Шығыс Қазақстанның 1940 - 1950 жылдардағы экономикалық дамуы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 103 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 3-10

1 1940-1950 ж. ж. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторлары мен бағыттары

1. 1 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы . . . 11- 31

1. 2 Соғыстан кейінгі кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістер . . . 31-44

2 1940-1950 ж. ж. Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері

2. 1 Шығыс Қазақстанның 1940-1950 жылдардағы экономикалық дамуы . . . 45-61

2. 2 Шығыс Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық және этникалық құрамындағы өзгерістер . . . 61-69

2. 3 1940-1950 жылдардағы Шығыс Қазақстандағы білім мен мәдениеттің дамуы . . . 69-81

3. «1940-1950 жылдар аралығындағы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы» тақырыбын мектепте оқыту әдістемесі

3. 1 Тірек конспектісі технологиясын тарих сабағында қолдану

әдістемесі . . . 82-87

3. 2 Шығыс Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық және этникалық құрамындағы өзгерістер тақырыбы бойынша сабақ жоспарының үлгісі . . . 87-92

Қорытынды . . . 93-94

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 95-100

Қосымшалар

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Тәуелсіз республикамыздың бүгінгі дамуы оның 70 жылдық кеңестік дәуірдің тарихымен тығыз байланысты. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан, оның XXI жүзжылдықтағы дамуын анықтайтын сан түрлі оқиғалар мен қайшылықтарды басынан өткерді. 1940-1950 жылдар аралығындағы уақыт белгілі, түсінікті кеше ғана өткен тарих сияқты болып көрінгенімен, ол объективті көзқараспен зерттелуі жағынан біршама күрделі кезең. Өйткені, кеңестік тарихнама бірауыздан социализмнің жетістіктерін қайталап айта отырып, Кеңестік Қазақстанның экономика, мәдениет, білім және ғылым саласындағы жетістіктерін асыра сілтей көрсетіп, қоғамдағы орын алған келеңсіздіктерге көп тоқтала бермеді. Сондықтан, қазіргі уақытта азаматтарымыздың тарихқа, кешегі біздің басымыздан өткерген мәселелерге деген қызығушылықтың артуы заңдылық.

Жоғарғыда келтірілгенді ескере отырып, 1940-1950 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына деген қызығушылық, осы мәселенің өзектілігі біздің ойымызша, келесідегідей маңызды себептерге байланысты:

Біріншіден, Қазақстанның, оның жекелеген аймақтарының 1940-1950 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы мәселелері методологиялық тұрғыдан объективті зерттеуді қажет етеді.

Екіншіден, 1940-1950 жылдар - ғылыми және объективті түрде қатаң бағалауды, оң және теріс жақтарын қатар қарастыруды қажет ететін қазіргі заманғы Қазақстан тарихындағы күрделі және қайшылыққа толы кезең болып табылады.

Үшіншіден, тарихи ғылымның өзекті мәселелерінің бірі ол еліміздің тарихи дамуының спецификасын жан-жақты, жүйелі түрде зерттеу, өткен тарихи логиканы қазіргі заманғы республикамыздағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және саяси үрдістермен байланыста қарау. Қазақстанның жекелеген аймақтары дамуының спецификасын осындай байланыста зерттеу тарих пен қазіргі заманды жақындастыруға үлкен мүмкіндік жасап, өткенде жіберілген қателіктер мен олқылықтарды қайталамауға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, тақырыптың аз зерттелегендігі, күрделілігі және қомақтылығы оның көкейкестілігін танытып, осы бағытты таңдауды анықтап береді.

Қазақстан Республикасы қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, демократиялық мемлекет құруды мақсат етіп отыр. Мұндай мемлекет құрудың негізгі шарты - барлық азаматтарды ұлтына қарамай тең құқықтық негізде біріктіру.

Тәуелсіз елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың стратегиялық мақсаты, республика халқының әл -ауқатын арттыру болып табылады. Реформаларды жүзеге асыру жолында республика халқының өсуі мен құрамындағы өзгерістерді зерттеу қажеттігі, соның арқасында ғылымға негізделген этно-демографиялық, әлеуметтік, көші-қон саясатын саралап, оны дұрыс қолдану міндеттері туындайды. Осы міндеттерді іске асыру, зерттеліп отырған кезеңдегі халық саны, оның жастық-жыныстық, ұлттық құрылымы, білім дәрежесі және еңбекпен қамтамасыз етілуі туралы нақты мағлұмат болмайынша мүмкін емес.

Шығыс Қазақстан аймағы Қазақстанның құрамдас бөлігі бола отырып, еліміздің тарихында әрдайым маңызды орын алған. Шығыс Қазақстанның географиялық орналасу жағдайы оның Ресеймен, Қытаймен тығыз байланыс жасауына мүмкіндік жасады. Бұл жағдай Шығыс Қазақстан аймағының басқа аймақтарға қарағанда экономикалық, әлеуметтік, этнодемографиялық және мәдени дамуына өзіндік ерекшелік берді. Осы аталған алып державалармен ғасырларға созылған қарым-қатынас мәселесі Шығыс Қазақстанда ерекше байқалды, сол себептен, кез-келгеніміз үшін тиімді тіршілік етудің жолын біз шегаралас аймақтар тарихын зерттеуден іздеуіміз керек.

Біршама қығығушылық тудыратын тағы бір мәселе, ол осы аймақты мекендеген этникалық топтардың пайда болуы мен олардың жергілікті этникалық топпен қарым-қатынасы жөніндегі мәселе. Қазіргі кезде республикамыздың динамикалық дамуының маңызды шарты әлеуметтік, ұлттық және конфессиялық келісім болып отырған уақытта, ұлттық қатынастардың даму үрдісін аймақтың көпұлтты құрылымының пайда болу үрдісі ретінде және қазіргі уақыттағы көпұлтты мемлекетімізде тиімді қарым-қатынас бағытын іздеу мақсатында зерттеу өзекті мәселе болып табылады.

Тарихшылардың зерттеу ізденісінің басты бағыты нақты бір тарихи үрдісті зерттеу болғандықтан, Шығыс Қазақстан аймағының 1940-1950 жылдар аралығындағы кезеңді зерттеу ғылыми қызығушылық тудырады. Ол мәселе, мамандандырылған территориялық-өндірістік жиынтықтардың құрылуы, оларда алдыңғы қатарлы өндіріс салаларының қызмет етуі, арнайы өндірістерді құру, әлеуметтік-мәдени және түрғын үй, тұрмыс инфрақұрылымдарын аймақта тиімді орналастыру сияқты мәселелерін талдаудан тұрады.

Жергілікті жердің дамуының бай тәжірибесі мен оның аймақтық ерекшеліктерін зерттеу, қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік, экономикалық және саяси үрдістердің себептерін тереңірек түсінуге көмектеседі. Себебі, жекелеген аймақтар тарихы туралы материалдар, өлкенің көпқырлы сипатын, өндіріс күшін, мәдениетін, қоғамдық ой-сананың өсуін жан-жақты талдап беруімен құнды.

1940-1950 жылдардағы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді терең және толық зерттеп, сараптау арқылы тәуелсіз Қазақстанның аймақтарының қордаланған мәселелерін шешуге, келешекте қателіктер жібермеуге, салиқалы тәжірибе жинауға мүмкіндік тудырары сөзсіз.

Қазіргі кездегі Қазақстанның дамуы үшін, өсіп келе жатқан ұрпаққа гуманизм, патриотизм, өз мемлекетінің тағдыры мен болашағы үшін жауптылық сияқты өзекті мәселелерді үгіттеу қажеттілігі туындайды және оны іске асырудың бірден-бір жолы өзінің туған өлкесінің тарихын, соның ішінде батыр азаматтарымыздың ерен ерліктерінің арқасында, олардың бірліктері мен Отанын фашизмнен қорғаудағы табандылықтарының нәтижесінде жеткен Ұлы Жеңістің маңызын, Ұлы Отан соғысы тарихын білу болып табылады.

Тарихнамасы: Тақырыптың зерттелу деңгейін қарастыра отырып, бұл мәселеге байланысты кеңестік кезеңде ғылыми әдебиеттердің көптеп шыққандығын көреміз. Бірақ, олардың барлығы ғылыми тұрғыдан объективті өлшемдерге сай деп айтуға болмайды. Зерттеліп отырған мәселенің шеңбері кең болғандықтан әдебиеттерді тақырыпқа байланысты бірнеше блокқа бөліп қарастыруға болады.

Бірінші блокқа, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі аспектілерін қарастыратын еңбектерді жатқызуға болады.

Солардың ішінде ең алдымен Қазақстанның экономикалық дамуы мәселесін социалистік құрылыс жетістігі және республика жетістігіндегі коммунистік партияның ролі негізінде қарастыратын қазақстандық ғалымдардың еңбектерін атауға болады. Олардың ішінде: Т. Б. Балақаевтың «Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстанның колхоз шаруашылығы» /1/ және соның редакторлығымен жазылған очеркті /2/ атауға болады. Мұнда Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан тарихының сол кездегі өнеркәсіп салаларының жұмыстары құжаттық мәліметтер негізінде берілетін жеке авторлардың жеке мәселелерге байланысты жазған мәлімдемелері беріледі. Сонымен қоса С. Н. Покровскийдің редакторлығымен жазылған очерк /3/, А. Н. Нүсіпбековтың /4/, /5/, Г. Әбішевтың /6/, /7/, С. Б. Баишевтың /8/, /9/, /10/, М. К. Козыбаевтың /11/, /12/, А. К. Кошановтың /13/, Н. Б. Ахмедованың /14/, Т. А. Абдразаковтардың /15/ еңбектері идеологиялық негізде жазылса да қазіргі уақытта, әсіресе, фактологиялық жағынан өз құндылығын жоғалтпаған.

М. Х. Асылбеков, С. Б. Нурмухамедов және Н. Г. Пандардың ұжымдық монографиясында 1946-1965 жылдар аралығындағы Қазақстанның жұмысшы табының дамуна жан-жақты және жалпы түрде талдау беріледі /16/.

Республиканың экономикалық даму мәселелеріне, экономиканың жеке индустриялық салалары тарихы жайында жазылған Г. Ф. Дахшлейгердің /17/, В. Я. Девоскиннің /18/, В. К. Савоськоның /19/, М. Х. Асылбековтың /20/, С. К. Жақыпбековтың /21/, Г. А. Докучаева және М. К. Қозыбаевтардың /22/, Ю. И. Романовтың /23/, Х. М. Мадановтың /24/, Г. Чулановтың /25/ еңбектерінде бірқатар мәселелер қаралады. .

Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін, жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуын түпкілікті қарастыратын зерттеулер қатарында 3 томдық «История рабочего класса Советского Казахстана» атты қазақстандық ғалымдардың ұжымдасып жазған еңбегі /26/ мен В. П. Гноевыхтың /27/ зерттеулерін атауға болады.

«Народное хозяйство Казахской ССР» /28/, «Народное хозяйство Казахстана» атты анықтамалық жинақтарда /29/, «Государственные учреждения Казахской ССР. Органы управления народным хозяйством Казахской ССР (1937-1977) » /30/, «Решения партии и правительства по хозяйственным вопросам» атты /31/ анықтамалықтарда қарастырылып отырған кезеңдегі республикамыздың халық шаруашылығына қатысты деректік мәліметтер берілген.

Халық шаруашылығына байланысты мәселелерді кеңінен ашып көрсетуге тырысқан Н. Күзембаевтың /32/ еңбегіне де ерекше тоқталуға болады.

Кеңестік кезеңдегі Қазақстандық экономистердің маңызды және ірі монографиялық еңбектерінің бірі «Экономика Казахстана за 60 лет» /33/. Бұл еңбектің жетістігі біздің көзқарасымыз бойынша ғылыми-техникалық революция контекстіндегі республика экономикасының құрылымдық дамуы мәселелерін айқындауға тырысушылығында.

Қазақстандық ғалымдардың ұжымдасып жазған «Казахстан в Великой Отечественной войне» атты очеркте / 34/, «Казахстан в период Великой Отечественной войны» / 35/, 2 томдық «Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза» /36/, «Из истории социалистического строительства в Казахстане» /37/, «История Казахской ССР. Эпоха социализма» атты /38 / еңбектерде соғыс жылдарындағы Қазақстанның жағдайы қаралады.

А. Б. Тұрсынбаев / 39 /, Б. А. Түлепбаев /40/, Ф. К. Михаилов /41/, О. С. Сексенбаев /42/, Р. Б. Сүлейменовтар /43/ өз еңбектерінде, қарастырылып отырған кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты, соның ішінде колхоз, совхоз құрылысы мен мәдени шаралардың даму барысына ерекше тоқталады.

Қазақстандық қоғамтанушылардың арасында ескі идеологиялық догмадан бас тартып, тарихи үрдістерді қайта қарастыру 1980 жылдардың аяғында басталды деп айтуға болады. Осы бағыттың дамуына үлкен үлес қосқан академик М. К. Қозыбаевтың еңбектері болды. Өз еңбектерінде ол Қазақстандағы тарихи ойдың қазіргі жағдайын айқындап берді. Оның еңбектерінің негізгі жетістігі, ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, және саяси дамуы жөніндегі кеңестік кезеңдегі ой-тұжырымдардың дұрыс еместігін және оның ғылыми ізденістің дамуына кері әсерін тигізетіндігін дәлелдеуге тырысушылығында /44, 45, 46, 47/ .

Т. А. Ашимбаев қазіргі замандық негіздермен ерекшеленетін өзінің соңғы кездердегі әдебиеттерінде әлеуметтік-экономикалық тиімділіктердің жалпы өлшемдерін қайта қарастыруды ұсынады. /48, 49/.

Зерттеулердің ішінде Қазақстанның мәдени дамуын қарастыратын К. А. Ахметовтың фудаментальды монографиясы /50/ да тарихтағы өзекті мәселелерді қозғайды.

Тың көзқарас тұрғысынан жазылған М. Х. Асылбековтың кейінгі кездегі шыққан мақалаларын ерекше атап өтуге болады. Оның мақалаларында Қазақстанның кеңестік дәуірдегі тарихының саяси, экономикалық, әлеуметтік-демографиялық нәтижелеріне қатаң түрде ғылыми талдау жасалынады. / 51, 52/.

М. Х. Асылбеков пен А. Ш. Алтаевтардың мақаласында /53/ Қазақстандағы жұмысшы табы мен өнеркәсіптік даму тарихы мәселесін объективті ғылыми зерттеу тұрғысында қайта қарастыруға қадам жасалды.

Қазақстанның өндірістегі жұмысшылардың әлеуметтік дамуын сипаттайтын мәселелерін алғаш рет арнайы зерттеген А. Ш. Алтаев болды /54/. Бұл еңбектің жетістігі, жұмысшыларға жалпы әлеуметтік зерттеу материалдарын қолдануында болды, бұл авторға республикадағы әлеуметтік үрдістердің ішкі логикасын толық ашуға мүмкіндік берді. .

Ж. Абылхожин өз еңбектерінде Қазақстандағы саяси және экономикалық үрдістердің дамуы нәтижесінде қазақ қоғамының дәстүрлі түрде құрылымдық трансформациялануына жүйелі түрде талдау жасауға тырысқан /55, 56/.

Қазақстанның экономикалық тарихын қарастыратын КА. Берденов, В. С. Коробков, Б. Т. Ташеновтардың /57/ оқу құралын, Қ. Р. Нұрғалиевтің /58/, сонымен қоса К. А. Берденовтың әміршіл-әкімшіл жүйе кезіндегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыратын Қазақстанның экономикасы тарихы баяндалатын еңбектерін атап өтуге болады /59/.

У. М. Искаков өз еңбектерінде негізінен Қазақстанның жекелеген қалаларының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне тоқталады /60, 61/.

Кейінгі кезде жаңа көзқарас тұрғысынан қаралған қоғамдық және тарихи қайта құрылулар жайында Е. Мачкувтың /62/ мақаласында, және аграрлық мәселелерге ереше тоқталған О. Мұхтарованың /63/, С. З. Баймағамбетовтың /64/, З. Г. Сақтағанованың /65/ және А. Құдайбергенованың мақалаларында талданып жазылған /66/.

Қазақстандағы демографиялық үрдістердің дамуы мәселелері мен республика халқының этникалық және әлеуметтік құрылымындағы өзгерістері, миграциялық үрдістердің халық саны мен құрылымына әсері М. Х. Асылбековтың, А. Б. Галиевтың, Н. Ф. Базановалардың зерттеулерінде тереңдей қарастырылған /67/, /68/, /69/, /70/.

Сонымен қоса халық саны мен урбанизация үрдістерінің әлеуметтік-экономикалық дамуға тигізген әсері жөнінде жазған Г. Д. Москвинаның /71, 72/, А. Н. Алексеенконың /73 / , Н. Ф. Голиковтың /74/ зерттеулерін, М. Х. Асылбеков, А. Ш. Алтаевтардың /75/, /76/ тарихи-демографиялық зерттеулердің қазіргі жағдайы мен болашағы жайында жазылған мақалаларын, А. Б. Галиевтың /77/ Қазақстанның этнодемографиялық жағдайды сипаттайтын мақалаларын жатқызуға болады.

Жас зерттеушілер Л. Т. Қожакеева /78/, М. Ш. Қалыбекова /79/, А. И. Құдайбергеновалар /80/ да Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселелерін зерттеуде өзіндік үлес қосты. Зерттеушілердің кандидат атағын алу үшін жазған диссертацияларында Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық құрылымындағы өзгерістерді зерттеп бір жүйеге келтіреді. Л. Т. Қожакеева өз диссертациясында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан халқының құрамын, жұмысшы табы мен ұжымшар шаруаларының, интеллигенция қауымының саны мен сапасындағы өзгерістерді зерттеп бір жүйеге келтірсе, А. И. Құдайбергенова өз жұмысында 1939-1959 жылдар арасындағы Қазақстан халқының әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістерді анықтауға тырысқан. М. Ш. Қалыбекованың диссертациясында 1937-1956 жылдар аралығындағы Қазақстан территориясына күштеп жер аударылған халықтардың тарихына, неліктен дәл Қазақстан олардың басым көпшілігінің орналастырылу объектісі болды деген мәселелеріне ғылыми, нақты-тәжірибелік ұсыныстар жасайды.

Шығыс Қазақстанға қатысты жазылған еңбектерді атайтын болсақ, ең алдымен, Шығыс Қазақстан бойынша жазылған бірден-бір қомақты еңбек М. Ғ. Ескендіровтың монографиясына [81] ерекше тоқталу орынды. Бұл еңбекте, сонау жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі Шығыс Қазақстан аймағының әлеуметтік-экономикалық даму тарихы объективті зерттеу қағидаларына негізделіп қаралған мәселер кезеңдерге бөлініп жан-жақты беріледі.

Семей қаласына эвакуацияланған жеңіл өнеркәсіп пен басқа да кәсіпорындардың орналастырылуы мен социалистік жарыстарға қатысуы мәселесін зерттеген В. С. Городецкаяның [82, 83] еңбектері соғыс жылдарындағы Семей қаласындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдени өмірі жайлы маңызды мәліметтер береді.

Жас зерттеуші А. С. Әділбаева өзінің кандидаттық диссертациясында [84] Шығыс Қазақстанның соғыстан кейінгі жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму тарихындағы өзгерістерді зерттеп бір жүйеге келтіреді. Сонымен қоса Семей қаласының экономикалық тарихы жөнінде жазған З. К. Мұқатаеваның зерттеулерін [85, 86] атап өтуге болады.

Аймақтық тарихты зерттеушілердің бірі Ж. К. Қасымбаев та өз еңбектерінде негізінен Шығыс Қазақстан мен Семей қаласының тарихын зерттеуде үлкен үлес қосқан [ 87, 88] .

Семей қаласының тарихы туралы жеке мәселерді қарастыратын «Предприятия города Семипалатинска. История и современность» жинағында [89], В. П. Гноевых пен Е. Л. Бакманның «Семипалатинский мясоконсервный» [90], Елагин А. С. редакторлығымен шыққан «Семипалатинск» [91] еңбектерінде, «Народное хозяйство Семипалатинской области за 70 лет» анықтамалық жинағында [92], А. Белякинаның [93] мен Ж. Е. Мейрамханованың мақалаларында [94] және т. б. соғыс кезіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер біршама көрсетілген. Тарихты оқытуда тірек-конспектілерін қолдану, оқу жұмыстарын ұйымдастыру Шаталов В. Ф «Учебные задания для учащихся по курсу истории» еңбегінде [105], Кадыркулова Г. «Қазақстан тарихы мен қоғам сабақтарында тірек конспектілерін пайдалану» [106] және Н. Әліқұлованың «Қазақастан тарихынан тірек-сызба, таблицалар» [107] және Р. Бекиштің «Методика работы с конспектами-схемами на уроках» [108] мақалаларында әдістемелік тұжырымдар жасап, тарихты оқытуды ұйымдастыруда ұсынады.

Аймақтық тарихты зерттеу КСРО кезінде нақты бір шарттарға қатысты ғана қаралып, аймақтық айырмашылықтар, спецификасы мен жергілікті жерлердің ерекшеліктері әдетте шеттетіліп отырды. Тарихи талдаудың объективті көзқарас тұрғысынан қараудың жолы - аймақтық тарихтың ерекшеліктерін зерттеу болып табылатындықтан, бұл зерттеу жұмыстарының ерекшелігі оның экономика, әлеуметтік және этникалық тарих сонымен қоса тарихи демография сияқты тарихи ғылымдар саласының тоғысында қарастырылатындығында. Сол себептен, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы тарихын жан-жақты, жүйелі түрде зерттеу міндеті туындайды.

Зерттеу мақсаты:

Зерттеу жұмысының мақсаты, объективті зерттеудің концептуалды қағидаларын қолдану негізінде, 1940-1950 жылдардағы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жинақтап, саралап және жан-жақты зерттеу.

Зерттеу міндеттері:

  • зерттеліп отырған кезеңге байланысты ғылыми әдебиеттерді түпкілікті зерттей отырып, оның тарихнамалық және деректік қорларына сараптама жасау;
  • аталған кезеңдегі Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік-демографиялық дамуының негізгі бағыттары мен факторларына сипаттама беру;
  • Шығыс Қазақстанда өндірістік инфрақұрылымдарды орналастыру мәселесін талдауды жүзеге асыру;
  • аймақтағы экономиканың аграрлық секторының дамуы ерекшеліктері мен бағыттарын зерделеу;
  • Шығыс Қазақстанға қатысты Орталық саясатының әлеуметтік және экономикалық салдарына талдау жасау;
  • аймақтың әлеуметтік-демографиялық және этникалық құрылымындағы өзгерістерді көрсету;
  • халықтың білім және мәдени деңгейіндегі өзгерістерін қарастыру;
  • Шығыс Қазақстан халқының өмір сүру деңгейі мен сапасының әлеуметтік тұрғыдан өзеру барысын анықтау.

Атап өту керек, КСРО кезінде тарихты зерттеу калькалау (сызбаның дәл көшірмесін түсіру) және белгілі бір шарттарға жалпы сызбаларды түсіру әдісімен жүргізілді. Сол себепті, аймақтық айырмашылықтар мен жергілікті ерекшеліктер ескерілмеді. Объективті тарихи талдау көзқарасы тұрғысы бойынша тарихты аймақ бойынша зерттеу ұсынылады.

Зерттеу жұмысының методологиясы: Қоғамдық құбылыстардың дамуы мен өзгеруін нақты зерттеуді, сонымен қоса олардың байланысы мен өзара қатынасын жан-жақты, объективті зерттеуді талап ететін тарихилық қағидасына негізделеді. Тарихилық қағидасына сай нақты бір тарихи мәселені шешуде нақты дәлелдердің (фактілердің) толық жиынтығын айқындап және оған талдау беру, салыстыру, жүйелеу негізінде жүзеге асырылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Бұрын ғылыми айналымға енбеген мұрағат құжаттары мен дерек көздері негізінде 1940-1950 жылдар аралығындағы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы мәселелері жан-жақты, жалпы және объективті түрде зерттеуге қадам жасалды. Жұмыста бұрын арнайы ғылыми зерттеу мәселесіне жатпаған кей мәселелер талданады:

  • зерттеудің тарихнамалық және деректік қорларының жиынтығы толықтай және жан-жақты сараланды;
  • Шығыс Қазақстан аймағының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және соғыстан кейінгі жылдардығы әлеуметтік және экономикалық дамуына саластырмалы талдау жасалды;
  • аймақты өнеркәсіптік игерудің Шығыс Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық және экологиялық салдарлары мен мәдениет пен тілге т. б. тигізген әсері талданады;
  • Шығыс Қазақстан облысындағы орыс тілді халқының саны басым урбанизацияланған ортадағы ұлттық-этникалық құрылымының қалыптасуы мәселелері зерттеліп, бұл үрдістің ерекшеліктеріне сараптама жасалады;
  • мұрағаттық деректер мен статистикалық мәліметтерді алғаш ғылыми айналысқа енгізу арқылы, Шығыс Қазақстанның өндірістік инфрақұрылымындағы, ауыл шаруашылығындағы, мәдениет және білім саласындағы өзгерістері жаңа, тың деректермен толықтырылды.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі:

Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі 1940-1950 жылдар аралығы. Яғни, Ұлы Отан соғысы қарсаңы, Ұлы Отан соғысы жылдары және соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңдері қарастырылады.

Зерттеу жұмысының деректік негізі:

Зерттеу жұмысының деректік негізі ретінде құжаттар Шығыс Қазақстан облысы Қазіргі заман тарихы құжаттар орталығынан (710, 659, 96, 591, 612, 1397 т. б. ) қорлар қарастырылды. Олардың ішінде атап өтетін болсақ, негізінен 1940-1950 жылдардағы Шығыс Қазақстанның өнеркәсіп орындарына байланысты, зауыт-фабрикалар жұмысы, жеңіл және тамақ өнеркәсіптері өнімдерінің пайыздық көрсеткіштері, оқу-білім, мәдениет, халықтың сандық-ұлттық құрамы, әлеуметтік қамсыздандыру, құрылыс шаралары бойынша жоспарлар мен атқарылған істерге жасалған есептер, актілер т. б. көптеген әлі қолданысқа енбеген құжаттар пайдаланылды. Сонымен қоса біршама анықтамалықтар мен статистикалық мәліметтер пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы:

Зерттеу жұмысы теориялық жағынан аз зерттелгендіктен мұрағат қорларынан нақтылы мәліметтер келтіріліп толықтырыла түседі. Сондықтан, аймақ тарихы бойынша 1940-1950 жылдардағы өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерімен айналысатын зерттеушілерге қажетті құрал бола алады. Мектептерде, орта арнаулы оқу орындарында, жоғарғы оқу орындарында оқытылатын туған өлке тарихы, Қазақстан тарихынан арнайы дәрістер мен курстар үшін пайдалануға болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жылдар)
Шығыс Қазақстанда өнеркәсіптердің шығарған өнімдері
Кеңес Одағында тоталитарлық жүйенің қалыптасуы
Қазақстан соғыстан кейінгі жылдарда (1946-1990ж.)
Қазақстан құрылыс материалдар өнеркәсібі
Қазақ КСР
Қазақстан ауыл-село тұрғындарының этнодемографиялық және әлеуметтік дамуы (1939 – 1979 жылдар)
Орталық Қазақстандықтардың 1940-1945 жылдардағы шаруашылығы
Қытай Халық Республикасындағы қазақтардың экономикалық-әлеуметтік жағдайлары (1949 ж. аяғы 1962 ж)
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Шығыс Қазақстанның экономикалық даму үрдісінің тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz