Бір ауылдың байы



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 91 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны
І. Кіріспе 3
ІІ. Б.Майлин әңгімелерінің негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары 5
ІІІ. Б.Майлин прозасының көркемдік ерекшеліктері 29
IV. Қорытынды 89
Пайдаланылған әдебиеттер 91

І. Кіріспе

Қазақ әдебиетінің негізін салушы көркем сөз шеберлерінің бірі –
Бейімбет Майлин. Әдебиеттің поэзия, проза, драматургия саласында бірдей
қажырлы да жемісті еңбек етіп, көркемдік жағынан құнды, көлемі жағынан мол,
тәрбиелік мәні зор мұра қалдырды.
Қазақ әдебиетінде прозалық жанрды дамытуға Б. Майлин айрықша үлес
қосқан суреткер. Ол шағын әңгімелері мен новеллаларында талай айқын
мүсіндер мен кескіндер, жарқын бейнелер жасады. Оның проза саласындағы
тұңғыш еңбегі 1915 жылы жазылған Шұғаның белгісі атты повесі – тақырыбы,
тіл көркемдігі, жазылу шеберлігі жағынан қазақ әдебиеті тарихындағы шоқтығы
биік, кезеңді шығармалардың бірі. Раушан-коммунист повесі мен Азамат
Азаматыч романы – Б. Майлин шығармашылығының ғана емес, қазақ әдебиетінің
табысы, көрнекті шығармасы.
Бейімбет Майлиннің шығармашылығы 1956 жылдан кейін ғана жан – жақты
зерттеле басталды. Ол туралы оның өмірі мен шығармашылық қызметі жайлы
бірнеше кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды жеке монографиялар
жазылды. Темірғали Нұртазиннің Бейімбет Майлин творчествосы (1966 ж.),
Бейсенғали Наурызбаевтың Дәуір суреткері (1967 ж.), Рәзия Рүстембекованың
Бейімбет Майлиннің драматургиясы (1969 ж.), Т.Бейісқұловтың Қанатты
қаламгер атты монографиялық зерттеулері жарық көрді.
Бейімбет Майлиннің прозасы өзіндік ерекшелігі, стилі, тілі, көркемдік
айла – тәсілі бар ерекше проза. Ол жиырма жыл бойы үздіксіз өсіп, дамып
ұлғайып отырған проза. Оның идеялық мазмұны әрдайым көркемдік түріне сай
келіп отырады. Сондықтан да социалистік реализм әдісі Бейімбет прозасында
берік орын алып шын мәніндегі көркемдік құдіретін таныта алады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Әдебиет жанрының дамуына өз үлесін
қосып, халықтың тұрмыс – тіршілігінің сан қырын өз шығармасына арқау еткен
жазушы Бейімбет Майлиннің мұралары зерттеле, сан қырынан талдана берері
хақ. Әдебиет әлеміне өзгеше сарынмен келген Бейімбет Майлиннің өмірі мен
шығармашылығы, проза саласындағы шығармалары сөз болып, мектеп
бағдарламасында оқытудың жолдарын арнайы зерттеудің өзектілігі айқындалады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ әдебиетіне өзіндік ерекшелігімен
келген жазушы Бейімбет Майлиннің прозасы және мектеп бағдарламасында
оқытудың тиімді жолдарын жүйелеу мақсаты бойынша мынадай басты міндеттерді
шешу көзделді:
- Жазушының проза жанрындағы әңгіме, новелла, мақала – очерк,
фельетондарын, повестері мен романдарын жүйелеу;
- Прозалық шығармаларының тақырыптық, көркемдік ерекшеліктерін
саралау.
- Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен,
қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ІІ. Б.Майлин әңгімелерінің негізгі тақырыптары мен өзекті идеялары

Бейімбет Майлин - әдебиетіміздің барлық саласында әртүрлі жанрларында
бірдей қызмет еткен жазушы. Оның шығармашылығына тән халықтық,
қарапайымдылық қасиет тек поэмасында ғана емес, прозалық, драмалық
шығармаларында да ерекше байқалады.
Әдебиетіміздің проза саласында, әсіресе, оның көркем әңгіме сияқты
шағын жанрында Бейімбеттей көп еңбек еткен жазушы кемде- кем. Қара сөздің
техникасын қазақ жазушыларының ішінде Бейімбеттей жақсы білетін кісі кемде
– кем десе де болғандай. Қазақ әңгімелерінің аса көркем үлгілері
Бейімбеттің өзгеше мұрасынан танылатын деген Мұхтар Әуезовтің пікірі
жазушы шығармашылығына берілген әділ баға.
Бейімбеттің проза саласындағы тұңғыш еңбегі – Шұғаның
белгісі атты атақты повесі. Бұл шығарма жазушының прозадағы тырнақалды
еңбегі бола тұра көтерген тақырыбы, тіл көркемдігі; оқиға тартысын
өрбітудегі жазу шеберлігі жағынан қазақ әдебиеті тарихындағы кезеңді
шығармалардың бірі болып есептелінеді. Повестегі басты образ – Шұға
махаббат бостандығын аңсап, сүйген жігіті Әбдірахманға қосылу тілегін
орындай алмай, қайғы – шермен қаза болады. Повестің негізгі тақырыбы-
махаббат бостандығын аңсаған жастар жайы. Өз заманының көзі ашық оқыған
жігіті Әбдірахман Есімбек деген байдың Шұға деген жас қызына ғашық болады.
Қыз да Әбдірахманды ұнатады. Көбірек жүздесіп білісудің нәтижесінде бұл екі
жас бір – бірін көрмесе тұра алмайтындай дәрежеге жетеді. Екеуі де махаббат
құшағына бөленіп тату – тәтті өмір сүруді аңсайды. Әкесінің Әбдірахманға
қарсы екенін сезген Шұға өз арманына жете алмайтынын білген соң күйіктен
ауырады. Оның ауруы асқынып, өмірден үміті үзіле бастағанын сезген әке
Әбдірахманды шақыртады, жалғыз қызының айтқанына көнбек те болады, бірақ
Әбдірахман келгенше Шұға қайғылы халде өліп кетеді. Повестегі негізгі
мәселе Шұғаның тағдырымен тығыз байланыстырылған. Шұғаның махаббаты, арман
– мүддесі, қайғылы зары, трагедиялық халі түгелдей әңгіменің арқауын
құрайды. Оқиға сол желі арқылы өріліп ширатылады да, сол жіптің үзілуімен
бітеді. Шұға өмір сүрген ортаны, заман жайын, дәуір кейпін де
аңғартарлықтай бірнеше характерлер жасай білген. Шұға - Әбдірахмандар мен
олардың махаббатына сүйсіне қарап, қайғысына ортақтасушы. Шұға тарихын
әңгімелеуші сиректеу сақал мұрты бар, қара бұжыр кісі де, Есімбек байдың
малайы Базарбай да ұнамдылық мінез-құлқымен өздерінің жарқын бейнесін
танытса, бұларға жау болып көрінген Есімбек бай мен Қажыбай, Айнабайлар да
өздерінің кертартпалық, жұғымсыз әдет-ғұрыптарымен оқушының соншалықты
жеркеніш сезімін тудырады. Көлемі шағын ғана шығармада бірнеше
кейіпкерлердің мінез-құлқы мен характерін драмалық, жекелік
ерекшеліктерімен шынайы суреттей білу - жазушының асқан шеберлігін
көрсетеді. Бірақ, реалист жазушы Бейімбет ұнамды кейіпкерлерін жылтыратып,
боямалап, әсіре қызыл қуыршақ бейне етіп көрсетуден мүлде аулақ. Ол өз
кейіпкерлерін адамға тән қадір-қасиет, жақсылы-жаманды мінез –құлқымен
жанды бейне ретінде суреттейді. Бұған Әбдірахманның ынжықтау, басқа түгіл
өз қара басын қорғап ала алмайтын осалдықтарының өзі-ақ айғақ бола алады.
Қалайда Бейімбеттің бұл шығармасы көркемдік шеберлігі жағынан құндылығын
осы кезге дейін жоғалтпаған ірі туынды, көрнекті шығарма болып табылады.
Прозадағы алғашқы шығармаларының бірі – Сексен сом. Мұнда Егеубай
деген кедейдің бір күндік өмірін суреттеу арқылы жазушы елім, жұртым деп
өтірік көлгірсіген алаш өкіметінің елді тонаушылық саясатының бет пердесін
әшкерелейді. Жалғыз аты бар Егеубайға алашорда ашылыпты, соның шығыны деп
үй басы сексен сом беретін болдық деген Тынымбайдың хабары аспаннан жай
түскендей көрінеді. Бұдан бір ай бұрын да 80 сомды төлей алмағаны, үшін
мынау большевик қарсылық көрсетіп тұр деп ұстатып жібере жаздағаны
есінде. Енді,міне, Сексен сом үшін алаш жігіттері Егеубайдың жалғыз көк
шолақ атын алып кетеді.
Ел басына туған аштық апаты жайлы да жазушы біраз шығармаларын
жазады.Солардың ішінде асқан реалистікпен суреттелгендері – Күлпаш,
Аштық құрбаны, Әже. Осы үш әңгімеде бұл мәселе үш қырынан көрінеді.
Күлпаш әңгімесі 1922 жылы жазылған. Кедей үйінің жұпыны түр-
әлпеті. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Алты айғы қыс аштық қысып әбден жүдеген
жандар. Күлпаш пен баласы Қали аштықтан ісінген, сенері - ел қыдырып қайыр
тілеп кеткен Мақтым. Мақтым ертемен тұрып ел қыдырып кетсе, әйелі Күлпаш
сол бірдеме әкелетіндей өзін-өзі адастырумен болады. Елден қайыр сұрап
кеткен Мақтым да дорбасын мойнына арқалаған бойы күн батып кеш қарая үйіне
әрең жетеді. Қыржиып тырысқан қысқа тон қаудырлы қатқан жаман тымақ,
аяғында қонышынан басылған жаман етік; мойнында дорбасы бар жағы суалып,
көзі адырайып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кіреді. Бұл - Мақтым еді.
деп жазады жазушы. Осы өмір үшін күресуге де ешбір дәрмен қалмай, аштықтан
құтылудың амалын таба алмай отырған Күлпашты туған сіңлісі Раушан келіп
айландырады. Раушанның ақылы бұл түріңмен аштан өлесің. Одан да Жұмағазыға
ти. Оған тисең өзің би,өзің хан боласың, 40-50 қарасы бар. Бір ауылдың
байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. Жасы биыл тап 40-та. Аштықтан
шаршаған Күлпаштың қайрат - жігерден, ақылдан да айрыла бастағанын сезген
сіңлісі: ... Не бар тамақ соның үйінде, бұзылмаған қазы, бүрулі ет,
шұжықтың саны жоқ ... Әлі күнге дейін дастарханның наны үзілген емес деп
қызықтыра түседі. Тамақтарды тізіп өткенде Күлпаштың аузынан суы ағып, есі
кете жаздайды. Қарағым-ай, өздерің білші...мен естен танған кісі ғой –
дейді ақырында. Сонымен аштық әуелі Күлпаштың бойын жеңіп сай – сүйегін
босатса, ойын да, ақыл – есін де, адамдық, аналық қасиетін де жеңеді.
Жалғыз ұлы Қали мен сүйіп қосылған жары Мақтымды өлімге қиып, өз басының
тірі қалу қамын ойлап, көрмеген, білмеген Жұмағазының үйіне соның тоқалы
болуды мойындап кете барады. Жазушы Күлпаш басындағы осы бір ауыр
күйзелістерді қарапайым ғана суреттермен шынайы бейнелейді. Күлпаштың
жалғыз ұлын да тастап кетуге бет алғанына оқушы сенеді, енді оның кетуін,
Жұмағазыға әйел болған күндерді суреттеудің қажеті де болмай қалады. Енді
жазушы баласын сағынып, жолдасы Мақтымды аяп, соларды өлімге қиып кеткеніне
арланған ананың аяулы келбетін суреттейді. Әңгімені тебіренбей оқу мүмкін
емес, кейіпкермен бірге еріксіз күйзелесің – Әттең кедейлік, әттең аштық,
қылдың – ау!.. деп жазушымен бірге ренжисің. Қысқа ғана әңгімеде жазушы
бір отбасының басына тап болған трагедиялық халді шебер көрсете білді.
Реалист жаушы өмір шындығын айнытпай дәл басады.
Аштыққа байланысты әңгіменің бірі – Аштық құрбаны. Бұл әңгіме
тақырыбы жағынан Күлпаш әңгімесіне сабақтас, тек көркемдік шешімі
өзгешелеу. Қайрақбай кедейдің отбасы аштыққа алқынып, содан құтылудың
амалын таба алмай қиналып, күйзелген күңгірт күндері сөз болады.
Қайрақбайдың жер үйінің іші ит байласа тұрғысыз азынап тұр. Отқа жағар
отын, ішерге ас жоқ. Қайрақбайдың әйелі Шырынкүл сөніп бара жатқан оттың
шоғын шыпшамен көсеп жайнатқан болады, бірақ жанып біткен қамыстың шоғы
сөніп қала береді. От сөнгенде бұлардың өмірі де сөнетіндей сезінеді. Қара
судан бөлек ішетін ұрттам тамақ жоқ. Екі күннен бері дым татқан жоқ. Мұның
ар жағы не болмақшы? Жақ сүйегі сорайып, екі көзі аларып, еңсесі түсіп
Қайрақбай отыр: Екі көзі жаутаңдап, әкесінің шоқпыт күпісіне орана түсіп,
сегіз – тоғыз жасар бала Таңсық жатыр. Бәрінен де қайғылы, бәрінен де
жүдеу, біресе жылаған шешесіне, біресе еңсесі түскен әкесіне қарап
жаутаңдап Дәмеш отыр, - деп суреттейді жазушы Қайрақбай отбасының ауыр
күндердегі көрінісін. Дәмеш - он алтыға шыққан қыз. Ол қатарлы жұрттың
балалары кісіге жалданып әке – шешесін асырап отыр. Неге еркек бала болып
тумағанына күйінеді Дәмеш. Аштықтан шаршаған Қайрақбай отбасының жайын
түсінгендей боран да үдей түседі, жел ысқырып, ұлығандай, сақылдап
күлгендей, сарнап жылағандай болады. Қараңғылық түнеріп әлемді тұншықтырып
бара жатқандай секілді сезінеді. Аштықтан құтылудың бірден-бір амалы -
Дәмешті күйеуге беру деп біледі анасы. Әке – шешесін, бауыры Таңсықты аштық
тырнағынан ажыратып қалу үшін жанын садақа қылуға Дәмеш те әзір. Алыстағы
шал Тілеумағамбет тоқалдыққа сұрап отыр дегенді естігенде Дәмештің жүрегі
мұздап, тұлабойы қалтырап кетеді. Апыр – ау, өлейін деп отырып қызды
қайтеді екен? Өзі өлгенше қатын үстіне болса да балаларының біріне неге
әпермейді екен?.. Болса да сатылатын болған соң, тым болмаса жас жігіттің
душар болмауын қарашы! деп армандайды аштықтан құтылу үшін өзін
құрбандыққа әзірлеген Дәмеш. Оқиғаның одан арғы шешімі Дәмештің Рахилаға
жазған хаты арқылы баяндалады. Рахилаға Дәмеш өзінің басынан кешкен
жәйттерді: Тілеумағамбет шалдың үйінде күнін өткізіп жүргенде ол үйге бір
төре қонақ болып, оған Дәмеш арызын айтып өзіне, әке – шешесіне бостандық
алғанын, ақырында сол төре екеуі қосылып, бақытты өмірге жеткені жайлы
баяндайды.
Бейімбеттің бұл әңгімесінің құндылығы өз кезіндегі оқиғалардың ыстық
– суығы басылмаған кезінде оған батыл қадам сілтеуі.
Әже атты әңгімесінің құндылығы да өте қызық. Қысқа әңгіменің өзін
жазушы алты бөлімшелерге бөледі. Бірінші бөлімде Злиханың өз ойымен өзі
арпалысқан ішкі сырына қанық боласыз. Злиханы Сарымсаққа ешкім зарлап
қосқан емес, өз еркімен сүйіп қосылған қосағы. Содан бері тоғызыншы жыл.
Сарымсақтай момын жоқ, Злихаға ол мынауың теріс деп көрген емес. Злиха
еркін өсті. Сол еркіндігі ақыры өзінің түбіне жетті. Тілінің қызықтығымен
ұйытқан Ұлпа мен еңбектеген Бақыттың кінәсі не? Олардың көзін жаудыратып
жетім қалдыратындай не көрінді Злихаға? Неге бұзылды ол? Оны Злиханың өзі
де түсінер емес: - Құдай – ау, осы пәлеге мені салғалы жүрген кім? Мен
неден аздым? Маған не көрінді? Бақытжанды қайтем? Ұлпанды қайтем? дейді
өзіне- өзі Злиха. Екінші бөлімде Сара, Кәрібай, Жалмақ үшеуінің кеңесі
суреттеледі. Ауылдың қуы Сарыға Жалмақ Сарымсақтың Злихасын Кәрібайға алып
бер дейді. Үшеуі сөз байласады. Күйеуінен де көңілі қалмаған, сүйікті
балаларын аялап өсірген тату – тәтті отбасы бар Злиханың надандығын
пайдаланып азғыра түсу, сөйтіп көрмеген, білмеген қайдағы бір Кәрібайға
қосу. Злиханы азғырушы - оның бөлесі Қожантай. Үшінші бөлімде -
Сарымсақтың түсі. Түсінде оны біреу жардан құлатып жіберіп, ирелеңдеген
біреу Злиханы дедектетіп әкетіп барады. Злиха! деп шошып оянғанда қолы
Злиханың бос жастығына тиеді. Әйелін іздеп әбігер болады да қалады.
Төртінші бөлімде Злиханың Кәрібай үйіндегі күйеңкі өмірі суреттеледі.
Өзінің алданғанына өкініп, өксігін баса алмай жүрген Злиханың аянышты өмірі
көз алдына елестейді. Бесінші бөлімде өкпе ауруына шалдыққан Злиха әкесінің
үйінде өлім халінде жатыр. Балаларын сағынады. Басынан кешкен оқиғаларды
әжесіне сайрап отыр. Кәрібайдың үйінен қашып шыққан күні шананың үстінде
келе жатып түс көреді. Сарымсақ іздеп келеді. Алтыншы бөлімде үйіне жетер –
жетпесте Злиха өліп кетеді. Әжелеп балалары қалады. Осы әңгімеде жазушы
нені көрсетпек болған? Злиха, Күлпаш пен Дәмеш тәрізді аштықтан алжасқан
жоқ. Күйеуінен зәбір көрген, не байлықтан мастанған да жан емес. Олай
болса, шығармада автор уағыздаған идея не? Злиқа - адасқан әйел. Өз бақытын
өзі бұзды. Өз бақытын аяққа басқан адам бақытты болуы мүмкін емес. Жұрттың
өсегіне еріп өз отбасын ойрандаған адам тағдыры трагедиямен аяқталатынын
меңзейді жазушы.
Отбасында атты әңгіме, өлеңдер жинағы 1926 жылы Қызылордада жеке
кітап болып жарық көрді. Еңбекші қазақ кітапханасы шығарған. Еңбекші
қазақ басқармасы Оқушыларымызға деген арнау жазған. Онда былай делінген:
- Еңбекші қазақтың жалғыз – ақ арманы - қазақ еңбекшілерін көбірек өз
маңына үйрілтіп, соларды қай жақтан болса да тәрбиелеп, өкіметпен
жақындастыру... Мыңдаған қазақ еңбекшілерін, жылдап жазылған алдырушыларын
мұнан да көбірек баулу мақсатымен басқарма өңкей жылдық алдырушыларына
сыйлық тарту есебінде осы кітапшаны шығарып отыр. Кітапша Жер ошақ
басында атты өлеңмен ашылған. Онда жаңа үй болған жас келіншек Маржанның
жар астына жер ошақ құрып сабын қайнатып жатқаны суреттеледі. Кітапшада
Өңгелбай, Құлақ, Серттескендер, Заман, Мектеп атты әңгімелерімен
қатар Мақтым, Күлпаш, Шал мен қыз атты өлеңдері жарияланған. Заман
атты әңгімесі мен кейінгі екі өлеңі жинақтарына кірген. Ал Өңгелбай,
Құлақ, Серттескендер осы кітапшадан кейін қайта жарияланбаған. Бұлардың
жазушының алғашқы әңгімелеріне жатқызуға болады (1923-24 жылдары жазылған).
Әңгімелердің қай – қайсысы да қысқа мазмұнды, оқиғасы ширақ құрылған көркем
әңгімелер. Мысалы Өңгелбайды алайық. Өңгелбай болыс болып сайланады. Жұрт
ол туралы еті тірі, пысық, ретін табар деп ойлайды. Оның ептеп шикілігі
де бар. 4-5 жыл бұрын ол дәулетті адамдардың қатарына жатушы еді, бірақ
жалпы елге келген жұрт мұны мүлде әлсіретіп кеткен. Өйткені ол кезде
Оңғарбай карта ойынымен қызығып жүрді де, малдың қалай біткенін білмей де
қалады. Қазір бір аты, бір сиыры бар. Оның хатшысы етіп бұрынғы болыстың
писары Алексейді ұсынады. Оны халық Әлеке дейді. Талай адамға протокол,
постановление жазған Алексейге арызын айтады, еңбек ақысын байдың бермей
жүргендігіне шағым жасай келіпті: Оған арызыңды сотқа бер деп құтылған
кезде 2 - ауылдың ауылнайы келеді. Ол орысша жазылған бұйрықты өздеріне
қайтып әкеледі де бұйрықтардың бәрі қазақша жазылу керек деген губерниялық
комитеттің шешімін ала келеді. Болыс сасады.
- Алексей ғинардың бірінен бастап бұйрықты қазақша жазу туралы приказ
келді ме?
- Никакой приказ жоқ.
- ... ... газетінде бар дейді ғой? Ол қайда?
- Қандай газет?
- Қазақша.
- Бәйбіше майлыққа газет сұраған соң мен бәрін бергем. Болыс қысылды.
- Қатын, уа қатын!
- Немене?
- Газет алдың ба?
- Газеті несі?
- Антұрған мұсылманша тасқа басқан жазуы бар қағаз.
- Алексей берген қағаздары бар еді.

Қол сүртіп бітірдік.
- Тіпті қалғаны жоқ па?
- Жыртық біреуімен сенің темекіңді орап қойып едім.
- Соны әкелші. (От басында 9 бет).
Жыртылған газеттен Оңғарбай бұйрықтың бас жағын тауып алады. Алексей кетіп
қалады. Осы бір шағын көлемді әңгімеде жазушы ел басқаруға араласа бастаған
алғашқы кедейлердің тұрмыс – тіршілігін айнытпай көрсете біледі. Болыс
болып сайланған, ептеп қазақша хат танитын Өңгелбайдың өзі де газет оқуды
білмейді, өзіне қатысты приказдың газетке жарияланғанымен де хабары жоқ.
Осы бір көріністі жазушы жеңіл юмормен әдемі баяндайды.
Құлақ деген әңгіме де Өңгелбайға тақырыбы жағынан жақындау.
Шақшасынан айрылған ауылнай насыбайын газетке орап жүр екен. Ауыл мұғалімі
оған қағаз береді де, насыбай ораған газетін оқиды. Жиналған жұрт
мұғалімнен дауыстап оқуын өтінеді. Ол жыртылған газеттен Жаз жақындап
қалды, елде кедей көп, соларға көлік, тұқым тауып беру – аштар комитетінің
міндеті деген жолдарды оқиды. Бұл сөздер тақыр кедей Ысқаққа ұнап кетеді.
Ол ежелеп сұрайды. Арызын айтады. Оған басқа жұрт күлген болады. Әңгіме
Бекеннің үйінде болып отыр. Бір кезде табақтың іші қара құшқыл буы шыққан
бір – екі жапырақ ет ортасында көрінер – көрінбес болып жатқан тамақ
келеді. Ауылнай да, Қайрақбай да жаратпаған пішін көрсетеді. Үй иесінің
сараңдығын автор қонақтардың алдына қойылған асты суреттеу арқылы береді.
Аз уақыттың ішінде сыпайы мырзалардың саусағы қара табақтың түбін тырнай
бастайды - дейді жазушы. Әкімдер аттанар кезде Ысқақ тағы жабысады.
Қайрақбай ауылнайға қарап осы үйден 10 пұт астық алып Ысқаққа бер дейді,
бермеймін деген Бекенге хатшы протокол жаза бастайды. Бекенді оңаша алып
шыққан Қаламбай Сорлы – ау, кімге сеніп ерегісесің. Сотқа берсе апарып
жауып қояды деп қорқытады. Енді әңгім Бекен мен әйелі арасына ауысады.
- Әлгілердің Кулак деп жатқаны кім еді? – деді.
- Мені айтады.
- Сен кулак ба едің? Қарашешей ашуланғанда қаңғырған телеу
дейтіні қайда? Осы сенің руың күніне бір өзгере ме? Бекен мырс
етіп күліп жіберді.
- Ит-ау, кулак дегені – ру емес бай деген сөзі.
- Солай ма еді. Қаңғырған телеу деген сөзін тастай беріп
Қарашешей, Кулак деп мазамызды ала ма деп қорқып едім, - дейді.
1923 жылы жазылған осы бір қысқа әңгімеде ауыл белсенділері
Қайрақбай мен Қаламбайдың іс - әрекеті де, тақыр кедей Ысқақтың жоқтықтан
сасқан аңғалдығы, мұқтаждығы да Бекеннің сараңдығы мен надандығы да күлкіге
айналады. Ақырында Бекеннің әйелінің кулак деген сөзді рудың аты екен деп
қалуын суреттеуі де еріксіз езу тартқызады. Қазақтың газетті жаздырып
алғанымен оқымайтындығын де ескертеді. Осы жинақтағы үшінші әңгіме –
Серттескендер. Июль айының ыстық күндерінің біріндегі Қаламбай ауылының
тіршілігі суреттелінеді. Ауылдың бозбала – жас шағы шөп шабуға кеткен.
Оңаша қалған бірен – саран шалдар кемпірлеріне аяқтарын уқалатуда. Қыз –
келіншектер де бір өңкейлеу жиналысқан. Орта жасаған үш әйел де оңаша
отырып өткен өмірлерін еске түсіруде. Қыз сатып қалың мал алуға бола ма
екен? дегенді әңгімелейді. Толқын деген әйел өз қызын сатпақ түгіл көңілі
қалаған құдаласқан адамдарға бере алмай отырғанын сөз қылып отырғанда бір
пар атты арбалы екі адам бұлардың үйлерінің маңына тоқтайды. Сөйтсе,
Маржанкүлдің серттескен жігіті орыс милиционерді ертіп келген екен.
Маржанбикенің законщик байы келіп, Менікі декрет бар, бұйрық бар,
киргизский декрет... Қалың мал алуға болады. Қызды тартып әкетуге
болмайды деп ара түссе де келгендер көнбейді. Ақырында Маржанкүлдің өзі:
- Әже, жылама маған ем қонбайды. Біз серттескендерміз!.. дейді.
Махаббат бостандығына қолы жеткен қазақ жастарының ата – анасын жылатып,
ренжітуіне жазушы разы еместігін байқатады. Махаббат бостандығын теріс
түсіндірушілерді әдепті болуға меңзейді.
Жиырмасыншы жылдары жазған көркем әңгімелерінде Кеңес үкіметінің
арқасында теңдікке қолы жеткен қазақ еңбекшілерінің санасы оянып, қоғам
өміріне белсене араласа бастауы, ескілік кертартпалыққа қарсы күресіп,
жаңалыққа ұмтылуы, тап тартысын түсінуі суреттелінеді. Осының бәрінде де
Бейімбет тікелей өмірдің өзіне үңіледі, оның неше алуан қырларын қаз –
қалпында дерлік шындық тұрғыдан бейнелейді. Бейімбет әңгімелерінің ерекше
бір қасиеті – қарапайымдылығы, халықтығы болса, соның негізі оқиғаның
өмірлік шындықтан алынып жазылғандығында еді. Бейімбет әңгімелері оқуға
жеңіл, әрі тартымды келеді. Суреттелініп отырған оқиғаның нанымды
жазылатыны соншалық, кейде тіпті ол өмірде болған күйінде ешбір қосымшасыз
берілген тәрізді болып көрінеді. Сондықтан да бір кезде Бейімбеттің бұл
ерекшелігін теріс түсініп, оны натуралист жазушы деушілер де болған.
Шындығында натурализм Бейімбет творчествосына мүлде жат. Оның өмірдің
санқилы сырын құбылта және дәл шындық, өмірлік қалпында суреттей білуі
натуралистігі емес, өмір құбылыстарын байқағыштығы, сезімталдығы еді.
Бейімбет өмірдің шынайы картинасын жасайды. Ол жасаған образдарда оқушының
кімнің кім екені – дос қайда, дұшпан қайда, жаңаға жанасатын мінез қайсы,
үйлеспейтін кедергі – кесір мінез қайсы екендігі тайға таңба басқандай ап –
айқын көрініп тұрады. Жаңа мен ескінің күресі үй ішінде, қазан – ошақ
басында ерлі – зайыпты, ағалы – інілі, апа- қарындастардың арасындағы ара
қатынастарда, әдет – ғұрып, салт – саналық көріністерде өз - өзінен табиғи
түрде байқалып отырады. Бейімбет шығармаларының өміршеңдігі де, зор
тәрбиелік маңыздылығы да оның осындай қарапайымдылығымен тығыз байланысты.
1923 жылы жазылған Талақ атты әңгімесінде автор ерлі – зайыпты Айдарбек
пен Зейнептің бұрынғы тату – тәтті отбасын болмашы нәрседен бұзыла
жаздағанын, алайда екеуінің өз арасындағы татулық, сыйластық, сүйіспендік
сезімдері ескі наныммен, діни ұғыммен іштей арпалысып күресу нәтижесінде
ақыры қайта табысқанын суреттейді. Болмашы нәрсеге ренжіген Айдарбек ашу
үстінде Зейнепке: - Мен сенен талақ - дейді. Зейнепке таяқтан да қатты
батқан осы талақ деген жаман сөз. Оның бала кезден білетіні, естігені:
неке – ерлі-зайыпты адамның тұрмысы, бірін – бірі сүймеген екі адамды неке
сүйдіреді. Неке-махаббат жібі, ерлі-зайыпты адам қаншама бірін – бірі
көрместік болып араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал,
ерлі-зайыпты адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін
бір нәрсе бар, - ол – талақ... Міне, Зейнепті осы ойлар қатты қинайды,
Айдарбектен шынымен – ақ айырылып қаламын ба деп өкінеді, бір жетіден бері
одан жеген таяқ та, есіткен сөздері де ұмытылды, бойын тітіркендіріп,
тікенектей қадалып тұрған жалғыз сөз – талақ. Ашу үстінде мән бермей айтып
қалған Айдарбек те кейінірек есін жиып, өз сөзінен өзі шошиды. Оның ойынша,
бұл - кешірілмес қате. Шариғаттың бұйрығын істеймін десе, Айдарбек қатынын
екінші біреуге қосып, ол адам талақ қылғанның артынан үш айдан кейін барып
қайта неке қиып алу керек. Олай қылмаса некесіз қатын ұстаған болады.
Некесіз қатынның үйінің асы арам деп шолақ молда екі күннің бірінде
қақсайды. Бірақ жастай сүйіп қосылған Зейнебін Айдарбек қалай қисын
біреуге? Осы жайлар оны да қатты қинайды. Ондай ой ұшығынан шыға алмаған
Айдарбек Зейнепсіз маған шариғаттың қажеті не? деген ойға келеді де: -
Шариғаты құрысын, қатынымнан айрылмймын... деп түйеді ойын. Сырт қарағанда
осы бір шағын ғана әңгімеде алып – жұлып бара жатқан тартыс желісі жоқ
тәрізді, мынау ұнамды, мынау ұнамсыз деп тізбектеп жататын кейіпкерлер саны
да көп емес. Әңгімеге Айдарбек пен Зейнеп екеуінен басқа олардың қызы
Күләмза ғана қатысады. Әке – шешесі болар – болмас нәрсеге ренжіп қалса, ол
да ренжиді, бүк түсіп ұйықтап қалады да, ал егер олар татуласып жайдары
отырса, Күләмза да қуанады, шексіз бақытты адамдай көңілі тасиды. Мұның
бәрі өмірде болатын, жиі ұшырайтын, екінің бірінде кездесетін ақаиқат
жайлар. Алайда әңгімедегі оқиғаның идеялық мазмұнына тереңірек үңіле
қараған адамға оның үлкен философиялық, тәрбиелік мәні бар екендігін түсіну
қиынға соқпайды. Біріншіден, әңгімеде автор талақ деген ұғым жайындағы
шариғат сырын әшкерелейді, ескі наным, діни ұғымды ирония арқылы шенейді,
әлі де сондай әртүрлі ескі әдет – ғұрыптың ықпалында жүрген адамдарға
ояныңдар, ескілік шырмауынан арылыңдар дегендей үгіт айтады. Екіншіден,
баланы дұрыс тәрбиелеу үшін отбасындағы ата – ананың атқаратын рөлі,
олардың өз бастарының үлгі-өнегесі бала жүрегіне қаншалықты әсер ететіндігі
аңғарылып отырады.
Жазушы қазақ даласында кеңес үкіметінің алғашқы күндерінен бастап –
ақ болып жатқан ұшан – теңіз өзгерістердің, жаңа қоғамның алып қадаммен
алға басып дамуы үшін қаншалықты зор қарқын қажет екендігін дұрыс түсіне
білді. Жаңа қоғамның даму, өсу, өркендеу заңдылығын осылайша түсінген үлкен
суреткер халыққа қызмет қылудың басты шарты күнделікті өмірімізде болып
жатқан жаңалықтарды дер кезінде дұрыс байқап, оны көркем сөзбен бейнелеу,
сөйтіп өз халқының тарихи шежіресін жасау деп ұқты. Сондықтан да елімізде
Бейімбет қаламынан тыс қалған бірде – бір оқиға жоқ деп айтуымызға болады.
Бейімбеттің бұл қасиетін заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезов:
Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым –
қатынастары әрдайым нанымды боп шығады және бұл шығармалардың түр үлгісінде
дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады. Бейімбет әңгімелерінің көп
топтар революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың
ортасына дейін совет дәуірінде қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем
шежіресі деуге болады, - деп әділ бағалаған. Жаңа қоғамымыздағы қаулаған
көп жаңалықтардың қас дұшпаны ауылдағы шала молдалар еді. Сондықтан Кеңес
өкіметінің алғашқы жылдарында көптеген қазақ жазушылары қаламының уытты
ұштарын қожа – молдаларға қарсы жұмсады. Ескі діни ұғымның, кертартпалық
салт – сананың қорғаушылары – молдаларды сынау, олардың шын бейнесін жұрт
алдына бүркеншексіз шығару қазақ жазушыларының қай – қайсысының да
шығармаларынан орын тапқан тақырып. Бірақ қожа – молдалардың арамзалығын,
дін иелерінің топас надандығын дәл Бейімбеттей өлтіре сынаған қазақ
жазушысы кемде – кем. 1923 жылы жазылған Шариғат бұйрығы атты әңгімесінде
Бейімбет Кәрібай молданың бастан кешкен хикаясын мазақтап сықақ етеді.
Мұнда Тайлақбай деген кедейдің жалғыз биесін ұрлап әкеліп сойып алған
Кәрібай молда өз ісінің шариғат заңы бойынша дұрыс екенін, не теріс екенін
білмей қысылғансиды. Құдай – ай, тым болмаса шариғат қарауында дұрыс
болып, абыройым ашылмаса игі еді... деп ойлайды да, өзінің ұрлығын
ақтайтын шариғаттың риуаяттарын қарастырады: Кітаптарын сапырылыстырып
жүріп Кәрібай ісмі ағзам дұғасын тауып алады. Онда егер бұл дұғаны езіп
ішсе, дұшпандарынан сөзі үстем болады деген жерін көріп, қуанғаннан жүрегі
жарылып кете жаздайды. Оның ойы сол дұғалықты езіп ішсе, ұрлық жылқыны
сіңіріп кететіндей. Қаптаған қалың жау келсе де, - ісім ағызам дұғасы
крепост қызметін атқаратын секілді болды. Бірақ дұғаны езіп ішуге дайын
болғанымен, ораза қинайды. Енді қандай жағдайда оразаны ашып жіберуге
болатынын қарастырады. Оны да тапты. Жау қамап, жан қысылғанда деген жері
Кәрібайға ұнай кетеді, өйткені көп ұзамай бір тықырдың да болатынына
сезіктенеді. Қызыл сиямен боялған дұғаны Кәрібай молда шариғаттың
бұйрығымен ішіп жібереді. Әңгіме соңында дұға ішкенде сақалына жұққан
қызыл бояу Кәрібайдың ұры екендігінің куәсі болады да, түбіне жетеді. Осы
бір әңгімені оқып отырғанда жұртты алдап, садақа жинап күн көріп,
шариғаттан өсиет айтып кісімсіп жүрген молда Кәрібай халық алдында ұры
атанып, молдалық сыры ашылып қалады. Сөредегі қалың кітаптардың, бойтұмар
қылған, езіп ішкен – ісім ағызам дұғасының шарапатын Кәрекең көре алмай
қор болады. Бұдан да басқа әңгіме, новеллаларында, пьесалары мен
скечтерінде Бейімбет Кәрібай секілді тұзағын жаюшы бай, молдаларға қайта –
қайта оралып, оларды әр қырынан сынап, шенеп отырды.
Бақсы – балгерге сеніп соның ем – домына үйренген халық дәрігерге
сенбейді, ауырса құдайдың ісі, алланың жіберген ауруы ғой, амал жоқ көну
керек, шыдау керек деген сияқты қырсық аурумен әрі надандықпен күресу
Бейімбет шығармасынан кең орын алды. Оның Иелі ауру, Естай ауылы т.б.
әңгімелерінде осы жәйттер сыналды. Иелі ауру әңгімесінде Тілеуқабыл деген
шаруа кісінің үй іші тегіс трахома ауруымен ауырса да надандықтың арқасында
дәрігерге көрсетпейтінін, құдайдың жіберген иелі ауруы, не болса да көндік
деген надандығын жазушы үлкен ренішпен суреттейді. Естай ауылы деген
әңгімесі де Иелі аурумен тақырыптас. Жұқпалы аурудың дертінен он бес
шақты үйі бар Естай ауылында бес-алты ғана қараша үй қалғанын, олардың да
түгел шалдыққанын айтып шошиды әңгімеші. Бейімбеттің бұл тәрізді әңгіме,
очерктері сол кездегі ауылда орын тепкен надандыққа қарсы ашық күрес еді,
бақсы – балгер, қожа – молдадан бойларыңды аулақ ұстап, дәрігерге көрініп
үйреніңдер, ауруларыңды тек солар ғана жаза алады деген идеяны қуаттайды.
Бейімбет әңгімелерінде байларды конфискелеу де (Сары ала тон)
еңбекшілерді артельге ұйыстырған коллективтендіру кезеңі де (Көктеректің
бауырында, Қара шелек, Қызыл әскердің семьясы) т.б. бірсыдырғы тәуір
суреттелінеді. Мұнда да Бейімбет өмірден үйренгені көп, білгені, байқағаны
көп жазушы екендігін танытады. Колхоздастыру дәуірін суреттеуде қазақ кеңес
жазушыларының біразы Бейімбеттен үйренді. Оған Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден
Мұстафиннің колхоздастыру тақырыбына жазған әңгіме, повестері дәлел бола
алады. Ондағы оқиға тартысы да, кейіпкерлер тағдыры да Майлин
шығармаларымен үндес келеді. Колхоздасу мәселесі еліміздің тарихында,
халқымыздың өмірінде бірінші рет кездесіп отырған оқиға болғандықтан да, ол
оп – оңай, ешбір тартыссыз орнай қалған жоқ, көптеген ауыр күрделі
қиыншылықтарға кездесті. Ол игілікті іске, бір жағынан ортақ өгізден оңаша
бұзауым артық деуші надандар, екінші жағынан; бетін бүркеніп алған тап
жаулары саналы түрде артельге мүше болған колхозшылар арасында іріткі
салып, қазаношақ, мал – жан бәрі ортақ болады-мыс, тіпті, әйелдерге дейін
ортақ болатын көрінеді деп лақап таратты. Тап жауларының осындай ылаңымен
күресу оңай соқпады. Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі тап жауларымен
де, әпербақан, ұрдажық жалған белсенділермен де қажырлы күрес жүргізді.
Еліміздің тарихында болған осы бір жәйттер Бейімбет әңгімелерінде де із
тастап, өз бояуын тапты. Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры,
Арыстанбайдың Мұқышы, Ұлбосын, Колхоз қорасында т.б. көптеген
әңгімелерінде Бейімбет колхоздасу дәуірінде кездескен қиындықтардың сол
кездегі шындығын шынайы суреттейді. Бір жағынан саналы түрде колхозға мүше
болып оның берік орнығуы үшін күрескен белсенді мүшелерінің ұнамды іс -
әрекеттерін сүйсіне суреттесе, Ерман (Көктеректің бауырында) Дайрабай
(Колхоз қорасында) т.б. екінші жағынан Омар, Айсары, Жүсіптер сияқты
колхоз құрылысына кедергі келтірушілерді де әшкерелеп сынайды.
Қазақстанда кеңес үкіметі орнауының алғашқы жылдарында сауатсыз
халықты сауаттандырып көзін ашуды, сол арқылы надандықтан арылтуды
кезектегі басты мақсаттардың бірі етіп қойды. Жаңа мектептер жер – жерлерде
ашылып, оған құлшына барған сауатсыздар саны күннен – күнге көбейе түсті.
Бұл салада да тап жауларының тигзіген әсері аз болған жоқ. Жаңа оқуды
құбыжық көрсетіп, неше түрлі лақаптар таратты. Осындай қиын кезеңдерде ел
өмірін кәнігі білетін халық жазушысы Бейімбет халқын жаңалықтан үркітпеуге,
жаңа оқуды меңгеруге шақырды. Сөйтіп 20 - жылдардың екінші жартысында оқу –
ағарту, халықтық білімдендіру тақырыбына арнап Қайнаға өтірік айтады,
Бір адым, Алғашқы сабақ, Естегілер, Ленин мектебі, Бекберген
мектебі тәрізді біраз әңгімелер жазды. Бұл әңгімелерінде ескілік тұзағынан
айрылып қалатынын сезіп, жаңа оқуға қарсы болған ауыл ақсақалдарымен, бай,
молдаларды сынайды. Сот алдында әңгімесінде сюжетке үш жүйе мәселе арқау
болды: 1) колхоздасу, г) ірі байды конфискациялау, з) шетелге қашқан байдың
ұсталып сотталуы.
Жазушы бір жүйе әңгімеде (Қара шелек, Кеңес ағасы Камила т.б.)
колхоз өмірінің қалыптасып, күнделік салтына ену процесін суреттейді.
Кеңес ағасы Камилада Камила – белсенді, ауыл советінің бастығы, кохозшы,
өзінің ауылын колхозға тартып үлгерген. Күйеуі Нұржан әйелінің тізгін алып
кеткенін жаратпай онан ажырасып, балаларын да бөліп алмақ болады. Реніш
онша кектеніп алқынбайды, араға өкіл түсіп, ерлі-зайыпты екеуі ажырасады.
Нұржан өз ісінің қате екенін мойындайды. Камила - мемлекеттік тәртіпке
дағыланған қызметкер. Шағын әңгімеде ауылды колхоздастыруымен байланысты
тұрмыстың түбірлі өзгеріске ұшырап жатқанын көреміз. Жергілікті совет
жұмысы, колхоз жұмыстары әйелдердің қолымен, білімімен бітіп жатыр.
Әңгімеде олқылықтар да бар.Сары жігіт пен оның зайыбы және Мұқан қартпен
байланысты оқиғалар сюжеттен тыс очерктік дәрежеде берілген. Камила
әңгіменің бас жағында көрінбейді, онымен сырттай танысамыз; тікелей оқиғаға
ол әңгіменің аясында араласады. Нұржанның да эволюциясы байқалмайды. Бір
топ әңгімелер (Көктеректің бауырында, Колхоз қорасында, Бейсекеңнің
үйінде, Охрана бастығы, Сары май) колхоздың нығаюы процесін суреттеуге
арналған. Көктеректің бауырында - сюжеттік уақиғасы қат-қабат,
күнделіктің күрделі мәселелерін көтеретін шығарма, повестке тән белгілер
бар. Мұнда кеңестік жұмыста біраз жыл істеп төселген қызметкерлердің (
Жақып, Рабиға) образдары көрінеді. Жақып, Омар деген байдың үйіне пәтерде
тұрып ,байдың қызы Рабиғаның қылымсығанына елігіп, оған біраз жылы қарап
жүреді.Кейін райком секретары Бөрібайдың көмегімен қатесінен арылып ежелгі
күрескерлік жолына түседі. Жақып жалғыз емес, оны қолдайтын ауылдың
кедейлері бар. Әңгімеде колхозға қас кейіпкердердің де образы көрінеді.
Олар бай Омар, Дәуітов Қасым, бөрінің бөлтірігіндей Жүніс. Бас кейіпкер
Жақыпты жан-жақты суреттейді. Бай қызы мен Рақымның құбылыстары да қызық.
Қазан төңкерісінің жеңісі нәтижесінде қазақ ауылында тап тартысы
өрши түсті. Бұрын бай есігінде, үстем таптың тепкісінде таңның атысы,
күннің батысын білмей күндіз - түні еңбек ақысыз құл болып мал орнына
қызмет қылған кедейлер енді теңдікке қолы жетіп, санасы оянды. Байлардан
өздерінің еңбек ақысын талап етуі былай тұрсын, сонымен қатар ол саяси
құқығын алғандығын түсініп, әлеуметтік күреске аттанды. Б.Майлиннің Кедей
теңдігі, Шапайдың хаты, Ақталған еңбек, Айранбай т.б әңгімелерінде
Кеңес үкіметінің сол кездегі ұранына үн қосып, соны іске асыруға белсене
атсалысып жүрген кешегі жалшы малайларды көреміз. Кедей теңдігі атты
қысқа ғана әңгімеде Бұқабайдың Қауқымбайдың есігінде қор боп өткен
өмірінен де Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі теңдікке қолы жетіп ауылнай
сайланған уақытын да автор әдемі ғана көріністер арқылы шебер бейнелейді.
1917 жылдың күзінде Қауқымбай байдың есігінде малай болып жүрген Бұқабай
1922 жылдың жазында өз алдына үй - жай болып, қазынадан алатын ұнын өзі
алып, жеке меншікке тары егіп, шаруашылықпен айналысады. Бір табысын
ауылдағы кулар налокке деп жинап алса да үкіметке ренжу сөз айтпайды.
Кедейді теңгереді дегенге мәзбіз, қашан теңгергенше де байлар жанды
шығарып болатын шығар,- деп байлардың әділетсіздігіне налиды. 1923 жылдың
күзінде ауылнай сайлауы болған кезде, небәрі 2-3 жылдың ішінде санасы
оянып, кеңес өкіметі шынында да кедей, жалшылардікі екенін түсінеді,
жиналысты басқарады. Үкіметтің бұл берген теңдігін пайдалануымыз керек.
Бүйтіп санға кіріп, жиылыс басқарамын деу менің өңімде көремін деген ісім
емес еді? Бес жасымда әке - шешемнен кетіп қалып, соның ( Қауқынбай байды
айтып отыр-С.О) есігіне кіргеннен отызға дейін құлдығында болдым. Сол
өмірімнің ішінде не жарытып ақы алғаным жоқ, не алда разы болсын жоқ, ылғи
боқтау, сөгумен келді. Басқасын қайтейін, былтырғы ашаршылық жылы қаңғытып
жіберді-ау...-ауылнайлыққа кедейдің пайдасын қарастыратын, кедейге жаны
ашитын адамды сайлап көріңдер,- дейді Бұқабай. Кедейлер оны төбесіне
көтеріп, ауылнай сайлайды. Жасасын кедей теңдігі деп шаттанды кедейлер.
Ақталған еңбек атты әңгімесінде Ерқан байдың есігінде талай жылғы өмірін
қорлықпен өткізген Дүйсенбай конфискация кезінде Ерқанды да, оның сыбайласы
Ержанды да бұлтартпай ұстап береді. Таптық жіктің айрылуына туыстық,
ағайындық қатынастар кедергі болмайтынын жазушы Айранбай атты әңгімесінде
шебер суреттейді. Онда автор екі ағайынды кісінің арасындағы ұқсас жанжалды
пайдаланып Айранбай деген кедейдің таптық санасының оянғанын бай інісі
Кемелбайдан безінуін, күдер үзуін көңілге қонымды етіп, тартымды да
реалистік шындық қалпында шебер суреттейді. Автор Айранбайды шектен тыс
әсірелемейді. Ол күрескер, үлкен қайраткер болуды да армандамайды. Әзірше
оның бар ойы тамағын тойдыру ғана. Пәлен жылдар бойы туысым деп қызметін
қылып, ақысыз ақымақ боп еңбек сіңіргеніне налиды. Етігін жамау үшін
кішкентай ғана қайысты қимаған інісінің мақсат- мүддесі мүлде бөлек екенін
енді түсінгендей Айранбай. Ойлап-ойлап ой түбіне жете алмай ақыры жақында
ғана елге келген жап-жас нұсқаушы жігіттің айтқан сөзінің растығына көзі
жетеді. Онда ол: ...Кедейдің еңбегі байға желінумен келген; кедей
болмаса, бай сол көп малды баға алар ма еді. Бағушы мен қағушы кедей болып,
рахатын бай көрген... Енді кедей оян, ойлан,- деген еді-ау деп түйеді ойын
Айранбай. Әрине, Айранбай сол бір қайысты бермегені үшін Кемелбайға қарсы
тұрар тап күресінің туын көтеретін кісі емес. Кемелбай қарнын тойғызып,
кешірім сұраса өкпесі тарап жадырап шыға келуі де мүмкін. Оның санасы да
әлі төмен. Дегенмен қырық жылғы өмірінің жиырма жылын Кемелбайға босқа
арнағанына, бір тыным алмай қызмет қылса да тойыну, бүтіндену дегеннің жоқ
екеніне, өзіндей Кемелбайдың өткен өмірінде шөптің басын сындырмаса да
соншалықты бай тұратынына ой жіберіп әділетсіздікке көзі жете бастауының
өзі үлкен іс. Міне, осы бір шындықты автор ұтымды штрихтер арқылы шынайы
бейнелейді. Шапайдың хаты атты әңгімесі де Айранбаймен үндес. 65-ке
келген қарт Шапай елу жылдық өмірін Тоқберлі байдың есігінде өткізсе де
еңбегіне ақы алу керектігін білмей келген. Бір күні мұның санасына әсер
етерліктей жылы сөз ұялайды. Кеңес үкіметі орнап, жер- жерлерден кедейлер
байдан еңбек ақысын талап етіп жатқан кез болатын. Байдың үйіне бір өкіл
келеді де, Шапайды шақырады. Малайың көп байсың деп атайды деген қауыптан
қорыққан Тоқберлі Малай емеспін, баймен бірге өсіп келемін, еншілеспін
деп айт дейді. Сол күннен бастап Шапай еншілес деген сөзге мән бере
бастайды. Елу жылдай бай есігінде жүргенде ондай ой өңі түгіл түсіне де
кіріп көрген емес. Енді ойлаудың реті бар, өйткені жаңа үкімет жер-жерлерде
кедейге теңдік әперуде, еңбек ақысын сот арқылы өндіруде. Сондықтан Шапай
санасында жаңалық нышаны пайда болады. Шапай байдан еншісін алатынына
қуанады. Байдың малы алынып, кедейлерге бөлініп берілсін депті, үкімет,-
дейді ол. Сөйтіп осындай әділ заңды шығарған үкіметтен айналады.
Бейімбет бір қатар- Заман, Жол кеңесі, Ол бір түс қой,
Сары ала тон сияқты әңгімелерінде бір заманда ақ дегені алғыс, қара
дегені қарғыс боп адуындап тұрған байлардың енді күндері мазақ боп
мүсәпірлік мүшкіл халге түскенін мазақтайды. Бір кезде байлар кедейді кісі
деп білмесе, енді кедейлер байлардан кегін қайырып, ақысын өндіріп жүр.
Ендігі жаңа – заман мыңды айдаған байды, үріп ішкен мырзаны, керіле
басқан кербез сұлуларды табанына салып илеп, жүн қылып, ішер ас, киер
киімге, зар қылып жүр!,- деп бастайды әңгімесін автор. Малайының арызы
бойынша кеңес соты Жайлыбай байдың мойнына мың сом өндіру қағазын
жібергенде де ол бұзылған заманның кінәсі деп біледі. Жайлыбай жылады.
Бәйбіше дауыс қылды. Бір кезде алты алашты тітіреткен Жайлыекемнің қара
шаңырағы, көне тартқан құрымы айыпқа төленуге айналды.
Ой- қой, заман, заман!!...,- дейді автор.
Елімізде кедейге тиген теңдік олардың байларға сіңген еңбегінің
ақысы қайтарылып беру арқылы бір көрінсе, байларды конфискациялау кезінде
тағы көрінеді. Бұл белгілі кедейлер Айдарбай, Шапай сияқты санасы жаңа
оянып келе жатқандар емес, таптық күрестің нағыз сырына қанық, байлардың еш
уақытта дос бола алмайтынын, тап жауы екендігінт олық сезінген, кедейден
шыққан белсенділер еді. Бейімбет басқа да өзі тұрғылас қазіргі аға
жазушыларымыз тәрізді осы саяси маңызы зор ірі оқиғаны өз көзімен көрді.
Сондықтан да оның шығармаларында байларды конфискелеу кезіндегі кедейлердің
белсенділік әрекеттері өз бояуын орынды тапты. Бұл тақырыпта жазған
әңгімелерінің ішіндегі идеялық- көркемдік дәрежесі жоғары Сары ала тон.
Арыстан, малшы Тұтқыш, арбакеш Қуандықтар кедейлерді байға қарсы
ұйымдастырады, олардың мал- мүлкін конфискелеуді өз қолдарымен жүргізеді.
Сейпен байдың неше жыл бойы тырнақтап жиған- мүлкі кедейлердің қолында.
Патшадан сыйға алған Сары ала ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жәдік бидің ұрпақтарында қалған қанжары мен құран кітабы
Қазтуған Сүйінішұлы туралы
Қара өлең ұйқасы
Жаңақазан ауылының тарихы
Қаракерей Қабанбай (1691—1769)
Көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі
Атаулы сөйлем, түрлері
Қазақ проза жазушысының өмірдегі жолы
Қазтуған Cұйінішұлы
Құрмалас сөйлемнің қалыптасуы
Пәндер