МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
3
1. МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ 8
1. Әуезов нәр алған тамырлар және олардың жазушы
шығармашылығындағы орны
8
2. М.Әуезов және Шығыс
12
3. М.Әуезов және Орта Азия әдебиеті
16
4. М.Әуезов және орыс әдебиеті
36
5. М.Әуезов және Батыс әдебиеті
41
2. МҰХТАР ӘУЕЗОВ ӘЛЕМДІК ТҰЛҒА 46
1. Суреткердің Қорғансыздың күні әңгімесі — әлемдік,
өмірлік туынды
46
2. Көксерек —жазушының ұлттық проза өнерін әлемдік
деңгейге көтерген үздік туындысы
52
2.3 М.Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясы — әлем әдебиетінің асыл
қазынасы
58
ҚОРЫТЫНДЫ
62
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
67
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Ұлтымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті мен
мәдениетінің XX ғасырдағы биік шыңы — ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің
артында қалған ұлан ғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр
дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен
ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір
ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан
кешіріп, XIX ғасырдың бел ортасында жол айырығына келген қазақ өмірінің
барлық әрі мен нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға
Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып берген суреткер
туралы талай-талай ізденістер жалғаса бермек. Олай болатыны М. Әуезов
шығармашылығы ғасырлық өлшемдердің аясына әлдеқашан именбей-ақ енген.
Ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезовтің көркем мұрасы – біздің
төл әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің де жетістігі. Оның
шығармашылық қарымы ауқымды да бай. Романшы, драматург, ғалым, сценаршы,
аудармашы — бұл ұлы қаламгер дарынының толық емес тізімі. Мұхтар Әуезов —
өзінің энциклопедиялық құлашты білімімен, асқар талантымен рухани өмірдің
көптеген салаларында жарқырап көрініп, бүкіл қазақ мәдениетіне ықпал
жасады. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамы қойған талаптар оны сол
кезеңдегі басқа да аса көрнекті қазақ зиялылары сияқты әрі жазушы, әрі
ғалым, әрі қоғам қайраткері болуға ұмтылдырды. Сол себепті де Мұхтар
Әуезовтің сан қырлы таланты оның өнердің қазақтар үшін бұрын белгісіз болып
келген түрлері мен жанрларын тұңғыш қалыптастырушылардың қатарынан
көрінуіне айқын жол ашты. Әуезов — тұңғыш кәсіби драматург, ұлттық театрдың
тұңғыш режиссері әрі ұйымдастырушысы, тіпті тұңғыш кәсіби әдебиеттанушы да.
М.Әуезов сонымен бірге тұңғыш әдеби киносценарийлер мен опера
либреттоларының алғашқы авторы болды.
Егерде, ұлылықтың өзін сол адам өмір сүрген қоғамның даму заңдылығы
мен қайшылықтарының арасындағы қақтығыстарға деген көзқарасы арқылы бағалар
болсақ, онда жиырмасыншы ғасырда әлем таныған суреткерге қолданылатын
өлшемдердің бірде-біреуі Мұхтардың таным-тағдырын таразылап бере алмас еді.
Бұл ретте ол: Данышпандар ешқандай ережеге бағынбайды, керісінше,
өзгелерді өз ырқына бағындырып, өзіне еліктіретін бейнені дүниеге әкеледі
деген ағылшын ғалымы Эдуард Юнгоның пікірін еске түсіреді. Демек, Мұхтар
Әуезовтің тұлғасы өзіне өзі ғана өлшем болады. Басқа тұлғаның көлеңкесімен
кесіп-пішуге келмейді, ондай үлгі жоқ.
Кешегі кеңестік идеологияның тұсында үнемі қазақ әдебиетін басқа
ұлттар әдебиетінің көлеңкесінде қарау немесе сол әдебиетке теңгере салу
белгілі дәрежеде орын алып келді. Кезінде әлемдік деңгейге көтерілген
М.Әуезовтің жазушылық шеберлігінен басқа халықтар әдебиетінің өкілдері де
үлкен өнеге алып отыр. Қазіргі уақытта әдебиеттің тарихы саласында Әлем
әдебиетіндегі М.Әуезов дәстүрі тақырыбы өзекті және мазмұнды болып
саналады. Себебі М.Әуезовтің сан қырлы дәстүрін басқа ұлт әдебиетінің
өкілдері өздеріне әдеби дәстүр тұрғысынан игеруде.
М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы бүгінгі таңда Әуезовтану ғылымының
нысанына айналып отыр. Сондықтан да оның өмірі мен шығармашылық жолына және
көркемдік әлеміне арналған әр саладағы ғалымдар мен сыншылардың, әдебиет
зерттеушілерінің 3350-ден астам монографиялары мен мақалаларының жарық
көруі заңды.
Бүгінгі таңда дарқан дарын, ғұлама ғалым, тарлан суреткерлер
арасындағы достық қарым-қатынастар мен шығармашылық байланыстардың алуан
сырларын жан-жақты аша түсіп, олардың бір-біріне тигізген игі ықпалдары мен
өзара әсерлеріне көңіл аудара отырып, күн өткен сайын кемелдене, дами
түскен мәдени, әдеби байланыстардың негізгі ерекшеліктері мен оның мәнін
ашу – әдебиеттану ғылымының алдында тұрған келелі де, соны мәселелердің
бірі. Өйткені белгілі суреткер Г.Марков: ... әдебиеттердің өзара әсері
мен бірін-бірі байытуы, әрқашанда келелі әңгімені керек етеді деген
болатын. Міне, солай екен, халықтар әдебиеттерінің бір-бірінің дамуына
тигізген игі әсерлері мен ықпалдарына ой көзін тігіп, барлай назар
аударғанда, онда қаламгерлердегі бір-бірінде болған тікелей еліктеуден
іздемей, әрбір суреткердің өмірге көзқарасынан, жазушылық позициясы мен
концепциясынан, асқар арман, ізгі мұраттарынан іздеу керек.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының негізгі мақсаты –
шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алатын, қазақ халқының
заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің әлем әдебиетіндегі тұғырын айқындау.
Осыдан келіп зерттеу жұмыстың негізгі міндеттері туындайды:
- Мұхтар Әуезов сусындаған арналарды айқындап, ол нәр алған
тамырларды саралау;
- Жазушының шығармашылық әлеміне Шығыс әдебиетінің
тигізген әсерін айшықтау;
- Мұхтар Әуезовтің Орта Азия халықтарының әдебиетіне
тигізген әсерін талдау;
- Жазушының танымына орыс әдебиеті классиктерінің әсерін
көрсету;
- Мұхтар Әуезов шығармашылығына Еуропаның ой-пікірлерінің,
тарихи танымының, қоғамдық құрылымдарының, көркемдік әлемінің ықпалын
айқындау;
- Қазақ әдебиетін дүниежүзілік деңгейде дамытудағы Мұхтар Әуезовтің
атқарған жетекшілік қызметін анықтау;
- М.Әуезовтің әлемдік туындыларын саралау.
Зерттеудің нысаны. М.Әуезовтің Қорғансыздың күні әңгімесі,
Көксерек повесі, Абай жолы роман-эпопеясы зерттеудің нысаны ретінде
алынды.
Зерттеудің дереккөздері. Аталған мәселелердің шешімін табу үшін көптеген
ғалымдардың, әсіресе М.Әуезовті әлемдік тұлға ретінде қарастыру
мәселелеріне арналған бірқыдыру еңбектерді басшылыққа алынды. М.Әуезовтің
шығармашылығын зерттеген әдебиеттанушы ғалымдар, сыншылар А.Нұрқатов,
М.Қаратаев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Лизунова, Л.М.Әуезова, З.Қабдолов, З.Ахметов,
Б.Сахариев, Қ.Мұхаметханов, Р.Нұрғалиев, С.Қирабаев, М.Мырзахметов,
К.Сыздықов, Т.Жұртбай, Ж.Дәдебаевтардың еңбектері негізге алынды.
Жұмыстың ғылыми жаңашылдығы. Абай өз заманының жұмбақ жаны
болғандығы баршамызға белгілі. Ал Әуезов болса өзінің көркем романдары мен
ғылыми зерттеулері арқылы осы бір жұмбақты тарқатып оның тереңіне бойлай
енуге күш салды. Енді баяғы жартас бір жартас болған, соқтықпалы
соқпақсыз жердің жұмбағын шешкен Мұхтар Әуезовтің өзі әдебиетшілер үшін
терең де жан-жақты зерттеудің сарқылмас қазынасына айналды. Қазіргі
егеменді ел болып, тәуелсіздігімізді алған шақта, дініміз бен ділімізді
түгелдеп, өз болмысымызды, дәстүрімізді саясаттың салқынынсыз жаңаша
зерделей бастаған тұста М.Әуезовтің әлемдік тұғырын және әлем әдебиеті мен
қазақ әдебиетінің арасындағы тарихи сабақтастықтың, ықпалдастықтың болғанын
тереңірек, жаңа қырынан зерттеу қажет деп есептейміз.
Мұхтар Әуезовті Бальзакпен, Толстоймен, Гетемен, Достоевскиймен,
Тургеневпен, Шолоховпен салыстыру жиі кездеседі. Әлем әдебиеті алыптарымен
қатар қою жағынан алғанда, бұл дұрыс та. Алайда әр классик – қайталанбас
дара тұлға. Мұхтар Әуезов – қазақ халқының ұлы перзенті, қазақтың Әуезові,
сонан кейін барша адамзаттың Әуезові. Мұхтар Әуезов – таланты бірден
жарқырап көрініп, көзі тірісінде аты әлемге әйгілі болған қаламгер. Осыны
еске сақтай отырып, жұмыста екі бағытта зерттеу жүргізілді. Біріншісі
М.Әуезовтің әлем әдебиетінен нәр алған көздерін қарастыру болса, екінші
бағытта әлем әдебиетіндегі Әуезов дәстүрін саралау тұрғысынан ізденістер
жасалды.
Зерттеудің әдістері. Жұмысты орындау мақсатына қарай, баяндау,
саралау, талдау әдістерін пайдаландық.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Диплом жұмысының
барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдардың, қорытындылардың теориялық
және практикалық мәні зор. Зерттеу нәтижелері жоғары және арнаулы оқу
орындарының филология бөлімінде қазіргі кезеңдегі қазақ әдебиетін өту
барысында, арнайы курс, арнайы семинарларда, сондай-ақ, педагогикалық
колледждердің, орта мектептердің әдебиет пәнінде М.Әуезовтің әлемдік
әдебиеттегі орны туралы сөз қозғағанда пайдалануға болады. Әсіресе,
М.Әуезов шығармашылығы туралы ғылыми жоба қорғау, реферат жазу, тағы басқа
жұмыстарда еңбек қосымша материал қызметін атқара алады.
Жұмыстың құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен,
қорытындыдан және әдебиеттер тізімінен тұрады. Негізгі бөлім екі тарауды
қамтиды.
1. МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
1.1 Әуезов нәр алған тамырлар және олардың жазушы шығармашылығындағы
орны
Мұхтар Омарханұлы Әуезов – әлемдік тұлға. Мұхтар Әуезовті әлем
әдебиетімен байланыста қарастырар болсақ, қазақ әдебиетінің ақиық жазушысы
Шығыс пен Батыстың мәдениетін, әдебиетін жетік білгенін көреміз. Шетел
классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлттық оқырман қауымға
мән-мазмұнын дәлме-дәл жеткізген [1, 99 б.].
Мұхтар Әуезов жастайынан-ақ қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін, туған
әдебиетінің таңдаулы туындыларын үзбей оқи жүріп, орыс және Батыс Еуропа
әдебиетіне үлкен ықыласпен назар аударды. М.Әуезов - КСРО халықтары
әдебиетінің майталман бiлгipi ретінде Мәскеу университетінде профессорлық
қызмет атқарған жазушы. Орыс, украина, белорус халықтары әдебиетін бip
жинақтап қарап, Балтық бойы халықтары әдебиетін тағы бip бөлек алып
байымдайды. Кавказ халықтары әдебиетіне де арнайы тоқталады. [2, 60 б.].
Дүние мәдениетінің тарихына туған халқының ой-сана, рухани қабілет,
парасатын бар болмысымен танытқан даналардың танымы мен тағдыры — өзі
тіршілік кешкен заманның топырағынан тамыр тартады. Ұлылар барлық дәуірлік,
өмірбаяндық, шығармашылық қайшылықтарды басынан кеше отырып, жаратылыстың
адамға сыйлаған қасиеттерін бойына сіңірген сәтте ғана замандық тұлға
дәрежесіне көтеріледі. Шынайы дана — өз ұлтының қадым заманнан бергі зейін-
зердесінің, түсінік-түйсігінің іріктеліп келіп ұйыған мәйегі. Ірі-ірі
қоғамдық қақтығыстар, танымдық тартыстар және биік нысана, үлкен мүде-
мақсаттар жеке адамның кесек қимылына жол ашып, өз мүмкіндігін толық
пайдалануға ықпалын тигізеді. Даналардың өмірі халқының тағдырымен біте
қайнасып, қоса құйылады. Олардың тағдырын елінен, елінің тағдырын олардан
ажырату мүмкін емес [3, 31 б.].
Сол сияқты Мұхтар Әуезовтің танымы да сол ұлттың тамырынан нәр алды.
Оның өмірдегі және өнердегі қадамы Абайдың қара шаңырағының табалдырығынан
басталды. Ол ХІХ ғасырдың аяғындағы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ
сахарасының парасат университеті – Абай тәлімінен сусындап өсті. Абайдың
қыстауы Жидебай ол үшін білім қақпасы болды. Осы қақпа арқылы Мұхтар
үш үлкен тамырдан нәр алып, көкірегіне көп жұбаныш тауып, ой өлкесі
гүлденді [4, 93 б.].
Бірінші тамыр: Мұхтардың балалық шағы қазақ даласында кездесіп
көрмеген батыс елдерінде де сирек кездесетін өлең мен әнге, ертегі мен
жырға, жұмбақ пен жаңылтпашқа, шежіре мен шешендіктің лұғатты сөздеріне
күні-түні шомылатын творчестволық ерекше жағдайда өтті. Ол Абай ауылы,
Абай айналасы — Абайдың ақын балалары, Абай ауылына үсті-үстіне ағылып
келіп жатқан ақындар, әншілер, домбырашы, қобызшы-күйшілер, бишілер,
шешендер... Қазақ халқының қалыптасқан әдептілігі, инабаттылығы,
мінезділігі, адамгершілігі — бәрі-бәрі осы ауылда Абай елегінен өтіп
өңделгені де бар. Абай айналасында өрескел мінез, ерсі сөзге тыйым
салынған. Бұл ауыл-да кітап бар, оқу бар. Науаи, Низами, Омар һаям,
Фирдоусилер аудармасыз, өз тілдерінде оқылады. Абай айналасында осындай
жайлар болғанын Мұхтар өзі де жыр етіп айтатын еді. Сол төңіректің барлық
ішкі-сыртқы бейнесі зерек баланың балғын ойына өшпестей болып орнап қалған
[3, 32 б.]. Абай ауылына қысы-жазы көршілес отыратын Мұхтардың атасы Әуез
өзі де мұсылманша оқымысты, сандық-сандық кітап жиған адам: Әл-
Фараби, Әбуғали ибин-Сина, Қожа Ахмет Йассауи, Мұхамед Қайдар Дулати,
Әбілғазы Баһадүр ханның еңбектері қолға көшіріп алған күйінде сол кісіден
табылады екен [5, 263 б.]. Соның барлығын, тілі мен діні арқылы жанына
сіңген көне шығыстың ғұламалық әфсаналарын, шағатай, түрік, парсы, араб
тіліндегі даналардың мұрасын, ислам әлемінде ғана емес, дүние ғылымына
бетбұрыс әкелген жәдидшіл ғалымдар Мұхаммед Ғабдуку, Жалаладдин Ауғани,
Шаһа-буддин Маржани, Исмағил Гаспаралы іспетті тұлғалардың дүние, жалған,
адам, тарих, рухани азаттық, мінез, бостандық, діни таным мен қоғам, ұлттық
азаттық, түрікшілдік, исламшылдық ілімдерін сіңіріп, олардың пікірлерін
салыстырып, санасына сара жол іздеді. Ол жол — Абай жолына әкеп қосты.
Индия мен Американы аралаған кезінде оның көне шығыс туралы ғұламалық
ойлары мен біліміне таң қалған зиялы қауымның Мұхтар Әуезовті: Шығыстың
тірі — данышпаны [6, 40 б.] деп таңдай қағуының түп тамырында оның балалық
шағындағы тәлім-тәрбиесінің негізі жатыр. Мұхтар сол көшпелі замандағы ақыл-
ойдың тірі көрінісіндей боп өмір сүрді.
Ал екінші тамыр: ол — Еуропаның ой-пікірлерінің, тарихи танымының,
қоғамдық құрылымдарының, көркемдік әлемінің ықпалы. Мұхтар Монтеньнің, Жан-
Жак Руссоның, Дрепердің, Бальзактің, Гетенің, Дюманың, Гюгоның, Лес-саждың,
Дарвиннің, көне грек даналары Аристотель мен Сократтың парасат пайымдарымен
бала жасынан танысып өсті. Тіпті Мұхаң дүниеге келмей тұрып, ХІХ ғасырдың
аяқ тұсында-ақ, бұлардың ақылды пікірлері мен көркем шығармалары Абай
төңірегінде үнемі ауызекі әңгіме ретінде айтылып, көңілі сергек, көкірегі
ояу көпшіліктің сарасына түсіп отырған. Талқылаған, өздерінше сынап,
қорытынды шығарған. Үлгі ретінде балаларға айтып отырған [4, 93 б.]. Бұған
негіз қалаған шырға — Абайдың дәстүрлі тағылымы. Шәкәрім Құдайбердіұлының
Үш анық атты пәлсафалық ғақлиясының дүниеге келуіне әсер еткен де сол
үлгі. Мұхтар да сол арқылы Шопенгауэрдің атын ғана емес, ілімінің негізін
де ұғынып өсті. Ол өзінің жазушылық шеберлігінің қалыптасу барысында
кейіпкерлер бейнесін сомдауда, қоғамдық құбылыстардың қат-қабатын
суреттеуде Бальзакқа ерекше ден қойып, оған шеберлік мектебі ретінде
қарауының себебі де осында. Қызықты оқиғаларды баяндайтын романдардан гөрі
Абай ауылында ойға негіз қалайтын парасатты мұралардың жоғары бағаланып,
үнемі талдау мен пікір келесіне айналуы Мұхтардың да көзқарасына әсер етті.
Жүрек қалауын соған қарай бейімдеді [3, 33 б.] .
Үшінші тамыр: ол, тағы да Абай ауылдарында, Мұхаңның өскен ортасында
әбден сіңісті, үйреншікті боп кеткен дәстүр орыс әдебиеті еді. Соның ішінде
XIX ғасырдағы Толстой, Достоевский, Тургенев, Пушкин, Лермонтов, Лесков
іспетті классиктерді жанына жақын тұтты. Әсіресе, Тургеневтің сұлу да мұңлы
шығармалары оның жүрегіне терең таңба салды. Өзі де сондай биік шеберліктің
сатысына көтерілген тұста да Тургеневтің романдарын қазақ тіліне аударды.
Ал Пушкиннің Евгений Онегин романын Фадеевпен жарыса отырып жатқа айтқаны
көпке мәлім. Алты жасында Абайды көріп, батасын алған Мұхтардың бұл үш
таным тамыры да ұлы ақынның бейнесін оның жүрегіне мәңгі орнықтырды. Сол
қуатты тамырдан күш алған таланттың өмір мектебі де сол тұлғаға деген
тағзымды күшейте түсті. Көзқарасы да сол Абайдың ықпалымен қалыптасты.
Алайда Абай дәстүрлерін жалғастыруға ұмтылған Мұхтар Әуезовтің алдында
заман ауысып, қоғам өмірі күрт, зор өзгерістерге ұшыраған жағдайда халық
тағдырын, оның келешегін, ұлттық әдебиеттің даму жолдарын жаңа тілек-
талаптарға орай толғап, түсіну міндеті тұрды. Бұл үшін күрескерлік те,
үлкен суреткерлік қажет еді [3, 33-34 б.].
М.Әуезов — өзіне дейінгі және өз тұсындағы ілгерішіл әдебиеттің озық
үлгілерінен суреткерлік өнердің нeбip құпия сырларына қаныққан жазушы. Ол
өз шығармашылығының бастапқы сәтінен бастап, өмipiнiң соңына дейін түрік
халықтары әдебиетін, әлемдік әдебиет үлгілерін зерттеп, оларды неғұрлым
жетік меңгеруге деген сұранысын қанағаттандыруда еш салғырттық жасап
көрмеген. Ғажайып талант иесі бола тұра, ол түрік халықтары әдебиетінің
өкілдері мен әлем халықтары жазушыларының шығармаларына өз баға-пікірлерін
білдіріп отырумен қатар, олардың көркемдік ізденістерін, тәжірибелерін
пайымдауға, сол арқылы өзінің көpкeмдiк әлемін үнемі байытып, жетілдіріп
отыруға ерекше көңіл аударған. Жазушы, бұл ретте, кейінірек: ...мені
оқығандарымның бәрі бірдей қанағаттандырған жоқ, бipiн ұнатсам, бipiн
ұнатпадым. Бірақ екеуінің де пайдасы болды, екеуінен де үйрендім, бірінен
қалай жазу керектігін үйрендім, бірінен қалай жазбау керектігін үйрендім,
— деп еске алған [2, 60 б.].
Осындай тамырлардан нәр алу М. Әуезовтің әлемдік әдебиеттің төрінен
орын алуына орасан зор үлес қосты.
2. М.Әуезов және Шығыс әдебиеті
Әлемдік әдебиет алыптарының Шығысқа соқпай кеткені кемде-кем шығар.
Гете Шығыстың әйгілі жеті ақынын оқығаннан кейін өзінің Батыс – Шығыс
диванын дүниеге әкелді. Петрарканың сонеттері Ғафиздің ғазалдарымен
үндесті. Байрон поэмаларында шығыстық мотивтер бар. Россияда Жуковский
Фирдоусидың Шахнамасына еліктеген неміс ақыны Рюккерттен алып Рүстем мен
Зухраб поэмасын жазды. Фет Хафиздің Жоғалған Жүсіп атты ғазалын орыс
тіліне аударды. Лермонтовтың атақты Шығыс сюжетіне жазылған Үш пальмасын
білеміз. Қазақ топырағында Шығысты жетік білгендердің бірі Мұхаң еді [7, 98
б.].
Зерттеуіміздің негізгі нысаны Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің әлем
әдебиетімен байланысы және ондағы жазушының алатын орны жайында
болғандықтан, жазушының Шығыс әлеміне қатысын айналып өту мүмкін емес.
Әуезовті алғаш Шығыс әдебиеті әлемімен таныстырған Абай ілімі, Абай
танымы еді. Абай әлемін барша қазақ халқына, қала берді, бүкіл әлемге
танытқан жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов ұлы ақынның өмірі мен шығармаларын
зерттеу барысында Шығыс әдебиетімен жақыннан танысқаны баршаға белгілі.
Жазушы өз заманының әлемге әйгілі туындыларымен қатар, орта ғасырларда
барша адамзат баласының асыл мұрасына айналған Шығыс мұсылман әдебиетін де
жетік меңгерді. М.Әуезовтің ғылыми-зерттеу мақалаларында шығыс әдебиеті
жайында кеңінен ой қозғалып, Шахнама, Мың бір түн, Ләйлі-Мәжнүн
сияқты асыл туындылардың қазақ әдебиетіне ықпалы туралы айтылады [8, 113
б.] Жас кезінен Абай дәстүрін үлгі ете отырып, әлемдік деңгейдегі әйгілі
Шығыс классиктері Фердауси, Сағди, Низами, Омар Хайям және басқа да
шайырларды аудармасыз, өз тілдерінде оқыды, олардың поэзиялық туындыларын
танып-біліп, Мұхаммед пайғамбардың өмірі туралы деректерге қанығып, араб
әдебиетінің асыл қазыналары саналатын Мың бір түн. Ләйлі-Мәжнүн тәрізді
көркем шығармалармен сусындады [1, 99 б.]. Кейінірек Ресейде, Өзбекстанда
оқыған кезінде Шығыс әдебиеті мен мәдениетіне барынша зейін қойып, терең
тануға ұмтылғаны кемеңгер жазушының барлық шығармаларының сонарынан,
зерттеу еңбектерінен анық көрініп тұрады.
Дарынды әдебиетші Абай өмірі мен дүниетанымын, жалпы болмысын
зерделеу барысында оның өлеңдеріндегі Шығыстың, соның ішіндегі араб әдеби
үлгілерін көп кездестіріп, оларға талдау жасаған. М.Әуезов Абайдың алғашқы
өлеңін Шығыс классиктеріне еліктеп шығарғанын, 1902 жылы жазған Алланың
өзі де рас, сөзі де рас өлеңі оның шығыстық тақырыптағы соңғы
шығармаларының бірі екенін атап көрсетеді [9, 59 б.].
Мұхтар Әуезовтің өзінің де көптеген шығармаларында арабтық сарындар
мен мотивтерге жақындау сюжеттер кездеседі. Айталық, Еңлік-Кебек атты
алғашқы драмалық туындысында қазақ халқының Ләйлісі мен Мәжнүнінің
трагедиялық тағдыры баяндалады. Әрине, Еңлік пен Кебек тағдыры қазақ
топырағына тән, қазақы салт-дәстүр негізінде өріледі. Ұлттық менталитет пен
діл айқын көрініс береді. Десек те, олардың тағдыр-талайының қасіретпен
аяқталуы араб дәстүрінде қалыптасқан көркемдік шешімге жақын келеді [1, 101
б.].
М.Әуезовтің өз шығармалары да 60-жылдардан бастап араб тіліне
аударыла бастаған (орыс тілінен). Айталық, Москвада Прогресс баспасынан
басылып шыққан Выстрел на перевале(Қараш-қараш оқиғасы (Асуда атылған
оқ)) атты повесі 1966 жылы араб тілінде басылып шыққан [10]. Араб тіліндегі
нұсқасының тақырыбы Талақату филь джибәл (Таудағы атылған оқ) деп
аталған. Сондай-ақ, Жетім атты әңгімесі 1967 жылы орыс тіліндегі
нұсқасынан аударылып басылып шықты [11].
Мұхтар Омарханұлы Әуезов өз өмірінің соңғы он жылдығында Азия және
Африка елдері жазушыларының ынтымақтастығы қозғалысына белсенді түрде
қатынасқан. Тәуелсіздіктің даму жолына түскен осы құрлықтардағы елдердің
тағдыры оған қымбат болғандықтан, өз халқының тәжірибесін танытуға асығады.
Бұл жайында Н. Тихонов: Оның үлкен жүрегі әлемдегі, әсіресе, шығыста болып
жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарай алмаушы еді. Егер өркениетке ұмтылған
және жаңа оянған Азия халқының өмірін сезінбесе Мұхтар ұлы Абай туралы
эпопеяның авторы бола алмас еді,-дейді [12, 15 б.].
Жазушының әлем әдебиетімен байланысы және оның алатын орны жайында
көптеген еңбектер жазылып, зерттеу нысаны болғаны белгілі. М.Әуезовтің
парсы тілін белгілі бір дәрежеде білгенін жазушының Шығыспен байланысын
біраз зерттеген Ө.Күмісбаев та өз зерттеулерінде атап өтеді. М.Әуезов
орыстың белгілі жазушысы А.Сурковпен кездескенде, орыс жазушысы парсының
атақты шайыры Хафиздің түрік сұлуына арнаған ғазалын оқыса, табанда Мұхаң
тұрып парсыша асыл нұсқасын айтып беріпті [13, 131 б.].
Қаламгер Абай әлемінің бар жұмбағы Шығысқа байланысты екенін тілге
тиек етеді. Сондықтан да болар, ақынның Шығысқа қатысты жақтарын зерттеу
үшін көп дайындықтың керек екенін, оны қазір айтуға әлі ерте екенін
ескертеді [14, 14 б.]. Ол: Абай творчествосының Шығысқа қатынасы жайындағы
проблемамен де тереңірек, сын көзімен қараңқырай шұғылдану керек, мұның өзі
– өте аз зерттелген мәселелердің бірі [15, 59 б.],-дейді.
М.Әуезов қазақ зиялыларының ішінде алғашқылардың бірі болып Шығыс
әлемін жете білу мақсатымен Үндістан, Жапония сияқты елдерде іссапармен
болып, олардың төл мәдениеті мен әдебиетінің озық үлгілерін өз көзімен
көріп қайтты. Оның Үндістан очерктері деген еңбегі – осы үнді еліне
барған сапарынан туған дүние [8, 113 б.].
М.Әуезов 1957 жылы Ташкентте өткен Азия, Африка жазушыларының
конференциясында баяндама жасап, Шығыс әдебиетінің келелі мәселелері
жайында сөз қозғайды. Жазушының Оянған халықтар үні атты зерттеу
мақаласында Азия, Африка елдері әдебиетінің қазақ тіліне аударылуын тілге
тиек етіп, ...Шығыс халықтары әдебиетінің өзін оқығанға не жетсін [16,
372 б.].- деп тамсана айтады. Сол зерттеуінде Әдетте осы аталған елдердің
әдебиет мұраларын Шығыс әдебиеті, кейде – жырақ Шығыс әдебиеттері деп те
атаймыз. Бұл ретте азиялық Шығыста неше мың жылдар тарихтарын бастарынан
кешкен Қарт Қытай, игі өнерлі Индия, Иран тәрізділер қадым замандардан әлем
әдебиетіне бал-бұлақтай көп асыл тәтті сырлар, жырлар, көркем күйлер, асыл
үлгілер берген әдебиеттер саналады [16, 372 б.],- деп тамырын тереңге
жайған Шығыс әдебиетіне жоғары баға береді.
Қаламгер Шығыс әдебиетінің қазақ тіліне тәржімалануына ерекше көңіл
бөлген. Ол парсының атақты шайыры Фирдаусидің Шахнамасын он бір айда
сәтті аудара білген Сыр бойының дүлдүлі Тұрмағанбет Ізтілеуовтың Рүстем-
дастан деген поэмасына алғы сөз жазып, қазақ оқырмандарына ұсынған. Онда
М.Әуезов аударманың сәтті шыққанын айтып өтеді [16, 457 б.].
Орта ғасырларда тамаша шайырларды берген парсы әдебиеті талантты
жазушының осы тілге деген қызығушылығын әуел бастан туғызған болатын.
Фирдауси, Сағди, Хафиз, Низами және Әбдірахман Жәми есімдері оның Абай
дүниесін зерттеген мақалалары мен Науаи жайында жазған еңбектерінде көптеп
кездеседі. М.Әуезов зерттеу мақалаларында парсы шайырлары туралы айта
келіп, немістің белгілі ақыны Гетенің Иранда жеті шебер ұлы ақын бар.
Солардың ең жаманы менен сонағұрлым артығырақ деген сөзін бірнеше жерде
келтіріп отырады [15, 373 б.].
М.Әуезов Абайдың алғашқы өлеңінде аттарын атап, шабыт шақырған
шайырлардың тілін үйренуді аспирантурада оқып жүрген кезде бастаған. 1928
жылы Ленинград университетін бітірген соң, келер жылы САГУ-дың Шығыстану
факультетіндегі түркология кафедрасының аспирантурасына қабылданады. Ол
осында жүргенде алдына негізгі үш мәселені қояды. Соның бірі шығыс тілдерін
игеру болатын. Тілдерді үйрену саласында көп жұмыстар атқарады. Мысалы,
шағатай, әзербайжан, түрік әдебиетін жете тану үшін парсы тілін меңгеруге
ерекше назар аударып, елеулі нәтижеге де жетеді. Кафедра мәжілісінде парсы
тілінің оқытушысы, профессор А.А.Семенов қазірдің өзінде М.Әуезовтың екі
жыл бойы парсы тілін оқыған аспиранттармен бірдей жақсы даярлығы бар деп
қуана хабарлаған. Ал профессор А.Э.Шмидтің сүйікті шәкірті үшін арнайы
қосымша сабақтар өткізуі арқылы араб тілін де кафедра қойып отырған
талаптың деңгейінде меңгеріп алғанын айтады [14, 18 б.].
1.3 М. Әуезов және Орта Азия әдебиеті
Әлем әдебиеті мен мәдениетінің өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне ерекше
үлес қосқан белгілі дарын, ғұлама ғалым – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің әлем
халықтары әдебиетіне, оның ішінде Орталық Азия халықтары әдебиетіне
тигізген игі әсерлері мен олардан алған ізгі нәрі, оның шығармашылығында
айрықша көз тартып, көңіл аудартады. 1922 жылы Ташкент табалдырығын аттап
басқан күннен-ақ, Орта Азия әдебиетіне айрықша мән беріп, Абай нәр алған
бұлақтардың кәусәрінен сусындап, әдебиет әлеміне еркін кіре бастайды да,
оны өмірінің соңғы сағаттарына дейін кең өріс алдырады. Соңдықтан Н.
Тихонов: Ол әріптестерін үйіріп әкететін тамаша әңгімешіл адам, әсіресе,
азиялық әдебиеттер мәселесінде үлкен білімдар, аса көрнекті ғалым еді [17,
8-9, 340 б.], — дей келіп, одан әрі: Ол өмір бойы білім жинады, сондықтан
да оның алдында өзбек, түрікмен, тәжік әдебиеттерінің құпиясы бар сырын
ашып сала беретін [18, 108 б.], — десе, белгілі әдебиет зерттеушісі Е. В.
Лизунова: Әуезов көп жылдар бойы Семейде, Орынборда, Ташкентте,
Ленинградта, Москвада тұрды, кейін алматылық болды. Осы қалалардың
әрқайсысы оның кесек шығармаларының әдеби отаны [18, 108 б.], — дейді.
Расында да, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолында Орталық
Азия өлкесінің мәдени орталығының бірі болған — Ташкент, айрықша мәнге ие
болды. Өйткені ол Ташкентте болған жылдарында, онан соңғы кездеріңде де
Ашхабад, Душанбе, Бішкекте, Ташкентте жиі-жиі болып, Орталық Азия
әдебиетінің ірі саңылақгары санатына қосылған С. Айни, А. Қадири, Б.
Кербабаев, Айбек, Ғ. Ғұлам, М. Тұрсынзаде, С. Ұлүқ-заде, К. Ящен, А.
Тоқамбаев, Т. Сыдықбеков, Қ. Маликов сияқты қаламгерлермен етене араласып,
достық қарым-қатынаста, шығармашылық байланыста болды. Туысқан өзбек,
қырғыз, тәжік және түрікмен халықтарының әдебиеті мен мәдениетін, тарихы
мен тілін, тағдырын, әдет-ғұрпын тереңірек, жан-жақты үйрену мүмкіндігіне
ие болды. Мәселен ол, 1922-1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік
университетінің (қазіргі ТашГУ) Шығыс факультетінің еркін тыңдаушысы
ретінде, оқи бастаған алғашқы күндерінен-ақ, Орталық Азия халықтарының
өмірімен, әдебиетімен, мәдениетімен жете таныса жүріп, туысқан халықтардың
тірлік тыныстарына, дәстүрі мен әдет-ғұрпына ой көзін қадай түседі. Шығыс
классиктерінің шығармаларына ден қойып, олардан сусындай бастайды. Әрі,
Абай өмірі мен ақындық арынына мән бере түсіп, оны зерттеу жұмысымен
шұғылдана бастайды. Сондықтан да белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов 1922
жылдан бастап Мұхтар Әуезов Абай шығармаларының толық жинағын құрастыру,
Абай өмірбаянынан деректер жинау, ақын мұрасы жайлы ғылыми мақалалар жазып,
Абай өмірі мен шығармашылығын баспасөз бен дәріс оқу орны арқылы насихаттау
жұмыстарын қатар жүргізеді [19, 17 б.], — деп орынды байлам жасайды. Оның
үстіне, Ташкенттегі Орман шаруашылығы техникумында қазақ тілі мен
әдебиетінен сабақ бере жүріп, 1922 жылы Ташкентте қазақ тілінде шығатын
Шолпан журналында Абай, Сәкен Сейфуллин шығармалары жайлы толымды мақала
да жариялайды. Сөйтіп ол, Абай жайлы алғашқы ізденулерінде, сондай-ақ
Қараш-Қараш оқиғасы, Шекарада атты повестері мен Абай драмасы туралы
ой түйіңдерін де Ташкентте бастайды. Туысқан қырғыз халқының әйгілі эпосы
Манас жайлы ұлағатты ойын да 1923 жылы Ташкентте, яғни Түркістан
республикасы зиялылары алдында баяндама жасап, өз ойларын ортаға салады
[18, 109 б.]. Сонда болашақ ғалымның баяндамасын тыңдап, одан тәп-тәуір
рухани нәр алған Ә.Диваев, Т.Рысқұлов, С.Қожановтар оның ғылыми зерттеу
жұмыстарына сәтті сапар тілейді. Мұхаң сол жылдары Ташкентте оқып жүрген
туысқан өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ жастарымен де жиі-жиі араласып,
олар арасында лекциялар оқып, қаламгерлерімен шығармашылық байланысын кең
өріс алдыра бастайды. Шолпан журналының редколлегия мүшесі қызметін
атқара жүріп, шығармашылық жұмыспен де кең шұғылдана түседі, өзінің әңгіме,
очерк, бір жөн мақалаларын Шолпан журналы мен Ақ жол газетінде
жариялайды. Бұл ретте қаламгердің Түнгі ауыл, Оқыған азамат, Кешкі дөң
басында, Қысқы күн, Текшенің бауырыңда, Қысты күнгі далада,
Сыбанның моласында, Кім кінәлі, Үйлену, Сөніп жану (Заман еркесі)
сияқгы әңгімелерімен бірге Қазақтың қалам қайраткерлеріне, Асау тұлпар,
Қызыл сұнқарларға сын, Қазақ әдебиетінің бүгінгі дәуірі сияқгы сын-
зерттеу мақалаларын атауға болады.
Соңдай-ақ Мұхтар Әуезов 1923 жылы өзінің Бәйбіше — Тоқал атты
драмалық шығармасын Ташкентте жеке кітап етіп, қазақ тілінде бастырса, сол
жылы Түркістан Халық Комиссарлар Советі Мұхаң басшылығында, сауатсыздықты
жою туралы арнайы курс ұйымдастырады [18, 110 б.]. Ал 1924 жылы профессор
Ю. Вагнерден аударған Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер атты алғашқы
аударма еңбегін де Ташкентте бастырады. Әрі туысқан халық жазушыларының
шығармаларына сүйіспеншілікпен назар аударып, өзбек халқының тұрмыс-
тіршілігімен кеңінен таныса түседі. Сондықтан да қаламгер: Біз жас
кезімізде Абдулла Қадири романдарын бас алмай оқитын едік. Біз оның адам
характерін жасаудағы шеберлігіне, адам жанына құштарлығына, өз геройына
сүйсінетін ғажайыбына таң қалатынбыз. Абдулла өзінің адамзат қас дұшпанына
деген кекшілдігімен бізді қайран қалдыратын [17, 353 б.] — деп, тұңғыш
өзбек романисті, тамаша прозаик Абдулла Кадири — Жұлқынбай жайлы аса
тартымды ой түйіндерін білдіреді. Әрі оны, ұлағатты ұстаз ретінде танып,
оның талантына тәнті болады да, оның шығармаларын өзбек тілінде сүйіп
оқығандығын емірене еске алады.
Міне, бұл болашақ жазушы, кемел ғалымның аса кішіпейілділігі мен шын
мәніндегі таланттарды тани білетін зейінділігін, білімпаздығы мен даралығын
да аңғартады. Өйткені, Абдулла Қадири Орталық Азия әдебиетінде тұңғыш роман
жанрыңда қалам тебірентіп, өзінің Өткен күңдер атты монументалды прозалық
туыңдысы мен 20-жылдары-ақ шоқтығын айрықша танытқан аса талантты
суреткердің бірі еді. Дегенмен ол, 30-жылдары жеке басқа табынушылық
салдарынан репрессияға тап болып, халық жауы ретінде қамалып, жұртшылықтан
қол үзген болатын. Бірақ оның ақталып, қайта қатарға қосылуында да Мұхтар
Әуезовтің ой-лебіздері ерекше мәнге ие болған көрінеді. Мәселен ол туралы,
белгілі өзбек ғалымы, академик Иззат Сұлтанов: Мен 50-жылдары Москвада,
МГУ-де СССР Халықтар әдебиеті кафедрасында Мұхаңмен біраз жыл істес
болдым. Сонда, көркем әдебиет жайлы, қаламгерлер туралы талай-талай
сырласқан, пікірлескен болатынбыз. Бір рет әңгіме біздің Абдулла Қадири
жайлы болды [18, 111], — дейді ол, одан әрі, Мұхтар Әуезовтің ол туралы
терең ой толғап, үлкен сүйіспеншілікпен: Ол әдебиетіміздегі ірі тұлға еді.
Орталық Азия әдебиетіңде роман жанрын алғаш туындатып, оның өзіндік
ерекшелігін танытуда Абдулла Қадиридің орны айрықша, — деуі, біз өзбек
зиялыларын, әсіресе мені, Абдулла шығармашылығына қайта үңіліп, қайта
қарап, оны өз қатарымызға қосуымызға үлкен түрткі болды, — деп ерекше бір
қуанышпен тілге алады.
Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ленинград университетінің тарих-филология
факультетіне өтіп, онда В.В.Бартольд, А.Н.Самойлович, В.Шерба, С.Обнорский,
В.Виноградов сияқты ғалымдардан дәріс алып, лекциялар тыңдайды. Әсіресе,
профессор В.В.Сиповский, Р.Куллэрмен етене араласып, Абай өмірі мен
шығармашылығы жайлы ой-пікірлерін айтып, оларды қызықтыра бастайды. Сөйтіп
ол, дүние жүзі әдебиеттерінің терең сырларынан нәр ала бастайды. Көркем
әдебиеттің көкжиегіне ой көзін тереңірек қадап, оның негізгі ерекшеліктері
мен тамаша сырларын жан-жақты ұғына түседі. Әрі сонда алғаш рет, сол
университеттің студенті болған Айбекпен танысып, олар өзара бір-біріне
достық құшақ ашып, шын мәніндегі дос болып кетеді. Олардың бұл достық
қатынастары, шығармашылық байланыстары жылдар өткен сайын кең өріс алып, ол
өмірлерінің ақырғы сәттеріне дейін өз жолдасын табады. Міне, олардың
алғашқы кездесулерінің куәгері болған, филология ғылымының докторы,
профессор Хамил Исламұлы Якубов өзінің 1977 жыл жазған Алғашқы кездесу
деген естелігіңде былай деп жазады. Мәселен ол: Мен бұдан елу жыл бұрын
Ленинградта, сол кезде Ленинград университеті филология факультетінің соңғы
курс студенті болған Мұхтар Әуезов пен Айбектің бірінші кездесуі мен
сұхбатының куәгері болғанмын [18, 112 б.], — дейді де, одан әрі болашақ
ұлы суреткерлердің ұзақ сырласқандығын тілге алады. Сол сұхбатта олар бір-
біріне өздерінің алға қойған мақсат-мұраттарын айтып, көркем әдебиет жайлы
кең пікір қозғайды. Әрі, қандай шығармалар жазу ниеті барлығын да жайып
салады. Сондықтан да X. Якубов өз естелігіңде: ...Абай туралы тарихи роман
жазу ниеті барлығын, оны амалға асыру үшін көп уақыт, үлкен шыңдалу мектебі
керек екеңдігін, өзіне тән әдеби-көркем тіл қажет ететіндігін де тілге
алды — дейді.
Болашақ суреткер Ленинград университетін бітірісімен-ақ, 1928 жыл
Ташкентке қайта келіп, 1928-1930 жылдары Орта Азия университетінің
аспирантурасына түседі де, өзбек зиялылары мен байланысын кең өріс алдыра
жүріп, шығармашылық жұмыспен кеңірек шұғылдана түседі. Бұл жайлы зайыбы
Валентина Әуезова: 1928 жылы көктемде Мұхтар Ленинград университетін
бітірді де, біз августе Ташкентке жүріп кеттік. Онда Мұхтар Орта Азия
университетінің аспирантурасынан өтті. Ташкентте Мұхтар әйгілі Көксерек
шығармасын жазды [18, 113], — деп, Ташкентте болған жылдарын еске алады.
Міне, бұл жылдары Мұхтар Әуезов Ташкент қаласындағы белгілі ғалым
Смайлович, этнограф-фольклорист Әбубәкір Диваев, сондай-ақ Роберт Куллэ
сияқты т.б. зерттеушілермен достық қатынаста, шығармашылық байланыста
болады. Әрі, туысқан өзбек халқы өміріне тереңірек үңіліп, Шығыстың ұлы
саңылақтары Фирдауси, Низами, Науаи, Бабыр, Мәжилиси, Хафиз еңбектерімен
жете таныса түседі. Орта Азия өңірінің Мақтамқули, Кемине, Тоқгағұл,
Тоғалақ Молла, Күнхожа, Әжнияз, Бердақ сияқты жыр дүлдүлдерінің өлең
жолдарына жан-жақты көңіл аударады. Орталық Азия ауыз әдебиеті үлгілеріне
үлкен ықыласпен ден қойып, олардан рухани нәр алады да, қырғыз халық эпосы
Манас жайлы зерттеулер жүргізе бастайды. Туысқан халықтардың таланттарын
танып, олардың ақыңдық үні мен әуеніне, шығармашылығының өзіңдік
ерекшеліктеріне жете мән бере түседі. Мәселен ол: X—XI ғасырдағы тәжік
әдебиетінің көне мұралары есебінде Рудаки поэзиясы, Фирдаусидің Шахнама
поэмасы ерекше орын алады, — десе, тағы бір ұлағатты ой түйіндерінде:
Өзбек әдебиеті тарихындағы ақындарды алсақ, Қожа Ахмет Иассауиден — Науаи
орны, Софы Аллаяр Мәшруптен — Мұқими, Закиржан Фуркат, Хамза орны бөлек боп
ерекше тұрғаңдығы айқын [20, 195 б.], — дейді де, одан әрі: Қырғызды
алсақ — Қалығұл, Қатаған емес, халықшыл ақын Тоқтағұл орны өзгеше, қадірлі
екені даусыз. Тәжік әдебиетінде — сарайшыл ақынның көбінен Ахмет Дониш
(Кәллә) орны өзгеше, — деп, аса үлкен білгірлікпен дәйекті ой түйеді.
Сөйтіп, 20-30-жылдарда-ақ Орта Азия әдебиеті мен мәдениетіне ерекше
мән бере қарап, туысқан өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен және тәжік
халықтарының әдет-ғұрпына, тілі мен тағдырына жете үңіліп, оны үлкен
сүйіспеншілікпен үйрене түскен Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы сағаттарына
дейін оны кең өріс алдырды. Әрі туысқан халық қаламгерлерінің шығармаларын
түпнұсқадан оқуға зейін қояды. Бұл ретте әдебиетші ғалым М.Мырзахметовтың
Абай шығармаларының табиғатын терең білуге даярлығы жетерліктей болған
М.Әуезов, САГУ-дің аспирантурасыңда жүрген кезінде ғылыми жетекшісі
М.Ф.Гавриловтың арнайы тапсыруымен және нақтылы басқаруымен Қожа Ахмет
Иассауиды, Науаи шығармаларын түпнұсқадан оқып танысты [19, 158 б.],—деген
пікірін толық қостауға болады.
Расында да, Мұхтар Әуезов Ташкентте аспирантурада оқып жүрген
кездерінде Әлішер Науаи шығармаларын, соңдай-ақ Қожа Ахмет Иассауидің
Девони хикметін, Әбілғазы Баһадүрдың Түрікмен шежіресін, Фирдаусидің
Шахнамасы мен түрікмен, Осман түрк эпостарын мұқият оқып, әрі оларды
зерттеп, үйрене түседі.
Міне, бұлар болашақ ғалымның Шығыс классиктерінің шығармаларына
айрықша мән беріп, олардың сыры мен өзіндік сипаттарына жан-жақты терең
шомғандығын көрсетумен бірге, әрі туысқан өзбек, түрікмен, қырғыз сияқты
халықтарға туысқандық ыстық ықыласпен назар аударып, олардың өмірі мен
әдебиетіне, тілі мен тағдырына ынтықтықпен көңіл бөліп, оларды үлкен
сезіммен үйрене түскендігін көрсетеді. Бұл ретте Константин Алтайскийдің
Кемел ой, алып талант атты естелігіндегі мына бір жолдарға көңіл
аударсақ, онда ойымыз одан әрі жетіле, әрі айқындала түспек. Мәселен ол:
Алғаш рет Әуезовпен Москвада 1936 жылдың апрелінде кездестім..., Москва
мейманханасында өткен сол әңгімелер кезінде тағы бір жәйтті аңғардым.
Әуезов тек ұлттық шеңберде ғана шектеліп қалмады. Қазақстан ақыңдары мен
жыршылары жайлы әңгімелей отырып, Әуезов оларды өзбек бақшыларымен, тәжік
хафиздерімен, әзербайжан ашугдерімен, басқада көптеген халықтардың
ақындарымен салыстыра сөйледі. Халық ауыз әдебиетіндегі ортақ заңдылықтарды
тап басып, дәл көрсетті [17, 53 б.], — дейді.
Әрине, әрбір халық қаламгерлері шығармаларының ерекшеліктерін дөп
басып, ұлы саңылақтары шығармаларының терең сырын ашу, олардың өзіндік
шоқтықтарын дұрыс танып, кем-кетіктерін де жасқанбай ашық айгу, талантқа
бас ию, нағыз ұлылық пен кемеңгерліктің, үлкен білгірлік пен әділдіктің
тамаша белгісі.
Реті келгенде ескерте кетерлік жәйт, суреткердің Қаракөз атты
драмалық шығармасы 1925 жылы тұңғыш рет өзбек өлкесінде, яғни Ташкенттегі
Ода театрында қойылуы өзбек, қазақ халықтарының мәдени өмірінде елеулі
оқиға болады. Өйткені, оны сол жылдары өз көзімен көріп, одан рухани нәр
алған Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының мүше-корреспонденті,
гидрогеология ғылымының докторы, профессор Нәтай Әзімханұлы Кенесарин: Біз
бір топ қазақ, қырғыз жастары Мұхтар Әуезовтің Қаракөз драмасын 1925 жылы
тұңғыш рет Ода театрыңда көріп, үлкен серпіліске түстік. Драмадағы
шытырман оқиғалар менің керкем әдебиетке деген ынтықтығымды арттыра түсті.
Содан бері Мұхтар Әуезовтің шығармаларын үзбей оқып, оның талантына тәнті
болдым. Мен өзбек достарыммен әдебиет жайлы сыр шертіссем, ылғи да Мұхтар
Әуезов көз алдыма келеді. Оны өзбек зиялылары да құрмет тұтып, шығармаларын
үлкен сүйіспеншілікпен құмарта оқиды, — дейді.
Мұхтар Әуезов Ташкенттегі Орта Азия университетінің аспирантурасында
оқып жүрген жылдарында студенттерге, оның ішінде қазақ, қырғыз, қарақалпақ
жастарына әдебиет тарихынан, КСРО халықтар әдебиетінен, ауыз әдебиеті
үлгілерінен лекциялар оқып, әдеби үйірмелерге қатынасады.
Кемел суреткердің Орта Азия әдебиетіне ерекше ден қойып, туысқан
қырғыз, өзбек, түрікмен, қаракалпақ және тәжік халықтарының қаламгерлерімен
етене жақындасып, достасып кеткендігі соншалық, олардың тағдыры мен
шығармаларының мәніне үзбей үңіліп, оны өз оқырмандарына, қазақ
жұртшылығына кеңінен уағыздап, ылғи да мұқият таныстырып отырды. Мәселен,
1929 жылы Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университеті жаныңда қазақ
тілінде шыға бастаған Кедей айнасы атты альманахты өзі ұйымдастырып, онда
өз мақалаларымен де көріне бастайды. Бұл ретте қаламгердің Кедей айнасы
атты альманахтың 1929 жылғы 4-саныңда жарияланған Орта Азия университеті
оқытушылары мен оқушыларына деген мақаласын атауға болады. Онда ұстаздар
мен студенттер арасындағы ізгі байланыстар мен оқу, іздену жолындағы
қиындықтар, көркем әдебиеттердің өзіндік сипаттары сөз болады.
Мұхаң ылғи да туған әдебиетінің таңдаулы туындыларынан нәр ала жүріп,
туысқан халықтар әдебиетіне ерекше мән бере қарап, орыс әдебиетінің заңғар
сырларын терең ұғынды. Шетел жазушыларының талантын танып, олардан рухани
нәр алды. Соның нәтижесінде Мұхаң ғұлама ғалым, дарқан дарын, кемел
суреткер дәрежесіне көтеріліп, өзі де өзгелерге игі әсер ететін аса
талантты майталмандар қатарынан орын алды. Сондықтан да Шыңғыс Айтматов,
оның талант тұғырына бас ие келіп: Әуезов туралы сөз деген мақаласында:
Әуезов қандай әдебиет болсын тек өзі үшін, тек өз елінде ғана ұлы бола
алмайтынын жақсы біледі. Әуезовтің бүкіл шығармашылығы оның орыс
реализмінің тәжірибесін әбден игеріп, еуропалық ой-пікірдің кеңдігі мен
мәдениетін қаншалықты терең игергеніне куә [18, 118 б.] — деп, терең де
соны байлам жасайды.
Реті келгенде, ерекше ескерте кетерлік жәйт, Мұхтар Әуезов 1922-1923,
1928-1930 жылдары Ташкентте, өзбек өлкесінде жүрген шағында Қараш-Қараш
атты повесі мен Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы мағлұматтар жинай
бастайды. Әрі, қырғыздың Манас эпосы туралы материалдар іздеп, үлкен бір
сүйіспеншілікпен зерттей түседі. Мәселен ол, 1927 жылы жаз кезінде Жетісуға
барып, ол жерде ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды. Соңда Мұхаң Бішкек
қаласына поезбен барады да, Қордай асуынан көлікпен асып туысқан қырғыз
елін аралайды. Міне, сонда Манас жайлы жырлар естіп, көршілес жатқан
қырғыз халқының ауыз әдебиеті үлгілерінен сусындай түседі. Қырғыз манасшысы
— Сағымбай Оразбаевтың айтуы бойынша Манастың толық вариантын табады да
жазып алады. Міне, осындай Манас эпосы жайлы материалдар жинап, оның
терең сырларын аса білгірлікпен ұғына түскен Мұхаң, оны 1936 жылы Қазақ
әдебиеті газетінің 30 қаңтардағы санында Қырғыз дастаны Манас деген
атпен жариялап, ол жайлы түйген ойлары мен өз топшылауларын ортаға салса,
1936 жылы өзінің Қырғыз халқының батырлық эпосы атты мақаласын
Казахстанская правда газетінің 28 сәуірдегі санында жариялайды. Онда
ғалым эпостың өзіне тән ерекшеліктері мен халықтық сипатын терең аша түсіп,
аса күрделі де шым-шытырық оқиғаларды емірене жырлаған жомақшы-жыршылардың
талантына таң қалады. Эпостың нағыз халық жүрегінің нәрлі тынысы екендігін
айта келіп, Манасты тұтас күйінде бір кісі ғана шығармаған. Ол сан
ғасырлар бойына, сан буын жомақшылардың қатысуымен ұлғайып, дамып отырған
[21, 112 б.], — деп түйіндеулер жасайды.
Мұхтар Әуезов 20 – 30-жылдары туысқан өзбек халқы ортасында болған
кездерінде де, онан соң Алматыға оральш, кемел суреткер, ғұлама ғалым
болған шақтарында да, Орталық Азия әдебиетінен қол үзбей, туысқан халықтар
әдебиетіне байыппен үңіліп, үнемі үйреніп, зерттеп жүрді. Әрі, Өзбекстан,
Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан өлкелерінде өткізілген ірі-ірі әдеби
жиыңдарға, конференциялар мен кеңестерге, симпозиумдарға талай рет
қатынасып, Орта Азия әдебиеті мен мәдениеті жайлы өз пікір, лебіздерін
білдіріп отырды. Ол ел жазушыларымен етене жақындасып, олардың көбімен қоян-
қолтық араласып, сыйлас та сырлас бола жүріп Айбек, Ғ. Ғұлам, Б. Кербебаев,
М. Тұрсұн-заде, Т. Сыдықбеков, И. Сұлтанов, Миртемир, Қ. Малжов, Т.
Үмбетәлиев сияқгы қаламгерлермен дос болып кетті. Сондай-ақ, Ұлұғ-заде,
Ата Қаушатов, Мырза Ибрагимов, Абдулла Қаххар, Шараф Рашидов, Шыңғыс
Айтматов, Пірімқұл Қадиров, Асқад Мұхтар, Темірқұл Үмбеталиев, Қуанышбек
Маликов, Нәсіредин Байтеміров секілді Орта Азия қаламгерлерінің
шығармаларын үзбей оқып, олар жайлы өз ойларын, пікір, лебіздерін білдіріп
отырды.
Абай ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz