Орыс және батыс классиктерінің шығармалары Ілияс аудармасында


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   

М А З М Ұ Н Ы.

КІРІСПЕ3

1. Орыс және батыс классиктерінің шығармалары Ілияс аудармасында7

2. «Евгений Онегин» романының аударылу өрнектері. 23

ҚОРЫТЫНДЫ39

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі41

РЕФЕРАТ.

Жұмыстың тақырыбы: І. Жансүгіров - аудармашы.

Жұмыстың көлемі: 47 бет.

Жұмыстың құрылысы: Кіріспеден, негізгі бөлімнен [1; 2],

қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттен тұрады.

Жұмыстың мазмұны:

Кіріспеде Ілияс Жансүгіров өміріне қысқаша шолу жасап, оның әр жанрда жазған шығармаларын атап өттім.

Негізгі бөлім І тарауда І. Жансүгіров аударған орыс және батыс классиктерін шығармаларына тоқталып, оларға жеке-жеке талдау жасадым.

ІІ тарауда А. С. Пушкиннің “Евгений Онегинң романының Абай және қазақ ұлттық ақындарының аудармасына шолу жасап және І. Жансүгіров пен Қ. Шаңғытбаевтың роман аудармасындағы жетістіктерімен кемшіліктерін салыстырып, оны мысал ретінде дәлелдедім.

Қорытындыда Ілияс шығармаларын аударудағы басқалардан ерекшелеп тұратын жеке қасиеттеріне тоқталдым.

Жұмыстың негізгі мақсаты: І. Жансүгіровтің аударма саласындағы еңбектерін зерттеп, талдап, баға беру арқылы оның аудармашылық шеберлігін анықтау.

Жұмыстың мазмұнын сипаттайтын тірек сөздер: Аударма теориясы мен практикасы, түпнұсқа мен аударма, мақалалар мен зерттеулер, аударма зерттеуші, балама.

Қолданылған әдіс-тәсілдер: Талдау әдісі, салыстырмалы әдіс.

КІРІСПЕ

І. Жансүгіров талантының қыры көп. Ол - әрі ақын, әрі драматург, әрі прозаик, әрі аудармашы, әрі журналист-публицист.

Қазақтың аса көрнекті ақыны Ілияс Жансүгіров қалдырған мұралар қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған баға жетпес қазына. Халық өмірін реалистікпен бейнелеген дарынды қаламгер әр жанрдағы туындыларының ішінде ерекше жарқырап тұрған оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Қазақ публицистикасының қалыптасуына зор үлес қосқан, Қазақстан жазушылар одағын басқарып, әдеби процеске белсене қатысқан әлеуметтік қызметтер қаламгердің азаматтық келбетін көтереді. Ақынның терең идеялық, көркем мүсінді эпикалық шығармаларының танымдық - тәрбиелік мәні зор, олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік -адамгершілік идеяларды толғайды.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы тамылжыған май айының басында өзі талай шабыттана жырлаған Ақсудың жағасында туып, өседі. Әкесі Жансүгір Берсүгіров ағаштан өрім өрген, күміс шапқан сол өңірдің айтулы ұсталарының бірі болған екен. Анасынан қаршадайынан жетім қалған Ілияс іскер де қатал әке тәрбиесінде өседі.

Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені болған Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Табиғатынан дарынды жаратылған зерек бала ел даналығы дариясына еркін жүзіп, уызға жарып, асыл байлықты бойына сіңіре білген. Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады.

1920 жылы Ілияс Ташкенттегі екі жылдық қазақ-қырғыз мұғалімдік курсына түседі. Мұғалімдік курсты бітіргеннен кейін Ілияс өз мекені Талдықорған уезіне келіп, ауыл мектебінде мұғалім болады. Осы жылдардан бастап, жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды. Жаңа талап жас ақын Жетісудің байтақ жырына, Махамбет, Шернияз, Абай, Ақан, Біржан өлеңдерін қызыға оқып, солардан бастау алады. Ілияс өлеңдерінің қайсысы болмасын Абай шығармаларының үлгісінен үйреніп, онан әсер алған. Ақынның автор ойы, жұртқа ұсынар бағыты да сол Абай деңгейімен қанаттас жатады. Біздің сөз етіп отырған Ілияс поэзиясының алғашқы шәкірттік кезеңін Ә. Тәжібаев: “Ілиястың өзін таппаған, өзгелерге көбірек ұқсайтын тұсың деп қарайды [1, 116] .

Бұл жерде айта кететін бір жәй, осы жылдардағы творчествосы туралы Ілиястың өзі: “1916-1917 жылдан маған жазуға ынта туды. Оған себеп - сол кездегі қазақ әдебиетінің әсері болды. Әсер - әсіресе Абайдан жұқты. Абайға еліктеу пайда болды. Абайша бірдемелер жазуға талпынсам да ештеңе шығара алмадым ғой деймін, ң - дейді [2, 29] . Оның өлеңдері баспасөз бетінде 1917 жылдан көрінді. Осыдан кейін оның ақындық атағы шыға бастады. Тиянақты білімсіз ешнәрсе өндіре алмасына әбден көзі жеткен Ілиястың 1925 жылы Москвадағы Коммунистік журналистика институтына түсіп, өмірдің үлкен бір кезеңіне шыққандай қуанышты сәті еді. Орыс, Еуропа классиктерінің шығармаларын зерттей оқу, тексере үйрену тәжірибесі ақын талантының жарқырап ашылуына мүмкіндік береді. Қала өмірі, шаһар тіршілігінің ырғағы сезімтал жүрекке орасан зор ықпал етті.

1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров “Еңбекші қазақң газеті редакциясына қызмет істеп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына зор үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайраткері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдары Қазақстан жазушылар одағының төрағасы болды, 1935-1937 жылдарда көркем баспасында поэзия бөлімін басқарады, СССР Жазушыларының І құрылтайында сөз сөйлейді, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазушының М. Горькиймен шығармашылық байланысы, С. Сейфуллин, М. Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.

Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың құлагері атанған Ілияс Жансүгіров 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшырады. Атылды.

1937 жылға дейін ақынның жиырма шақты жинағы жарық көрді. Ілиястың осы жинақтарында өлеңдерінен мынадай екі жағдай анық байқалады: бірінші, оқушыға мәлім, Ілияс шығармаларының бір негізгі тақырыбы - ән, күй, жалпы көркем өнер мәселесі болған. Бұл Ілиястың бергі жерде тапқан тақырыбы емес, әуелден таңдаған, сүйген тақырыбы екенін көреміз. Оның “Бұлбұлғаң, “Әншігең деген өлеңдері осыны сипаттайды. Екінші, алғашқы адымында-ақ Ілиястың өресі биік, өрісі кең ақын екенін, дәл, жарасты сезуі, түюі, келелі ой-пікірі бар, соларға сай тілі бар, бояу, әшекей таба білетін суретші екені байқалады, оның өлеңдері көбінше ақыл-ойлы, бейне пернелі болып келеді.

Ілияс өзіндік таланты, ақындық стилі бар аса күшті ақын. Ілияс творчествосы, жоғарыда сөз болған лирикалармен шектеліп қалмайды. Ол кең тынысты кемеңгер ақын болды. Ақын мұрасының салмақты бір саласы - оның поэмалары. Поэма жазуда да ол өз бойындағы таланттың шексіздігін таныта алды. Тынысы кең, терең ойға құрылған, жаңа лепті поэмалар жазып, қазақ поэзиясын жоғары сатыға көтеріп әкетті. Өз халқының өмірін тереңінен толғап, өткені мен бүгінгісін түгел қамтыған шежіре жасады.

Ілияс творчествосының шыңы - “Далаң, “Күйң, “Күйшің “Құлагерң, “Бақытты Жамалң, “Қуатң, “Кеңесң поэмалары. Бұл аталған шығармалар ұлттық мәдениетіміздің, ата жырымыздың озық дәстүрін бойына сіңірген, философиялық ойларға кемел, тарихи болмысты кең қамтыған, халқымыздың өмірін дәл суреттеген әрі заты қазақ поэзиясын жаңа тарихи белеске көтерген, қайталанбайтын классикалық туындылар.

І. Жансүгіровтің ең алғашқы он жыл ішіндегі жиырмадан астам очерк, әңгіме, фельетоны 1933 жылы толық жинағының 2 томына енген. Бұлардың таңдамалылары бірқатар жаңа әңгімелермен бірге 1935 жылы “Жол аузындаң деген атпен өз алдына кітапша болып шықты.

Мұндағы очерктер мен әңгімелер негізінен 20-жылдардағы және 30-жылдардың баскезіндегі қазақ аулындағы әр түрлі жаңа құбылыстарды көрсетуге арналған, колхоз болып ұйымдасқан шаруалар мен жол салып жатқан жұмысшылардың еңбектері - Жансүгіровтің прозалық шығармаларының негізгі тақырыбы.

“Сталин колхозың, “Жаңа жолдаң атты ұзақ очеркте де жазушының өз көзімен көрген ауыл адамдарының қажырлы істері әңгіме болады. “Нұшаң, “1 майң, “Қойшы мен аэропланң т. б. әңгімелерінде қазақтың селт етпеген, меңіреу даласына еніп келе жатқан жаңа мәдениет, техника түрлері көріне бастайды. Жазушы сол дәуірдің жаңалығын көрсетуге тырысқан. Ой мүддесі, ынта-ықыласы өзгерген колхозшылар мен жұмысшылар - жазушының басты геройлары.

Әңгімеден арнаулы фельетонға көшкенде, Ілиястың қаламы төселіп сала берді. «Құқ» деген атпен дербес кітапша боп шыққан фельетондар жинағына жазушының осы сатиралық талантын танытарлық таңдамалы шығармалары енген.

«Жолдастар» романы - жазушының прозадағы соңғы туындысы. Роман «Бастау», «Ағын», «Толқын», «Тасқын» атты төрт бөлімнен тұрады. Онда 1910 жылдан 1937 жылға дейінгі қазақ халқының өмірі суреттелген.

І. Жансүгіров романы революцияны жырлаған, орыс пен қазақ халықтарының достығын паш еткен шығарма ретінде біздің мәдени тарихымызда елеулі орын алады.

Драматургия жанрында да Ілияс өзінің қабілетін сынап, соңғы бес-алты жыл ішінде «Кек», «Түрксиб», «Исатай-Махамбет» атты пьесалар жазған.

«Исатай - Махамбет» пьесасы жазушының драматургиядағы елеулі жемісі еді. Мұнда ол Исатай мен Махамбет секілді көтерілістің айбынды басшыларының образдарын драмалық поэзия тілімен жақсы жасаған.

Қазақ ақыны өзінің шығармашылық майданында ана тілінен ашылмаған көздерді аршыды. Әдебиеттің тың жанрларына жол ашты.

1. Орыс және батыс классиктерінің шығармалары Ілияс аудармасында.

Шаға білсең шақпақ тас от шашады. Айта білсең шындық та от шашады. Қазақтың: «қалауын тапсаң қар жанады», - деуі бекер айтылмаған. Тастан от алатын - құдіретті қол, шындықтан от алатын - құдіретті суреткер жүрегі. Тастан шыққан от тән шарпыса, суреткер жүрегінен шыққан от жан шарпиды. Ол адам бойындағы арамдықты, ездікті өртейді, арды, адалдықты әлпештеп, оған жарық сәуле түсіреді, жылылық береді.

Дүние жүзі әдебиеті тарихында адамзаттың көркем даналығы туғызған ұлы суреткерлер творчествосы - осының айғағы. Гейне, Пушкин, Горький, Лермонтов, міне бұлар өз заманының шындығынан от алып, әлем дүниесіне шұғыла жайған, адам жанына нұр төгіп, шуақ түсірген алыптар. Бұлардың әрқайсысы өз шоқысынан, өз биігінен жарқырайды. “Шам жарығы алдымен алысқа түседің дегендей, орыс, батыс әдебиетінің жарығы тек өз оқырмандарына ғана емес, өзге ұлт оқырмандарына да мол жеткендігін көреміз. Бұл өзге әдебиет жарық жұлдыздарының қазақ оқырмандарына жат емес, жақын екендігінің және ол өз алдына, тіпті қазақ жазушыларының өзінің көңіліне сәуле түсіріп, үлгі көрсететіндігінің белгісі.

Жиырма жылдық творчестволық жолында, әдебиетің әр саласында, әр жанрында өндіре жазып, мол еңбек еткен Ілияс Жансүгіровтың творчествосын толық қамтығанда, ізі өшпес, елеулі еңбектері аударма саласында болғандығын атап айту шарт. Ол поэзиялық аударма жолында өндіре еңбек етіп, артына өшпес ескерткіш жасап кетті.

Ілияс Жансүгіров орыс тілін кешірек үйренуіне қарамастан, орыс ақындарының, орыс тіліне аударылған шетел ақындарының өлеңдерін шөліркене оқып, өз көңіліне қонған, өзін сүйсіндірген шығармаларының кейбірін ана тіліне аударады. В. Маяковскийдің «Лениншілдер» атты өлеңін 1926 жылы аударып, "Жаңа әдебиет" журналының 1930 жылғы 1- санында, алғаш рет жариялайды. Содан былай қарайғы аудармалары күнделікті баспа беттерінде, жинақтарда басылып тұрады. Ол орыс жазушыларынан А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, И. Крылов, Н. Некрасов, Г. Державин, М. Горький, Д. Бедный, В. Маяковский, И. Уткин, А. Жаров, Н. Тихонов, А. Крайский т. б, шетел ақындарынан Г. Гейне, В. Гюго, Эжен Потье т. б, туысқан ұлт республика ақындарынан А. Тоқай, А. Лахути т. б. өлеңдерін аударады.

Ақын творчествосының қайнар бұлақ көзінің бірі - орыс әдебиеті. Бұл бұлақтан ақын әуелі Абай арқылы нәр алса, кейіннен орысша түпнұсқалардың өзін оқып сусындайтын болды.

Пушкин шығармалары бұдан талай жылдар бұрын, ақынның өлгеніне 100 жыл толуына байланысты кең көлемде аударылды. Бұл- ұлы Абайдың аудармасынан кейінгі, Пушкиннің негізгі шығармаларын ана тілімізде жасаудың басы болды. Осы жылдары қазақтың асқар ақыны Ілияста Пушкин шығармаларын аударуға жеңін түре кірісті. А. С. Пушкиннің үш томдық шығармалар жинағына енген Ілияс Жансүгіров аудармаларын аударудағы ақындық талабына түпнұсқадағы ойды дәл беруге ұмтылысы бірден байқалады. Пушкиннің «К. Чаадаеву» (Чаадаевқа) өлеңінің түпнұсқасы мына жолдармен басталады. :

Любви, надежды, тихой славы

Недолго нежал нас обман, -

Как ждет любовник молодой,

Минуты верного свидания,

  • деген А. С. Пушкин мәтінін І. Жансүгіров:

Үміт, сүю, паң, атақ

Алдаумен аз тұрғандай

Бітті біздің жас ойнақ

Түтін, таңғы тұмандай.

  • деп көңілі қамыққыш албырт ақынның романтикалық сарында жазған осы өлеңін Ілияс бұлжытпай аударған. Және өлеңнің ішкі сырын ұғынып, барлық нәрін толық жеткізе біледі. Түпнұсқа мен аудармада өлең өлшемі мен ұйқас өлшемі (шалыс ұйқас) бірдей берілген.

Пушкиннің 1827 жылы жазған «Арион» өлеңі қазақ тіліне «Арион» болып аударылды:

Біз қайықта көп едік;

Ұстап рульді

Бір кезде шулы көк дауыл

Толқын теуіп жөнелді…

Хұлла тонды малшынған

Күн шуаққа кептірген.

Көркем сөздің иесі Пушкинді, көркем сөздің иесі Жансүгіров те жете түсініп, меңгере билеп аударған. Алайда, кей жерлерінде сөзбе-сөз, жолма-жол беруге тырысып, осы күнгі оқушыға бейімделмей, түпнұсқаны қуалаймын деп қисық кеткені байқалады. Жоғарыда келтірілген аудармада, "И ризу влажную мою" - "Хұлла тонды малшынған" деп түсініксіз аударған. "Хұлла тон" қазақ ұғымына жат нәрсе. Жалпы, түпнұсқадағы "ризме" деп автордың айтып отырғаны, шіркеуде поп киетін жеңсіз шапан. Ал, аудармашы тілді өрнектеймін деп екі ұлтқа да жат ұғымды қолданған.

Аудармашы өлең туындысының сыртқы түрі мен пішінін ұлғайтып беруді өзіне бірден-бір принцип етіп алған. Олай етсе де, түпнұсқадан ауытқымай, керісінше, оны кең мағынада беріп отырған. Мысалы: "Обвал" (көшкі) өлеңін аударуда:

Қар буратып, қараңғы құзға шашырап,

Көпіріп көшкі, тау шулатып, сатырлап,

Дәл үстімде ұшқан қыран саңқылдап

Күңренед таудың ағашы

Толқынды күн қараңғыда жарқылдап

Тұр жоғары тау басы.

Көлемі жағынан сәл ұзағырақ түпнұсқаға алшақ тәржіма болып шықты. "Қар боратып" (взвихрив снег), "шашырап" (разбрызгивая), "сатырлап" (сотрясая, грохоча) т. б. сөздер аудармашы жанынан қосылған. Ал, енді өлеңнің тақырып аясына келетін болсақ; "обвал" сөзінің қазақша тура аудармасы "опырылып құлау". Осыны Ілияс "көшкі" деп, мағынасы мен мазмұны терең етіп әрі қазақ топырағына сай етіп шебер аударған.

"Храни меня, мой талисманды" "тұмарым" деп аудармашы тәржімалаған. Аударманы оқи отырып, Ілиястың ақындық шеберлігін аңғаруға болады. Ол автордың сөз ырғағын ұйқас ерекшеліктерін тура бере отырып, еркін аударған. "В день печали" - "тар күнімде, опықпа" деп тамаша аударған. Алайда, "опықпа" сөзі түпнұсқада жоқ болғанымен, өлеңнің мазмұнын ашуда жақсы келтірілген.

Сөйтіп, Ілияс Пушкин өлеңдерінің ұйқасын, сөз байлығын, ой тереңдігін, өлең ішіндегі көңіл күйін, суретші ырғақ тынысын, орысшасында жалындай маздап, шарқ ұрып тұрған сөз келісімін жүдетпей, қысқасы, ақынның стилдік ерекшеліктерін дәл түсіруді өз аудармаларына негізгі принцип етіп алады. Демек, Ілияс поэтикалық аударманың ең негізгі, басты принципін сол отызыншы жылдардың өзінде-ақ дұрыс қоя білген. Осы бір жаңашыл, мүлде дұрыс, тура беталыстың игі әсерін Ілиястың кез-келген аудармасынан байқауға болады.

Майталман аудармашы 1935 жылы шыққан "Күй" жинағына Пушкиннің "Гавриилиадасын" (Жәбірейілнама) поэмасын аударып енгізген. Бұл шығарма орыс тілінің бар байлығын бойына жинаған, әрбір сөйлемі ел аузында мәтел болып кеткен зор монумент. Бірден мұны қазақ тіліне көңілдегідей етіп бере қою да оңай сауда емес! Әрине, бұлар мезгілінде таяқ жеп, осы күні өлген аудармалар. Кейінгі үрім-бұтақ солардан сабақ алып, өз заманына сай етіп қайта-қайта аударып келеді. Оларды жеріне жеткізгенше аудара беру игілі іс.

А. С. Пушкиннің:

Шестнадцать лет, невинное смиренье,

Бровь темная дух девственных холмов -

Под полотном упругое движенье,

Нога любви, жемчужный ряд зубов.

деген шумағын ақын І. Жансүгіров:

Момақан күнәдан пәк, он алты жас,

Меруерт тіс, сүйкімді аяқ, қоңырқай қас.

Көкіректі көтеріңкі көрсеткендей,

Қозғалар қос қыз алма болар болмас

деп аударады. Осы жолдарды 1949 жылы ақын Қалижан Бекқожин:

Мүләйім, он алты жас, күнәдан пәк,

Қоңыр қас, меруерт тіс, мінсіз аяқ,

Қозғалған әрең ғана кеудесінде

Томпиған қыз алмасы қос құздай-ақ,

деп береді. Қазақ тіліне аударылған осы екі үзіндіні тексеріп өтелік. Ілияс "невинное смиреньені" "момақан" десе, Қалижан оны "мүләйімсітіп" - өте мекер етіп жібереді. "Под полотном" екеуінде де жоқ, алайда, оның жоқтығы білінбей кеткен. Ілияс "двух девственных холмовты" "қос қыз алма" - деп әр біреуін жеке түбірінде алып, біріне-бірін қиюластырмай жасанды сөз тіркесіне барған, олай етпесе буыны артылып кетеді де, өлең құрылысы бұзылады, ал Қалижан "қыз алмасы қос құздай-ақ" деп ұйқасын келтірген, бірақ "холмды" "құз" деп түсіну өрескел шыққан. Ал, енді "упругое движениені" - "қозғалған әрең ғана" деген соң "құздай-ақ" деу сезу мөлшерінен сырт кетеді. Құздың қозғалуы да қиын ғой! Бұл жерде Ілияс болар болмас деп ұтымды айтқан тәрізді. "Қос құздай-ақ" дегенде епетейсіз үлкен емшек көз алдыңа келеді. Құдай сүйген Марияның қос алмасын - қос құздай демей, иттің басына теңеудің өзі де сол құдайдың жүрегін айнытуы мүмкін. Оның бер жағында қазақ оқушылары орыстың ұлы ақынына мін тағуы да кәдік. Әйтеуір екеуі де еркін кетпеуге тырысқан. Кемшілігі болса да адал еңбек жасаған.

Шынында да орыс әдебиетінің бүгінгі таңдағы шалқар өрісін, ұлттар арасындағы керемет беделін, шексіз тәрбиелік мәнін айтар болсақ, оны ештеңемен салыстыруға болмас еді. Орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне тигізген әсерін, ұстаздығын, көмегін сөз қылғанда, көбіне-көп Горький, Маяковский, Некрасовтың есімдері аталады. Қазақ халқының асқар ұлы Ілияс та Горький мен Некрасовты ұстаз тұтып, олардың шығармаларының қазақ тіліне аударылуына жетекшілік етті.

І. Жансүгіров орыс тілін ептеп біле бастасымен М. Горький шығармаларын ерекше зейін қойып оқиды. Оның "Сұңқар жыры", "Дауылпаз жыры" сияқты ұлы дауылға шақырған, күреске үндеген бұл шығарманы І. Жансүгіров жаттап алып, қазақ тіліне аударады. М. Горький мен І. Жансүгіров екеуі талай кездесіп, әңгімелескен, әсіресе, СССР жазушыларының съезі үстінде Алексей Максимович үнемі жазушылар арасында болды.

Мен бір жолыққанда, - дейді І. Жансүгіров, - Алексей Максимовичке қазақ жазушыларының кітабын беріп отырып, өзім аударған "Дауылпаздың" қазақшасын оқып бердім. Ол өте ықыласпен тыңдады. Мен оқып болған соң қолымды қысып тұрып:

  • Мен сіздің тіліңізді білмесем де мені ұққандығыңызды сеземін, - дейді. Мен өте өршектеніп қалдым [3, 1] .
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті және аударма саласының дамуы мен зерттелуі
Аударма өнері – идеология майданындағы зор құралдардың бірі
Авторлық стиль және мұхтар әуезовтың көркем аудармалары
Қазақ-өзбек әдеби байланыстары
Аударма өнері және көркемдік – эстетикалық, шеберлік проблемалары
МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
Тәржіма тағылымы
Ояну дәуіріндегі қазақ әдебиеті
Абай және аударма өнеріндегі рухани үрдіс
Абай мен Пушкин шығармаларындағы үндестік
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz