Қазақ спорты - республикалық апталық спорт газеті


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

I ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН СПОРТ БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАЗМҰНДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

  1. Газеттер . . . 6
  2. Журналдар . . . 24
  3. Кітаптар . . . 34

II ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН СПОРТ БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ БЕЗЕНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

2. 1 Газеттер . . . 42

2. 2 Журналдар . . . 43

2. 3 Кітаптар . . . 44

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 46

СІЛТЕМЕЛЕР ТІЗІМІ . . . 50

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 51

КІРІСПЕ

Тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді көтергелі де біраз жыл өтті. Енді, әр саланың осыған дейін атқарып келген еңбегін бағалайтын уақыт жетті. Қорытынды шығарып, кемшін түсіп жатқан жерлерімізден сабақ шығару қажет. Сол сияқты еліміздің спорт саласы, соның ішінде спорт журналистикасы да жиырма бір жылдың ішінде қарқынды, қырыштап, қанат жая дамып кетпесе де, әлемдік тенденциядан, үдерістен көшін қалдырмады. Бұл әрине, біздің теле, интернет журналистикасына тиесілі сөздер. Ал қазақтың спорт баспасөзі сонау 1959 жылдан бері дамыл таппай, ел игілігіне қызмет атқаруда. Дегенмен, бүгінгі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында мерзімді, мерзімсіз басылымдарға уақыт көшіне ілесу қиынға соқты. Әсіресе, спорт тақырыбында қалам тартып жүрген журналистерге оңай емес. Себебі, газет аптасына бір-ақ рет жарық көрсе, интернет беттерінде жер шарының екінші бөлігінде орын алған кез-келген жарыс сол сәтте әлемге тарап жатыр. Әрине, таяқтың қос ұшы болады. Мұндай жағдайға тек интернет пен дамыған заман ғана емес, мазмұны мен безені үйлесім таппай, оқырманға ақпаратты дұрыс тарата алмай жатқан басылымдардың өздері де кінәлі. Осы тұста, мен жоғарыда аталған мәселелердің анық-қанығына жету мақсатында дипломдық жұмысымның тақырыбын «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жарық көрген спорт басылымдарының мазмұндық, безендік ерекшеліктері» деп алдым.

Зерттеудің көкейкестілігі. Тәуелсіз елдің әнұраны өзге елде тек екі жағдайда ғана шырқалады. Біріншісі, өзге мемлекетке сол елдің президенті келген жағдайда және халықаралық жарыста егемен елдің атынан сынға түскен спортшы жеңіске жеткен жағдайда. Осыдан-ақ, спорттың халықаралық аренада еліміздің абыройын қаншалықты асқақтататыны байқалып тұр. Аллаға шүкір, азаттығымызды алғалы талай саңлақтарымыз байрақты бәсекелерде жүлделі орын алып жатты. Алайда, Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2011 жылы 29 қаңтарда елге жолдауында: «Бұқаралық спортты 30%-ға көтеру керек. Ол үшін әр облыста, әр ауданда спорттық инфрақұрылымдар салыну керек. Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болуы үшін салауатты ұрпақ қалыптастыру қажет», деп баса айтқан болатын [1. 1] . Ел арасында спортқа деген құштарлық пен ынтаны оятатын - БАҚ. Түрлі халықаралық бәсекелерде еліміздің төл спортшылары бақ жарып жатқанын, бұқара халыққа дер кезінде, сапалы, мазмұнды жеткізе білсе, жас ұрпақтың бойында қызығушылық, еліктеушілік, ең бастысы, патриоттық сезім оянады. Осы тұрғыдан алғанда, спорт ақпараттарын тарататын БАҚ өкілдеріне ауыр жүк түсіп тұрғаны белгілі. Тек қана жеңіске жеткен спортшының есімін ғана айта салмай немесе өзге алден келіп, біздің Отанамыздың атынан қатысып жатқан «келімсек» спортшыны асыра мақтай беруге болмайды. Мәселенің екінші жағын ойлауы қажет. Тыңдап, естіп, оқып ақпарат алып жатқан аудиторияға журналистің берген ақпараты қалай әсер ететінін де ойлап, болашақты ойлағаны абзал. Сол себепті, мен ұзақ уақыт бойы қандай да бір жарыс туралы, оның қорытындысы туралы отандық түрлі БАҚ өкілдерінің ақпаратты қалай тарататынын байқадым. Бір жарыс, бір чемпион жайлы әңгімені әр телеарна, әр газет, әр радио және журнал әр түрлі береді. Яғни, бұрмаланған, жалған ақпарат та таралып жатады. Сол себепті, менің осы жазып отырған «Қазақстан тәуелсіздігі жылдары жарық көрген спорт басылымдарының мазмұндық, безендік ерекшелітері» атты зерттеу жұмысымның бүгінгі таңда маңызы зор.

Зерттеу мақсаты:

  • Спорт басылымдарының мазмұндық ерекшеліктерін зерттей келе, артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтап, кәсіби тұрғыдан баға беру;
  • Спорттағы саңылақтарымыздың ерліктері арқылы жас ұрпақ бойына елдік, отансүйгіштік қасиеттерін БАҚ күшімен қалыптастырудың ғылыми-теориялық жақтарын айқындау:
  • Сападан гөрі санға, рухани өнімнен гөрі тауарға қызмет етіп жатқан кейбір БАҚ өкілдерінің тиражын көбейту мақсатында бір-бірімен келісіп алып, аптаның әрқандай күнінде және әртүрлі тақырыпта жарық көретіндерін әшкерелеп, тиісті бағасын беру;
  • Мақала тақырыбы, мәтін мазмұны және тақырыпашар суреті үйлеспей жататын баспасөз құралдарының безендік жұмысына кеңінен тоқтала отырып, сапа деңгейін анықтау.

Зерттеу міндеттері:

  • Дипломдық жұмыс барысында спорт басылымдарының мазмұндық, безендік ерекшеліктеріне кешенді талдау жасау;
  • Бір тақырыпта жазылған екі мақаланы салыстыра отырып, қарастыру;
  • Спорт тақырыбында жарық көрген кітаптардың мазмұндық жағын зерттей келе, оның жас ұрпақ бойына беретін үлгі-өнегесін ғылыми тұрғыдан айқындау;
  • Спорт журналистерінің шеберлік деңгейін анықтап, сол арқылы тілші қызмет ететін баспасөз құралына сыни бағасын беру;
  • Түрлі жарыстарда жеңіліп, я болмаса, төменгі орын алып қалып жатқан, спортшыларымыздың шама-шарқын ескере отырып, обьективті болмаған тілшілерге сыни пікір айту:
  • Спорт кітаптарына енген ұмытылып бара жатқан саңылақтарымыз жайлы деректерді зерттей келе, оның шындықпен қаншалықты жанасатынын ғылыми тұрғыдан қарастыру.

Тақырыптың зерттелуі. Белгілі спорт журналисі, жазушылар одағының мүшесі Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз өз заманында спорт тақырыбын біраз зерттеп, спортқа тың қазақша терминдер енгізген болатын. Ал бүгінгі таңда, Ғалым Сүлеймен, Темірхан Досмұхамедов сынды ағаларымыз көбіне-көп спорт тақырыбында әдеби тұрғыдан қалам тартып жүр. Дегенмен олардың еңбектері белгілі бір спортшыға, атақты жарыстарға арналады да, нақты бүгінгі таңдағы спорт журналистикасының жай-күйі сөз болмайды. Сол себепті, менің дипломдық жұмысым бүгінгі спорт баспасөз құралдарының ара-жігін ашып, мазмұнын талдауға арналғандықтан соны дүние деп қарастырған жөн.

Зерттеу жұмысымның материалдық көздері. Жоғарыда атап өткенімдей, дәл осы тақырыпта жазылған ғылыми еңбектер жоқтың қасы болғандықтан, қолыма «Қазақ спорты», «Спорт», Sport» газеттерін, «Теңбіл доп», «Гол», «Sport Review» журналдарын алып қарастыруыма тура келді. Ал кітаптар жайлы әңгіме кезегі келгенде Жөргенбаев Мұхтар («Атырау арғымақтары» «Арыс», Алматы, 2002), Н. Бегалыұлы («Қажымұқан» «Білім», Алматы, 2004), Несіп Жүнісбайұлы («Сейдахметтің футбол әлемі» «Атамұра», Алматы, 2000), («Тәуелсіздік тұғыры» АСЖҚ, Астана, 2011), Серікбай Оспанов («Балуан Шолақ» «Жалын» Алматы, 1998), т. б. кітаптар, интернет парақшалары, 1991 жылы шыққан, КСРО министрлер кабинеті бекіткен спортқа арналған оқу-әдістемелік құралдар пайдаланылды.

Зерттеу әдістері. Спорт тақырыбында жарық көретін барлық басылымдарға (газет, журнал, кітап) талдау жасау, зерттеудің танысып шығу, саралау, салыстыру, айқындау, анықтау, тұжырымдау, қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

  • Кейбір басылымдардың мақала мазмұны мен тақырыпашар суреті үйлеспей жататыны анықталды;
  • Тауардың тез өту мақсатында өзара келісіп алатын баспасөз құралдарының қитұрқы әрекеттері әшкереленді;
  • Орыс тілді тілшілердің басылымның сұранысқа ие болуы үшін болмашы жәйтты желеу еткен мақаланың тақырыбын «айғайлатып» қоятындары анықталды;
  • Спорт тақырыбында жарық көрген мақала жас ұрпақтың бойына нендей сезім ұялататыны айқындалды;
  • Кейбір тілшілердің түрлі спорт түрлері мен спортшыларға обьективті көзбен қарамай, содан барып, оқырман қауымға жалған ақпарат тарататыны анықталды.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, сілтемелерден тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің ғылыми аппараты, көкейтестілігі, мақсаты, міндеттері, зерттеу жұмысының материалдық көздері, әдістері, теориялық негіздері туралы сипаттама беріліп, зерттеудің ғылыми жаңалығы мен зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі баяндалды.

«Қазақстан тәуелсіздік жылдары жарық көрген спорт басылымдарының мазмұндық ерекшеліктері» атты бірінші тарау үш бөлімнен құралған. Олар: газеттер, журналдар, кітаптар.

«Қазақстан тәуелсіздік жылдары жарық көрген спорт басылымдарының безендік ерекшеліктері» атты екінші тарау үш бөлімнен тұрады. Олар: газеттер, журналдар, кітаптар.

Қорытынды бөлімінде жалпы тұжырымдар жасалды. Спорт басылымдарының мазмұндық сапасын арттыра отырып, сол арқылы бұқаралық спортты дамытуды жеделдетуге болатынын жайлы ұсыныс айтылды.

I ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН СПОРТ БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАЗМҰНДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1. 1 Газеттер

  • «Қазақ спорты» - республикалық апталық спорт газеті;
  • 2009 жылдың 30 желтоқсанынан бастап шыға бастаған;
  • 2009 жылдың 15 желтоқсанында министрлікте тіркелген;
  • Газет аптасына бір рет, 1 данамен жарық көреді;
  • Көлемі - 3 баспа табақ, офсетті қағаз;
  • Барлығы 6 бет, соның 2 беті түрлі-түсті.

Мұқаба мен артқы беті түрлі түсті, яғни бас-аяғы 2 айқарма парақтан тұрады. Мұқаба бетте газет атауының («Қазақ спорты») үстіңгі жағында, жалпы, осы саннан табылатын маңызды мақалаларға аңдатпа берілген. Ол жерде мақаладан үзінді, 6х4 форматында мәтінге қатысты фото-сурет ұсынылады. Мысалы, «Құнаннан озған Сүйіндік . . . Жеті түйенің алды болып, аяғы-аяғына тимей келе жатқан Тұралбайды көрген жұрт айқай-сүрең салып, алақайлап кетті» [2. 1] . Деп қысқаша үзінді беріп, түйеден озып бара жатқан ер адамның суретін жанына жайғастырған. Алайда әр кезде бұлай ұтымды шыға бермейтінін де байқап отырмыз. Мәселен, аталмыш газеттің осы санының (№ 01 (96) ) келесі аңдатпасына назар аударсақ. «Жапондық дзюдошылар бәске тігілген 64 медальдің 15-ін омырауларына таққан. Ал қазақ жүзу мен жүгіруден қашан олжа салады?» [2. 2] . Және бұл сілтемені қара нәсілді жеңіл атлеттің жүгіру үстіндегі көрінісі толықтырған. Енді осы тұста байқайтынымыз, бұл үзінді мақаланың кез-келген жерінен іріктелмей алына салынғаны белгілі. Егер нарық қатынастарына келер болсақ, қандай да бір болмасын тауардың беткі жағына, орамасына, мұқабасына берілетін анықтамалық, түсіндірмелік мәтін ол тауарға тұтынушы тарту қызметін атқаратына мәлім. Яғни газет мұқабасына орналасқан аңдатпа да осы мақсатта тұр. Біздің қарастырып отырған мақалаға қысқаша сілтемеден дүкен сөрелерінен, кітапханалардан басылым іздеген оқырман не түсінеді? Қандай да бір бәсекеден жапондық дзюдошылар 64 медальдің 15-ін ұтып алыпты. Ал осыған біздің жүзушілеріміз бен жеңіл атлеттеріміздің қаншалықты қатысы бар. Оның үстіне, қара нәсілді желаяқтың көрінісі илюстрация қызметін атқаруда. Мұндай үш жақты қиылыспайтын сөйлемдер оқырман назарын тарта қояды дегенге сенім аз. Сайып келгенде, ерінбей аңдатпада көрсетілген төртінші бетті ашып көрген тұтынушы «Африка жүйрік, АҚШ ұшқыр қайықтай, Жапон балуан . . . 2011 жылғы әлем чемпионаттарына шола қарағанда қазақ неге бейім деген сұрақ көлденеңдей береді» атты сөз болып тұрғанын түсінер [2. 3] . Алайда, көптеген басылым дүкендерінде газет-журнал беттерін парақтап тұруға «кішіпейіл» сатушы рұқсат ете бермейді. Мұқаба бетінде жайғасқан өзге де деректерге ат басын тіресек. Мұнда, көп жағдайда, сол аптада орын алған ірі жарыстарда олжа салған қазақ спортшылары сөз етіледі. Сондай-ақ, мұқаба бетінен Қазақстан спорт федерацияларда, осы саладағы әлемдік қауымдастықтарда болған өзгерістер, жиын, басқосулар тілге тиек етіледі. Көбіне көп, газет редакциясы маңызды деп таныған мақалалардың бас жағы беріліп, соңын қай беттен табуға болатыны көрсетіледі. «Қазақ спорты» басылымының айдарлары әр сан сайын толықтай болмаса да, бөлшектей өзгеріп тұрады. Мысалы, № 01(96) санының 2-беті «Аймағы мықты ел - Айбынды ел», 3-беті «Асыл мұра», 4-беті «Бес құрлықтағы бәсекелер», 5-беті «Жарыс көрігі - намыс», 6-беті «Алаштың ұлы - намыстың құлы» атты айдарлармен жарық көрген. Ал аталмыш газеттің № 2(97) санында 2-бетке «Спорт деген - бір сиқыр», 3-бетке «Топжарған», 4-бетке «Аймағы мықты ел - Айбынды ел », 5-бетке «Жарыс көрігі - намыс», 6-бетке «Алаштың ұлы - намыстың құлы» деген айдарлар тағылған. Осы аталып өткен бас тақырыптарға тоқтала өтсек. «Аймағы мықты ел - Айбынды ел» айдарында отандық спортшылардың жетістігі, футболдан ел біріншілігі, спорт басқармаларында болған жаңалықтар беріледі. Осы газетттің оқырман қызығушылығын оятып, сұраныс тудырып отырған келесі айдары - «Асыл мұра». Мұнда бағзыда өткен атақты спортшылар, ұлттық спорт түрінен ертеде өткен жарыстар, өрен сәйгүліктер жайында баяндалады. Мысалы, № 01(96) санының аталмыш айдарында «Хас жүйрікті қиядан таныған . . . ат бапкерлері туралы не білеміз немесе 400 ісек беріп алған Шұбар жүйрік жайлы әңгіме» атты көлемді мақала жарық көрген. Онда Атырау облысы, Қызылқоға ауданының ат бапкерлері, бәйгелерден оза шапқан атақты, ертеден шапса кешке озып, еңкейден шапса төске озатын тұлпарлар сөз болады. Сондай-ақ, мақала соңында атадан балаға мирас болып қалған ұлттық өнерімізді қазіргі жастар көзінің қарашығындай қорғап, қастерлеуі керек екені айтылады. «Асыл мұра» айдары шеңберінен «Құнаннан озған Тұралбай, тұйеден озған Сүйіндік» атты мақалаға көзім түсті. Ертеде қазақтар арасында түрлі жиын-тойларды жас балаларды түйемен, итпен, атпен қосып жарыстыратын салт болғаны, өткен ғасырда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде алдына екі аяқтыдан да, төрт аяқтыдан да жан салмаған қос қазақ - Тұралбай мен Сүйіндік жайлы әңгіме қозғалған. «Бес құрлықтағы бәсеке» айдарында әлемнің әр қиырында өткен, өтетін жарыстарда отандастардың жеткен жетістіктері оқырман назарына ұсынылады. «Спорт деген - бір сиқыр» - айдары спорттық жарыстардан тыс қалған қызықты жәйттарды ұжымның, я болмаса жеке бір спортшының жеңіске жетуінің немесе ұтылып қалуының астарында ел білмейтін қандай сыр жатқанын ашып көрсетуге арналады. Сонымен қатар, басылымның әр санында шыға бермейтін басылымның бұл бөлігінде ірі жарыстар соңынан ел спортына қорытынды жасау, қателіктің қайдан кеткенін анықтау, әлемдік және отандық спортшылардың жеке бас өмірлерінен қызықты жағдайларды ұсыну да тиесілі. Мысалы, «Қазақ спорты» газетінің 2012 жылы 24 қаңтар күні шыққан аталмыш («Спорт деген - бір сиқыр») айдардың шеңберінде «Тайсон менен таяқ жер еді» атты атақты былғары қолғап шебері Мұхаммед Әлимен болған сұхбатты жариялапты: «Өткен аптада аты аңызға айналған Мұхаммед Әли жетпіс жастың жотасына шықты. Әйгілі боксшы 1942 жылы 17 қаңтарында Американың Луисвилл қаласында дүниеге келген еді. Он сегіз жастағы түбіт мұртты боз бала Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Ол 22 жасында Чарльз Листонды жеңіп, кәсіпқой бокстағы әлем чемпионы атанды. « Ол көбелекше ұшып, араша шағатын еді» деп жарыса жазған еді газеттер. 1964 жылы «Қара мұсылмандар тобына еніп, Мұхаммед Әли деген есімді иеленеді. 1974 жылы Мұхаммед Әли өзінің шарықтау шыңына шыққан еді. Ол титулдық 25 жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңіске жетеді. Одан беріде оның өміріндегі ең басты жекпе-жегі өтеді. Киншосседе Джордж Форман мен Манилада Джо Фрезер Әлидің алдында тізе бүкті. 1981 жылы ол былғары қолғабын шегеге ілді» [3. 1] .

Мұхаммед Әли отыз жылдан бері паркинсон деген дертпен ауырады. Сұхбат беруді де сиреткен. Төменде біз сәті түскен сұхбаттың бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз . . . » деп басталған мақала ұтымды сұрақ пен тартымды жауаптармен жалғасып, оқырман қауымын баурап алады. Жоғарыда бұл бетте әлемде өткен ірі жарыстардан кейін ел спортына байланысты қорытынды жасайды деп айтқан болатынмын. Соған дәлел көрсете кетсем, № 2 (98) «Көрсеткіш көңіл көншітпеді» деген мақала жарық көрді. Әңгіме Инсбрукте өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада туралы болып отыр. Мұнда біздің елдің алғадай жастарының құрамасы нашар өнеркөрсеткені айтыла кетіп, қай спорт түрінен қандай орынға табан тірегендері кестемен берілген. Мақала соңында: « . . . Біздің спортшылар бұл Олимпиадада спорттың 10 түрі бойынша өнер көрсеткен болатын. Қол жеткізген нәтижеге көңіл шіркін тоймайды-ақ. Бірақ бізге жақсысын кім берсін?! Амал жоқ, бар үміт алдағы күндерден. Еске салар болсақ, осыдан екі жыл бұрын Сингапурде өткен жастардың жазғы Олимпиадасында қазақстандық өрендер 3 алтын, 2 күміс, 1 қола алған болатын» [3. 2] . Келесі бір қызықты айдарға көз жүгіртсек, «Өмір- Дода» атауынан көрініп тұрғандай - ел спортындағы келеңсіз мәселелер, жазылмайтын дерттер, дамымай жатқан салалар жайлы әңгіме өрбітіледі екен. Сонымен қатар, отандық спортта қаракөз бауырларымыздың үлесі, жағдайы кейінгі кезде легионерлердің көбейіп бара жатқандығы да сөз болады. Мысалы, 2012 жылы 24 қаңтарда жарық көрген № 3(98) санының «Өмір-Дода» айдарында «Легионер шақыру - дертке айналмасын» атты Уәлихан Қосанбайдың ауыруға ем іздеген адамдай «шырқыраған» мақаласы басылыпты. Мұнда автор ел футболының жәй-күйін, бүгінгі таңда тек клубтық ұжымдарда емес, құрама команданың өзінде сырттан келген ойыншылардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқанын айтады. Автор ойынша, өз елін жырғатпаған, ұлтжандылық қасиеттен жұрдай келімсек футболшылар өзге елді қалай жарытпақ. Оларда қандай намыс, қандай жігер болсын. Сондай-ақ, мақалада құрама ойыншыларының жалақысы қанша және олар соған сай өнер көрсетіп жатыр ма деген мәселенің шеті көтерілген. Оның бәрі жақсы-ақ әрине. Әр қазақтың ойын жегідей жеп жүрген, күрмеулі мәселелер. Алайда мына бір тұста автордың жалған статистикаға жүгінгенін көзім шалып қалды. «Иә, шынында да бізде үлкен алаңда доп тебу былай тұрсын, жасөспірім балалар доп ойнайтын жасанды алаңдар кемде-кем. Осы кезде айта кететін жәйт, Батыс Еуропа елдерінде жылына 150-ден астам жасанды алаңдар пайдалануға беріледі екен. Ал бізде жылына 10 жасанды алаң да салынбайды. Мұның өзі кейбір қалталы азаматтар жеке меншігіне айналдырып алып жатады»[3. 3] . Бұл сандарды автор қандай статистикаға жүгіне отырып жазғаны белгісіз. Бір аяны, 2011 жылы жаз айларында мен «Қазақстан-Тараз» телеарнасында редактор-журналист қызметінде жүріп, Жамбыл облысы бойынша 17 жасанды алаңның салтанатты ашылу рәсіміне қатыстым. Оның 7-і Тараз қаласында, қалған 10 алаң Мойынқұм, Қордай, Меркі, Құлан, Сарысу, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Жуалы аудандарында бір-бірден салынды. Жергілікті атқа мінерлер мен облыстық спорт басқармасының бірлесе отырып тұрғызған бұл спорт алаңдары ешкімнің де қарамағына өткен жоқ. Жергілікті жасөспірім футболшылардың тегін жаттығатын жерлеріне айналды. Бұл бір ғана облыста, ал автор жалпы республика бойынша оннан аспайды деген болатын. Мақаланың 2012 жылы жарық көргенін ескерсек, Уәлихан Қосанбай ағамыз елді жалған ақпаратпен алдау сыратқан. Сондай-ақ осы бетте Зейнел Жекейұлының «Кәріс қалай орыс болды?» деген өзекті мақаласы жарық көрген. Онда спорттың шорт-трек түрінен Оңтүстік Корея, Канада, Голландия, АҚШ, Қытай елдерінің айы оңынан туып тұрғалы қашан. Конькиден алдарына жан салмайтын ресей де шетелдік бапкерлер жалдап, буын алмастырып, жаттығу үрдісін өзгертіп кенже қалған шорт-трегін дамытуда, ал өзімізге келер болсақ, астанадағы мұз айдындарын есептемегенде, Алатау баурайындағы Медеу мен Балуан Шолақты кеңінен пайдаланып, коньки спортын неге шарықтата көтермеске? Деген алқалы ой қозғап, ол үшін бізде бар мүмкіндік бар екендігін ескертеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ спорты газеті туралы
ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА
Шындығында қазақ спорт журналистикасының тарихын тереңнен іздеген дұрыс
Ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілді дамытудағы газеттердің рөлі
Спорт түрі- жүзу
Спорттық жүзудің маңызы
ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ ЖҮЙЕСІ
ХХ ғасырдағы қазақ мәдениеті: қазақ киносы, театры, ғылым-білімі, сәулет өнері, қолөнері, спорт жетістіктері
Ұлттық спорт пен ойындардың теориялық және педагогикалық негіздері
Қазақ ұлттық спорт ойындары негізінде дене тәрбиесі тиімділігін арттыру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz