Шәкәрімнің депутаттық қызметі



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 125 бет
Таңдаулыға:   
Шәкәрімтанудың ақтаңдақ беттері

МАЗМҰНЫ

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...3-6

1 Өмір деректерінің ақтандақ
жақтары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .7-36
1.1 Ақын өмірбаянының беймәлім
тұстары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..1-17
1.2 Қоғамдық қызметінің белгісіз
беттері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...18-26
1.3 Тергеулер тарихы: шырмалған шындық пен ақиқат мәселелері ... .27-36

2 Шығармашылығының беймәлім
қырлары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..37-98
2.1 Шәкәрім – еркін ойдың адамы
екендігі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..37-59
2.2 Шәкәрімнің әдебиет, өнер, ғылым саласындағы жаңалығы, озық даралық
ерекшелігі ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ... .60-86
2.3 Шәкәрім – ақын, ойшыл, тарихшы, дінтанушы, әрі сегіз қырлы бір
сырлы өнер
иесі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ... .87-98

3 Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығының халықпен қайта қауышуы..99-121
3.1 Шәкәрім рухының халықпен қайта
табысуы ... ... ... ... ... ... ... ... ..99-103
3.2 Ақын шығармашылығының тәуелсіздік алғаннан кейінгі қайта
танылуы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .104-121

Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... .122-123

Пайдаланған әдебиеттер
тізімі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
.124-125

Кіріспе

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиеті мен мәдениеті ой-
санасында әлі де ақтаңдақ күйін кешіп келе жатқан келелі мәселелер қаншама.
Бүгінгі күні зерттелді, жан-жақты қарастырылды дегеннің өзінде, тарих
қойнауының қатпарында қалып қойған, әлі де беті ашылмай, беймәлім күйдегі
өзекті жайттар молынан кездеседі. Сондай мәселелердің бірі – қазақ
әдебиетінің тарихындағы ғұлама ақын, ардақты да арда зиялы қауымның белді
өкілі – Шәкәрім Құдайбердіұлының өмір жолы мен шығармашылығындағы беймәлім
беттерді саралау. Абай мектебінің үздік өкілі, ақын, жазушы, философ,
тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық өмірбаяны жайында көптеген
зерттеу еңбектері мен мақалалар жарияланды. Артына Үш анық секілді терең
философиялық толғау, Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі атты тарихи мұра
қалдырған ғұламаның шығармалары теңдесі жоқ ұлттық игілік.
Дала данышпаны Шәкәрім Құдайбердіұлы, сөз жоқ, ұлтымыздың рухани
кеңістігінде өз орны бар, өрелі өлшемдер өрісінен көрінер тұлға. Алайда,
тағдырдың сан тарау жолында бабаның Алладан көрген сынағы да аз болмаса
керек. Отаршылдар даламызды жаулаумен қатар санамызды да жаулап, Шәкәрім
секілді текті әулетті де тепкіге салғысы келді. Осылайша алдын-ала
жоспарланған сұрқиялылық бабабыздың ту сыртынан оқ атты. Адам жанына жылу
ұялатуды ойлап, жарық іздеп ғұмыр кешкен адамзаттың асыл ұрпағы азғындаған
пенделер қолынан мерт болды. Алайда, Шәкәрім ақынның артына қалдырған ісі,
жүрген ізі қазақ халқы үшін ерен құбылыс деп айтуға да болады. Ақынның тек
ақындықты, ойшылдықты серік етпей, сонымен қатар сегіз қырлы, бір сырлы
екендігі, оның көптеген өнер салаларын меңгергендігі, тарихи тақырыпта
қалам тербеп, әдемі әуен жазумен шұғылданғаны турасындағы жайттар бүгінгі
магистрлік диссертацияда ашық та анық көрсетіледі.
Араға көп жылдар салып барып ақынның мәртебесі ақталып алынғанымен,
кезінде оның шығармашылығы кеңестік идеология тұсында біраз бұрмаланды, шын
мәнінде ақынның күні қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін туды.
Дербестігіміздің шұғыласы бабамыздың рухани байлығын қайта тірілтті.
Тақырыптың өзектілігі. Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлттық ғылым
тарихындағы орны ерекше. Ақынның мұрасы соңғы жылдарда әр қырынан талданып,
зерделенуде. Дегенмен, Ш.Құдайбердіұлының өмірі, қоғамдық қызметінің
айтылмай келген парақтарын, шығармашылығының көлеңке тұстарын қажетті
деңгейде барынша назар аудару, зерттеу, тексеру – бүгінгі жұмысымыздың
өзекті мәселесі.
Ұлтымыздың кемеңгер ұлтарының бірі, мақтанышы Шәкәрімнің өз өмірінің
біраз жайын өзі жазып қалдыруы және І.Бөкейханов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов,
С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев тәрізді төл әдебиетіміздің
алыптары мен осы игі істі жалғастырушы Қ.Мұхаметханұлы, Е.Букетов,
М.Базарбаев, С.Қирабаев, М.Мағаин сынды елге танымал әдебиетші-ғалымдар мен
жазушыларымыздың еңбектері арқылы белгілі болғанымен, әзірге ғылыми
ғұмырнамасы жан-жақты зерттелініп, бір жүйеге түсе қойған жоқ. Ғұлама ақын
өмірбаянының әлі де беймәлім тұстары жетерлік. Бұл жайында зерттеушілер
тарапынан айтылып та, жазылып та жүр. Қазіргі таңда шәкәрімтанудың белгісіз
беттерін ашуға септігін тигізетін тың мағлұматтардың табылып, қалың
көпшілікке ұсынылуы біздің жұмысымыздың өзектілігін аңғартады.
Зерттеу мақсаты. Ғұлама ақын, сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі, ойшыл-
тарихшы, сазгер, қаламы ұшқыр қаламгер Шәкәрім ғұмыры мен шығармашылығын
зерделеудің беймәлім тұстарын жан-жақты ашып зерттеу болып табылады.
Зерттеу міндеттері. Жоғарыда аталған мақсаттан мынадай міндеттер
туындады:
- Шәкәрімтану саласындағы жаңа бағытта жазылған жұмыстарға сараптама
беру;
- Қазіргі кездегі айтылып жүрген пікірлерге жалпы сараптама жасау;
- Шәкәрімнің сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі екенін дәлелдеу;
- Ақынның фотосуреттері жайында мағлұмат беру;
- Шәкәрімнің бай кітапханасы жайында сөз қозғау;
- Шәкәрім және оның алашордаға қатысына тоқталу;
- Шәкәрімнің қоғамдық, депутаттық қызметіне тоқталу;
- Ақынның шығармашылығының беймәлім тұстарына тоқталу және олардың
бүгінгі жаңаша тұрғыда зерттелу қарқындылығына тоқталу;
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста ақынның
зергерлік, ұсталық, киім пішу, киім тігу, сағат, машина жөндеу,
саятшылықпен айналысу т.б. көптеген жан-жақты өнер түрін меңгергендігін
атап көрсеттік. Бұған дәлел – Шәкәрімнің баласы – Ахат Шәкәрімұлының Менің
әкем, халық ұлы – Шәкерім [1] атты естелігінде жазылған дүниелер. Сонымен
қатар, Шәкәрімнің бірнеше жыл ел тізгінін ұстап, болыс, төбе би, Алашорда
үкіметі кезінде депутаттық қызметте болып, ар мен адалдық жолында
әділеттіліктің ақ жібінен аттамай, адал қызмет атқарғаны жұмысымызда сөз
болады. Ақынның шығармашылығы солақай саясаттың кесірінен бұрмаланып келді,
ақынның діни, философиялық ойлары ауызға аталмады, ондай тақырыптағы
шығармалары баспа бетін де көрмеді, ал біз бүгінгі жұмысымызда оның жақында
шыққан Иманым кітабын негізге ала отырып, жаңаша көзқарас тұрғысынан
бағамдадық.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Кешегі кеңес үкіметі кезінде, сөз жоқ, бұл
тақырыпта әңгіме қозғау мүмкін болады. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде кітап,
ғылыми жинақ, конференция, газет-журнал материалдарында болмаса, нақты
жұмыстың нысаны ретінде алынып, ғылыми айналымға шығып, диссертация
қорғалған емес. Алайда, ақынның беймәлім тұстарын өз заманының тынысына
орай, жұқалап айтқан, еңбегіне арқау еткен ғалымдар болды. Оған кемеңгер
жазушымыз Мұхтар Әуезовтің алғаш 1950 жылдары Шәкәрім мұрасына араша түскен
жанкешті әрекеті жеткілікті дәлел бола алады. Ал, Шәкәрімнің ХІХ ғасырдың
соңы, ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қоғамдық-азаматтық қызметі туралы
мүлде айтылмады.
1951 жылы М.Әуезовтің жетекшілігімен Қ.Мұхаметханұлы Абайдың ақындық
мектебіне байланыс кандидаттық диссертация қорғады, алайда ізденуші мен
жетекшісіне сол кезде қырғидай тиісіп, ақыры М.Әуезовті еріксіз өздігіне
Мәскеуге кетуіне мәжбүр еткізді, ал Қ.Мұхаметханұлын 25 жылға бас
бостандығынан айырды. Шәкәрімді ақтап, әдеби мұрасын халқымен қайта
қауыштыру жолында ерекше еңбек еткен бір топ қазақ зиялыларының қатарында
академик, көрнекті қоғам қайраткері Евней Букетов есімінң ерекше аталынып
тұратыны сөзсіз. Сонымен қоса, Қ.Сәтбаев, Ә.Тәжібаев, Ш.Сәтбаева,
Ы.Дүйсенбаев, М.Базарбаев, С.Қирабаев сынды ғалымдарды атап өтеміз.
Шәкәрімтану саласының  қазақ әдебиетінде кең қанат жаюы Б.Әбдіғазиұлының
есімімен тікелей байланысты.
Соңғы жылдарда Шәкәрім шығармашылығы бойынша бірнеше диссертациялар
қорғалды. Соның ішінде С.Ізтілеуова, А.Тілеуханова, Г.Аюпова,
А.Сейсекенова, Г.Әпеева, Қ.Құрмамбаева, С.Қамаевалардың диссертацияларында
ақын поэмалары әр қырынан қарастырылған.
Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Шәкәрім энциклопедиясы
шығарылып, Шәкәрімтану мәселелері атты 5 томдық жинақ жарық көрді. Ақын
мұраларын зерделеуге қатысты Ғ.Есім, Е.Сыдықовтың, А.Еспенбетовтің,
С.Ізтілеуованың, Д.Сейсенұлы мен А.Омаровтың, М.Бекбосыновтың еңбектері
баспадан шықты. Шыңырауына бойлаған сайын шынайы шеберлігіне тәнті етіп
келе жатқан Шәкәрім мұралары әлі де көптеген зерттеулерге арқау болары
сөзсіз.
Зерттеу нысаны. Зерттеу жұмысының негізгі нысанына Шығармалар жинағы
(1988), Иманым (2000), Үш анық (1991) еңбектері және Шәкәрімтану
мәселелері жинағы, ақынның ұлы Ахат Шәкәрімұлының Менің әкем, халық ұлы –
Шәкерім атты естелігі алынды.
Зерттеудің дереккөздері ретінде ақынның жоғарыда аталған туындылары,
сондай-ақ, Шәкәрімтану мәселелері (сериялық ғылыми жинақ), Бес арыс
(Құрастырған Д.Әшімханов), Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері (С.Қирабаев),
Шәкәрім және Алашорда, Алаш һәм Алашорда (К.Нұрпейісов), Алихан
Букейхан – общественно-политический деятель и ученый (М.Асылбеков,
Э.Сеитов) секілді әдебиеттер пайдаланылды.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Шәкәрім Құдайбердіұлы
өмірі мен шығармашылығы – кез келген жүрегі қазақ деп соққан зиялы азамат
үшін үлгі боларлық ерекше тұлға, бұл тақырыптың өн бойында ұлттық болмыс,
ұлттық идея, халықтың намыс жатыр.
Жұмыстың методологиялық негізіне әдебиеттану мен әдебиет
зерттеушілерінің еңбектерін, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Әуезов,
С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, З.Ахметов, Ш.Қ.Сәтбаева, Р.Бердібаев, М.Базарбаев,
Н.Ғабдуллин, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, Ғ.Есім, Б.Әбдіғазиев,
Қ.П.Жүсіп, У.Қалижан, М.Хамзин, Е.Сыдықов т.б. оқымыстылардың еңбектерін
негізге алдық. Аталған еңбектерде Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық
жолы, өмірі жайында айтылады. Зерттеу еңбектерінде ақынның қоғамдық-
әлеуметтік, рухани-мәдени, әдеби өмірге белсене араласып гуманистік,
адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздаушы екендігі туралы
баяндалады. Әсіресе, Шәкәрімнің кеңес дәуіріне дейін де, одан кейін де
жарық көрген еңбектері пайдаланылды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының барысында талдау, тарихи-
салыстырмалы, баяндау, жүйелеу, жинақтау және салыстыру, түсіндірмелі
әдістер қолданылды.
Жұмыстың сарапталуы мен сыннан өтуі. Диссертацияның бөлімдері профессор
Ә.Молдахановтың жетекшілігімен ұйымдастырылған арнайы консультацияларда,
магистранттың өзіндік жұмысын ұйымдастыру сабақтарында қарастырылды, алдын
ала қорғау кезінде сараптан өткізілді. Сонымен бірге диссертацияның негізгі
түйіндері ІІ Қабдолов оқулары халықаралық конференциясының және
Нарманбет Орманбетұлы және Алаш әдебиеті атты республикалық
конференцияның материалдар жинағында жарық көрді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
- Шәкәрім – қазақ сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі, оның қолынан
барлық өнер түрі келген, көптеген іспен шұғылданған, жеке өмірінің
өзі аңызға бергісіз тың жайттарға толы ерекше құбылыс деуге
тұрарлық істер жасаған тұлға.
- Шәкәрім – ұлы Абайдың дарынды шәкірті, абай дәстүрін жалғастырушы,
сонымен бірге өзіндік сара жол салушы, жаңашылдық идеясы басым
қайталанбас философиялық шығармалар тудырған ойшыл.
- Шәкәрім – қоғам қайраткері, Алашорда үкіметін қолдаушы, осы
бағытта игі істерге мұрындық болушы. Ар, адалдық жолында таза
қызмет етіп, әділ төрелік айтушы би.
- Шәкәрім – бірнеше тілді білген полиглот, қол астында елде жоқ
түрлі халықтардың, түрлі ғылымның кітаптарын ұстаған оқымысты.
- Шәкәрім шығармалары – адамдық, ар, әділдік, имандылық бағытта
жазылған теңдессіз асыл мұра.
Зерттеудің құрылымы. Диссертциялық жұмыс кіріспеден, 3 бөлімнен,
қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Өмір деректерінің ақтандақ жақтары
1.1 Ақын өмірбаянының беймәлім тұстары

Қазақ қауымының ғана емес, жалпы адамзат баласының рухани қазынасы үшін
өлмес өсиет қалдырған Шәкәрім бабамыздың асыл мағыналы сөздерінің жылдар
өткен сайын жаңғыратыны шындыққа айналып отыр. Тілге тәуба, ділге дін
орныққан шақта ширек ғасыр тәні – құдықта, тәбәрік сөзі – тұтқында қалған
данышпан бабамыздың шығармашылығын кеңінен насихаттайтын күн туып, аяулы
есімі мен шығармаларының туған халқымен табысқанына көп уақыт бола қойған
жоқ. Осы аз уақыт ішінде әдебиетші-ғалымдар тарапынан алғашқы зерттеу
мақалалар жазылып, баспасөз бетінде кеңінен жарияланды. Республикалық
мерзімді баспасөз ақын шығармаларын жиі жариялап келеді. Бұл қуана
құптарлық жағдаят деуге болады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының телегей-теңіз мол мұрасын ғылыми тұрғыда
зерттеп, танып-білуге ақын өмірі мен шығармаларына қатысты мұрағат
деректері мен мұрағаттық құжаттардың, естеліктердің маңызы аса зор және
бағалы. Белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметқанов бұл жөнінде: Қазір
әдебиетіміздің тарихында орны ойсырап тұрған, елге ежелден белгілі болған
ақын, жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шәкәрімді атауымыз орынды
деп білемін. Өйткені, ол Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда
бірегейі, – деп ой түйіндеген [2.5]. Шәкәрімтануға күн санап қосылып
жатқан жаңа деректерге сүйенер болсақ, ақын мұрасы кеңестік дәуір тұсында
да біршама зерттелгені көрінеді. Оған ақын мұрасы екінші рет ресми ақталған
соң шыққан М.Базарбаевтың зерттеуі мысал [3.52-104]. Зерттеушінің осы ойын
жуырда жарық көрген белгілі шығыстанушы ғалым Ө.Күмісбаевтың мына сөздері
растай түседі: Мүсілім Базарбаев Шәкәрім туындыларының жарыққа шығу
жолында көп бейнет кешкен көрнекті әдебиетшілердің, нағыз жанашыр
қамқоршылардың бірі болды. Шәкәрімнің баласы Ахат қаншама қиындық кешті,
соның бәрін Мүсілім аға көз алдынан өткізді, тоқырау заманының көп
тегеріштерін көрді. Бірақ, шындық, әділеттілік жеңіп шықты. Шәкәрім жеңді.
Мүсілім мерейі өсті [4].
Мұрағаттық материалдарды диссертациялық жұмысымыздың негізгі өзегі
ретінде пайдалана отырып, оларды жұмыстың өн бойында әр қырынан ашып,
ширатып талдаймыз.
Шәкәрім мұрасын зерттегенде, Ахат ақсақалдың еңбектері алғашқы жоспарда
тұруы шарт. Ахат Шәкәрімұлының перзенттік парызы Құрқұдықтан әкесінің
сүйегін қазып алып, қазіргі кесенеге арулап қоюяымен ел-жұртының аузында
жырдай жазылып қалса, келесі ерлігі әке мұрасын мүмкіндігінше тұтастай
жинап, түптеп Қазақстан Республикасы Ғылыми академиясының қолжазбалар қоры
мен Семейдегі Абай қорық-мұражайының кітапханасына мұқият табыстап кетуі.
Шәкәрім өмірінің белгісіз беттерін жан-жақты тануды Ахат Шәкәрімұлының
жидашыық еңбектерінен бастау абзал. Шәкәрімтанушылардың үнемі жадына
сақталар қағида осы.
Бұл жұмысымызда Ахат Шәкәрімұлының Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім
деп аталатын естелігін және кейбір өнертанушы ғалымдардың пікірлерін
негізге ала отырып, Шәкәрім өмірінің беймәлім тұстарын деректермен
дәлелдейміз.
Біз, бәріміз, тарихтан ақын және ойшыл Шәкәрімді білеміз. Ал өмірі мен
шығармашылығына үңілсеңіз, оның таланты да, қасиеті де кеңейе береді,
асқақтай береді. Ахат Құдайбердиев естелігінен Шәкәрімнің сан түрлі қасиет-
қырларының елесі көрінеді.
Біріншіден, Құдайбердіұлы Шәкәрім – өмір бойы іздеген, қарапайым ғана
адам. Оның даналығы да осы – қарапайымдылығында. Кітабын оқысаңыз, ақын
мені әлі оқуды тауыспадым, дүние шындығын іздеп келемін дейді. Оның
қарапайымдылығының өзі кемелдігінің күмбезі еді. Бұл феномен – бүгінгі
ұрпақ үшін үлкен сабақ.
Екіншіден, Шәкәрім жасынан қолөнерге, ою ойып, киім пішуге, ұсталық
ісіне шебер болған. Оның бұл өнеріне әсер еткен Абайдан соңғы ұстазы, өз
шешесі – Төлебике. Ахат Құдайбердиев: Шәкерімнің шешесі арабша, түрікше
көп оқыған. Қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін,
пышақ соғатын істі адам болған. Есті, сергек, ақылды, мейірімді, жомарт
болған әжеміздің құранын, Ғибадат исламиясы, Мұхтасарын, тағы басқа көп
кітаптарын мен көрдім, - дейді аталмыш естелігінде [1.147]. Төлебике
жастайынан өнерге бүйірі бұрған Шәкәрімге бар білгенін үйретеді. Бұзылған
сағат, іс машиналарын бөлшектеп, олардың құрылыстарымен танысып, оларды
жөндейтін де қасиеті бар еді әкейдің. Сағат, машина, темір соғуға, істеуге
керекті ұсақ саймандарды өзі көз жұмғанша бар болатын. Ағаштан ойған
ожаулар, қаралап соққан пышақтары болушы еді, - дейді Ахат.
Сонымен қатар, Шәкәрім киімді не қазақта, не басқа елдр үлгісіне
ұқсатпай, пішіп киетін болған. Оюдың бұрынғы қошқар мүйіз нақыштарына
бірнеше түрлерін енгізген. Жастық бтінің, тұскиіздің кестелеу оюының нәзік,
ұсақ оюларын шығарған.
Үшіншіден, Шәкәрім – қаршыға ұстап, құс баптаған аңшы. Ахат
Құдайбердиев естелігінде: Аңшылыққа жасымнан құмар болдым. Әкемнен қалған
шитіні алып, тауға аң аулап шығып кететін едім. Ауыр шиті иығымды қиып
кеткен күндері де болды. Сол аңға құмарлықты қоя алмай кеттім 1.149, -
деген екен. Осыдан бастап, қыс болса қостап, елсіз жайлауға барып, аң
аулайды. Жаз болса, қаршыға салды. Қостап шыққанда, оқитын, жазатын
құрадарын ала жүріп, шығармашылығын тоқтатпаған. Шәкәрім жақсы мерген
болуыма Абай себеп болды деп, ол төңірегінде талай сыр тарқатады. Шынымен
де, Абай өз ауылына келген құсбегі мергенге Шәкәрімді ертіп, оған
мергендіктің қыр-сырын үйретуді тапсырады.
Төртіншіден, Шәкәрім – сазгер, күйші, скрипкашы. Оның бұл өнерінің де
бастау алуына Абайдың септігі тиеді. Абай Шәкәрімнің жасынан домбыраға
құмарлығын байқап, күздің басында, керей руынан шыққан атақты домбырашы –
Біткенбай деген адамды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Бір
жылға тақау, ел жайлауға көшкенде, Біткенбай Құдайбердінің аулында болып,
Шәкәрім одан – Саймақтың сары өзені, Алшағырдың ашты күйі, Асан күйі,
Ала байрақ, Кертолғау, Азаматқожа, Терісқақпай, Ақсақ құлан,
Ақпан күйі, Аққу зары, Бозінген, Ақсақ тоқты, Боз айғыр, Қара
жорға, Қорқыт сарыны сияқты көптеген қазақ күйлерін үйренеді. Шәкәрім:
Менің домбырадағы ұстазым – Біткенбай, оны тауып алдырып беруші – Абай, -
деген екен. Ахат Құдайбердиевтің сөзіне қарағанда, ел жайлауға шыққанда,
Дәметкен Біткенбайға көйлек, шапан кигізіп, сауынға бір сиыр айдатып, бір
бесті ат мінгізіп қайтарған екен. Шәкәрімнің музыкаға жақын болуына тағы
бір себеп – нағашыларының музыкаға құмар, скрипка тартуға шебер болуы. Ахат
Шәкәрімұлының естелігінде: Ол ауыл да өлең-әңгімеге құмар, сауықшыл
ауылдың бірі еді. Шәкерім нағашыларының аулына барып тұратын. Он жеті
жасынан бастап скрипка тартуды үйренеді. Қаладағы музыкант орысқа скрипка
алып бер деп тапсырады. Жазғытұрым барып, сол орыстан скрипка үйренеді.
Гармонды бұрын үйренген [1.150], - деп келтіріледі. Бұл жерден Шәкәрімнің
гармон секілді аспапта да ойнағанын көруге болады.
Ахат ақсақалдың айтуынша, Шәкәрім Ала байрақ, Бозторғай күйлерін
шығарған. Шәкәрім екі шекті домбырамен қатар үш шекті домбырада да ойнаған.
Шәкәрім Құдайбердіұлының композиторлық, әрі орындаушылық қызметі жан-
жақты зерттеуді тілейді.
Шәкәрімнің қанша әні, қанша күйі бар? Олардың тарихы? Алғашқы
орындаушылары? Өнер зерттеушісі Талиға Бекхожина ақынның Аманат жинағын
1989 жылы бастырып шығарды. Оған Шәкәрімнің 16 әні нотасымен енген.
Шәкәрімнің музыкалық мұрасы 15 ән, 2 күй (Ала байрақ, Бозторғай), 8
әуенмен орындалатын 4 эпикалық шығармаан (Еңлік-Кебек, Ләйлі – Мәжнүн,
Қалқаман – Мамыр, Дубровский) құралады.
Әндерінің жиналуы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталған болатын.
Голландиялық Альвин Бимбоэс 1926 жылы Мухыкалық этнография жинағында
№1 Шакарим, №2 Шакарим (частушка) деген атпен алғаш баспа бетін көрген
әндері, өлеңсіз жарық көрді (өлеңнің жалпы мазмұны орыс тілінде жарық
көрді). Бұдан соң атақты орыс сазгері А.К.Глазуновтың Ленинградтағы жеке
архивінен зерттеуші А.Визель №2 Шакарим әнін тауып, оны 1967 жылы
Қазақстанның халық музыкасы жинағында жариялады. А.Бимбоэс түсірген №1
Шакарим әнінің енді бір түрін А.Затаевич Қазақ халқының 1000 әні
жинағына 1925 жылы Тілек – батам деген атпен енгізген. Әннің тек әуені
(өлеңсіз) нотаға түсірілді. 1931 жылы А.Затаевич Қазақ халқының 500 әні
мен күйі жинағында Шәкәрім Құдайбердин әні деген атпен тұңғыш рет
ақынның Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек атты шығармасын жариялайды. Бұл
еңбекте А.Затаевич Шәкәрім әндеріне тұңғыш рет баға беріп, №156
анықтамасында: Шәкәрім Құдайбердин – Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі,
жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне
еліктеп шығарса керек, - деп жазды.
Шәкәрімнің әншілік мұрасының зерттелуіне көп еңбек сіңірген өз баласы
Ахат Құдайбердиев еді. Ол 1959 жылы алғаш рет Жаңа ойдан шығарған бір
бөлек бұл ән, Анадан алғаш туғанында, Ойладым бір сөз жаз айында,
Қорқыттың сарыны, Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де, Сен ғылымға
болсаң ынтық, Көңіл атты әндерін консерваторияның фольклорлық
зертханасының қорына, магнитафон таспасына жазғызып, зерттеуші Асқан
Серікбаевамен нотаға түсірілді. Әндердің екінші легі 1965 жылы Қабыш
Керімқұловтың орындауымен жазылып алынды. Олар Жылым – қой, жұлдызым –
июль, Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, Жаңа ойдан шығарылған бір бөлек бұл
ән, Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де, Сұраған жанға сәлем айт,
Ойладым бір сөз жаз айында, Мұтылғанның өмірі, Байғазы. 1966 жылы
Ахат Құдайбердиев М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
музыкатану бөліміне Шәкәрімнің 14 әні мен 8 жыр мақамын айтып музыкатанушы
Талиға Бекхожинаға жаздырды. Оларды айтушылар Қимамиден Нығыманов, Бажай
Ахметов, Зейнеп Егеубаева, Бақытжамал Оспанова, Нығыман Әбішев болды.
Шәкәрім ән мұрасын зерттеуде басты дереккөздер: ақынның Мұтылғанның
өмірі атты өмірбаяндық поэмасы мен баспасөз беттеріне жарияланған Ахат
Құдайбердиннің ауызша естелік-әңгімелері. Ал Аманат жинағындағы
Т.Бекхожинаның мақаласы Шәкәрімнің музыкалық шығармашылығы жайлы жалғыз
өмірбаяндық очерк.
Шәкәрім ән шығармашылығын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады:
І кезеңде (1872 (1879) – 1904 жж.) алғашқы әндері шығарылса,
ІІ кезең (1912 – 1931 жж.) – қажыдан оралып, шығармашылық жолға түсуі,
жаңа бетбұрысты кезеңнің басталуымен ерекшеленеді.
І кезең шығармашылығы үш әнімен қоса, Ахат Құдайбердиевтің мәліметіне
сәйкес, ұмыт болған 14-15 жасында шығарылған Қозыкөш әні де жатады. Тұсау
кесер әндерінен-ақ (Жастық, Шын сырым, Ажалсыз әскер) сазгер
жаңашылдығын танытады. Ахаттың мәліметінше, Шәкәрім: Жастық әнін 1879
жылы 21 жасында жаңа формада – Абайдың Сегізаяқ әнінің үлгісінде
шығарған. Ахат Құдайбердиевтің айтуынша, Сегізаяқ үлгісін алғаш Шәкәрім
шығарған көрінеді.
Тырнақалды туындыларынан Шәкәрім жаңа өлең өлшемдерін батыл қолданады.
Жастық әнінде Абайдың өлең өлшеміне (Сегізаяқ) дәл келетін (558 558
88) сегіз тармақты ән болса, 1881 жылы шығарылған 11-12 – буынды Шын
сырым әні, Ажалсыз әскерде 10-буынды өлең боп жалғасады. Музыкалық
құралдар тарапынан да үш мелотолқынды даму (Жастық), қос тараулы
репризалы құрылым (Шын сырым) және дәстүрде сирек құбылыс модуляциялы
ауытқу (Ү сатыдан – І сатыға Жастық) орын алады.
Соңғы он тоғыз жыл ішінде Шәкәрімнің қалған 12 әні шығарылды. Абайдың
аманатымен 1906 жылы қажыға барған сапарында Стамбулда 26 күн тоқтап, сонда
шығыс нота жазуын меңгереді.
1925-1926 жылдары жазылған Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, Жаңа ойдан
шығарған бір бөлек бұл ән өлеңдерінде өнердегі бетбұрысты кезеңнің
басталғанын ашық жариялайды. Әнге көзқарасын Бұл ән бұрынғы әннен
өзгерек, Жаңа йдан шығарған бір бөлек бұл ән, Ескі ақындық,
Ақындарға, Таң журналына жаңа әнмен байғазы, Қорқыттың сарыны,
Тыныштық жоқ, тыным жоқ, Бір салмойын сал келер, Сөз жазып өлең
өлшемек, Сәлем! Әбдіғали бауырым, жалғызға өлеңдерінде жан-жақты
талдайды. Соңғы жылдары Ойдан шығарған бар түрлі әндерім өлеңінде әннің
мәні деп аталатын жаңашыл концепциясын қорытындылай отырып:
Ойдан шығарған бар түрлі әндерім
Үйрен, білсең әннің мәндерін.
Шығардым әндер жаңалап
Саларсың сынға саралап, - деп жазды.
Шәкәрімнің өнер жайлы көзқарасына өнер жасаушысы – адам тұлғасы қомақты
орын алады. Оны ойы сергек, сезімі ояу, талапты, жас жеп көрсеткен
ақын мұндай жанның жаратылысы ерекше екендігін ескертіп:
Үн сырын ұғар адам аз
Айғайға құр болар мәз, - деп түйеді (Ойдан шығарған).
Өлеңдерінде Шәкәрім ән, оның тудырушысы мен орындаушысы, тыңдаушысы
жайын талдап, әннің көркемдік сапасына да баға береді.
Шәкәрім шығармашылықты сезім жетелеген шабыт емес, ой елегінен өткен
тұжырым, ұстамды толғаныс деп білген. Оны өлең арқылы:
Сырын бұл әннің айтып қарайын,
Сипаттап тізіп санайын, - деп білдіреді (Бұл ән бұрынғы әннен
өзгерек).
Шығармашылық ақын үшін рационализмге толы саналы еңбек. Оны Ахаттың
Ажалсыз әскер әнінің шығу тарихы жайындағы естеліктері дәледейді: Ерте
кездегі бір ән шығарған жайын әкей былай дейді: Абай екеуміз әңгімелесіп
отырғанда, өлеңнің қанша буында жазылатынына айтыстық. Сонда ең көбі 11
буын болады екен, 8-4 буынды да өлең жазылады екен. 10 буынға өлең
жазылмайды екен. Мен үйге келіп 10 буынға өлшеп, өлең жаздым. Бірақ өлеңнің
1-жолымен 3-жолы, 2-жолы мен 4-жолы ұйқасатын болса да, оқығанда қара сөз
боп кетті. Содан, әуреленіп жүріп, әнмен айтылуға келтірдім [1.168].
Өлеңді шығару үстінде оның буын санын санап, құрылымын ойластырумен
болған ақын өлеңінде:
Сөзімді өлшеп қараңыз,
Уәзінге дәл шыға ма,
(Сөз жазып, өлең өлшемек)
Ауыр, осы әнге тауып сөз салмақ,
Тәуір, татымды ұйқас жиналмақ, - дейді.
Ахат Құдайбердиевтің естелігіне сүйенсек, Шәкәрімнің Бұл ән бұрынғы
әннен өзгерек әнінің тууына көктемгі жайлау көрінісі ықпал еткен.
Жазғытұры отаулар малмен бауырға көшіп кеткенде, әкей мен екеуіміз
шешелерім, жас балалармен қорада қалатынбыз, әкей екеуіміз тауға
шығатынбыз. Таудың басында отырып, әкей өлең жазып қайтатын.
Бір күні Үштас деген таудың жотасына шығып отырдық. Бұл биіктің
айналасындағы көрініс жазғытұры өте тамаша болады. Құз, жартас, ағып жатқан
өзен, тоғай, тоғайда сайраған бұлбұл, байғыз, үкі, көкек, сарала қаз,
таулар жаңғырығы, баулы сайдың жұпар иістері, бәрі адамның ойына – бойына
тәтті сезім жүгірткендей әсер беретін көріністер. Әкей жазу жазып отырады.
Мен өзенге барып жуындым. Әлден уақытта қайттық. Жолда әкей дыбыстап,
сарынды әуез айтып келе жатты. Үйге келдік. Әкей домбыра тартып отырды. Шай
ішіп отырғанда әкей айтты: Балам бүгін олжалы қайттық. Мен жаңа ән
шығардым. Ол әнді жаратылыстың әнінен бағанағы сайраған бұлбұл, шақырған
көкек, таңдайын қаққан үкі, оларға қосылған таулар жаңғырығы, гүрілдеп
аққан өзен дауыстары, осылар қосылғанда жаратылыстың әні боп шықпай ма?.
Шәкәрімнің Бозторғай күйінің шығуын таңсәрідегі әсем табиғат
көрінісімен байланыстырады: Бозторғай күйін ел жайлауға шығып Үштас
деген қоныста, таң атып келе жатқан мезгілде аспанда сайраған бозторғайдың
үнін естіп, содан әсер алып тарттым дейтін [1.165].
Адамдармен қарым-қатынас, Алла жаратқан табиғат мінсіздігі – бәрі
Шәкәрімді шығармашылыққа рухтандырады. Бұл турасында Ахат Құдайбердиев
естелігінде: Қыста Әжіренің үйіне құдашасы келді. Оған еріп келген қыз –
келіншектер, ауылдағы, басқа да ауылдан келген қыз-келіншектер, бозбалалар
үйге лық толды. Олар ойын ойнап, ән салып думандатты. Әкей төр үйінде
отырған. Бір кіргенімде, әкей жазуын қойып, домбыра тартып отыр екен. Маған
айтты: Залдың, менің есігімді ашып қой, өлеңдеріңді айтыңдар, сендердің
салған әндеріңнен әсер алып, мен бір жаңа ән шығарайын деп отырмын, -
деді. Қабыш бар есіктерді ашып, отырғандарға өлең айтқызды. Ескі-жаңа
әндердің бәрі айтылды. Домбырамен күйлер тартылды. Таң атқанша ойын-думан
болды. Ертеңінде әкей Жиырма үш жасымда деп басталатын өлеңіне сол түнде
шығарған әнін үйретті [1.162], - дейді.
Шәкәрім әнді негізінен түнде шығаратын болған. Оны Қорқыт, Хожа Хафиз
түсіме енді де әнінің Ахат баяндаған тарихынан білеміз: 1929 жылдың
қараша айында мен халін біліп қайтайын деп, жайлаудағы жалғыз жатқан әкейге
бардым. Екі күн қонған соң, әкей екеуіміз Байқошқардағы Кәрімқұлдікіне
келдік. Байқошқарда қала боп орналасқан он шақты үй болатын. Әкей келген
соң бұрынғы әдетінше, ауылдың бар адамдары келді. Әкей әңгіме айтты, жазған
өлеңдерін оқыды. Әкей екеуіміз төр үйге қатар жаттық. Түнде әкей шам жағып,
жазу жазды. Ерте оянып домбыраға бір сарын тартты. Ел тұрып, шай ішкен соң,
әкей түнде жазған Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де деген өлеңін оқып,
оған салған әнін айтып, бізге үйретті [1.171].
Абайдың ізбасары Шәкәрім өмірде де, шығармашылықта да ойшыл-ақын,
философ болғандықтан, оған әннің әсерлісі – сұлу, әдемі, сәнділігімен қатар
тыңдаушыны ойға батыратын, сезммен бірге ақылды қозғайтын шығарма болғанын
қалайды:
Ой – ақылымды қозғар ән-күйді
Жаным жай тапқандай ұнатар.
Бар сезіміңді қозғар ән-күйге
Жастар, тілімді ал, бол құмар.
Мазмұнды өнер туғызу мақсатын қойған музыкалық эстетика ән
шығармашылығының басты міндетін айқындайды. Ол – сөз мәнін музыка
құралымен, мәнерлі, айқын ән интонациясы арқылы жеткізу. Бұл жолда әндердің
тақырыптық ауқымы маңызды рөл атқарады.
Шәкәрім әндерінің басым бөлігі жыраулар поэзиясымен сабақтас
болғандықтан, олардың тақырып ауқымы өмірдің мәні, оның өтпелі және адамның
бұл жалғанда қонақ екендігімен қоса, өмір мен өлім жайын толғайтын әндер
(Ажалсыз әскер, Кетермін, артымда сөз, әнім қалар, Сұраған жанға сәлем
айт, Ойладым бір сөз жазайын да), өмірбаяндық (Мұтылғанның өмірі,
Анадан алғаш туғанымда, Жылым – қой, жұлдызым – июль), жастарға ғибрат
айту (Насихат, Жаңа ойдан шығарған), қоштасу әндерімен шектелмей,
(Кетермін, артымда сөз, әнім қалар, Ойладым бір сөз жазайын да)
дәстүрлі әнде қалыптасқан мазмұндық жүйені кеңейтіп, біліге, оқуға, еңбек
етуге шақыратын, ғылым мен көркем сөздің халық жадында мәңгілік мұрағат
болып сақталуы турасында әндері (Адалсыз әскер, Насихат) елеулі орын
алады.
Шәкәрім Абайдан соң шығарма мазмұнынынан тысқары, сәндік үшін
пайдаланылған көркем құралдардан саналы бас тартады. Көркем тілде
реттілікке талпыныс және поэзияда жарияланған мінсіз әннің моделі туралы
анық түсінік, сазгерді ән шығармашылығында өзіне дейін қалыптасқан көркем
құралдарды шектеп, тіпті жекелеген әдістерден бас тартуға мәжбүр етті.
Шәкәрім музыкалық құралдарды қолдануда тұрақты әдістер пайдаланады:
1) Ән сыры, жарасымдылық ұғымдарымен білдірілген музыка мен
поэзияның берік те тең тұтастығы (сөзі – жан, әні – тән) шығармашылықтың
басты мақсатын іске асырды. Бұл әдіс өлең мазмұнын үзбей, әр бунақтың анық
және айқын жеткізілуін қамтамасыз ететін сөз бен саздың үн – дыбыс
принципімен синхронды сабақтасуы.
2) Меложолдар пауза, қосу ырғағымен аяқталып оқшауланады.
3) Бунақ – бөлшектелген (дорбный) меложолдың қарапайым бөлігі. Оның
меложолда орналасуына сай құрылым бүтіндігінде қолдануда бірізділік
байқалады.
4) Цензура құрылымды құраушы құрал ретінде ішінара және меложолдар
арсында орналасып, музыкалық сөйлемге байыптылық пен байсалдық әпереді.
Шәкәрім әндерінің басым бөлігі меложолдың цезуралы үлгісін ұстанады.
Шын сырым, Насихат, Жылым – қой әндері әр сөзді бөлек интонациямен
орындаса, Кетермін, артымда сөз, әнім қалар, Анадан алғаш туғанымда,
Қорқыттың сарыны, Ажалсыз әскер, Ойладым бір сөз жазайын да әндерінде
сөз тіркестерін негіз еткен музыкалық құрылымдар басым. Тек екі әнде ғана
Шәкәрім цезурасыз меложолды қолданады. Ол 7-8 буынды Мұтылғанның өмірі,
Тыныштық жоқ, тыным жоқ атты тирадалы әндер.
Шәкәрім дамудың динамизациялау құралы ретінде соңғы меложолдарда
бірнеше жолды тұтас цезурасыз мелоқұрылыммен біріктіру әдісін қолданады.
Оны сазгер жаңашылдығын жариялаған (Жаңа ойдан шығарған, Бұл ән бұрынғы
әннен өзгерек) және діни-мифологиялық мазмұнды әндерінен (Сұраған жанға
сәлем айт екінші тарау, Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме ендіде әнінің соңғы
тарауы) көреміз.
5) Лад та – сөздің анық жеткізілуін жүзеге асыратын құрал. Шәкәрім
халық әнінде қалыптасқан басқыштардың функционалды мәнін өзгертпей, толық
емес, қысқа көлемді ладтарды пайдаланып, өз назарын дыбысаралық
қатынастардың еркіндігіне жол ашатын және лад кеңістігінің көлемін
ұлғайтатын факторларға аударады.
Шәкәрім әндеріндегі ладтық жүйе музкалық эстетикасында жоғары
бағаланған фолкьлордың архаикалық қабаттарымен тығыз байланыс табады.
6) Әуен қалыптасуында поэзиялық ұйқастың маңызы зор. Әуен – ырғақтық
өрнектің ұйқасқа сай бунақ-мотив деңгейінде қайталанып келуі жаңа ұйқас
түрлерін айқындай түседі. Сөздің айтылу мәнерінде ұлттық тілге тән
интонациялық-уақыттық қасиеттер (созып айту, поэзиялық жол басында
интонацияның жоғарылауы мен соңында төмендеуі) сөздің бунақпен ұйымдасуында
ескеріледі.
7) Композициялық құрылымдардың алуан түрлілігі өлең ырғағы мен
құрылымының әдепкі және жаңа болуына тәуелді. Дәстүрлі өлең өлшемі
Шәкәрімнің екі-ақ әнінде қолданылады (11-буынды Кетермін, артымда сөз,
әнім қалар және 7-8 буынды Тыныштық жоқ, тыным жоқ). Оларды жаңа,
өзгермелі өлшемді өлең түрлері ығыстырады: 8-9 буынды Ойладым бір сөз
жазайын да, Анадан алғаш туғанымда 6-7 буынды Сұраған жанға сәлем айт,
10-буынды Ажалсыз әскер, Жылым – қой, жұлдызым – июль, 11-12 буынды
Шын сырым, 15-буынды Насихат. Композиция құрастыруда квадратты
периодтар басым.
Шәкәрімнің музыкалық эстетикасы мен әндеріне қатысты айтылғандардың
бәрі шәкәрімтануда кеңінен зерттеуге зәру ғұлама өмірінің беймәлім тұстары
болып табылады.
Бесіншіден, Шәкәрім жай ғана ақын емес, ірі қайраткер. Тіпті заманының
биі мен қазысы да. Шәкәрімнің халық соты ретінде билік айтуы – 1918 жылдың
күзінде Белгібайдың қызын жас мұғалім жігіт Ғабдолла Қоскеевтің алып қашқан
оқиғасына тікелей байланысты болғанын айтуымыз қажет. Мәселен, Ахат
Шәкәрімұлы өзінің әкесі туралы естелігінде осы жайды: Ертеңінде Жаңасемей
базарының жоғарғы жағында, Қаражан байдың мектепке жалдаған үйі болатын.
Сот сонда болатын болды. Сот болатын залға жұрт лық толды. Мен есік
босағасында тұрдым... Алдыңғы қатарда қыз, Белгібайдың туғандары отырды.
Басы орамамен таңулы, беті, маңдайы көкала болған мұғалім тұрды... Соттар
келгенде, отырған жұрт түрегелді. Әкейдің екі жағында – Мұқыш Поштаев пен
Смахан Бөкейханов отырды. Мұқын Белгібай атынан жазылған арызды оқыды
[1.180], - деп баяндайды.
Әрине, бұл соттың қалай аяқталғаны жұртқа мәлім: нәтижесінде мұғалім
жігіт Ғабдолла ақталып, Белгібайдың қызы өз сүйгеніне қосылады. Алаштың
ақсақалы Шәкәрім ар үкімін осылай айтады. Қазақтың белгілі өнер зерттеушісі
Т.Бекхожина: Шәкәрім өнердің барлық түрлеріне де зер салған. Аса шешендік,
тапқырлықпен талай шиеленіскен дауға билік айтқан. Ою-өрнек сызып, тасқа
бедер салған. Бойға қонымды, ықшам, әдемі киім үлгісін ойлап тауып,
жеңгелеріне киім пішіп берген. Өзі домбыра жасаған. Жүйрік ат, қыран
бүркіт, алғыр тазы ұстап, аңшылық, саятшылық құрған [2], - деп көрсетуі
біздің тұжырымдамамызға толық дәлел болады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық кітапханасының мөлшерін межелеу –
үлкен міндет. Ол Семей, Стамбул, Мекке, Медине қалаларының кітапханаларында
ізденістер жүргізген. Хожа Хафиз, Фзули, Науаи, Фирдоуси, Сағди, Яссауи,
Софы Аллаяр шығармаларын оқыған. Ломоносов, Жуковский, Березин, Левшин т.б.
еңбектерімен таныс болған. Пушкин мен Лев Толстой шығармаларын аударған.
Ахат Шәкәрімұлы өз естелігінде: ...Сол кезде мен әкейдің кітапханасындай
мол кітаптары бар кітапхана көрмедім... Бір күні әкей кітаптарын
тазалаттырып, маған тізімге алдыртты. Әкей айтып отырды, мен кітаптардың
авторларын, шығармаларын жазып отырдым. Үш күнде тізімді жазып зорға
бітірдік. Кітаптардың молдығы сондай, авторлардың бар томдарының аттарын
жекелеп жазып шығуға мүмкін болмады [1.147], - дейді. Данышпан ақын
кітапханасында Мың бір түннің барлық томдары болған. Діни кітаптардан
Құран, Інжіл, Таурат, Забр, Мұхтасар, Нақу, Бидал сияқты кітаптар, Будда,
Зарадұш діндері жайындағы еңбектер, Табари, Тарихи ғұмұмн, Тарих
ғұсмани, Тарих інтишарислам, Нажим Ғасымбектің Түрік тарихы, Әбілғазы
Баһадүрдің шежіресі, Радловтың Ойғұр туралы, Аристовтың түрік нәсілі туралы
шежірелері болған. Қытайдың ең ескі замандағы шежіресі – Құдатғу білік,
Кушушидам, Қытайдың – Юан – Шау – Ми – Ши деген тарихшысының жазғанын,
парсы, Рим, Еуропа жазушыларының жазғандарын оқиды. Аталған қаламгерлеріміз
қаншама? Солардан нені үйренді, нені игерді? Біріншіден, сол кездегі Абай
оқыған кітапхана, дүниежүзілік әдебиеттану, тарихтану және философиялық
еңбектерінің бәрі Шәкәрімге мәлім. Абайдың кітапханасы деп [6.7], - деп
Әлихан Бөкейханов айтып кеткен кітапхананың барлығын да Шәкәрім білген,
оқыған. Сонымен қатар Шәкәрімнің қажыға барғаны, Стамбул кітапханасында
жұмыс істегені де белгілі. Ол тек әдебиетті, өлеңді оқып қана қоймай, ХХ
ғасыр басындағы дүниежүзілік, гуманитарлық ғылымды, сол кездегі адамзаттың
ізгілікті ойларының ең негізгі жетістіктерін меңгерген. Үшіншіден, ол сол
кездегі Ресейдің, дүниежүзілік әдебиеттанудың ойшылы, әдебиетші, жазушы
Толстоймен пікір алысқан жалғыз ақын (ұлттық әдебиеттегі ақындардың
ішінде). Толстоймен пікірлес болу үшін, әрине, Шәкәрім ең бірінші орыс
тілін меңгерген. Бұған оның бай кітапханасындағы Ломоносов, Жуковский,
Березин, Левшин, Пушкин еңбектері мысал бола алады. Екінші, өзінің төл
әдебиеті туралы мағлұматқа қанығып, рухани ортаға қажет сауалдар жөнінде
Ресей ойшылымен ой бөлісіп отырған, оның шығармаларын қазақшаға
тәржімалаған. Шәкәрім бес сауалындағы басты сұрақтарды Толстойға қойған.
Мұнда ол Толстойды тексеру үшін емес, дәрежесі жоғары кемеңгерден өз
пікірін де анықтап алу үшін. Бүгінде Толстой Ресейдің бетке ұстар ойшылы,
Ресей қоғамының ХХ ғасырдағы адамзатқа тән рухани ойларды меңгерген
жазушысы болғандықтан ауызда жүр. Алланың өзі де рас, сөзі де рас, -
деген Абайдың шәкірті Шәкәрім ендеше Құранды, хадистерді толық меңгерген.
Бұл сөзімізге Шәкәрім кітапханасындағы Құран, Інжіл, Таурат, Забр,
Мұхтасар, Нақу, Бидал сияқты діни кітаптар дәлел бола алады. Осы кітаптарды
оқу барысында Шәкәрім өз заманының ең алдыңғы қатардағы тұлғасы, көшбасшысы
хақысын иеленді. Ол кезде билікті немесе атақты қазіргідей жоғарыдан сайлап
алмайды. Жазушы, мейлі ғұлама болсын, өз ортасына мойындатып барып, өз
кезеңінің адамзатқа қажетті ең басты ойларын меңгерген соң ғана тұлғаға
айналады. Сол сияқты, Шәкәрімді өзінің бай кітапханасы бар Абайдан кейінгі
қазақ ойшылдарының ішіндегі өз дәрежесіндегі ойшыл ақыны деуге болады.
Мысалы, Шәкәрім бес сауалына өз шығармаларымен жауап беріп кеткен. Өзі
қойған бес сауалға неге жауап берді? Себебі, ол Стамбулдағы бүкілеуропалық
сол кездегі адамзатқа қажетті рухани дүниелердің бәрімен жете танысқан.
Шәкәрім ең бірінші Алаш жазушылары сияқты сөзін Бісмілләдан бастаған.
Оқыған кітабы Құран болғандықтан, рухани дүниелерге бай ұстаздарды таба
білген. Мұндағы айтпағымыз, оның өзіне қажетті кітаптарды тауып алып,
меңгере білгендігі болып отыр. Құранды меңгерген ақын ешқашан тек бір
әдебиетпен, румен, тек бір ауылдың мәселесімен шектеліп қалмайды, адамдықты
ойлайды, соны алдыға тартады. Шәкәрімнің рухани бастау көзі дегенде – сонау
әл-Фарабиден келе жатқан, Бируни, Баласағұниден бастап келе жатқан дәстүр.
Шәкәрім түріктің ең ескі замандағы шежіресі – Құдатғу білік, Кушушидам,
Тарихи ғұмұмн, Тарих ғұсмани, Тарих інтишарислам секілді кітаптарды
оқыды. Шәкәрімнің рухани көзінің алғашқысы – Құран, екіншісі – әл-Фараби,
үшіншісі – Абай, төртіншісі – Стамбулдағы кітаптар, бесіншісі – Толстой,
тағы да басқа орыс зиялыларының еңбектері оның кітапханасынан көрініс
тапқан. Абай оқыған кітаптарды Шәкәрімде оқыған.
Шәкәрімнің Стамбулда сол кездегі еуропалық, бүкіл Батыс ойшылдарының
кітаптарын қарап шыққаны жөнінде оның қажылық сапарымен байланыстыра айтқан
жөн секілді. Бұл туралы дәлелденген дерек бар.
Сыртқы жағдаяттар бір бөлек те, адамның жан дүниесі өсу, даму,
кемелдену талабы бір бөлек. Шәкәрімнің Мекке барсам деген ойға бекем бел
бууы алдымен осы ішкі рух әлемінің тілек-талабы деген дұрыс. Оған мынадай
дәлел алайық: Абай түсімнен шықпай қойды, - дейді ақын. – Абайдың қаралы
үш жылын күту қиын болды. Ақыры ойланып, ел Бауырға түскен соң, барлық
туғандарды жинап, Абайға еткен уағдамды орындауға сапар жүретінімді айттым
[1.159].
Семей қаласына келіп керекті қаражат-қағаздарын жинақтап, тиянақтаған
Шәкәрім ел-жұртына қош айтып, 1905 жылдың күзінде екі мақсатпенен: бірі –
мұсылмандық парыз, бірі – ғылым іздеп беймәлім алыс сапарға аттанады.
Жылым – қой, жұлдызым – июль (1918) деп басталатын өзі туралы
өлеңінде Шәкәрім былай дейді:
Параходта жүріп жолда,
Әр елде кез келіп молда.
Он үш к.н боп Стамболда,
Керек кітап табылғаны-ай!
Осы шумақ бізге ақынның Стамбулға параходпен жеткенін, бұл қалада он үш
күн болып керек кітаптарды тапқан қуанышын жеткізеді.
Омбы, Челябі, Қазан, Мәскеу, Севастополь, Стамбул, Египеттің Ескендрия
(Александрия), Сауд Арабияның қалаларымен жүріп өтіп, Құнанбай Өскенбайұлы
бастаған қазақтың 120 белді ақсақалы 1874 жылы Мекке, Мәдинеде бас қосады.
Осы қалалардың барлығынан Шәкәрім рухани азық алып отырған.
Енді ақынның өзі туралы жырына тағы бір үңілейік. Автор келесі
шумағында түріктің бас қаласы Стамбулда ел-елден (түрік, кавказ-серкеш,
үнді, араб, башқұрт, қызылбас елдерінен) жиылған тамам оқымысты ғалымдармен
сұхбаттасып, сөзге кіріскенін паш етеді. Оқымысты ғлымдар болатыны,
баршасы ғылым жолын қуған, ақиқатты іздеген жандар, Шәкәрімнің өз сөзінше,
олардың кейбірі Парижде де оқыған.
Осы ретте әр ұлттың зиялылары бір-бірімен қалайша түсінісіп, сөзге
кіріскен? Бұл сұрақтың жауабын да өзі беріп, Переводчик түрік, ноғай және
әр елден словарь алмақпен дейді қажы. Сөйтсе-дағы, терең ойларды сынап
нағызына нанбақ, Гаданға болмалы-ау оңай! деп ағынан жарылады.
Ахат Шәкәрімұлы әкесінен естігендерін былайша баяндайды: Меккенің
тарихи орындарында болып, көп қажеттерімлі таптым, - деп әңгімелеген екен
Шәкәрім. – Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескі замандағы Абу Суфиян
сияқты ғалымдары шығармаларымен танысып, кітаптарын алдым. ...Қайта
қайтқанда бізден ауру шығып, бір айдай Стамболда жатып қалдық. Мен
доктормен келісіп, Стамболдың тарихи орындарын тағы ақтардым. Үнді, парсы
ғалымдарымен пікір алыстым [1.157].
Аталған қалалардан алған кітаптарын ақын посылка етіп, Семейдегі
Абайдың қолдау – көмегімен оқуын бітіріп, кейіннен банк қызметкері болған
Әнияр Молдабайұлы үйіне жіберіп отырады.
Бұл жайында: Мекке жақтан әкей Семейдегі Әнияр деген кісінің адресіне
тең-тең посылка жіберіп жатады екен, - дейді Ахат ақсақал. – Оларды Әнияр
біздің қалашыдан ауылға жіберіп, оларды үйге жинатып қоятын. Бұл не? деп
сұрасақ, Атаң жіберген кәмпит, өзі келген соң береді, деп бізді қуантып
қоятын. Әкей келіп ашқанда бір-ақ көрдік, бәрі кітаптар болып шыққанын.
Әкей Меккеден жазғытұрым көк шығып, жер кебер кезде келді. Біз арбамен он
бес шақырымдай жердегі Шәке ауылынан алдынан шықтық [1.158].
Бұл арада әдебиеттің дені Шәкәрімнің ойшылдық кітапханасын байытқан
кітаптар екенін айтқан жөн. Яғни ертедегі шығыс ақын-жазушы, ойшылдарының,
көне грек кемеңгерлері мен Батыс философтарының, сондай-ақ, ертедегі түрік
ғалымдарының жазған шығармалары болған. Шәкәрімнің бұл қайнарлардан
сусындауына Мекке сапары бірден-бір себепші деуге болады. Сөзімізге
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында Мекке сапарына
аттанғанда және елге қайтқанда қажылар тіркелген құжаттар дәлел бола алады.
Үлкен тізімде №221 болып Шәкәрім тіркеліп, Семей облысы, Шыңғыс болысының
қырғызы Шакарим Худайбердин деп көрсетілген.
Бұрын Шыңғыстау, Семей өңірінен ұзап шықпаған Шәкәрім үшін Мекке сапары
беймәлім алыстағы ел-елді, жер-жерді көріп, танысуға мүмкіндік берген әрі
рухани соны серпіліс сыйлаған әдемі де сәт сапар болғаны талассыз. Және үш
айдай қажылық сапардан зердесін байытып қана қоймай, мол ғылыми-танымдық
әдебиеттер жинап оралғанына куә боламыз.
Шәкәрім кітапханасы мәңгілігімен құнды. Себебі, осы қайнардағы баға
жетпес кітаптар негізінде Шәкәрім адамзатқа қажетті мәңгілік сауалдарды
түсініп, жауап іздейді және том-том кітаптарымен емес, санаулы өлеңдері,
санаулы ғана шығармаларымен-ақ басты ойды әл-Фараби, Абай сияқты ғибратты
ойға айналдыра білді.

1.2 Қоғамдық қызметінің белгісіз беттері

Шәкәрім Құдайбердіұлының қоғамдық-саяси қызметі дегенімізде, жалпы оның
ел басқару билігіне ерте бастан, сонау жас жігіттік ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмір мен шығармалары
Шәкәрім Құдайбердіұлының би ретіндегі қызметі
Депутаттардың Конституциялық мәртебесі
Метафора туралы
Шәкәрім Қ. мұрасы Ә.Бөкейханов зерттеуінде
Парламент депутатының мәртебесі
Абайдың ақын шәкірті шәкәрім құдайбердіұлы
ПАРЛАМЕНТТІК ДЕПУТАТТЫҚ ӘДЕПТІҢ НЕГІЗГІ АСПЕКТІЛЕРІ
Шәкәрім шығармаларының тарихи сипаты мен адамгершілік үлгісі
Депутаттардың парламенттегі қызметі
Пәндер