Ботагөз романындағы диалог үлгілері
Мазмұны
КІРІСПЕ 1
С.Мұқановтың "Ботагөз" романындағы диалог үлгілері және оның характер
танытудағы ролі 3
1. Кейіпкер тілі - характер бағалау тәсілі. 3
2 Ботагөз романындағы диалог үлгілері 23
Әдебиет 25
КІРІСПЕ
Қазақ ұлттық әдебиетінің мұрасы мол, сөз жетпес ұшан-теңіз. Әр
дәуірдің кез-келген туындысы өзінше қызықтырады және бір ауқымды зерттеу
жұмысының тақырыбы бола алады. Әсірісе, ХХ ғасыр ұлт әдебиетіне өнегесі мен
тарихи ғибраты зор туындыларды дүниеге әкелді. Осы дәуірдегі қазақ
әдебиетінің ірі жеңісі болып табылатын мәртебелі туындыларының бірі -
Сәбит Мұқановтың "Ботагөз" романы.
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің дамуына, кемелденіп жетілуіне
едәуір үлес қосқан, "бір өзі бір библиотека кітап жазған" (Ғ.Мүсірепов),
"алыптар тобының" айтулы өкілі, ұлттық әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларының
бірі -
С.Мұқановтың прозалық, поэзиялық, драматургия саласындағы туындылары
көптеген зерттеу жұмыстарының объектісі бола тұра, әлі де қалам
тартпаған, ой қозғамаған, зерттеушіні талап ететін, қарастырылмаған
тақырыптарға толы. Соның бірі осы дипломдық жұмыстың тақырыбы ретінде
алған мәселеміз - "С.Мұқановтың "Ботагөз романындағы диалог үлгілері".
Жазушы шеберлігіне байланысты кейіпкер сомдаудың әр түрлі әдістерін
қолданылады. Кейіпкердің төл сөзі (монолог) мен өзге кейіпкерлермен қарым-
қатынасқа түскен кезінде ішкі ой-толғаныстарының кейіпкер тілінде
көрініс табуы (диалог) адамды бейнелеу құралдарының ішінен (портрет,
мінездеме, т.б.) ерекше орын алады. Басқа амал-тәсілдердің барлығы
кейіпкер туралы тек жанама түсінік береді.
Диалог - қаһарман бейнесін ашудың, характер жасаудың, адам қоғамын
жете түсініп, біліп, танудың көркемдік құралы. С.Мұқанов романдағы
кейіпкерлердің (Асқар, Ботагоз, Амантай, Итбай, Бүркітбай, т.б.) бейнесін
ашуда осы тәсілді қаншалықты ұтымды қолданғанын және кейіпкер бейнесін
сомдауда диалогтың ролін анықтау - жұмыстың негізгі міндеті болып табылады.
Себебі, диалог энциклопедиялық анықтама бойынша тек екі адамның сөйлесуі,
пікір алмасуы, әңгімелесуі ғана емес, диалог - екі мүлдем бөлек жан-
дүниелерінің, айрықша көзқарастар мен дүниетанымдарының тоғысуы. Сондықтан
да біздің алдымызға қоятын мақсатымыз - әр түрлі диалог үлгілерін келтіре
отырып кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы арқылы олардың жан
дүниесіне саяхат жасап, характер ерекшеліктерін айқындау.
Осы мәселені қарастыруда бірінші ретке диалог терминінің табиғатын
ашып, жазушының түрлі амал-тәсілдердің қолданылуында диалогтың орнын
белгілеуді жөн көрдік. Содан соң, негізі бөлімнің мазмұнында романдағы
кейіпкерлердің тілі жайлы әңгімелеу барысында, сан алуан диалог үлгілері
арқылы негізгі қаһармандар тұлғасының сюжет желісімен дамып өсуін, тарихи
жағдайдың ықпалымен әлеуметтік-саяси ортада характертерлердің шыңдалып,
қалыптасуы туралы айтылады. Сонымен қатар, жазушының "Ботагөз" романының
композиция құрылымында, сюжет өрбуінде қарама-қарсы характерлердің
(Амантай - Итбай, Асқар - Алексей Кулаков, т.б.), әр түрлі тап өкілдерінің
(Сарыбай, Кенжетай, Бүркітбай, т.б.) мүдделері келіспейтіндігін, қарама-
қайшылықтар тууына себеп болатын факторлардың түп негізі тек диалогта
көрініс табатындығы жайлы, және осы ретте мүдделер тоғысуын диалогтан
басқа ешқандай амал-тәсіл ситуацияны ашып бере алмайтындығын ескеріп, кез-
келген көлемді шығармада бұл тәсілдің ауадай қажеттілігін, зәрулігін айту
негізгі бөлімнің міндетіне жүктеледі. Қорытындыда алдыңғы бөлімдердегі
пайымдау мен баяндауларды саралай келе, Сәбит Мұқановтың кейіпкерлер
бейнесін ашуда, характерлер ерекшеліктерінің әр түрлі қырларын, бір-
бірімен қарым-қатынасын диалог тәсілін қолдана танытудың нағыз шебірі
екені туралы ерекше айтылып кетеді.
Мы разговариваем с собеседниками, которые нам отвечают, -
такова человеческая действительность.
Э.Бенвенист
"ХХ ғасыр реализмі бізге қарапайым өмірдегі адамдар секілді сөйлейтін
кейіпкер бейнесін ұсынады" дейді Л.Гинзбург ("О литературном герое",
Ленинград,1979.). Бірақ осы тұжырымды тура түсінуге болмайды, себебі
әдебиеттегі сөз ешқашан тіршіліктегі сөзді сол қалпында қолданбайды. Жазушы
кейіпкер сөзін белгілі диалог не монолог формаларында келтіріп, әдеби
тілінің нормаларын сақтайды. Сондықтан, шығармада кейіпкер сөзі әрдайым
көркем сөзбен бейнеленген сөз болып қалады. Бұл орайда біз, біріншіден,
шығарма тілі жайында айтып кетіп, содан кейін оның аясында кейіпкер тілін
қарастығанды жөн көрдік. Себібі, тіл - әдеби туындының көркем образдар
жасау құралы.

танытудағы ролі
1. Кейіпкер тілі - характер бағалау тәсілі.
Диалог теряет смысл,
если он не высвечивает,
не раскрывает того, что происходит
в душе человека.
М.Бахтин
Қазақ романындағы диалог жасау өнерін жете тану үшін ұлтық
классиктер өнегесін аттап өтуге болмайды. "Шығармадағы іс - әрекеттің өрбіп
барып, белгілі бір белеңге шыққан кезенде көп астарлы, қат-қабаттың түйінін
айтатын сайыс сөз жазушының тіл байлығына да, алынып отырған тартыс пен
қаһарманның ақикаттығына да сын. Диалог - айтпауға болмайтын , жасыруға
келмейтін қажеттілікті жария етуге тиіс"( Р.Бердібаев "Қазақ тарихи
романы". 91-бет.) , - деген сөз "Абай жолы"эпопеясында М.Әуезов ұстаған
принципке де айғақ.
"Әуезов диалогтарының психологиялық қуаты мол, олар персонаж ойы мен
сезім қозғалыстарын бедерлейді. Кейіпкер сөзі дараланған, характерге сай
және сонымен бірге нақты бір жағдайды көңіл күйлер сипатын береді.
Диалогтар қаһармандардың әр алуан көзқарасын , өмір қубылыстарына деген әр
басқа қарым - қатынастарын танытады" ( З.Ахметов "Поэтика эпопеи "Путь
Абая" в свете истории ее создания". стр. 80). ХІХ ғасырдағы қыр
өміріндегі сөздің ұлы күшін шын мәнінде көрсете білуде зергер суреткер өз
драматургиясында кеңінен байқалған лаконизм және орасан шешендік сапаларын
мінез, дүниетаным сипаттарын даралап ашуға қас шеберлікпен пайдаланады.
Ғ.Мүсірепов творчествосында диалогтың икемділігі, психологиялық
мақсаттарға арнайы құрылуы басым көрінгенін білеміз. Қаламгерді
ерекшелейтін - "диалог - деталь" Ғ.Мүсірепов прозасындағы Бейімбет Майлин
дәстүрінің терең іздерін танытады. Шағын жанрларда, тіпті " ...уақиғаның
басталуы, шиеленісіп, дамуы, шарықтау шегі, шешілісін"
( Б.Наурызбаев "Қазақ прозасындағы Б.Майлин дәстүрі. 34-бет.) толық ашып
беретін диалогтың қарапайым шаруа, шолақ белсенді, аяр болыс, кісімсінген
оқығанның жан әлемі, характер құбылыстарын тапқыр, нақты репликаларымен
нанымды суреттейтінін білеміз. Б.Майлин замандастары өмір сурген дәуірді
бейнелейтін Ғабиден Мұстафиннің "Дауылдан кейін" романында адамдар
психологиясын тап басатын, юморлық мәні айқын тілдесу сәттері жиі
кездеседі. Әрине, бұл суреткерлердің жоғарындағы принциптік бағдарды жеке
творчестволық, стильдік оқшаулықпен дамыта түскені, кемеліне келтіргені
күмән тудырмаса керек. Үйрену, үндесу шақтары қай қаламгердің болмасын
көркемдік әлемін байытып отырары даусыз.
"Ботагөз" романы сахара өңіріндегі ұлы төңкеріс қарсаңындағы
халық өмірін бейнелеумен басталып, жалпы одақ көлемінде Кеңес өкіметінің
орнауы кезінің тарихи жағдайын суреттейтін көлемді шығарма болған соң,
романдағы көркемдік уақыт Асқар, Ботагөз, Амантай, Кузнецов, Бүркітбай,
Итбай, Кулаков, Мадияр сынды діңгек кейіпкерлердің характер қырларын,
дүниетанымдық ізденістерін әрекеттік сфера арқылы мейлінше сенімді ашып
көрсетуге жағдай тудырады. Заман әсері адамдардың мінез-құлық, ынта-аңсарын
толық билеп, қоғамның саяси-әлеуметтік, моральдық-этикалық келбетін
кескіндейді. С.Мұқанов өз кейіпкерлерінің бейнесін мейлінше толық ашып,
характерлердің қыр-сырларын таныту үшін шығарманың өне бойында диалог
тәсілін шеберлікпен мол қолданады. Жазушы кейде романдағы оқиғаларды
жалаң баяндаудан гөрі сол жағдайды кейіпкерлердің өздеріне баяндатуды жөн
көреді. Сондықтан тіпті екі адамның сұхбаты шығармадағы оқиға желісін
өрістетіп қана қоймай, тартыстардың шешіміне әкеледі. Өмірдің өзі сөз,
әңгімеге негіз болатын іс-әрекеттерден өсіп, өрбіп келіп, диалогтардың
шығармадағы сюжеттік функциясын атқаруға міндетін жүктейді. Бірақ
әңгіме негізінде белгілі бір хабар, мағлұмат жатқан соң, әркім оны
әртүрлі айтып , әр түрлі қабылдайды ғой. Сондықтан кез келген
репликалардағы мағынаның түбінде кейіпкердің психологиялық ой-санасының
астары жатады. Осы ретте қаһармандардың сөйлеу мақамынан мінез, көңіл-күй
нюанстары сезіледі. Бұл орайда С.Мұқанов персонаж болмысына тән іс пен
сөздің диалектикалық бірлігін сақтауға тырысқан.
Мәселен, роман тартысында шешуші роль атқарған үстем тап өкілі
Итбай болыстың персонажын алайық. Жазушы кейіпкер келбетін ашуда
портреттік мінездеме бермейді, ол диалог тәсілін қолданып, кейіпкерге
баға беруді оқырманның өзіне ұсынады.
"- Сөйле!- деді Итбай Амантайға, қымызды ішпеуін ұнатпай, тез кетсін
дегендей ғып.
- Губернатордың қай күні келетінін білейін деп келіп ем.
- Оны қайтесің?
- Айтатын арызым бар еді.
- Не арыз?
- Мына қар аяғы жіби, жерімізге қала келіп түскелі отыр. Барар жер,
басар тау жоқ. Мұңымызды шақ деп ел жұмсады.
- Жер қазнанікі емес пе?- деді Итбай.- Алам десе еркі.
- Ел қазнанікі емес пе?
- Сонда осы жер туралы губернатор сенімен тілдеседі деп ойлайсың ба?
- Е, неге тілдеспесін. Ұлығымыз емес пе, бағын отырған елі емеспіз
бе? Мұңымызды кімге шағамыз, оған айтпағанда?
- Арызшыл болсаң Омбыға барып берерсің. Мен үйіме келген қонағымның
мазасын алғызбаймын. Маңыма жолаушы болмаңдар..." (68 бет.)
Осы диалогтан болыстың қарапайым елдің емес, өзінің қара басының
қамын ойлайтын менмендігі басынсынған кейпін көруге болады. Ол
губернатордың келуіне мансаптанып, көкірегін керіп, елдің қамын ойлап,
алдына келген Амантайды жақтырмай, жөнмен сөйлесудің ретін көрмей, оған
"оны қайтесің?" , "не арыз?" секілді сұраулы формада кысқа жауап
қайтарады. Бұл, әрине, Итбайдың тар пиғылдығының анық көрінісі болып
табылады. Сонымен қатар, жазушының болыс репликаларында сөйле, барып
берерсің, алғызбаймын, маңыма жолаушы болмаңдар сықылды бұйрық райлы
етістіктің қолданылуы да бекер емес. Ол Итбай персонажы арқылы үстем
тап өкілдерінің өзінің қарамағындағы кедей шаруа халқына деген көзқарасын
білдіргісі келген. Ал диалогтың негізгі түйіні қай кезде болмасын
қолында азғантай биліктің көлеңкесі бола тұрса да, өзін жердің кіндігі деп
санап, ел тағдырына немқұрайды қарайтын Итбай сияқты қу басшылардың жер
бетінен азаймайтындығында жатыр.
" - Әй, қайда барасың? - деді оған таң қалған Итбай.- Жаңағы сөзге не
айтасың?
Амантай үндемей аяңдай берді.
- Әй, тоқташы!- деді Итбай түрегеп.- Сен де, мен де бала емеспіз!
Мен сені кісі деп сөз айтсам, сенің мұның қалай, тұра жөнелгенің?
- Мен бұл іске кірісе алмаймын!- деді Амантай, Итбай соңынан жүрген
соң тоқтап."(130 бет.)
Мына диалогта Итбайдың Амантаймен әңгімелесуі тіпті қарама-қарсы
сипатта өрбиді. Жоғарыда келтірілген мысалда болыс Амантайға ылтипатын
білдіре қоймаса, енді өзі араздасып жүрген адамына келіп, көмек сұрауға
мәжбүр болып отыр. Ситуация өзгерді - дүние алма-кезек. Бірақ, дауыс
интонациясы өзгергенімен, мейлінше жылы сөзбен Амантайды айналдыруға
тырысқанымен, Итбай қанына сіңген қараниеттіліктен, мақсатына жету жолында
бар амал-тәсілдерді қолданып, керек деген адамын пайдаланудан арылмады.
Амантай болыстың қулығын сезеді де, Итбайдың уыздай жас Ботагөзді екі
әйелі үстіне алуға іштей қарсы болып, не болса да болыс ойының аспауына
қолынан келгенше амал жасауға бел буады. Келіспей келт бұрылып кетеді. Бұл
эпизод екі қарама-қарсы характердің жаңаша көрініс табуына себепші болады.
Бірі - екіжүзді, зым-зымиян зұлым иесі Итбай болыстың келбеті болса,
екіншісі - қарапайым, адамгершілігі мол, әрдайым әділеттілікті талап
ететін Амантай тұлғасы.
Бір өзі дара тұрғанда, адамның мінезі , сыр-сипаты, толық
ашылмайды, тек қайшылыққа толы күрделі тарихи кезеңдерде кейіпкер
характерінің бедерлері айқын көріне бастайды.
" Сандықтың аузын аша бер, әке!" деген еді Итбай Байсақалға, Қотыркөлге
аттанарда.
" Неге, шырағым?"
" Ақша түседі"...
" Неден, шырағым?"
" Жұрттан".
" Не ақша?"
" Баласын қалдырам десем, ақша түгіл кеудесіндегі жанын берер..."
----------------------------------- ----------------------------------- --
------------------
" Егер,- деді баласына,- реті келсе елдің көбін босатып алып қалсаң
қайтеді? Содан кейін малын кім аяйды дейсің?"(243- бет)
Бұл патшаның 16 июль жарлығынан кейінгі ауыл жағдайының қиын
кезеңін суреттейтін эпизод. Халық басына ауыртпалық түскен кезінде қазақ
жігіттерінің жағдайын жеңілдету орнына Итбайдың әкесі Байсақалмен ашықтан-
ашық "адам саудасын" жүргізуі болыстың баю, патша өкіметіне жағу
мақсатында түрлі зорлық, арсыздық әрекеттерге баруы оның шынайы арамза
келбетін көрсетеді. Елдің қамын ойламайтын, халық тағдырымен санаспайтын
оңбаған болыс сорлы Ботагөздің тағдырымен санасады ма? Дүниеқоңыз Итбайдың
ойында тек ақша, мүлік. Ботагөздің да сүймейтініне қарамастан,
адамдардың барлығы ақша десе арын да сатып жібереді деген ойда жүрген
арсыз, опасыз болыстың қаз кейпін Қожантаймен әңгімесінің үзіндісінен көре
аламыз.
"- Апыр-ай десейші, алтынға қолын малып отыратын реті бар ғой осы
үйде.
- Енді ме, егер осы босағаға дәм жазып келе қалса, саптыаяқтан су
ішкізермін ол мұндарға.
- Сол қыз закөншік дейді. Орысша недәуір оқып тастаған қыз болса
керек...
- Ә, қойшы сондай сөзді!- деді Итбай кейіп,- закөншік!.. Неткен
закөншік?.. Закөн осы күні мынада! (Итбай қалтасын қақты)" (201-бет)
З.Қабдоловтың "адам сөйлесе, сөзінен-ақ оның кім екенін білуге болады"
дегені тап осы үзіндіге сәйкес айтылған пікір деуге болады. Жазушы үстем
тап өкілдерінің заңға сенбейтін, заңға бағынбайтын, жұртқа өз дегенін
істеткізіп, көнбесе, еш қара істен бас тартпайтын, әділетсіз залым
әкімдердің шынайы келбетін Итбай арқылы суреттейді.
Күнәсіз елді қанау, күштеп көндіру, жәбірлеу Итбайдың ата-бабасынан
бері қанына сіңген үйреншікті әдет. Бірақ бұл жағдай оның ырқына көнбеді.
Сондықтан Ботагөздің оңайлықпен қолға түсе қоймайтындығын сезген Итбай оны
қолға түсіру үшін талай айла-шарғы жасайды. Алдымен араға Амантайды салмақ
болады. Ол ойы жүзеге аспайды. Ағалары Балтабек, Кенжетайлар да ырық бере
қоймайды. Сосын берсе қолынан, бермесе жолынан деп жауыздыққа көшеді. Жала
жауып, ағаларын айдатып, арқа сүйері қалмаған Ботагөзді күштеп алып қашуға
жігіттерін жіберейін деп тұрған кезде, айдаудан аман-есен оралған Асқар
келіп қалады. Енді Асқардың ойдағы ісіне бөгет болмасын деп, бар айласын
салып, одан құтылу жолын іздейді. Осы кезде болыстың екіжүзділігі мен
айлакерлігі көрініп қалады.
"- Атай көрме! Біздікіне келгесін малдың басын жемей, о не дегенің? Бір
мал деппін-ау, өзің мұнда біраз күн жататын шығарсың?
- Жоқ, жүрем.
- Е, оның қалай? Дәмдес үйің. Аунап-қунап жат.
- Асығыс ем, рақмет!
- "Неге келдің?" деген кісідей жолыңды сұрап мазаңды алмайын дедім.
Жолың болсын!" (202-бет)
Итбай, біріншіден, Асқардың келген жөнін іштей білгісі келіп, оның
қалай? неге келдің? деген сұрақтарды қойып, мазасыз жайда болса да,
екінші жағынан, келуінің себебі Ботагөз екенін сезіп тұрып, өзінде бөгде
ойының барын мейлінше көрсетпеуге тырысады. Ішіндегі қорқыныш пен алай-
дүлей сырларын да білдіргісі келмей, жалған қонақжайлылығымен өтірік
жағымпазданып, болмашы әңгімемен Асқардың басын айналдырғысы келді. Осы
диалог үлгісінен байқайтынымыз - Итбай бойындағы өтірік жағымпаздану,
екіжүзділік, қорқақтық, қараниеттілік сықылды жағымсыз мінез-құлығының
барынша көрініс табуы.
Сондағы Итбайдың сыпайлығы, жылы сөздері мен ыстық ілтипаты, әрине,
Асқарды таң қалдыра қоймайды. Итбайдың өзіне іштей наразылығы бар болғанын
білгенімен, болыстың осыны ашық білдірмеуін Асқар әлі күнге дейін түсіне
қойған жоқ. Бұл да Итбай жағынан жайдан-жай әрекет емес, ол болыстың
пайдакүнемдігінің белгісі. Осыны автордың өзі романда былай деп
түсіндіреді:
"Байсақал Итбайға бір Асқарға бір қарап жаутаңдап қалды. Бұрын Итбайдың
да, Асқардың да бір-біріне бұлай қырғи қабақ қарасқанын Байсақалдың көзі
шалған жоқ еді.
Байсақал Асқардан қорқатын еді. Ол, тегі. жалпы орысша білетін кісіден
қорқатын. Оның ұғымында: орысша білетіндердің бәрі - заңшыл; әрбір заң
білетін адам қауіпті. Сондықтан Асқар ренжісе, ретін тауып Итбайды ақсатар
деген оймен Байсақал өзі де Асқарға жалпақтап, өзгеге де оны сыйлатуға
тырысатын." (41-бет)
Бұл романнан үзіндіні біз бекер алып отырған жоқпыз. Кейде кейіпкер
характерін ашуда диалогтан кейінгі автор ремаркаларының да рөлі зор болады.
Осы ретте Байсақал мен Итбай бір тап өкілдері болған соң, Асқарға қатысты
көзқарасының түп негізі белгілі болып отыр. Бірақ С.Мұқанов кейіпкерлердің
бір-біріне деген көзқарасын айқындауда жалаң пайымдаудан гөрі басқа
кейіпкердің сөзі арқылы беру тәсілін жөн көреді.
"Асқар "заттар табылды" деп сүйінші сұраудан бұрын Шербанидзе бұндай
сұрау берсе, Итбай жамандай жөнелген болар еді; сүйінші қуанып сұраған
сияқтанған Асқарды жамандауға қимай:
- Жаман жігіт емес,- деді ол.
- Ә, солай ма? Бірақ өзін, байларды жек көреді, кедейді жақсы көреді
дейді ғой.
- Ондайы бар,- деді Итбай, Шербанидзенің ол сөзіне мән бермей." (182-
бет)
Бір жағынан, Асқар мен Итбай ешқашан ашықтан-ашық сөзге тіреліп
қасарыспағандықтан, екінші жағынан, Асқар өзіне керек адам
болғандықтан, олардың екі мүлдем басқа тап өкілдері болғанына
қарамастан, іштей Итбай оны сыйлайтын. Бірақ олардың ойлары, дүниетаным-
көзқарастары алшақ бір нүктеден шықпайтындықтан, Асқар мен Итбайды тіпті
келіспейтін екі антипод деуге болады. Асқардың сенетіні мемлекеттік заң,
ұждандық әділет болса, Итбайдың сенетіні заң ұстаушылардың арам құлқыны,
шығу тегінің "биіктігі".
Омбы семинариясында оқып білім алған ауыл мектебінің мұғалімі -
Асқардың Итбай әрекетіне көзқарасы объективті және субъективті мотивтердің
терең бірлігімен көрініс табады. Қоғамның алдыңғы қатарлы саналы азаматы
ретінде ол ескі феодалдық салттың озбырлығына, қалың елді тұмшалаған
надандыққа күйінсе, Ботакөзді бозбалалық сезіммен ұнатса да, қызды
жастығына, сәби мінезділігіне қарай әлгі ойына қимайтын Асқар өз ниетін
жасыра тұрып, азулы болыс қылығына наразы болады. Осы мәселеге байланысты
елге келген Мадиярды әділет, ақыл иесі санап, Итбайдың жебірлігін мұң ғып
шағатын Асқар әдепкі көңілінен айнып қалатындай.
"- Әрине солай, Итекең сияқты байларға тамақ көбі рас. Бірақ, біз
қуанып ішетін сол тамаққа, біреулер жылап қарайды, бұның сонысы жаман.
- Ол кім?- деді Мадияр Асқардың сөзіне түсінбей, оған сүзіле қарап.
- Кім болсын: кедейлер! Итбайдың малы - кедейдің көз жасынан
құралған жоқ па? Ата-бабасынан бері қарай күні бүгінге шейін момындарды
зарлатып, жеп келеді. Зорлықтан айнитын Итбай жоқ, жеген сайын өшіге
түседі." (95-бет)
Мына диалог үзіндісі Асқар мен Мадиярдың алғаш тілдесуі болғанына
қарамастан, екі сұхбаттасушының да күрделі тұлға екені және әрқайсысының
да характер ерекшеліктері айқын байқалады. Асқар - халық үшін жаралған,
туған жер мен туған елінің хал-жағдайына немқұрайды қарамай алмайтын,
қамқор, жанашыр азаматы ретінде көрінсе, Мадияр - үстем тап өкілдеріне
жақындығы бар, тегінде ел қамына бейтарап көзқарастағы, "ұлт жайын"
ойлайтын интеллигенция өкілі екені айқындалады.
Және де, ол Асқардың күйініш сезіміне ортақ адам емес екені кейін ғана
белгілі болады.
"- Жесе жейтін шығар,- деді Мадияр өкпелетіп алармын дегендей,- ең
алдымен қазақ халқы, ең зор жеушіден құтылу керек, сонда ғана көзі ашылады.
- Ол кім?
- Орыс!- деді Мадияр шегелей сөйлеп.
- Орыстың кедейін жеуші жоқ па?
- Бұл өз пікірің бе?- деді Мадияр төне қарап.
- Олай деп неге сұрадыңыз?
- Жай, көлденең біреуден естігенің бе дегенім ғой.
Асқар ол сөзді ауыр алды.
- Бұлайша айтуыңыз: мені бұрын танымағандыңыздан ғой деймін. Ақылым
көп, я аз деп не дейін, бірақ кісі сөзін айтатын менің аузым өрген емес.
Мен өзімді, шамамша, өз пікірім бар деп түсінетін жігітпін.
- Ренжіп қалдың ғой, Асқар, менікі зілсіз сөз еді" (96-бет).
Жазушы кейіпкерлердің басты саяси мәселеге көзқарасын екеуі де
қаламаған дау үстінде, характер ерекшеліктерімен қоса бейнелейді. Мадияр
дұрыс сұрақпен жалтарады, Асқардың тәжірибесіздігін пайдаланып, қазақ
шонжарларының қиянаттарын орыс ұлықтарының парақорлығын еске алумен
ақтағысы келеді. Сөзінде ұлтаралық қайшылық тудырып, кінәнің бәрін соған
артпақ болады. Сонымен бірге Асқарды біраз түрткілеп, өз тобына қоспақшы
ойы да пайда болады. Бірақ күткен жауабын естімегенге таңырқаған Мадияр
Асқар сөзіндегі социал-демократиялық бағытты сезе қалып, жігіттің партияда
бар - жоғын анықтауды мақсат тұтады. Репликалардың шағындығы мен
интонациялық көтеріңкі леп мәселеге қатысты персонаждар жан дүниесіндегі
терең әсер-сезімді топшылатады. Мадияр, расында да, Асқардың өзі сияқты
қарсыласын ренжіткісі келмейді. Кейіннен оның бастапқыдағы ұстаздық
биігінен сылқ ете түсуіне қарағанда, мінезінің майысқақтығы, жеке басы да
біреулердің ықпалында екені танылады. Асқар "зиялы" ағаны сыйлай тұрса да,
намысқой, өр мінезінен таймайды. Ол біреудің үйретуімен емес, дара
тілегімен өзінің жеке пікірінің саналы түрде қалыптастыра бастаған
дүниетанымдық ерекшелігін жоғары бағалайды. Бұл эпизод - жігіттің қайыспас
қайсар характерінің қалыптасуындағы, қоғамдағы өз орнын таба алатын дара
тұлға ретіндегі рухани эволюциясын көрсететін қаламгердің орынды табысы.
Алғашында Итбай ауылына тек мұғалімдік қызмет атқарамын деп келген
Асқардың бар арманы - білім шырағын жағып, халықты надандықтан арылту,
және сол арқылы бақытқа жеткізу ойы ғана болса, өзін саясаттан алыс адам
деп санап жүрген жас жігіттің Кузнецовпен танысқаннан кейін дүниетаным-
көзқарастарының саяси бағытқа бұрылып кеткенін өзі де сезбей қалды.
Асқардың саясатқа бейім екенін оның мінезінде нағыз іскер адамның
қасиеттерінің табылуы дәлелдейді. Осыны біз Балтабек үйіндегі Асқар мен
Кузнецовтың алғаш рет сұхбаттасуы арқылы көре аламыз.
"- Кешіріңіз,- деді ол, шылым бұрай бастаған Кузнецовқа,- мен сізді
білетін сияқтымын.
- Қалай?- деді Кузнецов.
Асқар Омбыда болған оқиғаны қысқаша еске түсірді.
- Сондағы сіз бе едіңіз?- деді Кузнецов.
- Иә, мен едім, Григорий Максимович.
- Ендеше неге амандаспадыңыз менімен?
- Кешіріңіз, танып алмай бас салуға қымсындым. Қол алысуға рұқсат
етіңіз!- деп Асқар түрегелді.
- Кешірілмейтін іс,- деді Кузнецов та түрегеп, қолын ұсынып.-
Танымаған мен айыпты емеспін, таныған сіз айыптысыз.
- Мойныма алам.
Екеуі қолдарын қатты қыса амандасты." (59-60 бб.)
С.Мұқановтың диалог құру шеберлігін терең меңгерген сөз зергері
екендігінің айғақтығын осы екі кейіпкердің танысуынан-ақ көруге болады.
Әр репликаның сіз, едіңіз, амандаспадыңыз, айыптысыз екінші жақ сыпайы
түрінде берілуі - кейіпкерлердің бір-біріне деген зор құрмет пен шынайы
ылтипат-ниетінің белгісі болып табылады. Автордың ремаркалары да соған
дәлел. Сөйлесу мәнерінен Асқар мен Кузнецовтың жоғары білімді, сауатты,
интеллигент кісілер екені анық көрінеді. Ал Асқардың өз қателігін дереу
мойындауы - өзінің әр істеген іс-әрекетінен бас тартпайтын, жауапкершілігі
мол азамат екенінің белгісі. Бұл - Асқар мінезінің тағы бір жақсы жағы.
Асқар өзімен жақсы қарым-қатынастағы адамдармен ғана емес, өз
қарсыластарымен де мейлінше әділ болуға тырысады. Мәселен, Итбаймен
арасы достық сезімінің аясында болмаса да , бәрін дипломатиялық жолмен
шешуге бағытталады.
"...Асқар аз отырды да, табылған затқа қуана қоймағанмен, Итбаймен
араздық тоңын жұқартпақ боп, дыбыссыз Итбайға барды. Итбай үйінде екен.
- Итеке, сүйінші!- деді Асқар есіктен кіре, қуанған боп, (Итбай
араздық кескінін өзгертпей Асқарға салқын қарады). - Жоғалған затыңыз
табылды.
- Қайдан!- деді Итбай шошығандай орнынан атып тұрып.
- Розыскадан хабарландырды жаңа!
- Ойбай, барайық онда, тез!
- Сүйіншімді атаңыз!
- Қалағаның!.. Ойбай, барайық!" (181-бет)
Петербург шахарына аттанған сапарында Итбай патшаға арналған
сыйсандықты ұрлатып алған кезінде, Итбайды халыққа жасаған барлық зорлық-
зомбылық әрекеттері үшін жазалау мақсатында сол заттың розыскадан
табылғандығын Асқар айтпай қоя салу мүмкіндігі болған еді. Бірақ соған
қарамастан, Асқардың бойында кек сақтау деген қасиеттің жоқ болуына
байланысты ма, әлде Итекеңді аяғаны ма, ол адамгершілікке толы әрекет
жасады. Өзіне және жақындарына қастандық жасаған адамыңа кешіріммен қарау
екінің бірінде табыла бермейтін қасиеттің Асқар мінезінде бар болуы оның
Адам ретінде тұлғасын бір қатар жоғары қояды. Жазушының осында мақсат
тұтқаны - негізгі қаһарманның кең пейілділігін ерекше паш ету. Ал
кейіпкерлер сөзінің барлығы лепті сөйлеммен берілуі - таң қалу мен қуаныш
сезімінің (қуанушы - Итбай, қуандырушы - Асқар) бір-біріне ұласуы мен
жоғары эмоционалдық көңіл-күйдің белгісі.
Диалогта басқа бір адамдардың тілдесуін келтіру арқылы қазіргі
сәттегі қаһармандардың сондағы хабарға әсерін бейнелейтін эпизодқа тағы бір
мысал мынау:
" Амантай не депті?- деді Асқар сызданып.
- Кірісе алмаймын, біреудің қаршадай баласын аузына алып, құдайдан
қорықпай ол не дегенің, - деп қайырып тастапты.
Амантай айтады, Итбай дейді түрмеде шірітуде қолдан келгенін істеп бағады
дейді. Иттің тілеуін құдай беріп, мен мынадай кіріптар болып қалдым, -
дейді.
- Ә-ә-ә!- деді Асқар ауыр демалыспен,- солай де Балтабек!
- Солай, Асқар, - деді Кенжетай тұнжырап.
- Өз көңілің қалай?- деді Асқар сағынғалы Балтабекке.
- Нені қалай дейсің?
- Итбайдың сөзіне қалай қарайсын дегенім ғой.
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ."
(157-158 бет.)
Осы үш адамның әңгімелесуі полилогтық форманы еске түсіргенімен,
жоғарыда негізгі сұхбат иесі Асқар және Балтабек болғандықтан, әрі
Балтабек пен Кенжетай бір позициядан табылатындықтан, яғни репликалар
мазмұны дараланбағандықтан бұл көрініс - диалог. Әңгіме Итбайдың Амантай
арқылы Ботагөзге құда түскендігі туралы. Асқар үшін бұл өз басының жеке
сферасындағы мәселе болған соң, ол ішінен қынжыла Балтабектің жауабын асыға
күтеді. Автор ремаркаларының астарында кейіпкердің тебірену сезімін, бет-
жүзінің қозғалысын анық елестете аламыз, ал қаһарман ремаркаларының лепті
сөйлем ретінде берілуі сол сәттегі қуаныш сезімінің көлеңкесі пайда
болғанын байқаймыз. Осындағы диалог Асқарға Итбай қылығынан гөрі Ботагөз
туыстарының пікірі қадірлі екенін көрсетеді. Асқар өз күдігінің негізсіз
екендігіне көз жеткізеді. Сұхбаттан Итбай залымдығы, Амантайдың адалдығы
және оның түрмеге жазықсыз қамалу себебі анықталады. Балтабек
репликасында психологизм ұшқындары бар. Жігіт болыстың қасастығына ызалана
тұрып, наразылығын нағашысы Амантай сөздеріне ырзалығымен қабаттастыра,
ниет-тілектегі қарама-қарсылыққа көңіл бөле жеткізгісі келеді. Айтады,
дейді тәрізді жиі қайталанып отыратын етістіктер Балтабектің Амантай
сөздерін сол қалпында хабарлау талабын, оған өзінің де қосылатынын, екі
субъектілік сфераның бірлесуін лексикалық-синтаксистік, интонациялық
орайда сенімді көрсетеді.
Диалог кейіпкерлердің мінез-құлқындағы ерекшеліктерін аша тұра,
жан дүниесіне терең бойлап, сезім пернелерінің нәзік құрылысын зерттеуге
де мол мүмкіндік береді. Мысалы, Петербур қаласына аттанар алдындағы
Сағитпен әңгімелесуінде Асқардың өз шәкіртіне тек оқу-білім беретін
ұстазы ретінде ғана емес, зор ағалық, тіпті әкелік сезіммен де қарайтыны
байқалды. Қоштасар кезінде Сағиттың соңғы айтайын деген сөзін айта алмай
тұрып қалуы - оның қобалжуын көрсетсе, баланың көңілін қимай,
жігерлендіру, қуат беру мақсатында айтылған Асқардың
репликасы оның жүрегінде бір сәт пайда болған жүрек толғанысын көрсетеді.
"- Бірдеме айтайын деп едің?- деді Асқар.
Сағиттың бетіне қараса, көзінде жас іркіліп тұр екен.
- Біреу тиді ме?
Сағит солқылдап жылады.
- Неге жылайсың, айт маған?
Сағиттың даусы дірілдеп, айтайын деген сөзіне аузы келмеді.
- Сен сондай осал ма едің?- деді Асқар, балаға қайрат бергісі кеп,-
мен сені мықты деп жүрсем! Мынауың не, жаман, жасық балаша жылап тұрғаның!
Ер жігіт болатын бала жыламайды. Жылама, жаман балаға ұқсап!" (139-бет)
Кейде бірден көзге ілінбейтін, функционалдық жүгі аса ауыр емес
ұсақ диалогтардың өзі кейіпкер мінезін ашуда елеулі роль атқаратынын
осы қалыптағы әңгімелесуден-ақ байқай аламыз. Диалогта Асқардың сұраулы
сөйлем түрінде келетін репликаларының астарында баланың тағдыры үшін
шынайы уайымға толы ой-толғаулары жатса, лепті сөйлемдермен ол Сағитты
жігерлендіріп, шәкірт болашағына зор сенім білдіреді. Ұстаз тек
білім беруші, үйретуші, тәрбиелеуші ғана емес, әр шәкәртінің жан
дүниесінде болып жатқан өзгерістерді бір көзқарастан сезе алатын
психолог болу қажет. Асқар болмысынан мұғалім болу үшін жаралған адам
сияқты, себебі оның бойында ұстазға лайық қасиеттердің бәрі бар. Осы
эпизодтан Асқар мінезіндегі кең пейілділігі, мейірімділігі, шыншылдығы,
дарқандылығы, қарапайымдылығы секілді тамаша қасиеттері байқалады.
Жазушы жақсы қасиеттерді негізгі кейіпкер тұлғасына дарыту арқылы
Асқар бейнесін оқырманына тартымды етеді.
Асқармен қатар жүріп, халқының бостандығы үшін революциялық күрес
жолында көп қиыншылықтарды бастан кешіріп, өмірдің талай-талай асқар
асуларынан, биік белестерінен өткен негізгі кейіпкерлердің бірі -
Ботагөзді С.Мұқанов ерекше сомдайды. Сол феодалдық дәуірде, революция
қарсаңындағы ауыр жылдарда үстем тап өкілдерінің, патша әкімдерінің қорлық-
мазағына ұшырап, жас жандарын пида еткен қазақ қыздарының аянышты тағдырын
суреттейтін көркем шығармалар аз емес. Бірақ, Ботагөздің өмірі, тұрмыс-
тағдыры басқа қазақ қыздарының жайынан өзгеше. Жазушы жан-жақты
дараланған, идеялық-эстетикалық мәні жоғары бейне жасау мақсатында тарихи
ауыспалы кезеңде жаңа заман дабылшысы бола алатын, ұнамды қасиеттерге
бөленген күрескер қазақ қызы - Ботагөз бейнесін оқырманына паш етеді.
"- Дұрыс,- деді Асқар, орыстың таза тілімен айтқанына сүйсініп.
- Учитель айтады: "Анчардың ыстық құмда өсетіні, қасына барып
уландыратыны қате",- дейді.
- Олай болмас,- деді Асқар,- Пушкин білмей жазбаса керек еді ғой.
- Білмей жазды дейді учитель. "Ол кезде Анчарды солай түсінген" дейді.
Анчар екіге бөлінеді,- дейді, біреуінде аздап у болса керек, ал, біреуі
усыз,- дейді." (58-бет)
Ол - орыс мектебінде білім алған, сауатты, көкірегі ояу, ішкі жан
дүниесіне сыртқы кескін-келбеті сай, өжет, өр мінезді қыз. Асқар да оған
сүйсініп қарайды, оқырман да балауса жас қыздың оқу- білім алуға деген
зор ынтасына, алғырлығы мен зиректігіне, өмірсүйгіштігіне қызыға
қарайды. Жазушы Ботагөз бен Асқардың жай тілдесуінің өзінен кейіпкер
характерінің бірнеше қырларын ашады. Ботагөздің мұғалім орнына учитель
деп айтуы оның сол кездегі қазақ ғұрпынан тыс орысша тәрбиеленгенін
көрсетсе, өз сөздерінің ішінде учитель айтады, дейді деген
қолданылуынан учительдің сөзін бұлжытпай сол қаз қалпында жеткізу
мақсатымен айтуы қыз мінезінің шыншылдығының белгісі болып табылады.
Әңгімеде талқыға түскен мәселенің өзі Ботагөздің терең ой иесі екенін
дәлелдейді. Орыс әдебиетінің бас ақыны А.С.Пушкиннің Анчардың улы-усыз
екендігі жайлы білмей жазды деп, мұғалім сөзіне кәміл сеніп, Асқарға
дәптерін көрсетіп, өз пікірін ақиқаттығын дәлелдеуіне қарағанда Ботагөз
мінезінде қайсарлықтың, батылдықтың ұшқындарын байқаймыз. Асқар Ботагөздің
осы білім-ғылымға ұмтылысына қарап оның зор болашағын болжайды.
Бірақ кейіпкердің жалынды күрескер, саналы, саяси іс-әрекет иесі
дәрежесіне дейін көтеріліп, қалыптасу үшін әр алуан асулардан өту
керек. Жеңгесі Айбаланың кесел ауруға шалдығып жатып қалуы Ботагөз
жанына ауыр тиеді. Ол да өмірдің бір сынағы. Басына ауыр жағдай түскен
кезде ғана адам мінезінің қырлары айқындала түседі.
Мәселен, жазушы Ботагөздің мейірімділігін, қайырымдылығын жанындай
жақсы көретін жеңгесі әрі сырласы Айбала сырқаттанып, өлім үстінде жатқан
эпизодтан байқатады.
Қадірлі жеңгесіне деген аянышты сезім Ботагөздің жас жүрегін
сыздатады. Сонда да ол оған сыр бермей түні бойы күзетіп, сусын беріп таң
ертең жұмысына кетеді. Айбаланың өліп қала ма деп ойлағысы да келмейді.
"- Еркем!- деді Айбала өз сөзіне өзі қақалып,- Сәулем, жан досым...
бауырым... бауырым... бақыл бол!..
Ботагөздің көзінен жас іршіп-іршіп кетті.Айбаланың аузынан бөлшектеніп
шыққан әр сөз Ботагөзге жан алатын әзірейіл, не болмаса атқан оқ тәрізді
көрінді. Айбаланың арық денесін ауыртпай сүйеп, егіліп жылап отырып, оның
айтқаны:
- Апатай-ай, жаман сөзді айтпашы!" (232-бет)
Жақын адамының дүниеден өтіп бара жатқанын көре тұра, ішіндегі тасып-
толқып жатқан сан алуан сезімдерге жол бермей, өз-өзін ұстау әркімнің
қолынан келетін іс емес. Керісінше, жылы сөздер айтып жеңгесін жұбатуы
Ботагөздің сабырлылығын, қиындыққа, ауыртпалыққа төзімділігін және
оптимист екенін көрсетеді. Ол алдынан кездескен еш қиындықтан қорықпайды,
тәуекел деп бел буып, тек алға, жарқын болашаққа қарай ұмтылады.
Жазушы Ботагөздің бейнесін әр түрлі амал-тәсілдер мінездейді,
соның ішінде кейіпкерді өзге қаһармандармен сөйлету айрықша орын алады.
" - Шыдауға мүмкін емес!- деді Алексей құшағын жазып ұмтылып. Мені сіздің
махаббат отыңыз шалды. Мен әлек болам. Сақтаңыз мені!
- Қолыңызды тартуыңызды өтінем!- деді Ботагөз, Алексейдің қолын қағып,-
сіздің махаббатыңызға мен күмән келтірмеймін. Бірақ тез жанған махаббат тез
сөнеді. Мен ауылша киінгенмен ауылдың надан қызы емеспін. Мен Пушкин мен
Толстойдың қызымын. Бұл сөз сізге ұғымды болуға тиіс.
- Ұқтым!- деді Алексей созған қолын түсіріп." (316-бет.)
Ботагөз Алексей өзінің отбасына қиянат жасаған қас дұшпанның жақтаушысы,
Итбай тұқымымен бір топтағы адам екенін біле тұра, Темірбек ағасы мен өзге
айыптылардың жайын жеңілдету жайында көмек сұрап келуін тек батыл адамға
ғана тән іс-әрекет деуге болады. Ол бұл шешімге бірден келген жоқ. Мың
ойланып, сан толғанып жасаған қадамы – осы бетпе-бет кездесу. Бұл -
нағыз характертанытқыштық диалог. Екі кейіпкердің әр сөзі, көзқарасы,
қимыл-қозғалыстары да кімнің кім екенін оңай аңғартады. Алексейдің бірден
ғашық болып, Ботагөзге ақтарылуына қарағанда, жүзі шырайлы әйел көре
қалса, жылмыңдай түсетін әдеті оның төмен ойлы сотқарлардың бірі екенін
көрсетеді. Ол әңгіменің басында Ботагөзді арын саудаға салатын қыздардың
бірі деп ойласа, Ботагөздің кесек жауабынан кейін өзгеріп қалады.
Ботагөз өзін орыс классиктері Пушкин мен Толстойдың сомдаған кейіпкер
қыздарына теңейді. Бұл сөздер Алексейді ойландырып жібереді. Шынайы
болмысында Ботагөз – сүйген адамына адал, махаббат сезіміне берік,
ешкімнің ырқына көнбейтін, еркіндікті сүйетін, терең сырлы, нәзік жан.
Осыны Алексей ұғу керек еді.
Ал Амантай нағашысымен сұхбаттасуында Ботагөз өзін басқа қырынан
танытады. Амантай тобына қосылып, біраз күн Петька Грозаның қасында жүріп,
саяси кітаптармен танысқалы бері Ботагөздің білімі толығып, саяси ой-
санасы мен көзқарасы өзгерді. Ол енді нағашысы мен жақындарына төңкеріске
қатысуға дайын, бостандық, теңдік үшін жанын салмай, жанып тұрған
күрескер екенін ділелдегісі келген. Оны Асқар да байқады.
"- Нағашы ата,- деді Ботагөз ширақ үнмен киліге кетіп,- бұл сөзіңізге
қосыла алмаймын мен!..
- Қай сөзіме, қарағым?- деді Амантай түсінбей.
- Мұндай арпалыс шақта қару асынып, ерлердің қатарында майданға шыққан
талай әйел бар. Мына Асқар балаңыз біледі: Франция деген елдің Жанна д` Арк
деген батыр қызы болған, орыстың Надежда Дурова деген батыр қызы болған...
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
- Олар мінген атқа мен міне алмаймын ба?- деді ол Асқарға қарап.- Олар
асқан қаруды мен асына алмаймын ба?..
- Әрине, асына аласың,- деді Асқар.
- Ендеше, сөйтем мен!.." (253- бет)
Ботагөз мінезінде алған беттен қайтпас қайсарлық бар. Ол өзін батыс
елдерінің батыр қыздары Жанна мен Надеждасына балап, толқып-тасып
жатқан күш-жігеріне, алған біліміне сенеді де, ер адамдармен қатар жүріп,
революцияға өз үлесін қосып, қазақ жеріндегі төңкеріске тікелей қатысқысы
келеді. Ескілік ұғымынан әлі түгел шығып болмаған нағашысы Амантай
Ботагөздің бұл ойын толық құптамаса да, Ботагөздің батылдығын,
қайраттылығын, арлы, саналы азаматша екенін көре тұра, қарсылық
білдірмейді. Асқар Ботагөзді жақтай отырып, сүйген жарына риза болады.
Ботагөз таңдаған жолын - бақытқа жету жолы деп түсініп, не болса да,
туған халқының бостандығы үшін күресуге бел буады.
Ботагөз - өскен ортасының, елінің қадірлісі. Ол жайлы Аты әйел
демесең, ерден артық, Шіркіннің жібектей созылған мінезі-ай!, Жап-
жас бола тұрса салмақтысына не берерсің!, Оқып та қалған қыз екен, заң-
зәкүнге жүрігі-ай сабаздың!, Айыр көмей, жез таңдай деген осы шығар!,
Шешені-ай шіркіннің! деген жылы лебіздер ел арасында толып жатыр.
Романда біз Амантай бейнесін үнемі динамикалық өсу, кесек тұлға , халық
қаһарманы ретінде қалыптасу жолындағы күрделі процесс үстінде көреміз.
Шығарма басындағы Амантай – қазақ кедей шаруаларының ортасынан шыққан
қатардағы қарапайым ауыл адамы болып суреттеледі. Жазушы кейіпкер
бейнесін диалог арқылы ашады. Амантайдың мінез-құлқын айқындайтын
урядник Кошкинмен тілдесуін мысалға келтірейік.
Кошкиннің көзі Амантайдың жетегіндегі атқа түсті.
- Жақсы ат! Бұл кімдікі? Бері әкел атты!
Урядник қалжың ғып тұр екен деп ойлаған Амантай орнынан қозғалмады.
- Бер деймін мен саған?- деді урядник оппа қарға сүріне-қабына
Амантайға жақындап.
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ...
- Сібір айдасаң да бермеймін!- деді Амантай аттың тізгінін Кошкиннің
қолынан жұлып алып, ырғып міне жөнеліп. (62-63 бб.)
Бұл эпизодта Амантайдың өзінің шамалы ғана малын бағып, бүркіт салып,
аң аулауды кәсіп еткен еңбек иесі, момын шаруа кезі. Алдынан кездескен
беті сұрланып, көз еті томпайып, ісіген бейтаныстың кескініне қарап,
Амантай оның бері әкел! деп, атына жармасып алған себебін түсінбей,
қалжыңдап тұр деп ойлайды. Бірақ Кошкиннің тізгінге таласып, қол жұмсап,
бұзақылық әрекетінен жасқанғанымен, Амантай, қатуланып, ашу-ыза
білдірудің орнына, керісінше, ерекше байсалдылық танытып, урядниктің
айтқанына көнбеді.
Келесі кездесуде ол Кошкиннің біреудің затына құмар көрсеқызар
мінезін байқап, өзіне өшігіп алған урядниктен құтылу амалын іздейді.
- Бұл неге талпынады?- деді Кошкин.
- Иесіне жаман сөз айтқанды біледі,- деді Амантай қуланып.
Кошкиннің естуінше – бүркіт адамдай ақылды. ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz