БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 4
I БӨЛІМ БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ БАСПАСӨЗДЕГІ ҚЫЗМЕТІ 11
1.1 Тума талант Бейімбет Майлин 11
1.2 Майлин - редактор 17
II БӨЛІМ БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ 24
2.1 Ақындығы 24
2.2 Драматургиясы 28
2.3 Прозасы 33
III БӨЛІМ БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ 38
ШЫҒАРМАЛАРЫ 38
ҚОРЫТЫНДЫ 52
Бейімбет Майлин туралы тілек – лебіздер 62
Сілтемелер 66
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 67
КІРІСПЕ
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті қаламгерлерінің бірі – талантты ақын,
іргелі прозаик, қаламы қарымды журналист – публицист, драматург, сатирик
Бейімбет Майлиннің әдебиет тарихындағы орны өзгеше.
Қалам қызметіне ерте араласқан Бейімбет Майлиннің ширек ғасыр ішінде
жазған шағын және көлемді мақалалары, публицистикалық, сондай-ақ әдеби
шығармалары – біздің бүгінгі сөз өнерімізге қосылған қымбат қазына деп
бағалауымыз қажет.
Қазіргі қазақ әдебиетінің негізгі жанрларын қалыптастырып, дамытуға
сіңірген ерекше еңбегін, бүгінгі қазақ ауылының жаңа тарихындағы
жиырмасыншы-отызыншы жылдардың көркем шежіресін жасауда атқарған айрықша
қызметін өз алдына қойғанда, Бейімбет Майлин өзінен кейін қолына қалам
ұстағандарға анық екі қырымен үлгі-өнеге бола білді.
Бірінші, “Талант – еңбек ” деп Горький айтқандай, саңлақ суреткер
өлшеулі ғана шығармашылық ғұмырында өлшеусіз еңбек сүйгіштігімен “жазушылық
– жазу, жақсы жазу, жақсы жаза алсаң қалам құрғатпай жазу” екенін тынымсыз
іс -әрекетімен қолма-қол дәлелдеп кетті.
Екінші, “Әңгіме – шеберлік мектебі” деп Федин айтқандай, қазақтың
А.Чеховы сияқты құдіретті зергер әрі қысқа, әрі нұсқа новеллалары арқылы
шын мәніндегі әдеби шеберліктің мектебін ашып, осы жанрдағы шынайы, тап-
таза, мөп-мөлдір реализмнің үлгісін көрсетті.
Біздің бұл сөзімізге қазақтың тағы бір сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың
мына бір төмендегі сөзі айғақ бола алады.
“Жаратылысында ерекше қарапайым, аса сирек ұшырасатын кішіпейіл және
еңбекқор Бейімбет Майлин әдебиетіміздің тарихынан қашан да өзіне ғана тән
өзгеше орынға ие. Ол әдебиетке келгенде жазушының халық алдындағы ролі мен
жауапкершілігін әбден елеп, екшеп барып келді, әдебиеттегі реализмнің
зергері болып келді және демі таусылғанша осыдан айныған жоқ”
Бейімбет ( Бимағамбет ) Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы бұрынғы
Торғай облысы, Қостанай уезі, Дамбар болысындағы Ақтөбе деген жерде –
қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданы, Майлин ауылында туған. Екі жасында
әкеден жетім қалған Бейімбет бір байдың сауыншысы болып жүрген анасының
қолында тәрбиеленеді. Жетіге жеткен соң өзі де сол байдың қозысын бағып,
кейін атының делбесін ұстайды. Бейнет пен жоқшылықтың ащы дәмін ерте татқан
жас бала кәрі әжесінің жылы құшағында бұйығы тербеліп отырып, оның :
Өмірімде көргенім күңдік, құлдық,
Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық ? – деген зар сырын жанымен
ұғады. Әжесі көне жырларды көп білетін, өзі де аздап өлең шығаратын
ақынжанды адам болған екен. Соның әсері болса керек Бейімбет қаршадайынан
өнерге құмартып, өлеңге әуестенеді.
Б.Майлин алғаш рет ауыл молдасынан сауат ашып, хат таниды. Содан соң
есігінде жүрген бай үйінде тұратын Әбдірахман Сатыбалдин деген татар
мұғалімнен дәріс алады. Одан әрі басқа бір Әбдірахман Арғынбаев дегеннің
медресесіне түсіп, екі жыл оқиды. Өз бетінше кітап оқып, көп ізденеді.
Қалаға барып, білімін одан әрі көтеруге талаптанады.
1913-1914 жылдарда Бейімбет Майлин Троицкідегі “Уазифа” мектебінде, оны
бітіргеннен кейін Уфа қаласындағы Медресе-Ғалияда оқиды. Сол жылдары
медресе шәкірттерінің әдеби үйірмесіне қатысып, өзі секілді талапкер
жастармен бірге “Садақ” атты қолжазба журнал шығарысады. “Садақтың” әрі
редакторы, әрі белсенді авторы болған Бейімбет осы журналдың 1914 жылғы үш
нөмірінде өзінің тырнақалды прозалық туындысы “Шұғаның белгісін”
жариялайды. Бұл “Ғалия” шәкірттері мен ұстаздарының арасында авторының атын
шығарып, талантын танытқан тамаша шығарма болатын.
Бейімбет Майлиннің медресеге сабақ беретін белгілі татар жазушылары
Мәжит Ғафуримен, Ғалымжан Ибрагимовпен шығармашылық байланысы, медреседе
өзімен бірге оқитын башқұрт ақыны Сайфи Құдашпен достығы осы кезден
басталады. Солармен достаса жүріп, Бейімбет екі жылдай орыс тілін үйренуге
көп күш салады. Гоголь, Л.Толстой, А.Чехов, М.Горький шығармаларымен
түпнұсқадан танысады.
Бірақ, денсаулық жағдайына байланысты Медресе-Ғалияның оқуын аяқтай
алмай, 1915 жылы Троицк қаласына қайтып оралады да, осы тұста
“Айқап”журналында қызметте жүрген Сұлтанмахмұт Торайғыровпен, Мұхаметжан
Сералинмен танысады. Журналда бірнеше өлеңдер жариялайды. 1916 жылы еліне
келіп, 1919 жылға дейін қаламгерлік қызметімен қатар, ауыл жастарына
ұстаздық етеді.
1916 жылғы маусым жарлығы кезінде Бейімбет күрес адамдарын ашық
айқасқа, берік сапқа тұруға шақырды.
Бірақ ол тұстағы жағдай да, заң да жалпыға мәлім. Соған сәйкес ендігі
өмірі мен өнерін түгел Қазаннан кейінгі жаңа заманға бағыштаған Бейімбет
Майлин 1919-1921 жылдары ауылдағы кеңес жұмысына араласады. 1922 жылы Сәкен
Сейфуллиннің шақыруымен Орынборға келіп, баспасөз қызметіне қызу кіріседі.
Орталық газет бетіне де жиі-жиі әңгіме-очерктер, мақалалар, қысқасы
публицистік шығармаларын жариялап, “Қызыл Қазақстан” журналында “Шұғаның
белгісін” жаңадан жөндеп бастырады, кітап баспасынан өлеңдер жинағын
шығарады.
1923 жылы Бейімбет Майлин Қостанай қаласына барып, “Ауыл” деген жаңа
газет шығарысады. Көптеген новеллалары, сықақ- әңгімелері, фельетондары,
белгілі “Раушан – коммунист” хикаяты осы газет бетінде жарық көреді.
1925 жылы Өлкелік өкіметтің арнайы шақыруымен республиканың сол кездегі
астанасы – Қызылордаға келіп, қайтадан баспасөз және баспа орындарында әр
алуан қызметтер атқарады. 1934-1937 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бас
редакторы болып істейді .
Осылармен қатар ұйымдасқан күнінен бастап Қазақстан жазушылар Одағының
құрамында болып келген Бейімбет ұланғайыр әдеби еңбекті ұйымдастыру,
ұйым жұмысын басқару, жас әдебиетшілерді тәрбиелеу ісіне үнемі ат салысып
отырады.
Бұл жылдарда Бейімбет Майлин өз дәуірінің ұлы, өз заманының үні болудың
үлгісін көрсетті. Әсіресе оның шағын және орта көлемді эпика түрінде ай
сайын, апта сайын толассыз туып, мерзімді газет-журнал беттерінде
үздіксіз жарияланып жататын әдеби және публицистикалық шығармалары
жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы ауыл өмірінің әрі түзу айнасы, әрі көркем
шежіресі іспетті. Сол кездегі шаруа тіршілігінің Бейімбет Майлин
бейнелемеген сыры да, жыры да сирек деуге болады. Ол уақыт талғамай
тынымсыз жазды. Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің “Бейімбет
Майлин туралы аз сөз”2 атты естелігінде былай дейді:
“Жұмысының көптігі және өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін
қазақ жазушысы, әсіресе журналисі аз болатын. Бейімбет сұлу жазатын адам да
және өте жылдам жазатын, жазғанын қайта көшіретін әдет онда жоқ та.
Түзетуді де аз жасайтын. Қазақ грамматикасына ол жүйрік те.”
Б. Майлиннің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғұмыр-тіршілігімен
тығыз байланысты.
Ол өмірде нені жете таныса, өнері арқылы жұртқа да соны танытады. Осы
тұрғыдан қарасақ, Бейімбет Майлиннің дүниеге көзін ашқаннан көргені көбіне
ауыл өмірі. Сондықтан оның ширек ғасыр бойы, журналистиканың және
әдебиеттің қай жанрында болсын, жазған шығармалары түгел ауыл өміріне
арналуы тегін емес.
Осыны өзі де жақсы білген “Жаңа әдебиет” журналының 6-7 сандарында ол
өзі туралы: “Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым ауыл туралы ғана болып
келеді, – деп ашып айтыпты - өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге дейін
кірісе алғаным жоқ”
Сенің зарың – зарлайтыным өмірге,
Сенің зарың – арлайтыным өмірде.
Сен жыласаң – көзден жасым тамшылар,
Сен қуансаң – қайғы, шерім аршылар.
Бейімбет Майлиннің “Кедейге” деген осы өлеңіндегі жолдар – оның
ақындық кредосы, қаламгерлік бағдарламасы. Ол өзінің өнер және өмір жолында
осы мақсатынан бір сәт тайып, табан аударып көрген жоқ.
Бейімбет Майлин өзінің ширек ғасырлық жылдарында қалам тербеген барлық
жанрда елу бес кітабы жарық көріп, оқырман қауымға кеңінен таралды.
Бейімбет Майлин 1938 жылы репрессияға ұшырап, қыршынынан қиылды.
Біз бұл кіріспеде Бейімбет Майлиннің қазақ әдебиеті мен журналистика
саласындағы алар орны, шығар биігі барын және оның өмірбаянына аз-кем
тоқталып өттік. Келесі тарауларда Бейімбет Майлиннің баспасөздегі қызметі
және оның публицистикалық шығармалары туралы кеңінен қамтылмақ.
Бітіру жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімнен, Бейімбет
Майлин туралы тілек лебіздерден, сондай-ақ сілтемелерден және
пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
I БӨЛІМ БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ БАСПАСӨЗДЕГІ ҚЫЗМЕТІ
1.1 Тума талант Бейімбет Майлин
Үш жүз жылдай көзінің сұғын салған жаулармен найзаның ұшымен, білектің
күшімен алысып-арпалысып, айқасып-шайқасып күрескен, отаршылдықтың қамытын
сыпырып тастау жолында барлық күш-қайратын, ой-санасын сарсытып сарқа
жұмсаған ел едік. Міне, енді ұланғайыр жерімізге қуаныш келді, тәуелсіздік
орнады, егеменді ел болдық. Оған да он жыл толды. Бұл жолда қаншама қан
төгілді, қаншама бас кетті, қаншама ата-бабалардың жаны қиылды, зиялы
азаматтарымыз құрбан болды. Бұл ретте еске алып, лағнет айтарымыз 1937-1938
жылдардың зұлматы.
Бүгінгі күн биігінен өткенімізге көз салсақ, қуанышы мен қасіреті,
жұбанышы мен мұң-зары аралас өмір парақтарын ақтарсақ, бойымызды кейде
асқақ сезім билейді, кейде қасірет мұңы көңіліңді қайғы-шерге толтырады.
Өткен жолымызға зейін қойып, зерделеп, жоғалтқанымызды тауып, жауып
тастағанымызды ашып алып, ақиқатқа қанып жатырмыз.
Халқымыздың тарихына, оның зиялы азаматтарына жағылған қара күйе,
тағылған қара таңбаларды аршып, тазарту біздің ұрпақтың үлесіне тиіпті.
Бүгінгі сарсылған санамызды жаңғыртар жаңа леп келді. Соның әсерінен
халқына адал қызмет еткен мыңдаған боздақтардың тағдырын толық ашуға
ұмтылудамыз. Олардың адамгершілік мұраттары, биік гуманистік асыл
қасиеттері, ел-жұртына еңбек етудегі ізгі мақсаттары, рухани таза болмысы
мен өнегелі өмірі кімге болса да қастерлі.
Сондай зиялылардың бірі – Бейімбет Майлин еді. Ол халқының қайғы-
қасіретіне күйініп, мұңды, шерлі тұрмыс жайына ортақтасып, қуаныш-қызығына
сүйініп, билікқұмарлардың, саясаткер басшылардың зорлық-зобалаңын
өзгелермен бірге бастан кешкен адал перзенті.
Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген Ұлттық әдебиетіміздің
парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің іргетасын қаласып,
мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның,
соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқтықпалы соқпақсыз жолмен жүріп, туған
әдебиетінің бар ауыртпалығын көтерісті, қаламгерлігін асқан ісерлікпен
абыройлы атқарды. Ондағы ойы қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі
езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек көзін оятуға, өнер-
біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге,
қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін
беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы – осы. Ол мақсаты бүкіл көркем және
көсемсөздің арқауына айналды. Сол жолмен жүріп әдебиетімізде де,
публицистикамызда да аса көрнекті, мол көлемді қазына қалдырды. Сондықтан
да оның мұрасының шет-шегіне күні бүгінге дейін жете алмай, жинап, басын
құрай алмай жатырмыз.
Б. Майлиннің шығармашылығы толық зерттеліп болды десек, ол дұрыстыққа
жатпайды. Оның көзі тірі кезінен бастап қазірге дейін туындылары аз
талданған жоқ.
Әркезде әртүрлі баға берілді оған. Бір кезде ”ауыл ақыны”, “бас
жазушы” деп қана қоймай, оны “алашордашыл”, “ұлтшыл” деп те көлгірсіді
кейбіреулер. Ақыры “халық жауы” етіп шығарды. Тек, 1957 жылы ақталғаннан
кейін оның өмірін, шығармашылығын бағалау оң арнаға түсті. Әуелі Б.
Майлинді алымды ақын, парасатты прозашы, дарқан драмашы деп таныдық. Одан
кейін өндіріп жазған очеркші, нысанасын дөп көздеген фельетоншы деп айттық.
Келе-келе тілшілігін де, журналистігін де қамтыдық. “Бір өзі туған
әдебиетіміздің бір байтақ әлемі”, “аса көрнекті жазушы” дедік. “Ұлы жазушы”
деп атадық. Осы бағалауларымыздың бәрінде ешқандай жалғандық жоқ.
Б. Майлиннің жазушылық және журналистік шығармашылығы жөнінде
жиырмасыншы жылдардан бастап күні бүгінге дейін қазақтың игі зиялылары өз
ойларын айтып отырды. Жақсы жақтарын да, кемшілік-қателерін де сарапқа
салды. Артық кетіп солақай сынның астына алғандары да жоқ емес. Б. Майлин
репрессияға ұшырап, жазықсыз атылған соң ауыз ашып, тіс жарып ешкім ештеңе
айта алмады. Заман ызғарынан үркіп, жан тасалауға тура келді. Тек жазушы
ақталып, елімен қайта қауышқаннан соң, мұрасы халқына қайтарылғаннан кейін
жан-жақты зерттеу ісі кең арнаға түсті.
Б. Майлинді де қайта танып бағалау, жаңа көзқараспен зерделеу өрісі
ашылғандықтан, бұрын көп айта алмай жүрген ой-пікірді жаңғырту мүмкіндігі
туды.
Ендігі міндет – Бейімбеттің де болмыс бітіміне, шығармаларына өзгеше
көңіл-көзбен ден қойып, ашылмай келген жоқтарын ашу, зерде таным елегінен
қайта өткізіп, әділ әрі ұлттық сипатта бағалау.
Б. Майлиннің ғұмыры мен шығармасының қыр-сыры түгел ашылды, айтылды,
енді зерттейтін, талдайтын ештеңе қалған жоқ десек, қатты қателесеміз.
Б.Майлиннің өмірі аласапыран, соқтықпалы заманда өтті. Жарық дүниеге
ана құрсағынан шыр етіп келгенінен бастап көргені тұрмыс тауқыметі, тағдыр
қыспағы, ішітар бақталастарының тілін түйреп, жанын жаралауы.
Бейімбет бір жасқа толмай әкесі қайтыс болып, жетімдік зардабын аз
тартпаған. Бай қолында қозы, қой бағады. Ол он екі жасқа шыққанда, 1906
жылы шешесі Құлғизар дүние салады да, әжесі Бойдастың қолында қалады. Көзі
тірісінде шешесі оны молдаға апарып жүріп оқытады. Сөйтіп хат танитын
дәрежеге жетеді. 1911-1912 жылдары көрші ауылдағы Арғынбай деген қажының
медресесінде оқып жүргенде қажыны, басқа да байларды мақтап өлең шығаратын
Әржікей деген ақынсымақпен айтысып, оны өлтіре сынап, жеңіп шығады. Сол
үшін медреседен қуылады.
Осыдан кейінгі Бейімбеттің өмірі туралы зерттеулерде кейбір
шатастырулар болып келеді. Оның себебі өзі толық қағазға түсіріп кеткен
жазбасы қолға түспей келді. Анда-санда оның айтқан өмірінің эпизодтары
болмаса, тұщымды ешнәрсе табылмай жүрді. Бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұлов
пен Серікқали Байменшелердің айтуынша, Б.Майлиннің өзі қол қойған, 1936
жылы толтырылған “Личный листок по учету кадров”, “Личная карточка”,
“Регистрационный бланк члена ВКП (б)” деген құжаттарды Республика
Президенті мұрағатынан табылған. Соларға сүйенсек, 1913 жылы бірнеше ай
жеке адамдардың балаларын оқытумен шұғылданады да, Тройскідегі “Уәзипа”
медресесіне түсіп оқиды. Оны бітірмей кетеді де біраз уақыт тағы да мұғалім
болып жүреді.
Сол кездердегі талабы тасқа шағылып, қиналып, жаны күйзеліп жүрген
жайын “Мұқтаждық” деген өлеңінде зар қып жыр жолдарына қосты:
Ай, Мұқтаждық, кесел болып тұрдың ғой!
Талапкерге қарсы тұзақ құрдың ғой!
Қолды созып, бойды жазып жүргізбей,
Ауруы жоқ бір мүгедек қылдың ғой, –
деп іштегі шер-шеменін шығарып, мұңын шағады. Бұл кезде 18-19 жасқа келген
кезі, әлі көзі ашылып, көңіл жайланбаған.
Уфадағы “Ғалия” медресесіне ағайындарының көмегімен 1914 жылы келіп
оқиды.
“Ғалия” – жоғары мұсылмандық діни оқу орны. Оқу мерзімі алты жыл, үш
жыл – әзірлік, үш жыл – жоғары білім беру. Бейімбет соның екінші сатысында
оқыған. Оны да денсаулығының нашарлауына байланысты бітірмей тастап кетеді
де, мұғалімдікке қайта оралады. Әлгі толтырылған құжаттардың бірінде алған
мамандығын “мұғалім” десе, енді бірінде “әдебиетші-журналист” деп
көрсеткен.
Бұл тұста да Бейімбеттің талпынысы оңынан келе бермеген. Соған
қарамастан, өнерге жаны жақын ол өлең, мақалалар жазып, сол кездегі “Қазақ”
газеті мен “Айқап” журналына жіберіп, бастырып тұрады. Оның алғашқы
редакторлық жұмысы “Садақ” атты қолжазба журналынан басталады. “Ғалия”
медресесінде оқып жүргенде шығарылған бұл журналды ұйымдастырушылардың бірі
Б. Майлиннің көркем шығарма жазудағы тұсауы кесілді десе де болғандай.
Себебі мұнда тұңғыш әңгіме “Шұғаның белгісі” жарық көрді. Ол кейін оны
повесть етіп қайта жазып шықты.
Діни оқудан басқа, орыс, татар тілдері мен әдебиетінен, психология,
педагогика, физика, математика, тарих, музыка, жағрапия пәндерінен дәріс
алып, білімін өсірген Бейімбет 1918 жылдың қараша айына дейін мұғалім болып
істейді. Сол жылы Қостанайдағы “Алашорда” атты әскерінің қатардағы
жауынгері ретінде сапына кіреді. Үш айдан кейін одан кетіп, ұстаздық ісіне
қайта кіріседі.
Тройцк қаласында емделеді. Еліне барып, оқу-ағарту ісіне араласады.
Өзінің туған ауылында мектеп ашып, негізін қалайды. Балаларды ән-күй, сахна
өнеріне баулиды. Алғашқы пьесаларын жазып, сахналап, ауыл жұртының алдында
көрсетіп қайран қалдырады. Осы мұғалімдіктен бір рахат тапқандай, Бейімбет
беріле істейді. Екі жылдан кейін ол жоғарылатып, губерниялық оқу бөлімінің
Дамбар болысы бойынша инспекторы болып тағайындалады. Бір жылдан кейін
Дамбар болыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Оның үстіне
1921 жылғы болыстық сайлауда болыстың орынбасары болып сайланған. Ал 1922
жылы жазда Қостанайда алғашқы конференциясына төралқа құрамына сайланып,
хатшылық етті. Сол жылы өткен Денисов аудандық конференциясына Дамбар
болысынан делегат болып қатысты. Бұл кездерде ол “Сары-арқа”, “Алаш”,
“Ұран”, “Кедей сөзі”, “Қазақ тілі”, “Бірлік туы” сияқты газеттерде
өлеңдері, мақалалары жарияланып тұрды. Соның бәрі 1922 жылдың жазында С.
Сейфуллиннің шақыртуымен “Еңбекші қазақ” газетіне қызметке келуіне игі
ықпал- әсерін тигізеді. С. Сейфуллиннің “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы
қызметіне тағайындалған кезі еді. Ғалым Т. Кәкішевтің айтуынша, “Тамыз
айында”, “Еңбекші Қазақ” газетінің жауапты хатшысы болуға әзер дегенде
келісім берген Бейімбет Майлин “Еңбекші қазақ” пен “Қызыл Қазақстан”
журналын жандандырып, көп жұмыстың ауыртпалығын өзі көтерген” 3. Бұған
дейін жырақтағы ауылдарда жүріп, ой- өрісті кеңітетін, дарын қуатын
дамытатын әлеуметтік және мәдени жаңалықтардың мол ортасында бола алмай,
сусап келген Б. Майлин өмірінде жаңа белес бастағандай күйде еді.
Бұрынғыдай емес, құлашты кең сермеп, қаламды қадай түсетін мүмкіншілік
туды.
1.2 Майлин - редактор
“Іздегенге сұраған” дегендей Б. Майлин редактордың да ісін тап-
тұйнақтай етіп атқара жүріп, өлең, әңгіме, фельетон, очерк, мақалаларын мол
бастырып отырады. “Еңбекші қазақ” өз алдына басқа да басылымдарға қалам
жәрдемін береді. Журналистік мамандығы оқуын оқымаған, ондай жұмыста бұрын
істемеген Б. Майлин газет ісін бірдей игеріп алып кетуі ғажап құбылыс. Көп
ұзамай айналасы оны жазушы ретінде де, журналист ретінде де мойындайды.
1923 жылдың жаз айында Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйғарымы
бойынша жаңадан ашылған Қостанай губерниялық партия мен атқару
комитеттерінің органы “Ауыл” газетіне хатшы болып келген ол көп ұзамай
редактордың орынбасары болып тағайындалады. Бұл газеттің алғашқы саны сол
жылы 1 қыркүйекте шыққан. Мұнда да Б. Майлин ресми редактор болмаса да,
соның ісін атқарып, газеттің газет болуына көп күш жұмсаған. Осы газетте
шығарушы болып істеген, Б. Майлинмен бірге “Ғалия” медресесінде оқыған Ә.
Мұстафин: “Шындығында редактор Бейімбет еді де, газет екеуіміздің
қолымыздан өтетін”4 деп мәлімдеген. Оның себебі алғашқы редактор М. Сералин
де, одан кейінгі редактор М. Бейсенов те жауапты партия-кеңес жұмыстарына
араласып, мойын бұра алмаған. Газет беделінің артуына Б. Майлин еңбегі зор.
Оны М. Бейсенов: “Ұзақ күнге дамыл жоқ, ойын- күлкіден тыс, жатса- тұрса
ойлайтыны “Ауыл” газеті. Жалғыз Бейімбет газет ісінің бәрін атқарады hәм
үлгереді. Емледен бұлдыры жоқ, екі сөздің басын қоса алмайтын
жұмыскерлердің қатесін түзеймін деп, мақаласына өң беремін деп әлектенеді.
“Ауыл” газеті мақтау алып отырса, ол Бейімбеттің арқасында”5 деп әрі
мойындаған, әрі жоғары бағалаған.
Б. Майлиннің аса өндірте жазып, қаламгерлік ісін шыңдай түскен кезі
бұл. Тек 1924 жылы осы газетте оның жетпіске тарта өлеңдері, әңгімелері,
фельетондары, мақалалары жарық көрген.
1925 жыл – Б. Майлин өміріндегі елеулі кезең “Ауыл” газетінде екі
жылға жуық қызмет еткен ол “Еңбекші қазақ” газетіне қайта шақырылады. Оған
бұл жолғы себепкер С. Садуақасов болады. Бірақ Қостанай жақ жібергісі
келмейді. Қостанай губкомының бюросы сондай шешім де қабылдайды. С.
Садуақасов бұл кезде оқу халық комиссары әрі “Еңбекші қазақ” газетінің
редакторы қызметтерін атқара бастаған. Сондай- ақ, ол Крайком бюросының
мүшелігіне кандидат болып өткен. Қостанай басшылары аса бағалы қызметкерін
жібергісі келмеген соң, араға Крайком араласып, Б. Майлинді “Еңбекші
қазаққа” ауыстыру жөнінде арнайы қаулы алады. Бұл Б. Майлиннің іске
тиянақты, қаламы қарымды, тәжірибесі мол жинақталған қаламгер дәрежесіне
жеткендігін дәлелдейтін жәйт.
Арнайы шақырттырып, өзіне әдеби орынбасар етіп алған С. Смағұлов
Бейімбетке көңілін көбірек бөліп, алғашқы “Өлеңдер” жинағын бастырып, өзі
алғы сөзін жазып, қамқорлығына алады. Бұл кезде Б. Майлиннің аты аса
еңбеққорлығымен, жазғанының өнімділігімен, әрі ақын, әрі жазушы, әрі
журналист ретінде қаламының жүйріктігімен аты кең тараған еді. Ендеше С.
Садуақасовқа да редакцияның қыруар жұмысын тап- тұйнақтай тындырып отыратын
Бейімбеттей адам керек-ақ, өйткені әкімшілік ісімен алаңсыз шұғылдануына
мол мүмкіншілік жасалады. Сондай-ақ, Б. Майлиннің асқан қарапайымдылығы
мен зор адамгершілік парасаттылығы С. Садуақасовтың байқампаздығынан таса
қалмаса керек. Көпке шейін қазақтың осы екі зиялы азаматының карым-қатынасы
туралы ауыз ашып айта алмай келген едік. Мүмкіншілік туған соң оған көңіл
бөлмей кете алмадық. Б. Майлин шығармашылығына назар аударып, алғаш
қамқорлық сын айтқан да С. Садуақасов болатын. Ол Бейімбеттің өлеңдерін
талдап, таразылап келіп “Өлеңдер” жинағының алғы сөзінде оны “ауыл ақыны”
деп таныды.
Б. Майлиннің ауылды жырлағаны, кедейдің өмірін жазғаны тайға таңба
басқандай көрінгені де рас.
С. Садуқасовтың пікірімен келісетіндей рай танытып, Б. Майлин Мен
қалай жаздым? деген мақаласында: Менің бұл күнге шейін жазған тақырыбым
–ауыл туралы ғана болып келді. Өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге
шейін кірісе алғаным жоқ десе, Екі оқушыға жауабым деген дүниесінде:
Ауыл маңындағы айналақтап шыға алмауым: бірінші, мен жете таныспаған
нәрселерді жазуға шорқақпын. Ауыл өміріне әріден таныспын деп жазды.
Смағұлдың айтқанын біреулер құптады, жақтады, енді бірі сын семсерінің
нысанасына айналдырып жіберді. Лениншіл жас журналының 1925 жылғы № 7
санында Журналымыздың қалам қайраткерлері деген айдармен берілген
редакциялық мақала Б. Майлинге арналды. Сол жарияланымда Бейімбет өзін
тұрмыстан алып жазылған әдемі әңгіме, тартымды өлеңдерімен танытқан белгілі
ақын, жазушыларымыздың бірі. Бейімбет біздің газет-журналымызға үнемі жазып
келеді. Бейімбет бізге ғана емес, қазақ әдебиетіне еткен 12-13 жылдық
еңбегі бар. Бейімбет – ауыл ақыны дейді Смағұл, – ауыл ақыны екені рас.
Бейімбеттің тілі – ауылдың қоңыр шаруа кедейлерінің тілі. Бейімбет ауылдың
күйін, мұңын жырлайды. Бейімбеттің әңгімесінен ауылдың суреті, тілегі
көкейіңе түсіп отырады... Қысқасы, қазақ ақындарының ішінде кедейлердің
таяғын соғып, жырын жырлаған ақын екеу болса – бірі, біреу болса өзі – осы
Бейімбет деп жазылса, ол С. Садуақасовтың пікірін қостап, ары қарай
жалғастырғаны болып келеді.
Ауыл атты өлеңінде:
Көнілді ауыл, көрінді ауыл жұмақтай,
Ішсең, тоймас қымызы кәусар бұлақтай.
Малы, жаны, қаз бен қуы, сұлуы
Тартар мені магнитімен шыдатпай, –
десе, Кедей деген өлеңінде:
Сен жыласаң, көзден жасым тамшылар,
Сен қуансаң, қайғы- шерім аршылар.
Айт өлеңді ен даланы жаңғыртып,
Қойшы- қолаң, кеше жүрген малшылар, –
деп кедей өмірін жырлаған Бейімбетті, ауыл ақыны деп дәл таныған Смағұлда
не кінә бар? Бірақ, осы жәйт кейін Б. Майлинге соққы болып тиетінін кім
білген.
Бейімбеттанушы Т. Бейісқұлов пен С. Байменшелердің айтуларына
қарағанда, Б. Майлин 1925 жылы ҚазАПП (Қазақстан пролетариат жазушыларының
ассоциациясы) құрылғанда, оның төралқа мүшесі болып сайланады. 1927 жылы
Жыл құсы альманағы шыға бастағанда алқа мүшелігіне енеді, ол Жаңа
әдебиет, одан кейін Әдебиет майданы журналына айналғанда сол
дәрежесінде қалады. Аз уақыт Сыр бойы газетінің фельетоншысы болды. 1930
жылы, Жаршы сықақ журналын басқарады. 1932-1936 жылдарда “Социалды
Қазақстан” газетінің фельетоншысы, тілшісі, редактордың орынбасары деген
лауазымдар дәрежесінде жүрді. Тегі басшылық жұмысқа қызықпайтын, өңешті
созып ұмтылмайтын Бейімбеттің ерекше бір қасиеті еді. КазАПП-ты
ұйымдастыруды оған жүктемекші болған кезде С. Сейфуллиндерге Мен сендердің
айтқандарыңа түгелдей қосыламын. Бірақ менің міндетім Еңбекші қазақ
арқылы қаламының желі бар, үміт артар дарындарға көмектесу болсын. Ал
ұйымдастыру ісіне, айтыс- тартысқа менің қырым жоқ қой6 деп ырық бермеген.
1929 жылы Казизатқа бас редакторлыққа қанша қолқа салғанда да көнбеген.
Мойнына қыл арқан салудан басқаның бәрі істелсе де көнбеген Бейімбет:
Жоқ, барлық ауыр жұмысыңды мен-ақ істеп берейін. Жауапты редактор сен бола
қойшы... Мен болсам, екі айдан кейін бәрі бір босанып кетемін. Ауруға
ұшырамасын десең, сен бол7 депті Ғ. Мүсіреповке. Сондай-ақ, Қазақ
әдебиеті газетіне жауапты редактор болуға келісе қоймаған соң, Ғ.
Мүсіреповке орынбасар болу жүктеледі. Ақыры Ғ. Мүсірепов кетіп, 1936 жылдың
екінші жартысында 1937 жылдың 6 қазанына дейін ресми түрде жауапты
редакторы қызметін атқарады. Алайда, 1937 жылы Амангельді көркем
фильмінің түсірілуіне байланысты уақытының көбісін соның басы - қасында
болуға командировкаларда жүруіне кеткендіктен, газеттің көптеген сандарына
қол қоя алмаған. 1934 жылғы 12-18 маусым аралығында Қазақстан жазушыларының
тұңғыш съезі өтіп, онда тоғыз адам құрылған басқарма мүшелелігіне Б. Майлин
де сайланды. Ол басқарма төралқасына кірді.
1935 жылғы 1 қаңтарда ашылған Қазақстан кеңестерінің ІХ съезіне
делегат болып қатысты. Сол жылы Қазақстанда социалды құрылысқа белсене
қатысқаны үшін, әсіресе кеңес әдебиетін өркендеткені үшін Қазақстанның ХV
жылдығы белгісімен марапатталды.
Көзі тірісінде- ақ Би-аға деп төбеге көтерген, аса үлкен құрметке
бөлеген, биік абырой – беделге ие болған қазақтың аяулы перзенті. Б.
Майлин соңғы өмірі трагедиялық жағдайға ұшырады.
II БӨЛІМ БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
2.1 Ақындығы
І. ә. Бейімбет Майлин—ақын. Ол әдебиеттегі алғашқы адымын өлеңнен
бастады және қазақ поэзиясының дамуына өзіне лайық үлес қосты.
Майлин — реалист. Оның поэзия, проза, драматургия салаларынын қай-
қайсысында жазған шығармаларын алып қарасақ та, тұнып тұрған шындық;
ақиқаттан ауып басқан бір де бір адымы болған емес.
Ендеше, шыншыл суреткердің әдеби туындыларының болмыс-бітімін, сыр-сипатын,
қажет жағдайда тіпті күнгейімен қоса көлеңкесін сарапқа салған тұста да
оның өзіне ұқсамауға, яғни ақиқат шындықтан алшақтауға болмайды.
Қазақ поэзиясыньщ дамуына өзіндік үлес қосты дегенде біз қазақ өлеңін
көркемдік жағынан еуропалық биікке көтеріп, оның мазмұнды пішінін тотының
түгіндей құбылта құлпыртқан Абайдан әрі өрлетіп әкетті демейміз. Әділіне
келсек, Бейімбет өлеңдерінің өрімі ең жеңілі, ырғағы, ұйқасы... — Абай
реформаларынан көш кейін жатады.
Демек, кейбір зерттеулерде айтылып жүрген "Бейімбет — қазақ өлеңнің асқан
шебері" деген пікір ұшқары, ағат. Мазмұн мен пішін жағынан қатар салмақтап
байқасақ, оның суреткерлік шеберлігі еңгімелеріне қарағанда өлеңдерінде
бәсен, әлсіз.
Олай болса, Майлин поэзиясының қадір-қасиеті неде?
Екі нәрседе — жырлаған тақырыбында және бейнелеген образында. Біріншіден,
Бейімбет қазақ кедейінің тұрмысы мен тіршілігін қазақ поэзиясында өзіне
дейін болмаған аумақта, кең, терең және жан-жақты суреттеді.
Екіншіден, Бейімбет қазақ кедейінің мінезі мен мүсінін қазақ поэзиясында
өзіне дейін болмаған деңгейде дәл, тіпті типтік һәм символдық дәрежеде
(Мырқымбай) тарихи жағынан нақты және өрбу, өсу үстінде сомдап соқты.
Осы екеуінің үстінде енді Бейімбет өлеңдері мен поэмаларынын тұла бойына
күн шуағындай тарап, ұшқын атып, сәуле шашып жатқан әрі жылы, әрі шымыр
юморды (әзіл-әжуәні) қоссақ, жалпы Майлин ақындығының өзгелерден оқшау тек
өзіне ғана тән ерекшелігі белгіленеді де, оның, жоғарыда айтылғандай,
қазіргі қазақ поэзиясының дамуына қосқан үлесі анықталады.
"Жырлағаным — кедейдің жыры"
Суреткердің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғұмыр-тіршілігімен
тығыз байланысты. Ол өмірде нені жете таныса, өнері арқылы жұртқа да соны
танытады. Осы ақиқат тұрғысынан қарасақ, Бейімбеттің дүниеге көзін
ашқаннан көрген-баққаны — көбіне ауыл өмірі. Төңкерістен бұрынғы, төңкеріс
қарсаңындағы және одан кейінгі қыр тіршілігі, дала тұрмысы. Сондықтан оның
ширек ғасыр бойы, сөз өнерінің қай жанрында болсын, жазған шығармалары
түгел ауыл өмірне арналуы тегін емес.
Осыны өзі де білген. "Жаңа әдебиет" журналының 1931 жылғы 6—7 сандарында
ол өзі туралы: "Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым ауыл туралы ғана
болып келеді,— деп ашып айтты. — Өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге
дейін кірісе алғаным жоқ. Өйткені әлі күнге өндіріс өмірімен таныстығым
жоқ".
Жә, бірақ мұнда тұрған не бар? Қазақта ауылды, даланы жырламаған ақын
бар ма? өйткені "қоғалы көлдер, құм, сулар-кімдерге қоныс болмаған?"
(Махамбет).
Бейімбеттің дала жырындағы — ауыл әуеніндегі өзіне дейінгілерден оқшау
ерекшелік те дәл осы арадан келіп шығады.
Ауыл өміріне кедей мүддесі мен мұратының тұрғысынан қараған Бейімбет
шығармаларының идеялық мазмұнында, сөз жоқ, қазақ қоғамындағы қилы-қилы
қайшылықтар адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктер желі тартып жатты.
1915 жылы жазған "Жазғы қалыш" деген өлеңінде ақын қыс өтіп, жаз жетіп,
табиғат түлеп өзгергенмен ауыл өміріндегі атам заманнан келе жатқан
ескілік, кертартпа салт-сана, "жер-дауы, жесір дауы — кесір дауы" әлі
өзгермей, "қыс болса, әмеңгерге жесір сатып, аянбай көз жасына белден
батып" жүрген "ақсақал, қарасақалдардың" әдептен тыс нысапсыз әдет-ғұрпын
аяусыз әшкерелейді.
"Ауылда" деген өлеңінде автор надан ортада үйден-үйге қыдырып "ет те шай
— тапқаны тек тамақ ішкен" қаракетсіз жалқауларды сынаса, "Садақбайда" ел
ішін алатайдай бүлдіріп, топ, жік, партия құрып, жұртты орға жықпақ болып
жүрген саяси ала аяқтарды түйрейді.
Майлин жырлаған қазақ аулы екеу — төңкеріске дейінгі ескі ауыл,
төңкерістен кейінгі жаңа ауыл. Екеуінің де сыр-сипатын ақын тек қана кедей
дүрбісімен көреді, көрсетеді, таниды, танытады.
Ақынның түсінігінше, мұқтаждықтың ең кесірлі жері — талапты жастың
қалтасын қағып, түбінен "жел гулететіні" ғана емес, ілгері бассам деген
аяғын кері тартып, "жалындаған жүрегін сөндіретіні". Содан соң амал жоқ:
Шарасыздық күнге ұшырап байғұстар
Садаға үшін жанын байға жалдайды.
Бейімбет өзінің тұрақты тақырыбына осының бәрін тұрлаулы түрде көріп-
біліп, ұғып-түйіп, саналы түрде келді.
Ал енді бай деген кім, байлық деген не? Майлин бұған да ("Мал",
"Байлыққа", "Қарынға") кедейдің көзімен қарайды.; Бұл тұста да түйін-
тұжырым берік. Мәселен, "мал"— Майлиннің ұғымында Бальзактың түсінігіндегі
"ақша" секілді,— "санасызды санға қосқан", сөйтіп оның "өзін патша, өзін
би" еткен байлық. Малы бардың қолында бәрі бар, Тілесе, тіпті:
Малы барлар "Меке" барар жалақтап,
Сөзін сыйлы, елді аузына қаратпақ.
Мұсылмандық белгісі
Майлин юморы мен сатирасы осылайша ақындығының алғашқы адымдарынан бастап-
ақ әрбір өлең жолдарының ара-арасынан шымыр-шымыр қайнап шығып, күллі
поэзиясының өн бойына шым-шым сіңе берген еді.
Көне ауылдың қоғамдық қоршауы мен әлеуметтік ортасындағы кедергі-кеселді,
адам басындағы кесапат-келеңсіздікті, керенау-кердеңдікті найзадай
түйрейтін осынау ащы да болса ашық, адал, ақ жарқын күлкісін ақын өзінің
аңызға айналған әйгілі ұнамды кейіпкері Мырқымбай мінезін — қылығы мен
құлқын, әдеті мен ғұрпын, сайып келгенде, санасы мен салтын әзілдеген тұста
да іркіп көргең емес.
2.2 Драматургиясы
Қазіргі қазақ әдебиетінің Қазан төңкерісінен кеінгі жаңа кезеңін бастаған
Секен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов секілді Бейімбет Майлин де
әмбебап суреткер — ақын, прозашы әрі драмашы болды. Іргетасы төңкеріс
күндерінде қаланып, есу-өрбуі енді-енді басталған қазақ топырағындағы
жасанды пролетариат әдебиетінің идеялық бағыты жаңа жүйеге сай келді,
бірақ, оның мазмұн жағынан да, пішін жағынан да әр алуан және сала-сала
жолмен дамуын өмірдің өзі талап етті. Сондықтан аталған "алыптардың"
әрқайсысы бір емес, бірнеше жанрда қатар жазды. Осы тұрғыдан Бейімбеттің
драматургия саласында да қалам тартуы заңдьі және табиғи деп есептейміз.
"Шаншар молда", "Ауыл мектебі", "Жасырын жиылыс", Келін мен шешей" , "Қос
қақпан" бірер перделі скетчтер мен водевильдер болса, "Амангелді", "Біздің
жігіттер", Көзілдірік", "Талтаңбайдың тәртібі", "Майдан" — көп актілі
комедиялар мен драмалар..
Осылардың әрқайсысын жеке-жеке тексеріп жатпай-ақ, жалпы алып бір шолып
қарасақ, Майлин шығармашылығының өзіміз атап айтып, тарата талдап отырған
негізгі ерекшеліктері тағы да алақандағыдай ап-анық көрініп тұр.Осы арада
Мухтар Әуезовтың Абай туралы зерттеулеріндегі аса нұсқалы ғылыми
топшылаулар мен тұжырымдар еріксіз ойға оралады: 'Абай өзінің өлең
сөздерінің көптен-көбі заманындағы окушылар мен тыңдаушыларына үнемі
түсінікті болмайтындай көреді,— дейді ол. — Онысы — анығында, солай да еді.
Осы жайды ескеріп, Абай енді қарасөзінде сол өлеңдерінде айтылатын
ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады".
Ал енді, осындай бір хал Бейімбет басында да болғанға ұксайды. Ол да
өлендері мен әңгімелерінде айтылатын сыр мен шындықтың "бірталайын жаңа
сөзбен таратуды" ғана емес, сол сыр мен шындықты кәдімгі тыпыршыған тірі
қалпында қолма-қол, бетпе-бет, көзбе-көз тура сахнадан көрсетуді максат
еткен де, дәл осы мақсат поэзиядағы ақын, прозадағы жазушы Майлинді енді
келіп драматургия секілді "жаңа сөзге" жетелеп әкелген, Майлин — драматург
осылай туған. Әуелгі ерекшелік деп отырғанымыз — Бейімбет пьесаларын
оқығанда не көргенде оның өлеңдері мен әңгімелеріндегі өмір мен оқиғаларды
бел ортасынан қайта кешіп, бұрыннан таныс-бейтаныстарынмен қайта
кездескендей боласын. Екіншіден, Майлин — сатирик. Әдеби шығармадағы
сатиралық сыр мен сымбат бәрінен бұрын тіл арқылы танылады.. Ал тілдегі
күллі қасиет (шұрайлы мазмұн, шырайлы пішін) түп-түгел көрініске шығатын
жанр — драматургия. Өйткені, қимыл мен тартысқа негізделуін өз алдына
қойғанда, тек қана персонаждардың сөйлеуіне, сейлесуіне (монологке,
диалогке) құрылатын драматургиялық шығармада мағынасыз бірде-бір сөз
болмауға тиіс екені былай тұрсын, сахнадан айтылғанда орнын таппайтын,
немесе ойнамайтын бірде-бір дыбыс болмауы шарт. Міне, Абайша айтқанда "тіл
ұстартып, өнер шашудың" осы мүмкіндіктерін Майлин — драматург пьесаларында
мейлінше мол пайдаланған. Сонда оның жоғарыда айтқанымыздай, поэзиясы мен
прозасында көркем жинақталған бұрынғы һәм бүгінгі ауыл тақырыбы енді келіп
драматургиясында "жаңа сөзбен" жаңа қырларынан бейнеленгенде драматургтің
сатирик ретіндегі ерекшелігі айрықша күшпен көрініс тапқан. әсіресе жаңа
ауылдағы ескілікті, жаңаның жолына кедергі болар кертартпа кеселді,
келеңсіздікті ащы сатирамен әшкерелеуге, сықақтап-сынауға келгенде
Майлин—сатирик алдына жан салмайды. Майлин қазақ аулындағы күні өтіп бара
жатқан көнені улы мысқылмен түйреп, уытты күлкіге айналдыру арқылы қилы-
қилы сатиралық мінез, сахналық мүсін жасаған. Майлиннің драматургиялық
шығармаларын күлмей оқу не көру мүмкін емес.
Асылы, күлкінің күші шыншылдықта, шынайылықта жатады. Майлин
драматургиясы — шыншыл драматургия. Ауыл адамдарының мінез-құлқын, іс-
әрекетін жете білетін Бейімбеттің әр кейіпкері сахнадағы шынайы шындық
аясында аяқ басса, қимылға көшсе болғаны, зал қыран-топан күлкіге кенеледі.
Үшіншіден, Бейімбеттің барлық пьесаларын түгел шолып шыққан адам оның
қаламгер ретіндегі өсу-өрбуін, яки шығармашылық эволюциясын анық аңғарады.
"Шаншар молда"— бір перделі күлдіргі пьеса—Бейімбеттің драматургиядағы
алғашқы тежірибелерінің бірі. Пьесаның идеялық мазмұны ықшам, жинақы: аңқау
ел, арамза молда... "Шаншар молда деп атанған бір ноғай молда болды,— деп
жазған Бейімбет бір кезде өзінің басынан кешкендері туралы. — Бар білімі
"Бақырғанды" әндетіп оқу еді. Сол молдадан хат таныдым. Сол молдадан
"Бақырғанды" оқуды үйрендім". Сол молда сол қалпында, тіпті сол Шаншар аты
да өзгерместен дік етіп, Бейімбеттің өмірінен өнеріне секіріп түсе қалған.
Өзі ауыл балаларын оқытқан болады, оқытатыны мынау:
Бақырғандан сапар қылсам,
Тауап қылғалы қағыбаны,
Барып роһина юзым сүрсем,
Көріп қаннани, маннани...
Жалғыз-ақ, осы жайттардың бәрі пьесада онша шебер қиюласпайды,
образдар окиға, қимыл үстінде жасалмайды, мінездерде психологиялық дәлел
тапшы. Бас кейіпкер Шаншардың өзі ішкі дүниесін іс-әрекет арқылы ашудың
орнына ой арқылы (монологпен) мәлімдейді: "Молда (біраз ойланып отырып).:
Мен бір бақытсыз, өзім сияқты молдалар ақшаны күректеп тауып жатыр. Олардың
елінде түсім көп, күні құрғамай өлім.. Менің келгеніме екі айдан асты, әлі
бір тышқан мұрны қанаған емес... Қанапияның шешесі мен келгенде өледі деп
жүр еді, ол да жазылып кетті... Екі-үш баланың бес-он тиыннан берген
жұмалығынан не өнсін. Аз кем юмор араласып ширататыны болмаса, бұл арадағы
авторлық идея көркем шешімін таппай, тым жалаң, жалаңаш тұр.
Ал 1927 жылы қайта қарап, жеке кітап етіп бастырып шығарған "Неке қиярда"
(екі перделі пьеса) драматург жанр ерекшелігіне жетілу жағынан әлгіден де
гөрі ілгерілей түседі. Мұндағы мазмұн да ел ішіндегі ескілік (қалың мал,
күйеу келу, қыз айттыру, неке қию, келін түсіру, жеңгетайлық, т.б, (көне
кәделер) бола тұра, осыларды біршама биік эстетикалық талғаммен іріктеп,
екшеп, пьесаның өн бойындағы оқиға арнасына орнымен орайластырады. Сахналық
бейне жасауда да саннан сапаға көшеді: әркімге бір жүгіріп шашырамай, ауыл-
үй арасына ескі салт салған лаңның көбін бас кейіпкер Ылаңбай басына
шоғырлап, одан кәдімгідей кесек образ туғызып, негізгі тартыс түйінін соның
іс-әрекеті, қимыл-қаракеті арқылы ұтымды шешеді. Бұл да бұрынғыдан бір саты
биіктеу екені талассыз.
Майлин — драматуртің осылайша сатылап өрбіген шығармашылық эволюциясын
терееңірек зерттеп, осы процестің байыбына барыңқырасақ, ауыл шаруашылығын
ұжымдастыру секілді алмағайып, аласапыран тұстағы ескі мен жананың
ымырасыздығы, жақсы істер мен жат әрекеттерің тайталасы, алға аттағандар
мен кері кеткендердің күресі, тартысы терізді үлкен такырыпқа әр қырынан
келіп барлау жасаған бір-бір перделі үлкен водевиль ("Жасырын жиылыс",
"Келін мен шешей") келе-келе көп актілі комедияға ("Талтаңбайдың тәртібі")
көтеріп алып шығатын екі саты және соның екі турлі нұсқасы болып калғанын
аңғарар едік. Бұл —Майлин драматургиясына тән үшінші ерекшелік жене
драматургтің "Майдан" секілді шын мәніндегі шынайы драмаға шындалып,
жетіліп жеткен табиғи шығармашылық өсу жолы.
2.3 Прозасы
Шеберлік демекші, Бейімбет Майлинің драматургиядағы шеберлігі. жүре-бара
("Майдан" тұсында) жетілсе, көркем прозадағы шеберлігі тура алғашқы
адымынан ("Шұғаның белпсінен") басталды.
Осы ғасырдың оныншы жылдарының орта тұсында (1914—1915) Майлин "Шұғаньң
белгісін" жазьш, қолжазба журналда ("Садақ") жариялағанда, қазақ прозасы
жанр ретінде жаңа туып-қалыптаса бастаған еді. Десек те, дәл осы шығарма
суреткерлік, шеберліс тұрғысынан пайымдағанда, күні бүгінге дейін қазақ
хикаятының улгісі боп қалып отыр. Хикаят оқиғасы дәстүрлі қалыпқа салынған.
Кедейден шыққан Әбдірахман деген мұғалім жігіт Есімбек деген байдың Шұға
деген сұлу қызына ғашьқ болады. Жігітп қыз да сүйеді. Бұл, әрине, байларға
ұнамайды. Олар жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Бұған күйзелген
Шұға айықпас дертке ұшырайды. Қызыньң халіне қиналған Есімбек болысқа
айтып, Әбдірахманды амалсыз босаттырады. Әбдіарахман сүйікті Шұғасын көруге
асығып келсе, қайран ару бұл дүниемен біржола қоштасқан екен, оньң өзіне
жазып қалдырған хатын оқып, көз жасы көл болады.
Ал осында не тұр? Мұндай оқига жұртқа таныс, таптаурын, ауыз әдебиеті мен
жазба әдебиетінің талай шығармаларына мазмұн болған. Дәстүрлі дейтін
себебіміз де сондықтан. Майлин — суреткердің шеберлігіне қатал сын да дәл
осы жерде болатын. ...Қысқа-қысқа он үш тараудан тұратын шап-шағын хикаят
былай басталады: " — Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді.
Ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуен сықылды тіркесіп оңтүстікке қарай жылжып
ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырайлы нұрын шаша бастады.
Бұл — әсем пейзаж. Дала, күз, сәске, бұлт, күн... Окушының көз алдына
табиғат суреті жайыла қалады және жай сурет емес, жанды сурет, қозғалады,
қимылдайды. Бұлттар жөңкіле көшіп барады, күннің көзі біртіндеп ашыққа
шығады, бұл да қарап тұрмайды, күледі, шұгыла шашады...
Автор осы суретке оқушы назарын әбден аударып алады да, оған ізінше "Біз
екеу едік" деп мәлімдейді. Бұлар кімдер? Бірі автор, екіншісі, қасына
ерген, жолдасы — Қаасымжан — "сиректеу сақал-мұрты бар, қара бұжыр".
Портретті де жай сыза салмайды, жандандырады: "Пішініне қарағанда, бір
түрлі сөйлемпаз адам" — деп қояды. Шынында да солай, жол бойындағы "Шұғаның
белгісі" атанған обашықтан ағыл-тегіл әңгіме туғызып, тыңдаушысын ұйытып
әкетеді:
"Бұл қызық әңгіме, тыңдаңыз,— деді.
Сөзді бастап та жіберді."
Жазушының шеберлігі сондай, бірінші тарау сөйтіп табан астында әңгіме
ішіндегі әңгімеге, немесе прологке айналып шьға келеді де, сюжет екінші
тараудан (Қасымжан аузымен) кайта басталады. "Бала күнімізде анау көрінген
төбенің басънда талай асық ойнап едік... Ол да бір дәурен... Ия Бұл елдің
күзге қарай қонатын жері, жазғытұры барып тамызға шейін отыратын
жайлауымыз, бұл көл де "Шұғаның белгісі" атанды, бұрын "Тарғыл өгіз сойған"
деуші едік. Ортан қолдай төрт ұлы болды — шетінен қасқыр. Сол ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz