ЖОҒАРЫ СЫНЫПТАРДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХИ КУРСЫН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 59 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . .

1. ЖОҒАРЫ СЫНЫПТАРДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХИ КУРСЫН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1. 1 Әдебиеттің тарихи курсының мазмұны және нысаны . . .

1. 2 Тарихи-әдеби курсты оқыту мәселелерінің зерттелуі . . .

1-тарау бойынша тұжырым . . .

2. Х-ХІ СЫНЫПТАРДАҒЫ ТАРИХИ-ӘДЕБИЕТТІК КУРСТЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕРІ, ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРЫЛЫМЫ

2. 1 Тарихи-әдеби курс, құрылымы: шолу және монографиялық тақырыптарды оқыту . . .

2. 2 Гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы оқу бағдарламалары мен оқулықтарының ерекшеліктері, құрылымы, «Әдеби білім тұжырымдамасындағы» тарихи курс мәселелері . . .

2. 3 Жоғары сыныптардағы лекция сабақтары, сабақ тиімділігін арттыратын факторлар . . .

2. 4 Тарихи-әдебиеттік курсты оқытудағы жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар мен әдістердің ролі (12 жылдық білім беру жағдайында) . . .

2. 5 Х-ХІ сыныптарда әдебиет пәнін тиімді жүргізудің ағымдағы тәжірибелері . . .

2-тарау бойынша тұжырым . . .

ҚОРЫТЫНДЫ . . .

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . .

А ҚОСЫМШАСЫ - библиографиялық көрсеткіш . . .

3-8

9-11

11-13

13-14

15-24

25-29

30-41

41-45

46-55

56

57-58

59-61

62-64

КІРІСПЕ

Диплом жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазіргі кезеңде егемен еліміздің жас жеткіншектерін алдыңғы қатарлы озық көзқарас негізінде жан-жақты, жарасымды дамыған, қоғамдық-саяси белсенділігі жоғары интеллектуалды адамдар етіп тәрбиелеу басты талаптардың біріне айналып отыр. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев республика білім және ғылым қызметкерлерінің II съезінде сөйлеген сөзінде: «Мұғалімдер − қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, «ең сынампаз» бөлігі болып табылады. Білім саласы қызметкерлерінің отаншылдығы халықтың басқа буындарымен салыстырғанда, анағұрлым ауыр қиындықтарды бастан кешіре отырып, жастарға өзінің бойындағы бар білімін беріп қана қоймай, оларды адалдық, адамдық, тазалық, гуманизм, Отанды сүйе білу секілді асқақ сезімдерге тәрбиелеуінен де танылады. Патриотизмнің биік бір белгісі, міне, осы емес пе?» − деп орынды атады [8, 120] .

Бұл жауапты жұмысты жүзеге асыруда орта мектепте өтілетін пәндер арасында қазақ әдебиетінің алатын орны ерекше. Өйткені, оқушыларға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық тәрбие беру, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану - әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептеледі.

Бала жастан көрген-білгенін көкейге түйген шәкірт этикалық құндылықтарға, әсемдік әлеміне, эстетикалық, сұлулық дүниесіне бастауыш сыныптардан бастап-ақ қызыға назар аударады. Олар оқу бағдарламасының талаптарына сай әдебиет сабағында қазақ және туысқан халықтардың, әлем әдебиетінің кейбір озық үлгілерімен таныстырылады.

Әдеби шығарманы оқып-үйренуде жас оқырман өзінің шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, сол оқыған туындысы негізінде ой-тұжырымдар, дұрыс пайымдаулар, тың қорытындылар жасауға ұмтылады. Сабақ барысында әдеби шығармаларды ұтымды талдау жұмыстарын жүргізу оқушылардың пәнді оқуға ынтасын арттырады. Сондықтан, бұл диплом жұмысында жоғары мектептерде қазақ әдебиетінің тарихи-әдебиеттік курсын оқытудың әдістемесі, ұсынылатын жұмыстар зерттеу аясында жан-жақты сараланып отыр.

Диплом жұмысының өзектілігі. Бүгінгі уақыт барлық өркениетті елдерде білім беру ісін адамзаттық құндылықтарға негіздеу және ұлттық сананы құрметтеумен ерекшеленетіндіктен қазақ мектептеріндегі әдебиет пәнін оқыту, әсіресе, жоғары сыныптарда оқытылатын тарихи-әдебиеттік курсты оқушыларға тиімді меңгерту мәселесі заман талаптары мен әлеуметтік сұраныстарға сай жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Сол себепті де пәнді оқытудағы өзгерістер мен жетістіктер оның даму үрдістерінің үздіксіз екендігіне көз жеткізеді. Аса көрнекті әдіскер-ғалым В. В. Голубков: «Әдістеме дегеніміз - уақытты үнемдей білу, оқушы күш-жігерін ақылмен жұмсау, оқу материалынан негізгі және басты мәселелерді таба алу, ұжым болып табылатын сыныптың еңбегін ұйымдастыру шеберлігі, оқушылардың әртүрлі жеке әрекеттеріне ықпал етуді алдын ала ойластыру» [9, 19] .

Жоғары сыныптарда оқытылатын тарихи-әдебиеттік курстың қамтитын аймағы күнделікті сабақтар мен әдебиетке байланысты сыныптан тыс шаралар, мектептен тыс жұмыстар, базистік оқу жоспарының инвариантты бөлігінен берілетін таңдау курстарында жүргізілетін әдебиет сабақтарында мұғалім мен оқушының оқу-тәрбие ісіндегі өзара қарым-қатынасы болып табылады.

Жоғары сыныптарда көркем туындымен танысу үстінде жасөспірімдердің қоршаған орта туралы түсініктері қалыптаса түседі. Табиғат әлемі, оның терең тылсым сырлары, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, обал мен сауап, сан алуан басқа да рухани-әлеуметтік мәселелер, қоғамдық, адамгершілік, тарихи-саяси құбылыстарды өз биігінен байқап барлайды. Жақсыдан үйренетін, жаманнан жиренетін өмірлік ғибрат алады. Соған сәйкес жас жеткіншек өз дәуірінің, өмір сүріп отырған заманының талабына сай азамат болып жетіледі. Әдеби шығарманы оқи отырып, олар ондағы образдар жүйесін, шығарманың тақырыптық-идеялық мұратын шәкірттік ақыл-таразысына салып, балаң ой елегінен өткізеді. Алған әсеріне қарай әрқайсысы өзінше баға береді. Ол мұнда өзін-өзі тану арқылы қоршаған ортаны түсінуге, оған өзінің қатысын саналы түрде сезінуге, айналаға, қоғамға өзінің көзқарасын жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан жүйелеуге, өзінің өмірлік ұстанымын анықтауға құлшынады. Өзін-өзі тану өзін дамытудың, жеке тұлғаның дербес белсенділік көрсетуінің, өзінің қабілеті мен әлеуметтік мүмкіндігін ашудың қажетті шарты болып табылады. Соның нәтижесінде оқушы өзінің дербес өсу және өзіндік жетілу қабілетіне ие болады. Сөйтіп, шәкірт адами толысуын, өмірдің мәні мен өзінің ондағы мақсатын ұғынады.

Көркем шығарманы, жазушының өмірі мен шығармашылығын сабақ үдерісінде талдаудың алғашқы үлгілері, кейіпкерді танытудың ең қарапайым белгілері − оның сыртқы келбеті, іс-әрекеті, сөз сөйлеу, ойлау ерекшеліктері, автордың кейіпкерге, қоршаған тұрмыстық-әлеуметтік ортаға көзқарасы, әдеби туындының тақырыптық-идеялық нысанасы секілді мәселелер бастауыш сыныптардан басталып, сынып жоғарылаған сайын көркем шығармаға әдебиеттанымдық талдау жасаудың жолдары күрделене, түрлене түседі. ТМД мемлекеттері мен өз еліміз көлеміндегі педагогикалық, әдеби баспасөздердегі пікір алысулардың, толғағы жеткен ойлардың жиі жариялануы, алқалы жиындар мен жоғары дәрежедегі келелі басқосуларда, конференцияларда ұстаздар жұртшылығының ерекше мән беріп, ұсыныс ретінде қайта-қайта мәселе көтеруі, мектеп шәкірттерінің білім сапасының, сабақ тиімділігінің күрт төмендеп кетуі, оқушылардың жалпы сауаттылық деңгейінің, интеллектуалдық ой-сезімінің бәсеңдеуі, жоғары сыныптардағы тарихи-әдебиеттік курстарды оқытуда тек дәстүрлі жүйеде ғана білім берілуі, тақырыптарды оқытуға байланысты әдістеменің дұрыс жолға қойылмауы зерттеу тақырыбының өзектілігін дәлелдейді.

Әдіскерлердің жүргізген көп жылғы тәжірибелік бақылау жұмыстарында мұғалімдердің басым көпшілігі оқу материалын − көркем туындыны түр мен мазмұн бірлігінде талдай білмейтіндіктерін, кейіпкерлер жүйесін шығарманың тақырыптық идеясын ашуға қарай саралай білмейтіндіктерін, көркем шығарманы орта мектепте оқып-үйренудің ғылыми-әдістемелік жүйесін тұтастықта қарастыра алмайтындықтарын байқатты. Мұның салдары жоғары сынып оқушыларының оқу бағдарламасы талаптарын орындамауына, көркем шығармамен өздігінен жұмыс істей білмеуіне, соның нәтижесінде олардың білім деңгейінің төмендеуіне апарып соқтырды. Осы аталған кемшіліктердің басты себебі − қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінде, әсіресе, жоғары сыныптарда, әдеби туындыдағы образ-персонаж, кейіпкерлер жүйесі, көркем бейнелердің мінез-құлық әлемі, сюжеттік оқиғалар желісі, композициялық құрылым секілді әдеби-теориялық ұғымдардың, автор ізімен немесе тұтастай, кейіпкерлер бойынша яки проблемалық-тақырыптық сияқты әдеби шығарманы талдаудың негізгі әдістемелік жолдарының арнайы зерттелмегендігінен деп пайымдауға болады. Бұл олқылықтың орнын толтыруға аз да болса үлес қосу мақсатында орыс және жақын шет ел (қырғыз, өзбек) әдебиеттерін оқыту әдістемесіндегі іргелі зерттеулерге зер салумен бірге республикамыздағы озат ұстаздардың іс-тәжірибелеріне назар аудара отырып, өз тұжырымдарымызды жасадық.

Зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиетінің тарихи курсын оқыту мәселелерінің әдістемесіне арналған, оның ішінде лекция әдісіне кеңінен тоқталған іргелі еңбектердің осы күнге дейін жазылмағандығына байланысты қазақ әдебиетінің білім мазмұнындағы алатын орнын түбегейлі тексеріп, тарихи-әдебиеттік курсты оқытуға байланысты жарияланған әдіскерлердің ой-пікірлерін, мақалаларын жинақтап, бір ізге түсіру қажеттігі туындайды. Жоғары сыныптарда қазақ әдебиетін оқытуға байланысты А. Көшімбаев, Ә. Қоңыратбаев, Ш. Кәрібаев, Қ. Жұмалиев, Т. Ақшолақов, М. Мырзахметов, Ә. Дайырова, Ә. Қанафин, Т. Жұмажанова, Қ. Жаманбаева, Б. Сманов, Б. Әрінова, Р. Құтхожина сынды ғалымдардың және әдіскер-ұстаздар Қ. Бітібаева, Б. Д. Жұмақаева, Н. Дөкенова т. б. еңбектерін жинақтап, саралап, ғылыми қорытынды, оқыту әдістемесін ұсыну көзделіп отыр. Олар ұстанған әдістемелік ой-пікірлердің, ұсынған әдістемелерінің маңызы мен мәнділігін ғылыми тұрғыда дәйектеп, саралау диплом жұмысының өзектілігін көрсетеді. Тарихи-әдебиеттік курсты оқыту әдістемесінің жүйеленуі төменгі сыныптарда оқытылып келген әдебиеттік кезеңдер арасындағы байланыстарды мығымдаумен қоса, әдістеменің бірте-бірте кемелдене түскенін айқындап береді.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері.

Жұмысқа төмендегідей мақсат қойылды:

- жалпы орта білім беретін мектептегі қазақ әдебиеті пәнінің оқу материалын терең де тиянақты меңгертудегі тарихи-әдебиеттік курсты оқытудың тиімді жолдарын, әдістерін анықтау және оның ғылыми-әдістемелік негіздерін қалыптастыру, оқу үдерісіне енгізу, тарихи-әдебиеттік курсты оқытудың әдістемесін ұсыну, сондай-ақ оқушылардың өздігінен жұмыс жасау түрлерін меңгерту тәсілдерін айқындай отырып, олардың тиімділігі мен құндылығын түрлі сабақ үлгілері мен модульдер, тәжірибелер арқылы дәйектеу;

Диплом жұмысының нысаны: Жалпы білім беретін орта мектептегі тарихи-әдебиеттік курсынан білім беру үдерісі.

Диплом жұмысының дереккөздері: Білім туралы Заң, оқулықтар, 10-сынып және 11-сынып бағдарламалары, «Қазақ әдебиетінен білім беру Тұжырымдамасы», оқу құралдары, теориялық және әдістемелік еңбектер.

Диплом жұмысының болжамы: Тарихи-әдебиеттік курсты оқыту үдерісі оқушылардың өздік және шығармашылық жұмыстар жүргізуінің әр түрлі формаларын арқау еткен тиімді әдістер мен тәсілдерді қолданған жағдайда, сондай-ақ шығарманың рухани-эстетикалық мәнін терең бағамдай отырып, әдеби-теориялық ұғымдарды саналы түрде меңгергенде, көркем мәтінді тұтастықта әрі сабақтастықта қабылдағанда, әдеби құбылысқа тарихи тұрғыда мән беру қалыптастырылғанда, курсты оқытудың әдістемелік жолдары мен соған байланысты білім, білік, дағдыларды меңгергенде ғана мақсатты түрде жүзеге асады.

Жұмыстың мақсаттары мен болжамы мынадай міндеттерді шешуді талап етеді:

− жоғары сыныптардағы әдебиет курсын оқытудың тәжірибелеріне талдау жасау, ондағы әдістемелік ой-пікірлердің білім мазмұнын құраудағы ролін ашып көрсету;

− жұмыстың зерттеу мәселесіне байланысты қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламаларын, оқулықтарын және хрестоматияларына талдау жасау;

− диплом жұмысының тақырыбы бойынша қазақ әдебиеті мұғалімдерінің озат тәжірибелерін қорыту; отандық және көрші елдер (Ресей) әдіскерлерінің көзқарастарын зерделеу;

− Х-XI сынып оқушыларының эпикалық шығармаларды оқып-үйрену үдерісіндегі білім, білік, дағды деңгейлерін, гуманистік-ізгілік көзқарастарын қалыптастыру жолдарын қарастыру;

− шәкірттердің оқырмандық мәдениетін қалыптастырудағы тарихи-әдебиеттік курсты оқытудың ұтымды жолдарын, әдістері мен тәсілдерін, әдеби туындыны талдаудың моделін, ақын-жазушының шығармашылық тұлғасын танытудың үлгі-кестесін ұсыну;

− ұсынылып отырған әдістемелік жүйенің тиімділігін және құндылығын тәжірибе арқылы дәлелдеу.

− тарихи-әдебиеттік курс бойынша оқушылардың қызығушылығын, өзіндік практикалық әрекет ортасын қалыптастыратын лекция үлгісін, құрылымын ұсыну;

− жұмыс нәтижелері негізінде тарихи-әдебиеттік курсты оқытуға байланысты аннотациялы-библиографиялық көмекші құрал мен сабақ үлгілерін ұсыну;

Диплом жұмысының теориялық-әдіснамалық негізі. Қазіргі кезеңдегі оқыту әдістемесі және әдебиеттану ғылымдарының жетістіктері, дидактиканың оқыту ұстанымдары, отандық және шетелдік педагог-психолог ғалымдардың оқыту нәтижесінде жас жеткіншектердің ақыл-ой қабілеттерін дамыту туралы іргелі теориялық қағидалары, әдеби білім берудің мемлекеттік стандарты, оқу тұжырымдамалары, бағдарламалар, оқулықтар, оқу құралдары, оқытудың жаңа технологиялары туралы ғылыми-әдістемелік еңбектер, ғылыми мақалалар, диссертациялар негіз болды.

Әдістері. Жұмысты жазу барысында баяндау, бақылау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, талдау, тұжырымдау, диагностикалық сауалнама, талқылау, зерттеу нәтижелерін қорытындылау, эксперименттік мәліметтерді сапалық және сандық тұрғыда сараптау, жинақтау әдістері қолданылды.

Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы:

- тарихи-әдебиеттік курсты оқытудың ғылыми- әдістемелік тұрғыдағы орны мен мәні айқындалды; соның негізінде жинақталған ой-тұжырымдары жасалды;

- жалпы білім беретін орта мектептерде оқушы мен ұстаз арасында нәтижеге бағытталған ынтымақтастық қатынастар орнықтыруға ықпал ететін курстың әдістемелік жүйесі ұсынылды;

- жоғары сыныптарда әдебиет курсын оқыту мен талдаудың тиімді әдістері мен тәсілдері нақтыланып, лекция құрылымы дайындалды;

- әдеби шығарманы талдау мен курсты оқытудың моделі, ақын-жазушының шығармашылық тұлғасын танытудың үлгі-кестесі ғылыми-әдістемелік тұрғыда дәйектелді;

- жоғары сынып оқушыларының жеке құзыреттіліктерін қалыптастырудағы тарихи-әдебиеттік курстың орны мен мән-маңызы белгіленді;

- шәкірттердің оқырмандық мәдениетін дамытудың мүмкіндіктері нақтыланды; сабақ үлгілері дайындалды, олар тәжірибе арқылы тексеріліп, дәйектелді.

Зерттеудің практикалық құндылығы мен маңызы. Жоғары сыныптарда тарихи-әдебиеттік курсты оқытудың әдістемелік негіздері оқушының оқу материалын меңгеру сапасын арттыруға, болашаққа қадам жасауға, тұлға ретінде қалыптасуға, әдебиеттің қиын да қызықты кезеңі бойынша білім, білік, дағдыларды қалыптастыруға, соның нәтижесінде шәкірттердің оқырмандық мәдениетін, оқу-танымдық, интеллектуалдық-әлеуметтік, құндылық-бағдарлы құзыреттіліктерін тәрбиелеуге кеңінен ықпал етеді деген болжам жасалды.

Диплом жұмысында жоғары және арнаулы орта оқу орындары оқытушылары мен студенттеріне, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне көмек ретінде жалпы білім беретін мектептерде тарихи курсты оқытуға байланысты күнделікті сабақ үдерісінде кәдеге жарататын нақтылы әдістемелік ұсыныстар берілді. Бұл әдістемелік ой-тұжырымдар білім мазмұнын жетілдіруде, бүгінгі күн талаптарына орай жасалатын оқу бағдарламаларында, оқулықтарда, оқу-әдістемелік құралдарда негізге алынады деген сенім бар.

Құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнің 5 тараушасынан, қорытындыдан, тарау бойынша тұжырымдардан, қосымшалардан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ЖОҒАРЫ СЫНЫПТАРДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХИ КУРСЫН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1. 1 Әдебиеттің тарихи курсының мазмұны мен нысаны

«Әдебиет - өз қалпынша ой мен тіл. Бірі - іші, бірі - сырты. Іші-сырты сай келген нағыз көркем шығармаға өлім жоқ десек те болады. Адамдар қартайып, ескі қауым кетіп, жаңа келіп жатады. Нағыз көркем шығарма олардың кеткенін ұзатып салып, келгенін қарсы алып жасай береді. Ондай шығармада өзі тұрған дәуірдің лебі, тұлғасы сақталады, өз ұлтының исі аңқып тұрады, оқушысына әрі ләззат, әрі білім береді» [5, 14]

Еліміздің өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, саяси - әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта терең білім, сауатты ұрпақ тәрбиелеу - негізгі міндеттердің бірі. Әлемдік саяси аренада Қазақстан Республикасының өзіндік салмағын пайымдау оның ұлттық білім жүйесінің жоғары дәрежеде дамуымен байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев ел халқына Жолдауында «Қазақтың ел болуы, ұлт тағдыры - оның келешек мектебінің қалай болып құрылуына тіреледі» - деп атап көрсетті [1, 18] . Егемендіктің тұғыры тұрақталып, мемлекеттің іргесін нығайту және қазіргі уақыттағы жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті, тұтастықты сақтау, ұлттық сананың сарқылмауы, тіл мен ділдің баянды болуы үшін мектеп қабырғасында елжандылық тәрбие идеяларының санасына дарытуда әдебиеттің алатын орны ерекше.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТI - қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезiнен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негiзi сол тайпалар шығарған ертегi, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр [3, 206] .

Қазақ әдебиеті өзінің дамуы барысында төмендегідей кезеңдерге бөлінеді:

  1. Ежелгі дәуір әдебиеті;
  2. Хандық дәуір әдебиеті немене жыраулар поэзиясы;
  3. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті;
  4. ХХ ғасыр басындағы әдебиет;
  5. Кеңестік кезеңдегі әдебиет;
  6. Тәуелсіздік тұсындағы және қазіргі қазақ әдебиеті;

Міне, жоғарыда аталған кезеңдерді өзара байланыстырып оқыту, ерекшеліктерін ұғындыру, бағытын таныту, әр кезеңнің көркем шығармаларымен таныстыру - бұл өте күрделі және шығармашылықпен ізденуді қажет ететін мәселелердің бірі.

Әдебиетті оқыту - ғылым саласымен тығыз байланысқан. Себебі, ғылымның қай саласын алсаңыз да теориялық және қолданбалы практикалық мәндес болады деп білсек, әдебиетті оқыту арқылы оқушыға көркем шығарманы оқытуды қалыптастыру әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесін бірлікте қарастырумен қатар оның өнер екендігін де ескерген жөн. Өйткені игерілуге тиісті ұғым, сөздің мәні, айтылмақ ой - түсінік оқушыға әсер етерліктей болса, ол тиісті деңгейде көңіл толқытып, тереңірек ойланады. Сондай - ақ әсер санаға ерекше ықпал етеді. Әсердің нәтижесі бір жағынан тұлғаны әрекетке итермелесе, екінші жағынан пәнге деген қызығушылықты арттырып, көркем шығарманы оқуға талпындырады. Әдебиет - сөз өнері. Барлық сөзді тізе берсең әңгіме, жыр шықпайды. Адам жүрегі тербетіп, ақыл таразылап, тіл кестелеп айтқан сөз орнында тұрса ғана әдебиет деген өнер пайда болады.

Ғылыми тұжырымда әдебиет «адамтану құралы», ал әдебиет пәні «адам тәрбиелеу құралы», - делінген. Өйткені, Ғылыми педагогикалық ұстаным бойынша әдебиет пәні философиялық, педагогикалық, негізінен ұлттық ізгілікті, психологиялық, тұғырламалық мәдени - рухани көзқарастарға, құндылықтарға құрылған.

«Қазақ әдебиеті» пәнін оқыту - айрықша көңіл бөлуді қажет ететіндігі еліміздің ертеңгі болашағына деген үлкен міндеттен туындап отырғаны бәрімізге мәлім.

Оқушыларға әдебиеттің құдіретін, оның адам баласы жаратылғаннан бері бірге жасасып келе жатқандығын, мәңгілік жаңарып, жасарып отыратын үрдіс екенін айтып, түсіндіре отырып, сол әдебиетті жасаушылар, ақын - жазушылар туралы, олардың көркем шығармалары жайында айтуымыз керек.

«Көркем шығарма - әдебиеттің құндылығы. Көркем шығарманы оқыту - оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру» - деген болатын [2, 29] әдебиет зерттеуші - ғалым, белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қажым Жұмалиев.

Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек. Бұл - оңай үрдіс емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол - оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние.

Қандай жақсы көркем шығарма болмасын оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жай күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз.

Оқушыдағы осы сезімді ояту - мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс-тәсілдерді орнымен қолдану қажет.

Мектепте әдеби білім беру оқытудың, білім берудің жүйелі, жалғаспалы, бірізділік принциптерін басшылыққа ала отырып жүргізілуі керек. Ол мынандай кезеңдерден тұрады:

1-кезең: 1-4 сыныптар;

2-кезең: 5-8 сыныптар;

3-кезең: 9-11 сыныптар;

Осы кезеңдердің ішінде ерекше шығармашылық жұмыс пен терең дайындықты талап ететін кезең - әдебиеттің тарихи курсы. Бұл кезеңде оқушыларды өз беттерімен көркем туындыны оқытуға, талдауға баулу, әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиеттік ғылымнан білім беру, көркем шындық, өмір шындығы, ақын-жазушы стилі, тілі, әдеби әдістер т. б. көркем туындыны талдауға әдебиеттану ғылымы басшылыққа алынады. Оқушылардың оқырман ретінде оқитын туындыларын өздері таңдап алу қабілеттері жетілдіріледі. Мағлұматтар тереңдетіліп беріледі. Көркем туындыға олардың сын көзбен қарауы қалыптасады.

Ресейлік жаңашыл ұстаз Е. Ильин айтқандай, көркем туындының ішкі, сыртқы қасиетін, табиғатын тереңдете түсінуге көмек жасау, оқушыларды шығармашылық жұмыстарға баулу, олардың алдына өз беттерімен шешуді талап ететін әр түрлі проблемалар қою, әрі оның жауабын тапқыза білуге жетелеу, сондай-ақ әдебиеттану ғылымы мен сынынан тыс қалған, тың мәселелердің жауабын іздеуге баулу да осы кезеңнің міндеті. [4, 8]

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әдебиетті оқыту әдістемесі пән ретіндегі мақсаты
Қазақ әдебиетін оқыту тұжырымдамасы
Әдебиетті оқыту сабағында танымдық қызығушылықты арттыру
Бастауыш сыныптарда әдеби шығармаларды оқытудың мақсаты мен міндеттері
«Әдебиеттік оқу» пәнінің базалық мазмұны
Абайдың қай тап ақыны екендігі
1 сыныптарда математика пәнін интеграциялап оқытуды жүзеге асыру мүмкіндіктері
Бастауыш мектепке арналған әдебиеттік оқытудың бағдарламасы
Әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми пән ретіндегі мазмұны
Әдебиетті оқыту әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz