Шәкәрім поэзиясындағы өмірдің негізгі мәні


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

РЕФЕРАТ

Дипломдық жұмыстың тақырыбы: ШӘКӘРІМ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ОЙ-ТАНЫМ

Дипломдық жұмыстың көлемі: 52 бет

Пайдаланған әдебиеттер саны: 37

Тірек сөздер: Шәкәрім поэзиясы, сыр сөз, ақ жүрек, ақыл, ой, сана, кемелділік.

Жұмыстың құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, «Шәкәрімнің кемелділік қағидасы» және «Шәкәрім поэзиясындағы танымдық үлгілер» атты екі негізгі бөлімнен, қорытынды және әдебиеттер тізімінен тұрады.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Ұлттың ұлы ұстазы атанған дана, ойшыл, әулие Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларындағы негізгі ой-танымдық үлгілерді зерттеп, зерделей отырып, оның жалпы адамзат үшін маңыздылығын ашып көрсету.

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Бірінші тарауда жалпы Шәкәрім шығармашылығындағы сөз қолданыстарының сипаттамасы сөз болады. Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлымен бір мезгілде, бір уақытта ғұмыр кешкен Мәшһүр Жүсіп өлеңдеріндегі ұқсас құбылыстар талданады.

Екінші тарауда Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдеріндегі ақылға, таза ойға байланысты сөздер, ұғымдар анықталып, оларға жеке-жеке талдау жасалды және ақын поэзиясындағы герменевтикалық ұғымдар талданды.

Жұмыста қолданылған әдістер: Жұмыста дәстүрлi сипаттама әдiсi, салыстырмалы, теориялық, типологиялық салыстыру әдiстерi қолданылды.

Пайдаланылған дерек көздер: С. Ізтілеуова, Алтынбекова А., Әбдіғазиев Б сияқты әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері негізгі дерек көздеріне, әдебиеттерге жатады.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ … . . . 4

І ШӘКӘРІМНІҢ КЕМЕЛДІЛІК ҚАҒИДАСЫ

1. 1 Шәкәрім өлеңдеріндегі адамдық қағидалар мен ұстанымдар . . . 7

1. 2 Шәкәрім поэзиясындағы өмірдің негізгі мәні . . . 12

1. 3 Шәкәрім және Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы ұқсас танымдар . . . 20

ІІ ШӘКӘРІМ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТАНЫМДЫҚ ҮЛГІЛЕР

2. 1 Ақын шығармаларындағы ақыл-ой мәселелері . . . 29

2. 2 Ақын дүниетанымындағы герменевтикалық түсініктер . . . 36

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 49

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 51

КІРІСПЕ

Зерттеудің жалпы сипаты. Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасының түп қазығы - «ақ жүрек», «таза ақыл», «адал еңбек» иесі түзу адамды қалыптастыру, сол арқылы қоғамды түзеу. Ар ілімін адамдық сапаның алдына шығарып бүкіл поэзиялық туындыларына өзек еткен Шәкәрім тағылымы бүгінгі күн үшін де аса қажетті әрі көкейкесті мәселе болып отыр. Ұлы Абайдың ізбасары бола отырып, ұстазы жеткен деңгейде қалып қоймай өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдыруының өзі - Шәкәрім ұлылығын айғақтайтын басты белгі. Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі - дін тақырыбына қатысты ақынның тұжырым, түйіндерін танып білудің маңыздылығы да дау тудырмайды. Себебі, ғұлама суреткер дін мәселесін шын ақыл мен салқын сана арқылы сараптап, негізгі өзегін өмір игілігіне айналдыра білген. Жаратылысқа деген сенім мен сүйіспеншілікті махаббат пен мейірімнің, жақсылықтың көзі ретінде бағалау арқылы қалың жұртын өмірді сүюге, адамды аялауға үндеген. Күрделі болмыс иесінің шығармашылық мұрасын әр түрлі аспектіде тереңдей, кешенді түрде қарастырудың қажеттілігі де осыдан туындайды.

Зерттеудің өзектілігі. Шәкәрім шығармаларындағы ой-танымдық мәселелерді дүниетанымдық тұрғыдан көркем бейнелеу үлгісін ғылыми саралау - бүгінгі қазақ поэзиясының бастау көздерін анықтауға негіз болады. Шәкәрімнің поэзиялық әлеміндегі танымдар қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттық ақыл-ой дүниесімен астасып жататындығымен құнды. Қандай да бір мәселені тілге тиек етсе де ақынның ерекшелігі оны кең ауқымда алып, өлең өлшеміне өрісті оймен сыйдыра білген. Бұл қасиет сөз зергерінің шағын өлеңдерінде де, көлемді туындыларында да бөлекше бітімге, әсерлі айшыққа ұласқан. Шәкәрім дүниетанымы өзі өсіп өнген жұрттың ауқымынан асып, бүкіл адамзаттық мазмұндағы ойлармен сабақтасып жататындықтан оның көркемдік әлеміндегі әрбір сөз қолданысы мен ой образының мәні терең. Сөз арқылы адам түзетпек болған сөз зергері шығармашылығының көркемдік поэтикасын ғылыми саралаудың аса маңызды қажеттілігі де осыдан туындайды.

Демек адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді поэзия тілімен өрнектеудің өзгеше әдіс-тәсілін тапқан ақын қазақтың төл әдебиетімен ғана шектелмей түбі бір түркі руханиятының мазмұнды туындыларынан сусындап, әрі әлемдік ақыл-ой жетістіктерінен үйренген.

Шәкәрімнің лирикалық кейіпкерлерді сомдаудағы өзіндік қолтаңбасы шағын лирикалық өлеңдері мен көлемді туындыларында да сабақтастық тауып, ой мен сөздің мән мағынасын, әсерін арттыра түсетін: «шын нұр», «шын асық», «таза ой», «от жүрек», «тәтті тіл», «таза жан» т. б. көптеген эпитеттік қолданыстарды түрлендіре қолдануы ұлттық поэзиямыздағы көркемдік құралдарды тыңнан түлетіп қана қоймай, ақынның қаламгерлік қолтаңбасын айқындайтын айрықша белгіге айналған. Тек бейнелілік қана емес оның терең мазмұнымен өрілген өзгеше бітімі руханиятымыздағы жаңа бір көркемдік дүниені қалыптастырды.

Ойшыл ақынның шығармашылық поэтикасындағы Алла, жар, жаратушыны жырлау үлгілері дәстүрден ерекше сипатта көрінеді. Алланы дәріптеу, оны әділет пен тазалықтың қайнар көзі ретінде таныту үрдісі арқылы Шәкәрім жалпы адамзатқа ортақ қоғамдық мәні күшті мәселелерді көтереді. Дүниенің құпия сырларын танып білудің жолын жар, жаратушымен байланыста қарастыру арқылы «түзу адам» қалыптастырудың жаңа жолдарын ұсынады. Бұл тарапта да жаңа ұғымдар қалыптастырады. Мысалы, тек қана «нұр» сөзінің мағыналық өрісін кеңейту арқылы өлеңнің көркемдік сапасын биіктетіп қоймай жаратушыдан келген негіздің мәнін бүкіл ғаламға таратады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бұған дейін де Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы әр түрлі ғылым салалары тарапынан зерттеліп, соңғы жылдары Шәкәрімтану жеке ғылым саласы ретінде біршама жетістіктерге жетіп, қалыптаса бастағаны белгілі.

Қазақ әдебиетінде шәкәрімтанудың негізін салып, іргетасын қалаған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов сияқты ойшыл қайраткерлері. Сонымен қатар Шәкәрім шығармашылығы көптеген кандидаттық диссертацияларда зерттеу негізіне алынды. Олардың қатарында А. Тілеуханованың, А. Айтбаеваның, Г. Әбдірасылованың, Г. Аюпованың және т. б. кандидаттық диссертацияларын атауға болады. Алайда бұл аталған зерттеулер Шәкәрім мұрасын әр түрлі аспектіде, белгілі бір тақырып аясында қарастырғандықтан, оның күрделі болмысын түгел ашып бітті деуге болмайды. Әсіресе ғұлама ойшылдың дүниетанымдық ілімінің поэзиядағы көркемдік іздерін ғылыми саралау басы ашық тұрған мәселе. Өмір сүрудің мәні - адамның өз болмысына, жан дүниесіне үңілу, сол арқылы жаратушысын тану идеясы Шәкәрімнің ешкімге ұқсамайтын ақындық, әрі азаматтық үні. Осы даралығын поэзия тілімен қандай көркемдік деңгейде жеткізе білгендігі адам мен қоғам, адам мен жаратушы қарым- қатынастарының өлең өрнегінде бедерленуінің жолдарын зерттеу - қазақ әдебиетінің маңызды мәселелерінің бірі, әрі Шәкәрімтану ғылымын жаңа мағлұматтармен байытатын қажетті іс.

Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының ерекшеліктерін ашу үшін оның дүниетанымына бойлау, ақыл-ойын қалыптастырған негіздерді саралау, сараптау міндет болып табылады.

Адам образын бейнелеуде Шәкәрім поэзиясындағы психологизм сипатын, адамның ішкі жан дүние сапаларын тірілту, жандандыру арқылы ерекше мәнде суреттеу тәсілін қалыптастырғандығы, сол арқылы «адамды түзету» идеясын көздегені, ал жеке адамның ішкі сапасының артуы бүкіл қоғамның болмысын айқындайтындығын шығармалары арқылы баян еткендігі талданады.

Мәңгілік тақырып махаббатты жырлаудағы ой-сезімнің поэтикалық бітімі мен терең сезімі, психологизм мен трагизмнің өзгешелігін сопылық поэзия сарындарын шебер пайдалана білген қаламгерлік ерекшеліктерін саралау арқылы белгілі тақырыпты толғаудағы өзіндік өрнегін айшықтау. Ақын қозғаған махаббат мәселесінің мәні жеке адамдар арасындағы сезім сипатынан асып, адам мен жаратылыс арасындағы үйлесім табиғатымен бірлікте алынуы арқылы өмірдің түпкі мән-маңызын ұқтыруға бағытталатынын айқындау.

Ақынның көркемдік жүйесіндегі елеулі ерекшелік: оның өлең жүйесіне Жар, Жаратушы ұғымдарын енгізіп, жаратылыс сырын жырға қосуымен сол арқылы ғаламдық дәрежеде ой айта білгендігін дәйектеу. Ақын түсінігіндегі рухани бастау Алладан, жаратушыдан негіз алады, Алланы сүйген, жаратушысын танып шын жүрекпен сезінген адам жаңа сапаға жетуге ұмтылады, сол арқылы адам да, қоғам да түзеледі дейтін ой толғамдары қазақ поэзиясының мазмұндық та тақырыптық та көркемдік кестесінде де жаңа бір түзіліс тудырды. Зерттеуде осы мәселені анықтауға назар аударылады.

Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Қазақ әдебиеті мен поэзиясындағы Шәкәрім шығармашылығының алатын орнын көрсету. Шәкәрім поэтикасы қазақ сөз өнерін, өлең өрнегін, көркем ойды және көркем бейнелеуді жаңа деңгейге көтергені ақиқат. Шәкәрім поэзиясының басты қасиеті оның философиялық мазмұндылығы. Ақын қазақ өлең өнерінде пәлсапалық қағидаларды ұсына біледі.

Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында салыстырмалы әдістер көбірек қолданылды. Сонымен қатар, отандық әдебиеттану ғылымының тұжырым байыптаулары, поэзияның табиғатын, эпика жанрлары, дастан, поэмалардың жанрлық-стильдік, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін қарастырған ғылыми еңбектер дипломдық жұмысымыздың негізгі методологиялық әрі

Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, қорытындыдан және екі бөлім мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І ШӘКӘРІМНІҢ КЕМЕЛДІЛІК ҚАҒИДАСЫ

1. 1 Шәкәрім өлеңдеріндегі адамдық қағидалар мен ұстанымдар

Шәкәрім шығармаларында адам өмірінің негізіне жарайтын қағидалар мен ұстанымдар жетерлік. Оның барлығын дана қаншама еңбектерді зерттей отырып, зерделей отырып өзінің таным-түсінігі деңгейінде өлең сөзге түсірген.

Шәкәрім атамызды негізінен ар ілімінің негізін салушы ретінде танитынымыз оның арлы болуды баршаға міндеттегеніне және арлы болудың қағидаларын өзінің сырлы сөздерінде кеңінен толғағанына байланысты.

Ар түсінігі қазақ халқында бұрыннан да бар. «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деген мақалдан ар мәселесін халқымыздың қаншалықты жоғары деңгейде бағалағанын байқауға болады. Қазақтың сонша бағалап, қастерлеген, жолында жанын да садаға қылатындай ар-ұждан деген не? Бұл қасиетке қазақ аталарымыз неге сонша жоғары баға берді, ал бұл жайында Шәкәрім мұрасы не дейді екен, енді осыған оралайық. Ол үшін Ш. Құдайбердіұлының мына өлең жолдарын қарастыра кетсек:

Тегінде ұждансыз жан өлікке есеп,

Адамның кеселі жоқ мұнан кесек.

Ар, ынсапсыз, мейірімсіз залымдарды,

Күнәкер де болмаспыз өлі десек [1, 75] .

Бұл өлең жолдарынан Ш. Құдайбердіұлының адам баласының бойындағы «ар» деген қасиетке ерекше тоқталғанын көреміз. Егер осы қасиеттер бойынан табылмаған болса, ол қасиеттерінен айырылған адамдарды тегінде тірі деген аты болмаса, адам қатарынан шығарып, өлді десе де болады дейді. Шәкәрім мұраларын зерттеген ғалым С. Ізтілеуова бұл туралы мынадай пікір айтады: «Шәкәрім шығармашылығында адамгершілік, ізгілік мәселелері халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымызбен тамырластықта алынып, көркемдік-эстетикалық мәні мен өлең өрнегіндегі өзіндік үні айқын айшықталады. Ұрпақ бойындағы ізгілікті, адамгершілікті жаңғыртуды көксеген ақын «ар-ұждан» мәселесін ең алдыңғы кезекке шығарады» [2, 16] . Яғни ақын:

Еңбекпенен,

өрнекпенен,

Өнер ойға тоқылса,

Жайнар көңіл,

қайнар өмір,

Ар ілімі оқылса [1, 147] - дейді.

Ақын бейнелеген лирикалық кейіпкерінің басты міндеті - рухани жан дүниесін байыту, ізгі істерді қолдау, ар-ұжданы жоғары болу. Яғни мінез-құлқы, болмыс-бітімі жағынан әділет пен арды ту еткен, елі мен жерін сүйген, жаратушысына жақын жандар. Шәкәрімнің ақындық жеке қолтаңбасы әсіресе лирикалық кейіпкер бейнесін сомдағанда дараланады.

Шәкәрім шығармаларында ар сөзімен қосыла жүретін «ұждан» деген ұғым жиі кездеседі. Бұл «ұждан» деген ұғымның өзі ынсап, әділет, мейірімнің қосындысынан тұрады дейді. Түпкі асыл негізінде ұждан «әммә жанға махаббат, шапағат, ғаділет, қазақша тәмәм адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қуу» деп ұғады Шәкәрім. Ең ауыр індетті адам - бойында осы ар-ұждан деген қасиеті жойылған адам. Яғни бұл адамнан артық ауру адам жоқ деп тоқталады. Ар, ынсап, мейірімсіз залымдарды олардың теңі, теңеуі хайуан ғана екенін айтып кетеді [3, 10] .

Сонымен, бұл ар-ұждан - адамның адамшылығын ұстап тұратын, сыртқа сол адамның адамшылығын көрсетіп тұратын, әрбір ісіңнен сұрау алатын іштегі таразы секілді құрал. Бұл құрал дұрыс және мүлтіксіз жұмыс істегенде ғана адам адам қалпына түседі. Қазақ халқы бұл ар мәселесін адам бойына бала кезден дарытуды көздеген. Осы ішкі ар механизмі мүлтіксіз жұмыс істеген адам ешкімнің ала жібін аттамасы анық. Енді осы ар-ұждан кез-келген адамның бойында әуелден бар, ішкі адамдық болмысын анықтайтын қасиет болса, адамды арсыздыққа итеретін не? Ол - нәпсі деген нәрсе.

Адамның адал ұлы болам десең,

Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.

Бұл нәпсі деген қуат ол да адамның ішкі табиғатының ажырамас бір бөлігі. Адамды адам етіп шығару үшін алдымен адам бойындағы осы нәпсі деген күшті жеңу керектігін айтып отыр. Егер осы нәпсі күшін жеңіп, адам бойына ары қожа болған жағдайда ғана адамды адам деуге болатынын айтады. Егер нәпсі кеселі жойылса, онда адам бойындағы өзге кеселдерді жою оңай екендігін көреміз.

Нәпсі жайында, осы нәрсені жою жайында және ол нәрсенің қазіргі күні біздің ғасырда неге қатты күшейіп тұрғандығын, түрлі арсыздық атаулы неге күшейіп, меңдеп тұрғанын мына сыр сөздерінде анық көрсетеді.

Бұл күнде дұрыс иман жоқ,

Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ.

Ақылы саудың ойына

Алдамшы діндер сыйған жоқ [1, 234] .

Бұл шумақтарында Ш. Құдайбердіұлы адам бойындағы ар-иман, нәпсі, т. б. қуаттарды ажырата білудің, оларды танып, нені неге жеңдірудің дінге тікелей қатысы бар екенін айтады. Егер дін нәпсіні тыя алмаса, яғни дін адамға нәпсіні қалай ауыздықтап, арлылықты қалай үстем қылуды үйрете алмаса, ондай діндерді шатақ дінге жатқызады. Себебі адам бойындағы нәпсісін бағындыра амаса, онда ешқашанда адамға ар қожа бола алмайды. Құлды (нәпсі) қожасы (ар) емес, қожасын құлы билеген болады. Егер де адам сау ақылмен шамалайтын болса, онда оның ақылынан тыс қалатын ешнәрсе болмайды. Ал егер дін сау ақылға сыймайтын болса, онда ол діннің барлығын алдамшы, бояу дінге жатқызған. Егер дін адамның ақылын дамытып, арлылығын күшейте алмаса, ол діннен адам баласы зиян шекпесе, еш пайда көрмейтініне осы өлең жолдарынан тағы да көз жеткіземіз.

Сонымен, қазіргі кезеңді Ш. Құдайбердіұлының сөзімен айтар болсақ, жер бетіне шатақ діндер қаптап, нәпсі үстем болған мына заманда арымызбен қоса, адамшылығымызды да жоғалтып алғандаймыз. Себебі, дана Абай айтқандай қазіргі:

Арсыз болмай, атақ жоқ,

Алдамшы болмай, бақ қайда, -

деген қоғамымызда арға жүгіну мүлдем ұмыт қалғандай. Адамдардың ішіндегі осы ар қуаты әлсіреп, керісінше ауыздықсыз нәпсі күшейген үстіне күшейуде. Ар механизмінің жоғалуымен қатар адам сүю, адамға сый құрмет деген қасиеттерімізден айырылып барамыз. Өміріміздің қанша жылын сарып қылып жинаған біліміміз тек қана тамақ табуға және сол нәпсінің қалауларын ойлап табуға ғана жарайтындай. Білім рухани негізге сүйенбегендіктен, батыстың тобырлық мәдениетіне, индивидуалистік өзімшіл қоғамына табыну арқылы өзіміздің баға жетпес асыл мұраларымыздан айырылудамыз. Біздің осы Европаға көзсіз еліктеуіміздің дұрыс-бұрыстығы жайында Ш. Құдайбердіұлы былай дейді:

Европа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.

Терең ойлап сөзімнің түбін біл де,

Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де.

Бұл жерде де айтылып отырған мәселе батыс қоғамының адамшылық деген қасиеттерден біраз алшақтағанын, сырт пішіні адам болғанымен, істеген ісі хайуандық деңгейге құлдырап бара жатқанын айтады. Өздері айуандықтан шыға алмай жатқан елден қандай адамдық, қандай мәдениет үйренбекпіз. Бұл елдерде адамшылық осынша неге төмендеді? Себебі ар түзейтін бір ғылымның жоқтығынан деп түсінеді. Сол себептен айуандықтан шыға алмай жатыр. Осы жағдайларын көріп іштен жыла да сырттан күл дейді. Себебі, білім рухани негізге негізделмеген кезде қоғамның барлық саласы тұйыққа тірелмек. Түзелеміз деп экономикалық реформалар жасап, саяси демократиялық институттарды жетілдіріп, қанша заң шығарғандарымен, ешқайсысы мардымды нәтиже беріп жатқан жоқ. Шешімін таппай дал болып отырған мәселесін Шәкәрім атамыз мына бір ауыз сөзімен оп-оңай шешіп кетеді:

Айла күш айуандықтың ең жаманы,

Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.

Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.

Бұл жерде де айла-күш арқылы, сыртқы реформалар арқылы адамның ар-ұжданын түзеу мүмкін еместігіне көзімізді жеткізіп отыр. Адамның айласына айламен әсер еткеннен ешқандай өзгеріс болмайтынын, қайта қоғам қайшылықтары одан әрі өрши түсетінін айтады. Глобалды экология, әлеуметтік және т. б. мәселелерді былай қойып, қазіргі қоғамдағы арақ, темекі, есірткі және айтыла-айтыла жауыр болған жезөкшелік т. б. мәселелерінің біздің қоғамның да басты мәселесіне айналғанына да біраз жылдың жүзі болды. Бұл індеттер өзіміздің қаракөз қандастарымызды, оның ішінде алдыңғы кезекте еліміздің болашағы жастарды шарпуда. Бұл жағдайларды атамыздың мына сөздерінен анық көруге болады:

Өнерпаз, білімді елдің мінезі осы-

Аяу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?

Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,

Әншейін бар деп бізді алдаған ба?

Көрінер ғылымды елдің сырты таза,

Тексеріп терең ойға салмағанда.

Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,

Істерін әбден сынап талдағанда [1, 83] .

Бұл жолдар адамзаттың алдында тұрған тағы бір үлкен, глобалды қайшылықты меңзейді. М. Вебердің: «Цивилизоватся дикость-худшая из всех дикостей» деген пікірін растағандай. Салт-дәстүрінің қаймағы әлі де бұзыла қоймаған ауылдан қалаға келіп, білім алуға, еліміздің болашағына қызмет етуге және еліміздің бір тұтқасын ұстауға ұмтылып келген жастарымыз қала жастарының ортасынан мәдениеттіліктен гөрі арсыздықтың басым екенін көріп аң-таң қалатыны жасырын емес. Үлкен оқу орындарды аяқтап шыққанмен сыртымыз ғана ғылымды адамға ұқсап, ал істеген ісімізден тек айуандықтың иісі аңқып тұрған жоқ па деген қауіп осы жолдардан көкейімізге ұялайды. Айуандықтың иісі сол қанша үлкен оқу орындарын бітіріп, диплом алсақ та, бұрынғы қыр қазағының ізеттілігін, әдебін, ұяңдығын бойымыздан табу қиын-ақ. Қаншалықты білім алғанымен жұмысты адал, таза істеу жақтарын үйрене алмағандықтан коррупция, парақорлық меңдеп бара жатыр. Қысқасы, адалдық пен тазалықты тек қана осы ар ілімін үйрету арқылы ғана шеше аламыз. Осы жерде ежелгі Рим философы Сенеканың мына сөзі ойға оралады: «Өзінің қайда бағыт алғанын білмейтін кемеге ешқандай жел септігін тигізе алмайды». Бұл сөзден шығар қорытынды - қазіргі жастарда белгілі бір бағыттың, сенімді, анық ұстанымның жоқтығы. Әрбір жастың ішінде осы ұстаным болса, онда оған ешқандай да, батыстан да, шығыстан да соққан ақпараттық дауыл әсер етпеген болар еді. Глобалды сипат алған ақпараттану дәуірінің осы күрделі мәселесі жөнінде де Ш. Құдайбердіұлы өз байлауын былай деп дәл айтып кеткен:

Ақылды киім бермес, ғылым берер,

Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста! [1, 85]

Бұл сөзіндегі біздерге айтпағы шет мемлекеттердің тек қана өнері мен ғылымын ал дейді. Ал қалған мәдениеті мен жүріс тұрысының үйретер үлгісінен, арсыздыққа бастайтын арамза пиғылы бой көрсетіп тұрса, одан бойды аулақ ұстаған абзал емес пе?! Сан ғасыр бойы қорланған асыл қазыналары бар, Абайдай данасы, Шәкәрімдей ғұламасы бар біздің қазақтардың, басқаларға үйретері мол деп білген жөн.

Демек, «Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болу керек. Дүниеде осы үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ» [4, 514] . «Өйткені мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады. Ал, арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді».

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шәкәрім өлеңдеріндегі тұлға мәселесінің дәстүрлік негіздері
Шәкәрім және Гете: поэзиядағы көркемдік пен таным үндестігі
Қазақ поэзиясының адамгершілік, ізгілік дамытудағы рөлі
Шәкәрім поэтикасы
Шәкәрім құдайбердіұлы шығармаларының поэтикалық ерекшеліктері
Ақындық тұлғаның лирикалық кейіпкерге қатысы
Шәкәрім поэзиясындағы адамгершілік құндылықтар
Әдебиет - адам факторының бейнелеушісі
Шәкәрім поэзиясының еуропа, орыс әдебиетімен байланысы
Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz