді. Бұл деректерді Лерх осы жылы Сырдың жағалауын зерттеу мақсатында мұнда жіберілген геодезистер Гладыщев пен Муравлиндердің есептерінен алады. Ол Жанкенттегі бір мешіт қирандысынан «хижра санауы бойынша 763 жыл» (1361-62 ж. ) деп жазылған құлпытасты тауып, қаланың XIV ғасырда болғандығын, ал табылған теңгелер қала тұрғындарының Алтын Ордамен сауда қарым-қатынасын жасағандығын дәлелдеді. Генерал Лерхтің байқауынша, қала төрт шаршы верст жерді алып жатқан, қала ортасында қорғанмен қоршалған цитадель орналасқан. Тұрғындар каналдар көмегімен келтірілген Сырдария өзені суын пайдаланған; ғимараттар күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Соңғысына байланысты Жанкент қаласына назар аударылған, себебі осы аймақтағы тұрғындар қала қирандылары орнынан кірпіштерді қазып алып, оны құрылыс материалдары өте қажет болған №1 Фортқа (Қазалыға) әкеліп, сатқан. Генерал Лерх қала қирандыларын зерттеп шығып, қаланың шабуыл нәтижесінде емес, бәлкім қаланы тұрғындардың тастап басқа жерлерге кетуіне байланысты және уақыт өте атмосфераның әсерінен бұзылған болса керек деген тұжырым жасайды. Лерхты Жанкенттен басқа 1219 ж. Шыңғысхан шабуылына ұшыраған басқа да қалалар тарихы қызықтырды [4, с. 58-59] .
Түркістан қаласына 50 верст жетпей тұрып П. И. Лерх Сауран қаласының қирандыларын зерттеп, мұнда сақталып қалған екі мұнара қалдығын анықтады. П. И. Лерх Сауран қаласындағы күйдірілген қыштан қаланған екі мұнараның біреуіне шағын көлемде қазба салып, мұнаралар медресенің кіреберісінде орналасқанын жазды. Ал Саураннан 6 верст жерде ол ежелгі бекініс Міртөбенің қирандыларын анықтады. Сонымен қатар, ол Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи мен Рабиға Сұлтан бегім кесенелерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың жанындағы қырғыз (қазақ - А. Б. ) сұлтандары мен Түркістан шейх ул-исламдарының құлпытастарындағы жазулардың көшірмесін түсірді, XIV-XVІ ғғ. жазба деректерден Сырдария бойындағы қалалар жайлы мәліметтер жинады.
П. И. Лерх ортағасырлық Ясы қаласының орнын қазіргі Түркістан қаласының орнында деген баламалауды ғылыми тұрғыдан негіздеді және жинақталған археологиялық материалдардың сипаттамасын берді [2] .
Ал, зерттеуші П. И. Рычков болса «Топография Оренбургской губернии» атты еңбегінде Оңтүстік Қазақстан өңірінде орналасқан Түркістан, Сауран және Отырар қалаларының қалыптасуы жайында мынадай аңызды келтіреді: « . . . сей город построен был от Жамшид-шаха иранского, который от начала персидской монархии был четвертый государь . . . был с войском своим в великой Татарии, за потребное приказал для пристанищу войску своему построит три города. Первый из них Туркестан, другой Утрар, третий Сауран . . . ». Түркістан қаласы жайлы аңызды оған аудармашы Оразалин айтып береді. Сонымен қатар, ол Түркістан қаласының орнында алғашқы уақытта Ясы қаласы болған деп, Сауран қаласы туралы сипаттамасында Сауран XVIII ғ. ортасында Түркістан маңайындағы кішігірім елді мекен деп баяндады [1, с. 64] .
1868-1872 жж. аралығында Түркістан өңірінде болған О. А. Федченко осы өңірде орналасқан археологиялық, этнографиялық ескерткіштерге қызығушылық білдіріп, іс-сапар барысында сәулет өнері ескерткіштеріне ерекше көңіл бөлді [2] .
1867-1870 жж. аралығында Оңтүстік Қазақстан өңірінде белгілі суретші В. В. Верещагин болып, Түркістандағы Ахмет Ясауи мешітінің суреттерін салды. Сонымен қатар, ол Жанкент қаласында П. И. Лерх бастаған археологиялық қазба жұмысын жалғастырып, қазба барысында ыдыс сынықтарын, терракоталық бұйымдар мен рельефтік (бедерлік) жазу сынығын тапты. Қаланың жойылуы жайлы жергілікті тұрғындардан естіген аңыздарын жазды [4, с. 56] . В. В. Верещагиннің осы өңірден жинақтаған археологиялық жәдігерлері 1869 ж. Петербург қаласында ашылған арнайы көрмеге қойылды.
1868-1881 жж. аралығында Түркістан өңірінің тарихи-мәдени және этнографиялық мұрасын зерттеуші ориенталист А. Л. Кунның атқарған жұмыстары ауқымды болды. Оның мұнда келуінің бастапқы мақсаты Түркістан өңірінен Ресейдің ғылыми ұйымдарына материалдар мен коллекциялар жинақтап жіберу болды. 1871 ж. оның Петербург қаласына 15 жәшіктен тұратын археологиялық жәдігерлер жібергені де белгілі.
А. Л. Кун Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия өңірлерінің археологиялық, этнографиялық, тарихи және сәулет өнері ескертіштері жайлы 1200-ге жуық құнды фотодеректерді жинақтап, баспаға дайындады. 1871-1872 жж. аралығында осы деректер 10 альбом жинағына топтастырылып, “Түркістан альбомы” атауымен баспадан шықты. Бұл еңбекте Оңтүстік Қазақстан өңірінде орналасқан ортағасырлық Сауран, кейінгі ортағасырлық Түркістан, Иқан, Шымкент, Сайрам қалаларының көріністері мен Ахмет Ясауи, Рабия Сұлтан бегім, Қорқыт Ата кесенелерінің және Мырза Рабад құрылысының көріністері берілген [2] .
1883 ж. Петербург университетінің профессоры Н. И. Веселовский Археология қоғамының тапсырмасымен Түркістан өңіріне ғылыми іс-сапармен келіп, Сырдария облысында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол Отырар қаласында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізген ғалым болды [5, б. 137] . «Қазалыдан Ташкентке барар жолдағы көне қалалар қалдықтарының сипаттамасы» деп аталған қолжазбасында белгілі шығыстанушы Н. И. Веселовский Сырдария бойындағы көптеген ескерткіштер, нақтырақ айтсақ, Қазалы қаласындағы Жанқала - көне қалашық қалдықтарынан бастап Сайрамның археология мен сәулет өнері жәдігерлеріне дейін сипаттады. Қолжазбаның 57-ші бетінен бастап Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесі мен оның айналасындағы ескерткіштер суреттелді. Түркістаннан кейін Н. И. Веселовский Отырар құландыларына келіп тоқтайды [5, б. 137-138] . 1882 ж. Н. И. Веселовский Түркістан өңірінің көне қалалары туралы деректер жинау бағдарламасының жобасын дайындап көпшілікке ұсынды [2] .
Оңтүстік Қазақстан өңірінің ескерткіштерін зерттеуде В. В. Бартольдтің еңбегі ерекше. Негізінен Шу мен Талас өңірінде зерттеу жүргізген Бартольд “Отчет о командировке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894 гг. ” атты еңбегінде Сыр бойындағы кейбір ортағасырлық қалашықтар мен бекіністер туралы сипаттама берді. Өз экспедициясының басында В. В. Бартольд Сайрам қаласында болып, қазіргі таңда Сайрам қаласында сақталған ежелгі құрылыстардың жоқ екенін, алайда моңғол билігі дәуірінде бұл қаланың үлкен бір қала болғандығын айтады. Ол А. И. Добрамысловпен бірге Яссы-Түркістан-Шауғар қалаларының бір қала екендіктері жайлы жорамал жасайды [6] .
1893 ж. қазіргі Ордабасы ауданындағы Мамаевка ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан Қарауылтөбе обасынан ішінде теңге мен әшекейлері бар құты және осы ауылдан 3 шақырым қашықтықта орналасқан Жуантөбеден керамикадан жасалған үш аяқты дөңгелек үстел мен екі қол диірмен табылғанын естіген Н. П. Остроумов Шымкент уезіне келді. Ол Қарауылтөбе, Жуантөбе төбелерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Альванд-кент төбесінде қазба жұмысын жүргізді [7] .
1893 ж. А. И. Симонов Жосалыдан (Қармақшы бекінісі, форт№2) 100 верст қашықтықта орналасқан Шоқтөбені зерттеп, тасқа айналған жануарлар сүйектерін тауып, А. И. Симонов бұл төбе тас ғасырының ескерткіші болуы мүмкін деген жорамал айтты [2] .
Қорыта келгенде, Оңтүстік Қазақстан өңірінде 1865-1895 жж. аралығында жүргізілген зерттеулер негізінде көне ескерткіштер жайлы алғашқы ғылыми деректер жинақталып, зерттеулер жүргізілді. Осы аралықта зерттеулер негізінен Ресейдің орталығында орналасқан (Петербург, Мәскеу) ғылыми ұйымдар тарапынан атқарылса, 1895 ж. бастап Ташкент қаласында құрылған Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі осы өңірдің тарихи ескерткіштерін зерттеуге белсене кірісті. Дегенмен, ХІХ ғ. екінші жартысында жүргізілген зерттеулер ескерткіштерді сипаттап жазу, суретке түсіру, орналасқан жерін анықтаумен ғана шектеліп, қазба жұмыстары да төменгі деңгейде болғандығын атап өтеміз.
1. 2 Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің зерттеулері
Сырдария бойындағы ортағасырлық қалаларды зерттеуде 1895 ж. Ташкент қаласында құрылған Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің (АӘТҮ) орыны ерекше болды.
ХІХ ғ. 80-ші жылдары Ташкент қаласында жергілікті шенеуниктер, мұғалімдер және т. б. арасынан Түркістан өлкесінің тарихи-мәдени мұрасын зерттейтін топ құрылды. Солардың қатарында, Императорлық Археологиялық комиссиясымен, Мәскеу Археологиялық қоғамымен тығыз байланыста болған Ташкент ерлер гимназиясының директоры Н. П. Остроумов та бар еді.
1886 ж. дейін Түркістан өңірінде жүйелі түрде археологиялық зерттеулер жүргізілмегендігін, орталықтағы археология ұйымдармен тұрақты байланыс болмағандығын, сонымен қатар, жергілікті жерде осы мәселелермен айналысатын мекеме не жеке азаматтар болмағандығын ескеріп, Императорлық Археологиялық комиссия Н. П. Остроумовқа аталған жұмыстармен айналысуды өтінді [9] .
1893 ж. 11 желтоқсанында Императорлық жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойлары қоғамының Түркістан бөлімі отырысында Н. П. Остроумов пен сол кезде Түркістанда болған В. В. Бартольдтар Түркістан өңірінің археологиясы жайлы баяндама жасады. Бұл отырысқа бөлім президенті, барон А. Б. Вревский де қатысты [28, с. 43; 8, с. 1] . Өз баяндамасында Н. П. Остроумов: «В нашем крае находится необъятное количество археологических памятников в виде курганов . . . городищ и развалин городов . . . », - деген сөздерді айтты [8, с. 1-2] . Сондай-ақ, ол сол уақытқа дейін өлкеде археологиялық қазбалар аз жүргізілгенін айта келе осы қазбалардың нәтижелерімен отырыстағыларды таныстырды. Баяндамасын қорытындылай келе Н. П. Остроумов өлкедегі көнелік қалдықтарын қорғау бойынша жұмыстар атқарудың қажеттілігі жайлы пікір айтты.
Осыдан кейін В. В. Бартольд баяндама жасап, онда отырыс қатысушыларын өзінің 1893 ж. жүргізген зерттеулерімен таныстыра келе, өз тарапынан жергілікті қайраткерлердің археология саласындағы жұмыстарының маңыздылығын атап өтті және жергілікті археологияға қызығушылар тарапынан Трансоксиананың мәдени және отырықшы ескерткіштерін зерттеудің бір бөлігі жүзеге асырылатынына ниет білдірді [4, с. 57; 8, с. 1-2] .
Н. П. Остраумов пен В. В. Бартольдтің баяндамалары жан-жақты талқыланып, отырысқа қатысушылар мынандай шешімге келді: «по поводу обоих этих сообщений произошел оживленный обмен мнениями, причем . . . было решено сформировать в Ташкенте археологический кружок. Немедленно после этого было приступлено к составлению проекта и затем проект был представлен на утверждение» [4, с. 57; 8, с. 1-2; 28, с. 44] .
Аз уақыт ішінде үйірме жобасы мен Жарғысы даярланып, 1895 жылдың 31 қазанында үйірме Жарғысын Халыққа білім беру министрі бекітті. 1895 ж. 11 желтоқсанында құрылтайшы мүшелердің жалпы жиналысында Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің ашылуы болып өтті [4, с. 57; 8, с. 1-2; 28, с. 44; 9] .
Үйірменің негізгі мақсаты «Түркістан өлкесіндегі көне ескерткіштерді зерттеу, сипаттау және қорғау» болып белгіленді. Үйірменің құрметті төрағасы болып барон А. Б. Вревский, вице-төрағасы болып Н. П. Остроумов сайланды. Үйірме мүшелері қатарында В. В. Бартольд, Е. Т. Смирнов, Н. С. Лыкошин, И. Т. Пославский, В. А. Каллаур, Н. Маллицкий, М. С. Андреев, М. А. Терентьев, С. М. Граменицкий, А. А. Диваев, И. В. Аничков және т. б. болды.
Үйірме өз жұмысын 1895-1916 жж. аралығында жүргізді. Осы жылдары үйірме мәжілістері болып, «Археология әуесқойлары Түркістан үйірмесі мүшелерінің отырыстары мен баяндамаларының хаттамалары» деген атпен 21 рет жинақ болып жарияланды [9, б. 273] .
Үйірме отырыстары генерал-губернатор резиденциясында, Түркістан мұғалімдер семинариясы мен Қалалық Дума ғимараттарында өтіп отырған. Зерттеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы негізінен меценаттық түсімдер мен мүшелерінің жарналарынан құралған. Сонымен қатар, Петроград қаласындағы Орта және Шығыс Азияны зерттеу Комитеті жұмыстарға қаржы бөліп отырды. Үйірме мүшелерінің саны 1896 ж. соңында 100-ге жетті [9, б. 274; 28, с. 50] .
Үйірменің 1896 ж. 17 ақпанында өткен отырысында үйірме мүшесі Е. Т. Смирновтың Сырдария өзенінің төменгі және орта ағысында орналасқан ескерткіштер жайлы жасаған «Древности на среднем и нижнем течении р. Сыр-Дарьи» деп аталған баяндамасында, ол Сыр өзенінің орта және төменгі ағыстарындағы ескерткіштер, оның ішінде негізінен қалалар жайлы мәліметтер келтірген [29, с. 10; 10, с. 1] .
Сырдарияның төменгі және орта ағысында орналасқан көне ескерткіштерді зерттеу мақсатымен осы өңірге аяқ тіреген ол өз мақаласын: «Цель моего сообщения заключается в том, чтобы обратить внимание членов Археологического Кружка на одну из малоизвестных в историческом и археологическом отношениях местностей Средней Азии, именно на долину р. Сыр-Дарьи от широты Ташкента до ее устья» - сөздерімен бастады және өз мақаласында Сырдария өзенінің ежелгі және орта ғасыр кезеңдерінде қалай аталғанына кеңінен тоқталды. Геродот бұл өзенді «Аракс» деп атағанын және Массагеттердің батыс шекарасы болғанын, Александр Македонскийдің Орталық Азияға жасаған жорығын баяндаған грек тарихшылары оны «Яксарт» деп атағанын, X-XIII ғғ. араб географтары оны «Шаш» немесе «Джейхун» деп атағанын келтіріп, бұл өзенге Сырдария деген атауды солтүстік шығыстан келген түркі тайпалары бергенін жазды. Сонымен қатар, Е. Т. Смирнов осы өңірдің қысқаша тарихына тоқталып, Сыр бойында орналасқан көне қалалар туралы нақты жазба деректер болмағандықтан тек археологиялық деректерге сүйенуге мәжбүр болғанын алға тарты.
Е. Т. Смирнов Сырдария бойында орналасқан археологиялық ескерткіштер жайлы өз пікірін дәйектеу үшін, осы өңірде болып өткен белгілі тарихи оқиғамен байланыстыруды жөн көрді. Осы мақсатпен ол Шыңғысханның Орта Азияға жасаған жорығы жайлы мәліметтерді келтіре отырып, жаулап алынған аймақтарда орналасқан ортағасырлық қалаларды атап өтті. Олардың қатарында Отырар, Бинакен, Ходжент, Нұрата, Сығанақ, Жент және т. б. қалалар бар [10, с. 1-14; 30, б. 65-69] .
Үйірме жұмысының үшінші жылының (1897 ж. 11 желтоқсан - 1898 ж. 11 желтоқсан) қорытындысы бойынша шығарылған хаттамалар жинағында Сыр өзеніне қатысты бірнеше есептер жарияланылған. № 2 хаттамада И. Аничковтың «О некоторых местностях Казалинского уезда, интересных в археологическом отношении», П. Спиридоновтың «Поездка на развалины Джанкента», «Статьи о Джанкенте» атты мақалалары және оған қосымша ретінде Е. Александровтың 1886 ж. «Түркістан Ведомстволарының» № 45-46 сандарында жариялаған «Легенда о Джанкенте» мақаласы (И. И. Гейер дайындаған) жарық көрген [11] . Одан басқа, осы жылы И. Т. Пославский Отырар қаласында болып, бұл жерде жүргізген зерттеулері жайлы «Развалины города Отрара» атты есеп берді [31] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz