Оқушылардың тілін дамыту үшін бір тақырыпқа бірнеше мәтін алған дұрыс


Жоспар:
І. Кіріспе бөлім
1. Мәтіннің және оның негізін құрайтын элементтердің лингводидактикалық сипаттамасы.
ІІ. Негізгі бөлім
І Тарау
1. 1. Жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі сабақтарында мәтінмен жұмысты ұйымдастыру жолдары.
1. 2. Мектепте мәтінді меңгертудің кейбір ерекшеліктері
ІІ Тарау
2. 1. Қазақ тілі оқулықтарында «Мәтін» тақырыбынан теориялық және практикалық білімнің берілу жайы.
2. 2. Жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі сабақтарында мәтінді меңгертудің әдіс-тәсілдері
ІІІ. Қорытынды
ІҮ. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Бітіру жұмысының нысаны
«Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында: Қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты - ана тілінің қоғамдық әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін меңгерген, қарым-қатынастық біліктілігі дамыған, сөз мәдениетінің талаптарына сай іскерлікті меңгерген тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу», - деп тұжырымдалған [3. 7. ] . Ал пәннің мақсатын орындау үшін онда берілген теориялық тақырыптарды оқушыларға саналы меңгерту керек. Қазақ тілінен оқытылатын ең маңызды тақырып ол - мәтін. Сондықтан, «Жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі сабақтарында мәтінді меңгертудің әдіс-тәсілдері» атты бітіру жұмысының негізгі объектісі - орта мектептегі қазақ тілі сабақтарында жеке тұлғаны қалыптастыруды мақсат ететін түрлі бағыттағы жаттығулар мен тапсырмаларды орынды ұйымдастырып, бүгінгі күнгі заман талабына сай оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді жүргізу арқылы оқушылардың сана-сезімін байытып, белсенділігін арттыруды және олардың ой-өрістерін дамытып, шығармашылыққа төселдіруді мақсат ете отырып, «Мәтін» тақырыбын меңгерту барысында ғылыми-әдістемелік зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Бітіру жұмысының өзектілігі.
«Жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі сабақтарында мәтінді меңгертудің әдіс-тәсілдері» тақырыбы - жекелеген авторлардың өзіндік көзқарастарын білдіретін мақалалар түрінде берілгенімен арнайы зерттелмеген тың тақырып. Қазақ тілі сабақтарында жүйелі жүргізілетін жұмыстардың оқушылардың ой - өрістерін дамытудағы маңызы зор екендігінде. Мазмұны әр түрлі қоғамдық тақырыптарға арналған шығармашылық деңгей тапсырмаларының /Мәселен, шалқыған Арал теңізі неге тартылды? Ойтолғау жазыңыздар, немесе суретке қарап мәтін құраңыз/ оқушының сана-сезімінің толысып, өзіндік пікірінің қалыптасуына, дүниетанымдық көзқарасының артуына, оларды еңбекке, ізденіске жетелеуде тигізер пайдасы көп. Ұлттық тәрбиені халық моралі саласында қалыптасқан тарихи дәстүрлерді меңгермей жүзеге асыру мүмкін емес. Халықтық тәрбиенің қайнар көзіне, халық педагогикасы мен дәстүрлеріне қайта оралу заманның жай ағымы ғана емес, ол - өткір қажеттілік, өйткені мәдениеттің дәстүрлі түрлерін танып-білу арқылы адам оның рухани бастауына терең бойлайды, туған елінің өзіндік ерекшелігін аялап, сақтауға үйренеді. Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың ой-өрістерін дамыту мақсатында жүргізілетін жұмыстар жүйесі оқушылардан жаңа тұрпатты, жеке тұлғалы азаматты қалыптастыра отырып, оларды адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, ізденіске, ұлтжандылыққа т. б. ізгілік қасиеттерге баулу мәтін арқылы жүзеге асады. Әртүрлі тәрбиелік мақсаттағы мәтіндерді жақсы меңгерту арқылы оқушы бойында ізгі қасиеттер қалыптасады. Мұның өзі жұмыстың өзектілігін дәлелдейді.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеті.
«Жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі сабақтарында мәтінді меңгертудің әдіс-тәсілдері» атты бітіру жұмысының мақсаты ретінде оқыту үрдісінде жас ұрпақты ұлтжанды, өз елін, жерін, тілін, ділін, дінін жанындай сүйетін, халқымыздың тарихи құндылықтарын, әдет - ғұрпын, салт - дәстүрін қадірлей білетін дара тұлға етіп тәрбиелеуде қазақ тілі сабақтарында оқытылатын мәтіннің өзіндік ерекшелігін ескере отырып түрлі әдіс-тәсілдер арқылы меңгерту көзделеді. Міндеті - жалпыбілімдік орта мектептегі жетінші сынып оқушыларына «Қазақ тілі» пәнінен берілген «Мәтін» тақырыбын меңгертуде тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану бағытында зерттеу жұмысын жүргізу болып саналады.
Бітіру жұмысының дереккөздері.
Бітіру жұмысының дереккөздері ретінде негізінен әр жылдарда жарық көрген тілші-ғалымдар еңбектері, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары, әдістемелік нұсқаулары пайдаланылды. Сондай-ақ, халықаралық, республикалық конференциялар материалдары жинақтарында, мерзімді баспасөз бетінде жарияланған әдіскер-ғалымдардың, маман оқытушылардың, ғылыми қызметкерлердің және тәжірибелі мұғалімдердің пікірлері ескерілді.
Бітіру жұмысының әдістері.
«Жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі сабақтарында мәтінді меңгертудің әдіс-тәсілдері» атты бітіру жұмысының тиімділік дәрежесін анықтауда кешенді түрде бірнеше әдістер пайдаланылды. Бітіру жұмысында салыстырмалы әдістері, қазақ тілі оқулықтарының тапсырмадағы мәтін түзу және жаттығулардағы әдеби тіл нормасының дұрыс берілу қызметтерін тануда стильдік талдау әдістері, контекстік талдау, жүйелеу, саралау әдістері қолданылды.
Бітіру жұмысының құрылымы:
Жұмыстың кіріспе бөлімінде мәтіннің және оның негізін құрайтын элементтердің лингводидактикалық сипаттамасы беріледі. Жұмыстың негізгі бөлімі екі тараудан тұрады. Оның бірінші таруында жалпы білім беретін орта мектептердің қазақ тілі сабақтарында мәтінмен жұмысты ұйымдастыру жолдары сипатталады. Сондай-ақ, қазіргі кезде бүгінгі оқушы, ертеңгі болашағымыз болып табылатын жас ұрпақтың тәрбиесіне бағытталған идеялық мұрат-шығармашылықпен жұмыс істеу, жаңа тұрпатты жеке тұлға қалыптастыру болса, жұмыстың негізгі бөлімінде осы мәселелерге қол жеткізу үшін мәтінді меңгертуде қарастырылатын жұмыстар жүйесі талданады. Мектепте мәтінді меңгертудің кейбір ерекшеліктері ескеріліп, қазақ тілі сабақтарында мәтіннен берілген әр түрлі жұмыстарды дұрыс орындату арқылы оқушыларды шығармашылыққа баулудың қажеттілігі қамтылады. Жұмыстың екінші тарауында Қазақ тілі оқулықтарында «Мәтін» тақырыбынан теориялық және практикалық білімнің берілу жайы, ондағы мәтінді меңгертуге арналған шығармашылық тапсырмалардың, практикалық жаттығулардың оқу-әдістемелік жағы, мәтінді меңгертудегі әдіс-тәсілдер тиімділігі талданады. Бітіру жұмысының құрылымы кіріспе мен негізгі бөлімдерден, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттердің тізімінен тұрады.
Мәтіннің және оның негізін құрайтын элементтердің лингводидактикалық сипаттамасы
Мәтін (текст) - тіл білімінің нысаны ретінде ХХ ғасырдың соңғы 20-30- жылдарында қарастырыла бастады. Мәтін (текст) -тіл бірліктерінің барлық басқа түрлерінен өзгеше келетін, өзіндік ерекшелігі мол бірлік ретінде танылады. Мәтіннің мазмұндық және құрылымдық қырларын қарастыратын сала - мәтін лингвистикасы (лингвистика текста) деп танылады.
Бұл жаңа саланың тіл білімінде қарыштап дамуы, қазақ тіл білімінде де күн тәртібіне қойылуы, мәтіннің өзіндік табиғатын қарастыру - тек лингвистика үшін ғана емес, тілді оқыту процесі үшін де маңызды екендігі анықталады. Осындай мақсаттардан келіп, қазақ тілін мектепте (ана тілі ретінде) оқыту әдістемесінде «Мәтін» туралы түсінік беру, мәтіннің жасалу жолдары мен өзіндік ішкі табиғи заңдылықтарын оқушыларға таныту жолдарының айқындалуы қажет деп танылады. «Мәтін» туралы түсінік беруде мәтіннің дыбыстан, фонемадан, сөзден, лексемадан, морфемадан, сөйлемнен (жай сөйлем, құрмалас сөйлем), абзацтан дербес түрде келетін ерекшеліктер бар екендігі, сондықтан да мәтінді жеке тану керек екендігі нақты мысалдармен, талдаудың көптеген түрлерімен ұғындырылады. Мәтіннің өзіндік белгілерін жекелеген фактілер арқылы түсіндіріп, сол жеке белгілердің барлығы бірігіп келіп, біртұтас мағынаны - «мәтін» табиғатын санасында орнықтыратындай күйде оқытылуы керек.
Егер осыған дейін жаттығуларды көп ретте жекелеген дыбыстар мен жекелеген сөздер, сөйлемдердің қызметін, формасын тану үшін ғана мәтін етіп құратын болса, ендігі кезекте әрбір тіл бірлігінің қызметі - өзінен жоғары тұрған тіл бірліктерін жасау үшін бағытталғанын, нәтижесінде нақты айқын айтылатын ой-мәтін түрінде келетінін түсіндіру болады.
Сонда мәтінді қолданудың екі жақты тиімділігі бар екенін көреміз, біріншіден, дыбыс, фонема, сөз, лексема, морфема, сөйлемдердің қызметін мәтін ішінде тану мүмкіндігі бар, екіншіден, солардың тұтасқан қызметінің нәтижесінде ерекше тіл бірлігі - мәтіннің композициясы құрылатынын таныту мүмкіндігі бар.
Осы жерде әрдайым мұғалімдердің назарында тұратын мәселелер бар. Ол көп жағдайда «мәтін» дегенді оқу және әдістемелік әдебиеттерде біз термин ретінде емес, дыбысты, фонеманы, сөзді, лексеманы, морфеманы, сөйлемдерді, т. б. тіл құбылыстарын танытуда, меңгертуде пайдаланатын материал ретінде қолданып жүргендігіміз. Шындығында, ол дәстүрмен ғана қалыптасып кеткен жағдай емес. Тілдің кіші бірліктерінің құрылымын түсіндіруде дербес форманы алу мүмкін болғанымен, оның (тіл бірлігінің) мағынасын анықтауда, қалай болғанда да, мәтін қажет екенін түйсінгендіктен туындаған қажеттілік.
Ендігі әдістемелік бағыт - бір жағынан, тілдің кіші бірліктерін танытудағы мәтіннің қызметін тану, екінші жағынан, мәтіннің өзіндік табиғатын қоса танытумен байланысты болып отырғанын атап кетеміз. Қазақ тілі сабақтарында қолданылатын барлық дидактикалық материалдар (сөздік диктант болсын, жаттығу мәтіндері болсын, т. б. ) мәтінге жатады. Шын мәнісінде мәтін деп әр жерден терілген сөздер жиынтығы мен іріктелген сөйлемдерді атауға мүлде болмайды. Барлық уақытта оқушының ойында белгілі бір мазмұн туралы тұтас ой қалыптасуы керек. Ал белгілі бір грамматикалық тақырыпты меңгеру барысында келтірілетін жекелеген сөйлемдер тек белгілі бір тілдік фактіні дәлелдеу үшін «уақытша» қызмет етіп тұрған сияқты екендігі мұғалімге де белгілі. «Байланысқан мәтін» деген сөзді мұғалімдердің қолданбағаны дұрыс. Өйткені, байланыспайтын мәтін мәтін емес. Сондықтан да мәтін еместі «мәтін» деп, ал шын мәтінді «байланысқан мәтін» деп жалған термин қолданып, оқушының санасына қажетсіз «жүкті» арқалатуға болмайды.
Синтаксистің кейбір тақырыптарын оқыту барысында, міндетті түрде, оны бекітілетін жаттығулар орындатылады. Осы ретте қазақ тілі мұғалімдері оқушылармен «Берілген жаттығулардың табиғатында белгілі бір «тұтастық» бар ма? Ол «тұтастық» мағыналық-құрылымдық жағынан қалай көрініп тұр? Жалпы «мәтін» деп нені айтушы едік?» деген сияқты (алғашқы сабақтарда «мәтін» туралы түсінік берілгені белгілі) сұрақтарды әрдайым қойып, оқушыларға жауап іздетіп отырғаны дұрыс. Осы сұрақ-жауаптардан соң «Бүгін біз өткелі отырған «Жай сөйлем» осы мәтіннің құрылымында қандай қызмет атқарып тұр? Тұлғалық және мағыналық қызметтерінің ерекшеліктерін осы мәтін бойынан іздеп көрейік» деген жаңа бағыттағы тапсырмалар жүйесімен жалғасып кетеді.
Жалпы мәтінмен екі бағытта жұмыс істеледі: біріншісі - «тілдік бағытта», екіншісі - «сөйлеу бағытында (речевое направление) ». Соңғысы - тіл дамыту, тіл ұстарту, мазмұндама жазғызу, шығарма жазғызу, стилистикалық талдау бағытында.
Бірақ, мұғалім қай бағытта жұмыс істегенде де есіне тұтатын мәселесі - бұл екі бағыттың ешуақытта бірінен-бірінің бөлінбеуі. Тіл бірлігін танытуда, міндетті түрде, ол бірліктің сөйлеуде (речь) қалай қолданылып тұрғанын танытпай өте алмайтыны белгілі. Ал сөйлеудегі қызметін танытуда - оның қандай тіл бірлігі деп аталатынын айтпай тағы да тұра алмайтыны сөзсіз. Мұғалім бұл жағдайды келесі сабақтарда ескеруі дұрыс.
Тілдік бірліктердің стилистикалық бояулары, сөздер мен грамматикалық тұлғалардың экспрессивтік-мағыналық ерекшеліктері жұмсалым кезінде сан түрлі қарым-қатынасқа түсу арқылы сөздің әр алуан мағынасын толықтай бейнелеп, сөйлеушінің ойын дәл, қажетті арнада жеткізеді. Сөздің мазмұны, қарым-қатынастың жағдайы мен аумақ-көлемі, бағыт-бағдары әр түрлі болатындықтан, тілдік тұлғалардың бір-біріне ықпалы мен тіркесім сипаты да түрліше болады. Бірақ ол айырмашылықтар жалпыланған, типтенген тұрпатқа ие, сондықтан олардың негізгі ерекшеліктерін айқындап зерттеуге мүмкіндік туады. Тілдің іс жүзіндегі қызметін зерттеген кезде тілдік түлғалардың стилистикалық мүмкіндіктерін жақсы білуден өзге, тілдік қолданыстың типтенген формалары мен мәтін түрлерін, тілдік шығармалардың өзіндік болмыс-бітімін де жақсы білу керек. Тілдік құралдардың қолданыс кезіндегі өзгерісін, ауысу-түйісулерін не анықтайды десек, оларды ең алдымен тілден тысқары жайттар анықтайды. Сөзді қолдану кезінде оған әр түрлі жағдайлар әсер етеді. Тілден тысқары жағдайларды мазмұндық және қатысымдық деп бөлуге болады. Мазмұндық жағын, сөздің неге арналғандығы, дәлірек айтқанда, нақты тақырыбы анықтаса, қатысымдық жағын сөйлеуші мен қабылдаушының арасындағы жағдай анықтайды. Мұңда сөйлеушінің алдына қойған мақсат-мұраты, сондай-ақ тыңдаушы жақтың ерекшеліктері, білімдік, мәдени, жасы жағынан деңгей-дәрежесі ескеріледі. Тілден тысқары жағдайлар тілдік және стилистикалық құралдарды таңдауға негіз болады. Соңғылары мәтіннің жалпы сипатын, оның стилін қалыптастырады.
Мәтінтануда оның пішімдік жағын зерттеумен ғана шектелуге болмайтыны белгілі. Әрине, жекелеген тілдік элементтердің стильдік бояуы мәнмәтінсіз де айқындалып тұрады (мысалы: шаһар, ғарыш, самғау т. б. ), сөздік тұлғалардың көпшілігінің стильдік мәнерлілігі сонымен қатар мәтіннің ұйымдасу ерекшелігінен, оның құрылымынан туындайды. Бұл әсіресе, сөздің мағыналық-стилистикалық мүмкіндігі ерекше белсенділікке ие көркем поэтикалық мәтіндерде айқын байқалады. Бұл жағдай көркем емес мәтіндерге де тән. Көркем мәтінге ең жақыны, әрине, көркем публицистикалық шығармалар. Ал көркем әдебиет пен публицистикадан алыстап, ресми немесе ғылыми саладағы қарым-қатынасқа ойысқан сайын сөзқолданым қатандап, дәлдікке, қарапайымдылыққа ұмғыла түседі.
Мәтіндік деңгейде стилистикалық талдаудың әдіснамалық негізін шығарманың өзара тығыз байланысты және диалектикалық қатынаста болатын пішімі мен мазмұнының бірлігі туралы қағида құрайды. Белгілі бір мақсатқа орай, пішімнің жекелеген жақтарын бөліп алып талдауға болады, бірақ соның өзінде оның мазмұнмен байланысын, түрлі мәтіндердегі олардың өзара қатынасын ескермеуге болмайды. Маңыздылығы жағынан мазмұн алғашқы орында, алайда ол пішімнің көмегімен бейнеленіп қабылданады (көрінеді немесе естіледі) . Пішім мен мазмұн категорияларының көріну сипаты мәтіннің түріне байланысты әрқалай. Пішім мен мазмұнның өзіндік ерекшеліктері мол ең күрделі қарым-қатынасы мен байланысы көркем мөтіндерде көрінеді. Мұнда ең күрделі әрі қиыны - мәтіннің құрылымдық ерекшеліктерін мазмұндық категориялармен (тақырыбы мен идеясымен) сабақтастырып талдау. Стилистикалық талдау арқылы мазмұнның белгілі бір пішімге ие болуы - мәтіннің құрылымы анықталады. Мұнда тілдік фактілер бір-бірімен байланыссыз, жеке-жеке алынбайды, қарым-қатынасы (сәйкесуі) ескеріледі. Мәтіннің құрылымдық-композициялық негізі құрылымдық тәсілдері стилистикалық талдаудың арқауы болады. Сол арқылы шығарманың негізгі ойын, басты идеясын толық әрі терең түсінуге мүмкіндік туады. Мәтін - әр түрлі сапаға ие бөлшектерінің сан қилы қарым-қатынастарынан тұратын күрделі құрылым. Оның жалпы да негізгі категорияларына мазмұн мен пішім жатса, олардың да өз ұғым-категориялары бар. Алғашқысының негізгі ұғымдарына тақырып пен мазмұнның өзі жатады.
Мазмұн - болмыстағы құбылыстар, деректер, бұлар тақырыпты ашу үшін тілдік «қырнап-жонуға» түседі, яғни тілдік жағынан игеруге алынады. Бір тақырыптың өзі әр түрлі материалда ашыла беруі мүмкін. Көркем мәтіндерден басқаларында тақырып ары қарай дамытылатын тезис түрінде көрінеді. Оларда тақырып мәтіннің басында айтылады, тіпті мәтіннің аты тақырыпты белгілейді. Мысалы, ғылыми мақаланың атынан-ақ онда не туралы айтылатынын түсінеміз. Ал газет материалдарында тақырып пен мазмұнның қатынасы күрделене түседі. Газетте таным нысаны туралы айтылып қана қоймайды, оқырманға әсер ету де көзделеді. Сондықтан мұндағы қатысымдық-психологиялық жағдай «тақырып» ұғымының мәнін бұрынғыдан анағұрлым күрделендіреді.
Пішім категориясының негізгі ұғымдарына композиция мен тіл жатады. Тақырып пен мазмұн сияқты бұлар да өзара тығыз байланысты, белсенді қарым-қатынаста. Олардың қарым-қатынасының нәтижесінде жаңа ұғымдар пайда болады. Мысалы, тақырып пен мазмұнның қарым-қатынасынан идея, тақырып пен композицияның қарым-қатынасынан сюжет пайда болса, композиция мен тілдің қарым-қатынасынан тәсіл пайда болады. Осылардың бәрінің қарым-қатынасы мәтін құрылымын жасайды. Мәтінді стилистикалық таңдау жоғарыдағы компоненттердің бірімен шектелмейді, олардың арасыңдағы байланыстар мен қарым-қатынастарды ашуға, демек, мәтін құрылымын талдауға бағытталады. Мәтінді тұтастай стилистикалық талдау үшін оның қандай элементтерден құралғанын, оның құрылымының негізін не құрайды, бітім-бейнесін нелер жасайды - осылардың бәрінің ара салмағын анықтау керек.
Мәтіннің негізін құрайтын элементтердің қатарына ең алдымен тақырыптың мазмұнын ашатын ұғымдар кіреді және сол ұғымдарды байланыстыратын, олардың арасындағы қарым-қатынастарды ашатын амал-тәсілдері болады. Тақырыптың мәнін ашатын ұғымдар мен олардың байланыстары мәтіннің логикалық негізін құрап, мәтін мазмұнын болмыспен байланыстырып тұрады.
Мәтін негізін құрайтын элементтердің келесі түрін стильқұраушы деп атауға болады. Белгілі бір мазмұнды әр түрлі тәсілдермен беруге болады. Ол үшін грамматикалық деңгейде болсын, лексика-фонетикалық деңгейде болсын тілдік құралдардың кең жүйесі пайдаланылады. Олардың қайсысын пайдалану автордың алдына қойған мақсатына, тыңдаушыға (оқырманға) қатынасына т. б. жағдайларға байланысты. Алдыңғылары мәтіннің мазмұндық жағын құраса, соңғылары пішімдік жағын құрайды. Бұлар мәтінді оқығанда, оны талдағанда бірден көзге көрініп тұратын жағы болса, В. В. Одинцов мәтіннің одан да теренде жатқан құрылымдық тәсілдері болатынын айтады [6. 145] . Ол нақтылы құрылған мәтінде көрініп, оның тілдік мәнерін, стильдік ерекшелігін анықтайды. Стильқұраушы және құрылымдық тәсілдер бірлікте көрінеді. Көркем және публицистикалық стильдің кей түрінде олар эмоциональды-бейнелі құрылымдар жасап, мәтіннің экспрессивтілігін, эмоционалдығын бейнелесе, ғылыми және әсіресе, ресми іс-қағаздары мәтінінде олардың рационалды-логикалық құрылымын жасап, мәтіннің логикалық негізін құрап тұрады.
Кез келген мәтін даралық мәнге ие бола тұра (өйткені, оны белгілі бір жағдайларға байланысты жеке адам тудырады) оларға жалпы сипаттар да тән. Өте жалпылама мәндегі ортақ белгілер негізгі функциональды стильдерді құрайды: ғылыми, ресми, публицистикалық т. б. Сонымен қатар бір стильге тән мәтіндердің де бір-бірінен айырмашылықтары болады. Мысалы, ғылыми мәтіннің сол саладағы мамандар мен көпшілікке арналған түрлері бірдей емес. Әр стильге тән олардың ортақ жақтары мен айырмашылықтарын мәтін мазмұнын бейнелейтін стиль түзуші тілдік құралдар мен мәтін түзуші құрылымдық тәсілдер анықтайды. В. В. Виноградов былай дейді: «Исследование разных жанров и типов устной и письменной речи, имеющих широкое распространение в общественной практике, естественно, тесно связывается с исследованием форм и видов монологической и диалогической речи. При таком исследовании раскрываются и общие конструктивные свойства монолога и диалога и стилистические различия между разными их композиционными типами» [7. 17] .
Стилішілік айырмашьглықтар мәтіннің жанрлық түрлерін анықтайды. Соған қарағанда тақырыптық материалдарды сұрыптап, оларға белгілі бір пішім беру, сұрыптау, орналастыру тәсілдері жанрлық ерекшелікті құрайтын сияқты. «Жанр тікелей болмысты бейнелемейді, ал оған деген шығармашылық қатынасты бейнелейді. Ол - болмысты бейнелеудің тәсілі, оны игерудің көлемі мен өзіндік ерекшелігі» [8. 7] . Жанр белгілі бір функциональды стиль ауқымында айқындалатындықтан, сол жанрға тән шығарманың тілдік құрамы да мәнді қызмет атқарады. Мысалы, газеттің әр түрлі жанрларында (мақала, көркем очерк, интервью, пікірталас, репортаж) негізгі жүкті газет лексикасы көтеріп тұрғанымен, тақырыпқа, автордың міндетіне т. б. әр түрлі жағдайларға байланысты оларда ғылыми терминдер де, көркем не ауызекі тұрмыстық сөздер де қодданыла беруі мүмкін. Жанрдың сипатын олардан өзге тілдік құралдардың байланысындағы, бір-бірімен қатынасындағы ерекшеліктер анықтайды. Өйткені, олардың бәрі белгілі бір көзқарас тұрғысынан ұйымдасып жұмсалады, сол арқылы мәтін бір бүтіндікке, тұтастыққа ие болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz