Кеңес дәуіріндегі айтыстар


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе

Негізгі бөлім

1 тарау Ақындар айтысындағы әзіл-әжуа

1. 1 Қағысу мен қайымдасу

1. 2. Кеңес дәуіріндегі айтыстар

II тарау Жаңа заман айтыстары

2. 1. Телеайтыс және ондағы сатира

2. 2 Кейінгі кез айтыстарындағы юмор мен сатира

Қорытынды

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Көшпелі тұрмыс пен ұлттық салт-сана дарытқан айтыс өнеріндегі сатираның сипаты күрделі. Ол күрделілік сан қырлы өнер түрлерінің жиынтығынан тұратын айтыс секілді синкретті өнердің көркемдік, ғылыми, публицистикалық сипаттарынан қоғамдық-рухани өмірде атқаратын қызметтерінен туындайды. Сатираның айтыс шығармаларынан алатын орнын анықтау айтыстың сан қырлы табиғатына тікелей байланысты. Біз осы жұмысымызда басы ашылып нақтыланбаған айтыс өлеңдеріндегі сатира мен юмор мәселелері жайлы ой қозғауға талпындық.

Жаһан халықтары мәдениетінің тарихына үңілсек юмор мен сатираға мысалды көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Еуропа халықтарындағы орта ғасырларда, тіпті, одан әріректе де болыпты делінетін күлдіргі өнершілер - сайқымазақтар, шпильмандар, шуттар; орыс-славян жұртындағы скомарохтар, елкезбелер; ал шығыс халықтары фольклорындағы кейіпкерлер қатарына араптың Джухасын, парсының Бахуласын, түріктің Базаралысы мен тәжіктің Мүшфихасын, сондай-ақ түркі халықтарындағы қоғамдық сипат алған Қожанасырдың типтік образын қоса атау орынды болмақ.

Ауыз әдебиетінің өрісі кең, арқалайтын жүгі мол. Арналы саласының бірі - суырыпсалма ақындық өнердің жемісі болып табылатын ақындар айтысындағы әзіл-қалжыңның, юмор мен сатираның алуан сипатын іздеп табу, оның салмағын айыру үшін айтыстың әр түрін жеке-жеке әрі жіті қарастыруымыз керек.

Әлем халықтарының сын-сықағына үңіле қарасақ, қай халықтың болмасын сын-садағына нысана етіп алған қалжыңдары тақырыбы жағынан, кейіпкерлері мен көздеген идеялық мақсаты жағынан бір-біріне ұқсас, тіпті кей жағдайларда бірдей де болып кездесе береді. Бірақ сол ұқсас тақырып пен мазмұнды, кейіпкерлер мен типтерді күлкіге айналдыруда, әзіл-әжуа етуде әр халықтың өз үні, өз бояу болады. Қазақ халқының жан-дүниесін, танымын, түйсік-сезімін танытатын - оның әзіл-қалжыңы, сын-сықағы, ойын-оспағы, әжуасы.

Халық күлкісі, халық әзілдері дегенде басты қадап айтатынымыз халқымыз ойсыз айтылған оспаққа, әрсіз әзілге, анайы, ажарсыз ойға, сауатсыз айтылған сөзге орынсыз күле бермеген. Ол әуелі күлер, күлкі етер жайлардың парқын пайымдап, ой таразысына салып, содан кейін ғана оған деген өзінің қатынасын білдіріп отырған. Өйтпеген күнде, халық мағынсыз күлкіге жирене қараған, тіпті, ондай бей-берекет күлкі иесі жұрт алдында өзі масқара болары да бар. «Әзіл апат келтіреді», «Әзілдң де зілі болады», «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деген мақалдар осыны меңзеп тұрғандай. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп жазған Абайдың: «Әрбір кісінің жаман қылығына күлсең рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл» - деген даналық ой-пікірі де әзіл сөзде қаншалық салмақ тұрғанын көрсетеді, күлкінің қадір-қасиетін түсіне білуге, бағалай білуге шақырады. [1]

Халық қоғамдық өмірдегі озбырлыққа, қиянатқа қарсы әділ үкімі, дұрыс сынын көбіне-көп өзінің көкейінен жарып шыққын юморы мен сатирасы арқылы білдіріп отырған. Халқымыздың сол әзіл-қалжыңдарынан қоғамдық өмірдің барлық аспектілеріне жауап табуға болады.

Бүкіл қоғамға тән әлеуметтік мәселелерден бастап, адамдардың жеке басындағы, мінез-құлқындағы кемшілік-мінді, іс-әрекетіндегі жарамсыз-жағымсыз көріністерді халық өзінің назарынан тыс қалдырмаған. Бұл сипат айтыста ерекше көрініс тауып отырған. Сондықтан айтыстағы сатира мен юморды зерттеу диплом жұмысының тақырыбының өзектілігін айқындай түседі.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сан қырлы жанр ақындар айтысы туралы түйінді тұжырым айтып, мән - маңызына тоқталмаған зерттеуші ғалымдар, әдебиетшілер кемде-кем. Қазақ ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларының, соның ішінде айтыс өлеңдерінің де ең алғаш баспа бетін көріп жеке жинақ, немесе түрлі газет-журналдарда, хрестоматияларда жарыққа шығуы да XIX ғасырдың екінші жартысынан басталды.

Ал, айтыс жанрын қазақ ғылымында арнайы зерттеу А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, М. Қаратаев, З. Ахметов, Т. Нұртазин, М. Базарбаев, М. Байділдаев еңбектерінен бастау алып, қазіргі кезеңде Р. Бердібай, Т. Кәкішев, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, М. Жолдасбеков, С. Садырбаев, Ы. Дүйсенбаев, Қ. Сыдиқов, Қ. Өмірәлиев, Х. Сүйіншәлиев, М. Жармұхамедов, Қ. Жүсіпов, Е. Тұрсынов, С. Негимов, Ж. Тілепов т. б. ғалымдар еңбектерінен жалғасын табуда.

М. Әуезов ақындықтың суырыпсалмалық өнердің көне көздері батырлар жыры мен сонау ертедегі тұрмыс-салт жырларынан бастау алатынын айта келіп «мезгілінде жазылып қалмағандықтан, қазір біз XVI-XVII-XVIII ғасырлардағы ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз», - дейді [2] . Бүгінде аты белгілі Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Құлмамбет, Бақтыбай, Жамбыл сияқты ақындарының 12-13 жасынан бастап өмір бойы серік еткен негізгі жанры көбінесе айтыс болуы осыны аңғартады. Атақты ақындардың ірі айтыстарынан басқа әртүрлі ойын-сауық, ас пен тойда, айт пен мерекеде өткен үлкенді-кішілі әзіл-күлкілі айтыстарда сан жоқ. Сондықтан атағы беймәлім ақындар мен айтыскерлер туғызып кеткен, бірақ хатқа түспей қалған айтыс өлеңдерінің саны, көлемі қаншалық мол болғанын, ұшан-теңіз мұра жасағанын болжау қиын емес.

Қазақ әдебиетінде айтыс өнері, айтыс жанры туралы тың мәселе көтеріп, жинақтап пікір айтқан - жазушы С. Мұқанов. Ол ақындар айтысын бес жүйеге бөледі де, айтыстың XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихындағы орнына, маңызына айрықша тоқталады [3] . Ал біз нысанаға алып отырған сатира мен юмор тікелей айтысқа қатысты болмаса да басқа жанрлық негізде зерттелді. Бұндай зерттеулердің қатарында Т. Қожакеев, М. Тілеужанов, А. Мұсаев, Ж. Әбілев еңбектерін атаймыз. Сондай-ақ сатира теориясына қатысты жазылған орыс ғалымдары Я. Эльсберг, Б. В. Томашевский, В. М. Жирмунский, М. Бахтин, У. А. Гуральниктің, Ю. Боревтің еңбектері бар.

Ал айтыстағы сатира мен юмор мәселесін Б. Имашев өзінің диссертациясында жан-жақты қарастырған болатын [4]

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты - айтыс жанрындағы сатира мен юмордың орнын, үлес салмағын, қолдану тәсілдерін анықтау. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:

  • айтыстардағы әзіл-әжуаның идеялық-көркемдік маңызын анықтау;
  • ақындар айтысындағы әзіл-әжуаның қолдану тәсілдерін, өзіндік мәнін саралау;
  • юмор мен сатираның айтыс жанрының ролін арттырудағы өзіндік қызметі жайлы ой қорытып, тұжырымдар жасау;
  • айтыстағы сыни сипат, астарлы ой, шеберлік, әзіл-қалжыңның, мысқыл-әжуаның поэтикалық салмағын зерделеу;
  • айтыс өлеңдеріндегі әлеуметтік мазмұн және өткір мәселе көтерудегі ақындардың сатиралық әдіс-тәсілдерді қолдануы туралы ой қорыту.

1 тарау Ақындар айтысындағы әзіл-әжуа

1. 1 Қағысу мен қайымдасу. Қазақ мәдениетінің тарихында да, әдебиетінің тарихында да XIX ғасыр ерекше бір кезең. Бұл кезеңнің жемісі мол, бағыт-бағдары қалыптасып ерекше теңдесі жоқ шырқау биікке көтерілген шағы болып саналады. XIX ғасырда қазақ халық ауыз әдебиеті түрлі салада кемелдене түсті, әр салада өсу, көркею байқалды. Әсіресе, айтысқа түскен ақындардың біразы өнердің биік сатысына көтерілді. Мүнымен бірге жазба әдебиеттің де іргесі қалана бастады. Қазақ ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларының, соның ішінде айтыс өлеңдерінің де ең алғаш баспа бетін көріп жеке жинақ, немесе түрлі газет-журналдарда, хрестоматияларда жарыққа шығуы да XIX ғасырдың екінші жартысынан басталды.

Бұл дәуірдегі ақындық поэзия туралы М. Мағауин: «XIX ғасырда дәстүрлі ақындар поэзиясы халық арасында айырықша кең тыныс тапты. Жанақ, Орынбай, Арыстанбай сияқты суырыпсалма ақындар бүкіл қазақ даласын өлең-жырға толтырды, тек туған жұртына ғана емес, сахараға ат ізін салған орыс және еуропа ғалымдары мен оқымыстыларына да кеңінен танылып, көшпенділердің ақындық өнерінің жайсаң тұлғалары ретінде мәшһүр болды. Жетісуда Сүйінбай өзінің отты да өткір жырларымен бұқарашыл ақын ретінде көрінсе, түстікте Майлықожа шығыс үлгісіне бейім назым жырға машығады. Ал Сыр өңірінде көне жыраулық және ақындық поэзияның құрыш қорытпасындай Базар жырлары өріс табады» - деп сипаттама береді [ 5, 17б]

«Көпшілік жиналған отырыстарда қыз бен жігіттің немесе қатар құрбының бір-екі ауыз әзіл аралас тапқыр өлеңінің өзі елді ерекше серпілтіп, көңілдендіріп тастайтынын екінің бірі біледі. Ал бір ауыз ұтқыр өлең айта білгеннің өзі қабілеттілікке жатады. Қайым өлеңде әріптесіне бір шумақ сөз таба алмаған адам үлкен, ұзақ айтысқа ешқашан бара алмайды. Сондықтан, қайым өлеңдер күллі айтыс өнерінің бастауы болып табылады» [6, 183 б. ]

«Татымды жыр, айшықты айтыстар кең сахараның қай бұрышында болса да өз тыңдаушысын тауып отырған. Мұны зер сала жаттап, халыққа таратушылар да осы үлгідегі ақындар. Әйтсе де әр ақын кез-келген жырды талғаусыз жаттап, жая бермеген. Әрбір ақынның сүйікті ұстазы болады да, соларды айрықша құрмет тұтып, кең насихаттап отырады», - деп жазады М. Жармұхамедов [7, 154 б. ] .

Тұрмыс-салт жырларында кездесетін айтыстың көне формалары бүгінгі арналы ақындар айтысының бастауы, қайнар көзі екені белгілі. Осы үлгілерді дамыта келе көшпелі халқымыз қайым айтысты тудырған. Қайым айтыстың негізгі шарты - айтысты бастаған қарсыластың айтқан өлеңінің ұйқасын бұзбай, алғашқы екі жолын мағыналық тұрғыда ғана сәл өзгертіп, немесе сол қалпында сақтап соңғы екі жолында жауап қайтару. Қайым айтыс - нағыз суырып салмалықты, шапшаңдық пен тапқырлықты басты талап қылып, жедел ой қорытып, салмақты жауап қайтаруды қажет ететін айтыстың ең қызық түрі. Сондықтан да болар қайым айтыс формасы XIX ғ айтыстарда да, бүгінгі телеайтыстарда да әлі жалғасып келеді.

Жұрт жиі бас қосатын ас-тойларда көпшілік жастарға қайым айтыңдар деп қолқа салатын болған. Ондай сәттерде бойында ақындық қабілеті бар жас бозбалалар мен бойжеткендер қайым айтысты бастап кетсе, кейде суырыпсалатын өнері болмаған жастар ел аузында айтылып жүрген жаттанды қараөлеңдерді айтып жарысатын болған. Темірбек Қожакеев былай деп жазады: «Тұрмыс-салт жырларының жар-жар, бәдік сияқты көне айтыс түрлерінен беріректе қыз бен жігіт айтысы келіп шыққан. Қыз бен жігіт қақтығысы шапшаң жауаптасып, бір-бір шумақтан қайтарылып отыратын, диалог ретіндегі қайым, түре айтыс түрінде келеді. Міне, айтыстың осы түрінде бүрынғы жар-жар, бәдіктегі кездесетін әзіл- қалжың, сын-сықақ жаңа белең алады, түрлене түседі. Қыз бен жігіт әрі бірін-бірі жеңу, әрі жұртты күлкіге кенелту ниетімен сөзбен шалуға, кекетіп- кемсітуге көп бой ұрады» [8, 200 б. ]

Ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің бірі болып табылатын қараөлеңді ел аузынан жинап, жеке кітап етіп бастырған ақын Оразақын Асқар өзі құрастырған кітаптың алғысөзінде: «Ауыз әдебиетінің ең әріден келе жатқан түрлерінің бірі айтыс десек, ол да осы қара өлеңнің бел баласы. Айтыс алуан себептерге байланысты әр түрлі жағдайларға байланысты әр түрлі жағдайларда өтеді. Соның бірі екі-екіден жүптасып, ер-әйел болып, төрт кісі бірігіп қара өлеңмен айтысу . . . дауыстарының үйлесіміне қарай екі жігіт, екі қыз немесе қос келіншектен - төртеуі екі жұп болып, бір-біріне қарсы қарап, бірі бастаушы, екіншісі қостаушы болып отырысады . . . қос-қостан жұптасып айтуды растайтын дәлел қараөлеңнің өз бойында да сақталған.

Өлеңде шабыс та бар, желіс те бар,

Жеңіліс топ алдында жеңіс те бар.

Қиыннан қиыстырып тауып айтар,

Аузында қос қалқаның «періште» бар»,

-деп жазады [9, 6 б. ] .

Демек екі-екіден бөлініп қайым өлең айтысу ежелден келе жатқан айтыстың бір үлгісі деп түйіндейміз.

Қазақ халқы сын-сықақ, әзіл-оспаққа икемді екенін ертеден-ақ танытқан. Бір ғана күлкіге қатысты әр түрлі күлкінің атауларына қарап-ақ, халқымыздың күлкішіл, әзілкеш, қалжыңбас болып келгенін байқаймыз. Қазақтағы қалжыңның өзі жезде мен балдыз, жеңге мен қайын, қыз бен бозбала, нағашы мен жиен, сол сияқты бажалар әзілі, құрдастар қалжыңы деп тарау-тарауға бөлініп жатады. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген мақалды тек қалжыңды күлкі үшін емес үлгі-өнеге үшін, жаманнан жиренуді көздеген халық шығарғаны анық. Әзіл-қалжың көңіл көтерумен қатар, пікір тапқырлығы, ой ұшқырлығы, шешендік секілді қабылеттерді ұштайтын құрал ретінде жастар тәрбиесінде елеулі орын алған.

«Шынында да сатира халқымыздың бүкіл өмірімен біте қайнасып, қанау мен тонауға, әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы күресінде ең айбынды қару болып келді. Ол қуанып күлсе де, қайғырып күңіренсе де сатира онымен бірге жүрді, қасында болды. Демек, сатира - қазақ халқының әр кездегі салт-санасының көрінісі, күрес жолының елесі, белгілі бір халықтың ішкі дүниесі, жан сыры оның күлкісінен айқын көрінеді дейтіні де сондықтан» [8, 28 б. ]

Қайым айтыстарда көбіне қыз бен бозбала әзілдеседі. Десе де, «Кемпір мен шал», «Жеңгесі мен қайнысы» секілді қайымдар да жоқ емес. Сәбит Мұқанов қайымдасудың қыз бен бозбала өлеңмен әзілдесуі деген анықтама беріп, оған мысал ретінде Күйкентай мен Оспантайдың және Омарқұл мен Тәбияның айтысын талдайды [3, 36 б. ] . Демек, әйел мен еркектің сөз жарыстыруы «қайымдасу» деп аталса, ер азаматтардың арасында болған өлең сайысы «қағысу» деп аталады.

Айтыс демократиясының тағы бір қыры айтысқа түсетІн екі ақынның атақты-атақсызы, жынысы, әлеуметтік тобы, жас мөлшері есепке алынбайды. Осы талапқа сай дүбірлі ірі айтыстарға бұрын топтан озып сыналған танымал ақындармен қатар, бала бүркіт, жаңа талап жас ақындар да қатысатын болған. Осындай жекпе-жек сөз сайысы үстінде ақындар бір-бірін аяусыз сынап-мінеп, шарқ ұрып, сан қилы әдіс-айла қолдану арқылы жеңіске жетудің жолын қарастырады, қапысын тауып, қарсыласының ең бір әлсіз, жанды жеріне тиіп, сөзбен буып, бұлтартпастай тізе бүктіруді көздейді. Сондықтан да бүл өнер сайысы бетпе-бет келіп бәсекелі айтысқа түскен екі ақынның да суырыпсалма өлеңге жүйрік, ақпа-төкпе дарынымен қатар, өз заманының тоқығаны мол, зерделі де зерек адамдар болуын талап етеді. Осы себептерден айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның бірден бір өнерін танытып, ақын деген киелі есімді беретін өнер мектебі саналып келгенін С. Мұқанов өз еңбегінде айтқан болатын [3, 17 б. ] . Тіпті, жаңа талап жас ақынның өзі аты әйгілі жүйрік ақыннан кейде тосылып жеңілсе де, сол оқиғадан соң оның аты көпке жайылып, жалпақ жүртқа танылатын болған.

Айтыстағы жас мөлшерінің есепке алынбайтынын Шөже мен баланың қағысынан көреміз. Шөже ақын Алтай елінде ағып тұрған ақын бала бар деп естіп, жол жетекшісі екеуі арнайы іздеп келеді. Баланың өзінің басы таз, әкесі ақсақ, шешесі соқыр екен. Қой жайып жүрген баланы өлеңмен сынамақ болып Шөже бір ауыз өлең айтады:

Басыңда таз тақияң кішкене екен,

Қолы сынғыр бір олақ пішкен екен.

Әкең ақсақ болғанда, шешең соқыр,

Құдайым қыр соңыңа түскен екен, -депті, сол сәтте бала да іркілместен:

Әзілдесіп қалайық әзіл сөзбен,

Өлсек орап қояды мата бөзбен.

Ел ақтап бұл Алтайға келіп едің,

Не таптың екеуара жалғыз көзбен? - дегенде Шөже жанындағы жетекшісіне: - Сенің көзің де мүкіс пе еді, - деп, сөзден ұтылғанын мойындаған екен [10] .

Адамның кескін-келбетіндегі, дене мүшелеріндегі кемшіліктерді айтып, сөзбен түйреген айтыс үстінде айыпқа салынбайды. Мысалы, Шөже ақынның соқырлығын онымен айтысқан барлық ақын бетіне басқан. Бірақ, Шөженің осы мінінің өзін артықшылыққа балауы, оның тапқырлығы мен ұтқырлығын, ақылды әзілге жүйріктігін көрсетеді. «Соқыр қылды құдайым көрмесін деп, Жамандықтың соңына ермесін деп», - деген сияқты ұтымды уәжбен қарсыласынан артық екенін баян қылады. Шөже ақынмен айтысқан Орынбай ақын жасы кіші болғасын:

Дегенде дауыл соқты, тына қалды,

Алтынды таспен өлшеп сынап алды.

Кемтарсың, жасың үлкен, аяймын ғой,

Әйтпесе берер едім сыбағаңды, -дегенде, Шөже:

Орынбай, мен сезімтал, сен көреген,

Сонда сен сыбағама не берер ең?

Бірін бер екі көздің мені аясаң,

Бір басқа жалғыз көз де жетер деген!

-деп буып тастайды. Мұнда Шөженің сатирасы тым уытты болып келген. Сенің көзің көреді дегенді мысқылмен «сен көреген» деп, алысты, болашақты болжай білетін әулие, көрегенге теңеп мысқылдайды. «Әдетте, ақындар айтысында үлкен мен кіші арасында әншейінде айтылмайтын шәлкем-шалыс сөздер айтыла береді. Оны халық айып көрмейді», - деп жазады Қ. Сыдиықүлы [11, 120 б. ] . Айтыс үстінде айтылған мүндай сөздерді ақындар да ауыр санамайды. Оған айтыстың бір шарты деп қарайды.

Қазақтың төл өнері суырыпсалма ақындар айтысына сөз өнері ретінде емес, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ретінде қарасақ ұлттық болмысты, рухты, қалыптасқан игі сананы, этниқалық менталитетті осы айтыс дәстүрінен айқын аңғарар едік. Айтыс - ұлттың салт-дәстүрі тудырған өнер. Өнердің өзі тудырған дәстүрлер болуы мүмкін. Бірақ ол дәстүрден гөрі әдетке, салттан гөрі шартқа ұқсауы мүмкін. Ал ұлттар мен ұлыстардың, көшпенді этностардың дәстүрінен, өмір сүру заңдылықтарынан, салт-санасынан туындаған өнер түрлерінің шынайылығы, тазалығы һәм мөлдір тұнықтығы көзге ұрып, көңілге тұнып түрады.

«Ақындар айтысы - бұрын ең демократияшыл жанр болған. Әр ақын үлкен-кіші демей айтыса берген. Жеңіл қақтығысу, әзіл-қалжың айтысу әрбір ойын-сауықтың салтына айналған. Ауылдың алты ауызы мен қонақ кәделерінің айтысқа ұласып кете беретіні де аз болмаған. Бұл - жалпы айтыс жанрының қазақ тұрмысына қаншалықты сіңісті болып кеткенін танытатын құбылыс» [6, 176 6. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әдебиет туралы айтыстар. ҚазАПП тұсындағы тұрпайы социологиялық сындар. Соғысқа дейінгі әдеби мұраны игеру мәселесі
Шәкен Отызбаев - халық әдебиетінің өкілі
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әдебиет туралы айтыстар
ХІХ ғасырдағы жазба айтыстүрлері
Зар заман поэзиясы ақындарының шығармашылық мұрасын қазіргі кезеңде зерттелуі
Халық шығармашылығының публицистикалық қыры
Айтыс жайында
Қазақ әдебиетіндегі айтыс өнерінің өзіндік өрнегі
АЙТЫСТЫ ОҚЫТУ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ
Қыз бен жігіт айтысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz