Етістік мағыналы фразеологизмдер


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 71 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе

  1. Фразеологизмдер табиғаты

1. 1 Фразеологизмдер туралы жалпы түсінік

1. 2 Тұрақты тіркестердің көркем туындыларда қолданылуы және оның зерттелуі

1. 3 Фразеологизмдердің грамматикалық құрамы мен құрылымдық ерекшелігі

2. Мағжан Жұмабаевтың тұрақты тіркестерді қолдануындағы стильдік ерекшелігі

2. 1 Мағжан Жұмабаевтың тұрақты тіркестерді қолдануындағы жаңашылдығы

2. 2 Фразеологиялық синонимдер мен варианттар

2. 3 М. Жұмабаев поэзиясында мақал-мәтелдердің, нақыл сөз, қанатты сөздердің көрініс табуы

2. 4 Мағжан поэзиясындағы метафоралар және тұрақты теңеулер мен тұрақты эпитеттер

2. 5 Ұлттық болмысты танытатын фразеологизмдер мен діни тұрақты тіркестер

2. 6 Әйел сұлулығын білдіретін фразеологизмдер

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Зерттеудің өзектілігі. Тіл - ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық қазына. Халық өміріндегі тарихи бел-белестер, ұлы өзгерістер, «ақтаңдақтар» сыры ұрпақтан ұрпаққа тіл арқылы жетеді. Ұлт мәдениетінің негізгі көрсеткіші - көркем әдебиеттің де шынайы болмысы, шеберлігі оның тілі арқылы көрінеді.

Ал осы тіліміздің бейнелілігін, байлығын арттыра түсетін сөздік қордың ауқымды бөлігі - фразеологизмдер. Әлем жұртшылығының жиырма бірінші ғасырдың табалдырығын аттаған бүгінгі таңда әдеби тіліміздің фразеологиялық қорын зерттеудің теориялық және практикалық жағынан да өз негізі бар. Әсіресе, қазақ халқының рухани жан-жақты дамуына, ұлттық ерекшелікке, ұлттық болмысқа өз шығармаларымен зор үлес қосқан ақын-жазушылардың туындыларын зерттеп, олардың қаламына іліккен, қаламынан туған көркем сөз үлгілерін талдап, таразылап анықтау, қазіргі кезде өзекті мәселе екендігінде сөз жоқ.

Тілдегі фразеологизмдер - тілдік бірліктердің ішінде аккумулятивтік қызметі ерекше байқалатын, бірнеше мыңжылдықтар бойына пайда болып, дамып, қалыптасқан әдеби тіл дамуы кезеңдерінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын тілдің ажырамас бір бөлігі. Әр жазушы, ақын өз өресіне қарай тілдің фразеологиялқ қорынан қажетін алады да, өз кезегінде әдеби тілдің дамуына үлесін қосып отырады. Шын мәніндегі қазақ көркем әдебиетінің алғашқы қарлығаштары ретінде танылып, Ыбырай мен Абай негізделген жазба әдеби тіл дәстүрін әрі қарай жалғастырған жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ жазушылары осы тіл қазынасын мәнді материал, көркем құрал етіп, әдеби тілдің көркемдік дамуын ілгерілетті. Әсіресе, Мағжан Жұмабаевты ерекше айтуға болады.

Қазақ көркем әдебиеті стилінің қалыптасуына зор үлес қосқан, әдеби тілімізді көркемдік дәрежеге жеткізген, өзіндік қолтаңбасымен, қаламгерлік шеберлігімен танылған ақынымыз - Мағжан Жұмабаев.

Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды.

Жалпы алғанда, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті аз уақыт ішінде дамыса да, талай белестерден өтіп, сан алуан ұлылы-кішілі таланттарды туғызған, дәуір талабына үн қосқан, идеялық-көркемдік деңгейі биік әдебиет болды. Оның бай мұра, ұлттық қазына екенін өзіміз де танып, басқаға да танытуымыз қажет, ал солардың ішінде Мағжанды жан-жағынан ашу өзекті мәселелердің бірі. (6, 13) .

Зерттеудің мақсаты. Зерттеудің негізгі мақсаты - қазақтың біртуар ұлы, атақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері негізінде фразеологизмдердің көркем поэзиядағы қолданыс ерекшеліктерін көрсету және анықтау. Бұл мақсатты шешу үшін төмендегідей міндеттер қойылды:

  • Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы тұрақты тіркестердің қолданысын айқындау;
  • Ақын туындыларындағы окказионал тұрақты тіркестердің мағынасын саралау;
  • М. Жұмабаевтың өзіндік қолтаңбасын анықтау;
  • Ақын поэзиясындағы ұлттық болмысты білдіретін және т. б. өзіне тән фразеологизмдерді айқындау;

Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс екі тарау және кіріспе қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілді.

  1. Фразеологизмдер табиғаты

1. 1 Фразеологизмдер туралы жалпы түсінік

«Тіл - ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық құбылыс» дер болсақ, қазақ тілі осы ойдың айғағы бола отырып, өзінің бейнелігі, көркемдігі, экспрессивті-эмоционалды бояуларға толы фразеологизмдерімен ерекшелінеді. Қазақ тілі, оның көркемдігі жайлы сөз еткенде фразеологизмдерге тоқталмай кету жаңсақтық болар еді. Тіліміздің байлығын арттырып, ажарландырып тұратын фразеологизмдерді әр жыр, әр дастан, әр ертегі-аңыздан кездестіре аламыз.

«Қазақ халқының тілі - әрі бай, әрі көркем тіл. Сан алуан көрікті де қанатты сөздер, шешендік сөздер мен нақыл сөздер халық тілінде көркемдеп бейнелеуші өрнектеп мәнерлеуші тәсілдер де сонда», - дейді академик М. Серғалиев [2, 60] .

Ата-баба дәстүріне сай ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тұрақты тіркестердің тілімізде алатын орны ерекше құнды. Әдетте әр адам күнделікті өмірде өзін толғантқан келелі ой-пікірлерін жеткізуде небір құрышын қандырар, көңілін селт еткізер тұрақты тіркестерді қолданады.

Халық тілінің басқа элементтерімен біте қайнасып келе жатқан фразеологизмдерді оқып танымайынша, оның табиғатына үңілмейінше тіл байлығын, тіл ерекшелігін толық түсіну мүмкін емес. Ана тілінің байлығы мен әуезділігін анықтауда фразеологизмдердің алатын орны ерекше. Сөз байлығы сөздің санымен де, мән-мағынасымен де өлшенеді.

Халықтың тұрмыс-тіршілігі, мәдени мұрасы мен рухани байлығы, экономикасы мен қоғамдық саясаты көрініс тапқан фразеологизмдерде қандай да бір нақты құбылыстың, жағдайдың ерекшелігі көрініп тұрады. Тұрақты тіркестер - кез-келген халықтың рухани байлығының жемісі.

Осымен байланысты ұлттық дүниетаным мен ана тіліміздің сөз құдіретінен нәр алып, ұлттық қасиеттерді бойына сақтап, сіңірген, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып, қалыптасқан асыл қазына - көркем сөз үлгілерін заман озған сайын құлпырта қолданып, қырлап, жаңғыртып, жаңартып отыратын ақын-жазушылардың шығармашылығындағы тұрақты сөздердің қолданысын зерттеу - осы саладағы өзекті мәселенің бірі.

Соған қатысты тілші-ғалымдардың аса назар аударуға тиіс жағы - тұрақты тіркестердің құрылымдық-функционалдық қыры және олардың тілдік (узуалды) және сөйлемдік (окказионал) қолданысы. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің тарихи қалыптасқан дағдылы түрлерін авторлық қолданыс тәсілдермен байланыстыра қарастыру, сонымен бірге тілдік жағдаяттарға байланысты құрылымдық-семантикалық өзгерістер мен мағыналастықтың ерекшеліктерін, стилистикалық мақсаттар мен тілдік тетіктерін көрсетеді.

Фразеологизмдердегі бірінші компонент көбінесе фраза жасаушы ұйтқы сөз бола алады.

«Тілдің әрі ұтымды, әрі сымбатты байлықтарының бірі тұрақты тіркестер: мақал-мәтелдер, фразеологиялық тізбектер, қанатты сөздер» [3, 36] .

Лексикология саласының мамандары Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлы фразеологияның шығу арналарын бөліп қарап, олардың негізгілері деп төмендегі құбылыс, ұғым, түсініктерді атап көрсетеді: «Көптеген фразеологизмдердің жасалуына адам ойында қорытылған құбылыстардың нақтылы бейнесі негіз болған. Мысалы, жауыр болды (әбден мезі қылды, ығыры шықты) дегене тұрақты тіркестің негізінде көп мініліп, арқасы жара болған аттың бейнесі елестейді. Басында атқа байланысты шыққанмен, қазіргі кезде ол мағынасы ұмытылып, қайта жасалынып адамға байланысты айтылады. Сол сияқты тағы басқа фразеологизмдердің жасалуына да, сөз жоқ, адам ойында қорытылған құбылыстардың нақтылы себеп болғандығын танып білуге болады» [4, 208] .

Фразеология грек тілінің «сөйлемше» және «ұғым», «ілім» сөздері бойынша жасалған. Фразеология термині екі түрлі мағынада қолданылады: бірінші мағынасы тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы деген ұғымда қолданылса, екінші мағынада бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді.

Тіл біліміндегі фразеологияға қатысты кең мағынадағы түсінікке сай сан түрлі тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер халықтың даналығын сипаттайтын, тілімізге нәр беретін, бейнелі суреттеуге қажетті көркем сөз құралы ретіндегі тіл байлығымыздың бір саласы болып саналатыныны белгілі. Осы жайында Р. Авакова былай дейді: «Дербес мағыналы лексикалық бірлік болып табылатын фразеологизмдер - тіл байлығы ғана емес, халықтың рухани қазынасы, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», тарихтың куәсі. Сөз байлығын ғылыми тұрғыдан зерттегенде, халық санасында, салт-дәстүрлерінде, ауыз әдебиетінде сақталған информацияның барлығы сабақтастық жүйемен игерілуі қажет. Тек сонда ғана халықтың болмыс-тіршілігінің, мәдениетінің құпия сырлары толық, жан-жақты ашылады. Ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын фразеологизмдердің орны - әлемнің тілдік бейнесін жасауда ерекше. Оны танымдық тұрғыдан талдау - адамзат өркениетіндегі ұлттық мәдениеттің табиғатын ашуға мүмкіндік береді» [44, 37] .

Фразеологизмдердің тілдегі образдылылық қасиетіне ертеден көңіл аударылып келеді. Он бірінші ғасырда жазылған Махмұд Қашқаридың «Диуани-лұғат ит-турк» сөздігінде де мақал-мәтелдер кездеседі.

Соңғы 30-40 жыл көлемінде түркі тілдерінде фразеология мәселелері әжептәуір зерттеліп, бірқатар еңбектер жарық көрді, әсіресе, І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты көлемді еңбегін тек қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркі тануға қосылған елеулі үлес деп қарауға болады. Автор аталған сөздіктің Қазақ тілінің фразеологизмдері туралы бөлімінде қазақ тіліндегі фразеологизмдердің теориялық мәселелерін жан-жақты қарастырып, біраз ілгері дамытқан. Қазақ тілінің фразеологиясын зерттеушілердің қай-қайсысы да бұл еңбекке соқпай өте алмайды.

Қазіргі қазақ тілі оқулығына фразеология бөлімін енгізген Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ғ. Мұсабаев та фразеологизмдердің ерекшелігіне көп көңіл аударған.

Тұрақты сөз тіркестерінің жан-жақты теориялық негізі түркітануда: І. Кеңесбаев, З. Г. Ураксин, Г. Н. Ахунзянов, Ш. У. Рахматуллаев, Г. А. Байрамов, М. Ы. Чернов, А. Нұрмаханов тағы басқалар; қазақ тіл білімінде: Ә. Т. Қайдаров, Р. Сыздық, Р. Сәрсенбаев, Ә. Болғанбаев, Ғ. Қалиев, Ө. Айтбаев, Н. Уәлиұлы, С. Сәтенова, Г. Смағұлова, Г. Сағидолда, Р. Авакова және тағы басқалардың еңбектерінде жасалды.

Соңғы кездері фразеологизмдерді зерттеуге Б. Уызбаева, Қ. Қалыбаева, Қ. Сарыбасова, Қ. Сарекенова тағы басқалар диссертациялық еңбектер жазды.

Қазақтың әдеби тіліндегі көркемдегіш құрал ретінде жиі қолданылатыны - тұрақты тіркестер. Тұрақты тіркестер ұзақ қолданыс нәтижесінде ғана тұрақтылыққа ие болады. Жалпы фразеологизмдерді басқа тілдік бірліктерден ажыратудың айырма белгілері деп зерттеушілер академик І. Кеңесбаев ұсынған үш негізге сүйенеді.

  1. Мағына тұтастығы- белгілі фразеологизмнің ішіндегі сөздер бастапқы мағынасынан түгел немесе ішінара жартылай айырылып қалады да, шоғыр тіркес тек біртұтас мағына береді;
  2. Тіркес тиянақтылығы- белгілі фразеологизмнің ішіндегі сөздер бір-бірімен жымдаса байланысады, олардың орын тәртібі нық келеді;
  3. Қолдану тұрақтылығы- белгілі фразеологизм әрдайым айна-қатесіз, өлеңдегі қайырма тәрізді бұлжытпай қайталана қолданады [1, 590-бет]

Фразеологизмдерді сөзден де еркін сөз тіркесінен де ажырату үшін оған тән белгілер мен қасиеттерді айқындап алу қажет. Профессор К. Аханов фразеологизмдердің басты екі қасиетін айтқан:

  1. Оның даяр күйінде жұмсалуы;
  2. Мағына тұтастығы [32, 59-бет] .

Фразеологизмдердің түрлері бір-бірінен әрқашан ашық, айқын ажыратыла бермейді, осыған орай оларды сыныптастыру тіл білімінің өте-мөте күрделі мәселесі болып отыр. Зерттеушілердің бір тобы тұрақты тіркестің біртұтас мағынасы мен олардың құрамындағы сыңарлардың арақатынасына қарай жіктеп бөлсе, екіншілері құрылым-құрылысы жағынан, үшіншілері, атқаратын қызметі мен стильдік мәні жағынан топтастырады. Орыс тіл білімінде академик В. В. Виноградов сыныптастыруын негізге алып бөлсе, қазақ тіл білімінде де осы сыныптастыруды бірден-бір арқау етіп келеді.

Қазақ тіліндегі фразеологизмдер де фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік және фразеологиялық тізбек болып негізінен үш топқа жіктеледі.

  1. Фразеологиялық тұтастық- семантикалық жақтан бөлініп ажыратылмайтын біртұтас мағынасы сыңарларының мағынасымен жуыспайтын фразеологиялық оралым. Бұл топқа фразеологизмнің құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады.
  2. Фразеологиялық бірлік- фразеологиялық орамдардың бұл түрі де фразеологиялық тұтастық сияқты семантикалық жақтан бөлінбейтін біртұтас единица. Фразеологиялық бірліктің фразеологиялық тұтастықтан айырмасы мынада: фразеологиялық тұтастықтың бір бүтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарымен мүлдем жанаспайтын болса, фразеологиялық бірліктің бөлінбейтін мағынасы құрастырушы сыңарлардың мағыналарының бүтіннің біртұтас келтірінді мағынасына ұласуы нәтижесінде пайда болады. Фразеологиялық бірліктің мағынасы - біртұтас образды мағына, бірақ туынды мағына. Оны құрастырушы сыңарлардың бәрінің де, әрине, қатысы бар, бірақ бұл қатыстылық тікелей емес, жанама түрде болады.
  3. Фразеологиялық тізбек- фразеологиялық оралымның бұл түрі ерікті мағынасындағы сөздің тіркесінен жасалып, өзінің даяр қалпында, тіркескен күйінде жұмсалады, яғни тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастаған. Мұнда ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық қалпындағы сөздің тіркесуінен жасалып, сол тізбек күйінде қолданылады.

Профессор К. Аханов орыс тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуші Н. М. Шанский атаған сыныптастыруды қолдай келіп, фразеологиялық оралымдардың төртінші түрі фразеологиялық сөйлемше деп бөледі.

Фразеологиялық сөйлемше, мағынасы ерікті сөздердің тіркесінен құралады, бірақ құрамы мен қолданылуы тұрақты болып келеді. Мысалы: Айдағанын бес ешкі, ысқырығың жер жарады; Шегірткеден қорыққан егін екпес.

Ә. Қараев фразеологизмнің тағы бір ерекшелігін атап көрсеткен. Ол фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аударуға болмайтындығы, яғни аударуға икемсіз, тікелей сөзбе-сөз аударылмайды деген тұжырымға келген.

Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиұлының «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулығында фразеологизмдерді әр қырынан зерттеп, теориялық анықтамалар береді. Бұл еңбекте фразеологизмдердің негізгі үш белгісі көрсетілген. Олар:

1) Даяр қалпында жұмсалуы;

2) Мағына тұтастығы;

3) Тіркес тиянақтылығы.

Осы үш белгіні түсіну үшін әрқайсысын жеке-жеке алып қарайық. Фразеологизмдердің даяр қалпында жұмсалу белгісі еркін сөз тіркесімен салыстырғанда айқын байқалады. Мәселен, Марлен оқуға жүрейін деп отыр деген сөйлемді әркім неше саққа жүгіртіп өзгерте беруге болады. Мысалы, Марлен оқуға бармақшы. Марлен оқуға барар деген ойда т. б. Бұл сияқты тіркестер қатынасы жасау процесінде әркімнің өз қалауы бойынша жасалады. Белгілі бір ойды кім қалай етіп жеткізсе өз еркі деген сөз. Ал тілдегі фразеологизмдер бұлай құбылтуға көнбейді. Мәселен, төбесі көкке жетті дегенді басқаша өзгертуге болмайды. Оның сыртқы құрылым-құрылысы еркін тіркеске ұқсағанымен сөйлем ішінде қолданған біртұтас даяр күйінде жұмсалады.

Фразеологизмдердің өзіндік екінші белгісі - мағына тұтастығы, фразеологизм біткеннің бәрінде де белгілі бір меншікті мағынасы болады. Ол мағына тұрақты тіркесті құрастырушы сыңарлардың мағыналарына сәйкеспейді, оларға тәуелсіз, өздігінен өмір сүреді. Мәселен, жерден жеті қоян тапқандай дегеннен - қатты қуанды, шаттанды дегенді түсінеміз. Бұл мағынада жер, жеті, қоян табу деген төрт сөздің қаз-қатар жұптасып қолданылуы арқылы бір мағына пайда болады. Фразеологизмдер бір бүтін единица болып қана қоймайды, мағыналық жағынан да біртұтас единица ретінде көрінеді. Мысалы, кір жуып, кіндік кескен жер - атамекен, туған жер; екі аяғын бір етікке тықты - састырды дегендердің бәрі құрылым-құрылысы жағынан әртүрлі болғанымен, әрқайсысы мағына тұтастығымен сипатталады.

Тіркес тиянақтылығы да фразеологизмдердің ең негізгі белгілерінің біріне жатады. Тиянақты сөз тізбегіндегі әркімнің қолдауынша емес, қалыптасқан белгілі жүйемен орналасқан. Өзара тығыз жымдасып келген сөздердің жігі ажыратылмай тұрады. Олар бір-бірімен иін тіресіп, өзге сөзбен алмастыруға я болмаса, тұрақты орын тәртібін өзгертуге келмейді. Мәселен, мұрнын көкке көтерді дегеннің орнына қолын көкке көтерді десек, мән-мағынасын бүтіндей өзгертіп жіберді. Тұрақты тіркес еркін тіркеске айналып кетеді.

Бұл үш түрлі (тұрақтылық, тұтастық, тиянақтылық) ерекшелік арқылы фразеологизмдер тілдің өзге категорияларынан оқшауланып, өзіндік бітім-бейнесімен дербес өмір сүреді.

М. Балақаев «Қазақ тілінің мәдениеті» атты еңбегінде фразеологизмдердің көркем әдебиеттегі қолданылу ерекшелігіне, стильдік қатысына, сөйлеу мәдениетіндегі орнына ерекше назар аударады.

Н. Уәлиұлының «Фразеология және тілдік норма» деген еңбегінде автор тұрақты сөз орамдарының тілдік табиғаты, ұлттық-мәдени мазмұны, стильдік ерекшеліктерін әдеби тіл нормасы тұрғысынан қарастырады. Автор фразеологизмдердің белгілерін ажыратуда І. Кеңесбаев пікірін қолдайды. Фразеологизмдерді түрге бөлуде Н. Уәлиұлы мағына тұтастығы жағынан қарастырады. Автор фразеологизмдердің семантикалық төрт типін көрсетеді [6, 7] .

Фразеологиялық түйдек - қазақ тілінде бір алуан фразеологизмдердің идиомалану дәрежесі өте жоғары. Мысалы: Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ; жауырды жаба тоқу; кежегесі кейін тартты; алтынмен аптап, күміспен баптап т. б фразеологизмдер өздерінің мағына тұтастығы жағынан жеке сөздердің эквиваленті бола аларлықтай дәрежеде. Мұндай типтегі фразеологизмдердің ішкі формасы тасаланған, яғни қазіргі тұрғыда алғанда тіркестің «неге бұлай айтылатындығы» сөйлеушіге белгісіз. Фразеологизмдердің тасалануы көп жағдайда олардың лексикалық құрамында архаизмдерге айналған сөздердің жүруіне де байланысты. Құрамында бірде-бір архаизм кездеспейтін, бірақ фоны тасаланған фразеологизмдер де көп ұшырайды. Мысалы, балапан басына, тұрымтай тұсына, қара қылды қақ жарған, төрт көзі түгел т. б. Бұл типтес фразеологизмдердің құрамында бірде-бір көне элемент кездеспегенімен, мотивациясы қазіргі тіл тұтынушыға мүлде белгісіз. Ішкі формасы тасаланған, мағына тұтастығы жағынан жеке сөздердің эквиваленті болатын фразеологизмдердің семантикалық типі фразеологиялық түйдек деп аталады.

Фразеологиялық шоғыр. Бұл топтағы фразеологизмдер ішкі формасы анық. Фразеологизмнің бұл типі көбінесе метафора, теңеу т. б. фигуралар негізінде жасалады. Мысалы: санын соқты - өкінді, қол ұшын берді - көмектесті, соқырға таяқ ұстатқандай - анық. Бұл тәрізді фразеологизмдердің ішкі формасы айқын. Шындық өмірдегі іс-әрекеттің қайталамасы тәрізді. Сондай-ақ, бұл топқа жататын бірсыпыра фразеологизмдердің ішкі формасының ақиқат өмірде аналогиясы болмауы ықтимал. Мысалы: қой аузынан шөп алмас - жуас, жұмыртқадан жүн қырыққан - сараң тәрізді тіркестердің ақиқат өмірде аналогиясы жоқ. Бірақ бұл фразеологизмдер метафора арқылы жасалған. Ішкі формасы сақталған, метафораға құрылған, мағына жағынан жеке сөздердің эквиваленті бола алатындай тұрақты сөз тіркестерінің семантикалық фразеологиялық шоғыр деп аталады.

Фразеологиялық тіркес. Кейбір фразеологизмдердің құрамындағы сыңарлардың бірі тіркестегі сөзге телімелі болса, енді бірі өзге сөздермен еркін байланысқа түсе береді. Мысалы: шалқар көл, сүмбіл шаш, ақ таңдақ, ала көлеңке, тірнектеп жинау, бие сауым, тас қараңғы, жеті күн, сәске түс т. б. Мұндай фразеологизмдердің идиомалану дәрежесі жарым-жартылай ғана деуге болады. Өйткені бұл топтағы тіркестің тиянақты болатын сыңарлары өзге сөздермен еркін байланысқа түседі. Тұрақты тіркестің жарым-жартылай идиомаланған түрін немесе мағына тұтастығы жағынан типі фразеологиялық тіркестер деп аталады.

Фразеологиялық тізбек. Бұл типтің семантикалық құрылымы мен лексикалық құрамы әрі тұтас, әрі тиянақты болып келеді. Бұл жағынан фразеологиялық тізбектің өзге семантикалық типтерден еш айырмасы жоқ. Бірақ, тізбектің лексикалық құрамындағы сөздер еркін тіркес түрінде байланысады да идиомалану дәрежесі бәсең болады. Фразеологиялық тізбектер өз ішінде коммуникативті сипаттағы тізбектер және номинативті сипаттағы тізбектер болып, екі салаға бөлінеді. Комуникативті сипаттағы тізбектерге негізінен мақал-мәтел түріндегі сөз орамдары жатады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Неміс және қазақ тілдерінің құрамында “ақ” және “қара”атаулары бар фразеологиялық бірліктер (салыстырмалы-салғастырмалы тұрғыда)
СЫН ЕСІМ МӘНДІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР
Фразеологизмнің сөз тіркесіне ену тәсілі
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ КЕЗЕҢДЕРІ, БАҒЫТТАРЫ
Етістікті фразеологизмдердің грамматикалық ерекшеліктері
Фразеологизмдердің семантикалық категориялары. Фразеологизмдердің лексика-семантикалық тақырыптары және грамматикалық ерекшеліктері
Фразеологизмдерге ұйытқы болған сөздер
Екі етістіктен біріккен күрделі етістіктер
Фразеологиялық тіркестердің мағына белгісі
М.Мақатаев поэзиясындағы анафора мен эпифора
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz