ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 59 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар
КІРІСПЕ 4
І ТАРАУ. ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ 9
І.1. Ғ.Мүсіреповтің өмірдеректері мен шығармашылығы 9
ІІ ТАРАУ. ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ–ПІКІРЛЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА
Ғ.МҮСІРЕПОВТІҢ ҚОСҚАН ҮЛЕСТЕРІ 16
ІІ.1. Жазушы шығармашылығының мектепте оқытылуы және тәлім–тәрбиелік мәні
16
ІІ.2. Ғ.Мүсірепов шығармашылық мұрасындағы оқу–тәрбие мәселелері 19
ІІ.3. Ғабит Мүсірепов – қазақ оқулықтарының тұңғыш авторларының бірі
22
ІІ.4. Ғабит Мүсіреповтің ғылым – білім, өнер және тәлім–тәрбие туралы
ғибратты сөздері 25
ІІІ ТАРАУ. ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ЖӘНЕ
ОЛАРДЫҢ ОҚУ-ТӘРБИЕ ҮРДІСІНДЕГІ ПАЙДАЛАНЫЛУЫ 29
ІІІ.1. Ғ. Мүсіреповтің Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеудегі үлесі
29
ІІІ. 2. Ғ.Мүсіреповтің пьесаларындағы әйел теңдігі, махаббат және
адамгершілік қасиеттер туралы 37
ІІІ.3. Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу трагедиясының тәлім-тәрбиелік жақтары
41
ІІІ.4. Ұлпан романы және қазақ әйелі бейнесі бойынша оқырмандар
конференциясы 51
ІІІ.5. Ғ.Мүсіреповтің Қазақ солдаты романындағы Қайрош бейнесі арқылы
адамгершілікке, отаншылдыққа, достыққа тәрбиелеу 54
ІІІ.6. Ғабит Мүсірепов тағылымдары атты арнаулы курс бағдарламасының
мазмұны 57
ҚОРЫТЫНДЫ 59
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 61

КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. Тәуелсіз елімізде оқушы-жастарды бүгінгі
күн талабына сай ұлттық тәлім-тәрбие беруде халқымыздың бай мәдени
мұраларын, педагогикалық ой-пікірлерін, жинақталған құндылықтарды зерттеп,
жүйелеп оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісіне пайдаланудың маңызы зор. Осы
тұрғыдан алғанда, қазіргі бәсекеге қабілетті жас өспірімдерді тәрбиелеу,
ұлт тұрмыс тіршілігін өркендетуші сапалы да салауатты, ұлтжанды, мәдени-
ғылыми ой-өрістері кең ұрпақ өсіру-қоғам алдында тұрған басты міндет. Әрбір
қоғам өзінің даму барысындағы зиялы қайраткерлердің педагогикалық ақыл-
ойын, тәрбиелік тәжірибесін зерделеп, заман талаптарына сай жетілдіріп
пайдаланып отырған.
Ұлттық тәлім-тәрбие саласының сан алуан мәселелері біздің еліміз
жағдайында да біршама уақыттан бері зерттеу нысанына айналып келеді.
Соңғы жылдары жекелеген ағартушылардың педагогикалық мұралары жан-
жақты қарастырылып, зерттеу нысанына айналуда. Мәселен, С.Аспан-дияров
мұрасындағы педагогикалық идеялар (Б.Қиясова), С.Көбеевтің педагогикалық
көзқарастары (С.Садуақасова), С.Торайғыровтың педагоги-калық ағартушылық
көзқарастары (Р.Көшенова), М.Жұмабаевтың педагогикалық көзқарастары
(А.Құдиярова), т.б. тарихи-педагогикалық зерттеулерін арнаған.
Аталған қайраткерлердің қай-қайсысы да туған елін, өскен жерін шексіз
сүйген елжанды азамат, жалынды жазушы, арқалы ақын, зерделі зерттеуші, өз
ұлтының шын мәніндегі ұлы ұстаздары іспетті еді. Олар өздерінің өнегелі
істерімен, ұлағатты сөздерімен, қайырымды мінез-құлықтарымен сол дәуірдің
өзінде де исі қазақ жұртының зор құрметін иеленген беделді рухани
көшбасшыларымыз болды. Бұл зиялы азаматтарымыздың барлығы да халық-ағарту
майданында ерекше көзге түсіп, тәлім-тәрбие, мектеп жұмысы салаларында
өзіндік із қалдырған, туған халқының рухани үрдісіне бағыт-бағдар беріп жөн
сілтеген қажырлы қайраткерлер. Олардың мұралары туралы зерттеулердің
барлығы дерлік уақыт талабына сәйкес дүниеге келген қажет еңбектер екені
талассыз.
Бұл ретте халқымыздың бүкіл рухани әлемінен, тәрбиелік ой-пікірлері
тарихынан аса көрнекті қаламгеріміз, қоғам қайраткері, академик - жазушы
Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов есімінің алар орны ерекше. Ғабит Мүсірепов – өз
дәуірінің әдеби-мәдени өмірінде өшпес із қалдырған, туған әдебиетіміздің
биік тұлғасы тұғырына көтерілген ұлы суреткер, ұлағатты ұстаз,
әдебиетіміздің алыптар тобының өкілі.
2002 жылы ұлы жазушының туғанына 100 жыл толуының ЮНЕСКО деңгейінде
мерекеленіп, аталып өтуі егемен еліміздің тәуелсіз мемлекеттігіміздің,
дербес халықтығымыздың мәртебесін биіктете түскені күллі әлемге аян.
Бұл заңды да. Өйткені, Ғабит Мүсірепов - өзінің бүкіл жарқын талантын,
күш-жігерін халқына, туған еліне, әсіресе, жас ұрпақтың тәрбиесіне жұмсаған
қаламгер. Оның әдеби шығармалары – қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасып
дамуына, ал оқу-ағарту саласындағы көзқарастары – республикамыздағы
педагогикалық ой-пікірлердің өсіп-жетілуіне, оқулықтары мен оқу құралдары –
төлтума мектеп оқулықтарын жасау өндірісіне орасан зор ықпал етті. Міне,
соның нәтижесінде ұлы суреткер есімі өз кезінде барша көпұлтты кеңес
мәдениетінің оқу-ағарту ісінің тарихынан да ерекше орын алды.
Демек, оның педагогикалық ой-пікірлеріне арнайы зер салу – күн
тәртібіндегі іргелі мәселелердің бірі.
Көрнекті қаламгердің танымдық-тәрбиелік мәні орасан зор көркем
туындылары, ана тілі, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, оқу-білім, тәлім-
тәрбие тақырыбына байланысты жазған мақалалары, баяндамалары, хаттары, ой-
пікірлері, өткен ғасырдың 20-30 жылдары жарық көрген көптеген оқулықтары,
оқу құралдары бірнеше салада зерделі зерттеулер жүргізуді қажет етеді.
Осы тұрғыдан алғанда біздің алып отырған тақырыбымыз бұл саладағы
зерттеуіміздің өзектілігі мен қоғамға қажеттілігі бүгінгі күн талабынан
туындап отырғаны айқын.
Ғабит Мүсірепов шығармашылығы қазақ тіл білімінде, қазақ әдебиеттану
ғылымында, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінде біршама зерттеліп, тиісті
бағасын алып келеді.
Бірақ та ғылыми-педагогикалық әдебиеттерге талдау Ғ.Мүсіреповтің
ұлттық тәлім-тәрбиеге байланысты айтқан ой-пікірлері, идеялары әлі де
қарастырылмағанын көрсетеді.
Оның туған жерге, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық салт-
дәстүрді құрметтеу, ананы қастерлеу, қыз баланы қадірлеу т.б. туралы жазған
құнды ойларын, демократиялық көзқарастарын жеткіншек ұрпақты, оқушы-
жастарды тәрбиелеу ісіне пайдаланудың маңызы зор.
Алайда, Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығындағы адамгершілік,
елжандылық, имандылық, тілін, ділін, дінін құрметтеу сияқты тәлім-тәрбиелік
идеялардың жүйеленбеуі және сонымен бірге олардың жалпы орта білім беретін
мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісіне қажеттілігі,
сондай-ақ мұның оқушы жастарға адамгершілік – патриоттық тәрбие беруде өз
дәрежесінде ғылыми жұмысымыздың көкейкестілігін айқындап, зерттеу тақарыбын
Ғабит Мүсіреповтің еңбектеріндегі педагогикалық идеялар деп алуымызға
себепші болды.
Зерттеудің мақсаты: Ғабит Мүсіреповтің еңбектеріндегі ағарту-шылық
қызметін тарихи-педагогикалық тұрғыдан талдап, тәлім-тәрбиелік идеяларын
жүйелеп, оқу-тәрбие үрдісіне ендіру.
Зерттеу объектісі: Ғабит Мүсіреповтің ғылыми-танымдық, рухани-
ағартушылық, педагогикалық құнды идеялары.
Зерттеу пәні: Ғабит Мүсіреповтің педагогикалық ой-пікірлері.
Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер Ғабит Мүсіреповтің шығармаларындағы
тәлім-тәрбиелік идеялар тарихи-педагогикалық тұрғыдан талдау жасалынып
жүйеленсе, педагогикалық ойлардың қорлары молайып, оның орта және жоғарғы
мектептердің педагогикалық үрдістеріне ендіру барысында оқушы-жастардың
тәлімдік деңгейлері көтеріледі. Өйткені, Ғабит Мүсіреповтің құнды
педагогикалық идеялары оқушылар мен студенттердің ұлттық құндылықтарды
бағалауына, өзін-өзі тәрбиелеуіне, ата-анасын, тілін, елін, жерін сүюіне,
елжандылық сезімдерін арттырып, рухани-адамгершілік қасиеттерін
қалыптастыруына ықпалын тигізеді.
Зерттеудің міндеттері:
- Ғабит Мүсіреповтің өмірлік, педагогтік көзқарасы мен
шығармашылық іс-әрекетін саралап қарастыру;
- Ғабит Мүсіреповтің көркем шығармаларындағы педагогикалық ой-
пікірлеріне талдау жасау және оларды бүгінгі күн талабы
тұрғысынан негіздеу;
- Ғабит Мүсіреповтің педагогикалық ой-пікірлерін жалпы білім
беретін орта мектептегі және жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие
үрісіне пайдалану үшін бағдарлама құрастыру және әдістемелік
ұсыныстар жасау.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: жеке тұлға теориясы,
іс-әрекет теориясы, жалпыазаматтық және ұлттық құндылықтар-дың тарихи
сабақтастығы, тарихи-педагогикалық құбылыстарды жүйелілік теориясы құрайды.
Зерттеудің жетекші идеясы: Ғабит Мүсіреповтің педагогикалық мұрасы мен
рухани-ағартушылық қызметі халқымыздың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер
жүйесімен ұласқан асыл арналар.
Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Білім
туралы, Тілдер туралы заңдары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрлігінің тұжырымдамалары, қаулы-қарарлары, оқу бағдарламалары,
педагогика тарихы мен теориясына, әдістемеге байланысты еңбектер.
Зерттеудің әдістері: Зерттеу мәселесіне байланысты философиялық,
психологиялық, педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерді тақырыпқа орай
теориялық және ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерделеу, жалпы білім беретін
орта мектеп мұғалімдерінің іс-тәжірибелерін талдау, зерттеу нәтижелерін
жүйелеп қорытындылау жүргізілді. Зерттеуде салыстырмалы-жүйелік, талдау
және жинақтау әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің жаңалығы мен теориялық маңызы:
- Ғабит Мүсіреповтің кейбір педагогикалық ой-пікірлері алғаш рет
ғылыми үрдіске қосылды;
- Ғабит Мүсіреповтің өмір жолы мен шығармашылығындағы кейбір
ұлттық тәлім-тәрбиелік идеяларға талдау жасалынды;
- Ғабит Мүсіреповтің оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары
ғылыми-педагогикалық тұрғыдан талданып, педагог екендігі
дәлелденді;
- Ғабит Мүсіреповтің тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерін педагогикалық
үрдісте пайдалануға байланысты әдістемелік ұсыныстар жасалды.
Зерттеудің практикалық мәнділігі:
- жоғары оқу орындары студенттеріне арнап Ғабит Мүсірепов
тағылымдары атты арнаулы курстың оқу бағдарламасы жасалынды;
- зерттеу материалдарын мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру
курстарындағы лекцияларда кәдеге жаратуға болады.
Қорғауға мынадай қағидалар ұсынылды:
1. Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығындағы педагогикалық идеялары
мен оның қазіргі кездегі оқушы жастарға ұлттық тәлім-тәрбие
берерлік мазмұны.
2. Ғабит Мүсіреповтің оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарының
бүгінгі педагогикалық үрдіспен сабақтастығы негізделді.
3. Ғабит Мүсірепов тағылымдары атты арнаулы курс бағдарламасы
студенттерге кәсіби бағдар беру жұмысында игі ықпал ететіні
байқалды.
Дипломдық жұмыс құрылымы: кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан,
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І ТАРАУ. ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

І.1. Ғ.Мүсіреповтің өмірдеректері мен шығармашылығы

Қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірдегі көрнекті қайраткерлерінің бірі
— көркемсөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік
Қазақстан облысының Жамбыл ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге
келген.
Ол алғаш өз ауылында ескіше оқып, хат таныған. Ол кездегі ауыл
ақсақалдарының бір әдеті – кешке жақын дөң басына немесе көкорай шалғын көк
майса үстіне киізді жайғызып тастап, неше түрлі қисса, жырды қызыға
тыңдайтын болған. Әдебиетпен алғаш танысуым осы еді, - дейтін жазушы
балалық шағын есіне түсіріп отырып. Зерек бала Қыз Жібек, Ер Тарғын,
Қобыланды батыр, Ләйлі – Мәжнүн, Көроғлы, Сал-сал, Зарқұм, Шәкір-
Шәкірат, Шахмаран сықылды інжіл-маржан жырларды сүйсіне оқып, талай
бетін жаттап та алады. 14 жасында (1916 жылы) Обаған деген жердегі
нағашысының көмегімен орыс мектебіне окуға түседі, бұл мектепті бітіріп,
Преснегорьковтағы екі кластық орыс мектебінде оқьш, жеті жылдық мектептің
көлемінде білім алады. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы
факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық
институтында бір жыл ғана оқиды. Содан кейін кеңестік дәуірдегі баспасөз,
халық ағарту, көркем өнер мекемелерінде әр түрлі жауапты қызметтерді
атқарады.
1928-1938 жылдары баспасөз, әр түрлі орындарда жауапты қызметтер
атқарады. Ал, 1938-1955 жылдар аралығында бірыңғай әдебиетпен айналыса-ды.
1956-1966 жылдары Ғ.Мүсірепов Ара– Шмель атты сатиралық журнал-дардың бас
редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының бірнші хатшысы қызметін атқарып,
1966 жылдан кейін қайтадан бірыңғай жазушылық өнерімен шұғылданады.
Ол Жапония, Египет, Алжир, Италия сияқты көптеген елдерді аралап,
туған елінің сөз өнерін насихаттауда мол еңбек сіңірді. Ғ.Мүсірепов – ел
құрметіне бөленген әйгілі академик-жазушы ғана емес, ол көрнекті қоғам
қайраткері еді.
Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегі жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінен
басталады. Оның жазушылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь,
Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері болды.
Әсіресе оның шығармашылық еңбегіне ерекше әсер еткен Гоголь, Чехов, Горький
сияқты әңгіме, очерк, хикаят, роман жазушы сатириктер еді. Мен, — деп еске
алады өзінің Автобиографиялық әңгімесінде, — сол кездегі Орынбор рабфагін
кейбір жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын!... Орыс
әдебиетін оқығанда Гоголь, Чехов, Горький шығармалары ойыма қона қалушы
еді. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол Тулаған
толқында деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан әдеби еңбегім
болды).
Сол кезден бергі уақыт ішінде жазушы жиырмадан астам әңгіме, хикаяттар
(Қос шалқар, Талпақ танау, Ана туралы новеллалар, Автографиялық
әңгіме, т.б.), ондаған пьесалар (Қыз Жібек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу,
Ақан сері — Ақтоқты, Аманкелді, Қынаптан қылыш т.б.), Қазақ солдаты,
Ұлпан, Оянған өлке атты романдарын, қара сөзбен жазылған Кездеспей
кеткен бір бейне поэмасын жазды.
Орыс, батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару ісімен де
шұғылданды. Оның жүзге тарта публицистикалық мақалалары жарық көрді.
Сөйтіп, Ғ. Мүсірепов қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай
еңбек еткен академик-классик жазушы болды. Оның осы еңбектері жоғары
бағаланып, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Алты мәрте Қазақ ССР
Жоғарғы Кеңесіне, 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.
1974 жылы Ғ. Мүсіреповке кеңес әдебиетін өркендетуде сіңірген еңбегі үшін
Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.
Жазушының 1930 жылдардың бас кезіндегі көбірек көңіл бөлген тақырыбы -
ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі болды. Оның осы тақырыпқа арнап
жазған тұңғыш шығармасы Қос шалқар (1929) әңгімесі еді. Әңгіменің оқиғасы
Қазақстанда егіндік, шабындық жерлерді бөліске салу, ауыл шаруашылығын
ұжымдастыру мәселесіне ұласады. Қасым сияқты байлардың шөбін шауып, малын
баққан Күсен сияқты кедейлердің артель болып ұйымдасуы, байлар мен
кедейлердің таптық күресі шеңберіндегі қазақ ауылының шындық өмірі
суреттеледі.
Жазушы Қос шалқар атанған әсем көлдің атырабына үш рет жолы түскенін
баяндай отырып, осы өңірдегі болған өзгерісті сөз етеді.
Ғ. Мүсіреповтің бұдан кейінгі жазған екі әңгімесі — Көк үйдегі
көршілер (1929), Күсен (1930) де осы тақырыптың жалғасы іспетті болып
келеді. Онда да қазақ ауылындағы колхоздастыру кезіндегі қиыншылық, таптық
талас-тартыс әңгіме болады. Ғ. Мүсірепов 1932 жылы Бір адым кейін, екі
адым ілгері атты әңгімесін жазды. Онда да таптық күрес, астыртын
әрекеттер, ауылдың бай-кедей болып бөлінуі, жаңа заманға өткен қоғам
өкілдерінің риза болмай, қарсы тұруы суреттеледі. Әңгіменің басты
кейіпкерлері — колхоз бастығы Рамазан мен оның орынбасары Жанғалилар өз
туыстарын ғана колхозға тартып, рушылдықты қоздырады. Ал Сүгір молда мен
Есентай сияқты өткен қоғам өкілдері астыртын әрекет жасап, колхоздың
қоймасын өртеп, асыл тұқымды малдарын өлтіру арқылы жаулық әрекет жасайды.
Бұның бәрі жазушы ойлап тапқан оқиға сюжеті емес, 1930 жылдардағы
ұжымдастыру кезеңіндегі өмір шындығы екені даусыз. Себебі бір қоғамдық
құрылыс өзгеріп, оның орнына жаңа қоғам келгенде адамдардың идеялық талас-
тартысының болуы, ескі мен жаңаның күресі табиғи заңды кұбылыс, өмір
шындығы еді. Жазушы осы адамдар санасындағы болған өзгерістерді суреттеп
отыр.
Жазушының адамдардың идеялық көзқарас өзгешеліктерін дөп басьш, шебер
суреттеген әңгімесі Талпақ танау (1934). Бұл әңгімеде де қазақ ауылындағы
колхоздастыру кезеңінің шындығы баяндалған. Онда еңбекшілерді ұжымдастыру
мәселесіне байланысты колхоз төрағасы Сәденнің көрші совхоздан шошқа сатып
әкеліп, бесінші түлікті өсіруі, қазақ ауылына жаңа әкелінген бесінші
түлікті қазақ шалы Есеннің бағуы, ауыл адамдарының оған шошына, жиіркене
қарауын суреттеу арқылы адамдар психологиясында орын алған ескі түсінік пен
жаңа көзқарастың қақтығысы сипатталады.
Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына
жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің
адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі
аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М. Горькийдің
Адамның анасы және Өлімді жеңген ана атты екі новелласын аударып, өзі
де Ананың анасы, Ашынған ана, Ананың арашасы (1934), Ер ана (1942),
Ақлима (1944) атты әңгімелерін жазды.
Ананың анасы (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған
аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара
жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын
жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың
етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап қойып өткен өмір
оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті
таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ
балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының
тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады.
Ашынған ана (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық; қозғалысына
арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа
жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып,
түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден
босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты
көп көріп, азап шеккен: ... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай
орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана...
Ал Ғ. Мүсіреповтің Ананың арашасы (1934) атты әңгімесінде Антоновтың
ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атып-асуы,
Нағиманы "большевик балаңды тауып бер" деп соққыға жығуы, ананың жан
азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз
айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты
өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.
Ақтар армиясының бандыларының жауыздығын жазушы былайша суреттейді:
... Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай
алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс... Тек отыз өрім қамшы ғана
әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен өктем куш
теке- тіресіп кездесе қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес. Қара көк
жапырақты ақ көйлек қызыл қанға айналып, арқа жағы тілім- тілім болып
кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің ашынған жерлерін иіскеп
табатындай жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшы сарт етіп қалғанда, ана
көзінен от ұшқыны да жалт ете қалады. Сіресіп қалғандай табан аудармай, кек
кернеген ана да тұр, мың сұрауына бір жауап ала алмай ызаға булығып Антонов
та тұр. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты... Бұдан әрі өжет ана
Антоновтың адамгершіліктен жұрдай жауыздығын бетіне басып, өршелене түседі.

Жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы Ана
алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді дегенді бейнелеп беріп
отыр.
Ғ. Мүсірепов Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта
оралып, екі әңгіме жазды. Оның бірі - Ер ана (1942). Онда жау уақытша
басып алған селода ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар
көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп,
ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі. Ал Ақлима (1944)
әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан мүгедек
болып оралған Сапар деген жігітті асырап алып күтуі, оны өз баласы Қасымнан
кем көрмеуі баяндалады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен Украина, Ресей жерлерінен
келген орыс, неміс, шешен, ингуш, татар балаларын қазақтардың асырап алуы
көп болған. Ал қол-аяғы бірдей шөрке боп қалған жауынгер жігітті туған
анасындай болып күту гуманистік ұлы жүректің ғана қолынан келетін қасиетті
іс-әрекет еді. Жазушы осы арқылы ана жүрегінің кеңдігін, махаббатының
молдығын асқан суреткерлікпен бейнелейді.
Жазушының Ана тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974
жылы Ұлпан романы дүниеге келді. Ұлпан — бүкіл аналардың жиынтық
бейнесі тәріздес кесек полотно.
Ұлпан — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда
қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз
айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең
көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың
билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен
партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар
іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының
қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын
тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің
көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы,
бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай
қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы,
батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып
төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней
намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылыш, Мен түйеге мініп кеттім! Әке,
сен үйде қалдың! деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі,
жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз. Екі баласы бір күнде
шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней
бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз
Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп
- айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай
отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса -
алақанында, жұмса - жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып
қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші
әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі
айтып, Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны
ойландың ба?- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға
бел байлаған Есеней: Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің
елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен
саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней
болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы
түннен бастап, менің Есенейім сенсің, - деп кесіп жауап береді. Есеней
қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды,—деп
суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін
ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар
жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға
әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр
үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді. Осы астан кейін жиырма
бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор - Ташкент темір жолы салынған
кезде, Ұлпан ас берген көл жағасынан өткен темір жол стансасының атын
Ұлпан атайды (Шалқардан кейінгі станса). Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл
топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан
Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп
алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен
араздасып, Ұлпанды отырса - опақ, тұрса - сопақ етеді. Қорлыққа шыдай
алмаған ер мінезді Ұлпан: Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін,—деп
қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған
Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі
пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары
қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.
Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы,
ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер
аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың
анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-
даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің
жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел
билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.

Ғ.Мүсіреповтің Ана тақырыбынан кейінгі патриоттық тақырыптағы төл
туындысы — Қазақ солдаты хикаятын (1945 ж., кейін Қазақ солдаты романы)
жазды.
Ал бұдан кейін 1953 жылы жазылған Оянған өлке романының тақырыбы —
Қазан төңкерісінен бұрын Қарағанды көмір өндірісі ашылып, онда қазақ
жұмысшы тобының құрыла бастауы, Оралдан келген орыс, украин жұмысшыларымен
өндіріске жаңа тартылған қазақ кедейлерінің ащы өмірдің азабын бірге
тартып, біте қайнасуы, олардың таптық мақсатты терең түсінісіп, орыс
капиталистері мен қазақ байларына қарсы тізе қоса бастауы, таптық сана-
сезімінің оянуы суреттеледі. Романның екінші кітабы Жат қолында атты
роман ширек ғасыр өткен соң — 1984 жылы дүниеге келді. Онда Қарағанды көмір
кенін ағылшын алпауыттарының тонауы тартымды сипатталған.
Ғ. Мүсіреповтің "Жапон балладасын" қара сөзбен жазылған баллада-жыр
деуге болады. Адамзат тарихында тұңғыш қолданылған атом бомбасының ауыр
зардабын шеккен жапон халқының жан түршігерлік трагедиясын жазушы поэзиялық
леппен, терең сыршыл сезімталдықпен жеткізе білген. Автор: "Арқаның
әңгімесі", "Көздің әңгімесі", "Тастың әңгімесі" арқылы XX ғасырдың ең
сұмдық, ең жауыз қасіреті — атом апатын әшкерелейді. Жазушы қара мрамор
тасты сөйлету арқылы сұрапыл апат жайын, темір өртенген күн, тас өртенген
күн жайын, адам баласының бұл маңайда түгел қырылып жоқ болғанын баяндайды.
"Көздің әңгімесінде" жиырма жыл бойы жарық дүниені көрмеген қыз көруден өз
үмітін үзбейді. Ол: "Мен бұл апатты ешкімге тілемеймін. Әсіресе тоқсан
қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлерде
құмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын
тілемеймін", - деп жан даусымен үн қатады. Ал "Арқаның әңгімесінде"
дәрігердің: "Арқаң Жапонияның географиялық картасындай", - деген сөздері
арқылы автор ауыр апаттың азабын дәлелдей түседі. Ол жігіт жиырма жыл
ішінде арқасын он алты рет жаматқан.
Атом бомбасынының әсерінен екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас
қаққанша қырылып, жоқ болғанына жігіт сенгісі келмейді, бірақ бұл ауыр
кайғы, ащы шындық екенін жазушы шебер суреттеген.
Бір дәуірдің талай сыры шертіліп, талай рухани адамдық ізденіс -
өзгерісі ақтарылған айтулы туындыларда азынаған замана лебі сезіледі. Асыл
ағаның арман-тілегі, өрісі мен өресі, көтерілген шыңы да, қинала кешкен ойы
мен қыры да – мен мұндалап тұр. Халқымыздың басынан өткен тағдыр-талайы,
өмір-ғұмыры тым ауыр, аласапыранды болыпты, күйзелуі көбірек, күңіреуі
молырақ, қуанышы азырақ жолайрықта ұзақ тұрып қалыппыз. Ғабең тартыс
күреске, арпалыс айқасқа (әсіресе тап пен топ арасындағы) көбірек көңіл
бөліпті – бұл да қаһарлы заманның жан қалтыратқан сызынан еді.
Абзал аға азынаған аязға төтеп берер қайрат көрсеткен айтулы азамат
еді. Ер басына күн туып, етегімен су кешіп – елінің жартысын жайратып
салған 1932 жылдың қилы заманында бес азаматтың атынан қалышынан қан тамған
жоғары орынға жанын шүберекке түйіп жүріп ашық хат жазған ақберен азамат
болатын. Қаламдас аға – досы Биағаңа – (Бейімбет Майлин) жала жабылғанда
тағы да басын қатерге тігіп, айғайлап ара түскен. Биағаң халық жауы болса,
мен де жаумын! – деп адам таңқаларлық қайсарлық көрсеткен де Ғабең болатын.
Солақай желөкпе сыншылар атойлап Абай жолына көк сүңгі сілтеп, ұлы
Мұхаңның басына әңгір таяқ ойнатқанда да ара түсіп, адал, байыпты, мәнді
мақала жазып, ашық сайысқа шыққан да Ғабең еді. Талай қазақ жалған, жасырын
арыз тоғытып, бірін–бірі даттап, жамандап, қандасын қаралап, арысымызды
өлімге қиып, қиянаттан, қарғыстан именбей, зауалдан шошымай, қара жүрек
қандыбалақтың қатарын да көбейтіп жатқанда, Ғабең ақиқатты ашық айтып,
қасқайып қарсы тұрған, азаматтық қалпынан жазбаған әділ аға болды.
Ғабит Махмұтұлының асыл мұрасы, жүрегін жарып шыққан жан сөзі –
бәріміздің рухани азығымыз, мақтанышымыз, қымбаттан да қымбатымыз. Айтулы
жазушының адамдық қасиеті, азаматтық тұлғасы – бәрімізге үлгі, өнеге.

ІІ ТАРАУ. ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ–ПІКІРЛЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА
Ғ.МҮСІРЕПОВТІҢ ҚОСҚАН ҮЛЕСТЕРІ

ІІ.1. Жазушы шығармашылығының мектепте оқытылуы және тәлім–тәрбиелік
мәні

Өткен ғасырдың басында қазақ жерінде аумалы-төкпелі кезеңдер орын
алғаны мәлім. Дәлірек айтқанда, бұл тұста Қазақстанның барлық аумағы Ресей
империясының ішкі отарына айналып, өзінің саяси-экономикалық дербестігінен
айырылған өлке ретінде орыс мемлекетінің құрамдас бөлігі болып есептелді.
Орыс және шетел капиталдарының енуі мен өндіріс-өнеркәсіп ошақтарының
пайда болуы, жұмысшы табының қалыптаса бастауы, жаңа қалалар мен қала типті
мекендердің көбеюі секілді, т.б. оқиғалар қазақ даласына буржуазиялық
қатынастардың алғашқы белгілерін әкелгені белгілі.
Бұл жылдары жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептері үшін Семей, Торғай,
Ырғыз, Орал, т.б. қалаларда төрт айлық қысқа мерзімді мұғалімдер даярлайтын
курстар ұйымдастырылып, оларда мыңнан астам ұстаздар әзірленді. 1920-1921
оқу жылында елімізде 4824 мұғалім еңбек етті. Бұл көрсеткіш 1914 жылмен
салыстырғанда, отыз бес есе артық болатын. Ұстаздар қауымы күндіз балаларға
білім берсе, кешке қарай ересектерді оқытып, сауатсыздықты жою ісіне
белсене араласты.
Осы орайда аталған қысқа мерзімдік мұғалімдік курстар үшін
психологиядан, педагогикадан және сауатсыздар үшін сауаттандыру курстарына
арналған қазақ тілінде оқулықтар, оқу құралдарын жазуда А.Байтұрсынұлы,
М.Жұмабайұлы, М.Әуезұлы, С.Мұқанұлы, Ғ.Мүсірепұлы сынды зиялылардың
еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Ана тілі мен туған әдебиеттің сыр–сипатын жете біліп, өзіндік
ерекшеліктері туралы арнайы оқулықтар, зерттеулер жазған А.Байтұрсынұлы
бастаған кеңес дәуірі кезеңінде жалғасы түсті. Білікті маман, ғалым–педагог
кадрлардың жетпеуі салдарынан көрнекті қаламгерлеріміз оқулық жазу ісіне
тартылды. Міне, осындай күрделі жаңғыруларға толы болған өткен ғасырдың
жиырмасыншы жылдарының соңы мен отызыншы жылдарының басындағы кезеңде
өзінің тәлім-тәрбиелік ой-пікірімен, ұлағатты істерімен ерекше көзге түскен
ұлт зиялыларының бірі – Ғабит Мүсірепов. Ол - өзінің жеке шығармашылық
жұмысымен қатар, үлкен ұйымдастырушылық, қоғамдық-саяси, ұстаздық
қызметімен де мәдени-рухани өмірде із қалдырған қайраткер-қаламгер. Ғабит
Мүсірепов бірқатар жауапты қызметтерді атқара жүріп, ұлттық тәлім-тәрбиелік
көзқарасты қалыптастыруға, жалпы білім беретін орта мектеп жүйесін
дамытуға, олар үшін төл оқулықтар кешенін даярлауда. Сол арқылы ұлттық
саналық-ғылыми термионологиямызды жасау, қазақ әдебиетін үлкен кәсіби
биікке, жоғары деңгейге көтеру ісіне белсене қатысты. Жазушының ана тілінде
сан алуан оқулықтар, оқу құралдарын шығаруы, оған қоса көркем әдебиеттің әр
түрлі жанрларының дамуына белсене үлес қосуы, сөйтіп, жалпы жұртшылықтың,
әсіресе, жас ұрпақтың ой-санасын, рухани мәдениетін тәрбиелеуге атсалысуы -
өзінің қатар өскен пікірлес аға достары, халқымыздың аса көрнекті зиялылары
Ә.Байділдин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұханов т.б бірлесе оқу
кітаптарын әдеби шығармаларын жазуы – сол кезеңдегі дәуірдің қажеттілігінен
туған еді.
Кез келген көркем туынды белгілі бір тәлім-тәрбиелік жүкті көтеріп
тұратыны белгілі. Ал қаламгер сол өзі көздеген идеялық-педагогикалық
мақсатты жүзеге асыруға әрекет етеді. Ондай нысаналы ойды ойластырмаған,
идеялық мән-мазмұнды бойына дарытпаған шығарма көркем туынды болып
жарытпайды. Ал, Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық жолы мен оның педагогикалық
көзқарастарының тәрбиелік мәні туралы сөз еткенде, ондағы қамтылған
тәлімдік ойлар жөнінде молынан айтуға болады. Міне, сондықтан да жазушы
шығармашылығы жалпы орта білім беру жүйесінің барлық буындарында – бастауыш
сыныптардан бастап, сынып дәрежесі жоғарылаған сайын күрделене, толықтырыла
оқытылады.
Айталық, 5 –сыныпта қаламгердің Жаңа достар (Қазақ солдаты
романынан үзінді) әңгімесі өтіледі. Бұл үзіндіні оқып үйренуге орта
мектептің әдебиет пәніне арналған оқу бағдарламасы бойынша 2 сағат
бөлінген.
Мұнда бағдарлама талабына сәйкес оқу іздеп, ауылдан қалаға келген бала
Қайроштың басынан кешкендері, жаңа достары Бораш пен Шеген жайы, әңгімедегі
абзал аналар бейнесі, табиғат суреттері, олардың кейіпкер мінезін ашудағы
рөлі, әңгіменің баяндалу түрі, тіл көркемдігі, мақал–мәтелдердің қолданылуы
секілді танымдық–тәрбиелік мәселелерге мән беру мақсат етіледі. Әдебиет
теориясынан кейіпкер мінездемесіне көңіл аударылады.
6–сыныпта Автобиографиялық әңгіме (3 сағат) белгіленген. Шығармада
жазушы өмірінің шежіресінен, ауыл мұғалімі болған Бекет Өтетілеуовтің
ұстаздық тағылымы, жас кезінде алған білім мен өнегенің өмірлік маңызы
жайында сыр шертіледі.
7–сыныпта Ананың анасы, Боранды түнде әңгімелерін оқытуға 3 сағат
мөлшерінде орын берілген.
Өткен заман аңызына құрылған Ананың анасы атты әңгімеде қазақ
халқының өмір тарихындағы ерлік шежіресінің бір оқиғасымен байланысты ана
махаббаты, оның құдіретті қуаты суреттелетіндігі талдау–талқылауға өзек
болады. Ана образының типтік мәні ашылады. Жазушы шығармашылығындағы ана
тақырыбына сипаттама жасалады.
IX сыныпта Ұлпан романын оқып–үйрену (3 сағат) ұсынылған. Мұнда сөз
зергерінің шығармаларында ананы дәріптеу идеясының тағы да дәлелденіп
отырғаны көрсетіледі.
Ал XI сыныпта Қазақ солдаты романын монографиялы түрде оқып–үйрену
ұсынылады.
Қарастырылып отырған тақырыптың – Ғабит Мүсіреповтің педагогикалық
ой–пікірлерінің арнайы зерттеліп отырғанын ескерсек, уақыт өткен сайын күн
тәртібіне қарай алға қойылатын жаңа талаптарға сәйкес бұл бағыттағы
ізденістер әрі қарай ұласатынын сөзсіз. Біздің міндетіміз – Ғабит
Мүсіреповтің шығармашылығына тәлімдік–тәрбиелік тұрғыда талдау жасай
отырып, оның қазақ педагогикасы мен ұлттық психология ғылымынан алатын
орнын анықтау, педагогикалық ой–пікірлерін саралап баға беру.

ІІ.2. Ғ.Мүсірепов шығармашылық мұрасындағы оқу–тәрбие мәселелері

Ғабит Мүсірепов- күнделікті өмірде болып жатқан әрбір саяси-
әлеуметтік, қоғамдық-мәдени мәні бар мәселелер жөнінде жиі толғанатын,
әрдайым өзі өмір сүрген кезеңнің іргелі, келелі жайттарын тереңнен тербеп,
жалпы жұрттың, қалың қауымның назарына шығарып отыратын. Оның шығармашылық
мұрасында қамтылған тақырыптар сан алуан. Сондай өзекті мәселелердің бірі –
оқу-тәрбие тақырыбы. Жазушы бүкіл елінің, туған халқының рухани
мәдениетінің дамуында оқыту мен тәрбиелеу ісінің маңызы зор екендігін терең
сезінген. Сондықтан да оның бар саналы ғұмырында, жалпы шығармашылығында
оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі пайымдаулар, тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер ерекше
орында тұрады десек, қателеспейміз.
Сол арқылы жазушы ұлттық педагогика мен психология ғылымдарының
салаларына үлкен үлес қосқаны сөзсіз. Ол күнделікті өмірдің өзінде оқу-
білім, халықты сауаттандыру, көкірек көзін ашу жөнінде көптеген құнды ойлар
айтып, осы игілікті іске өзі де белсене араласып отырды. Оның айтуынша ...
ең ауыр майдан – надандықпен күресу майданы: әрі ұзақ, әрі ызасы көп!.
Қаламгер қараңғылықтан халық көзін ашудың қаншалықты қиын екенін ашық,
әрі дәл, дөп басып айтқан. Әрине, ол заманда елдің жағдайы қиын, тұрмысы
ауыр болғаны белгілі. Баршаның білім алуы оңайға соқпады. Ал елдің
материалдық, экономикалық жағынан өсуі халықтың сауаттылығына, жоғары
білімділігіне, рухани мәдениеттілігіне, имандылық, қайырымдылық ізгі
қатынастарына, саяси саналылығы мен өмірге бейімділігіне, ынта-жігеріне
тікелей байланысты. Міне, мұның бәрі де білім беру, тәрбиелеу жұмысының
биік мәнін көрсетеді және ол білім балаға дер кезінде, жастық шағынан
бастап берілуі керек. Оқу-тәрбие жұмысының пәрменділігі мен тиімділігінің,
қадір-қасиеті мен пайдалылығының ерекше маңызы осында жатыр. Бұл жердегі
ұлы Абайдың қара сөздеріндегі: Ғылым – білімді әуел бастан бала өзі
ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек. Үйрене
келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен
көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады - деген педагогикалық
қорытындысымен, тағылымдық мәні бар тұжырымымен үндес келгендей.
Ана тақырыбы – жазушының басты тақырыптарының біріне айналған. Өйткені
ана - өмір тірегі, әрбір үйдің ұйытқысы, отбасынң берекесі, өмірдің
жалғастырушысы. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдет-
ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересі-нен
шөбересіне жеткізуші, дарытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты
ынтымағын, береке-бірлігін, ағайын-туыстың татулығын іске асыратын да,
ұйымдастыратын да әйел-ана.
Батылдықтың, батырлықтың, шыдамдылықтың, тұрақтылықтың, даналықтың,
инабаттылықтың, әсемдіктің көзі де, өзі де тағы да осы - әйел-ана.
Ғабит Мүсірепов шығармашылығын оқып-үйренуде осы секілді тәрбиелік
мәні орасан зор мүмкіндіктер мол. Әсіресе, патриоттық тәрбие, яғни жас
жеткіншектерді өз Отанын, туған жерін, ұлтын, мемлекетін сүюге, оларды
азаматтық рухта тәрбиелеуге үндеген ой-пікірлері жиі кездеседі.
Оқу-білімге құмарлық, имандылық иірімдері, адамгершілік қасиет, адал
еңбек, патриоттық әуен, елжандылық сезім, ақыл-ой тәрбиесі, табиғатты
қорғау секілді тәлім-тәрбие салалары Ғабит Мүсіреповтің романдарында
көрініс тапқан. Ел қорғау жолындағы соғыс – қасиетті соғыс. Жауынгерлер осы
қастерлі шайқас жолындағы өздеріне жүктелген міндетті жете түсінді,
өздерінің Отан алдындағы ардақты борышын абыроймен орындап, батырлық даңқын
жер жүзіне әйгілі етті.
Суреткердің кез келген көркем еңбегінен кем түспейтін, оның бүкіл
шығармашылық шеберханасын, адами-азаматтық тұлғасын, пендеуи парасатты
ғұмырын танытатын тәлімдік мәні орасан зор туындысының бірі – Күнделік
атты кітабы. Күнделік кітабы жазушының ұлы жүрегінің діріл қаққан лүпілі.
Мұнда оқырман бас алмай қызыға оқитын өмір өрнектері, қазақ қауымының
болмысы, өнегелі өткен тағдыр тарихы, келешек тыныс-тіршілігі туралы
кемеңгер ақыл иесінің еркін ой-толғамдарры, тапқыр таным-түйіндері, сыншыл
пайым-пікірлері, өмірінің өсиеттері орын алған.
Күнделіктің Қойын дәптерден атты бөлімінде: Шеше мінезінен сезік
алса, бала жүрегі суына береді, қатулана береді. Әке-шешенің өтірігі
баланың жүрегін суындыра береді. Бір кезде сол өтірікті бала да айтады.
Әке-шеше ішкен арақ, мақтаныш – бәрі балаға жұғады. Бір кезде бала
соны істеуге талпынады: ішеді, темекі тартады, бұзылады. Бала көзінде
үлкендер тіпті сақ емес, - дейді жазушы. Сондықтан да, ол бала тәрбиесінің
қайнар көзі үлкендерден бастау алатынына өз дәлелдерін ұсынады.
Қаламгер жазбаларында адам, қоғам, еңбек, тәрбие, махаббат, достық,
бауырмалдық, ақын-жазушылар шығармашылығы, әдебиет, тіл, өнер секілді сан
алуан тақырыптарға байланысты көл-көсір ой-пікірлер орын алған.
Қай халықтың болса да қоғамдық өсу, өркендеу жолында көтеріле алған
биігі мәңгілік болып, ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да
ақыл-ой тереңдігі, сана-сезім сергектігі көп салалармен тармақтана молыға
келіп, тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосыла береді. Ана тілі
ғасырлар бойында жасала да береді, жасара да береді. Тіл диалектикасы –
жасаған сайын жасара беруінде. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған,
жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да
танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей
ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады, - деп түйіндейді
қаламгер.
Жазушы тіл байлығын пайдалануда үнемі есте болатын үш түрлі мәселені
қадап айтады. Ол – сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу мәселелері. Тілдің
өсіп-өркендеуінің аталған жайттарға байланысты екендігі және бұл үшеуінің
бір де бірінің ескерілмей қалуы – болашақ алдында үлкен қылмыс екендігіне
назар аударады. Ана тілінің көркейе түсуінде әліппе, емле, оқыту, үйрету,
сөйлеу, жазу – бәрінің орны орасан зор екеніне көңіл бөледі.
Жазушы шығармашылығындағы келесі маңызды тақырыптардың бірі –
имандылық тәрбиесі. Бұл оның жеке басының, өмірден көрген тәрбиесінен,
адамгершілік қасиеттерінен, білім-білік сауатынан, исламдық пікір-
пайымынан, жалпы діни таным-сауатынан туындап жатады. Қаламгер
шығармаларындағы оқушы назарына ұсынылған діни ұғымдар, наным-сенімдер,
дінге қатысты мақал-мәтелдер, айшықты сөздер, діни терминдер,
фразеологизмдер шәкірттердің имандылық көзқарастарының қалыптасуына жағдай
жасайды. Мұндағы мұғалім міндеті де сол дінді жалпы адамзат мәдениетінің
құрамдас бөлігі ретінде саралай отырып, оның қоршаған ортаны, төрткүл
дүниені танып-білудің, оны рухани меңгерудің құралы екендігін; дін – діни
сана, діни сенім-наным, діни ұғымдардан тұратын әлеуметтік-рухани жүйені
құрайтынын түсіндіру болуы тиіс. Өйткені күллі адам баласының даму тарихы,
өсіп-өркендеуі, қалыптасып жетілуі дінмен етене байланысты. Сондықтан діни
наным бұрын да, бүгін де, бұдан былай да барлық адамгершілік мұраттарды,
жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды, гуманистік идеяларды көпшіліктің
меңгеруінің, қабылдауының ең пәрменді тәсілі болып қызмет ете бермек.
Имандылық тәлімдері негізінен діни тағылымдар мен халықтық педагогика
арқылы жүргізіледі. Иман дегеніміз – арабша сенім деген ұғымды білдіреді.
Дін – ізгілік көзі дейтін болсақ, дінге сенім ізгілікке, жақсылыққа бойсұну
болып табылады. Бұл ұғым – халық арасында адами игі қасиеттердің мәнін
беретін ұлы ұғыммен ұштасып, әлеуметтік биік мағынаға ұласып жатқандай.
Міне, осы жоғарыда айтылған жайларға орай қазіргі әлемдік жаһандану,
жаңару кезеңінде жастарды бүгінгі күн талабына сай халқының қамқоршы
азамат, Отан-анасын қорғаушы, ел табиғатын аялаушы ұрпақ ретінде
тәрбиелеуге назар аударған абзал. Ал қазақстандық патриотизм –
республиканың кез келген азаматы өзін осы елдің төл перзенті, өз азаматы
ретінде сезінгенде, тәуелсіз Қазақстанды өзінің туған елі, өсіп-өнген Отаны
деп есептеген жағдайда ғана қалыптаспақ. Сол себептен біздер бүгінгі жас
өскіндерге тәлім-тәрбие беру жүйесінде ұлттық тарихымыздағы шапқыншылық –
жаугершілік, сұрапыл шайқастарда ел қорғаны бола білген алып тұлғалардың
ерлік дәстүрлерін мазмұндық арқау еткеніміз мақұл.
Тәлім-тәрбие жұмысымен айналысатын ата-аналардың, мамандардың, педагог-
ғалымдардың, мектеп мұғалімдерінің кәдесіне асатын осындай аса құнды
пікірлердің, ұлағатты сөздердің мән-мағынасы ешуақытта ескірмек емес. Бұл
жайлар – оқу орындарында болсын, отбасы тәрбиесінде болсын тәлімдік-
тәрбиелік мақсатқа жаратылатын маңызды арналар.

ІІ.3. Ғабит Мүсірепов – қазақ оқулықтарының тұңғыш авторларының бірі

Оқулық – шәкірттің бас оқу кітабы, әрі жалпы көпшіліктің, оқырман
қауымның танымдық-тәрбиелік қажетін өтейтін аса бағалы рухани қазына. Ғабит
Мүсіреповтің өзі жазған оқулықтары бойынша алдыңғы толқын – бірнеше ұрпақ
өкілдері сауат ашты, білім нәрімен сусындады, ғибратты тәрбие үлгілерімен
тәрбиеленді. Одан соң бертінгі буын, біздің замандастарымыз бен бізден
кейінгі өскелең өркен тіл-әдебиет оқулықтарындағы жазушы шығармаларының мән-
мазмұнынан тәлім-тәрбие алды. Күні бүгінде де мектеп қабырғасындағы сан
миллиондаған жас жеткіншек бастауыш сыныптардан бастап, кемел суреткердің
ұшқыр қаламынан туған көркемдік қасиеті биік туындыларын оқып, өсіп келеді.
Сондықтан, зерттеу еңбегімізде Ғабит Мүсірепов шығармашылығының
жоғарыда аталғандай, бір қырына – оның алғашқы қазақ оқулықтарының тұңғыш
авторларының бірі, дарынды дидакт, тамаша педагог, үлгі етерлік әдіскер-
ұстаздығына мән берілуі керек.
Бұған сөз зергерінің бай әдеби-мәдени мұраларына жататын тамаша
оқулықтары, оқу құралдары, оқу-әдістемелік еңбектері дәлел. Айталық,
Ә.Байділдинмен бірігіп жазған Қызыл әскер әліппесі (Қызылорда,
Қазақстан баспасы, 1929 жыл), одан соң жеке өзі жазған Қызыл әскер
әліппесі оқулығы (Қызылорда, Қазақстан баспасы, 1930 жыл), Жаңа күш:
сауатсыздықты жоюға арналған әліппе оқулығы (Алматы, Қазақстан баспасы,
1931 жыл), І.Жансүгіровпен бірігіп құрастырған Көркем әдебиет жинағы: орта
мектептің 6-шы оқы жылы үшін оқу құралы (Қызылорда, Қазақстан баспасы,
1933 жыл), Б.Майлинмен бірігіп жазған Сауат үшін: сауаттандыру
мектептеріне арналған әліппе құралы оқулығы (Алматы, Қазақстан баспасы,
1933 жыл), тағы да Б.Майлинмен бірігіп жазған Сауатсыздар әліппесі
оқулығы (Алматы, Қазақстан баспасы, 1934 жыл), Б.Майлин, Ә.Сытдықовтармен
бірігіп жазған Сауаттандырғыш: сауатсыздар әліппесі оқулығы (Алматы,
Қазақстан баспасы, 1934 жыл), Ә.Сытдықовпен екеуі бірге жазған Әліппе:
үлкендер мектептеріне арналған оқулығы (Алматы, Қазақстан баспасы, 1936
жыл), Қ.Бекқожин, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғабит Мүсіреповтың өмірбаяны
Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы өмірі
Ғабит Мүсіреповтың өмір жолы
Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы ана тақырыбы
Мемуарлық шығарма (конспект)
Ана туралы әңгімелер циклі
Ғ. Мүсіреповтің әңгімелеріне жүйелі талдаулар жасап, оның еңбектерінің қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орны мен ролін анықтау
Ғабит Мүсірепов шығармаларының маңыздылығы
Ғ. Мүсірепов және ақын – жазушылар шеберлігі мәселесі
Ғабит Мүсірепов – очерк шебері
Пәндер