Қазақ тіл біліміндегі қазіргі когнитивті парадигмала


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 Қазақ лингвистикасында тілтанымдық «этюдтер»
парадигмасы . . . 5
1. 1 Лексикалық бірліктер -таным көрсеткіші . . . 7
1. 2 Тілдік норма - танымдық заңдылық . . . 19
1. 3 Тілдік қор - танымдық жады қызметінің
нәтижесі . . . 25
1. 4 Тілдегі тәжірибе мен таным бірлігі -
лингвистикалық мәселе . . . 33
2 Қазақ тіл біліміндегі қазіргі когнитивті парадигмала . . . 41
2. 1Тілтаным теориясының концептологиялық
негізі . . . 43
2. 2 Семантика мен таным теорияларының
байланысы . . . 47
2. 3Тіл мен таным одағының лингво-мәдени сипаты . . . 51
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 57
ӘДЕБИЕТТЕР . . . 60
ҚОСЫМША . . . 64
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бұл күні қазақ тіл білімінің танымдық бағытын зерделеу, оның себеп-салдарын айғақтау, ғылыми-теориялық ұстанымдары мен ұғымдық бірліктерін жүйелеу әрі когнитивтік парадигма негіздерін анықтау өзекті тілдік мәселелер ретінде күн тәртібіне еніп келеді. Қазақ лингвистикасының тарихын тілтаным теориясының қалыптасуымен байланыстыру, соның негізінде жекеленген тұлғалардың тілтанымдық тұжырымдарымен танысу, сол арқылы қазақ халқының төл қазынасын құрайтын құндылықтарына зер салу, оларды зерттеу нысанына қарай арнайы бағыттарға топтап қарастыру - барлығы дерлік қазақ тіл біліміндегі когнитивтік ұстанымдардың бастамасын зерделеуге, олардың негізін әлемдік қордың бір бөлшегі есебінде бағалауға көмектеседі, яғни қазақ тіл білімінің тарихи негізінен бастау алатын тілтаным теориясы уақыт сұранысынан туындай келіп, қазіргі жалпы лингвистиканың көкейтесті мәселесіне айналғаны көпшілікке мәлім.
Адамзат тіршілігінің ең басты құралы деп танылатын тіл болмысына зер салу, сөз мағынасын халықтық таным тұңғиығынан өрбіту, тіл тарихын адамның қабылдау, пайымдау, ойлау тарихымен ұштастыру, дәстүр мен жаңашылдық үдерістерін танымның динамикалық табиғатымен үйлестіру, сол арқылы универсалды, яғни барша жұртқа ортақ ұстанымдарға қол жеткізу қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, өркениетті мемлекеттің қоғамдық-әлеуметтік мүмкіндігін арттыруға әсер етері хақ. Демек, бүгінгі тіл ғылымының атқарар қызметі де, жол бастар соқпағы да айрықша. Оны ұсынылып отырылған тілтанымдық тұжырымдар, бір жүйеге келтірілген универсалды принциптер, топталып берілген когнитивтік ұғымдар мен бағыттар парадигмасы, сөзсіз, дәйектей түседі.
Зерттеу нысаны. Тіл табиғатын, сөз мағынасы мен қызметін анықтауға бағытталған қазақ зерттеушілерінің танымдық тұжырымдары негізінде зерделенген қазақ тіл біліміндегі тілтаным теориясының басты қағидалары мен ұстанымдары.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты - қазақ тілтаным теориясының концептуалдық жүйесі мен когнитивтік парадигмасын тіл білімінің ұлттық сипатын танытар әрі әлемдік қордың маңызды ғылыми арнасын құрар қағидалар тізбегі ретінде анықтап-талдау, сол арқылы тілтанымның когнитивтік лингвистика іліміне ұласар универсалды ұстанымдары мен бірліктерін, негізгі бағыттарын саралап көрсету. Ол үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- қазақ тіл білімінің концептуалды және когнитивтік тұжырымдамалық қорын дәстүрлі және тың бағытта негіздеп талдау;
- қазақ тілі теориясының танымдық негізде қалыптасып даму бағытын уәждейтін ұғымдық бірліктерді жүйелеу, олардың халықтық дүниетаныммен сабақтастығын, идеялық және мағыналық болмысын түсіндіру;
- тіл теориясының әлеуметтік негіздерін қоғамдық факторлардың жалпыадамзаттық танымға әсер етер өзгешелігімен дәйектеу; психологиялық табиғатын адамдық фактордың өзектелуімен байланыстыру;
- тіл теориясының халықтық танымнан бастау алар қағидаларына мән беру, «этникалық таным», «ұлттық бейне», «әлемнің тілдік бейнесі», «халықтық дәстүр» сынды ұғымдардың қолданылу аясына назар аудару және мәдени нормалар мен тілтанымдық заңдылықтардың арасалмағын айқындау, тілді экстратанымдық факторлардың тоғысымен дәлелдеу;
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ тіл білімінің рухани қоры мен мұрагерлік қазынасынан бастау ала отырып, бүгінгі танымдық ұстанымдарға үйлесе жалғасқан тілтаным теориясының ғылыми негіздерін анықтап талдау арқылы жұмыста төмендегідей проблемалар өз шешімін тапты:
- қоршаған әлемді тану, оның тілдік бейнесін жасау міндеттерін шешуден бастау алған когнитивтік лингвистика шеңберінде қазақ тілтанымының да ұғымдық бірліктері сараланып, оның алғашқы дереккөздері ғылыми сараптамадан өтті;
- тілтаным теориясының өзіндік даму бағыты қазақ ұлтының заңды динамикалық өсуінің, өркениетті өрлеуінің жемісі, қоршаған дүниені тануға талпынған болмысының тілдегі көрінісі ретінде танылды және тілтаным теориясын жан-жақты меңгеруге ықпал ететін терминдер бір жүйеге келтіріліп, оларға ғылыми негізде түсініктеме берілді.
Зерттеу дереккөздері. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап тіл ғылымы саласында дүниеге келген зерттеу жұмыстары, арнайы когнитология саласында жазылған ізденістер мен лексикографиялық еңбектер негізге алынды.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында жұмыста жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру, дедуктивті-индуктивті тұрғыдан жіктеу, талдау, қорытындылау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданыс тапты.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында зерттеуде пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымша берілген.
1 Қазақ лингвистикасындағы тілтанымдық «этюдтер» парадигмасы
ХХ ғасырдың бас кезінен бастап дүниеге келген тіл туралы жалпы ұстанымдар бүгінгі күні қазақ тіл білімінің маңызды салаларын қалыптастырып, тың лингвистикалық ізденістер мен зерттеулердің жүргізілуіне мүмкіндік беріп отыр. Әлемдік тұжырымдармен сабақтаса, оларды жан-жақты дәйектей әрі өзіндік үрдіспен дәлелдей дамып келе жатқан қазақ «тілтану» жүйесі тіл ғылымын соны пікірлермен, адамзат тіліне әсер етер экстратанымдық деректермен толықтыру үстінде. Тіл пішін мен мазмұн бірлігінен тұратын тілдік құралдардың жиынтығынан, олардың өзара байланысу ерекшелігінен құралған күрделі де универсалды құбылыс болғандықтан, ғалымдар оның құрылымдық-жүйелік өзгешелігін жеке салалық және салааралық зерттеулерге арқау етуде. Ғылым нысанын адам баласының тілі құрайтындықтан әрі лингвистика қоғамдық ғылымдармен де, психофизиология мәселелерімен де, логика-философия заңдылықтарымен де, тарих-этнография деректерімен де сабақтаса дамитындықтан, тілдің шығу тегін, табиғатын, қызметін саралау мақсатында тілшілер адам, ойлау, таным, халық, қоғам сияқты ұғымдардың мән-мағынасына көңіл бөліп келеді. «Қоғам өмірімен етене қабысқан тіл - сөйлеу тәжірибесі, оның лексикасы сол қоғамның тыныс-тіршілігіне орай әр алуан тематикалық серияларға бөлініп, бірқатарының мағыналары өзгеріп, енді бірсыпырасы тұрақталып, терминденіп жатады. Қысқасы, лексиканың белгілі бір топтары сол қоғамның сол дәуірдегі мазмұн-мәнін көрсететіндей дәрежеде қызмет етеді» [1; 141-б. ], - деп ғалым Р. Сыздық атап көрсеткендей, тілдің дамуы тек оның ішкі мүмкіндігі арқылы ғана емес, оған сырттан әсер етуші өзге фактілердің ықпалымен де айқындалатындықтан, аталған ұғымдардың бірлікте зерттелуі бүгінгі тілтанымдық ұстанымдардың соны бағыттарын анықтауға мүмкіндік берері даусыз.
Тіл теориясының тарихи тұжырымдары мен құрылымдық заңдылықтарын басшылыққа ала әрі пәнаралық байланысқа зер сала дамып отырған жалпы тілдік қағидалар желісін қазақ тіл білімінде негізгі 5 арнада қарастыруға болады:
- тіл және қоғам, әлеуметтік дамудың тілдік бірліктер мен ережелерге әсері - әлеуметтік лингвистика мәселелері;
- тіл және ойлау, адам ойының тіл арқылы көрініс табуы, тілдің эмоционалды-экспрессивтік ерекшелігі - психолингвистика мәселелері;
- «этнос болмысы» және «тіл әлемі» - этнолингвистика мәселелері;
- тіл мен мәдениет ұғымдарының сабақтастығы - лингвистикалық мәдениеттану негіздері;
- тілдің танымдық қызметі - когнитивті лингвистика ұстанымдары.
“Көпшілік назарын өзіне аударған Қазақстандық лингвистиканың өзекті мәселелері қатарында әр түрлі бағыттардың әдістемелік және онтологиялық негіздерін пайымдап түсіну, соның ішінде әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика секілді интегралды салаларға, ат қою теориясына, когнитивті лингвистика, лингвосемиотика, лингвистикалық семантика, сөйлеу актілерінің теориясы мен мәдениаралық қатынас проблемаларына және т. б. көңіл бөлу аталып келеді” [2; 5-б. ], - деп тілші Э. Д. Сүлейменова атап көрсеткендей, қазақстандық тіл ғылымы лингвистиканың маңызды проблемаларын шешуге зор үлес қоса отырып, тіл білімін жеке дара емес, өзге ғылымдармен тоғысқан бірлікте қарастыру арқылы таза формалық тұжырымдармен қатар, тілге пәлсапалық, логикалық, танымдық сипаттама беру мүмкіндіктерін де қарастырды. Демек, бұл кезде тілдің қатысымдық қызметімен қатар оның аккумулятивті негізін немесе алуан түрлі мәліметтер мен деректерді жинақтайтын, қоғамдық тәжірибелер мен білім-ғылым қорларын құрайтын өзгешелігін сұрыптау қажеттілігі ерекше өзектеле бастады. Соның арқасында тілді материалдық әрі рухани мәдениетті қалыптастырушы құрал ретінде жан-жақты зерттеу принциптері дүниеге келді. Әр ұрпақ өзіне жеткен мұраны толықтырып, нығайту негізінде тілдің уақыт пен заман талабына сай келетін қоғам, ғылым, мәдениет, өндіріс қажеттіліктерін өтер қабілетін де назардан тыс қалдырмайтындықтан, ғалымдар тілді қоғамдық құбылыс ретінде, ал тіл білімін қоғамдық ғылым ретінде қарастыру керектігін дәлелдей түсті. «Қазір ақпараттар заманы, ақпараттық қоғам өмірде жаңа үрдістерге жол ашты, шешендіктің жаңа түрін туғызды. Қазіргі шешендіктің басты міндеті - ұлттың рухани мәдениетін бойына сіңірген, қоғамдағы өзгерістерді ақыл-ой зердесінен өткізіп, ой қорытындысын жасай білетін, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, көпшілік алдына шығып шешіліп сөйлеп, өз пікірін саналы қорғай алатын, жұртшылыққа ой тастап, іске жұмылдыра алатын қабілетті адамдарды қалыптастыру» [2; 4-б. ] болып табылатындықтан, тілдің қоғамдық-әлеуметтік принциптерін анықтау, адам ойының әрекеті, үздіксіз тануы мен пайымдауының келбеті іспеттес психофизиологиялық, пәлсапалық өлшемдерін қалыптастыру қазіргі лингвистикалық ізденістердің өзгеше лебін құрау үстінде, сондықтан адам мен қоғам ұғымдарынан туындайтын, олардың өмір сүру, әрекет ету тәсілі болып табылатын тіл лингвистердің еңбектерінде, ең алдымен, қоғамдық фактор ретінде және оның маңызды құрамды бөлшегі есебінде әрі халықтық танымның ажырамас белгісі ретінде пайымдалып талданды. Сөйтіп, дәстүрлі жолдың жалғасын құраған бұл зерттеулер заман талабына сай жаңарып та, жаңғырып та отырғандықтан, маңызды да өзекті тұжырымдамаларды таза когнитивті түйіндерден гөрі, тілтанымдық «этюдтер» қатарында зерделеген дұрыс деп қорытындыладық, өйткені ғалым Ә. Қайдардың айтуына қарағанда, «этюд» дегеніміздің өзі «түсініктемелер, анықтамалар, мағлұматтар, топшылаулар» тізбегі болып табылады. Басқаша айтқанда, тіл мен таным байланысын өз тұжырымдарына арқау ете отырып, аталмыш кезең зерттеушілері қазақ тіл білімінде когнитивті ізденістердің өзектелуіне, танымдық ұғымдардың ғылыми айналымға енуіне және тілтанымдық деректердің жан-жақты зерделенуіне көп үлес қосты. Осыған орай, қазіргі қазақ тіл ғылымының жан-жақты дамуын, теориялық негізде өркендеп өсуін қамтамасыз етіп отырған ғалымдардың еңбектеріне мән беру аса қажет. Ол үшін тілтанымдық ізденістердің негізгі теориялық тұжырымдарын айқындап алған дұрыс. Ондай мәселелер қатарын:
- Лексикалық бірліктер - таным көрсеткіші;
- Тілдік норма - танымдық заңдылық;
- Тілдік қор - танымдық жады қызметінің нәтижесі;
- Тілдегі тәжірибе мен таным бірлігі - лингвистикалық мәселе
деген түйіндер уәждеді.
1. 1 Лексикалық бірліктер - таным көрсеткіші
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дүниеге келген зерттеулердің басым көпшілігі танымдық ұғымдарды жан-жақты қолдануымен, лингвистика мәселелерін экстрафакторлар негізінде түсіндіруімен және тілдік материалды антропологиялық және ғаламдық деректер арқылы меңгере талдауымен көзге түседі. Тілді тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, барша ақпараттар мен хабарлар жиынтығы, адамзат тіршілігінің негізі, тәжірибе мен білім арнасы, таным өзегі деп қарастырған ғалымдар оның сөздік қоры мен сөздік құрамын, стильдік тармақтарын, тарихи дереккөздерін, грамматикалық бірліктерін әрі мағына мен пішін бірлігі тұрғысынан, әрі ұғым мен таным арақатынасы негізінде дәйектеп көрсете білген. Аталған тілдік проблемалардың ішінде әсіресе тілдің лексикалық қабаты танымдық ұстанымдармен жиірек уәжделіп айқындалып отырған, себебі заттар мен құбылыстардың табиғатын танып қабылдау алдымен сөздің мағыналық өрісіне, ұғымдық аясына зер салудан басталары ақиқат. «Тіл адам баласының қол жеткен табыстарын сөздер арқылы көрсетеді. Әрбір тілдің сөздік құрамындағы сөздер халықтың басынан өткен ұзақ сонар тарихын, оның саяси-әлеуметтік өмірін, тұрмыс-салтын, күнкөріс-тіршілігін, мәдени-рухани өмірін, бүкіл экономикасын айнытпай айқын бейнелеп бере алады. Сөз байлығында біздің барлық біліміміз, ойымыз, идеямыз, ұғымымыз сақталған» [6; 6-б. ], - деп ғалым Ә. Болғанбаев атап көрсеткендей, лексикалық бірліктердің қоғамдық сипаты мен когнитивтік қызметі оның кез келген халықтың тыныс-тіршілігімен үздіксіз байланысын түсінуге көмектеседі. Тілтанымдық зерделеудің негізгі нысаны осы лексикалық арналарға бағыттала отырып, сөз табиғатын түсіндіруге, оның танымдық тарихын, уәжделу ерекшелігін жоғары бағалауға негізделеді. «Сөз дыбыстық құрамнан жасала отырып, зат, құбылыс, іс-қимыл жайында жалпыға түсінікті, қоғамдық дәрежеде қалыптасып, қауым таныған ұғымды (мағынаны) білдіреді» [6; 67-б. ] деген пікірді нық ұстанған Ә. Болғанбаев өзге лексикалық мәселелерді сөздің ұғымдық және мағыналық шеңберімен сабақтастыра зерттеді. Осы мақсатта «сыртқы дүниенің» құрамды бөліктері мен өзіндік даму заңдарын да ескерусіз қалдырмады, керісінше, тілдік құралдардың бастауы ретінде жоғары бағалап, тіл мен танымның байланысын маңызды тілдік мәселелерді шешуге арқау етті. «Ұғым -логикалық категория, ойлау процесінің нәтижесі, ал сөз - тілдік категория. Бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Логикалық ұғымның тіл жүйесіне қатысы сөз арқылы іске асады. Ұғым дегеніміз - шындық өмірдегі зат, құбылыс, іс-әрекетке тән басты белгілердің адам санасында жинақталып, қорытылып берілген бейнесі. Адам санасында ең алдымен сезім мүшелері (есту, көру, дәм, иіс сезу) арқылы қабылдауға болатын нақты, деректі заттар мен құбылыстардың бейнесі қалыптасқан» [7; 69-б. ] секілді тұжырымның астарында да сол байланыстың мүмкіндігі мен қажеттілігі көрініс тапқан. Ғалым тілтанымдық элементтердің алдымен деректі сипаттағы көрсеткіштеріне зер салса, екінші кезекте оның күрделі сатысын құрайтын әрі субъективті қабілеттердің араласуымен уәжделетін фактілеріне, анығырақ айтқанда, дерексіз заттар мен құбылыстарға, мән берді. Сөйтіп, оларды «адамның ойлау қабілетінің дамуымен», «адамның санасында сезім мүшелерімен білуге болмайтын, тек түйсік сезімі арқылы қабылданатын» өзгешелігімен сипаттап берді, осы мақсатта ғалым жады қызметін де, адамның ұқсату, салыстыру әрекеттерін де өзектеді.
Тіл өнері үлгілерінің дамуын «сол тіл арқылы адамзат қауымының асыл арманын, ақыл-парасатын, өмірлік тәжірибесін, дүниетанымын ұрпағына ғибрат етіп ұсыну әрекеті» [8; 8-б. ], - деп түсіндірген ғалым Ә. Қайдар «тәжірибе», «тағылым», «зерде», «сана» ұғымдарының табиғатын тілтанымдық зерттеулердің маңызды бөлшегі деп тұжырымдады. Тіл табиғатын, оның қызметін жоғары бағалаған автор оны адам, қоғам, табиғат ұғымдарының бастауы деп қарастырды, сондықтан тілдік зерттеулердің маңызды бөлшегін құраған, ойлау мен қабылдау, таным мен пайымдау әрекеттеріне жүгінген автор тұжырымдары терең этнофилософиялық астармен, тарихи деректерге сүйенген нақтылығымен және адамзат табиғатын ашып тануға бағытталған маңыздылығымен сипатталады. Ғалым тарихи дамудың нәтижесін құрайтын этнолингвистикалық ұғымдар мен бірліктер табиғатын зерттеуді мақсат ету арқылы қазақ тіл білімінде жаңа лингвистикалық бағыттың өзектелуіне себепкер болды. Ол туралы автор «Тіл әлемінің» өзіндік табиғатын, даму заңдылықтарын толық та жан-жақты зерттеу барысында іштей жіктеліп, дүниеге келген социолингвистика, психолингвистика, статолингвистика, паралингвистика іспеттес этнолингвистика да - «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының ортақ проблемасы шеңберінде тоғысу нәтижесінде пайда болған жаңа сала», -деп түйіндеді. «Этнос болмысын» айқындайтын арналар мен этюдтарға тоқтала отырып, ғалым тілді танымның, психологиялық қабылдаудың, әлеуметтік қалыптасудың кілті деп бағалады. « . . . белгілі бір тілдің лексикасын жалпылама емес, нақтылы бір халықтың азаматтық тарихына байланысты, сол халықтың мәдениетіне, дүниетанымына, салт-сана, әдет-ғұрпына т. б. экстралингвистикалық факторларына қатысты зерттеу керектігін» ескерген тілші халықтың рухани бастауын тілден өрбіте отырып, ғылыми тұжырымдарын пәнаралық сабақтастық нәтижелерімен дәйектеді. Тіл білімін этнографиямен, этимологиямен, диалектологиямен байланыстыра зерттеген тілші ғылымдардың бір-біріне «мұқтаж» болатын тұстарын сөз етті. Этнографиялық «заттық бағалылықтардың» мән-мағынасын саралау, «күңгірттенген бірліктердің мәнін ашып, жасалу мотивтері мен қолданыс шеңберін айқындау» және т. б. осы сынды міндеттер негізінде тілші қазақ этнолингвистикасының өзіндік сипатын тұжырымдап, оның негізгі мақсатына «Қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде оның тіл байлығы - «тіл әлемі» арқылы ғана жан-жақты танып-білуді» әрі «Тіл әлеміндегі этнос бейнесін тек лексика қорының жиі қолданылатын «үстіңгі қабатындағы» мағыналық бірліктер негізінде ғана емес, сонымен қатар оның төменгі қабаттарына, қойнау-қолаттарында тұнып жатқан [бүгінде сирек қолданылатын] сөз маржандары арқылы да жаңғыртуды жатқызды. Тілтанымның тарихи пәлсапалық негіздерін айғақтаған тілші тілдік құралдардың «өткен өмір мен бүгінгі болмысты танып-білудегі логикалық, философиялық, дүниетанымдық, эстетикалық, тағылымдық, прагматикалық, этнолингвистикалық мәнін» [6; 14-б. ] зор бағалады, сондықтан «адам баласына тән асқақ ой, тегеурінді тұжырым, кешенді ақыл, дара біткен даналық - бәрі-бәрі, сайып келгенде, тауып айтылған сөз арқылы ғана әр қырынан жарқырап көріне алады» [6; 16-б. ], - деп есептеді. Ғалым зерттеулерінде «ұлттық логика», «ойлау жүйесі», «төл даналық қоры», «рухани мүмкіншілік», «дүниетанымды уағыздау» [6; 31-б., 24-б. ] секілді ұғымдық тіркестер арқылы «ұлт даналығын» қалыптастыратын маңызды шарттар сұрыпталды. Автор « . . . ұлт даналығы тек сол ұлттың өз тілінде, өз ортасында және өз данагөй-ақылмандары арқылы ғана қалыптасады» [6; 41-б. ], - дей отырып, «тарихи шежіренің» ерекшелігін «сол этностың даму процесін, қоғамдық-әлеуметтік өмірін, рухани-мәдени құндылықтарын, өріс-қонысын т. б. тарихи танымдарын сөз етумен» [7; 4-б. ] байланыстырды, яғни тілдік фактілермен этнотанымдық деректердің сабақтастығы арқылы қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық теорияның халықтық негіздерін өзектеуге мүмкіндік берді.
Таным адам табиғатына негізделген, қоршаған әлем заңдылықтарынан нәр ала қалыптасқан күрделі де маңызды құбылыстардың бірі болғандықтан, когнитивистер тілдік зерттеулерді әлемдік бейнемен, жанды-жансыз құбылыстармен, нақтылы-абстрактылы ұғымдармен байланыстыра дәйектеу қажеттігін және сол арқылы жасалатын модель үлгілерінің деректанымдық мәнін атады, логикалық танымның дедуктивті-индуктивті амалдарына да осы мақсатта жүгінді. Тілші Р. Сыздықтың «танымдық» талдауларында да «картина», «әлем», «қалып» секілді сөздердің идеялық мазмұнын басшылыққа алған үзінділер орын алған. Автор «заманының әлеуметтік картинасы», «нақты картинаны беру», «әсемдік әлемі» [8; 66-б., 71-б., 14-б. ] сынды тіркестерді қолдана отырып, өмірлік тәжірибені адамның танымдық қабылдауымен, тілдік қорымен, ойлау әрекетімен байланыстырды, сол арқылы тілтанымның өзекті мәселелерін дәйектеді. « . . . көркемдікті беруде жазушы ана тілінің ғасырлар бойы қалыптасқан, белгілі бір бояумен айтылатын теңеулерін де қолданады. Солардың қалыбымен (моделімен) өзі де жаңа теңеулер ұсынады. Қалыбы дегенде теңеулердің жасалу тәртібі сияқты моделі ғана емес, теңеуге алынатын материалдық (зат, құбылыс, ұғымдардың) көзін айтамыз. Мысалы, М. Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі теңеулердің дені қазақтың айналасын қоршаған табиғат көріністерінен, күнделікті зат-бұйымдарынан, тұрмыс-салтынан, мал бағу, көшіп-қону сияқты тіршілік әрекетінен алынады» деген үзіндіде автор танымдық процестің барлық сатыларын тілдік талдауға арқау етті. Біріншіден, қоршаған ортаның тілдік құралдарды, сөздік қорды қалыптастырудағы маңызы аталса; екіншіден, тілтанымдық модельдердің материалдық негізін анықтау арқылы жеке тұлғалардың объективті шындықты қабылдаудағы субъективті өзгешелігі сараланды. Тіл мен таным негіздерін жеке тұлғалардың психологиялық әлемі, қоршаған ортаны қабылдау өзгешелігі тұрғысынан сипаттаған тілші зерттеулерінің көлемді бөлігі ақын-жазушылардың шығармаларын талдауға бағытталғандықтан, ғылыми тұжырымдар көп жағдайда жеке қаламгерлер мен «тіл мамандарының» танымдық әрекеттерін сабақтастыра дәлелдеуге негізделген. «Суреткер тілін танудың біз бармаған қырлары әлі де аз емес екенін айтамыз, ол қырлар (зерттеу аспектілері) жеке танымдық ізденістермен қатар, көркем тілдің жалпы теориялық мәселелеріне де қатысты болатынын және айтамыз. Бұл - алдағы шаруалар . . . » [8; 6-б. ], - деп ғалымның өзі атап көрсеткендей, автордың «ғылыми және танымдық мақсатпен жазылған» [8; 8-б. ] еңбектері қазақ тіл білімінің когнитивтік көкжиектерін анықтауға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар әлемдік лингвистиканың да болашақтағы мақсат-міндетін танымдық бағытта саралауға мүмкіндік береді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz