Жеткіншектердің тіл мәдениетін қалыптастыру мәселесінің практика жүзінде шешілуі


РЕФЕРАТ
Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп отырған. Қазақ тілінің қоғамдық қызметі артып отырған қазіргі кезде еліміздің болашағы - оқушы жастардың тіл мәдениетін жетілдіру өзектілігі арта түсті.
Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаев: “Тілді дамыту - Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі” десе, мәдениет министрі Д. Қасейінов: “Қандай бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынадағы сауаттылығы, оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді . . . Сондықтан, ендігі жерде қоғам өмірінің барлық саласында дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу, әсерлі, әсем етіп сөйлеу, емле қателерін жібермеу мақсаты тұруы керек” - деп тұжырымдайды.
Оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру мәселесі бойынша зерттеулер өте аз. Тікелей қазақ тілі мен әдебиеті сабағында балалардың сөйлеу әрекетін, тіл мәдениетін дамыту (рөлдік ойындар, шығырма, мазмұндама жаздыру, сурет бойынша әңгіме құрастырту, пікірталас, мәнерлеп оқыту, сипаттама, мінездемебергізу т. б. арқылы) бойынша Б. Құлмағанбетова, Б. Кәтенбаева, Х. Арғынов, А. Әбілқаев, А. Жапбаров, С. Ф. Иванова, О. М. Казарцева т. б. қарастырған. Ал оқушылардың тіл мәдениетін отбасы мен мектептің бірлескен іс-әрекеті арқылы қалыптастыру мәселесі бойынша зерттеулерді біз кездестірмедік.
Тіл мәдениетінің шыңына жету отбасынан, бала бақшасынан басталып, ал мектепте ана тілі жүйелі оқытылып, фонетикалық, грамматикалық, лексикалық икемділік пен дағдылар игертіледі. Оқушылардың мектептен алатын тіл сабақтары отбасы мен айналасының “тіл сабақтарымен” ұштасып жатуы керек. Мектеп ұжымы жүйелі жоспар құрып, шәкірттермен ақылдаса, ата-аналармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана үлкен нәтижелерге ие бола алады.
Зерттеудің мақсаты: педагогика ұжымы мен ата-аналардың оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастырудағы өзара бірлескен іс-әрекетінің тиімді жолдарын анықтау.
Зерттеудің нысанасы: педагогика ұжымы мен ата-аналардың байланысқан іс-әрекеті.
Зерттеудің пәні: оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру үрдісі.
Зерттеу міндеттерін шешу барысында біз ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді талдау, педагогикалық байқау, бақылау, сауалнама, әңгімелесу, педагогикалық эксперимент әдістерін қолдандық.
Зерттеу жұмысы реферат, кіріспе, екі тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады. Сондай-ақ, жұмыста 1 сызба, 7 кесте, 2 сурет бар. Зерттеу жұмысының көлемі 67 бет.
Мазмұны
Кіріспе . . . 4
1. Тіл мәдениетін отбасы мен мектептің бірлесе қалыптастыру мәселесінің теориялық негізі . . . 8
1. 1 Тіл мәдениетін қалыптастыру мәселесінің ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде қарастырылуы . . . 8
1. 2 Тіл мәдениеті, оның көрсеткіштері мен өлшемдері . . . 16
1. 3 Мектеп пен ата-аналардың өзара байланысы мәселесінің педагогикалық-психологиялық негізі . . . 22
2. Жеткіншектердің тіл мәдениетін қалыптастыру мәселесінің практика жүзінде шешілуі . . . 34
2. 1 Оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастырудағы сынып жетекшісі мен ата-аналардың байланысқан іс-әрекетінің жұмыс жүйесі . . . 34
2. 2 Жүргізілген эксперимент нәтижелерін талдау . . . 42
Қорытынды . . . 53
Әдебиеттер тізімі . . . 54
Қосымша А . . . 57
Қосымша Ә . . . 63
Қосымша Б . . . 64
Қосымша В . . . 66
Қосымша Г . . . 67
Қосымша Ғ . . . 69
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі. Тіл - қарым-қатынас құралы. Ол адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын көрсететін айна. Сондықтан тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. “Өнер алды - қызыл тіл” деп, қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Қазақ тілінің қоғамдық қызметі артып отырған қазіргі кезде еліміздің болашағы - оқушы жастардың тіл мәдениетін жетілдіру өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаев: “Тілді дамыту - Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі” десе /1, Б. 3/, мәдениет министрі Д. Қасейінов: “Қандай бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынадағы сауаттылығы, оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді . . . Сондықтан, ендігі жерде қоғам өмірінің барлық саласында дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу, әсерлі, әсем етіп сөйлеу, емле қателерін жібермеу мақсаты тұруы керек” - деп тұжырымдайды /2, Б. 1/.
Түрлі ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді қарастыру, байқау негізінде біз бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл аударарлық, көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде деген қорытындыға келдік. Қазіргі жасөспірімдердің басым бөлігінің сөздік қоры өте таяз. Олар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды. Сөздің көркі мақал-мәтел, фразалық тіркестерді қолданып ойын айтудың орнына “жаңағы”, “әлгі”, “немене”, “мысалы”, “яғни” деген сияқты қыстырма сөздерді қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен, диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл туралы зерттеуші Г. Смағұлова: “Көңіліміз толмай жүрген мәселенің бірі - мектеп оқушыларының тілдерінің шұбарлығы, олардың тіліндегі орыс сөздерінің аралас жүруі қалыпты жағдайға айналып бара жатқандығы. Кітап оқуды мүлдем қойған қазіргі жастардың тілінің жұтаңдығы, қысқа қайырыммен сйлеуі, ойын жеткізудегі мәнерлілігінің жоқтығы күн санап тереңдеп барады” /3, Б. 17/.
Жалпы ғылымда жеке тұлғаның сөйлеу әрекетін қалыптастыру, тіл мәдениетін дамыту үлкен орын алған. Тіл мәдениетінің теориялық негіздеріне М. Балақаев, Н. Уалиев, Л. П. Осенмук, О. Я. Гойхман, Т. М. Надеина, Л. И. Ожегов, Е. Н. Зарецкая /4; 5; 6; 7; 8; 9/ еңбек арнаса, мұғалімнің тіл мәдениеті туралы А. А. Мурамов, А. К. Михальская, /10; 11/ іскерлік қарым-қатынас орнатудағы тіл мәдениеті бойынша Д. З. Розенталь, Г. Н. Иванова-Лукьянова, А. В. Миртов, /12; 13; 14/ оқыту үрдісіндегі оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыруды Б. Ш. Кәтенбаева, А. Әбілқаев, Б. Құлмағанбетова, А. Жапбаров, С. Ф. Иванова, О. М. Казарцева /15; 16; 17; 20; 21; 22/ зерттеген. Нақты оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыруды зерттеушілер тікелей тек қазақ тілі, қазақ әдебиеті сабақтарымен байланыстырып, рөлдік ойындар, шығырма, мазмұндама жаздыру, сурет бойынша әңгіме құрастырту, пікірталас, мәнерлеп оқыту, сипаттама, мінездеме бергізу т. б. арқылы дамытуды ғана сөз етеді. Ал оқушылардың тіл мәдениетін отбасы мен мектептің бірлескен іс-әрекеті арқылы қалыптастыру мәселесі бойынша зерттеулерді біз кездестірмедік.
Жалпы тәрбие үрдісінің дұрыс бағытта жүруінің кепілі - педагогтар мен отбасы арасындағы тығыз байланыстың болуы. Бұл тіл мәдениетін қалыптастыруда әсіресе маңызды. Тіл мәдениетінің шыңына жету жолы ұзақ әрі қиын. Ол отбасынан, бала бақшасынан басталып, мектепте ана тілі жүйелі оқытылып, фонетикалық, грамматикалық, лексикалық икемділік пен дағдылар игертіледі. Оқушылардың мектептен алатын тіл сабақтары отбасы мен айналасының “тіл сабақтарымен” ұштасып жатуы керек. Мектеп ұжымы жүйелі жоспар құрып, шәкірттермен ақылдаса, ата-аналармен бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана үлкен нәтижелерге ие бола алады. Сондықтан, біздің зерттеп отырған мәселеміз өзекті деген ойдамыз. Зерттеу барысында оқушылардың тіл мәдениетін ата-аналар мен педагогика ұжымының байланысқан іс-әрекеті арқылы қалыптастыруда төмендегідей қайшылықтар айқындалды:
- Отбасы мен мектептің оқушы тіл мәдениетін қалыптастырып, дамыту іс-әрекеті мен ол іс-әрекетті орындау мүмкіндігі арасындағы қайшылық;
- Оқушы тіл мәдениетіне қойылатын талаптар мен оларды оқушылардың орындау мүмкіндігі арасындағы қайшылық;
- Ата-аналар мен мұғалімдердің оқушылардың тіл мәдениетін көтеруге бағытталған іс-әрекеттері мен оқушылардың бұл іс-әрекеттерге қатынасы, дайындығы арасындағы қайшылық.
Осы қайшылықтарға байланысты біз төмендегідей мақсат қойып отырмыз.
Зерттеудің мақсаты: педагогика ұжымы мен ата-аналардың оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастырудағы өзара бірлескен іс-әрекетінің тиімді жолдарын анықтау.
Зерттеудің нысанасы: педагогика ұжымы мен ата-аналардың байланысқан іс-әрекеті.
Зерттеу пәні: оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру үрдісі.
Зерттеудің болжамы төмендегідей:
Егер мұғалім:
- мәселе бойынша ата-аналарды үнемі ақпараттандырып отырса; (ата-аналар жиналысында, жеке кездесу, хат арқылы т. б. )
- оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастырудың жұмыс жүйесін, бағдарламасын ата-аналармен бірлесе талқылап, өңдеп отырса;
- жұмыс жүйесін, бағдарламаны бірлесе жүзеге асырса; (ашық сабақтар, конференция, сайыс, ойын тағы да басқа іс-шараларды бірге ұйымдастырып, өткізу арқылы)
- жетістіктерді талдап, диагностикаласа оқушылардың тіл мәдениеті нәтижелі қалыптасады.
Зерттеудің міндеттері:
1. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді талдау арқылы:
- “тіл мәдениеті” ұғымына анықтама беру;
- тіл мәдениетінің өлшемдері, көрсеткіштері мен талаптарын айқындау;
- педагогика ұжымы мен ата-аналардың оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекетінің нәтижелі жүруіне негіз болатын шарттарды анықтау;
2. Зерттелініп отырған мәселенің қаншалықты шешілгенін анықтау.
3. Оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру мәселесін жүзеге асыруда педагогика ұжымы мен отбасының бірлескен жұмыс жүйесін құрып, оның нәтижесін эксперимент арқылы тексеру.
4. Эксперимент нәтижесін талдап, қорытындылау.
Зерттеудің жетекші идеясы: мектептің ата-аналармен өзара байланысын жүйелі ұйымдастыру арқылы оқушылардың тіл мәдениетін жоғары деңгейде қалыптастыру.
Зертеудің әдіснамалық негізі: оқушылардың тіл мәдениеті, ата-аналар мен мектептің байланысы туралы жазылған ғылыми-педагогикалық, әдістемелік, психологиялық еңбектер, негізгі қағидалар, психологиялық ілімдер зерттеу жұмысына әдіснамалық негіз болды.
Зерттеудің көздері: тіл мәдениеті, оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру, ата-аналар мен мектептің байланысы, бірлескен іс-әрекеті саласындағы ғылыми еңбектер, білім беру, тәрбие саласындағы заңды және нормативті құжаттар, оқу-әдістемелік және бағдарламалық құжаттар, мерзімді басылым ақпараттары және білім беру мекемелерінің іс-тәжірибесі бойынша мағлұматтар.
Зерттеу әдістері: ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді талдау, педагогикалық байқау, бақылау, сауалнама, әңгімелесу, педагогикалық эксперимент, материалды статистикалық өңдеу.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастыру қажеттілігі дәлелденген, осы мақсаттағы ата-аналар мен педагогика ұжымының бірлескен іс-әрекетін ұйымдастыру бағыттары мен жұмыс жүйесі құрылған.
Зерттеудің практикалық мәні:
Ата-аналар мен сынып жетекшілеріне, жалпы педагогика ұжымына арналған:
- “Тіл мәдениеті” бағдарламасы жасалды;
- Ата-аналар мен педагогика ұжымының жұмыс жүйесі құрылды;
- Тіл мәдениетін анықтайтын шарттар, көрсеткіштер мен өлшемдер анықталды.
Зерттеу нәтижелерін жалпы білім беретін мектептерде, ата-аналарға, жоғарғы оқу орындарындағы әдістемелік курстарда пайдалануға болады.
Зерттеу базасы: А. Байтұрсынов атандағы № 20 орта мектеп.
Зерттеудің кезеңдері:
1-кезең (2003-2004)
Проблема бойынша әдебиеттерге талдау жасау, қажетті материалдарды жинақтау, жұмыстың мақсат, міндет, пәнін, нысанын, болжамын анықтау.
2-кезең (2004-2005)
Оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастырудағы мектеп пен отбасының бірлескен іс-әрекетінің ұйымдастырылуы мен жұмыс жүйесі эксперимент арқылы дәлелденді.
3-кезең (2005)
Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді, мұғалімдердің іс-тәжірибесін зерттеу барысында, өткізілген педагогикалық эксперимент нәтижесінде алынған мәліметтер талданып, қорытындылар жасалып, әдістемелік нұсқаулар құрылды.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: зерттеу қағидаларының педагогика ғылымының жетістігіне сүйенумен алынған қорытындыларымен, қазіргі “ҚР білім беру мекемелеріндегі тәрбиенің мемлекеттік кешенді бағдарламасына” сәйкестілігімен және олардың теориялық, әдіснамалық тұрғыдан негізделуімен, зерттеу әдістерін тиімді пайдалана отырып жүргізілген эксперименттің нәтижелерімен қамтамасыз етілген.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Кіріспеде зерттеудің мақсаты нысаны, пәні, болжамы, міндеті, ғылыми жаңалығы, практикалық маңыздылығы, зерттеу базасы, кезеңдері т. б. баяндалған.
1-бөлім “Тіл мәдениетін отбасы мен мектептің бірлесе қалыптастырудың теориялық негіздері” деп аталып, “тіл мәдениеті” ұғымының педагогика, психология ғылымдарындағы мәні мен маңызы, ата-аналар мен мектептің байланысы мәселесі бойынша ғалымдардың пікірлері талданды. Тіл мәдениетінің көрсеткіштері, өлшемдері анықталды, ата-аналар мен сынып жетекшісінің оқушылардың тіл мәдениетін бірлесе қалыптастырудың педагогикалық-психологиялық негізі, басты бағыттары баяндалды.
“Жеткіншектердің тіл мәдениетін қалыптастыру мәселесінің практика жүзінде шешілуі” атты екінші бөлімде зерттеуіміздің мақсатына байланысты жүргізілген эксперимент жұмысы, оның кезеңдері, алынған нәтижелер тұжырымдалды.
Қорытындыда аталған мәселені зерттеу нәтижесінде алынған тұжырымдамалар мен эксперименттік жұмыс нәтижелері бойынша пікірлер қорытылып, жұмыстың болашақтағы даму жолдары айтылды.
Қолданылған әдебиеттер тізімі зерттеудің барысында талданған психологиялық, педагогикалық әдебиеттерді қамтиды. Қосымшада оқушыларға арналған сауалнамалар, бағдарлама, бағдарлама бойынша жүргізілген іс-шаралар құрылымы, тіл мәдениетінің, ата-аналар мен сынып жетекшісінің байланысқан іс-әрекетінің моделі берілген.
1 ТІЛ МӘДЕНИЕТІН ОТБАСЫ МЕН МЕКТЕПТІҢ БІРЛЕСЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1. 1 Тіл мәдениетін қалыптастыру мәселесінің ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде қарастырылуы
Біз зерттеуімізді тіл мәдениеті мәселесінің тарихта қалай қарастырылғандығын анықтаудан бастауды жөн көрдік. Еліміздің әр кезеңдегі әлеуметтік, мәдени өмірін саралай келе, тақырыбымызға байланысты тіл мәдениеті мәселесінің қарастырылуын XIX ғасырдың екінші жартысынан бастауды дұрыс деп таптық.
Тіл мәдениетіне, сөйлеу шеберлігіне қазақ халқы айрықша мән берген. Халқымыз “Өнер алды - қызыл тіл” деп сөз өнерін жоғары бағалап, ерекше қастерледі. Еліміздің өткен ойшылдары, ағартушы-ғалымдары, ақын-жыраулары ішінде тіл мәдениетін сөз етпей, тіл шұбарлаушыларға кейістік білдірмей кеткендері кемде-кем.
XIX ғ. екінші жартысында дүниеге келген “Дала уалаяты”, “Түркістан уалаяты” сияқты тұңғыш газеттер мен “Айқап” журналы өздерінің қысқа мерзімді өмірлерінің ішінде тіл мәдениеті, тіл тазалығы тақырыбына байланысты әрқайсысы 15-20 - дай мақала жариялаған. Кеңес дәуірінің 20-30 жылдар ішінде ең негізгі мәселелердің бірі болып тіл мәдениеті қала берді.
Ұлтымыздың рухани ұйтқысы, халқымыздың біртуар ардақты перзенті А. Байтұрсынов сонау 20-шы жылдардың өзінде алғаш рет сөз мәдениетінің ең өзекті теориялық түйіндемелерін дәлме-дәл таратып, ғылыми тұрғыдан негіздеп берген екен. Тіл мәдениетінің негізгі қарастыратын мәселесі - сөзді дұрыс қолдану, яғни сөз дұрыстығы болса, бұл жөнінде А. Байтұрсынов былай деп пікір түйеді: “Сөздің дұрыс айтылуы деп, әр сөздің әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы, айтылуы. Олай болу үшін:
1. Сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жұрнақ, жалғау, жалғаулықтарды жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына пайдалану қажет.
2. Сөйлемдерді бір-біріне орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру қажет.
3. Сөйлем ішіндегі сөздерді дұрыс септеп, дұрыс ымыраластыру қажет.
4. Сөздердің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстіне талғау сөздердің көрнекі болуы қажет. Яғни сөз көркемдігі, әуезінің әдемілігімен, кестесінің келісті болуымен анықталады” /23, 233 б. /.
Тіл тазалығы туралы ұлы ағартушы, педагог, жазушы Ы. Алтынсарин өзінің қазақ тілінде тұңғыш жарық көрген оқулық “Қазақ хрестоматиясын” орыс әрпімен бастыра отырып, алдына қойған негізгі мақсаты - орынсыз қолданған араб-парсы тілінен енген түсініксіз сөздерден құтылу, сол тұстағы “кітаби тіл” атанған қазақ тілінің тазалығын бұзатын қойыртпақ тілден аулақ болу, сөйтіп қазақ сөздерінің дыбыстық жағынан дұрыс жазу, қазақ тілінің тазалығын сақтау болатын.
Ал еліміздің дүлдүл ақыны М. Жұмабаев өзінің шын мәніндегі ұлттық педагогика ғылымының іргетасы болып табылатын “Педагогика” еңбегінде: “Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты - балаға тілді бұзып сөйлетпеу керек, екінші, баланы өзі теңді балалармен ойнату керек” - дей келіп, “Ал енді, баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, баптайтын - мектеп деп мұғалімдерге маңызды іс жүктейді /24, 72 б. /.
Қазақ зиялыларының ішінде тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселелері саласында терең ой қозғап, ғылыми еңбектер жазған адамның бірі - Ж. Аймаутов. 1924 ж Ж. Аймаутов тіл мәдениеті мәселесі жөнінде былай деп тұжырымдайды: “Ана тілін меңгеру - сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фәлсафасын да меңгереді. Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне хас мақсұтын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысуы керек. Бала сөйлегенде, жазғанда тілді дұрыс қолдануы - әр оқытушының, әр мектептің міндеті. Баланы тілге жаттықтырудың мағынасы: баланы сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға, өз бетімен жазуға, оқуға төселдіру” /25, 105 б. /.
“ 1950 жылы тіл мәдениеті проблемасын зерттеу мәселесі қолға алынып, сол сала бойынша біраз жұмыстар істелді” - деп жазды бұл мәселені тереңінен зерттеген ғалым М. Балақаев /26, 15 б. /. ҚазССР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының құрамында “Тіл мәдениеті” бөлімі ұйымдастырылды. 1968 жылы тіл мәдениеті тақырыбына тікелей қатысы бар республикалық конференция өткізілді. Жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде қазақ тілінің мәдениеті арнаулы курс ретінде оқытылатын болды. Бірнеше кітаптар, жинақтар, көптеген мақалалар жарияланды. Тіл тазалығы үшін бүкілхалықтық күреске үн қоса, 1984 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар Одағы “Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармасының тілі” деген тақырыпта шығармашылық конференция өткізілді. Ондағы қозғалған мәселелер, ортаға салынған ой-пікірлер негізінде “Өнер алды - қызыл тіл” деген мақалалар жинағы құрастырылды. /27/ Жинақта С. Қирабаев, Ғ. Мүсірепов, Ә. Хайдаров, М. Базарбаев, М. Қаратаев, Р. Сыздықова, Ә. Болғанбаев, Қ. Мырзалиев, Қ. Жұмаділов сияқты зерттеуші ғалымдар мен жазушылардың құнды пікірлері берілген. Мұнда көркем шығарманың тілі, тіл тазалығы, диалектизмдерді дұрыс қолдану, баспасөз тілі, тіл мәдениеті, әдеби тіл нормасын сақтау, сөздіктер жайы т. б. мәселелер қарастырылады.
1970 жылдары тіл мәдениеті мәселесін егжей-тегжейлі қарастырған зерттеушілердің бірі - жоғарыда атап көрсеткендей - ғалым М. Балақаев. Біз өз зерттеуімізге ғалымның “Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері”(1965), “Қазақ әдеби тілі және оның нормалары”(1984), “Қазақ тілінің стилистикасы”(1974) еңбектерін негіз етіп алған едік. Бұл зерттеулерінде М. Балақаев тіл мәдениеті, оның түрлері, оған нұсқан келтіретін кемшіліктерді, тіл мәдениетінің негізгі арқауы - тілдік норма, әдеби тіл, тіл тазалығы, жұрт алдында сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениеті, яғни сөз қолданудың негізгі принциптері, сөз қолданудағы негізгі стильдік қателер, тұрақты сөз тіркестерін қолдану, грамматикалық тәсілдерді дұрыс пайдалану т. б. қарастырады. Зерттеуші: “Баспасөзде, жеке кісілер сөзінде, жазуда тіл мәдениеті ақауы байқалып жүр. Тіл орашолақтығы бара-бара “тіл ауруына” айналуы мүмкін. Сондықтан сөйлеуде, жазуда кездесетін кемшіліктерді дер кезінде тезіне салып отыру керек” - дей отырып, тіл мәдениетіне нұсқан келтіретін кемшіліктерді төмендегідей көрсетеді:
- Орфоэпиялық қателер.
- Орфографиялық қателер.
- Стильдік қателер /4, 5 б. /.
Сондай-ақ, ғалым еңбектерінде қосымша ретінде мәндес фразеологиялық тіркестердің қысқаша тізімін, түрліше айтылатын сөздердің жазылу тізімін, тіл өнері туралы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді береді.
Тіл мәдениеті мәселесін Т. Р. Қордабаев өзінің “Қазақ тілі білімінің мәселелері” атты еңбегінде қарастырады. “Халықтың мәдени дәрежесін көтерудегі әрбір қадам, сол халықтың тілдік мәдениетін - жазу, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, жақсарту талабынан басталып отырсын” - дей келе, оқушылардың тіл мәдениетіне ерекше мән береді. “Мектеп беретін жас ұрпақ болашағына қажетті нәр - оқушы жастардың сөйлеу, жазу мәдениеттілігі” - деп, бұл саладағы бүкіл жауапкершілікті ең алдымен тіл мен әдебиет пәнінің оқытушыларына жүктейді /28, 122 б. /. Сондай-ақ оқушылардың сөйлеу мәдениеттілігін арттыру үшін күрес тек сабақ үстінде ғана емес, мектеп өмірінің барлық саласында жүргізілу керектігі, тіл мәдениетін дамыту тіл мен әдебиет пәндері мұғалімдерінің міндеті ғана болмай бүкіл ұжым міндет санарлықтай дәрежеге көтеру керектігі сөз болады. Зерттеуші тіл тазалығы, қазақ әдеби тілі, ұлт тілі жөніндегі саясат т. б. мәселелерді қарастырады.
Қазақ тіл білімінде тіл мәдениетіне байланысты пікір айтушылардың бірі - Р. Сыздықова. Ол “ Сөз қолданыс және әдеби норма” деген еңбегінде көркем әдебиет тәжірибесінде кейбір жаңа қолданылатын сөздер мен тіркестердің дұрыс және бұрыстығын талдайды. Автор тіл мәдениетін жетілдіру тұрғысындағы пікірін:” Бүгінгі таңдағы тіл тазалығы дегеніміз - басы артық варианттарды азайту, мотивсіз қолданыстарды жібермеу, жазушы ойын дәл жеткізбейтін “жылтыр” сөздерді қуаламау, олардан бойды аулақ ұстау үшін күрес деген сөз” - деп тұжырымдайды /29, 99 б. /.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz