Ұлт этнографиясын зерттеудің кезеңдері


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ

Тарих-филология факультеті

Қазақ әдебиеті кафедрасы

Иманғазиева Жадыра

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Тақырыбы: М. О. Әуезов шығармаларындағы қазақ халқының этнографиялық құндылықтары

Ғылыми жетекшісі:

оқытушы А. Ш. Ералиева

Сарапшы: ф. ғ. к., аға оқытушы Г. С. Балтабаева

Қорғауға жіберілді «29»_ сәуір _ 2004ж.

Кафедра меңгерушісі: ф. ғ. д., проф. Абылқасымов Б. Ш.

АЛМАТЫ, 2004

КІРІСПЕ

Этнография термині туралы түсінік

Этнография термині көне грек тіліндегі «этнос» - халық, «графейн» - жазу, түсіндіріп жазу дейтін мағына беретін сөздерден жасалған. Кей кездерде этнография ғылымы зерттейтін, айналысатын объектілерді қарастыратын ғылымға этнология термині де қолданылған. Бірақ бұл термин дүниежүзілік шеңберде этнография терминінің баламасы ретінде айналымға жаппай кіре алған жоқ. Қазіргі ғылымда дүние жүзі халықтарын зерттейтін ғылым атауы ретінде этнография термині қабылданған. Этнографияның зерттеу обьектісіне жер бетіндегі барлық ұлттар, халықтар санының аз-көптігіне, даму дәрежесіне, ертедегі немесе қазіргі ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан жатады. Этнос, ұлт, халық ұғымдарына адамзат өркениеті тарихында, этнографиялық, философиялық бағыттағы ғылымдар тарихында әр түрлі, кейде, тіпті, бір-бірін жоққа шығаратын, қарама-қайшы анықтамалар беріліп келді. Мұндай анықтамалар мағынасы мүмкіндігінше тұтастанған қазіргі кездің өзінде де этнографтарда ұлт, халық, этнос терминдеріне келгенде айырмашылықтары бар теориялық тұжырымдар кездесіп жатады. Бұл мәселеде Кеңес одағы этнографтарының беделі әлемдік этнография ғылымында салмақты болғанға ұқсайды. Мәскеу Мемлекеттік университетінің этнография кафедрасы мен ССРО Ғылым академиясы Этнография ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері шығарған «Этнография оқулығындағы 1 » анықтамада «… этнос (халық) дегеніміз адамдардың еркі бойынша емес, табиғи-тарихи процесс нәтижесінде пайда болған әлеуметтік топтасудың ерекше бір түрі. Әр этносқа тән белгі - олардың елеулі тұрақтылығы: әдетте олар көптеген жүз жылдықтар бойы сақталады. Әр этностың белгілі бір ішкі бірлігі болады, сондай-ақ оны осындай типте пайда болған басқа барлық этностардан айырып тұратын өзгеше сипаты болады. Мұның өзінде жеке этносты құрайтын адамдардың өзіндік сана-сезімі: олардың өзара идентификациясы да (бір-біріне жақындығы да), өздері тәріздес қауымдастықтардан «біз» және «олар» дейтін антитеза формасындағы айырмашылықтары да елеулі роль атқарады», - дейді. Басқа этнографиялық еңбектерде беріліп жататын этнос, халық, ұлтқа қатысты анықтамалардың ішінде өзінің салмақтылығымен де, дәлдігімен де ерекшеленетін осы анықтаманы көңілге қонымды тұжырым ретінде қабылдап, қазақ халқының ұлы жазушысы, суреткері М. Әуезов шығармаларындағы қазақ халқының этнографиялық құндылықтарын саралауда басшылыққа алмақпыз.

Ұлт этнографиясын зерттеудің кезеңдері

Табиғи-тарихи процестердің нәтижесінде қалыптасатын халықтық, ұлттық белгілердің өте айқын көріністерін өз бойына терең сіңіріп, мейлінше танымал ұлттық бедерге ие болған халық ретінде қазақ халқын атауға болады. Кейбір этнографтар ұлт этнографиясын зерттеуде ұлттық ерекшеліктері мейлінше айқын, дара кезін (ұлт ретінде сәбилік кезін, капиталистік қоғамға әлі жетпеген, таза феодалдық қоғамның терең қойнауындағы) ғана емес, кейінгі, қоғамның дамып, коммуникацияның (баспасөз, радио, телевидение, білім берудің дамыған жүйесі, дамыған капиталистік қарым-қатынас, жедел, мол түрде товар алмасу, сол себепті тұрмыстағы өркениет әкелетін ортақ белгілер т. б. ) етек алған кезді де зерттеу қажет дейді. Зерттелуі, әрине, қажет. Дегенмен ұлттық ерекшеліктерді, этнографиялық құндылықтарды зерттеуде бұл кезеңнің пайдалы әсер коэффицентінің аздау екені анық. Бұл кезеңде ұлтттық мінезге қазір «глобализация» деп жүргеннің әсері мол. Глобализация әсерінен халықтар арасындағы этнографиялық ерекшеліктер бірте-бірте жойыла беруі айқын.

ХІХ ғасырдағы қазақ халқы өзінің ұлт ретіндегі этнографиялық ерекшеліктерімен өзімен көрші, туыстас түркі халықтарынан да, тіпті шаруашылық салты бірдей болған жағдайда да анық дараланды. Әрідегі түркілік, тайпалық бірлестіктер кезеңіне бармаған жағдайдың өзінде Шу бойына Керей мен Жәнібек бастап келіп, шаңырақ көтерген Қазақ хандығының (ХV ғасыр) тарихи даму барысындағы этнографиялық бейнемізді (бүкіл халықтық шеңберде) тұрақты бейне ретінде қабылдауға болады. Өзгерістер болса, ұлттық психологияда, сана-сезімде, әдет-ғұрыпта емес, шаруашылық құрылымда аздап, әкімшілік құрылымда біраз ғана болған.

М. Әуезов шығармаларындағы уақыт пен кеңістік негізінде ХІХ ғасырдағы қазақ халқы мен қазақтар мекендеген географиялық аймақты қамтитын болғандықтан, Әуезов шығармашылығындағы этнографиялық уақытты бүкіл қазақ хандығы өмір сүрген уақытпен қатар қоюға болады. Жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясы көркемдік құбылыс ретінде әлемдік мәдениет пен әдебиеттің алтын қорына қосылды.

Бұл эпопеяның көркемдік құндылығы мен әдеби айналымға түсірілген өмірлік материалының молдығын француз халқының ұлы жазушысы Оноре де Бальзактың «Адамдар комедиясы» деген ортақ атпен берілген шығармалар сериясы мен орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясымен қатар қоюға болады. ХХ ғасырдың ішінде өмір сүрген жазушылар шығармаларынан Михайл Шолоховтың «Тынық Донымен» салыстыруға болады. Ал, осы аталған шығармаларды халықтың этнографиялық құндылықтарын суреттеу тұрғысынан салыстырған уақытта Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы салмақтырақ шығып жатады. Бальзактың «Адамдар комедиясының» тұтас туынды емес, жеке-жеке прозалық шығармалардан, роман, повестерден тұратынын ескермегеннің өзінде, жеке шығармаларда қамтылған өмірлік материалдар мен көркемдік бейнелер негізінде жаңа қалыптасып келе жатқан капиталистік қарым-қатынас пен нарық тудырған бейнелер болып келеді. Негізгі кейіпкерлері ақсүйектер мен өсімқорлық капитал өкілдері. Бальзак кейіпкерлері қоғамдағы ғылыми-техникалық дамудың, саяси-әлеуметтік қарым-қатынастардың халықтың, ұлттың этнографиялық ерекшеліктеріне ықпалды әсер етіп, ұлттың мінез-құлықтарының, әдет-ғұрыптарының типтене бастаған топтарына жатады. Бұл топтар сан жағынан алғанда халықтың азырақ бөлігін қамтыған. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы көркемдік тұрғыдан алғанда әлемдік әдебиеттің ең озық үлгілерінің бірі деп айтқанның өзінде де халықтың этнографиялық құндылықтарын қамту жағынан жан-жақты. Болконскийлер, Ростовтар, Безуховтар, ұлы эпопеяның басқа да кейіпкерлері Ресейдің ақсүйек дворяндары ортасынан шыққандар. Өз эпопеясында Ресей қоғамының жоғарыда аталған тобының көркемдік дәрежесі, суреткерлік реализмі жағынан ғажап бейнелерін жасағанмен, жаңа қалыптасып келе жатқан капиталистік құрылыс өкілдерін, әскери қызметкерлердің төменгі шендері мен солдаттарды, шаруаларды, жұмысшыларды, мещандарды суреттейтін беттері анағұрлым аз. Шолохов романында суреттелетін казактарды тікелей орыс халқына немесе украин халқына жатқыза қоюға келмейді. Оларға ұлт ретінде емес, дараланған, шаруашылық-әлеуметтік ерекшеліктерге ие болған, Ресей үкіметі өзінің отаршылдық мақсаттарына пайдалану үшін кейбір артықшылықтар берген топ ретінде ғана қараған жөн.

«Абай жолы» роман-эпопеясында ең алдымен ХІХ ғасырдағы қазақ халқының барлық әлеуметтік топтарының түгелдей дерлік қамтылғанын айтуымыз керек. Екіншіден - Әуезов романында суреттелген қазақ халқы өзінің этнографиялық сипатының мейлінше таза, айқындалған кезеңінде көрсетілген. Ғылыми-техникалық дамудың, тарихи-әлеуметтік дамудың, коммуникацияның халықтың ұлттық бейнесіне әсер ете қоймаған, этнографиялық зерттеулер үшін, этнографиялық тұрғыда тану үшін өте қолайлы кезеңін түгелдей алып, жіктеп бұзып-жармай, бүтін күйінде суреттеп шыққан. Әлем әдебиетіндегі бүтіндей бір халықтың жарты ғасыр уақыт бойындағы өмірін барлық қырынан алып, бірде-бір әлеуметтік топты, шаруашылық құрылымды, әдет-ғұрыптық, салт-саналық ерекшеліктерді шашау шығармай көрсетіп берген бірден-бір шығарма - «Абай жолы».

Қазақ халқының этнографиялық құндылықтары жазушының әңгіме, повестерінде, драмалық шығармаларында да әр түрлі аспектілер тұрғысынан көрсетілген. Көшпелі қазақ қоғамындағы жерге қоныстану, иелік ету мәселесімен қатар жер дауы мәселесі, жер дауларынан туындайтын қазақы сот, құқық, билік айту жайлы ең бір нақты, терең мәліметтерді Әуезовтің драмалық шығармалары мен әңгіме, повестерінен табамыз. Бұл жанрлардағы жеке шығармаларда ұлттық этнографиялық ерекшеліктер түгелдей қамтылмағанмен, этнографиялық құрылымдардың жеке қырлары арнайы тереңдетіле суреттелген. «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз» т. б. драмалық шығармаларында жер дауы, жесір дауы, барымта, қазақ қоғамындағы сот, билер айтысы, қазақ отбасы, тоқал алу, неке және туыстық қатынастар сияқты қазақ халқының өміріндегі этнографиялық құндылықтар жан-жақты тәптіштей көрсетіліп, шығармалардың негізгі тақырыбына айналған.

Әуезов әңгімелерінің көбінде шығармаға тағы да этнографиялық белгілердің жеке салалары тақырып етіп алынған. Жазушының «Қорғансыздың күні», «Үйлену», «Жетім», «Барымта», «Қаралы сұлу», «Көксерек», «Бүркітші», «Ескілік көлеңкесінде» т. б. да әңгімелерінде феодалдық көшпелі қоғамдағы әйел теңдігі, үйлену салты, әмеңгерлік (левират), туыстық қатынастар, барымта, ұлттық аңшылық сияқты қазақ халқы өміріндегі этнографиялық ерекшеліктердің жеке қырлары бейнеленген.

Сонымен, М. Әуезов шығармаларында қазақ халқының материалдық мәдениеті-шаруашылық әрекеттерінің барлық түрлері, шаруашылық құрылымының ерекшеліктері, жер мәселесі мен жерді шаруашылық, меншіктік тұрғыда пайдалану, үй-жай, қора-қопсы, қолданған еңбек құралдары, киім-кешегі, азық-түлігі т. б. да қырлары бейнеленсе, рухани мәдениеттің салалары - әдет-ғұрыптарын, салт-сана, өнер салалары т. б. мәселелер тереңдете көрсетілген. Тарихи-әлеуметтік өзгерістерге қарағанда ұлт, этнос ішіндегі этникалық өзгерістердің өте баяу жүретінін ескерсек, Әуезов шығармаларында қазақ халқының бір ғасырлық қана емес, бірнеше ғасырлық кезеңін, тіпті қазақ хандығы кезіндегі қазақтардың этнографиялық бейнесін түгелдей қамтиды деп айтуға болады. М. Әуезовтің өзі «Мәдениет Һәм ұлт» 2 атты мақаласында “Осымен қазіргіден 200-300 жыл бұрын мал баққан қазақты алсақ та, шаруасы бүгінгісінде бір-ақ түрде, тұрмысы бір-ақ қалыпта. Ақыл білімі, өнері, мәдениеті ұйқысын бұзбай, әуелгі күйінде отырң, - деп, көшпелі қазақтардың этникалық бейнесінің көп ғасырлық тұрақты сипатын атап көрсеткен.

Жалпы алғанда, көптеген ұлттардың этнографиялық бейнесін жасауда басқа, тарихи-әлеуметтік жағынан дамуы ілгерілеп кеткен ұлт өкілдері көп еңбек сіңірген. Басқа халықтардың өмір сүру ерекшеліктерін, әдет-ғұрыптарын, ұлттық психологиясын білу қажеттілігі салыстырмалы түрде ертерек дамып, саяси-экономикалық мақсаттары өз елдерінің шеңберінен шығып, әскери-экономикалық, сауда-саттық әрекеттері көрші елдерге ауа бастаған елдердің бәрінде дерлік пайда болған. Көбіне мұндай мақсаттар жолында елшілер (посол), саяхатшылар, саудагерлер көп еңбек сіңірген. Қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктерін сипаттауда да алдымен шет елдік, негізінде Ресейлік зерттеушілердің еңбектерін атап өтуіміз керек. Мұның себебі, қазақтар мен орыс халқының географиялық жағынан көршілес болғандығында ғана емес, ХҮ ғасырдан бастап Ресейдің саяси құрылымы нығайып, экономикалық, әскери қуаты артып, көршілес халықтарға болашақ бодан, отар ел ретінде қарай бастауы да себеп болды. Алғашқы этнографиялық мәліметтерді жинап, жүйелеушілер ретінде П. Паллас, П. И. Рычков, А. Левшин, С. Броневский, С. Спасскилер аталады. Бұлар қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктеріне қатысты мол мұра жинағанмен де, олардың қазақ халқына сырттай бақылаушы ретінде қарап, халықтың экзотикалық ерекшеліктеріне көбірек көңіл бөлгенін ескеруіміз керек. Сонымен қатар бұлар отарлаушы, басқыншы елдің қажеттілігі тұрғысынан келіп, қазақ этносының ұлттық ерекшеліктерін сипаттағанда өз елдерінің саяси мақсаттарына ыңғайлап жазып кеткен жерлері бар.

Осыдан барып М. Әуезовтің көркем шығармаларында суреттелген қазақ халқының этнографиялық құндылықтарын этнография ғылымына дерек көздері ретінде пайдалануға бола ма деген сұрақ туады. Этнографиялық мәліметтер беруші көздердің этнографиялық шындыққа қарым-қатынасы жайлы жоғарыда айтылғандарды осы саладағы монографиялық еңбектердің бәрінде де айтады. Бұрынғы-соңғы М. Әуезов шығармаларын зерттеген әдебиетші ғалымдардың бәрі дерлік жазушының көркемдік шындықпен қатар өмірлік шындыққа қиянат жасамағанын көрсетеді. Бүкіл қазақ қоғамының барлық қырлары, қоғамның барлық әлеуметтік топтарының өкілдері (көркем бейнелер) терең реалистік шындықпен суреттелгені әбден зерттеліп, анықталған ақиқат. Осы себепті М. Әуезов шығармаларындағы қазақ халқының этнографиялық құндылықтарын этнографиялық зерттеулер үшін аса құнды дерек көздері екенін айтуымыз керек. Қазіргі қазақстандық этнография ғылымы қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктерін зерттеп жазуда бірталай табыстарға жетіп, бірнеше монографиялық еңбектер тудырғанмен, әлі де осы мақсатта М. Әуезовтің көркем шығармашылығына көңіл аударса, қазақ этносының этнографиясына қатысты біраз нәзік жайларды анықтауға болар еді.

М. Әуезов шығармашылығын этнографиялық тұрғыда тақырып етіп алғанда тағы бір қарастыратын мәселе - этнографиялық ерекшеліктердің көркемдік мақсатта қолданылуы. Жазушының кейбір әңгіме, повестерінің, драмалық шығармаларының тақырыбы түгелдей дерлік қазақ ұлтының этнографиялық ерекшеліктерінің белгілі бір қырларына құрылған. Жазушы өз шығармасының идеясын, осы идеядан туындайтын тақырыбын ашу мақсатында қазақ халқы өмірінде кездесетін жер дауы, жесір дауы, үйлену салты, әмеңгерлік (левират), балдыз алу (сорарат), мұрагерлік ғұрып, туыстық қатынас, ұрлық пен барымта, ұлттық аңшылық сияқты жайларды пайдаланған. Шығармалардан қазақ халқы тұрмысындағы кейбір әдет-ғұрыптарға деген авторлық көзқарасы да көрініп отырады.

М. Әуезовтің қазақ этносының барлық қырлары түгелдей дерлік ашылған көркем шығармаларымен қатар этнографиялық ойларын тікелей айтқан мақалалары мен ғылыми зерттеу еңбектері де мол. Әуезовтің бұл саладағы еңбектерін екі салаға - ұлттық психологияға және әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық өнер, тұрмысқа қатысты материалдық сфераны сипаттайтын салаларға жатқызуға болады. Жазушының этнографиялық сипаттағы еңбектері негізгі екі бағытта - теориялық және сипаттаушы бағытта. Этнопсихология саласындағы еңбектерін теориялық жағынан алғанда да, сипаттаушылық жағынан алғанда да бұл саладағы қазақ этнография ғылымының алғашқы қарлығаштары деп айтуымыз керек.

Осы айтылғандардан барып М. Әуезов шығармаларындағы қазақ халқының этнографиялық құндылықтарын арнайы зерттеудің қажет екені айқындалады. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы этнографиялық мәселелерді түгелдей тексеріп шығу монографиялық сипаттағы бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстарына жүк болады. Бұл еңбекте жазушының ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақала, очерктеріндегі, әңгіме, повестеріндегі қазақ халқының этнографиялық құндылықтарының жүйесін және көркемдік мақсаттарда қолданылуын ғана қарастырамыз. Жұмысқа осы тақырыптарды бөліп алуға жазушының ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақала, очерктерінің арнаулы зерттеу обьектісі болмағаны және қазақ халқының этнографиялық құндылықтарын глобалды түрде алған “Абай жолың роман-эпопеясы мен жанрлық ерекшеліктеріне сай драмалық шығармаларында этнографиялық құндылықтарды бейнелеу, суреттеу әдістері шағын прозалық жанрларға қарағанда өзгешелеу болатыны да себеп болды. Жазушы романдарын этнографиялық тұрғыда қарастыру үшін кең көлемді комплексті зерттеулер керек болса, әңгіме, повестеріне келгенде қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктерінің жеке қырларын арнайы қарастыру керек болады. Сонымен қатар жазушы көп жағдайларда өзінің көркемдік мақсаттарын ашу үшін этнографиялық элементтерді арнайы пайдаланған жерлері де бар. Жазушының этнографиялық көзқарасының өзгеріске түсуін, эволюциясын да ертелі-кеш жазылған зерттеу мақалалары мен әңгімелеріндегі этнографиялық көзқарастарын салыстыру барысында байқауға болады. Осыған орай бұл еңбекте жазушының ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақала очерктерін этнографиялық тұрғыдан зерттеуді этнопсихология, қазақ халқының материалдық мәдениеті, рухани мәдениеті, зерттеу әдісіндегі теориялық, сипаттаушылық бағыттар жобасында жүргізу көзделді. Шағын прозалық жанрлардағы этнографиялық ерекшеліктерді көркемдік мақсатта қолдану ерекшеліктерін ашу бағытында қарастырмақпыз.

М. О. Әуезовтің этнографиялық ойлары

М. Әуезовтің баспа бетін көрген тұңғыш мақаласы (Жүсіпбек Аймауытовпен бірге жазған) «Қазақтың өзгеше мінездері» 3 түгелдей дерлік этнографиялық тұрғыда жазылса, одан кейінгі «Адамдық негізі әйел» 4 , «Қазақ ішіндегі партия неден» 5 , «Мәдениетке қай кәсіп жуық» 6 , «Қазақ қашан жетіледі» 7 , «Мәдениет Һәм ұлт» 8 , «Қазақ республикасы қазақсыз қалады» 9 т. б. мақалалары да этнографиялық сипаттағы еңбектер. Бұл мақалалардан кейінірек, 1925 жылы жазылып, 1927 жылы кітап болып шыққан «Әдебиет тарихы» оқулығында қазақ халқының рухани мәдениетіне қатысты этнографиялық мәселелер төңірегінде бірталай құнды деректер берілген. Бұл бағыттағы құнды деректерді жазушы-ғалымның фольклортану саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақалаларында көптеп кездестіруге болады. Әуезовтің этнографиялық мәселелерді қамтитын мақалаларды ең көп жазған кезеңі - жастық, студенттік кезеңі. Бұл кездегі мақалалар тақырыбы негізінде қазақ халқының этникалық ерекшеліктері мен ұлттық психология. Жас Әуезовтің бұл бағыттағы тақырыптарға көп баруына оның жеке адами қасиеттері - ұлтшылдығы, отан сүйгіш патриотизмі шешуші әсер еткен. Ұлтшылдық қасиеттен барып туатын ағартушылық бағытындағы ой-тілектері де жас қаламгерді өз халқының ұлттық мінезін байыптауға, ұлт ретіндегі өзіндік ерекшеліктерін, жақсы-жаман қырларын байыптап анықтауға итермелеген. Студент кезінде Семейде қызмет еткен қазақ халқының алдыңғы қатарлы азаматтары Ахмет Байтұрсыновпен, Жүсіпбек Аймауытовпен т. б. да Алаш партиясының жетекші тұлғаларымен таныс болуы М. Әуезовтің отаншылдық, ұлтшылдық бағытқа ден қоюына, Алаш партиясының жастар қанатының белсенді мүшесі болуына алып келген. Осыдан барып туған халқының жақсы болашағын ойлау, армандау туған халқының ұлттық ерекшеліктеріне, этникалық психологиясына үңілуге әкелген.

Әуезовтің жастық, студенттік кезіндегі Семей қаласындағы кітапхана мен басқа да кітап қорларындағы этнография ғылымы саласындағы кітаптардың, еңбектердің қаншалықты болғаны бізге белгісіз. Дегенмен де Әуезовтің алғашқы мақалаларының өзінде-ақ этнография ғылымының сол кездегі ең алдыңғы қатарлы жетістіктерінің деңгейіндегі ойлар айтқаны бұл бағыттағы еңбектерінен айқын көрініп тұр. Мұны Әуезов еңбектерінде теориялық та, сипаттау, суреттеу бағытындағы да ойларынан көреміз. М. Әуезовтің Ресей, Европа зерттеушілерінің қазақ халқының этникалық ерекшеліктерін баяндаған біраз еңбектерімен таныс болғаны анық. 1927 жылы Ленинградта жазған «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» 10 атты мақаласында: «Наряду с этим значительная часть Европеиских исследователей интересовалась казахским творчеством, как всяким фольклором с этнографической точки зрения. Поэтому их интересовали малые формы бытовых обрядовых песен, как песни, сопровождаюших свадебный ритуал, похороны, поминки, как пережитки древнего, языческого влияния, как остатки шаманизма у казахов: заговоры, заклинания баксы и т. д. » - деп, өзінің қазақ халқын этнографиялық тұрғыдан зерттеген Ресей, Европа ғалымдарының еңбектерінен хабардар екенін көрсетеді. Ол зерттеушілер қазақ халқының ішінен шықпаған, басқа мемлекеттер мүддесі тұрғысынан деректер жинаған, көп жағдайда мәлімет алған көздердің берген деректерінің асырған, кеміткен, бұрмалаған тұстарын ажырата алмаған, қазақ халқына, этникалық бағаны көп жағдайда отарлаушы мемлекет өкілі ретінде берген. Бұлардың еңбектері, әрине, жинақтай келгенде ХҮШ, ХІХ ғасырлардағы қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, материалдық және рухани мәдениеті жайлы өте көп деректер келтіріп, белгілі дәрежеде қазақ халқының этнографиялық бейнесін жасап кеткен.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктеріне қатысты, әсіресе ұлттық психологиясына қатысты ең дәл де ойға қонымды деректерді М. Әуезов еңбектерінен табамыз. Ең алдымен М. Әуезов халықтың ішінен шығып, туған халқының өзіндік қасиеттерін ана сүтімен бойына сіңіріп өскенін айтуымыз керек. Ана тілінің нәзік те терең білгірі, туа біткен өмірді, адамды жіті тани білу қабілеті, шындыққа қайшы келмейтін адал мінезі, терең ойы, өмір құбылыстарына, адам мінезіне анализ, синтез жасаудағы жоғары қабілеті туған халқының ұлттық бейнесін жан-жақты, терең талдап беруіне мүмкіндік берді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шетел қазақтары (тарихи-этнологиялық зерттеу)
Ғылыми мекемелер және қоғамдардың құрылуы
XIX-XX ғғ. Қазақстан мәдениеті
Халық педагогикасы – этнопедагогиканың зерттеу объектісі
Ойын әрекетінде баланы дамыту
Қазақстанда өлкетану тарихының дамуы
Қазақтың ауыз әдебиеті
Қазақ ұлттық педагогикасының даму кезеңдері
Қазақстан және орыс зиялылары
Қазақ тілінің зерттелу тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz