Бейімбет Майлиннің баспасөздегі қызметі


МАЗМҰНЫ
К і р і с п е4
Бейімбет Майлиннің баспасөздегі қызметі10
Бейімбет Майлиннің публицистикалық21
шығармалары21
Қ о р ы т ы н д ы33
Бейімбет Майлин туралы тілек - лебіздер40
Сілтемелер43
Пайдаланылған әдебиеттер:44
К і р і с п е
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті қаламгерлерінің бірі - талантты ақын, іргелі прозаик, қаламы қарымды журналист - публицист, драматург, сатирик Бейімбет Майлиннің әдебиет тарихындағы орны өзгеше.
Қалам қызметіне ерте араласқан Бейімбет Майлиннің ширек ғасыр ішінде жазған шағын және көлемді мақалалары, публицистикалық, сондай-ақ әдеби шығармалары - біздің бүгінгі сөз өнерімізге қосылған қымбат қазына деп бағалауымыз қажет.
Қазіргі қазақ әдебиетінің негізгі жанрларын қалыптастырып, дамытуға сіңірген ерекше еңбегін, бүгінгі қазақ ауылының жаңа тарихындағы жиырмасыншы-отызыншы жылдардың көркем шежіресін жасауда атқарған айрықша қызметін өз алдына қойғанда, Бейімбет Майлин өзінен кейін қолына қалам ұстағандарға анық екі қырымен үлгі-өнеге бола білді.
Бірінші, “Талант - еңбек ” деп Горький айтқандай, саңлақ суреткер өлшеулі ғана шығармашылық ғұмырында өлшеусіз еңбек сүйгіштігімен “жазушылық - жазу, жақсы жазу, жақсы жаза алсаң қалам құрғатпай жазу” екенін тынымсыз іс -әрекетімен қолма-қол дәлелдеп кетті.
Екінші, “Әңгіме - шеберлік мектебі” деп Федин айтқандай, қазақтың А. Чеховы сияқты құдіретті зергер әрі қысқа, әрі нұсқа новеллалары арқылы шын мәніндегі әдеби шеберліктің мектебін ашып, осы жанрдағы шынайы, тап-таза, мөп-мөлдір реализмнің үлгісін көрсетті.
Біздің бұл сөзімізге қазақтың тағы бір сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың мына бір төмендегі сөзі айғақ бола алады.
“Жаратылысында ерекше қарапайым, аса сирек ұшырасатын кішіпейіл және еңбекқор Бейімбет Майлин әдебиетіміздің тарихынан қашан да өзіне ғана тән өзгеше орынға ие. Ол әдебиетке келгенде жазушының халық алдындағы ролі мен жауапкершілігін әбден елеп, екшеп барып келді, әдебиеттегі реализмнің зергері болып келді және демі таусылғанша осыдан айныған жоқ”
Бейімбет ( Бимағамбет ) Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, Дамбар болысындағы Ақтөбе деген жерде - қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданы, Майлин ауылында туған. Екі жасында әкеден жетім қалған Бейімбет бір байдың сауыншысы болып жүрген анасының қолында тәрбиеленеді. Жетіге жеткен соң өзі де сол байдың қозысын бағып, кейін атының делбесін ұстайды. Бейнет пен жоқшылықтың ащы дәмін ерте татқан жас бала кәрі әжесінің жылы құшағында бұйығы тербеліп отырып, оның :
Өмірімде көргенім күңдік, құлдық,
Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық ? - деген зар сырын жанымен ұғады. Әжесі көне жырларды көп білетін, өзі де аздап өлең шығаратын ақынжанды адам болған екен. Соның әсері болса керек Бейімбет қаршадайынан өнерге құмартып, өлеңге әуестенеді.
Б. Майлин алғаш рет ауыл молдасынан сауат ашып, хат таниды. Содан соң есігінде жүрген бай үйінде тұратын Әбдірахман Сатыбалдин деген татар мұғалімнен дәріс алады. Одан әрі басқа бір Әбдірахман Арғынбаев дегеннің медресесіне түсіп, екі жыл оқиды. Өз бетінше кітап оқып, көп ізденеді. Қалаға барып, білімін одан әрі көтеруге талаптанады.
1913-1914 жылдарда Бейімбет Майлин Троицкідегі “Уазифа” мектебінде, оны бітіргеннен кейін Уфа қаласындағы Медресе-Ғалияда оқиды. Сол жылдары медресе шәкірттерінің әдеби үйірмесіне қатысып, өзі секілді талапкер жастармен бірге “Садақ” атты қолжазба журнал шығарысады. “Садақтың” әрі редакторы, әрі белсенді авторы болған Бейімбет осы журналдың 1914 жылғы үш нөмірінде өзінің тырнақалды прозалық туындысы “Шұғаның белгісін” жариялайды. Бұл “Ғалия” шәкірттері мен ұстаздарының арасында авторының атын шығарып, талантын танытқан тамаша шығарма болатын.
Бейімбет Майлиннің медресеге сабақ беретін белгілі татар жазушылары Мәжит Ғафуримен, Ғалымжан Ибрагимовпен шығармашылық байланысы, медреседе өзімен бірге оқитын башқұрт ақыны Сайфи Құдашпен достығы осы кезден басталады. Солармен достаса жүріп, Бейімбет екі жылдай орыс тілін үйренуге көп күш салады. Гоголь, Л. Толстой, А. Чехов, М. Горький шығармаларымен түпнұсқадан танысады.
Бірақ, денсаулық жағдайына байланысты Медресе-Ғалияның оқуын аяқтай алмай, 1915 жылы Троицк қаласына қайтып оралады да, осы тұста “Айқап”журналында қызметте жүрген Сұлтанмахмұт Торайғыровпен, Мұхаметжан Сералинмен танысады. Журналда бірнеше өлеңдер жариялайды. 1916 жылы еліне келіп, 1919 жылға дейін қаламгерлік қызметімен қатар, ауыл жастарына ұстаздық етеді.
1916 жылғы маусым жарлығы кезінде Бейімбет күрес адамдарын ашық айқасқа, берік сапқа тұруға шақырды.
Бірақ ол тұстағы жағдай да, заң да жалпыға мәлім. Соған сәйкес ендігі өмірі мен өнерін түгел Қазаннан кейінгі жаңа заманға бағыштаған Бейімбет Майлин 1919-1921 жылдары ауылдағы кеңес жұмысына араласады. 1922 жылы Сәкен Сейфуллиннің шақыруымен Орынборға келіп, баспасөз қызметіне қызу кіріседі. Орталық газет бетіне де жиі-жиі әңгіме-очерктер, мақалалар, қысқасы публицистік шығармаларын жариялап, “Қызыл Қазақстан” журналында “Шұғаның белгісін” жаңадан жөндеп бастырады, кітап баспасынан өлеңдер жинағын шығарады.
1923 жылы Бейімбет Майлин Қостанай қаласына барып, “Ауыл” деген жаңа газет шығарысады. Көптеген новеллалары, сықақ- әңгімелері, фельетондары, белгілі “Раушан - коммунист” хикаяты осы газет бетінде жарық көреді.
1925 жылы Өлкелік өкіметтің арнайы шақыруымен республиканың сол кездегі астанасы - Қызылордаға келіп, қайтадан баспасөз және баспа орындарында әр алуан қызметтер атқарады. 1934-1937 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы болып істейді .
Осылармен қатар ұйымдасқан күнінен бастап Қазақстан жазушылар Одағының құрамында болып келген Бейімбет ұланғайыр әдеби еңбекті ұйымдастыру, ұйым жұмысын басқару, жас әдебиетшілерді тәрбиелеу ісіне үнемі ат салысып отырады.
Бұл жылдарда Бейімбет Майлин өз дәуірінің ұлы, өз заманының үні болудың үлгісін көрсетті. Әсіресе оның шағын және орта көлемді эпика түрінде ай сайын, апта сайын толассыз туып, мерзімді газет-журнал беттерінде үздіксіз жарияланып жататын әдеби және публицистикалық шығармалары жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы ауыл өмірінің әрі түзу айнасы, әрі көркем шежіресі іспетті. Сол кездегі шаруа тіршілігінің Бейімбет Майлин бейнелемеген сыры да, жыры да сирек деуге болады. Ол уақыт талғамай тынымсыз жазды. Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің “Бейімбет Майлин туралы аз сөз” 2 атты естелігінде былай дейді:
“Жұмысының көптігі және өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін қазақ жазушысы, әсіресе журналисі аз болатын. Бейімбет сұлу жазатын адам да және өте жылдам жазатын, жазғанын қайта көшіретін әдет онда жоқ та. Түзетуді де аз жасайтын. Қазақ грамматикасына ол жүйрік те. ”
Б. Майлиннің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғұмыр-тіршілігімен тығыз байланысты.
Ол өмірде нені жете таныса, өнері арқылы жұртқа да соны танытады. Осы тұрғыдан қарасақ, Бейімбет Майлиннің дүниеге көзін ашқаннан көргені көбіне ауыл өмірі. Сондықтан оның ширек ғасыр бойы, журналистиканың және әдебиеттің қай жанрында болсын, жазған шығармалары түгел ауыл өміріне арналуы тегін емес.
Осыны өзі де жақсы білген “Жаңа әдебиет” журналының 6-7 сандарында ол өзі туралы: “Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым ауыл туралы ғана болып келеді, - деп ашып айтыпты - өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге дейін кірісе алғаным жоқ”
Сенің зарың - зарлайтыным өмірге,
Сенің зарың - арлайтыным өмірде.
Сен жыласаң - көзден жасым тамшылар,
Сен қуансаң - қайғы, шерім аршылар.
Бейімбет Майлиннің “Кедейге” деген осы өлеңіндегі жолдар - оның ақындық кредосы, қаламгерлік бағдарламасы. Ол өзінің өнер және өмір жолында осы мақсатынан бір сәт тайып, табан аударып көрген жоқ.
Бейімбет Майлин өзінің ширек ғасырлық жылдарында қалам тербеген барлық жанрда елу бес кітабы жарық көріп, оқырман қауымға кеңінен таралды. Бейімбет Майлин 1938 жылы репрессияға ұшырап, қыршынынан қиылды.
Біз бұл кіріспеде Бейімбет Майлиннің қазақ әдебиеті мен журналистика саласындағы алар орны, шығар биігі барын және оның өмірбаянына аз-кем тоқталып өттік. Келесі тарауларда Бейімбет Майлиннің баспасөздегі қызметі және оның публицистикалық шығармалары туралы кеңінен қамтылмақ.
Бітіру жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімнен, Бейімбет Майлин туралы тілек лебіздерден, сондай-ақ сілтемелерден және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
Б і р і н ш і т а р а у
Бейімбет Майлиннің баспасөздегі қызметі
Үш жүз жылдай көзінің сұғын салған жаулармен найзаның ұшымен, білектің күшімен алысып-арпалысып, айқасып-шайқасып күрескен, отаршылдықтың қамытын сыпырып тастау жолында барлық күш-қайратын, ой-санасын сарсытып сарқа жұмсаған ел едік. Міне, енді ұланғайыр жерімізге қуаныш келді, тәуелсіздік орнады, егеменді ел болдық. Оған да он жыл толды. Бұл жолда қаншама қан төгілді, қаншама бас кетті, қаншама ата-бабалардың жаны қиылды, зиялы азаматтарымыз құрбан болды. Бұл ретте еске алып, лағнет айтарымыз 1937-1938 жылдардың зұлматы.
Бүгінгі күн биігінен өткенімізге көз салсақ, қуанышы мен қасіреті, жұбанышы мен мұң-зары аралас өмір парақтарын ақтарсақ, бойымызды кейде асқақ сезім билейді, кейде қасірет мұңы көңіліңді қайғы-шерге толтырады. Өткен жолымызға зейін қойып, зерделеп, жоғалтқанымызды тауып, жауып тастағанымызды ашып алып, ақиқатқа қанып жатырмыз.
Халқымыздың тарихына, оның зиялы азаматтарына жағылған қара күйе, тағылған қара таңбаларды аршып, тазарту біздің ұрпақтың үлесіне тиіпті. Бүгінгі сарсылған санамызды жаңғыртар жаңа леп келді. Соның әсерінен халқына адал қызмет еткен мыңдаған боздақтардың тағдырын толық ашуға ұмтылудамыз. Олардың адамгершілік мұраттары, биік гуманистік асыл қасиеттері, ел-жұртына еңбек етудегі ізгі мақсаттары, рухани таза болмысы мен өнегелі өмірі кімге болса да қастерлі.
Сондай зиялылардың бірі - Бейімбет Майлин еді. Ол халқының қайғы-қасіретіне күйініп, мұңды, шерлі тұрмыс жайына ортақтасып, қуаныш-қызығына сүйініп, билікқұмарлардың, саясаткер басшылардың зорлық-зобалаңын өзгелермен бірге бастан кешкен адал перзенті.
Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген Ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің іргетасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқтықпалы соқпақсыз жолмен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтерісті, қаламгерлігін асқан ісерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы. Ол мақсаты бүкіл көркем және көсемсөздің арқауына айналды. Сол жолмен жүріп әдебиетімізде де, публицистикамызда да аса көрнекті, мол көлемді қазына қалдырды. Сондықтан да оның мұрасының шет-шегіне күні бүгінге дейін жете алмай, жинап, басын құрай алмай жатырмыз.
Б. Майлиннің шығармашылығы толық зерттеліп болды десек, ол дұрыстыққа жатпайды. Оның көзі тірі кезінен бастап қазірге дейін туындылары аз талданған жоқ.
Әркезде әртүрлі баға берілді оған. Бір кезде ”ауыл ақыны”, “бас жазушы” деп қана қоймай, оны “алашордашыл”, “ұлтшыл” деп те көлгірсіді кейбіреулер. Ақыры “халық жауы” етіп шығарды. Тек, 1957 жылы ақталғаннан кейін оның өмірін, шығармашылығын бағалау оң арнаға түсті. Әуелі Б. Майлинді алымды ақын, парасатты прозашы, дарқан драмашы деп таныдық. Одан кейін өндіріп жазған очеркші, нысанасын дөп көздеген фельетоншы деп айттық. Келе-келе тілшілігін де, журналистігін де қамтыдық. “Бір өзі туған әдебиетіміздің бір байтақ әлемі”, “аса көрнекті жазушы” дедік. “Ұлы жазушы” деп атадық. Осы бағалауларымыздың бәрінде ешқандай жалғандық жоқ.
Б. Майлиннің жазушылық және журналистік шығармашылығы жөнінде жиырмасыншы жылдардан бастап күні бүгінге дейін қазақтың игі зиялылары өз ойларын айтып отырды. Жақсы жақтарын да, кемшілік-қателерін де сарапқа салды. Артық кетіп солақай сынның астына алғандары да жоқ емес. Б. Майлин репрессияға ұшырап, жазықсыз атылған соң ауыз ашып, тіс жарып ешкім ештеңе айта алмады. Заман ызғарынан үркіп, жан тасалауға тура келді. Тек жазушы ақталып, елімен қайта қауышқаннан соң, мұрасы халқына қайтарылғаннан кейін жан-жақты зерттеу ісі кең арнаға түсті.
Б. Майлинді де қайта танып бағалау, жаңа көзқараспен зерделеу өрісі ашылғандықтан, бұрын көп айта алмай жүрген ой-пікірді жаңғырту мүмкіндігі туды.
Ендігі міндет - Бейімбеттің де болмыс бітіміне, шығармаларына өзгеше көңіл-көзбен ден қойып, ашылмай келген жоқтарын ашу, зерде таным елегінен қайта өткізіп, әділ әрі ұлттық сипатта бағалау.
Б. Майлиннің ғұмыры мен шығармасының қыр-сыры түгел ашылды, айтылды, енді зерттейтін, талдайтын ештеңе қалған жоқ десек, қатты қателесеміз.
Б. Майлиннің өмірі аласапыран, соқтықпалы заманда өтті. Жарық дүниеге ана құрсағынан шыр етіп келгенінен бастап көргені тұрмыс тауқыметі, тағдыр қыспағы, ішітар бақталастарының тілін түйреп, жанын жаралауы.
Бейімбет бір жасқа толмай әкесі қайтыс болып, жетімдік зардабын аз тартпаған. Бай қолында қозы, қой бағады. Ол он екі жасқа шыққанда, 1906 жылы шешесі Құлғизар дүние салады да, әжесі Бойдастың қолында қалады. Көзі тірісінде шешесі оны молдаға апарып жүріп оқытады. Сөйтіп хат танитын дәрежеге жетеді. 1911-1912 жылдары көрші ауылдағы Арғынбай деген қажының медресесінде оқып жүргенде қажыны, басқа да байларды мақтап өлең шығаратын Әржікей деген ақынсымақпен айтысып, оны өлтіре сынап, жеңіп шығады. Сол үшін медреседен қуылады.
Осыдан кейінгі Бейімбеттің өмірі туралы зерттеулерде кейбір шатастырулар болып келеді. Оның себебі өзі толық қағазға түсіріп кеткен жазбасы қолға түспей келді. Анда-санда оның айтқан өмірінің эпизодтары болмаса, тұщымды ешнәрсе табылмай жүрді. Бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұлов пен Серікқали Байменшелердің айтуынша, Б. Майлиннің өзі қол қойған, 1936 жылы толтырылған “Личный листок по учету кадров”, “Личная карточка”, “Регистрационный бланк члена ВКП (б) ” деген құжаттарды Республика Президенті мұрағатынан табылған. Соларға сүйенсек, 1913 жылы бірнеше ай жеке адамдардың балаларын оқытумен шұғылданады да, Тройскідегі “Уәзипа” медресесіне түсіп оқиды. Оны бітірмей кетеді де біраз уақыт тағы да мұғалім болып жүреді.
Сол кездердегі талабы тасқа шағылып, қиналып, жаны күйзеліп жүрген жайын “Мұқтаждық” деген өлеңінде зар қып жыр жолдарына қосты:
Ай, Мұқтаждық, кесел болып тұрдың ғой!
Талапкерге қарсы тұзақ құрдың ғой!
Қолды созып, бойды жазып жүргізбей,
Ауруы жоқ бір мүгедек қылдың ғой, -
деп іштегі шер-шеменін шығарып, мұңын шағады. Бұл кезде 18-19 жасқа келген кезі, әлі көзі ашылып, көңіл жайланбаған.
Уфадағы “Ғалия” медресесіне ағайындарының көмегімен 1914 жылы келіп оқиды.
“Ғалия” - жоғары мұсылмандық діни оқу орны. Оқу мерзімі алты жыл, үш жыл - әзірлік, үш жыл - жоғары білім беру. Бейімбет соның екінші сатысында оқыған. Оны да денсаулығының нашарлауына байланысты бітірмей тастап кетеді де, мұғалімдікке қайта оралады. Әлгі толтырылған құжаттардың бірінде алған мамандығын “мұғалім” десе, енді бірінде “әдебиетші-журналист” деп көрсеткен.
Бұл тұста да Бейімбеттің талпынысы оңынан келе бермеген. Соған қарамастан, өнерге жаны жақын ол өлең, мақалалар жазып, сол кездегі “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналына жіберіп, бастырып тұрады. Оның алғашқы редакторлық жұмысы “Садақ” атты қолжазба журналынан басталады. “Ғалия” медресесінде оқып жүргенде шығарылған бұл журналды ұйымдастырушылардың бірі Б. Майлиннің көркем шығарма жазудағы тұсауы кесілді десе де болғандай. Себебі мұнда тұңғыш әңгіме “Шұғаның белгісі” жарық көрді. Ол кейін оны повесть етіп қайта жазып шықты.
Діни оқудан басқа, орыс, татар тілдері мен әдебиетінен, психология, педагогика, физика, математика, тарих, музыка, жағрапия пәндерінен дәріс алып, білімін өсірген Бейімбет 1918 жылдың қараша айына дейін мұғалім болып істейді. Сол жылы Қостанайдағы “Алашорда” атты әскерінің қатардағы жауынгері ретінде сапына кіреді. Үш айдан кейін одан кетіп, ұстаздық ісіне қайта кіріседі.
Тройцк қаласында емделеді. Еліне барып, оқу-ағарту ісіне араласады. Өзінің туған ауылында мектеп ашып, негізін қалайды. Балаларды ән-күй, сахна өнеріне баулиды. Алғашқы пьесаларын жазып, сахналап, ауыл жұртының алдында көрсетіп қайран қалдырады. Осы мұғалімдіктен бір рахат тапқандай, Бейімбет беріле істейді. Екі жылдан кейін ол жоғарылатып, губерниялық оқу бөлімінің Дамбар болысы бойынша инспекторы болып тағайындалады. Бір жылдан кейін Дамбар болыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Оның үстіне 1921 жылғы болыстық сайлауда болыстың орынбасары болып сайланған. Ал 1922 жылы жазда Қостанайда алғашқы конференциясына төралқа құрамына сайланып, хатшылық етті. Сол жылы өткен Денисов аудандық конференциясына Дамбар болысынан делегат болып қатысты. Бұл кездерде ол “Сары-арқа”, “Алаш”, “Ұран”, “Кедей сөзі”, “Қазақ тілі”, “Бірлік туы” сияқты газеттерде өлеңдері, мақалалары жарияланып тұрды. Соның бәрі 1922 жылдың жазында С. Сейфуллиннің шақыртуымен “Еңбекші қазақ” газетіне қызметке келуіне игі ықпал- әсерін тигізеді. С. Сейфуллиннің “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы қызметіне тағайындалған кезі еді. Ғалым Т. Кәкішевтің айтуынша, “Тамыз айында”, “Еңбекші Қазақ” газетінің жауапты хатшысы болуға әзер дегенде келісім берген Бейімбет Майлин “Еңбекші қазақ” пен “Қызыл Қазақстан” журналын жандандырып, көп жұмыстың ауыртпалығын өзі көтерген” 3 . Бұған дейін жырақтағы ауылдарда жүріп, ой- өрісті кеңітетін, дарын қуатын дамытатын әлеуметтік және мәдени жаңалықтардың мол ортасында бола алмай, сусап келген Б. Майлин өмірінде жаңа белес бастағандай күйде еді. Бұрынғыдай емес, құлашты кең сермеп, қаламды қадай түсетін мүмкіншілік туды.
“Іздегенге сұраған” дегендей Б. Майлин редактордың да ісін тап- тұйнақтай етіп атқара жүріп, өлең, әңгіме, фельетон, очерк, мақалаларын мол бастырып отырады. “Еңбекші қазақ” өз алдына басқа да басылымдарға қалам жәрдемін береді. Журналистік мамандығы оқуын оқымаған, ондай жұмыста бұрын істемеген Б. Майлин газет ісін бірдей игеріп алып кетуі ғажап құбылыс. Көп ұзамай айналасы оны жазушы ретінде де, журналист ретінде де мойындайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz