Сұлтанмахмұт Торайғыров - алдымен мінез


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Kipicпe2

1 тарау. Замана шындығы және С. Торайғыров лирикасы5

1. 1 Ақын өлеңдерінің такырыптық-идеялық ерекшеліктері5

1. 2 Күрделі заман шындығы және С. Торайғыров шығармашылығына жаңаша көзқарас25

ІІmapay. C. Торайғыров өлеңдерінің тілі32

2. 1. С. Торайғыров өлеңдері тілінің әлеуметтік орта шындығымен байланыстылығы32

2. 2. С. Торайғыров өлеңдеріндегі өзге тіл сөздерінің қолданылу ерекшелігі41

Қорытынды45

Пайдаланылган әдебиеттер50

Kipicпe

Қазақ өлеңінің тарихы қызық та ұзақ, әрі терең. Оны ойласаң, көз алдыңа қазақ даласындай кең жайылып жатқан өлең жыр дариясы елестейді. Суы мол, нәрлі бұлақтан бастау алған оған үлкенді кішілі өлеңдер қосылып, арнасын үлкейтіп, кең айдынға ұластырады. Асау тay өзендерінің толқыны іспетті күш халық жанының тереңінен нәр алған сол өлең - жыр дариясына өлмес, өмірдің күшін дарытып, буырқанта, бурсаита көрсетеді. Толқын толастамайды, ағын азаймайды, өйткені тарих сыры ән жырға құмар халықтың сезімімен, қиялымен, ойымен араласып бұлақтардың көзін ашады, сол арқылы дария суын молайтады. Осы жыр дарияны толтырған қазақтың халық поэзиясы мен ақын жырауларының есімі бүгін де әлемге аян. Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шортанбай, Абай барлығы да өз алдына бір-бір жыр-дария. Олар үлкен дарияны құрап жатқан асау, арналы, сулы, нулы өзендер іспетті. Осылардан кейінгі кезектегі қазақ жырының тарихымен тығыз байланысты есімнің бірі - Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Сұлтанмахмұт өмірі, жасаған дәуірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтер бізге жақсы таныс. Бәрін де білетін сияқтымыз. Дегенмен жалпы жұртқа бимәлім «ақын құпиясы» да аз емес-ті, Оның өмір сүрген ортасының күрделілігі мен қайшылықты сипаттары жабық күйінде қалып келді. Бүгін, көне мұраларымызды түгендеп, қайта оқу қажеттігі де осымен байланысты.

Ақын өмір сүрген кезең -XX ғасырдың бас кезі - Ресей топырағындағы ең бір дүр сілкіністің, азаттық үшін арпалыстың кезеңі болды, Бірімен бірі қабаттасқан үш бірдей төңкеріс патшалық биліктің тас-талқанын шығарды, отаршылдық езгінің әлсіреуі ұлттардың оянуын тездетті. Қазақ жеріндегі отаршылдыққа, әлеуметтік езгіге қарсы күрес те осындай жағдайда өрістеді. Бір жағынан патшалық отаршылдық саясаты еңсесін көтертпеді, екінші жағынан феодалдық-патриархалдық мешеулік, қараңғылық шырмаған халықтың азаттыққа рухани жаңаруға ұмтылуы қаншалықты қажеттіліктен туса, соншалықты сол кездегі тарихи жағдайдың сәттілігінен қолдау тапты, Олардың ұлт көсемдері-Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бекейханов, Міржақып Дулатовтар басқарды. Олар елдің дербес, тәуелсіз жолмен дамуына, мәдениет пен прогреске ұмтылуына жол салды. Сұлтанмахмұт осы идеяны жақтаушы болды. Ол туған халқын феодалдық кертартпа салт-сананың, караңғылықтың езіп-жаншып отырғанын ашып көрсетер өткір, сыншыл өлеңдер жаза отырып, оларды ілгері ұмтылуға, өз тағдырын өзі жасауға катысуға шақырды. Ұлттық азаттық жолындағы күресіне үн қосты. Аталған ағаларының соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімдерімен байланыстырды. «Таныстыру» поэмасында «Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов . . . бірі күн, бірі шолпан, бірі - айым» деуінің де негізгі сыры осында болатын.

Әр ақынның тағдыры әр түрлі жағдайда қалыптасады. Тұқымы қолайлы топыраққа түсіп, оңай өнім беретін де, талмай ізденіп, қиыншылықпен алыса жүріп шындық жолын табатын да ақындар болады, сөйте жүріп олар өз тағдырын өзі жасайды. Сұлтанмахмұт осы соңғы жолмен жүрген ақын. Ол өз өмірін өзі, өз өлеңімен жасады. Ақынның шығармашылық жолын қадағалап қарап, өлеңдерінің жазылу ізімен жүрсеңіз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Сұлтанмахмұт көрген өмір азабы, жоқшылық, жас таланттың соған қарамай ізденіп шарқ ұру іздері бәрі оның шығармаларында сайрап жатыр. Бұл жағынан оны өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын деп айтуға әбден болады.

Иә, Сұлтанмахмұт өмірде көрген күні аз бола тұра, ақын ретінде жасағаны көп-ақ. Сол аз ғұмырда жасаған көп дүниенің бүгіліс-түгілісіне түгел үңіле әңгіме айту - бастауы бар да аяқталуы жоқ, ғасырдан ғасырға кетер бір дүние. Қайырымсыз уақыттың ақын тағдырына тірідей болмаса да өлідей қайырылып бір соққан сәтінде айтар бүгінгі сөз де Сұлтанмахмұттай мүйізі айқасқан Аймүйіз дарын жайлы салқар заманаларға кетер, кеш те болса қайырлы сөздің бір қайырымы. Келешекке ұласа айтар, келешек тарапынан жалғаса қамтылар улы сөздің үтіріндей ғана сөзді жинақтап айтып көрелік.

Сұлтанмахмұт Торайғыров - алдымен мінез. Мінез болғанда да шағылысқан алдаспандай жарқылдайды. Өміріне үңілсеңіз - мінез. Өлеңіне үңілсеңіз - мінез. Шатырлаған мінез. Туа бітті мінез бе, әлде жүре келе пайда болған мінез бе, бұл?

С. Торайғыровтың 1933 жылғы «Толық шығармалар» жиынтығында алғы сөзден кейін аты-жөні белгісіз бір автордың (1983 октәбір 2Н - 1920 ж. 21. 05, І0-24-беттер) өмірбаяндық зерттеу мақаласы берілген. Әрлі тіл, мол мәдениеттілік әдісімен жазылған өмірбаяндық очеркті қазақтың жампоз жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлынікі екені әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан айтылуда. Сұлтанмахмұттанудағы алғашқы зерттеулердің бірі болған бұл мақаланың маңызы зор. Осылайша басталған С. Торайғыров шығармашылығына байыпты көзқарас әр кезеңде замана ықпалына байланысты өзгеріп, құбылып отырғанымен, үзілген жоқ. Сұлтанмахмұт мұрасы халықтың рухани өмірінен берік орын алуда.

Диплом жұмысының мақсаты. XX ғасырдың басындағы ағартушы-демократтық бағыттың ірі өкілі С. Торайғыровтың шығармашылығы, өмір тарихы, заман және ақын арасындағы байланыс кезінде үлкен зерттеулер тақырыбына айналып, әр түрлі бағаланып келді. Қазақ әдебиеттану ғылымында Сұлтанмахмұттанудың өзіндік тарихы, қалыптасу жолы бар.

Дегенмен, ақын шығармашылығының бағалануында әр кезеңнің, уақыттың өз ықпалы болды. Оның әр алуан мысалдарын ақын шығармашылығынан молынан табуға болады. Бір ғана мысалмен шектелсек, кешегі кеңестік заманда С. Торайғыровтың «Таныстыру», «Айтыс» секілді ірі шығармалары тым аз айтылып, айтыла қалған жағдайда тек сын тұрғысынан, ақынның адасушылығы, ұлтшылдыққа ұрынуы бағытында ғана сипатталды. Ал бүгінгі тәуелсіздік жылдарында тек бұл туындылар ғана емес, басқа да осы идеялық бағыттағы шығармаларына жаңаша баға беру, тану мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Біз де дипломдық жұмысымызда ақынның өлеңдеріне осы жаңа таным, түсінік, бағалау тұрғысынан келуді мақсат еттік. Диплом жұмысының тақырып өзектілігі де осымен байланысты.

Диплом жұмысының әдіснамалық негізі . Жасындай жарқырап өткен өршіл, әлеуметшіл ақын С. Торайғыровтың шығармашылығы қазақ әдебиеттану ғылымында үлкен зерттеу нысанасына айналды, Сұлтанмахмұттануда М. Әуезов. С. Мұқанов, Ы. Дүйсенбиев, Кенжебаев, Д. Әбілов, Қ. Жұмалиев. Е. Ысмайылов. Б. Шалабаев. К. Бисембиев. Т. Әбдірахманов. Қ. Шәменов, Ә. Тәжібаев. Қ. Нұрмаханов, А. Еспенбетов сиякты үлкен ғалымдар жан-жақты, сан-салалы зерттеулер жүргізді. Дипломдық жұмыстың әдіснамалық негізі етіп, осы танымал ғалымдардың еңбегі алынды. Белгілі әдебиет зерттеушілерінің еңбегімен мүмкіндік болғанынша таныса отырып, өз ой-толғамдарымызды солардың ғылыми тұжырымдары негізінде өрбітуге тырыстық.

1 тарау. Замана шындығы және С. Торайғыров лирикасы

1. 1 Ақын өлеңдерінің тақырыптық-идеялық ерекшеліктері

С. Торайғыровтың лирикасы сан алуан: мазмұны терең, тақырыбы бай. Өзінің лап етіп жанып, өрттей лаулаған қысқа өмірінде ақын талай-талай кезеңді белестерден өтті: басын тауға да ұрды, тасқа да соқты, тыным таппай болмыс шындығын іздеп шарқ ұрды, халқына адал қызмет ету жолында кей сәтте сара жолдан адасты да, бірақ ұзаққа алыстап кетпеді. Қараңғы түнекте жатқан елінің көгіне «өрмелеп шығып күн болуды» - арман етті. Осындай қызу әрекет үстінде жас ақынның ойын салмақтап, әшекейлеп отыруға мүмкіндігі үнемі бола берген жоқ. Әйтсе де ақындық шын шабыт билеген шақта туған өлеңдерінің ішінен «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» табу да онша қиын емес еді.

Сұлтанмахмұттың бірсыпыра шәкірттік өлеңдері сақталған. Өлеңдік түрі мен көркемдік ізденістерінде жетіспеушілік бола тұрса да, олар жас ақынның қоғамдық құбылыстардың мән-мағынасын, сырын түсінуге ұмтылысымен, өлең тілімен сурет жасауға деген алғашқы талабымен ерекшеленеді. Ол қоғамдағы әділетсіздік туралы, әйел тағдырына немқұрайды қарайтын мінез жайлы, дін мен діни оқудың схолостикалық сипаты жөнінде айтады. Оларға өз ұғымындағы әділеттілік, адамдық, ар-иман туралы түсініктерді қарсы қояды. Суреткерлікке ұмтылыс оның бай қызы мен бай ұлының, байлық пен кедейліктің бейнесін танытуға арнаған жырларынан байқалады. Алайда олар үлкен ұғымдағы саяси көзқарасты, ақындық позицияны анықтай алмайтын еді. Мұндай ақындық таным мен байсалды көзқарас Сұлтанмахмұттың 1912 жылдан басталатын шығармашылығының жаңа кезеңінде ғана бой көрсетеді. Соған қарамастан жас ақынның алғашқы талабы оның ескі ұғым мен діни білімінің шеңберіне сыя қоймайтындығының белгісі сияқты. 1912-І913 жылдары Сұлтанмахмүт Троицк қаласына келіп, онда әуелі медреседе оқып, кейін «Айқап» журналының редакциясында қызмет істеді. Осы кезден басталатын шығармашылық жолында оның ағартушылык көзқарасы анық танылады. Ол Абай мен Ыбырайдың осы саладағы ойларын дамыта отырып, өнер мен білім жолына үгіттейді, оқудың пайдасын әңгімелеп, мәдениетті елдердің тіршілігін үлгі етеді. Үмітті жастарға артып, олардың ел, қоғам алдындағы міндетін түсіндіреді. Ақынның «Оқып жүрген жастарға», «Талаптарға», «Оқуда мақсат не?», «Анау-мынау» сияқты өлеңдері негізінен, осы тақырыпқа арналған. Оларда ақын жастар алдына оқып білім алып, елге қызмет ету идеясын, осы салада бірігіп күш қосу қажеттігін ұсынады. Сонымен бірге Сұлтанмахмұт ел ішіндегі өнерге, оқуға деген ескі көзқарасты, елдің қараңғылығын, надандығын сынайды. Ақын өлең түрі жағынан бірқатар жаңа ізденістерін байқатқанмен, бұл жырлар, негізінен, үгіттік өлеңдердің дәрежесінен асып кете қойған жоқ-ты.

Оқу жолындағы үзіліс, «Айқаптағы» қызметтен кету, одан кейінгі Баянауылға барып «Шоң серіктігін» ұйымдастыру талабының іске аспауы өзгеше бір сипат алып келді. Өмірден қағажу көріп, ойындағысы бола қоймаған қайсар талант жырларында бунтарлық мінез көріне бастайды. Оны да заман дарытқан еді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері бойынан, өзі айтқандай, «қараңғылықтың көгіне» ызалана алға ұмтылған, ізденімпаз, білім-өнер аңсаған жаңа ұрпақтың өкілін танимыз. Өмір бойы халқы көрген азап пен надандық, қазақи қыңыр мінездер ашындырған оның «Шындықтың аулын іздеуге» бел шешіп кірісуі де осы кез. Осы жолда ол алдымен орыстың тілін, ғылымын үйренуді мақсат тұтады.

Оллаһи, ант етемін алла атымен,

Орыс тілін білемін һәм хатымен.

История, география пәнді білмей,

Оллаһи тірі болып жүрмеспін мен.

Келгенше осыларды отыз жасқа,

Іншалла, бәрін түгел ұғам басқа.

Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,

Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа!

Сұлтанмахмұттың ақындық азаматтық жаңа бағдарламасы ретінде ұсынған осы сөзіне лапылдап ақындық мінездің қайсарлық пен табандылыққа ұласуын көреміз. Ол нені айтса да қарабайыр айта алмайды, таусылып, жеріне жеткізе оқырманын иландыра айтады. Оның «Шоң серіктігін» ұйымдастыруға жәрдем бермеген Шорманның Садуақасына айтқаны мен сол ауылдан ренжіп шығып келе жатқанда достарына айтқан сөзінен де осы мінез байқалады. Ешбір кедергіге мойынсынбай «ілім жинап» халыққа қызмет ету, жұлдыз болып емес, «толған айдай болып туып» еліне жарық болу, сөйтіп «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болу», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуға кіру» - Сұлтанмахмұт мұрат тұтқан асқақ идеялар. Сол ғана айта алған, сол ғана армандаған тың жол. Тың максат! Осы арқылы ол лирикалық кейіпкерінің бойына дәуірдің рухын дарытты.

Осыдан бастап Сұлтанмахмұт ағартушылығы бірсыпыра тереңдейді. Бұрыңғы үгіттік өлеңдердің орнына лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттейтін жырлар туады. Ақын характерді алға ұстайды, өмір шындығын соның ұғымы мен ісі арқылы ашуға ұмтылады. Өмірдің күрделілігі сияқты нақты адам тіршілігі де күрделі, кайшылықты. Ойлаған іс орындала бермейді, алыс арман жеткізбейді. Әрбір сезім адамы сияқты ақын да бұған қайғырады, күйінеді, күйзеледі. Сұлтанмахмұт та, оның лирикалық кейіпкері де оны бастан аз кешпеген. Ол кешкен қиыншылықтар мен сәтсіздіктер ақын жырларына мол із қалдырған. Алайда бұл өлеңдерден лирикалық кейіпкердің тағдырға мойынсынбай, лапылдап от боп қасарыса алға ұмтылғаны, ауыртпашылыққа қарсы шабар өжет мінезі көрінеді.

Ден сау болса тағдырдың,

Көкке ұшырам күлдерін.

Жігермен талап еткен соң,

Қоям ба екен сүлдерін.

Серпіп тастап түндерін

Туғызамын күндерін, -дейді ол.

Тағдырға ақын өз «менін» қарсы қояды. Оның философиясы адамдық өзін өзі билеуі, өз еркін өзі бағындыруы, «Еркіме жүрер менің қай дүние, көнбесе өз еркіме өзім денем» деген ой. Сондықтан да ол:

Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен

«Тағдыр кылды» деулерді.

Шығарамын сөзімнен.

«Өзім қылдым» деулерді,

Таса қылман көзімнен. -

деген корытындыға келеді. Адам еңбегін, рухын көтеру қандай баппен, ойшылдықпен, батыл, әрі анык айтылған!

Осы кезден бастап Сұлтанмахмұт шығармашылығында ескіні сынау айрықша бір өткір түрге көшеді. Ол қазақ ішіндегі ұнамсыздык, келеңсіз мінездермен кектесе, оларды ызалана шенеп, мінейді. Феодалдық-патриархалдық салт-сананың тозығы жеткен жақтарын аяусыз әшкерелеп, олардың өмірсіздігін ашады, жаңару күтіп тұрғанын дәлелдейді. Сол арқылы ақын өз дәуіріндегі қазақ қоғамы дамуының күрделі мәселелері жайлы түйін жасайды. Заманына, заман адамына, қазақ қауымының сол тұстағы өкілдеріне деген ащы сөз «Жарлау», «Сымбатты сұлу», «Бұлар кім?» сияқты өлеңдерде анық бой көрсетеді. «Жарлауда» ақын қазақтың сол кездегі бас көтерер азаматтарына, ұлы-қызына, ақсақалдарына жар сала отырып, олардың өнер-білімге енжарлығын, партия, дау-жанжалға құмарлығын бетіне басады. Қазақ қызының тағдырына аяушылық білдіріп, малқұмар, қызқұмар шалдарды айыптайды. «Бұлар кім?» өлеңінде қазақты бұрынғы ер түріктің азып-тозып күлкі болған жұрағаты деп қарайды да, «үсті-басын мұнар жапкан», қарнынан басқаны ойламайтын, малға арын сатқан, «өзі жатып құайды жұсайтын» жалқау, бірін-бірі жау көетін кертартпа мінезділерді аяусыз әшкерелейді. Ал, «Сымбатты сұлуға» - қазақ әйелі туралы сыпайы ұғымға кір келтірген әдепсіз, көргенсіз қыздардың мінез құлқы туралы улы сатира.

Ақын қазақ қауымының осы күйі, болашағы жайлы көп ойланады. Патшаның отаршылдық саясатына да, ел әкімдерінің екі жүзді қылығына да сене алмайды. Келешектің не боларын түсінбей дағдарады. Мұны ол бірде тұспалдап («Түсімде», «Кеше түнгі түс, бүгінгі іс») айтса, бірде дала табиғатының енжар күйімен астастыра суреттейді. Тағы бір өлеңдерінде көңіл, жүрек сезімі күйінде бейнелейді. Жалпы Сұлтанмахмұт -табиғатты әсем жырлаған ақынның бірі. Бірақ оның бұл саладағы жырлары жалаң көріністен тұрмайды, сол кездегі қоғамдық жағдайларын аңғартатын табиғат құбылысы орын алған ортаның әсерін бейнелер ойлы суреттерге бай келеді. «Жапырақтарды» ол көп көк жапырақ ішіндегі жалғыз сарғайған жапырақ арқылы өзінің көңіл-күйін белгілесе, «Кеш» арқылы түнгі табиғатты суреттеп, оны қараңғылықтан таба алмай қорқақтаған лирикалық кейіпкердің жеке сезімімен ұштастырады. «Көшуде» ел өміріндегі көктемгі өзгерістерді ауылдағы таптық жіктеушілікпен байланыстырады. Мұның бәрі де Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолында дәуірдің әлеуметтік жағдайларын суреттеуді бірінші орынға қойғандығын көрсетеді. Ол нені, қалай жырласа да әңгімені заман мен оның адамына, оған әсер етіп жатқан жағдайларға бұрады.

Осыны ақынның махаббат тақырыбына жазған жырлары жайлы да айтуға болар еді. Асылы Сұлтанмахмұт махаббаты - өмірден қағажуды көп көрген, алдағы өмірден үміті аз, торыңқырап, ауру жеңген адамның махаббаты. Ол сүйеді, бірақ оның баянсыздығын түсінеді. Сүйгеніне аяушылықпен қарайды, өзіне өзі тоқтам береді. Сезімді ақылға жеңдіреді.

Бәрі де қолдың қысқасы -

Бір күнді мойынға алмауым.

Тағдырдың шебер ұстазы,

Көрдім мен жоқ қып қарғауын, -деген жолдарда ақын еркін байлап тұрған тағдыр тұсауы елестейді. Сәл кейінірек жазылған «Аққудай үлбіреген сұңғак мойын», «Ақ сәуле» сияқты лирикалық өлеңдер де ақын жас адамның ынтықтық сезімін қыз көркі, қыз намысы жайлы байсалды ойға жеңдіреді.

Сұлтанмахмұттың творчествасындағы ең бір жемісті кезен 1913-1914 жылдар: азғана уақыттың ішінде ол елуге тарта өлең; бірнеше мақалалар, көлемді поэма, бір роман жазып үлгереді. Сөз жоқ, мұндай зор табысқа жетуіне Сұлтанмахмұттың «Айкап» редакциясына орналасканнан кейін бірынғай көркем әдебиетпен шұғылдануы, сондай-ақ жасырын журнал бетінде жариялауға мүмкіндік алуы да үлкен себепкер болуы керек.

Жұмысты аз да болсын жеңілдету үшін ақынның еңбектерін бөлімдерге, салаға бөліп тексерген дұрыс. Осыған орай бірден ескере кету қажет: мұндай жікке бөлушілік бұл жерде шартты түрде алынып отыр. Өйткені қай ақынның болсын бір шығармасын тек қана ішкі көңіл күйін білдіреді, екіншісін - біріңғай әлеуметтік мәселелерді сөз етеді, үшіншісін түгелімен табиғат сырын ашуға арналады, ал төртіншісін - бастан аяқ махаббат, сүйіспеншілік жырын шертеді деп карауға болмайды. Себебі олардың әрқайсысы бір-бірімен тығыз байланысып, араласып жатады. Керек десеңіз: лириканың өзін әр салаға бөлудің өзі шартты нәрсе.

Сонымен С. Торайғыров поэзиясының ішіндегі ең бір мол саласы әлеуметтік сарыны басым өлеңдері деуге болады. Бұл топқа: «Түсімде» (1913), «Бұлар кім?» (1913) . «Кеше түндегі түс, бүгінгі іс» (1913), «Бір балуанға қарап» (1913), «Ендігі бет алыс» (1914), «Тұрмысқа» (1914), «Айт» (1914), «Көшу» (1914), «Бір адамға» (1914) тәріздес шығармаларды қосуға болар еді.

Кейде біз ақын дүниеге келген екен, ендеше ол несімен көрінді, өзінен бұрынғы дәстүрге қандай жаңалық қосты, нені қабылдады, неден жеркеніп, азап ойы тік тұрды деген секілді бір беткей сұрақтар қойып, соларға жауап іздеп әуре боламыз. Ақын өз заманының бел баласы сол дәуірдің жақсы жақтарымен бірге осал болмыстарын сол ақынның (егер шын талант иесі болса) бойынан таба аламыз. Сұлтанмахмұтқа осы тұрғыдан қарағанда лакмүс қағаз тәріздес, оның реакциясын тезінен аңғаруға болғандай. Бұл жерде ақын өмір сүрген кезеңді айрықша сипаттап жатпай тек атап қана өтеміз. Демек, XX ғасырдың басындағы қазақ даласының хал-жайы, Россия көлемінде болып жатқан ұлы өзгерістердің тікелей әсері, оқу-ағарту жұмысындағы жаңалықтар, ескі өмірдің негізі арқылы жаңалыққа ұмтылудағы бел белестер, қиыншылықтар мен кедергі күштер, бір кезде «қаймағы бұзылмай» келді деп саналған қазақ ауылында әлеуметтік қайшылықтардын бадырая түсіп, енді оларды көрмеуге, елемеуге мүмкіндік қалмай, еңбекші бұқараны ежелден езіп келген би болыстар мен бай-жуандардың жырткыштық сипаттарының ашыла түсуі жаңа бағыттағы әдебиеттің ұраны болмасқа орын қалмады. Сұлтанмахмұт Торайғыров осы ағымның ең көрнекті жаршысының бірі еді. Ол бір өлеңінде ел ішіндегі келеңсіз көріністерді тұспалдап, жұмбақтап айтса («Түсімде»), екінші бір шығармасында өзінің ниет- арманын ашык білдіреді («Тұрмысқа») .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ақын туралы бірер сөз (С.Торайғыров)
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы
Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес
Сұлтанмахмұт Торайғыров -Айтыс поэмасы
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың педагогикалық көзқарастары
Сұлтанмахмұт Tорайғыров өмірі туралы
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармалары
Сұлтанмахмұт Торайғыров романдары мен өлеңдері
Cұлтанмахмұт Торайғыровтың ағартушылық идеясы
Сұлтанмахмұт Торайғырұлы өмірі мен шығармашылығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz