Қазақ әдебиеті - күні бүгінге дейін халықтың ауыз әдебиетімен біте қайнасып дамыған әдебиет


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе3

І-тарау. С. Сейфуллин және фольклор8

ІІ-тарау. С. Сейфуллин шығармаларындағы фольклорлық сарындар15

Қорытынды35

Әдебиеттер тізімі39

Кіріспе

Қазақ халқының көне заманнан бергі мәдени және әдеби мұрасы бай болған. Ол - халықтың фольклоры мен ауыз әдебиеті.

Қазақ әдебиетінің өткен дәуірі - негізінен алғанда, қазақ поэзиясының дәуірі. Бұл дәуірдің бұрынғы тарихы - ХV ғасырда өмір сүрген, аты аңызға айналған Сыпыра жырау, Асан қайғы, бергі ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген Шалкиіз, Ақтанберді өлеңдерінің, ХVШ ғасырда жасаған Бұхар мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Махамбет поэзиясының, Дулат пен Шортанбай, беріректегі Базар т. б. жыраулар поэзиясының Абайға дейінгі бұл дәуірі - ауызша поэзия дәуірі.

Өткен заман шертер ғаламат шежірелерді зерттей, жинап, халық игілігіне айналдырушы ғалымдар оқымыстылары В. Радлов, Ә. Диваев, Г. Потанин, П. Мелиоранский, Семенов-Тяньшанский, М. Ж. Көпеев т. б. Олар қазақ шығармаларын өткен ғасырда зерттеп жазған, қағазға түсірген. Қазақ фольклорын жинаушылардың ішінен екі адамның есімі ерекше аталады. Олар А. В. Затаевич пен А. А. Диваев.

Қазақ халқының тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уалихановтың тарих, этнография тақырыбына жазған «Жоңғар очерктері», «Қырғыздың ата тегі», «Шона батыр», «Тәңір шамандары» туралы т. б. еңбектрінде қазақ ауыз әдебиеті шығармаларының мысалдары көптеп кездеседі. Осы еңбектер Шоқанның фольклорист екендігін айтпай-ақ танытады. Фольклор материалдарын жинауға Ыбырай Алтынсарин да ертеден - Торғай мектебінде 1860 жылдары орыс тілінен сабақ беріп жүрген жас мұғалім кезінен-ақ айналысқаны байқалады.

Қазақтың осы ауызша поэзиясы әдебиеттану ғылымында шығарушыларын (авторларын) сақтау - сақтамауына қарай екі жүйеге жіктеліп, қаралып жүр: бірі, авторсыз, не шығарушысы аңызға айналған нұсқалар яғни фольклор (халық шығармасы) аясында, екіншісі, авторлары сақталған нұсқалар - тарихи әдебиет немесе көркем әдебиет аясында сөз болады.

Ауызша шығарылған ертегі, аңыздар, тұрмыс-салт жырлар, мақал-мәтелдер, эпостық жырлар, тағы басқалар - фольклорлық жанрлар.

Қазақтың кейінгі бірнеше ғасырдағы көшпелі, жартылай көшпелі өмір жағдайында шайрлық әдебиеттен гөрі ақындық (суырып салмалық) әдебиеттің аудиториясы басымырақ болғаны да ақиқат. Бірақ, бұл жәй ескі жазба әдебиетті жасыра алмайды.

Тарих, археология, тюркология ғалымдары ата-бабамыздың жазу-сызуды біздің заманымыздан бұрынғы, сонау V ғасырда білгенін анықтап отыр. Оның бірде дамып, бірде баяулай, ғасырлар бойы жасалып келгенін, мәдениеті болғанына көз жеткізген.

Тағы бір айта кететін жай, Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылған («Алтын киімді адамң) материалдар қазақ халқының көне дәуірлеріндегі аталары - сақ, үйсіндердің, тіпті біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырда жазуының болғандығын дәлелдеп отыр. Сонымен, қазақтың арғы ата-бабаларының бірі - көне түріктердің, біздің заманымыздың V ғасырында жазу-сызуы болғандығы жұрттың бәріне белгілі болды.

Дала кезіп, сабылып өткен қазақ халқының жомарт жүрегі, жомарт мұрасын қалдырды. Өшпес рухын ән, жырмен жетеледі. Асқақ арман, қиялын әнмен ұзартты. Ғасырлар құрдымына кеткен көне дәуірдің бейнесі халқымыздың өлең-жырларында, аңыз-әңгімелерінде яғни фольклорда (халық шығармаларында), ауыз әдебиетінің үлгілерінде қалды. Шайрлық әдебиеттен гөрі қынаптан қылыш суырғандай табан аузында суырып салып айтуды машық еткен замандағы халық творчествосында, сол бір дәуірдегі қазақ халқы өзінің замана бойы басынан өткен өмір, бақытты дүние туралы үміт, армандары, тәуелсіздігі жолындағы ерлік күрестері, тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, қуанышы мен күйініші барлығын халықтың мақал-мәтелдерінде, аңыз-ертедегі дастандарында бейнеленген. Бұл айтылғандарды ауызекі айту күйінде тудырған. Халық феодалдық заман жағдайында қандайлық ауыр азапта болса да өзінің өлең-жырын, ән-күйлерін шығарып айтуды ешбір тоқтатқан емес. Солар, бұл күнде, дарынды халқымыздың әдеби қазынасының інжу-маржаны боп қосылды.

Осыдан 200 жыл бұрын ағылшын оқымыстысы Вильям Томастың ұсынуымен ғылымға енген «Фольклор» деген атаудың халықаралық терминге айналып кеткені мәлім. Бұл терминнің сөзбе-сөз мағынасы «халық білімі», «халық даналығың» деген ұғымды қамтыса керек.

Филология ғылымының докторы М. Дүйсенов өзінің «Фольклор ма, әдебиерт пе?» деген ойласу ретінде жазған мақаласында: «Авторы белгісіз, ел ішінде толып жатқан варианттары бар шығармалардың барлығы - фольклорға жатады», - деп фольклор мен ауыз әдебиетінің жігін ашады [1] .

М. Дүйсеновтың мақаласында фольклор, ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті жайлы, олардың өзіндік табиғаты туралы, ақындық өнердің шарттары жөнінде біраз пікірлер қозғалады. Бұл мақала ізімен әдебиетші ғалымдарымыз, қалың оқырмандар пікірлерін білдіре отырып, Б. Кенжебаев, Т. Кәкішев, С. Негімов, Б. Абылқасымов, Н. Төреқұлов, К. Сейдеханов және тағы басқалары мақала авторының қазақ фольклорстикасы мен әдебиеттану ғылымындағы бірігіп ойласатын, анықтауды керек ететін мәселелерге тоқтала келіп, игі ниетін құптайды.

Сонымен, әдебиеттің қайсысы болса да фольклордан өрбиді, фольклоры неғұрлым бай болса, әдебиет те соғұрлым жемісті болмақ. Қазақ фольклоры үнді, скандинав, француз фольклорының қайсысынан болса да кем түспейді. Кемеңгер А. Пушкиннің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қиссасына қайран қалып, сюжетін жазып алуы тегін емес. Кім біледі, бәлкім ол қазақ аңызынан «Руслан мен Людмиладан» да артық бір поэма жазып шығаруды ойлаған да болар.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қорланған бай фольклоры мен ауыз әдебиетінің қазынасы оның қай заманда болмасын рухани мәдениетінің қайнар бұлақ көзі боп келеді. Ол бұлақтан сусындап, өмірлік нәр, қуат алмаған бірде-бір ақын, жазушы болған емес.

Қазақ әдебиеті - күні бүгінге дейін халықтың ауыз әдебиетімен біте қайнасып дамыған әдебиет. Жазба әдебиеттің негізін қалаушы, ұлы классик ақынымыз Абай творчествосының қайнар бұлағының бірі - осы халықтың шығармасы (фольклоры) . Абай фольклордың асыл қасиеттерін меңгере отырып, оның дәрежесінде қалып қоймай, жазба әдебиеттің үлгілерімен берік ұштастыра білді, сөйтіп қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық енгізді. Абайдың үлкен жаңалық туғызуына себепші болған басты фактор - ұлттық ауыз әдебиетінің бай мұраларының болуы, шығыс әдебиетінің және орыс әдебиетінің озық үлгілерінің әсері болғанын айтуымыз керек.

Фольклорлық шығармалардың оқиғалық мазмұнын өндеп, жетілдіріп, жаңа заман талабына сәйкестендіріп жазу да қаламгерлерден үлкен жаңашылдық, зеректікті талап ететін проблема. Отызыншы жылдар қазақ әдебиетіндегі көркемдік, эстетикалық және жауапты мәселенің бірі осы болды. Ғасырлар бойында халық даналығын жиған үлкен эпостардың қазақ әдебиетіне нәр беруі, тамаша туындыларға негіз болуы ғажайып құбылыс.

Қазақ әдебиеті, ең алдымен, осы ұшан-теңіз бай фольклор негізінде туып дамыды. Қазақтың фольклоры сан алуан жанрларынан (батырлар жыры, ертегілер, салт өлеңдер, мақал-мәтелдер т. б. ) бастап, осы күнге дейін сақталып дамып отырған ақындар айтысына дейін барлығы да біздің рухани творчествомыздың тамаша байлығы. Бұл байлық барлық елдердің ақын-жазушылары мен ғалымдарын қайран қалдырған, қазақ халқының ауыз әдебиеті мұрасының көркемдік ерекшеліктерін танытады.

Әңгіме форманың ескі-жаңасында емес, соны орнымен игере білуде.

Бұқараның жаңа санасының қалыптасу процесінде, әсіресе, жиырмасыншы-отызыншы жылдарда, қазақ фольклорының негізгі жанрларының жаңа сипаттары пайда бола бастады. Кейіннен бұл сипаттар қалыптаса отырып, дами берді. Қазақ фольклоры дәстүрлі жанрлардың неғұрлым өміршең түрлерін бойына сіңіре білді. Жаңа мазмұнға сәйкес жаңа түрге енді.

Көптеген халықтың фольклоры өз жазба әдебиетінің арналы саласы болып отыр.

Әдебиет пен фольклордың жақындасуы барлық жерде олардың бағытын өзгертіп, түрін, мазмұнын толықтырады. Барлық халық фольклорында лирикалық өлеңдерінің (айтыс, тақпақ, рубаят) атрықшылығы байқалды. Жиырмасыншы жылдардан бастап халық фольклорының дидактикалық жанрының өсу шамасы едәуір жақсарды. Барлық, халықтарда үндеу өлең, терме өлең, ғибрат өлең сияқты жаңа арнау өлеңдер қаулап өсе бастады.

Фольклор өкілдері өмір құбылыстарын саралап, жинақтап көрсетуді жаңаша меңгере бастады. Жазушылар фольклордың нағыз халықтық қуатын сезінді, творчестволықпен пайдаланды.

Әдебиет пен фольклордың ара қатынасы Абай тұсында-ақ қалыптаса бастаған. Абай фольклорды және оның өкілдерін әдебиеттегі нағыз халықтық нышаны деп бағалаған [2. 368] .

Жиырмасыншы жылдардың ақыры мен отызыншы жылдардың орта шені қазақ әдебиеті мен халық поэзиясының байланысының таралып, өскен шағы болды. Бұл жылдарда халық поэзиясы жөнінде М. Горький принципі үстемдік етті. Қазақ жазушылары реализмнің негізгі принциптерін осы кезде игерді. Олар фольклорды әсіресе пьеса, өлең, поэма жанрларында көбірек қолдана бастады. Жас қазақ әдебиеті халықтық эпос пен лириканы профессионалдық жазба поэзияның стилистикалық, образдық және тақырыптық сапасын жаңарта, жақсарта түсу мақсаты тұрғысынан пайдаланды. Жаңа қалыптасып, буыны бекіп келе жатқан ұлттық поэзия, драматургия мен проза ең алдымен фолклордың өміршең, прогресшіл дәстүріне еркін сүйенді. Әуел бастан дәстүрлі фольклормен халық ақындарының творчествосын білу, содан өзіне нәр алу қазақ әдебиеті өкілдеріне тән құбылыс болды. Жазушылардың ежелгі фольклор дәстүріне сүйенуі қазақ әдебиетінің ақындары мен халық творчествосының өкілдеріне айтақаларлық ықпалы болды. Жазып шығаратын ақындар мен халық ақындары «арнау» өлеңін бұрынғыдай жеке адамға емес, әлеуметтік қауымға арнап шығара бастады. Бұған мысал Сәкен Сейфуллиннің «Жұмыскерлерге» деген арнау өлеңі.

Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында жазылған С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасында дәстүр ерекше көрінді.

Ақынның қуатты, мол әсерлі өлеңін халықтық дәстүрлі поэзиясындағы образбен береді. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллиннің Көкше тақырыбы циклінен «Тау ішінде» өлеңін де ерекше атауға болады. Бұдан ақын-жазушылардың фольклордың игі дәстүрінен үйрене отырып, оның өкілдерін құрметтегені көрінеді.

Фольклордың ұсақ жанрға қалай әсер еткенін Асқар Тоқмағамбетовтің, Сәкен Сейфуллиннің, Сәбит Мұқановтың, Бейімбет Майлиннің тағы басқа ақындардың үгіттік өлеңдерінен көруге болады. Жиырмасыншы жылдарда әдебиетте фольклорды пайдалану әдісіне өзгешелік болды. Ақын-жазушылар өз өлеңдерінде екі заман көрінісін қарама-қарсы қойып, толғау сарынында шығарды да теңеу, айшықтау құралдарын ептілікпен игерді. Атап айтқанда бұл түрге Сәбит Мұқановтың «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» поэмасы, Бейімбет Майлиннің «Сағындық» атты толғау поэмасы және Ілияс Жансүгіровтің «Толғауы» т. б. жатады.

Эпостық жырлардың тақырыбы мен сюжеті жазба ақындардың әлеуметтік-тұрмыстық материалдарды жете игеруіне мүмкіншілік туғызды. Міне, осыған байланысты қазақ халқының әр түрлі аңыздары мен толып жатқан эпостарының сюжеті оларға белгілі бір тақырып болды. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Әбділдә Тәжібаевтың «Оркестр», Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш», Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер», Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмалары осындай шығармалар.

Фольклорды жаңа әдіспен, творчестволық шеберлікпен өңдеп, игерген шығармалар - қазақ әдебиетінің жаңа арнаға, жаңа мазмұнға көшуіне себеп болды. Сөйтіп, қазақ халқының ғасырлар бойы қорланған қазынасы оның қай заманда болмасын рухани мәдениетінің қайнар бұлақ көзі боп келді. Ол бұлақтан сарқылмас қуат, таптырмас дүние және өмірлік нәр алмаған ақын-жазушы кемде-кем. Олар осы бір қайнар бұлақ, тірілік көзінен сіміре жұтып, өз поэзиясын байытты. Фольклор бізге асыл мұра, жыр мұрасын мирас етті.

Фольклордың әдебиет тарихында алатын орны өте зор. Ол өзінен кейін туған көркем әдебиетке негіз болып, сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын пайдалана білу туралы жол сызды. Фольклор жазушыларда лиро-эпиканың халық формасын игеруге, сол арқылы халық этикасының, халық эстетикасының озық үлгілерін өз шығармаларында молынан пайдаланып, жаңа образ жасауына дем берді.

Сол себепті фольклор деген ұғымның өзі бізде жаңғырып, жаңа белгі беріп отыр.

Фольклор сарқылмас мол байлық, түпсіз терең дария, көркем шығармаға нәр берген әдебиет анасы екенін тек бір ғана С. Сейфуллин шығармаларын талдай отырып анық байқауға болады.

Бітіру жұмысында С. Сейфуллин шығармаларындағы фольклорлық мотивтерге байланысты көптеген мәселелер көтеріледі. Алғашқы бөлімде өршіл ақынның халық мұрасын игеру, жинау, жариялау, зерттеу туралы еңбектері сөз болса, екінші бөлімі толығымен С. Сейфуллиннің өз өлең, поэмаларында халық мұрасын қалай пайдаланды деген мәселесі талданған.

І-тарау. С. Сейфуллин және фольклор

Сәкен Сейфуллиннің ғылыми қайраткерлігі ауыз әдебиетінің үлгілері мен жекеленген ақындардың мұраларын жинап, жазып алып, жариялауынан бастау алады.

Халық шығармашылығына құмарлық оның жастай алған тәрбие, көрген-білген өнегесіне, тәлім алған ортасына, өнер үйренген мектептеріне байланысты екені даусыз.

Оның ең алғаш бастауы - әке мен ана мектебі. Сәкен өзінің өмірбаяндық «Мен қалай жаздым» атты мақаласында былай дейді: «Әкем саятшы, аң аулағыш, домбырашы, ақжарқын жайдары адам. Шешем әңгімені жақсы айтушы еді. Әкем мен шешемнің үлгісі бойынша, ел аузындағы әңгіме, қызықты ертегілермен де бой ұрып қиялды жүгіртуші едім» [3. 210] . «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген ғой халық. Сәкен де халықтың бай мұрасына деген ілтипатты ұядан, өнерпаз әке мен ана бауырынан алады. Бала Сәкенге ана мен әке үлгісі өшпестей із қалдырып күшті әсер етті. Сәкеннің ақындық талантының тез есейіп, ертерек қанат жаюына оның жанұясында алған тәжрибесінің де пайдасы аз болған жоқ. Әкей Сейфолланың ауыз әдебиетіне құмарлығы, оларды көптеп жинап, ауыл адамдарына ұзақ кештер бойы оқып берушілігі жас Сәкеннің ақындық қуатын күннен күнге оятып, қанаттандыра түсті, көркемдік, поэзия туралы ой дүниесін тәрбиелеп, жетілдіре берді. Бұл айтылғандардың қайсысы да, Сәкеннің өз орнының поэзияда екенін ерте танытып, сол жолға жастайынан-ақ, тайсалмай бел шеше кірісуіне жол ашты, жағдай жасады.

С. Сейфуллин жас кезінде үлкендерден естіген өлең, тақпақтарды жаттап алуға зерек болған. Өзіне ұнаған өлең-жырды ол бір-екі естігеннен-ақ қағып алатын ұғымталдығы сезілген-ді. Ол домбыра сырын жете білуге, оны тартуға құмар болды. Сол кездің өзінде-ақ фольклор, ауыз әдебиеті үдгілерін жақсы біліп, оны жаттап алып, домбыраға қосып айтуға дағдыланған. Сөйтіп ол өз жанынан өлең шығарып, ауылда өтетін той-думандардан қалмай, кейде қыздармен айтысып та қалып жүрген.

Қазақ ауыз әдебиеттерінің үлгілерін жинауға кіріскенде Сәкеннің алдында белгілі мақсаттардың болғандығын айту орынды. Біріншіден, халықтық асыл мұралардың жоғалып, із-түссіз кетуден сақтау, оны хаттап, қағазға түсіру; екіншіден, талғап-таразылап, ой-елегінен өткізіп, уақыт кәдесіне жарайтындарды тасқа бастырып, жарыққа шығару, көпшілікпен жүздестіру; үшіншіден, заман талабы мен өскелең өмір алға тартып отырған қажеттіліктерді өтеу, яғни мектептер мен жоғарғы оқу орындарының ашылуына байланысты оқушыларды, жас шәкірттерді жеке ақындардың мұрасынан құралған жинақ - хрестоматиялармен, қазақ әдебиетінің тарихын баяндайтын оқулық еңбектерімен қамтамасыз ету; төртіншіден, ауыз әдебиеті үлгілерін өз шығармаларында кеңінен пайдалану.

С. Сейфуллин қалдырған ақындық мұраның көлем жағынан аса мол, салмақ жағынан анағұрлым басым саласы поэмалар. Тегінде ол поэманы көп жазған және өзінің жарқын ақындық мәдениетін, талантының күшін, көркем сөздің көрнекті ұстасы екендігін поэзияның көлемді формасында, поэмада, талассыз танытқан ақын. Дау жоқ, оның таңдаулы поэмалары біздің ұлттық поэзиямызға өзгеше бір жаңа сапа, мәдениет әкеледі.

Кезінде ол Оқжетпеске, Бурабайға, Жұмбақтасқа байланысты ұмытылмай ел арасында айтылып жүрген аңыз әңгімелерді, ертегілерді көптеп жазып алып отырды. Кәрі құлақ шежірелерді сондай-ақ ақындар шығармаларын, ауыз әдебиетінің үлгілерін, кейбір қиссаларды да «өнер десе ішкен асын жерге қоятынң көкірегі ояу азаматтарға айтқызып, аса қажеттілерін қағаз бетіне түсіре берген.

Мәселен, балуандылығымен, ақын-әншілігімен, композиторлық өнерімен халқының жүрегіне мәңгілікке жазылып қалған Балуан-Шолақтың, әншілік, салдық өнерді асқақтата көтерген Біржан салдың ұрпақтарымен және олардың білетін өнерін көріп, таңдай қаға тамсанған азаматтарды жолықтырып мол мағлұматтар алу Сәкеннің бұл іске жүрдім-бардым, бей-жай қарай алмай шындап кіріскеннің болса керек.

Ақынның жан-жары Гүлбаһрам Сейфуллинаның: Сәкеннің Көкшетау дастанының көп материалдарының қалай жиғанын еске алған естелігі осыны растайды. Осы сарындас мағлұматтарды Е. Ысмайыловтың және Е. Байболатовтың еңбектерінде кездестіреміз. [3. 70] .

Поэмада Көкшетауға байланысты ел ішінде айтылып, ауыздан-ауызға көшіп келе жатқан аңыз-әңгімелердің жігін ажырағысыздай жындастырып, ақындық құдіретпен көсіле айта білді.

Бұлардан басқа ақын-әңшілердің өлең-әндерін, өмірі туралы деректерді де халық арасынан көптеп жинады. Майкөт, Қарақожа, Ақан Сері, Кенен сықылды халық ақындарымен кездесіп, сол өңірдегі, яғни Жетісуға аты мәлім өзге жыр сүйерлерінің сөздерін де ерінбестен жинап, хаттап отырған.

С. Сейфуллин кезінде әртүрлі жағдайлармен Өзбекстанның астанасы Ташкент шаһарында болғандығы белгілі. Алғаш рет 1922 жылдың көктемінде Орталық Қазақстанға келеді де, осы сапарында жолай Ташкентке де соғады. Онда өмір сүріп жатқан бауырлас, қандас екі елдің, өзбектер мен қазақтардың өмірін, күн-көрісін өз көзімен көріп танысады. Бұл Сәкеннің Ташкентке тұңғыш келуі еді. Ал 1928 жылы Қазақ-Қырғыз педагогикалық институтының директоры болып тағайындалып, Ташкентке ауыстырылды. Сол жердегі қазақ жастарының өтініштері бойынша әдебиет үйірмесін ашып, басшылық жасай отырып, бірқыдыру мәдени-әдеби бағыттарда жұмыс жүргізеді. Қазақ әдебиетінің хал-ахуалы, жай-күйі жөніндегі мазмұнды лекциялар, баяндамалар жасап, білімге сусундап жүрген жастардың «шөлінң қандырып, әдебиетпен өнердің оларға мәлім емес қырын, құпиясын білуге жол ашады.

С. Сейфуллин - қазақ әдебиетінің қайнар бұлақ көзі болған қазақтың дәстүрлі әдебиетінің, яғни халық шығармасының бай мұрасын зерттеп, оны творчестволық жолмен игеру керектігін де үнемі қадағалап, ол жөнінде пікір айтып, оған қамқоршы болған әдебиетші. Халық шығармасын, ескі заман күйін шертер аңыз-әңгіме, жырларына ерекше назар аударып, оны өзінің творчествосына пайдалануды да С. Сейфуллин басқаларға үлгі көрсеткен ақындардың бірі болды.

Сәкен - ақын боп туған адам. Болашақ үлкен ақынның бұл дарқан таланты оның жас кезінде-ақ айқын белгі бере бастады, құрбы-құрдастары мен замандастарына әзіл-қалжын түрінде айтқан кіші-гірім өлеңдері, айтыс машықтары, суырып-салма тақпақтары Сәкен поэзиясындағы алғашқы тәжірибелері, күшсынауы, алдағы күнге дайындығы сипатты нәрселер еді.

Осы жылдарда да қазақ әдебиеті мұраларын жинауды бір сәт те тоқтатпай жоқтатпай жалғастыра берді. Қазақ фольклорының жинауына, баспа жүзін көруіне көп еңбек еткен, әдебиетіміздің үлкен жанашыры болған Ә. Диваевпен «Ташкент жылдарындаң бірнеше рет кездесіп, қазақ ауыз әдебиетіне қатысты кәдеге жаралық дүниелерді алып отырған.

Сәкен қайда болса да, қандай жұмыстармен жүрмесін әдебиетіміздің бай мұраларын көптеп жинап, жазып алумен болады. Қайда болса да, қандай жұмыстармен жүрмесін деген сөзімізді нақтылай кеткен жан. Өйткені науқандық жұмыстармен, үкімет тарапынан құралған әртүрлі комиссиялардың құрамымен, қызмет бабымен қыруар қоғамдық жұмыстар атқара жүріп Республика көлемінде ол болмаған, араламаған өңір кемде-кем.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ауыз әдебиетінің жанрлық құрамы
Ауыз әдебиеті
Жалпы әлемдік фольклортану ғылымында фольклорлық шығармаларды сюжеті, салт дәстүрге қатысы, айтылу мақсаты мен орны
Халық ауыз әдебиеті
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы мен зерттелуі
Қазақ әдебиетінде халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту
Этнопедагогика және фальклорық зерттеу әдісі
Алтын Орда әдебиетінің көрнекті ақыны Хорезмидің Махаббатнаме дастаны
Халық ауыз әдебиетінің оқытылу үрдісі
Оқыту үрдісінде халық ауыз әдебиеті үлгілерін пайдаланудың маңызы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz