Банктің заемдық және тартылған қаражаттары


Мазмұны
Кіріспе
Банктер нарықтық экономикадағы маңызды қаржы делдалдары болып табылады. Коммерциялық банктер бір жағынан, шаруашылық субъектілердің уақытша бос ақшалай қаражаттарын тартатын болса, екінші жағынан, бұл қаражаттар есебінен кәсіпорындар мен ұйымдардың әртүрлі қажеттерін қанағаттандыратын арнайы мекеме. Коммерциялық банктің пассивтік операциялық негізінде оның қызметінің жүзеге асырылуы үшін қажетті банк ресурстары жинақталады.
Жоспарлы экономиканы әкімшіл және әміршіл басқару жүйесі жағдайында банк ісінің ұйымдастырылуында мемлекеттік монополия көрінісі байқалады. Барлық кәсіпорындар, ұйымдар және мекемелер заңды түрде мемлекеттік банк мекемелерінде өздерінің ресурстарын міндетті түрде сақтауға тиіс болды. Банкке кәсіпорындар мен мекемелердің ресурстары іс жүзінде ақысыз тартылды. Тек кооперативтік кәсіпорындарға ғана жартылай мөлшерде төленді. Осындай жағдайларда жалпы мемлекеттік қарыз қор деген экономикалық түсінік қалыптасты. Жалпы мемлекеттік қарыз қор халық шаруашылығын несиелеу үшін банк жүйесі арқылы мемлекеттің ықпалымен жинақталған қаражаттар жиынтығын білдіреді. Демек, олар банк ресурстары болып саналады. Ссудалық қорды орталықтан бөлу сипаты банк ресурстарының құрылымдарына тікелей әсер етті. Ол уақыттары да банк ресурстары меншікті және тартылған қаражаттарға бөлінген. Мұндағы меншікті қаражаттарға: жарғылық, резервтік, негізгі құралдар, амортизациялық және банк ісін дамыту қорлар, ал, тартылған қаражаттарға: мемлекеттік бюджет қаражаты, кәсіпорындардың, ұйымдардың есеп айырысу және ағымдық шоттардағы қаражаттары және халықтың ақшалай жинақтары жатты. Осындай жағдайларда банк ресурстары нарығы қалыптасып, мемлекеттің қарыз қоры осы нарықтың бір бөлігін құрады.
«Банк ресурстары» термині «несиелік ресурсы» былай қарағанда кең ұғымды білдіреді. Банк ресурстары тек несиелeyге ғана емес, сол сияқты басқа да активтік немесе комиссиондық операцияларды қаржыландыру үшін пайдаланылады. Банк ресурстары - бұл банктің пассивтік операциялары негізінде қалыптасқан және барлық активтік операциялар бойынша банк өтімділігін қамтамасыз ету және пайда табу мақсатында орналастыруға бағытталатын банктің меншікті және тартылған қаражаттарының жиынтығы.
Бүгінгі таңдағы банк ресурстары нарығының құрылуында көптеген ерекшеліктер бар деуге болады. Коммерциялық банктердің қызметінің тұрақтылығы үшін, ең бастысы, олардың баланстары өтімді болу керек, ал оның қамтамасыз етілуі, банктік ресурстар мен несиелік жұмсалымдар арасындағы көлемі және мерзімі бойынша тепе-тендіктің сақталуын талап етеді.
Банк ресурстары нарығының пайда болуымен қатар бағалы қағаздар нарығы қалыптасады. Сөйтіп банктер жаңа қызмет түрлері ретінде бағалы қағаздармен, факторинг, лизинг және басқа операциялармен тікелей жұмыс жасай бастады. Бұл, яғни банктің ресурстық құрамына тек қана ақшалай қаражаттар емес, сол сияқты тауарлы-материалдық құндылықтар және бағалы қағаздар кіреді дегенді білдіреді. коммерциялық банктердің ресурстарының бір бөлігі орталық банктен алған ресурстардан да құралады. Демек, коммерциялық банктер ерекше бір кәсіпорын ретінде делдалдық қызметке байланысты, банктік ресурстар нарығында ақшалай ресурстарды сатып ала отырып, оны қажет ететін кәсіпорынға, ұйымға және халыққа сатып отырады.
Сонымен, бүгінгі күні банктік қатынастарының тереңдеуі мен жандану жағдайы коммерциялық банктер ресурстарын мақсатқа сәйкес қалыптастыруды және тиімді пайдалануды талап етіп отыр. Осыған орай, банк ресурстарын қалыптастыру мен реттеу мәселелерінің ғылыми және тәжірибелік тұрғыда шешуді қажетсінуі дипломдық тақырыптың өзектілігін айқындайды.
Дипломдық жұмыстың мақсаты - банк ресурстарын қалыптастыру мен реттеудің қажеттілігін анықтай отырып, меншікті капиталдың базасын ұлғайтуға бағытталған ғылыми негізделген ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.
Осы мақсатқа жету үшін дипломдық жұмыста мынадай міндеттер қойылды:
- банк ресурстарының мәнін, атқаратын қызметі мен ролін экономикалық тұрғыдан сипаттау;
- меншікті капиталды қалыптастыру көздерін және капиталдың жеткіліктілік деңгейін анықтау әдістерін зерттеу;
- банктік ресурстарының қаржы-экономикалық көрсеткіштерге тигізетін ықпалын ашып көрсету;
- коммерциялық банктердің тартылған қаражаттарын жинақтауға кедергі келтіріп отырған факторларды анықтап, оларды шешу жолдарын ұсыну;
- Қазақстандағы банктер қызметінің тиімділігін және капиталдың жеткіліктілігін қамтамасыз ететін қаржы-экономикалық шараларды талдау.
Зерттеу пәні болып банктер қызметін қамтамасыз ететін ресурстық базаны қалыптастырудың теориялық және әдістемелік аспектілерін қарастыру.
Зерттеу объектісі ретінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ алынды.
Дипломдық жұмыс құрылымы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Дипломдық жұмыстың бірінші тарауында нарықтық экономикадағы банктердің атқаратын ролі және ресурстық құрылымы, банктің меншікті капиталын қалыптастыру қажеттілігі және оның негізгі көздері, екінші деңгейлі банктің тартылған қаражаттарын жинақтау тәсілдері теориялық тұрғыдан қарастырылады.
Дипломдық жұмыстың екінші тарауында нарықтық қатынастар жағдайындағы екінші деңгейлі банктердің ресурстарын қалыптастыру мен реттеудің негізгі бағыттары, банктің ресурстық базасын және оның қорлану көздерін қалыптастыруға әсер ететін факторлар, банктер қызметінің тиімділігін және капиталдың жеткіліктілігін қамтамасыз ететін қаржы-экономикалық шаралар бағаланып, талданады.
Дипломдық жұмыстың үшінші тарауында банктегі меншікті капиталдың жеткіліктілігін анықтау әдістемесін жетілдіру жолдары, банктердің ресурстық жағдайын мемлекеттік қадағалау мен нарықтық реттеу мәселелері қарастырылады.
Дипломдық жұмысты жазу барысында отандық және шетелдік экономист ғалымдардың еңбектері, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары, Парламенттің және Министрлер кабинетінің басқа да нормативтік құжаттары, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын жəне қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің заңнамалық актілері мен жылдық есептері, Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің статистикалық деректері, сондай-ақ ғылыми-практикалық конференциялар мен мерзімдік басылымдарда жарияланған материалдар пайдаланылды.
Банк жүйесі нарықтық экономиканың аса маңызды және ажырамас құрылымдарының бірі болып табылады. Банктердің және тауар-ақша қатынастарының дамуы тарихи тұрғыда қатар өрбіп, тығыз астасып жатты. Банктер халық шаруашылығының барлық басқару деңгейлерінің тыныс-тіршілігімен тікелей әрі күнделікті байланыста болды. Қайта өндіру процесіне қатысушылардың экономикалық мүдделерінің қанағаттандырылуы осы банктер арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда банктер қаржы делдалдары ретінде шаруашылық органдарының капиталдарын, халықтың жиған-тергендерін және шаруашылық қызмет процесінде туындайтын басы бос ақша қаражатын тартып, оларды уақытша пайдалану үшін қарыз алушыларға береді, ақшамен есеп айырысуды жүргізіп, экономика үшін өзге де қызметтер көрсетеді, сөйтіп өндірістің тиімділігіне және қоғамдық өнімнің айналымына тікелей әсер етеді. Соңғы кездері АҚШ және Батыс Европа ғалымдары мен экономистері белсенді түрде дамытып келе жатқан қаржы делдалдығы теориясы банктердің нарықтық экономикадағы рөлі жайлы неғұрлым толық мағлұмат береді. Осы теория бойынша қаржы нарығына қатысушылардың сан алуан түрі үш топқа шоғырландырылады: ақша қаражатын берушілер (фирмалар, компаниялар, үй шаруашылықтары, Үкімет), оны пайдаланушылар (фирмалар, компаниялар, үй шаруашылықтары, Үкімет, жеке тұлғалар) және қаржы делдалдары (банктер, сақтандыру компаниялары, зейнетақы, инвестиция қорлары және т. б. ) . Қаржы делдалдары сөйтіп қоғамға ақша капиталының салааралық, аймақаралық қайта бөлу тетігін қамтамасыз ете отырып, маңызды халық шаруашылығы функциясын орындайды.
Банктер нарықтық экономикадағы маңызды қаржы делдалдары болып табылады. Өз қызметі процесінде олар ақша нарығында тауарға айналатын жаңа талаптар мен міндеттемелер туғызады. Мәселен, клиенттердің салымдарын қабылдай отырып, банк жаңа міндеттеме-депозит жасайды, қарыз бере отырып қарыз алушыға жаңа талаптар қояды.
Жаңа міндеттемелер мен жаңа талаптар туғызудың осынау процесі қаржы делдалдығының негізін құрайды. Қаржы ресурстарының кредитордан қарызшыға қозғалысы, орын ауыстыруы, құйылуы және онымен байланысты қаржы институттарының қызметі қаржы делдалдығы деп аталады.
Түрлі көздердегі ақша капиталын жинақтай отырып, банктер ақша қаражатының дерексіз жалпы «жиынтығын» жасайды, оларды жұмыс істейтін капиталға айналдырады және түрлі жағдайларда кредитке деген талаптарды орындай алады.
Шаруашылық ұйымдары, халыққа қаржы-кредиттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру мен кредит жүйесінің жұмыс істеуі шаруашылық құрылымдарының дамуында аса маңызды рөл атқарады. Кредит-қаржы механизмінің тиімділігі мен кідіріссіз жұмыс істеуіне жекелеген шаруашылық бірліктерінің уақтылы қаржы алуы ғана емес, сондай-ақ жалпы алғанда елдің экономикалық даму қарқыны да байланысты болады.
Нарықтық экономикада банктер монополистерге айналып, барлығы дерлік қаржы капиталына иелік жасайды. Олар делдалдық қызмет аясынан шығып, қайталама өндірістің барлық фазаларының өрісіне енеді. Кредит жүйесін «ерен күші» бар әрі «нақты өндіріске аса бір қатерлі түрде араласуы мүмкін» деп сипаттаған болатын саяси экономия классигі К. Маркс. Тағы бірде Маркс «Англия банкі сияқты мекеменің сауда мен өнеркәсіпке деген зор билігіне» назар аударады. Банктер шаруашылық өмірдің орталықтарына, бүкіл экономиканың басты күретамырына айнала бастады.
Банк жүйесінің мақсаттары мен міндеттері негізінен алғанда экономиканы басқарудың мақсаттары мен міндеттерімен барабар. Алайда, банктер басқарудың кіші жүйесі ретінде экономиканы басқарудың жалпы мақсатына жетуді қамтамасыз ететін өзінің арнайы жеке міндеттерін орындайды. Экономиканы басқару органы ретіндегі банктердің рөлі олардың өз функцияларын орындауы және банк ісін ұйымдастырудың жалпы принциптерін сақтауы барысында көрініс табады.
Экономиканы басқару процесінде банктер экономикалық қатынастарды білдіретін басқарудың экономикалық әдістерін пайдаланады, ал әрбір жеке қоғамның экономикалық қатынастары өндірістің мақсаты, оның қозғаушы факторы болып табылады. Оларға мұндай түсініктен сұраныстарды қанағаттандыру арқылы әсер етуге болатындығы көрінеді. Банктер басқарудың экономикалық әдістері, мәселен, кредиттеу арқылы экономиканың түрлі буындарының қарыз қаражатқа деген сұраныстарын түрлі кредиттермен немесе қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жүзеге асыру арқылы экономиканың толассыз жұмыс істеуі жөніндегі сұраныстарын қанағаттандырады, қоғамдық өнімнің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Кредиттерді уақтылы қайтармағаны үшін жоғары пайызды, төлемдерді ұзартып алғаны үшін айыппұлды, есеп айырысу операцияларын жүргізу ережелерін бұзғаны үшін айыпақыны төлеттіре отырып, банктер тек өз мүдделерін ғана қорғап қоймайды, сондай-ақ осы операцияларға қатысушылардың мүдделерін де қорғайды.
Банктер өз функцияларын орындау барысында функционалдық (экономикалық), салалық (министрліктер, ведомстволар, компаниялар, фирмалар) және аумақтық (жергілікті органдар) басқару органдарымен бірлесе жұмыс істейді.
Банктер экономикалық басқару органдары болып табылатындықтан, олардың өз клиенттері алдындағы жауапкершілігі де экономикалық сипатқа ие.
Банктердің экономикалық жауапкершілігі меншік түрі мен ведомстволық қатыстылығына қарамастан олар қызмет көрсететін шаруашылық органдарының шаруашылық және қаржылық қызметінің нәтижелеріне байланысты. Банктердің төңірегіне оларға тәуелді немесе өздері қайсыбір банктердің қызметін айқындап отыратын фирмалар мен компаниялар топталады. Мұның соңғылары теңбе-тең жағдайда пайданың түсуін қамтамасыз ететін, өздері және өз клиенттері үшін неғұрлым тиімді операцияларды ұйымдастыратын қажетті кредит саясатын жүргізеді.
Банктер өзге басқару органдарында болмайтын ағымдағы ақпаратқа ие. Ең әуелі бұл қызмет көрсететін клиенттерінің негізгі қызметіне қатысты ақпарат болып табылады. Есепте жалақы, өнім берушілер мен бюджетке төленетін төлемдер үшін қаржының болмауы, банк кредиттерінің қайтарылмауы осы есеп иелерінің жұмысындағы қырсыздық туралы объективті ғана емес, суыт та ашық ақпарат саналады. Есепке ақшаның түсуі өнім берушінің тиелген тауары сатылды дегенді және т. б. білдіреді. Банк деректері бухгалтерлік есептің түзілуін тоспай-ақ кәсіпорын қызметінің көптеген маңызды жақтары туралы пікір қалыптастыруға, нәтижелерді алдын ала көріп-білуге мүмкіндік береді. Мұның өзі банктердің өз клиенттерінің жағдайы туралы дәлме-дәл деректі біліп отыруын, оларды бақылап, болашақта алатын кірісті болжауын жеңілдетеді.
Ақша айналымы біртұтастықпен ерекшеленеді. Қолма-қол және қолма-қол ақшасыз формалардағы ақша айналымы бір ғана ақша бірлігімен жүзеге асырылып, бір-бірімен тығыз байланыста болады. Банктер кәсіпорындардың, ұйымдар мен халықтың есептерін жүргізу арқылы жиынтық ақша айналымына, сол арқылы шаруашылық процестердің барысына бақылау жасайды және осы процестерге әсер етеді.
Банк жүйесінде қоғамның барлық ақша қорлары: мемлекеттің қаржысы, шаруашылық буындарының қаражаты, халықтың жиған-тергені және т. б. шоғырланған. Банктер осы қорларды қалыптастыруға белсенді түрде ат салысып, олардың пайдаланылуына бақылау жасайды, ақша айналымын реттейді және сөйтіп, қайталама өндіріс процесінің барысына әсер етеді.
Қазақстан экономикасының нарыққа көшуіне байланысты Банктердің алдынан жаңа көкжиектер ашылды. Жекешелендіру және меншікті мемлекет иелігінен алу нәтижесінде жекеменшік, меншіктің ұжымдық және акционерлік формалары, кооперативтік қозғалыс кеңінен қанат жайып, аралас меншік негізіндегі кәсіпорындар құрылды. Шаруа қожалықтары, олардың бірлестіктері, жалгерлер және жеке еңбек қызметімен айналысушы тұлғалардың саны өсті.
Кәсіпкерлер, коммерсанттар пайда болып, тиісінше қоғамда ауқатты тап бой көрсете бастады. Экономика мен қоғамдағы нарықтық қатынастардың дамуына орай банктердің экономикалық рөлі күшейе түсті. Олардың жұмысында әкімшілік-әміршілік тәсілдердің орнына алдыңғы қатарға экономикалық әдістер шықты. Экономикада банк әсерінің құндық құралдарының мәні арту үстінде.
Осындай жағдайда экономикадағы инфляцияны кемітіп, оны нарық жолына түсіруде, ең әуелі меншікті жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алуда банктердің рөлі орасан өсіп отыр. Бұл орайда банк жүйесінің аса маңызды міндеті кредит тетігін, ақша айналымын реттеу тәсілдерін жетілдіру, есеп айырысуды жеделдету және төлем тәртібін сақтау болып табылады.
1993 жылғы 15 қарашадан бастап республика өзінің ұлттық валютасы теңгені енгізді. Алайда инфляция жалғаса берді. Оның шыңы 1994 жылдың шілдесімен тұспа-тұс келіп, инфляция 46% болды. Үкімет пен Ұлттық банк қолданған монетарлық шаралардың нәтижесінде шілденің соңына таман инфляция кеміп (25%), сол жылғы тамызда 13, 5%-ға және қыркүйекте 10, 9%-ға тең болды [11] .
Инфляцияның кемуі нәтижесінде қайта қаржыландырудың мөлшерлемесі 300-ден 250%-ға және кредит ресурстарының аукциондарындағы пайыз мөлшерлемелері 460-тан 280%-ға дейін төмендеді, яғни кредит төлемі шынайы нарықтық болып, сұраныс пен ұсыныстың негізінде айқындалды. Теңгенің ресми және бейресми бағамдарының бір-біріне жақындау тенденциясы бой көрсетті. Аукциондарда қысқа мерзімді қазынашылық вексельдерді сату көлемі өсті. Инфляцияның кемуіне Ұлттық банктің директивалық кредиттерді беруден бас тартуы оң әсер етті, бұл кредиттер әзірге агроөнеркәсіптік кешен үшін сақталып қалуда. Кредит ресурстары аукциондарда сатылуда.
Ұлттық банк Үкімет шығындарына кредит беруді барынша шектеуде. Осы шаралардың бәрі ұлттық валютаны тұрақтандыру және инфляцияны кеміту үшін жағымды нәтижелер беруде.
Мемлекеттік меншікті реформалауда банктердің рөлі өлшеусіз. Банктердің активтері мен пассивтерінің сапасы қызмет көрсететін клиенттерінің қаржылық жағдайымен толықтай байланысты. Сондықтан банк реформасы мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру процесінен тысқары жүргізіле алмайды. Міне, сондықтан да банк реформасының аса маңызды міндеттерінің бірі кәсіпорындарды жекешелендіруге қолдау көрсету және экономиканың жекеменшік секторын құру болып табылады. Тиісінше, банк реформасы мемлекеттік меншікті жекешелендіру мүдделеріне бағындырылуы тиіс. Олай болмаған жағдайда банктер нашар кредиттерден, шығынды клиенттерден арыла алмайды, себебі сол кезеңде көптеген мемлекеттік кәсіпорындардың кредиттік қоржынының сапасы төмен болатын.
Банк реформасы жекешелендірілетін кәсіпорындарды қайта құруға және шығынға ұшыраған ірі кәсіпорындарды таратуға немесе қайта құруға өз үлесін қосуы тиіс. Мұның өзі төлем қабілеті жоқ, шығынға ұшыраған кәсіпорындарды кредиттеуге шектеу қойып, өміршең кәсіпорындарды кредиттеуге жол ашады. Шығынға ұшыраған ірі кәсіпорындар өміршең кәсіпорындардан бөлініп шығып жаңадан құрылған Даму банкіне берілуі тиіс. Осылайша нашар, әрекетсіз кредиттердің өзге банктерде жинақталуына жол берілмейді.
Банк реформасы инвестициялық қорлардың рөлін көтеруге және Демеуші банк құру арқылы жекешелендірілген кәсіпорындарды қайта құруға әсер етті. Инвестиция қорларының, Демеуші банктің рөлі жекешелендірілген және шығынға отырған ірі кәсіпорындарға корпоративтік басшылық жасауды күшейтуден көрініс тапты. Мұның өзі жекешелендіру бағдарламасының мақсаты болып табылады. Инвестициялық қорлар жекешелендірілген кәсіпорындарды сатуға қатыса және олардың борыштарын акционерлік капиталға айырбастай алады, яғни меншік құқығы жеке қолға көшеді.
Кредит жүйесінің төменгі буыны халық шаруашылығына тікелей қызмет көрсететін және коммерциялық негізде қаржы қызметінің кең ауқымын көрсететін дербес банк желісінен тұрады. Бұлар коммерциялық банктер деген жалпы атаумен банк заңнамасына сәйкес бірігетін коммерциялық, кооперативтік және жекеменшік банктер.
«Коммерциялық банк» термині банктер негізінен алғанда саудаға, тауар алмасу операциялары мен төлемдерге қызмет көрсеткен банк ісі дамуының алғашқы кезеңінде пайда болған. Негізгі клиентура саудагерлер («коммерциялық» деген атау осыдан келіп шығады) еді. Алайда өнеркәсіптің және басқа да салалардың дамуына байланысты банктер экономиканың өзге сфераларында да қызмет көрсете бастады, кейіннен банк атауындағы «коммерциялық» термині өзінің бастапқы мәнін жоғалтты. Ол енді банктің «іскерлік» сипатын, қызмет тегіне қарамастан шаруашылық агенттерінің барлық әрекет түрлеріне қызмет көрсетуге бағытталғанын көрсететін болды. Коммерциялық банктер - нарықтық экономиканың кәсіпкерлік практикасында нақты қаржы операциялары мен қызметтерінің көпшілігін орындайтын кредит мекемелерінің ертеден келе жатқан ең бұқарашыл тобына жатады.
Бүгінгі таңда коммерциялық банк өз клиенттеріне 200-ден астам алуан өнім мен қызмет түрлерін ұсынуға қабілетті. Операциялардың осыншалық кең әртараптануы коммерциялық банктерге өз клиенттерін сақтап қалуға және қолайсыз деген конъюнктураның өзінде пайдаға шығуға мүмкіндік береді.
Қайсыбір операцияның шығындары осындай қиын ахуалда қолайлы жағдай тапқан өзге операциялардың пайдасымен жабылып отырады. Нарықтық экономикасы бар елдердің барлығында коммерциялық банктердің кредит жүйесінің басты операциялық буыны болып қалуы тегін емес. Олар кредит-ақша рыногының құбылмалы жағдайларына жеңіл көндігуге қабілетті екендіктерін көрсетіп отыр.
Депозиттік-ссудалық операцияларды орындай отырып, коммерциялық банктер барлық мүдделі жақтарға нақты пайда әкеледі. Салымшылар өздерінің депозиттерінің айналым құралдары және өтімді активтер функциясын орындағанын, кей жағдайларда пайыздық пайда әкелгенін кәдеге жаратады. Займшылар ссуданы әжептәуір ұзақ уақыт кезеңінде пайдаланады. Жекелеген ұсақ салымшылардың көпшілігі банкке азын-аулақ ақша сомасын қамшының сабындай қысқа уақытқа салуға ниеттенген жағдайдың өзінде осындай дәрежеге жететін еді Коммерциялық банктер болмаса ірі фирмалардың ешқайсысы уақытша бос ақша қаражаты бар ұсақ фирмалардың займшылары ретінде іскерлік операцияларды жүргізе алмас еді.
Әлбетте, банктер де бұл операциялардан пайда көреді, Олар ссудаларға салымдар бойынша төлейтіннен неғұрлым жоғары пайыз қойып, табыс табады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz