Педагогты бала тәрбиесіндегі отбасы мәселелерімен таныстыру


М. Б. Жаздықбаева М. А. Мавленова
ОТБАСЫ МЕН БАЛАБАҚШАДАҒЫ ТӘРБИЕ ҮДЕРІСІ САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ
Оқу-әдістемелік құрал
Түркістан 2016
ӘӨЖ 37. 018. 11
ББК 74. 00. 72
Ж66
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университеті, Гуманитарлық ғылымдар факультетінің «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы базасында әзірленді
Дайындағандар:
М. Б. Жаздықбаева , Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университетінің п. ғ. к., доценті
М. А. Мавленова , Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университетінің магистранты
Пікір жазғандар:
Жиенбаева С. п. ғ. д., профессор Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Кайбулдаева Г. п. ғ. к., доцент Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университеті
JSBN 968-1-01-263-305-0
Оқу-әдiстемелiк құрал отбасы жағдайында ата-аналарға, балабақшада ата-аналармен жұмыс жүргiзетiн тәрбиешілерге арналған. Бала тәрбиесiне қатысты көптеген педагог, психолог ғалымдардың еңбектерiне сүйене отырып, қазақ отбасыларының осы күнгi мәселелерiн қарастыру қолға алынған. Оқу-әдiстемелiк құралда баламен жұмыс үшiн әдiс-тәсiлдер берiлген.
ӘӨЖ37. 018. 11
ББК 74. 007. 72
Ж66
JSBN 968-1-01-263-305-0
«Тұран» баспаханасы
Түркістан 2016
ЖАЗБА ХАТ
Білім беру жүйесін дамыту Қазақстан Республикасының басымдық бағыттарының бірі болып табылады. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында білім беру жүйесінде басымдықтарды анықтады және біздер - педагогтар алдына күрделі мақсат - әлемдік деңгейдегі білім орталығы болуды қойды.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңарту, ондағы гуманизациялау және демократияландыру үрдістері мектепке дейінгі ұйымның отбасымен қарым-қатынасын белсендіру қажеттілігіне әкелді.
Отбасы - балаға «эмоционалдық тылда» психологиялық қорғау беретін бірден-бір алғашқы социум. Отбасының маңызы мектепке дейінгі жастағы балалар үшін ерекше. Әрбір бала өз ата-анасынан, әжесі мен атасынан, бауырларынан ерекше сүйіспеншілік күтеді: яғни оны үлгілі тәртібі мен қылығы үшін емес, қандай болса солай сүйгенін қалайды.
Бала үшін отбасы - бұл қоғамдық тәжірибенің көзі. Отбасында ол өзі еліктейтін үлгілер табады, мұнда ол әлеуметтік толады. Егер біз адамгершілігі зор, дені сау ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, онда бұл мәселені «бүкіл әлеммен»: балабақша, отбасы, қоғам болып шешуіміз қажет.
Мектепке дейінгі ұйымдар жүйесін дамытудағы басты басымдықтардың бірі - 3-6 жастағы балаларды ұйымдастырылған тәрбилеу мен оқытумен қамту үшін жағдайлар жасау, балаларды оқу әрекетіне сапалы дайындау болып табылады.
Осы жерден мектепке дейінгі жастағы мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету, сонымен бірге мектепте оқуға және ата-аналардың өскелең сұранымын іске асыру қажеттігі шығады.
Толыққанды тәрбиелеу үдерісін ұйымдастыру стандарт пен талаптар нормаларына жауап беретін ғимараттарда жүргізілуі керек. Бұл әдістемелік нұсқаулықтың мазмұны отбасы мен балабақшадағы тәрбие үдерісі сабақтастығын қалыптастыру бойынша нақты талаптарға сәйкес бағытталған.
Оқу-әдiстемелiк құралдың мақсаты: Балаларды тәрбиелеу мен оқытуда мектепке дейінгі ұйым мен отбасы арасында тиімді сабақтастықты құру болып табылады.
Міндеттері:
- Тәрбиешілерге мектепке дейінгі ұйымның ата-аналармен жұмысының заманауи моделдерін ұсыну;
- Ата-аналармен жұмыстың тиімді формаларымен, педагогикалық тұрғыда балалармен қарым-қатынастың жаңа құралдарымен таныстыру;
- Балаларына білім беруде ата-аналардың қажеттілігін зерттеу;
- Педагогикалық үрдіске ата-аналардың қызығушылықтарын арттыру.
Күтілетін нәтиже:
- Ата-ана белсенділігі, қызығушылығы байқалады;
- Өздеріне деген жауапкершілікті сезінеді, ынталанатын болады;
- Балабақша ұжымына деген сенімдік, құрметтеу белгілері жоғарылайды;
- Ата-аналардың педагогикалық білім деңгейі көтеріледі;
- Мектепке дейінгі ұйымның отбасымен жұмысының позициясы өзгереді;
- Балаларының алдында ата-ананың, ата-аналар алдында педагогтар беделі көтеріледі.
.
Отбасы - әлеуметтік институт
Кемеңгерге де кеңес керек.
Халық даналығы
Отбасы - адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзi, некеге немесе қандас туысқандыққа негiзделген қоғамдық шағын топ. Қоғаммен, бүкiл қоғамдық қатынастардың жүйесiмен тығыз байланыста болғанымен, отбасы - қоғамдық өмiрмен салыстыра қарағанда адамдардың биологиялық жағынан ең жақын, өз алдына дербес те сырлас тобы. Отбасы өмiрi материалдық және рухани үрдiстермен сипатталады.
Отбасы - өмiрге адам әкелу, оның қажеттiлiгiн өтеу, өмiрге жан-жақты даярлау, яғни әлеуметтендiру, сол сияқты тәрбиенiң барлық түрiне бағыт берумен айналысатын әлеуметтiк институт.
Отбасы - адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Себебi: адам баласы шыр етiп дүниеге келген күннен бастап, сол ортаның ыстық-суығына бейiмделiп, ықпалына көнiп, осында ер жетедi. Кәмелеттiк жасқа толғаннан кейiн де өзi отбасын құрып бөлек шықпайынша, туған ата-анасының қол астында, қамқорлығында болмақ. Демек, отбасы - негiзгi қамқорлық мектебi.
Отбасын “дербес мектеп, әлеуметтiк институт” деп қарастыратын болсақ, әке-шеше - сол орданың ұстаздары, ал, ата-әже - профессорлар iспеттес. Белгiлi оқу орнында оқып диплом алған педагог-мамандардың да ұрпақ тәрбиесi үшiн үнемi iзденiс үстiнде болатындығы, әдiстемелiк көмек күтетiндiгi қажеттiлiк болса, ата-ананың да баласының алдында мiндеттерiн түсiнуi, оның болашағы үшiн өз бiлiмiн көтеруi, арнайы мамандардың кеңестерiне құлақ түруi де қажеттiлiк және уақыт талабы деп түсiнемiз.
Қалай десек те денсаулығы дұрыс, өмiрде бар ата-ананың өз ұрпағы алдындағы мiндеттерi мен құқықтарын ешкiм бөлiп атқармақ емес. Отбасындағы ата-анаға өздерi өмiрге әкелген баласы үшiн қаншалықты жауапкершiлiк жүктелетiндiгi елiмiзде заң жүзiнде қарастырылған.
Балаға отбасы мүшелерінің сөзі, мінез-құлқы ғана емес, ондағы қоршаған заттар да әсер етеді. Үйде кітап көп болса, отбасы иелерінің ұстағаны қағаз, қалам, оқығаны кітап болса, баланың да көзі ашылып, көргенінің қаншалықты әсерлі болатыны айтылып келеді. Баланың естігені оқу-ғылым жайлы болса, әке-шешесінің сөзі де сол болса ондай баланың болашақта таңдап алар жолы да соған сәйкес болмақ, әрине егер ата-анасы соған оны тарта білсе. Зиялы отбасылар да әр түрлі, олардың тәрбиеге көзқарастары да түрліше болары анық.
Отбасы қарым-қатынасының тәрбиелік ықпалын арттыратын тиімді құралдың бірі, оның мүшелерінің мағлұмат алмасуы. Бұл отбасы мүшелерінің көрген-білгені, басынан өткізгенін басқалармен бөлісуі. Сол арқылы олардың арасында қарым-қатынас орнайды, өйткені, мағлұмат алмасу барысында бірін-бірі тыңдайды, бірінің айтқанына екіншісі сұрақ қояды. Осыдан туындаған қанағаттану, қуаныш, таңдану сезімдері жағымды әсер қалдыруымен құнды.
Отбасының тәрбиелік ықпалын арттырудың тағы бір жолы - бірлесіп еңбектену. Мұнда бала еңбек қимыл-әрекеттеріне дағдыланумен бірге отбасына тигізген септігі, қосқан үлесінен туындайтын өзіне, отбасының басқа мүшелеріне болған ризашылық сезімінің, еңбекте орнайтын жағымды мәміленің маңыздылығын баса көрсетеміз. Сонымен бірге, еңбектің өсіп келе жатқан жас балғын дененің шыңдалып өнуіне, ой-санасының дамып қалыптасуына тигізетін ықпалын үнемі ескерген жөн. Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-бабында “Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың табиғи құқығы әрi парызы, кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi”, - деп көрсетiлген.
Елiмiздiң қайта толықтырылып 2002 жылдың 1 шiлдесiнде берiлген “Неке және отбасы туралы” Заңында “Отбасы - некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиiстi адамдар тобы”, - деп анықтама берiледi. Сондай-ақ, 9-тарауда “Бала құқықтары” 8-бап төңiрегiнде заңдармен қамтамасыз етiлген. Ал, 10-тарауда “Ата-аналардың құқықтары мен мiндеттерi” де 7- бап бойынша жүйеленiп, өзi өмiрге әкелген баласының алдындағы мiндеттерi мен құқықтары заңда белгiленген. Онда ата-аналардың өз балаларына қатысты құқықтары мен мiндеттерiнiң тең екендiгi, балалары 18 жасқа, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалар некеге тұрғанда барып тоқтатылатындығы айтылады. 62-бапта ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және оларға бiлiм беру жөнiндегi мiндетi көрсетiлген. Бала тәрбиелеушi ата-аналар өздерiнiң қабiлеттерi мен қаржылық мүмкiндiктерiнiң шегiнде, оның дене, психикалық, адамгершiлiк және рухани жағынан дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшiн негiзгi жауапкершiлiкте болатындығы айтылған. Ата-аналардың басқа адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге, олардың денсаулығына қамқорлық жасауға басым құқығы бар екендiгiн атап көрсеткен.
Қазақстан Республикасының “Бiлiм туралы” Заңында да ата-аналардың өз балаларына, қамқорлыққа алынған балаларға қамқор заңды өкiлдер-қамқоршылардың алдындағы тәрбиелеу мен бiлiм беру жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi айтылады. Ата-аналар және өзге де заңды өкiлдер:
1. Балаларға өмiр сүруi мен оқуы үшiн салауатты және қауiпсiз жағдайлар жасауға, олардың интеллектуалдық және дене күшiн дамытуын, адамгершiлiк жағынан қалыптасуын қамтамасыз етуге;
2. Бес (алты) жасында балалардың мектепке барар алдындағы дайындығын қамтамасыз етуге, ал алты (жетi) жастан бастап жалпы бiлiм беретiн мектепке беруге;
3. Бiлiм беру ұйымдарымен ынтымақтастық жасауға; балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге мiндеттi (38-бап. )
Сол сияқты Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1959 жылдың 20 қарашасында 1386 (ХIҮ) қарарымен қабылданған “Бала құқықтары Декларациясында”, 1989 жылдың 20 қарашасында қабылданып, 1990 жылдың 2 қыркүйегiнде күшiне енген “Бала құқықтары туралы Конвенцияда” бала өмiрi мен денсаулығы, бiлiм алуы мен тәрбиесi жан-жақты қаралған.
Отбасында ата-ана арқылы берiлетiн тәрбиенiң басты мақсаты - баланың жасын, жеке ерекшелiгiн, психикалық процестерiн ескере отырып, өз тегiн жалғастыратын лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Бұл мәреге жету үшiн отбасындағы тәрбие мынадай мiндеттердi шешуi керек:
- Баланың тағдырына, физиологиялық өсiп-жетiлуiне, денсаулығына жағдай және қамқорлық жасау;
- Бала тәрбиесіндегі барлық ұстанымдар мен тәрбие әдістерін, талап-тілектерді балаға деген махаббатты сезіндіруге лайықтап, реттеу;
- Балаларының өзіндік бағасымен санаса отырып, қоғамның толыққанды мүшесi болуға даярлау;
- Еңбексүйгiштiкке баулу, баланы күнделiктi үй шаруашылығындағы еңбекке дағдыландыру;
- Отбасы мүшелерiнiң өзара дұрыс қарым-қатынасын, тiл тауып түсiнiсуiн, бiрiн-бiрi тыңдап, ата-ананы, жасы үлкендердi сыйлап, құрмет тұтуға үйрету;
- Өзiн-өзi тәрбиелеуге, дербестiкке, шығармашылыққа баулу;
- Отбасында баланың әлеуметтiк рөлiн бiлуге мiндеттеу;
- Баланы өз тегiн жалғастыратын сабақтастыққа, болашақ жұбайлық өмiрге тәрбиелеу.
Осы аталған мiндеттердi қазақ отбасында қалай жүзеге асырудың жүйесін жасауда бірізділік болмағанымен, ғалымдарымыз өздерінің зерттеу нысанасы тұрғысында қарастырып келеді. Әрине, қазақ отбасындағы өзіндік ұлттық тәрбиесінің ерекшелігі, ұстанатын қағидалары, сүйенетін тағылымдары бар.
Халқымыздың этнопедагогикасының әдіснамалық негізін салушы педагогика ғылымдарының докторы, профессор К. Ж. Қожахметованың “Мектептiң ұлттық тәрбие жүйесi” атты оқу құралында көрсетiлген ережелермен келiсе отырып, төмендегiше толықтырылған отбасы ережесi:
- Балаға жақсы ат қою;
- Баланың тiлiн-ойын дамыту;
- Денсаулықты сақтауға көңiл бөлу;
- Отбасында балаға қатысты мерекелердi қалдырмай тойлау;
- Отбасылық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу;
- Баланың жынысына қарай тәрбие беру;
- Бiлiм алуына мүмкiндiк жасау;
- Жауапкершілік қалыптастыру;
- Дүниетанымын қалыптастыруға үйрету;
- Қабiлетiн шыңдап, дарындылығын дамыту;
- Баламен оңаша қалуды естен шығармау;
- Келеңсiздiктi балаларға естiртпеу;
- Басқаларды үлгi ету;
- Туысқандық сыйластықты ұғындыру:
- Көршiмен тату болуға үйрету;
- Баланың киiмiне мән беру;
- Айтқанды тыңдауға, бағыну заңына үйрету;
- Үй шаруасының барлық түрiне баулу;
- Қонақ күту, қонаққа бару;
- Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдi отбасында қалыптастыру;
- Мамандық алуына көмектесу;
- Жұбайлық өмiрге даярлау;
- Отбасында әлеуметтiк рөл белгiлеу;
- Қоғамда белсендi өмiр сүруiн үйрету;
- Ұлттық ұғымдарға сүйiспеншiлiктi үйрету.
Аталған ережелердiң мазмұнына үңiлер болсақ, әр қағида тәлiмдiк мән-мағынаға ие, педагогикалық талаптарға жауап бере алады. Ата-аналар тарапынан толықтырулар енуi де мүмкiн. Әр отбасының өзiндiк ұстанған ұстанымдары мен қағидалары болары сөзсiз. Бiздiң мақсат: педагогикалық бағыт-бағдар беру, әдiстемелiк тұрғыдағы жәрдемнiң ыңғайына жол көрсету.
Балаға жақсы ат қою. Балаға iзгi оймен, таза ниетпен жақсы есiм
берген дұрыс. Бала өскенде өз атынан ұялмайтындай болуы шарт. Кiсiнiң есiмiнiң тағдырына да ықпалы бар деген пiкiрлер бар. Мазмұнды да мағыналы есiм оның ата-анасына да сыйластық туғызады.
Баланың тiлiн-ойын дамыту. Ғалымдар бала iште жатқаннан бастап
онымен сөйлесу керектiгiн, анасы арқылы ой-өрiсiн дамытудың алғашқы сабақтары берiлу керектiгiн айтады. Бесiктегi жас сәбидi бесiк жыры әуенiмен тербетiп, ата-ана махаббаты халықтық саз арқылы бала бойына сiңгенi жөн. Тiлi шыққаннан бастап, таза, дұрыс сөйлетуге талаптандыру керек. Баланың бұзып сөйлегенiн жөндеп, жаман сөзiн тыйып отырған дұрыс. Тiлiн, өй-өрiсiн жетiлдiру үшiн санамақ, жаңылтпаш, жұмбақтар айтқызып, тақпақтар жаттату, ертегi, әңгiмелер айтып беру қажет.
Денсаулықты сақтауға көңiл бөлу. Денсаулықтың қадiрiне жете
түсiнудi әке мен шеше баланың жас кезiнен баулу керек. Үстi басын таза ұстау, үй тазалығы, баланың барлық медициналық алдын ала ектiру кезiн сақтай отырып, жыл мезгiлдерiне сай киiну, уақтылы дұрыс тамақтану, тән-тұрпатының жас ерекшелiгiне сай өзгерiстерден өтуiне бақылау жасайды. Балаларға тән аурулар мен жұқпалы аурулар кезiнде мәлiметтер берiп, сақтану мен емдеудi жолға қою керек.
Отбасында балаға қатысты мерекелердi қалдырмай тойлау. Үйде балаға қатысты мерекелер тойланғаны жөн. Сол арқылы бала өзiне деген махаббатты сезiнiп өседi. Бесiкке салу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, құлақ тестiру, тiлашар секiлдi тойлар тойланып, балаға сыйлықтар ұсыну, бата беру рәсiмдерi өткенi дұрыс. Өз туған күнiнде бала ерекше ықыласқа ие болып, жақсы тiлектер естiгенi жақсы.
Отбасылық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу. Әрбiр отбасында әулеттен келе жатқан қалыптасқан дәстүр, өз заңдары бар. Ата-бабадан мирас болған мұралар, көненiң көзi - тұрмыс заттары жанұя құндылығы екенi даусыз. Ата мен әженiң өсиетi де құндылық көзiн байыта түседi. Отбасында ата мен әженi дәрiптеу, құрметтеп-сыйлау, әке-шешенiң ақылын тыңдау, сондай-ақ, ана тiлiн құндылық деңгейге көтеру де баланың құндылық ұғымдарға танымын кеңейтедi.
Баланың жынысына қарай тәрбие беру. Отбасында қыз бала тәрбиесi - ананың, ер баланың тәрбиесi - әкенiң мойнында болмақ. Әрине, анасына жақын ұлдар, әкесiне тән қыздар да бар. Әйтсе де, еркелету бiр басқа да жанына үңiлiп, физиологиялық дамуы барысында ақыл-кеңес берудiң орны бiр басқа. Ер баланы сүндеттеуден бастап, жақсы жар табуына дейiнгi ата-ана тарапынан берiлер тәрбие, қыз балаға шашын жинап, сырға тағып бойжеткен атануына, дұрыс күйеу таңдауына бағыт беру - өте жауапты мiндет.
Бiлiм алуына мүмкiндiк жасау. Баланың бiлiм алуы - ата-ананың басты парызы. Сондықтан оны балабақша тәрбиесiне берiп, мектепте бiлiм алуын ойластыруы қажет. Ата-ананың баланы өзi қалаған мектепте оқытуға құқығы бар. Баласының қабiлетi мен қызығушылығына сай, спорт немесе саз, көркемсурет мектептерiнде қосымша бiлiм әперiп, мектептегi немесе басқа жерлердегi түрлi үйiрмелерге қатыстырғаны жақсы. Баланың бiлiм алуына керектi құрал-жабдықтарының түгел болуын ата-ана қадағалап отырады.
Жауапкершілік қалыптастыру. Балалардың жауапкерші-лігін қалыптастыру отбасындағы қарапайым тұрмыстық жұмыстарды меңгеруімен қатар, оның нәтижесіне де мән беру. Кез келген іс-әрекет пен сөйлеген сөзінің де басқалар алдында санасардай есебі бар екендігін ұғындыру. Балалардың отбасында тындырған істерін мадақтап, ескертіп, көзқарас білдіріп отырған жөн. Уақтылы өз ісінің бағасын алып көрмеген бала жеке жауапкершілік алуға қорқақтайды. Ерте сынауға түсу, өте жоғары талап қою немесе сенімсіздік таныту жауапкершілікті қалыптастырмайды, керісінше жауапкершіліктен қашуға әкеп соғады.
Дүниетанымын қалыптастыруға үйрету. Баланың мектепте алған бiлiмiн үйде бекiтiп отыру өте маңызды. Сондықтан бала бiлiмiнiң өмiрмен байланыстылығын, қоршаған ортаға, өмiрге көзқарасын дұрыс бағыттап, нақтылап отырған жөн. Жақсы мен жаман, адал мен харам тұрғысында көзқарас қалыптастыруға баули бiлу басты парыз. Өзiнiң адам ретiндегi рөлiн сезiнуден бастап, отбасындағы, ортадағы, қоғамдағы орнын бiлуге үйрету - өзiн тануға, адамзатқа тән қасиеттердi бағалату арқылы дүниенi тануға баулыған дұрыс.
Қабiлеттi шыңдап, дарындылығын дамыту. Баланың қабiлетсiзi болмайды, оны дамыту керек. Ол үшiн ұрпағының генетикалық мүмкiндiктерiнен бастап, елiктеушiлiк қасиеттерiне де аса аңғарымпаздық керек. Бала қабiлетi дөп басып анықталып, шыңдалса - бұл баланың бiр бақыты. Ата-ана өз баласының мүмкiндiктерiн ашу үшiн үйiрмелер мен мектептерге қатыстырумен шектелмей өз отбасында баласының жетiстiктерiн дәрiптеп отыруы керек. Үйде көрмелер ұйымдастырып, келген қонақтарға өнер көрсету де ынталандырудың қарапайым жолы. Ерекше қабiлеттi, дарынды баланы дамытуды тек отбасы ғана емес, қоғам болып қолға алу қажет.
Баламен оңаша қалуды естен шығармау. Баланың ата-ана мейiрiмiн, махаббатын оңашада сезiнгенi жақсы. Ата-ананың баламен оңашада сырласуы, ой бөлiсуi, ақылдасуы жақсы нәтижелер бередi. Баланың мiнiн жұрт көзiнше айтып, келеке ету немесе ұят iстерiне бала көзiнше көпшiлiктен көмек сұрау баланы жасық, ынжық етедi. Кей бала ата-ананың бұл мiнезiн кешiре алмай, ата-анасынан гөрi, басқа ортадан өзiне орын iздейдi. Балаға ата-анасынан асқан жанашыр жоқ екенiн, iспен дәлелдеген дұрыс.
Келеңсiздiктi балаларға естiртпеу. Отбасында ерлi-зайыптылар немесе келген қонақтар арасында түсiнiспестiктер туып, арты келеңсiз жағдайға ұласар болса, балалар көзiнен тыс болғаны жақсы. Балалардың жаны жараланатын, әке-шешесi немесе аға-апасының беделi түсердей мәселеде жанұядағы өзге балаларды қатыстырмаған дұрыс. Қарғыс, боқтық, былапыт сөздердi ата-анасының аузынан естiмеу - баланы марқайтады.
Басқаларды үлгi ету. Балаға басқаларды үлгi ету - тамаша тәрбие құралы. Жақсы адамдардың жағымды мiнездерi, еңбекқорлығы, ерлiгi, адалдығы, имандылығы туралы отбасында әңгiме айтқан жақсы. Iшiнара баланы да әңгiмеге тартып, оның бағалау мүмкiндiгiн бiлген дұрыс. Дүниедегi атақты адамдар, ұлттың дара тұлғалары, танитын жандар тiптi баланың өз достарын да үлгi етуге болады. Бiрақ, бiр ескертетiн нәрсе: балаға ұрсып отырып, кемiте отырып, басқаны үлгi ету - баланың қызығушылығын емес, наразылығын, iшкi қарсылығын тудырады.
Туысқандық сыйластықты ұғындыру. Балаларға жақын жекжат, ағайын-туыстарды таныстырып отыру керек. Адамның үш жұрты болатындығын оларды сыйлау, құрметтеу қажеттiгiн түсiндiрген жөн. Әулеттiң толық мүшелерiнiң, ата-әже мен әке-шешенiң тату-тәттiлiгi балаға үлгi-өнеге болмақ. Балаға кiндiк шешесiн танытып, оның отбасымен туысқандық қарым-қатынаста болған жөн. Оларға бiрге барып сәлем берiп тұру, жағдайын бiлу, құттықтау, жиын-тойда араласу арқылы баланың туысқандық сезiмiн қалыптастыруға болады.
Көршiмен тату болуға үйрету. Балаға көршiнi сыйлауға үйрету арқылы, көптеген жақсы қасиеттердi бойына сiңiруге болады. Керек кезде қол ұшын берiп көмектесу, өзiңе қажет кезде жәрдем сұрау, алыстағы ағайын-туыстың орнын толтырып жататынын түсiндiру қажет. Кейбiр нәрселердi оңаша ескертсеңiз де көршiңiздi балалардың көзiнше кiнәлап, айыптамау керек. Көршiмен сәлемдесiп, қол ұшын берiп жүруiне мән берiңiз.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz