Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері


М А З М Ұ Н Ы
КІРІСПЕ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 3
1-тарау. ЖЫРАУЛЫҚ, ЖЫРШЫЛЫҚ ӨНЕР _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 5
1. 1. Жыршылық, жыраулық өнердің тарихы және
оны зерттеуші ғалымдар _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 5
1. 2. Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 16
2-тарау. СЫР ӨҢІРІНІҢ ЖЫРАУЛЫҚ-ЖЫРШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ _ _ _ 25
2. 1. Сыр сүлейлерінің орындаушылық дәстүрі _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 25
2. 2. Сыр сүлейлері шығармашылығындағы жанрлық ерекшеліктер _ _ 34
3-тарау. ОРТА МЕКТЕПТЕ ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ОҚЫТУ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 47
3. 1. Орта мектепте әдебиет пәнін оқытудың әдістері _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 47
3. 2. ХІ сыныпта факультативтік сабақтарда Бұдабай Қабылұлының ислам тақырыбындағы өлеңдерін оқыту _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 54
ҚОРЫТЫНДЫ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 59
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 61
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қай кезеңде болмасын адамзат тіршілігінің бүткіл болмыс-бітімін, қасіреті мен қуанышын, ерлігі мен серілігін, азабы мен ғажабын кейінгі ұрпаққа жеткізуші құдыретті күш - әдебиет. Соңғы жылдары қазақ әдебиеті ғылымында Сыр сүлейлері салған сара жол әдебиет зерттеушілерінің назарын өзіне аударып отыр. Осы орайда көптеген ғылыми мақалалар жазылып, соны пікірлер айтылды. Ал жыраулар, ақын-жыршылар төңірегіндегі толыққанды зерттеу жұмыстары сонау 60-70 жылдардан-ақ бастау алған еді.
Алайда Сыр сүлейлерінің дәстүрлі мектептері, орындаушылық ерекшеліктері толығымен қамтылып зерттеліп болды деуге әлі ертерек.
Сыр сүлейлері шығармашылығының қырларын ғылыми түрде дәлелдеуге көптеген ғалымдар қажырлы еңбек етті. Кейбір жыраулардың шығармашылықтары жеке зерттелініп, тиісті бағасын да алды. Бірақ бүгінгі күнде мұнымен қанағаттанып қалуға болмайды.
Ғасырлар бойы сақ, скиф, оғыз-қыпшақ сияқты көптеген көшпелі тайпалар мекен еткен Сыр өңірінде өзіндік мәдениеттің болмауы мүмкін емес еді. Осы аймақта «Оғызнаме», «Қорқыт ата жырлары», М. Хорезмидің «Махаббатнамасы», Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметі», А. Иүгінеки мен С. Бақырғанидің шығармаларының да дүниеге келгені мәлім.
Сыр бойының ақындық өнерінде ерекше тоқталуға лайық өзіндік көптеген сипаттар бар екенін қазақ әдебиетін көп зерттеген ғалым Есмағанбет Ысмайылов дәл тауып айтқан еді. Оның «Ақындар» атты кітабында Сырдария ақындары мен шайырларының, жыршыларының қымбат мұрасы туралы ғылыми терең байқаулар, тұжырымдар бар. Соның бірі - бұл өлкеде жазбаша шайырлық пен ауызша ақындықтың жыршы, термешіліктің қатар дамығандығын атап көрсетуі. Бір тақырыпқа бірнеше ақынның қатарласа, жарыса жазып, өнер бәйгісіне түсуі, шығыс аңыздарын заманға, халық өміріне лайықтап жаңартып жырлауы, хат арқылы айтысулар, жұмбақ шешісулер, өмірдің философиясын жан-жақты толғайтын ғибрат өлең, тағы басқа ерекшеліктер бұл атырап ақындарының шығармашылығына хас белгілер болатын.
Тақырыптың өзектілігі. Сыр сүлейлерін сөз еткенде, олардың олардың әдеби мұраларына тоқталғанмен, орындаушылық дәстүріндегі ерекшеліктерге жете мән беріле бермейді. Біздің жұмысымызда осы өңірдегі өнерпаздарға тән мақам үлгілерінің өзгешелігі, жыраулық мектептердің ерекшеліктері туралы арнайы қарастырылды. Өйткені сүлейлер шығармашылығын оның қалыптасқан мектебінен, орындаушылық дәстүрінен бөліп қарау мүмкін емес.
Жеке ақындардың шығармашық қалыптасуы сол тұлғаның туып-өскен мекендегі ықпалды дәстүрлі мектептердің ұлағатына тығыз байланысты. Мысалы, XIX ғасырдың бірінші жартысында Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы жағалау алқаптарындағы қазақ ақындары кеңістігінде «Сыр сүлейлері» деген атаумен танымал болған дәстүрлі ақындық ортаның ақындық-жыраулық мектебі болды.
«Сыр сүлейлері» атты ақын-жыраулардың ұлттық сөз өнеріне қосқан үлестері даралана көрінеді. Олар қазақтың фольклоры мен ауызша ақындық поэзиясын Шығыстың классикалық әдебиеті дәстүрлермен тоғыстыра дамытты. Профессор Е. Ысмайылов Сыр сүлейлері шығармашылығындағы дастандарға байланысты былай дейді: «Қармақшы, Тереңөзек аудандарының жерінде болып өткен ақындардың репертуарында «Ер Қосай», «Қарабек» жырларымен қатар «Лұқпан әкім» «Жүсіп Ахметбек», «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зуһра» дастандары және «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотынама» сюжеттерінің жеке тараулары айтылады» [1, 236] . Тұтастай алғанда, Сыр бойы ақын-жыраулары шығармашылығының ұлттық және әлемдік әдеби сабақтастығын танытатындығын зерделеу тақырыптың өзектілігін танытады.
Сүлейлер сымбатының дараланған тұлғалары олардың өздеріне дейінгі және тұтас ақын-жырауларға арналған арнау өлеңдері арқылы айрықша байқалады. Бұл өлеңдер сол кезең үшін әдебиет сынының қызметін де атқарған. Себебі, қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы көрнекті ақын-жыраулардың шығармашылық тұлғаларына поэтикалық көзқараспен шынайы баға беру - әдебиетшілердің үлесіндегі жұмыс.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Бұл жұмыстың негізгі мақсаты - Сыр сүлейлерінің жыршылық, жыраулық ерекшеліктерін сипаттау, олардың поэзиясының жанрларына кеңірек тоқталу, шайырлардың жазба айтыс дәстүрін байыптау және орындаушылық дәстүріндегі ерекшеліктерді анықтау.
Жұмыста қолданылған әдістер: Диплом жұмысында баяндау, жинақтау, тарихи-салыстырмалы талдау, қорыту әдістері пайдаланылды.
Пайдаланылған дерек көздер: Ғылыми-теориялық әдебиеттер, Сыр шайырларының жинақтары, тарихи дерек көздер, баспасөз беттері.
Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан және қорытындыдан тұрады. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі соңынан беріледі.
1-тарау. ЖЫРАУЛЫҚ, ЖЫРШЫЛЫҚ ӨНЕР
1. 1. Жыршылық, жыраулық өнердің тарихы және
оны зерттеуші ғалымдар
Әдебиетші ғалымдар назарын көп аударған тақырыптың бірі - жыраулық-жыршылық өнер. Жыраулық дәстүрдің тарихи тегі мен генезисі көне замандардан бастау алады. Адамзаттың алғашқы қауымдық құрылысынан тайпа көсемі, тәңірі дінін тұтынған тұста тұтас халықтың батагөй бақсысы мен көреген абызы, хандардың оң тізесін басып билік айтқан заманға дейін жыраудың қилы міндеті мың құбылған. Басында бақсы, сәуегей, абыз, би, батыр, ақылшы болса, өмір көші ілгерілей келе түрлі тарихи-әлеуметтік өзгерістерге байланысты жырау қызметі де басқа кейіпке көшті. Жырау енді тайпа көсемі де, бақсы-абыз да, ханның қолбасшысы, ақылшы биі де емес - өнерпаз. Орыстың отарлау саясаты қазақ әлеуметін саяси билікте бұғаулағанымен, ұлттың ішкі саясатын ауыздықтай алмаған. Сахараның сансыз сүргіні сиреп, «аттың белі, атанның қомынан» тақым тартқан жауынгер халықтың ұрпағы замана қыспағына қарамастан қайта өрлеу дәуірін бастаған. Сан ғасыр сахара сардары болған «жырау» кітаби ақындарға кезек берді.
Жыршылық терменің Қазақстан бойынша бір заманда биік шоқысындай болған өнерпаздар Сыр бойы аймағында туып, өмір кешкені айқын. Ұзақ жырды да, қысқа толғауларды да өзіне лайық сазымен, өрнек нақышына келтіріп айтатын теңдесі жоқ, сұлу терме әуені осында сақталып келген. Терме айту үрдісі өзге жерлерде де жоқ емес. Дегенмен, олардың қай-қайсысы да мазмұны, әсерлілігі, сәнділігі, байлығы жағынан Сыр бойы термесіне барабар келеді деу қиын. Бұл өңір жыршыларында әрбір өлеңнің ырғағына, құрылысына, мазмұнына сәйкес терменің де сазы өзгеріп отырады. Терме сазы - өзгеше әсем, өшпес өмір әуеніндей мәңгілік, мәнді саз. Оның ырғағы домбыраға да, қобызға да, сырнайға да қатар жарасып, үйлесіп, өзгеше өрнек тауып кете береді.
Сөз етіп отырған жыршылық дәстүр Сыр бойының, әсіресе, Қармақшы жерінде ежелден ерекше жемісті дамыған. «Гүлді көріп гүл өседі» дегендей, бұл өңірде ақындық пен жыршылық қатарласа жетіліп, өзгеше үлгілі із қалдырған. Жырды, толғауды, термені атадан балаға мирас етіп, жалғастырып айтушылықтың өте сирек, тосын, қымбат мысалын да осы аймақтан кездестіреміз.
Жалпы алғанда эпос және жырау, жыршылар өнері деген тақырып - фольклортанудың ең қызғылықты, ескірмес тақырыптарының бірі. Бұл мәселені егжей-тегжейлі тексеру үшін, әлбетте, бір өлкенің ғана емес, Қазақстанның бұрын жыр айтқан барша атырабының мұрасын мүмкіндігінше қамту қажет. Соның ішінде Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Арқа, Алтай елдеріндегі дәстүр мен ерекшеліктер ескерілуі абзал. Бұл ғана емес, тілі, тарихы, тегі, тағдыры жақын қарақалпақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ноғай, құмық, башқұрт, саха халықтардың жыршылық өнегесін де салыстыра қарастыру пайдалы. Якут жыршылары, мәселен, ұзақ эпосты музыкалық әуенсіз-ақ тақпақтап айтады. Манасшылар да солай. Мұның да өзіндік себептері болуы тиіс. Тіпті жыршы, жырау, бақсы, қиссашы, ашуг, хафиз, термеші, шайыр, ақын деген атаулардың мағынасы да әр дәуірде бірдей болмағандығы белгілі.
Толғаулардың небір дүр үлгілерін Базар жырау мұрасынан кездестіреміз. Осы күні жыршылық дәстүр ізі неғұрлым молырақ сақталып отырған Сыр бойында, Қарақалпақта, Бұхара өңірінде жыршылар мен термешілердің ерекше көп айтатыны Базар жырлары болып келетіні кездейсоқ емес. Ежелгі толғаулар үлгісімен ақын заман мен адамның өте күрделі кезеңдерін философша талдайды, дүниенің ағысына, өмірдің қарама-қайшылықтарына тұжырымды, білгір тоқталады.
Жырау, ақын-жыршы, ақындар жөнінде М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, Е. Тұрсынов, М. Мағауин, Ж. Тілепов еңбектерінде сөз болды.
Әйгілі жазушы С. Мұқановтың айтуына қарағанда, ақын типі жырау типінің негізінде дамыған. Демек, ақындардың ең көне түрі - жыраулар [2, 11-12] . Бұл пікірді Е. Ысмайылов та қостайды: «Тарихи деректерге қарағанда, жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты» [1, 43] . Профессор Е. Ысмайыловпен бірігіп, «Қазақ әдебиетінің тарихы» үшін жазған тарауында Е. Тұрсынов та осы пікірді қолдаған болатын: «Ақын сөзінің талдауы қазақ фольклоры үлгілерін тудырушы әрі сақтауш-таратушыларының осы типі жыраулардан кейінгі дәуірде пайда болғанға ұқсайды. Алайда ақындар мен жыраулардың репертуары мен атқаратын міндеттеріен салыстырып қарасақ, ақындардың бойынан көне дәуір сипаттарын, ал жыраулардың бойынан одан кейінгі дәуірдің сипаттарын байқаймыз.
1. Ақындардың арасында еркектер де, әйелдер де кездеседі. Тіпті қыз бен жігіттің айтысы қызсыз өтуі мүмкін емес. Жыраулар болса, тек ер кісілер арасынан шығады. Мұның өзі жыраулардың тек патриархаттың әбден нығайған кезінде пайда болғандығын көрсетеді.
2. Ақын - рудың өкілі. Айтыс кезінде ол өз руының атынан сөйлейді. Жырау болса бүкіл елдің, яки тайпалар одағының (жүздің, хандықтың) өкілі. Ақын ауыл ішінде жүрсе, жырау хан ордасында жүреді, бүкіл хандықтың, елдің тіршілігіне байланысты жағдайларда олханға, бүкіл елге ақыл айтады, кеңес береді, осыдан жыраулардың бұрын жеке-жеке өмір сүрген тайпалардың тайпалық одақ құрып, біріге бастаған дәуірде пайда болғандығын байқауға болады. Ақындар кейінгі дәуірде ғана пайда болып, жыраулар дәстүрін әрі қарай жалғастырған сәтте олар жыраулардың бүкіл елдің атынан сөйлеу дәстүрін де жалғастырған болар еді.
3. Бұл болжамның негізсіз емес екендігін мынадан да байқауға болады: ақын - ырыми рәсімдерді атқарысуға қатысатын адам, оның үстіне ол тек қатысушы емес, ол ырыми рәсімдерді басқарушы міндетін атқарады. Аса көңіл аударарлық жайт: бұл рәсімдер ең көне рәсімдердің қатарына жатады. Мысалы, үйлену салтына байланысты басты ырымдарды ақын атқарады. Ал жыраулардың атқаратын негізгі міндеті - өлген кісінің аруағын мадақтап, толғау, жыр айту. Ақындардың жырауларға қарағанда синкреттік сипаттарының молдығын қоссақ, олардың жырауларға қарағанда көнелеу тип екендігін мойындауға мәжбүр боламыз
4. Ақын типінің көнелігін дәлелдейтін тағы бір жайт: ақындар өнері туралы ұғымдардың ішінде тотемдік ұғымдар кездеседі. Тотемдік ұғымдар ең көне наным-сенімдер қатарына жататындығы белгілі. Мысалы, Жамбылдың айтуынша, әр ақынның аң кейпіндегі жебеушісі болады-мыс. Бұл жебеуші тек ақынның көзіне ғана көрінеді. Жырауларға тотемдік ұғымдар тіпті тән емес.
5. Ақын типінің, тамырларының өте ерте дәуірдің тереңінде жатқандығын олардың негізгі жанры - айтыс жанры екендігін де байқауға болады. Жыраулар болса, айтысқа түспейді» [3, 35] .
Ал Будаговтың түсіндіруінше, жырау - үндінің асыл тас мағынасындағы сөзінен тууы мүмкін дейді [4, 12] .
Жыраудың жылаумен де жақындығы бар. Қазақта өлген кісіні арнап жоқтап жылағанда пәленнің басына жырау айтты дейді, яғни жоқтау айтты. Сонымен қатар, жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, өмір, көбінесе, заман - дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған. Бұл тақырыптағы толғау сөздерінде сезімге ұратын лирика болмайды, көбінесе, меңзеу, мақал-мәтелдер ретінде келетін тақпақтар, термелер болып отырады.
В. Жирмунский мен Х. Зарифов та жырауды ақын, шайыр типінің ең көне түрі деп таныған [5, 27] . Бұл пікірді олардан кейін жырау туралы сөз қозғаған қазақ, қарақалпақ фольклоршылары да қостап жүр. Профессор Н. Смирнова «Жырау сөзінің мағынасы-«жыр айтушы» деген сөз… Бұл жыр айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне», - деп жазады [6, 40] . Профессор Е. Ысмайылов Н. Ильминскийдің пікіріне және татар тілінде «жыру», «жыруче» сөздерінің «жыр» сөзімен мағыналас екендігіне сүйене отырып, «жырау» сөзін «жыр», «жыр айтушы», «жырламақ» сөздерімен байланыстырып, бұл сөздің мағынасы «тарихи жыр айтушы, болашақты болжаушы» екендігін айтады [1, 39-40] . Ал жырау типінің пайда болу кезеңі жайлы Е. Тұрсынов былай дейді «Мұның өзі жырау типінің әскери демократия кезінде пайда болғанын аңғартады. Батырлар жырының тарихта болған батырлар, дарынды қолбасшылар, көсемдер туралы баяндайтыны белгілі. Алғашқы батырлар жырының үлгілері осы адамдардың құрметіне шығарылған мадақтау, мақтаулардан туғандығы да барлық фольклоршыларға белгілі. Алғашқы батырлар жырының әруақтарды мадақтауға арналғандығы және магиялық мақсатта орындалғандығы батырлық эпос үлгілерінің, ертегілер сияқты, әрқашан да сәтті аяқталуына себеп болды деп ойлаймыз. Демек жырау типінің пайда болуы әруақтар культінің пайда болып қалыптасуы процесімен қатар өтіп жатты» [3, 175] .
Жырау - әлі қоғамдық ғылымда зерттелмеген, сыры ашылмаған күрделі ұғым. Жыраулар - қазақ этномәдени дамуының ең бір шешуші, кульминациялық кезеңі - тарих сахнасына «қазақ» атымен шығып дербес хандық құру кезеңін сипаттайтын терең рухани құбылыс. Ол өз жанынан өлең-жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. Махмұд Қашғари жырау сөзін «йарығу», өлең шығарушы, музыкант деп түсіндіреді. Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекші жетекші рөл атқарды. Олардың шығармалары дидактикалық сипаттағы философиялық толғаулар түрінде келеді. Жырау толғауларында өзінің замана жайындағы түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, елеулі қоғамдық әлуметтік мәселелер көтереді. Жырау жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, кейде батыр, елбасы бола жүріп, ел қорғау, азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлар туғызған. Жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер оның поэзиясының ішкі мазмұнына орайлас, сәуегейлік, батагөйшілдік түс көру, ырым айту, табиғат құбылыстарына, т. б жайларға қарай болжамдар жасауға-көне дәуір жырауларына тән қасиет. Жырау туындылары адам көңілін дөп басар әсерлілігімен, мірдің оғындай өткірлілігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған мықтылығымен, қиыннан қиыстырған көркемдігі және қуатты серпінділігімен ерекшеленеді. Қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясының тұңғыш өкілдері ретінде XV ғасырда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған есімдері аталады. XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей жыраулардың поэзиясында отанды қорғау, жат жерді басқыншыларға қарсы күрес тақырыбы ерекше жырланды. XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі - Бұқар жырау жыраулық поэзияны жаңа биікке көтеріп, оның тақырып аясын кеңейте түсті.
Сырдағы сүлейлер мектебінің негізін қалаушылардың ендігі бір өкілі, назым сөздің шебері - Қарасақал Ерімбетті сол кездегі замандастары және жасы кіші жыр дүлдүлдері өздеріне ұстаз санағанын мына төмендегі шығармаларынан көруге болады.
Жыр жампозы Кете Жүсіп өзінің «Ұстаз» атты өлеңінде:
Осы заман ішінде,
Аттары мәлім дүрлер бар.
Алшаңдаған әр топта,
Бедеубай қойған тағалап.
Шәді менен Ерімбет,
Әзілкеш, Абай, Бұдабай,
Олардың айтқан сөздері
Әр жұртты кеткен аралап -
десе, Сыр сүлейлерінің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуов «Әр елдің бар бұлбұлы»атты өлеңінде:
Қарасақал Ерімбет-
Құтқармас құсты бедеудей.
Шабысына шаң ермес,
Ат шаптыратын бүлкілі. -
дейді.
Жас кезінде ағалы-інілідей араласқан сыйлас ағасы Балқы Базар жырау:
Қарасақал Ерімбет
Сөз сөйлейді термелеп.
Қашағанды құтқармайды,
Бұғалық салып күрмелеп, -десе, енді бірде:
Ереке, шын тұлпардың бірі едіңіз,
Шабытты шайыр сөзге дүр едіңіз, -
деп бата берген екен.
Осынау жыр жампоздары жазған шығармалардан Қарасақал Ерімбеттің жыр өлкесіндегі сөз маржандарын терген замандастарынан шоқтығы биік, халық ақыны екенін көреміз. Шайыр өзінің өсиет өлең нақылдарын, сахилықты, қайырымдылықты насихаттаған қисса-дастандарын, айтыстары, жұмбақ айтыстарын, қазақ шежірелерін қағаз бетіне түсіріп, XIX ғасырдың өзінде халқымыздың жазба әдебиетіне өз үлесін қосқан адам. Сол сияқты Ерімбет шайыр жазба, жұмбақ айтыстардың да негізін салушы. Ол - халық ақыны, ислам дінінің, құранның пайдалы жақтарын дәріптеуші ахун дәрежесіндегі назым сөздің шебері-шайыр, ойшыл-философ, шежіреші-тарихшы, этнограф, жазба, жұмбақ айтыстың негізін қалаушы, жалпы адамгершілік тәрбиені насихаттайтын, қазақ жазба әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан ағартушы, бір атаның ақыны емес, ұлтымызға ортақ ақын, қоғам қайраткері екенін көреміз.
Археологиялық тұрғыда жүргізілген зерттеулер Арал өңірінің палеоантроптық, яғни, алғашқы қауымдық қоғамнан бүгінге дейін түрлі тарихи өзгерістердің орталығы болып келе жатқандығын дәлелдейді. Өте көнеден тарайтын аңыз-әпсаналар, тұрмыс салт жырлары, ғашықтық жырлар Сыр өңірінде өзінің алғашқы шығу қалпын бұзбай бізге жеткен. Осы тақырыптардың дәл осы өңірде сақталуының өзі-ақ жыраулық-жыршылық дәстүрдің бұл өлкеге тән және басқа халықтарға тараған сюжеттерге ұйтқы бола білген ең ескі поэтикалық орталықтардың бірі екендігіне дәлел. Мұндай поэтикалық орта дүние жүзінде некен-саяқ. Мысалы: батырлық-поэтикалық шығармалар немесе лиро-эпикалық, діни-мистикалық, таза танымдық, дүнияуи тақырыптарды қозғаған поэзия тарихына белгілі көптеген ағымдар Сыр өңірінің әдеби-музыкалық мұраларынан көрініс табады. Сондықтан, Сыр бойы жыраулық-жыршылық дәстүрінің сөз, саз табиғатын зерттеу өте актуалды, тарихи-тәрбиелік маңызы аса зор.
Сыр өңірінің тарихи ерекшелігі бұл өлке мұсылман дінін ең алғаш қабылдаған. Жыраудың өз идеалдарына кіршіксіз адалдығы сонда, оны бұзған пенделерді аяусыз шенеп, өткір тілімен найзалап отырған. Жалпы бұқара халықтың ұлы болғандықтан, ол дінді әр нәрседен құтылып кетер құрал ретінде емес, дүниетаным деп қабылдайды. осындай жағдайдан шыққан Балқы Базар жырының бірі - «Қалжан ахунға»
Жаны ардақты жақсының
Күнде бірі өлсін дер;
Жаназасын оқы, деп
Шақыртушы келсін дер;
Қатым құран шығарып
Мал мен мүлкін бөлсін дер;
Сол бөлінген олжадан,
Өзгелерден көбірек,
Сыбағама берсін дер-
Бұл молдалар тілегі,
Сондай тілек бола ма
Жақсылардың тілегі.
Жыраудың жеке басының адалдығы, жалған атаулыға төзбес қайсар мінезі оның тумагерлігінің ғана емес, өз өмірінің де басты сипаты болғанға ұқсайды. Оның ойынша рухани тәуелділік түптің түбінде саяси тәуелділікке алып келеді. Жырау ұғымындағы «дін» соқыр сенімдер жиынтығы емес, ол нақты мұраттарды көздеген, болашаққа ғана тәуелді, жалғанды жалған деп танитын келешек келбеті. Ішкі дүниесін жақсы ниеттерге толтырып, жүрек кірін жуа алған адам ғана рухани адасудан құтылады. Рухани адам ғана саяси тәуелділіктің шын мағынасын түсіне алады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz