Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілу алғышарттары



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 91 бет
Таңдаулыға:   
XX ғасырдағы 20-30шы жылдарында Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілуі: нәтижелері, тарихи сабақтары.

Жоспар
Кіріспе
I. Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілу алғышарттары
1.1 Латын әліпбиін КСРО-ның кіші халықтары мен этностары арасында енгізу процесі
1.2 Латын әліпбиінің ҚазақАКСР - інде қалыптасу аспектілері
II. Латын әліпбиінің қолданылуы және тарихи сабақтары
2.1 Қазақ зиялылары және елде латын әліпбиінің қолданылуына қатысты көзқарастары
2.2 Латынға көшудің тарихи қиындықтары мен сабақтары
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

КІРІСПЕ

Латын қарпі - біздің бүгінгі тарихи кезеңге
сәйкес қазақ тілі үшін ең оңтайлы таңба
М. Әуезов
Диплом жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты халыққа Жолдауында жүйелі түрде сипатталып көрсетілген дамыған 30 елдің қатарынан орын алу идеясы қазақстандық жалпы ұлттық идеяға айналып келеді. Қазақстанның əлемдік кеңістіктен лайықты орын алуы, дүниежүзілік өркениетті елдермен аралас-құралас болуы, олардың, əсіресе, техника, жаңа технология саласында ілгерілеушілікке (прогреске) қол жеткізген табыстарына, адамзат ақыл-ойының жемістеріне еліміздің де азаматтары қол жеткізе алатындай, өз игілігіне тұтына алатындай мүмкіндіктер жасауына Елбасы өз Жолдауында ерекше мəн берді. Бұл мəселелерді ойдағыдай шешуде қазақ тілін, жазуын дамыту ерекше маңызды.
Шетелмен қарым-қатынасты кеңейте түсу ел-елдегі ғылым-білім, заманауи технологиялық ілгерілеушіліктің даму қарқынымен байланысты жедел ақпарат алысу мөлшері бұрын-соңды болмаған көлемде ұлғая түсіп, көптеген елде, əсіресе дамыған мемлекеттерде ақпараттық технологияның озық үлгісі компьютерлік техника, бағдарламалар арқылы жолға қойылған. Қазіргі заманда дүниежүзінде өзара ақпарат алмасу латын графикасымен жасақталған компьютерлердің көмегімен жүзеге асып отырғаны мəлім. Осы коммуникациялық кеңістікке мемлекеттік тіліміз де өзіндік жазу сипатымен кіруге тиіс. Бұл қазіргі заманда ұлттық тіліміздің, жазуымыздың қоғамдық абыройын арттыруға, əлеуметтік беделін көтеруге септігін тигізеді. Осындай мəдени-əлеуметтік маңызды іске атсалысып қызмет еткен тілдің де мəртебесі арта береді.
Əлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі болған жоғары экономикалық, ғылыми, мəдени жəне адами əлеуеті мол Қазақстанның ұлттық бет-бейнесін, болмысын сақтай отырып, əрі қарай дамуы ендігі жерде еліміздің жаһандану үрдісіне тереңдей жəне кеңінен енуін талап етеді. Бұл мəселеде қазақ жазуын латын əрпіне көшірудің маңызы зор. Сондықтан Қазақстан латын графикасы негізіндегі əліпби арқылы əлемдік коммуникация кеңістігіне енбекші. Қазақ жазуын латын əліпбиіне көшірудің ғылыми негіздерін анықтауда Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың 2015 жылғы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы бағдарламасы, 2007 жылғы 27 ақпанда жарияланған Жаңа əлемдегі Жаңа Қазақстан атты Жолдауы мен 2006 жылдың қазанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында Қазақстан халқының рухани дамуы жəне үш тұғырлы тіл саясаты туралы айтқан ой-пікірлері басшылыққа алынады.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру Қазақстан қоғамының əртүрлі əлеуметтік топтары арасында қарама-қайшы əсер тудыратын, қоғамның əлеуметтік, саяси жəне мəдени өміріндегі көпқырлы, күрделі үрдіс болып табылады. Осындай қиындықтарына қарамастан, Қазақстан үшін жазу-сызуды реформалау орта жəне ұзақ мерзімде оның келешегі пайдалы əрі нəтижелі болатыны күмəн тудырмайды.
Қазақ жазуын латын графикасына көшіруді ең алдымен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тұрғысынан қарастыру керек. Қазіргі таңда қазақ тілі Қазақстанның этникалық қана емес, жалпы мемлекеттік те бірегейлігін танытатын басты фактор ретінде орнықты. Тілдің басқа да элементтерін ескере отырып, жазуды тілдегі ой мазмұнын жеткізудің графикалық тəсілі екенін негізге алу керек. Жазу жүйесі ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мəселесі тұрғысынан алғанда да, өз алдына жеке мəн-мазмұнға ие болады. Көптеген халық үшін жазу ұлттық мəдениет пен бірегейлікті танытатын маңызды элементтің бірі екенін тарих дəлелдеді. Бірқатар ұлттың, соның ішінде Түркияның тəжірибесі көрсеткендей, жазуды ауыстыру бірегейліктің ауысуына шешуші себеп болды. Сондықтан жаңа ұлттық əліпбиге негізделген жаңа графика ескіліктің кері əсері мен кеңестік отаршылдық салдарынан етек жайған бодандық сана стереотиптерінен арылуға, тəуелсіз елдің бостан санасының, заманауи жаңаша ойлау жүйесінің қалыптасуына мықты түрткіжайт болары сөзсіз.
Бірнеше жылдық тарихи процестің ең алғашқы негізі XX ғасырдағы 20-30 шы жылдарында қолға алынған болатын. Осы кезеңде Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілуі: нәтижелері, тарихи сабақтары бүгінгі күннің таңбалану стихиясына айналғаны хақ.
Диплом жұмысының нысаны. Қазақ жерінде латын әліпбиінің енгізілуінің алғашқы қадамдары, тарихи сабақтары тақырыптың зерттеу обьектісі болып табылады. Сонымен қатар ғылыми жұмыстың талдау жүйесіне латын қаріптерінің қалыптасу, даму және қайта жаңару аспектілерін игерудің де ықпалы басым.
Диплом жұмысының пәні. Қәзіргі заман тарихы кезеңіндегі Кеңестік тарихтың қазақ жерлеріндегі жаңғырған тілдік құрылысқа өтуі, даму процесі талданады.
Диплом жұмысының мақсаты. XX ғасырдағы 20-30шы жылдарында Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілуі: нәтижелері, тарихи сабақтарын зерделеу және латын әліпбиінің мемлекеттік қолданылудағы маңызын қарастыру.
Диплом жұмысының міндеттері.
1. Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілу алғышарттарын анықтау
2. Латын әліпбиін КСРО-ның кіші халықтары мен этностары арасында енгізу процесін қарастыру
3. Латын әліпбиінің ҚазақАКСР - інде қалыптасу аспектілерін зерделеу
4. Латын әліпбиінің қолданылуы және тарихи сабақтарына зерттеу жүргізу
5. Қазақ зиялыларының елдегі латын әліпбиінің қолданылуына қатысты көзқарастарын сипаттау
6. Латынға көшудің тарихи қиындықтары мен сабақтарын анықтап көрсету.

Зерттеу жұмысының тарихнамасы. Қазақ жазуын латынға аудару мәселесі алғаш рет 19 ғасырда Н.И. Ильминскийдің Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языком еңбегінде баяндалады [1, 304-б.]. Кейін, 1914 жылы Орынборда Иазуымыз, діліміз атты Ғ. Хасен Заденің мақаласында жалпы түркі жазуын ортақтандыру мәселесі қарастырылады. Қазақ зиялыларынан алғаш боп Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Ахметұлы, Міржақып Дулатұлы т.б өз пікірлерін жаза бастады [2]. Осындай мақалалар Айқап, Қазақ, Еңбекші қазақ, Жаршы, Жаңа мектеп газеттерінде басылып, халыққа таныстырылды. Айталық, Н. Төреқұлов Бізге қандай әліппе керек, Ә. Байдилдиннің Жаңа әліппе тарихынан, Б. Байтоғайұлы, Қ. Басымов, М.Дулатов, Т. Шонанұлының Бізге жаңа әліппе не үшін керек, О. Жандосұлы, М. Жолдыбаев, Қ. Жұбанов, Е. Омаров,
Қ. Кемеңгеров, Н. Қаймекеұлы, Ж. Аймауытовтың, М. Мұхтарұлының Дыбыс белгілерін негізінен өзгерту керек т.б. және шетелдік
Г.И. Бройдо, Н. Яковлев, Поливанов, Навширманов, профессор Ашмарин, профессор Жюзе, академик Бартольд, профессор Жирков, және Б. Шобанзаде сынды ғалымдар латын тілінің түгелдей тарихын, артықшылықтары мен теориялық негіздерін ашып жазды [3, 116-б.].
XX ғ. 50 жылдары Э. Тоффлер Үшінші толқын еңбегінде латын тілінің түркітілдес халықтар үшін әсерін жеткізді [4, 205-б.]. Түркия ғалымы Әбдіуақап Қара өзінің Латын әліпбиі қазақ тілін еркіндікке шығарады мақаласында қазақ тілінің таңбалануын зерттеумен айналысатын бағытын үлгі ретінде ұсынды. С.А. Аманжоловтың да осы әліппе тарихында өз орыны бар [5]. Жургенев Т.К. Вопросы терминологии казахского языка, Исмагамбетов Т. Развитие казахского истеблишмента в конце ХIХ - середине ХХ веков еңбектерінде таңбаланудың күрделі бөліктерін танып-білу жолға қойылған [6, 114-119 б.б.]. Сонымен қатар сол кезеңнің нақты жай-күйін қаперге алу үшін Культурное строительство в Казахстане (1918 - 1932 гг.) документтер жинағы бірден бір құрал болады. [7, 85-97 б.б.]. Кеңестік ғалым-тарихшы Лубянка өзінің Сталин и Главное управление госбезопасности НКВД. 1937-1938 атты жинағында латын тілінің тарихын, Кеңестік республикалар арасындағы тілдік қарама-қайшылықтар жүйесін алға тартады. [8, 111-б.].
Кейіннен Мұрат Ауэзовтың О традиционном и новаторском в казахской советской литературе. Доклад на XXV Международном конгрессе востоковедов. 1960г атты еңбегі ғылыми идеяны толықтырды.
Тәуелсіздік алған бойда латынға көшу идеясын алғаш көтерген академик Ə.Қайдар болды, 1993 жылы осы мəселе жөнінде Президент Н.Назарбаевқа ашық хат жолдап, өз жобасын ұсынған болатын жəне ол Кемел елге, кемел əліпби керек деген тақырыппен Ана тілі газетіне басылып шықты [9, 6-б.]. Осыған сәйкес ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі З.Базарбаева латын графикасы негізіндегі еңбегін жазды[10, 221-б.]. Латын графикасын қабылдаған жағдайда нені ескеру керек, қандай алғышарттарды басты назарда ұстаған жөн, жоба құрамына алынатын таңбалар құрамы қандай болу керек деген тəрізді күрделі мəселелер төңірегінде ғалымдар Ə.Жүнісбек, Қ.Күдеринова, А.Фазылжановалардың жарыққа шыққан ғылыми-теориялық зерттеулерін атап өту керек. Проф. М.Малбақов, проф. Н.Уəли, және З.Базарбаева өз еңбегінде В.Г. Костамаровқа сілтеме жасай отырып нақты пікірлерін ортаға салды. В.В. Радлов, С.Е. Малов, І.Кеңесбаев, Қ.Жұмалиев, С.Аманжолов, Н.Т. Сауранбаев,
М. Балақаев, Б. Кенжебаев, Ғ.Мұсабаев т.б негізгі таңба тарихын зерттеушілер болып табылады. Отандық тарихшылардың 20-30 жылдардағы ел мәдениетінің қалыптасуына баса назар аударып жүргені мәлім. Осы тізімде тарихшы-ғалым К.Е. Абикенованың XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанда тарих ғылымының қалыптасуы және дамуы еңбегін атап көрсете аламыз [11, 205-б.].
Осы тұрғыда қәзіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Беласу атты кітабында тілдік-таңбалық тарихымыздың ел саясатына әсерін нақты біле аламыз.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. XX ғасырдың бірінші ширегі, яғни 20-30жылдар мен қазірге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезең қазақ тарихының мәдени, рухани болмысының сабақтарын толық ашып көрсетеді.
Диплом жұмысының деректік негізі. Жаңа əліпбиге көшуге байланысты 1920 жылдан емле мəселесінде бірқатар таластар, қайшылықтар пайда болды. Осындай мақалалар Айқап, Қазақ, Еңбекші қазақ, Жаршы, Жаңа мектеп газеттерінде басылып, халыққа таныстырылды. Кейін, олардың қатарына Ақ жол, Сарыарқа газеттері қосылды. Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омарұлы, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Әбдірахман Байділдаұлы сол кезеңдегі латын тілінің даму сабақтарын қоғамда ашып көрсетті. Олар сол кездегі басылым беттерінде жарияланып, көпшіліктің талқысына ұсынылып, түрлі пікірталастар мен айтыстарға негіз болды: Аймауытұлы Ж. Емле, əріп жайында, Емлені өзгертуге жоба, Тағы да емле туралы, Байтұрсынұлы А. Қазақстан мен Қазағыстан туралы, Емле туралы, Дулатұлы М. Емле өзгерту жайында, Залыұлы Н. Қазақша жазу туралы жаңа ережелер, Қайменұлы І. Емлені түзету туралы, Аманжолов С. Жаңа емленің кейбір дыбыстарын өзгерту, емле мен терминдерді дұрыстау туралы, Мамытұлы А. Емле, пəн атаулары, Омаров Е. Айнымалы дыбыстардың жазылу мəселелері, Тоқжігітов Ж. Бас əріптің керегі жоқ, Уəлитов Ш. Емлені өзгерту жайында, Шаймерденов Е. У мен И, Байтоғайұлы Б. Қос сөздер туралы, Омаров Е. Емле мəселесі, Шонанов Т. Шет сөздердің імлəсі жайында т.б. [12, 14-48 б.б.].
1927-1928 жж. Еңбекші қазақ, Жаңа мектеп, Лениншіл жас, Тілші газеттерінде латын әліпбиін енгізу теориялары жүзеге аса бастайды.
Латын тілінің сол кезеңдегі нақты жай-күйін С.Асфендияров, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, Т.Шонанұлы, Тоғжанов, Т.Рысқұлов сынды зиялы қауым өкілдері баяндамаларынан біле аламыз. Ораз Жандосұлы Жұмысшы-қара шаруа əліпбиі деген мақаласында латын тілінің қоғамдық артықшылықтарын көрсеткен. Сонымен қатар, негізгң дерек көздеріне архив материалдарын, яғни негңзгі қаулы-қарарларды ұсына аламыз.
Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Тарихи синтезді дамудың сабақтастық функциясына сай латын қарпінің Қазақстанда алғаш қолданылуын идеологиясын ашуда тарихи- салыстырмалы әдіс, ал әліпби тарихының кеңестік дәуірден бастау алып, мемлекет дамуының әр сахнасына ауысып келіп отырған кезеңделуін толық негізде қамтуда мерзімдемелік әдіс, тіл тарихының көне заманнан пайда болып, сан ғасырлық тәжіприбеден бүгінгі күнге дейінгі қолданылу аясын қарастыруда жүйелілік әдіс қолданылады. Зерттеу нысанымыздың грамматикалық, этнологиялық, тарихи түрлену ерекшеліктеріне орай диффузионистік, функционалистік және эволюционизмдік методологиялық бағыттар шеңберінде зерттеледі.
Диплом жұмысының құрылымы.
Кіріспе;
Негізгі бөлім;
Қорытынды;
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі;

I. Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілу алғышарттары
1.1 Латын әліпбиін КСРО-ның кіші халықтары мен этностары арасында енгізу процесі
Қазақ жазуының қалыптасуы күрделі және көп қырлы тарихи үрдісті қамтиды. Тарихи және саяси оқиғалар тілдік ортаға және олардың жазбаша ойлар жолдарын қалыптастыруына үлкен әсер етті. Ғасырлар бойы графиканы өзгертудің бір маңызды себебі қазақ дыбыстық ауқымының кейбір элементтерінің айтуы ерекшелігі болғандықтан белгілі бір алфавитті таңдауды қиындатты. Араб, латын немесе славян графиктерін пайдалана жүріп және пайдалану үшін қазақ халқының ғалымдары, әйгілі тұлғалары мен қайраткерлерінің арасындағы талай уақыт бойы келіспеушілік пен пікірталас сүйемелдеуіне тап болды.
А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне ыңғайлап, графиканы жетілдіреді [13, 106-118бб.]. Ол қазақ зиялыларының арасында қызу қолдау тауып, ерекше ілтипатпен қабылданады. А.Байтұрсынұлы реформалаған қазақ əліпбиінің ережелері мен принциптері алғаш рет 1924 жылғы 12-18 маусымында Орынборда өткен қазақ, қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде қабылданады. Профессор Е.Д.Поливанов А.Байтұрсынұлы əліпбиін: Эту последнюю форму, которую приняла казак-киргизская графика в 1924 году, я, во всяком случае, считаю уже не нуждающейся В исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, которым с полным правом могут гордиться киргизские (казахские автор) деятели просвещения – создатели реформы, как крупным культурным завоеванием – деп, жоғары бағалайды. Бірақ осы кезде басқа түрік елдерінде латын графикасына көшу мəселесі қозғалып жатқан болатын. Қ.Жұбанов: Мұнан бас тартып, латын əліпбиін қабылдауымызға ұйтқы болған Қазақстан емес, Бүкілодақтық орталық жаңа Алфавит комитеті Ғылыми кеңесінің қысымы… Бұл жүйе қазақ тілінің ерекшелігіне əбден лайықты (тегінде жалғыз қазаққа ғана тəн деп қарауға болмайды), қазіргі алған жаңа əліпбиімізге де өте қолайлы, өйткені араб жазуын таңбалау табиғатына мұның еш қатысы жоқ жəне дəл сондай-ақ əліпби біткенге бірдей үйлесімді,- дейді
Еліміз тәуелсіздік тәжін кигеннен бері де бұл сұрақ төңірегінде көптеген қазақ тарихшылары мен басқа да қоғам өкілдері латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келеді. Латын әліпбиін пайдалану, оны өзіміздің ұлттық таңбамыз ретін Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі. Қоғамның барлық салаларына қатаң бақылау орнатуға тырысқан билік Кеңес мемлекетінің және большевиктер партиясының саяси доктринасы мен мүддесіне жауап бере алатын жаңа ортақ жазу үлгісін іздестірумен айналысты. КСРО-дағы бұл процестің қиындығына Кеңес мемлекетіне Ресей империясынан мұра ретінде қалған тілдік кеңістіктің әр алуандығы және әр түрлілігі тікелей әсер етті. Кеңес Одағы құрылған уақытта оның құрамына кірген 130 халықтың ішінде тек 20-сы ғана біршама жүйелендірілген жазуға ие болды. Жазудың өзіндік графикасын дамыған әдеби тілдері бар орыстар, украиндықтар, дәрежеде орыс әліпбиін христиан дінін ұстанған 7 халықтың өкілдері (мордва, осетиндер, чуваштар, удмурттар, марийліктер, якуттар) қолданса, Балтық бойының халықтары (литвалықтар, эстондар, латвиялықтар) латын графикасын қолданды. Қалған халықтар көне ұйғыр, моңғол, көне еврей, араб графикаларының негізінде құрылған күрделі және жетілдірілмеген жазуларды пайдаланды.
Алайда, алғашқы екеуін тек бірнеше кіші халықтар ғана қолданған болса, араб графикасында - 16 түркі-мұсылман халықтары, олардың ішінде қазақтар, өзбектер, татарлар, әзербайжандар, тәжіктер сынды көпсанды халықтар жазды. Сонымен қатар, басқа да халықтар араб графикасын өз тілдеріне сай бейімдеумен айналысып, жазу үлгісін қалыптастыруға ұмтылды [14, 115б.]. Саяси доктринаға орай, большевиктер кириллицаны да, араб графикасын да дінмен, сондай-ақ еңбекші халықты қанап келген патшалық режиммен және Орта Азиядағы хандықтармен байланыстырып, олардан қол үзу жолдарын іздестірді. Сондықтан да, кеңестік қайта құрулардың бастапқы кезеңінде халықтардың жазуларын бірыңғайландыру және жаңарту мәселесінде әлемдік революцияның жеңісіне сенген партия басшылары интернационалды әліпби ретінде латын жазуын қолданысқа енгізуді жоспарлап, оған болашақтың жазуы немесе революция әліпбиі ретінде қарады. Осы себептен кеңес билігінің алғашқы жылдарында кириллицаны қолданған славян халықтарына латын жазуын енгізу мүмкіндіктері қарастырылды. Алғаш ұсыныс білдіргендердің қатарында РКФСР Ағарту халық комиссары А.В. Луначарский, танымал ғалымдар Н.Ф. Яковлев, Н.В. Юшманов және т.б. тілтанушылар болды. Олар латын жазуын бүкіл Ресей территориясын мекен еткен халықтар үшін жаппай енгізу қажеттігі туралы өз ұсыныстарын алға тартты [15]. Алайда, алғашқы орыс латыншыларының бұл ойлары көпшілік арасында да, жоғарғы басшылық тарапынан да тиісті қолдау таппағандықтан, латындандыруды тәжірибе ретінде ең алдымен жазуы жоқ және жазуды реформалауды талап етіп отырған КСРО-ның кіші халықтары мен этностары үшін жүргізу қажет деп танылды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясының отар аймақтарында (Қырым, Кавказ, Қазақстан, Орта Азия) араб графикасын реформалаудың алғашқы талпыныстары жасалынғанымен, олар айтарлықтай нәтиже бермеген еді. Революциядан кейін кеңес билігінің қолдауын тапқан реформаторлар араб жазуын латындандыру ісіне бел шеше кірісіп, біртіндеп бұл қозғалыс мәдени революцияның негізгі өзегінің біріне айналды. Өйткені, кеңес басшылығы да, жаңадан құрылған кеңестік автономиялы республикаларының жетекшілері де өз жазуларын жаңартуға мүдделі болды. Латындандыруды араб графикасын кең қолданған КСРО-ның түркі халықтарынан бастау көзделді. Бұл үдерістің көшбасында Әзербайжан тұрды. Мұнда 1922 жылы С. Ағамалы-Оғлы басшылығымен латыншылардың арнайы комиссиясы құрылып, оның жұмысының нәтижесінде латын қарпінің негізіндегі әліпби құрастырылып шығарылды. Комиссия ұсынған әліпбиде әрбір дыбысқа жеке әріп сәйкес келіп, олардың баспа және қолмен жазылатын нұсқалары, атаулары және араб графикасына сай келуі көрсетілді. Көптеген талқылаулардан кейін Әзербайжан үкіметі әліпбидің жаңа жобасын бекітіп, 1922 жылы 21 шілдеде оны қолданысқа енгізумен айналысатын Жаңа түркі әліпбиінің комитетін құрды [16]. Біраз уақыт бойы Әзербайжанда араб графикасы және жаңа латын әліпбиі қатар жүрді. Тек 1924 жылы 27 маусымда жаңа әліпбиі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Әзербайжанда енгізілген латын әліпбиі бүкіл одақ ауқымында кең талқылаудан өтті. Оның құрастырушылары оған қатысты КСРО-ның тек түркі тілдес халықтардың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің пікірін білуге, өз тәжірибесімен бөлісуге тырысты. 1924 жылы С. Ағамалы-оғлы бастаған Жаңа түрік әліпбиі комитетінің арнайы делегациясы Симферополь, Ташкент, Уфа, Орынбор және Қазан қалаларына сапар шегіп, көптеген зиялы қауым өкілдерімен тіл құрылысы мәселелері бойынша талқылаулар мен пікір алмасуларды өткізді [17, 56-95 бб.]. Сапар қорытындысы бойынша делегация мүшелері КСРО-ның бүкіл түркі халықтарының басын қосатын арнайы жиын өткізу қажет екендігіне көздері жетті. Осы мақсатта 1924 жылы РКФСР Ұлт істер жөніндегі халық комиссариатының жанындағы Шығыстану ғылыми ассоциациясы өз құрамында Түркі халықтары үшін латын шрифтінің ассоциациясын құрып, түркітанушылар съезін шақыруға бағытталған даярлық жұмыстарын бастап кетеді [18]. КСРО-ның жекелеген республикалары мен облыстарында латындандыру үдерісі біртіндеп қарқын ала бастаған шақта, Қазақстанда керісінше, ХХ ғасырдың 20-жылдардың басында жаңа түркі емлесіне көшуге қарсылық таныту, оған сенімсіздікпен қарау байқалды. Қазақстанда, сондай-ақ одан тысқары жерде, ең алдымен Ташкент және Мәскеу қалаларында жауапты мемлекеттік қызметтерде, түрлі ғылыми мекемелерде, ағарту және білім, мәдениет және өнер салаларында, мерзімді баспасөзде еңбек етіп жүрген қазақ қайраткерлерінің латындандыру мәселесіне қатысты көзқарастары бірыңғай болмады. А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов сынды танымал қазақ ғалымдары бастаған арабшылар тобы ескі жазбада қалуды жақтап, оны жан-жақты жетілдіру және дамыту қажеттілігін қолдаған болса, ал Шығыс халықтарының Орталық баспасы басқармасының төрағасы, Шығыстану ғылыми ассоциациясының мүшесі Н. Төреқұлов, Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариаты жанындағы академиялық орталықтың мүшесі, белгілі тілтанушы Т. Шонанов жетекшілігіндегі латыншылар тобы оқу-ағарту саласы үшін күрделі әрі қолайсыз, ескірген, қолдану аясы тар, баспа ісі үшін шығынды араб жазуының орнына заманауи латын қарпін енгізуді жақтады. Латын жазуына көшу жөнінде екі топ арасындағы қызу пікірталас алдымен ұлттық баспасөз беттерінде, әсіресе Еңбекші қазақ пен Ақ жол газеттерінде орын алып, артынан бірнеше арнайы басқосулар мен жиындарда жалғасты.
Қазақ тілі, соның ішінде араб жазуын латындандыру мәселесі бойынша қазақ қайраткерлері арасында орын алып отырған қайшылықты көзқарастарды жойып, ортақ позиция мен пікірді қалыптастыру мақсатында Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты 1924 жылы 12-17 маусымда Орынбор қаласында Қазақ білімпаздарының І съезін ұйымдастырды. Бұл съезге Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Жолдыбаев, Н. Төреқұлов, А. Кенжин, Е. Омаров, Н. Залиев, М. Саматов, М. Мұрзин сынды қазақтың белді ғалымдары мен қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ съезд жұмысына Қырғызстаннан арнайы шақырылған танымал ағартушы И. Арабаев та белсене араласты. Съезде арабшылар мен латыншылар арасындағы пікірталас пен тартыс өз жалғасын тауып, өткір сипатта өрбіді. Әр топтың өкілдері өз ойларын ортаға салды: А. Байтұрсынов бастаған арабшылар съезде қазақ әліпбиін латындандыру идеясынан біржолата бас тарту қажет деген пікір білдірген болса, Н. Төреқұлов латын қарпінің басымдықтарын негіздеуге күш салып, жаңа емлеге өтуді сатылап, жүйелі түрде жүргізу қажеттілігіне назар аударды. Съездің қорытындысында қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, әсіресе әліпби, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика т.б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылданды [19, 37-49бб.]. Съезд делегаттары латын графикасына көшу мәселесі және қазақ тілінің болашақтағы жазу үлгісі бойынша ортақ шешімге келе алмады. Қайта керісінше, съезд Қазақстан жағдайында тілдік реформаларды жүргізуден гөрі араб графикасының негізінде А. Байтұрсынов құрастырылған әліпбиді - төте жазуды қолдануды жалғастыру, оны одан әрі жетілдіру қажет деп тапты. Дегенмен, латындандыру мәселесі бұрынғысынша күн тәртібінде тұрды. Съезд қарарларының бірінде республиканың Ағарту халық комиссариатының Академиялық орталығына латын графикасына көшу мүмкіндігін тиянақты және жан-жақты зерттеу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды [20]. Осылайша, Орынборда өткен съезд жазба реформасына қатысты пікірталасты тоқтата алмай, І Түркітану съезіне дейін өрбіді. Орынбордағы Қазақ білімпаздарының І съезінде тиісті қолдау таппаған латыншылар латын жазуы артықшылықтарының жаңа дәлелдемелерін іздестіруге, жазба реформасын жүргізудің және Әзербайжанның тәжірибесін ұтымды пайдаланудың қажеттігін негіздеуге күш салды. Қазақ латыншыларының өкілі Н. Төреқұлов осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ тіліне бейімделген латын әліпбиінің нұсқасын, сондай-ақ КСРО-да латын қарпіне өту мәселесінің тарихына қатысты шолуын 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген Жаңа әліпби неге керек атты еңбегінде ұсынды [21]. Бұл кітапша латыншылар мен арабшылар арасындағы пікірталастың жаңа толқының туындатты. 1924 жылы Түркістан республикасының Ағарту халық комиссариатында қызмет еткен Х. Досмұхамедов Ақ жол газетінде Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі атты мақаласын жариялады. Х. Досмұхамедов латын графикасына көшуге қарсы пікірде болғанымен, өз бетімен құрастырып шыққан латын әліпбиінің нұсқасын көпшіліктің назарына ұсынып, латын әріптері жүйесінің негізінде әр дыбысқа жеке әріп ұстанымын қатаң сақтау қиынға соғатыны туралы қорытындыға келді. Кеңес тұсында қазақ тілін латын графикасына көшіруге қарсылық танытқан қазақ қайраткерлеріне сол кезде үстем етіп отырған идеологияның салдарынан түрліше күйе жағу үрдісі орын алғаны белгілі. Оның өз себептері де болғаны түсінікті. Өйткені, Қазақстанда латыншыларға идеялық қарсылас атанған арабшылардың басым бөлігі - А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров, Х. Досмұхамедов сынды Алаш қозғалысының белді өкілдері немесе олармен түрліше байланыста болған қайраткерлер еді. Тіл мәселесі бойынша баспасөз беттерінде де, түрлі алқалы жиындарда да орын алған пікірталастар мен тартыстарда латыншылар жаңа емлеге көшуге наразылық танытқан кертартпа іс-қимылдарды кеңес мемлекетінің мәдени құрылыс бағытында жүргізіп отырған саясатына қарсылық ретінде көрсеткісі келді. Латыншылар Қазақстанның ішінде сан жағынан аз болғанын және латын әліпбиін енгізуді қолдаған қайраткерлердің басым бөлігі Орталықта (Мәскеуде) қызмет атқарғандықтары туралы айта кеткен де орынды. Қазақ қайраткерлерінің жекелеген тобының тіл құрылысы, соның ішінде қазақ әліпбиіне негіз болатын жазба үлгісін таңдау мәселесінде кертартпа позицияны ұстануға субъективті себептермен қатар, объективті себептер де ықпал етті.
Латыншылар мен арабшылардың тартысы қарқынды түрде жүріп жатқан шақта, КСРО басшылары Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеуді іс жүзіне асырды. Оның қорытындысы бойынша, Қазақ АКСР-не бұған дейін Түркістан АКСР-нің құрамында болған екі қазақ облысы - Сырдария мен Жетісу қосылып, ол өз территориясы мен халқы саны жағынан РКФСР-дың құрамына кірген түркітілдес автономиялы республикалардың ішінен ең ірісіне айналды. Сондықтан да, латын қарпіне көшу кезінде Әзербайжанның тіл құрылысындағы тәжірибесін үлгі ретінде пайдаланумен қатар, көптеген әлеуметтік-экономикалық және этномәдени факторларды ескеру шарт еді. Демек, латындандыруға қатысты туындаған қаржылық, ұйымдастырушылық, мәдени, кадрлық, әдіснамалық және басқа да қауіптердің көбісі негізсіз емес болатын. Оның үстіне, өз жазулары мен әліпбиі, дамыған әдеби тілдері жоқ КСРО-ның кіші халықтары және этностарымен салыстырғанда қазақтар араб әріптерінің негізінде түзілген, қолданысқа енген А. Байтұрсыновтың әліпбиін бірнеше жыл бойы ағарту және білім, баспа және баспасөз, оқулықтар жазу және оларды жарыққа шығару салаларында жан-жақты әрі табысты түрде пайдаланып келді. Осы себептен латыншылар Қазақстандағы арабшылардың қарсылығын басуда түркітанушылар съезіне үміт артқаны түсінікті. 1926 жылы 26 ақпанда Бакуде ашылған І Жалпыодақтық түркітану съезіне Солтүстік Кавказдың, Сібірдің, Якутияның, Татарстанның, Қазақстан мен Орталық Азияның ғылыми және қоғамдық ұйымдарының атынан 111 өкіл, сондай-ақ арнайы шақырту бойынша Ираннан, Түркиядан, Германиядан, Австриядан, Венгриядан, КСРО және Украина ғылым академияларынан, Шығыстану ғылыми ассоциациясынан келген 20 ғалым қатынасты. Съездің жұмысына тіл мамандарымен қатар, партия және кеңес органдарының, өнер, әдебиет, ағарту ісі мен білім беру саласының қызметкерлері белсене араласты. Бұл съезге Қазақстаннан Е. Омаров, Б. Сүлеев, Ә. Байсейітов қатысқан болса, ал Татарстанның шақыруымен келген А. Байтұрсынов съезд төралқалығына сайланды. Сонымен қатар, съезге Шығыстану ассоциациясының төралқа мүшесі Н. Төреқұлов Орталықтың өкілі ретінде қатысты. Бағдарламаға сәйкес делегаттар 17 мәжіліс барысында КСРО-дағы түркітану мен тіл құрылысының әр түрлі мәселелеріне арналған 38 баяндаманы талқыға салды [22]. Съездің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бастысы - түркі тілдес халықтардың жазуларын латын графикасына көшіру мүмкіндігін қарастыру еді. Бұл мәселе төңірегінде делегаттар арасында қызу пікірталастар орын алды. Съезде қазақ және татар делегаттары бірлесе отырып, түркітілдес халықтарға латын қарпіне көшудің және ортақ әліпбидің енгізудің қажеті жоқ деген ұстанымда болды. Съезде қазақ латыншылары мен арабшылары, ең алдымен Н. Төреқұлов пен А. Байтұрсынов арасындағы талас-тартыс өз жалғасын тапты. 1926 жылы 3 наурызда сөз сөйлеген Н. Төреқұлов қазақ және татар делегаттарының араб жазуын реформалауға (ислахшылар), бір-бірінен ерекшеленетін әліпбиді енгізуге күш салғаннан гөрі, КСРО-ның түркі тілдес халықтарын біріктіретін ортақ латын қарпін құрастыруға ат салысуға шақырды. Өйткені, ескі жазба тарихта қалып, оның тарапынан сынға ұшырады [23, 75б.]. Келесі күні өткен мәжілісте Н. Төреқұловтың оппоненті А. Байтұрсынов былай деді: Біз әліпбиді өзгерту туралы мәселені ол жоқ болған жағдайда немесе сәтсіз жасалынған кезде ғана қоя аламыз. Алайда, әліпби бізде бар, сондықтан бізге басқа әліпбиге көшу қажет емес. Егер біздің әліпби нашар болған жағдайда, бұл өз алдына жеке мәселе, алайда, екі әліпбиді салыстыра отырып ешкім нақ осы латын әліпбиі ерекше бір артықшылықтарға ие екендігін дәлелдеп бермеді... Бүгінде біз, қазақтар, озық жазу емлесіне ие болып отырмыз [24]. Оның пікірінше, латын қарпіндегі қазақ тілінің жетік әліпбиін құрастырып шығу көп күш пен уақыт талап ететіндігіне назар аударды, мұндай әліпби құрастырылған кезде қазақ тілінің фонетикалық жазу емлесі қаншалықты дұрыс көрініс табатындығына күмән білдірді. Съезге Қазақстан атынан қатысқан Б. Сүлеев пен Ә. Бәйсейітов бұл пікірталасқа араласпай, өз ойларын ашық айтуға ұмтылыс танытпады. Съезден кейін Н. Төреқұлов Советская степь газетінде жарияланған мақалалардың бірінде жоғарыда есімі аталған екі қайраткердің пассивті позициясын сынап, олардың орнына Қазақстаннан басқа білікті тіл мамандарын жіберу керек еді деген пікір айтты [25]. Съезге қатысушылардың басым бөлігі КСРО-ның түркітілдес халықтары үшін ортақ жаңа әліпбиді және жазуы жоқ халықтар үшін латын жазбасын енгізу идеясына қолдау көрсетті. Съезде баяндама жасаған көптеген ғалымдар мен қызметкерлер бұл көшу кезінде қиындықтар болатындығын атап өткенімен, олар араб графикасынан гөрі латын әліпбиіне басымдық беретінін айтты. Қазақ және Татар республикасы өкілдерінің қарсылығына қарамастан, съезге қатынасқан 131 делегаттың ішінен 101-і жаңа емлені қабылдау қажет деп дауыс берді. Дегенмен, съезд қабылдаған қарарда жекелеген түркі-татар республикалары мен облыстарында жаңа емлені енгізу және бұл шараны жүзеге асыру жолдары әрбір халықтың және республиканың өз ісі деп танылатындығы жайлы айтылды. Сонымен қатар, съезд барысында латын әліпбиін енгізу бойынша бүкіл одақ көлемінде жеке және арнайы орган құру қажеттілігі жөнінде де ұсыныстар алға тартылды [26]. Бұл органды съезден кейін құру жоспарланғанымен Әзербайжан қайраткерлерінің шұғыл түрде істі өз қолына алуына байланысты Әзербайжанның жаңа әліпби комитетіне ұлттық республикалардың бірқатар өкілдері кіргізіліп, ол болашақта Бүкілодақтық жаңа түрік әліпбиінің Орталық Комитетінің өзегін құрады. Осылайша, Н. Төреқұлов бастаған қазақ латыншыларының үміті ақталып, І Түркітанушылар съезді КСРО-дағы латындандыру үдерісіне жаңа қарқын берді. Бакуде съезд аяқталғаннан кейін Қазақстанда латын қарпіне өту мәселесін баспасөзде талқылау қайта жанданды. Бұл талқылауға қазақ қайраткерлерімен қоса орыс тілді қызметкерлер де тартыла бастады. Орталық баспасөзде тіл және латын әліпбиі мәселесі жөнінде Н. Феоктистовтың, П. Михеевтің және тағы басқалардың мақалалары жарық көрді [27, 119-129бб.]. Латындандыру мәселесінде кенже қалып қойған Қазақстанда 1926 жылы Қазақ латын әліпбиінің қоғамы құрылып, оның басшылығына Т. Шонанов тағайындалды. Соған қарамастан латын қарпіне өту ісінде айтарлықтай ілгерілеу байқалмады. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров жетекшілігендегі арабшылар тобы бұрынғысынша араб графикасының негізіндегі қазақ әліпбиін қорғап, баспасөз беттерінде латын қарпіне өтудің қажетсіздігін дәлелдеуді жалғастырды. Бұл уақытта Орталықта жауапты қызметтерде болған қазақ қайраткерлері латын графикасының негізіндегі жаңа түркі әліпбиіне көшу ісіне бел шеше араласады. Олардың қатарында Н. Төреқұловпен қатар, РКФСР БОАК Төралқасы хатшысының орынбасары, Ұлттар бөлімінің меңгерушісі С. Асфендиаров, РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, кейіннен РКФСР БОАК Төралқасының мүшесі Ә. Досов кірді. 1926 жылы 12-24 сәуір аралығында ІІІ шақырылған КСРО Орталық Атқару Комитетінің ІІ сессиясына қатынасу үшін келген ұлт аймақтарының өкілдерімен ұлт және тіл мәселесі бойынша С. Ағамалы-оғлы және КСРО ОАК Ұлттар Кеңесінің хатшысы С. Асфендиаров арнайы кеңес өткізді. Бұл кеңесте түркі халықтарының жаңа емлеге көшіруге жауапты болатын орталық органды құру қажеттілігі мойындалып, тиісті шешім шығару үшін қосымша арнайы жиын ұйымдастыру көзделді. Бұл бағыттағы жұмыстардың қорытындысы ретінде Жаңа түркі әліпбиінің Бүкілодақтық комитетін (ЖТӘ БК) құру мәселесі 1926 жылы қазан-қараша айларында БКП (б) XV конференциясында талқыға салынады.
КСРО Орталық Атқару Комитеті жанынан латын қарпіне көшу комитетін құруға Татарстанның, Түрікменстанның, Қырғызстанның және Қырымның өкілдері қарсы шықты. Өзбекстанның делегаттарына келетін болсақ, олар екі жақты пікірде қалды. Комитетті құру идеясына Әзербайжан, Башқұртстан, Бурят-Моңғолия және Дағыстан өкілдері қолдау білдірді. Партия конференциясына қатысушылар латындандыру үдерісінің ауқымын, республикалар мен облыстар арасында бірыңғайлықтың жоқтығын ескере отырып, латын қарпіне көшуді орталықтандыруды жүзеге асыру қажет деп таныды [28].
Сонымен қатар, конференцияда болашақ комитеттің орналасу жері (Мәскеу немесе Баку) бойынша да талқылау жүрді. Латын графикасында кітаптарды жарыққа шығару мәселесі де өткір пікірталастарды тудырды. Себебі, ол уақытта бүкіл КСРО-да латын тілінде кітап шығаратын баспа тек екі қалада - Мәскеу мен Бакуде ғана болды. Дегенмен, Әзербайжан қайраткерлері бастаған латыншылардың талаптары мен ұмтылыстарына қарамастан партиялық конференцияда ЖТӘ БК құру туралы шешім қабылданбады. Одақ орталығында латындандыру үдерісіне қатысты орын алып отырған оқиғалар Қазақстанға әсер етпей қоймады. 1926 жылы 10 желтоқсанда Қазақ АКСР-нің астанасы - Қызылордада латын әліпбиіне өту мәселесі бойынша арнайы кеңес өтеді. Бұл кеңесте де қазақ арабшылары мен латыншылары арасындағы өткір пікірталас өз жалғасын тапты [29]. Екі жақ тағы да ортақ шешім мен ымыраға келе алмай тарады. Бұл кеңестен кейін де 1926 жылдың аяғында - 1927 жылдың басында Қызылорда қаласында Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты мен Жаңа әліппешілер қоғамы ұйымдастырған бірнеше жиын өтеді. Олар да латыншылар күткен нәтижеге алып келмеді. Латыншылардың бастамасымен 1927 жылдың басында Қазақстанда Жаңа қазақ әліпбиі бойынша үкімет комитеті құрылады. Оның төрағалығына Қазақ республикасы үкіметінің басшысы Н. Нұрмақов тағайындалынып, мүшелігіне жауапты қызметкерлер кірді. Дегенмен, бұл комитет жеке орган мәртебесіне ие болмай, үкіметтің жанындағы уақытша комиссия міндетін ғана атқарды. Бұл уақытта Мәскеуде қызмет еткен қазақ қайраткерлері түркі-татар зиялыларымен бірігіп, ЖТӘ БК-ін құруға бағытталған істерге белсене ат салысады. 1927 жылы 13 ақпан С. Ағамалы-оғлы бастаған латыншылар КСРО Орталық Атқару Комитетінің ІІІ шақырылымының ІІІ сессиясына қатынасу үшін келген ұлттық республикалардың жауапты қызметкерлерінің басын қосып, арнайы кеңес өткізеді. Кеңеске қатынасқан қайраткерлердің басым бөлігі ЖТӘ БК-ні құру қажеттігі туралы ұсынысқа қолдау білдіріп, осы мәселені шешу міндеті жүктелген ұйымдастыру комиссиясын құрады. Комиссияның төрағалығына - С. Ағамалы-оғлы, хатшылығына - Ю. Назиров, мүшелігіне - С. Асфендиаров, Ф. Қожаев, Б. Күлбешеров, Н. Айтақов және С. Диманштейн сайланды. Сонымен қатар, бұл комиссияға ЖТӘ БК-нің алғашқы пленумы шақырылғанға дейін барлық тиісті өкілеттіліктер берілді. 1927 жылы 28 ақпанда БКП (б) Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросының мәжілісінде ЖТӘ БК құру туралы мәселе талқыға салынып, бұл мәселе бойынша сөз сөйлеген БКП (б) Орталық Комитетінің Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі В. Кнорин, жауапты қызметкерлер - С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов және басқа да қайраткерлер түркі тілдес халықтардың латын графикасының негізінде құрылған жаңа емлеге көшу жұмыстарына басшылық жүргізетін Орталық Комитетті құру қажеттілігін негіздеп берді. Талқылаудың қорытындысында мәжіліс Бакуде Жаңа түркі алфавитін енгізу бойынша Бүкілодақтық комитет құру туралы қаулы қабылдайды [30, 256б.]. Бұл қаулыға сәйкес комитет төрағалығына С. Ағамалы-оғлы тағайындалып, комитет мүшелері түркі тілдес автономиялы республикалар мен облыстардың өкілдерінен құрылуы тиіс еді. Комитеттің ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік жүргізу үшін құрамына С. Ағамалы-оғлы, Н. Айтақов, С. Асфендиаров, С. Диманштейн, Ф. Қожаев, Ю. Назиров, К. Кульбешеров кірген уақытша төралқа құрылады. 1927 жылы 11 мамырда КСРО Орталық Атқару Комитетінің төралқасы С. Ағамалы-оғлының төрағалығында (орынбасарлары Ф. Қожаев пен Н. Айтақов) Жаңа түркі әліпбиін енгізу бойынша комитет құру туралы қаулы қабылдайды. Комитет төралқасының құрамына С. Асфендиаров, Ю. Назиров, С. Диманштейн және Б. Күлбешеров кірген болса, мүшелігіне Орталықтан - Т. Рысқұлов, Ф. Қожаев, Н. Төреқұлов, Н. Айтақов, М. Павлович, Ә. Досов, Е. Мансұров, Қазақ АКСР-нен Н. Нұрмақов, Ғ. Тоғжанов және Т. Шонанов кірді [31]. Аталған комитеттің тұрақты орналасу орны Баку қаласы болып табылғанымен, Мәскеуде оның өкілдігін (атқару бюросын) ашу ұйғарылды. Комитет мүшелерінен құрылған ұйымдастыру комиссиясына 1927 жылы маусымда Баку қаласында өтуі белгіленген Құрылтай пленумын шақыруға қатысты барлық ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру және оған қатысатын ұлттық республикалар өкілдерінің құрамын анықтау міндеті тапсырылды. Сонымен қатар, бұл комиссия Комитеттің жарғысын, ережесін және оның жылдық жұмыс жоспарын құрастыруымен айналысып, бұл құжаттарды алда өтуі күтілген тұңғыш пленумда ұсыну көзделді. Бакуде ЖТӘ БК-нің құрылуы Қазақстандағы Жаңа әліппешілер қоғамы комитетінің төңірегіне топтасқан латыншылардың белсенділігін арттырды. Талқылау мен пікір алмасу формасында елдегі арабшылармен ортақ мәмілеге келу мүмкін еместігін түсінген латыншылар Қазақстан Жаңа қазақ әліпбиінің комитетін құруға бағытталған даярлық жұмыстарын қолға алады. 1927 жылдың қыс және көктем айларында қоғамның ұйымдастыруымен қазақ студент жастары білім алып жатқан Мәскеу, Ташкент, Қазан, Саратов және басқа да қалаларда арнайы жиындар өтіп, түсіндірме және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. 1927 жылы мамырда Орталықта жүрген қазақ қайраткерлері тарапынан қолдауға ие болған Т. Шонанов пен Ә. Байдилдиннің жетекшілігіндегі Жаңа әліппешілер қоғамы республика үкіметінің атына Қазақстанда Жаңа қазақ әліпбиінің Орталық Комитетін ұйымдастыру қажеттілігін негіздейтін арнайы баяндама құрастырып, оған қоса болашақ органның жарғы жобасын, мүшелікке үміткерлердің тізімін де тіркеп жолдайды. Баяндамада қазақ латыншылары үкіметтен және тиісті мемлекеттік органдардан жаңа латын әліпбиі мәселесіне қатысты шешімді шұғыл түрде қабылдауды сұрайды. 1927 жылы 3-7 маусымда Баку қаласында Жаңа түрік әліпбиінің Бүкілодақтық Орталық Комитетінің пленумы өтеді. Оның жұмысына Орталықтан - С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, Ә. Досов, Қазақстаннан - Н. Нұрмақов, Т. Шонанов, Ғ. Тоғжанов белсене араласады. Аталған пленумге КСРО және РКФСР ұлттық республикаларының өкілдері, білім және ағарту салаларының мамандары, жалпы 39 делегат қатысады. Пленумның күн тәртібіне келесідей мәселелер қойылды: 1) Уақытша төралқаның есебі (баяндамашы Ю. Назиров); 2) Комитеттің 1927 жылдың 15 маусым мен 1 қазан аралығындағы жұмыс жоспарын және 1927-1928 жылға арналған жоспарын талқылау және бекіту (С. Ағамалы-оғлы); 3) Комитет туралы ережені талқылау және бекіту (С. Диманштейн); 4) Латын графикасының негізінде құрылған жаңа түркі емлесін бір жүйеге келтіру (Шобан-заде және Н. Төреқұлов); 5) жаңа түркі емлесінің республикалық комитеттерінің сметаларын бекіту (Ю. Назиров); 6) Одақтық комитеттің төралқасын құру (Ф. Қожаев), 7) республикалық комитеттердің баяндамалары; 8) пленум мандат комиссиясының баяндамасы (Б. Күлбешеров) [32]. Пленум Жаңа түркі емлесінің комитеті туралы ережені ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ ЫҚПАЛЫ
Араб жазуын орыс жазуына алмастыру
Латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары
Латын қарпі - біздің бүгінгі тарихи кезеңге сәйкес қазақ тілі үшін ең оңтайлы таңба
ХХ ғ. басында Қазақстанда латын алфавитіне көшу идеясы
Қазақ халқының Түркі халықтарымен бірге латын графикасына көшуі
Қазақ тілі орфографиясындағы негізгі және қосалқы принциптер
Латын әліпбиіне көшу қазаққа не береді?
Графика мен әліпби туралы мәлімет
Латын графикасына негізделген қазақ жазуының әліпбиі мен емле ережесі
Пәндер