Мұқағали мұрасы - сөз маржаны


Жоспар:
Кіріспе
. . .
1. М. Мақатаев-ғасыр ақыны
. . . 1. 1 Асқақ рухты ақын . . .
1. 2 Мұқағали лирикасының өзіндік ерекшеліктері . . .
2. Мұқағали мұрасы - сөз маржаны
2. 1 Мұқағали поэзиясындағы дәстүрлі жүйе . . .
2. 2 М ұқағали поэзиясындағы образдар жүйесі
2. 3 Ақын поэзиясындағы ұлттық рух
Қорытынды . . .
Әдебиеттер тізімі . . .
Кіріспе.
Жұмыстың жалпы сипаттамасы . Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, оның қас - қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге болады. Қазақ елінің тәуелсіздік алған кезеңінде Мұқағали Мақатаев мұрасына бұрынғыдан әлдеқайда басым жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды. Ақын шығармаларына өзі дүниеден қайтқаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мұқағали өлеңдері - ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Білікті, парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мәселелеріне қалам толғаса да, соның өзінде қазақ өлеңі мен ана тілінің ғасырлар қойнауынан нәр жинаған аталы дәстүрін бұзбай жарасымды табиғи дамытты. Ол бірде қоғамның керенаулығын бетіне басқан қатал сыншы, енді бірде бала мінезді кіршіксіз таза, аңқылдаған аңғал жан. Сөйтіп жыр әлемінде өз ойын, өз шындығын, жүйелі көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлай білген. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады. Осыған орай диссертацияда ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік ерекшелігі бар көркемдік жүйе тұрғысынан қарастырылады.
Тақырып өзектілігі . Поэзиядағы көркемдік жүйенің жасалу және қалыптасу сипаты бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы ерекще назар аударуға тиіс мәселенің бірі. Қашанда өмір шындығын көркем түйіндеп суреттеу, яғни тарихи-қоғамдық болмысты сол болған қалпында жалаң баяндап қана қоймай, көркемдік үлгіде ләззат аларлық дәрежеде жеткізе көрсету аса мәнді де маңызды. Осы ретте ауыз әдебиеті үлгілерінде, жеке ақындар шығармашылығында көркемдік жүйе қандайлық дәрежеде. Олар өмір шындығын көркемдік шынайылық биігіне көтере алған ба деген мәселелер төңірегінде ойлансақ, мыналарға көзіміз жетеді. Бұған кейде онша мән берілмейді. Анығында бұрынғы және бүгінгі жеке ақындардың поэзиясына қарағанда, ауыз әдебиетінің туындылары деп саналатын “Қыз Жібек”, ”Айман - Шолпан”, сондай-ақ сол халықтық дәстүрден сусындай отырып, өз шығармашылықтарында оны жетілдіре, дамыта түскен ”Біржан-Сара”, ”Әсет пен Рысжан”, т. б. сияқты идеялық көркемдік мәні жоғары шығармаларда өмір шындығы анағұрлым кең, анағұрлым терең көрсетіледі. Мәселе сол өмір шындығы көркем өнердің биік талаптарына сай суреттеледі, эстетикалық ләззат береді. Адамгершілікке, бостандық пен теңдікке, ар-намысқа талпынған ақылды, тапқыр қазақ жастарының көркем образдарын, кесек мінезін жасаған. Олармен салыстырғанда ауыз әдебиетінің тұнығын ішкен жыраулар поэзиясының өкілдері, айтыс ақындары өмір деректерін әр көлемде қамтыса да шыншылдық, көркемдік сипаты жағынан төмен жататындығы жасырын емес. Алайда поэзияның осы шыншылдығы жетімсіз, көркемдік мотивтері кемшін тұсын Махамбет, Абай, Ыбырай, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым өлеңдері төрт құбыласын түгендеді. Осының нәтижесінде поэзия өзінің өмірлік, сұлулық сипаты жағынан халықтың рухани дүниесін молықтыруға үлес қосты. Көркемдік биік сапаланумен, шыңғыртып айтқан шындықпен жазылған шығармалар әрқашанда халықтың, белгілі бір заманның кең тынысты рухани өмірінің айқын айнасы болумен бірге әдебиеттің даму тарихында жаңа дәуір жасалды. Бізде бұл поэзияда Абайдан, прозада М. Әуезовтың “Абай жолынан” басталғаны мәлім. Абай поэзияны идеялық, көркемдік жаңа биікке көтере отырып, оқушысына идеялық, эстетикалық тәрбие беруді, немесе шығармашылықты “өмір оқулығы” ретінде қызмет атқаруға жеткізді. Әрі ол өлеңдеріне мүлде жаңа міндет жүктеді. ”Түзетпек едім заманды” деп, көркемөнердің өмірді дамытуға, өзгертуге шешуші үлес қосуын, белсенді әрекет етуін, идеялық-көркемдік құрал дәрежесінде биіктеуін уақыттың үлкен талабы есебінде ұсынды.
Осы тұжырымдарды шығармашылығына мықтап өзек еткен Мұқағали - Абай мектебінің түлегі. Әсіресе шығармаларының көркемдік қуаты, тақырып ауқымының кеңдігі, идеялық мақсатының тереңдігі, философиялық түйіні тұрғысынан мәнділігі, ұлттық болмысты, ұлттық психологияны, ұлттық көзқарасты бейнелеудегі шеберлігі жағынан өзінідк ерекшелігі бар. Ақын поэзиясы тақырыбының молдығы, көркемдік қуатының өзгешелігі, философиялық түйіндеулері, образ жасау шеберлігі жайында бүгінгі таңда аз айтылып жатқан жоқ. Алайда өзі өлсе де өшпес мұраға айналған, оқырман көңіліне берік ұялап, әр ұрпақпен үн қатысып, жаңа буын өкілдерімен сыр шертісе бастаған Мұқағали поэзиясына терең бойлай түсу, әр қырынан ғылыми саралап зерттеу әдебиеттанудағы маңызды мәселенің бірі деп білеміз.
Мұқағали қазақтың бай ауыз әдебиетін, одан кейінгі жазба әдебетінің озық үлгілерін, әлемдік әдебиет жетістіктерін бойына толық сіңіріп қабылдай отырып, поэзияда қалыптасып орныққан өлшем-өрнекті керек жерінде қырнап-өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан шеберлік танытты. Осы негізде жаңа өлшем, ұйқас түрлерін қолдана отырып, ұлттық поэзияның ырғақтық, әуезділік байлығын да молықтыра түсті. Мұқағали поэзиясының көркемдік түрін құрайтын бөлшектерге, яғни композиция, сюжеттік құрылыс, жанрлық өзгешелік бен бейнелеу тәсілдері, тіл кестесі, өлең өрнегі, өлеңге тән ырғақ пен интонация жүйесі, шумақ, ұйқас түрлерін қарастыру, олардың тұтастығын көркемдік жүйе дәрежесінде қалыптасуын және сол шығарманың идеялық мазмұнымен ажырамас бірлестік табуын анықтау, ғылыми түрде дәлелдеу, ақындық құпияларына үңілу зерттеу жұмысының өзектілігін көрсетеді. Сондықтан ақын поэзиясын көркемдік жүйе тұрғысынан зерттеуді мақсат еткен жұмыстың тақырыбының өзектілігі талас тудырмайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі Поэзияның көркемдік сипаты әрдайым зерттеу обьектісіне айналып, сыншылар мен ғалымдардың назарында болып келгені байқалады. Мәселен орыс әдебиетінде В. В. Виноградовтың, Е. И. Клименконың, З. С. Паперныйдың, В. Е. Холшевниковтың, К. Чуковскийдің, П. С. Шамсутдиновтың, С. Л. Сергеевтің, Л. Н. Смайлованың, М. Г. Михайлованың, С. Н. Степиннің ғылыми зерттеу еңбектерінде осы мәнді мәселені көтерген. Төл әдебиетімізде де көркемдік мәселесі әр қырынан қарастырылып келген. Нақтырақ айтсақ, Қ. Жұмалиевтің, М. Қаратаевтың, ӘТәжібаевтың, З. Ахметовтың, Р. Сыздықованың М. Дүйсеновтың, Т. Әбдірахманованың, Т. Ақшолақовтың, Т. Әбдірахмановтың, М. Базарбаевтың, Б. Кәрібаеваның, А. Нағметовтың С. Оразалиновтың еңбектерінде сөз болады
Ал тікелей М. Мақатаевтың шығармашылығы жайында сөз болғанда Ә. Тәжібаевтің алғашқы сәт-сапар тілеген мақаласынан бастап Мұқағали шығармашылығы әдеби сын назарынан тыс қалған жоқ. Қ. Алпысбаевтың “Мұқағали өрнегі” зерттеуі, “Естеліктері” мен «Мұқағалидастан» [1; 75] кітаптары шықты. Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын арнайы ғылыми тұрғыда зерттеу соңғы он-он бес жыл ауқымында ғана басталды. Тындырылған шаруалардың қатарына жылма-жылғы туған күндері қарсаңында жарияланып жатқан мақалаларды, әрі 50, 60, 70 жылдық мерейтой қарсаңындағы ақын-жазушылардың, ізденушілердің, ғалымдардың 500-ге тарта ғылыми - танымдық материалдарын жатқызуға болады. Жеке ғылыми зерттеулерде бой көтере бастады. Қазанбаева Айнагүл Зікірқызының “М. Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері“ мен Бекеева Нұр-Айша Жүсіпқызының “Қазақ поэзиясындағы қаһармандық рух пен трагедиялық ахуал”, Қарақалпақстандық Хамидуллаев Күрленбайдың “Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі“, Бегманова Бибіжан Сейітханқызының “М. Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты” кандидаттық диссертацияларын[2; 45], Абишева Сауле Жүнісқызының “Поэтическая система “Мир природы “ структура и семантика“ деген тақырыптағы докторлық диссертациясында да Мұқағали шығармашылығы бірсыпыра талданды. 2006 жылдың басынан “Мұқағали” журналы ай сайын шыға бастады. Міне бұлар ақынның бай мұрасын туған халқына жеткізудегі және оны зерттеп, ақынды ғылыми тұрғыдан танудағы істеліп жатқан жұмыстар. Осылар арқылы Мұқағалитанудың ғалыми-танымдық бұлақ көзі ашылды, оның сала - сала боп, арналана түсері анық. Демек Мұқағали туындылары түгенделіп, байыпты зерттелген сайын ақын рухы бізге жақындап, бізді өзіне барған сайын баурап отыр. Алайда Мұқағали поэзиясы бірыңғай көркемдік жүйе тұрғысынан арнайы қарастырылған жоқ.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері :Курстық жұмыстың басты мақсаты - көркем әдебиеттегі, өнердегі ілгері-кейінгі көркемдік жүйесінің сөз болу жайына барлау жүргізіп, терең негіздеріне үңілу. Қадым заманнан қазірге дейінгі ұлтық белгілеріміз бен сапаларымыздың жай-күйіне назар салып, нақты мысалдар арқылы Мұқағали поэзиясының көркемдік жүйесін ғылыми саралау. Негізгі мақсатты орындау үшін курстық жұмыста мынандай басты міндеттерді шешу алға қойылды.
- Мақатаев поэзиясының рухани құндылыққа айналуының басты себептерінің бірі - көркемдік келісімде екендігін ғылыми тұрғыдан дәйектей отырып, көркем әдеби тіліміздің жетілуіне, бейнелік күшінің толыға түсуіне қаншалықты үлес қосқанын саралау;
- Зерттеуде Мұқағали шығармаларының тек поэзия құдірет - күшінің ауқымы мен аясына сыйып тұрған жұмбақтарына жетелеу;
- Мұқағали шығармаларында мол көрініс табатын шеберлік тұғыры - тіл тазалығына, ой саралылығына, тебіреніс тереңдігіне көңіл бөліп, ұлттық тіл байлығын құбылтуы, қолданудағы көркемдік бейнелеу ерекшеліктеріне назар аудару;
- Ақынның эпикалық туындыларындағы өмір шындығының көркем шындыққа ұласуы, адам бейнесін жасаудағы көркемдік жүйе шеберлігін сараптау;
1. 1. Асқақ рухты ақын.
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) - қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын. Ол 1931 жылдың 9-ақпанында Алматы облысы , қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі соғыста қаза тауып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. 1948 - 49 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факултетінде оқыған. К. Маркс атындағы кеңшарда (қазіргі “Текес”) ауылдық кеңес хатшысы, мектепке мұғалім болды. 1948 жылы орта мектепті бітірісімен, мәдени-ағарту саласында түрлі қызметтер атқарды.
Тырнақ алды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірісі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») жорналында, одан кейін бір шоғыр жыры Әбділдә Тәжібаевтың сәт сапар тілеген сөзімен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған [3; 53] .
Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағын», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған.
Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, сынға ұшырағанда да "Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана" деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.
Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берді. Аудандық газетте әдеби қызметкер болып істейді.
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж. ), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж. ), «Жұлдыз» (1965-1972 жж. ) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж. ) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған [4; 93] .
Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала - Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949) . “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951) . Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә. Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді (“Қазақ әдебиеті”, 18. 3. 1960) .
Мұқағалидің “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 ж. ), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 ж. ), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” және т. б. жыр жинақтары, сондай-ақ, “Қош, махаббат!” (1988 ж. ) атты прозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін (1971 ж. ), Шекспирдің“Сонеттерін” (1970 ж. ), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж. ) қазақ тіліне аударды. Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы [У. Уитмен, “Шөп жапырақтары” (1969) ; У. Шекспир, “Сонеттер” (1970) ; Д. Алигерьи, “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімі (1971) ], 8 жыр жинағы [“Ильич” (1964), “Армысыңдар, достар” (1966), “Қарлығашым, келдің бе?” (1968), “Мавр” (1970), “Дариға-жүрек” (1972), “Аққулар ұйықтағанда” (1974), “Шуағым менің” (1975), “Өмірдастан” (1976) ] жарық көрді. У. Уитмен, У. Шекспир, Н. Тихонов, Р. Бернс, Ф. Ансари, А. Акопян, А. Исаакян, Е. Евтушенко, Ф. Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю. А. Александров, М. М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты
Мұқағали - өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы үлттық мектептеріміз бен ұлы дәстүрлерімізді жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:
. . . Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, [5; 56] - деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, ұлы ақын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан . . .
Сені іздедім. Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба? [6; 142] Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз . . . Ақын өзінің қысқа ғүмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр. «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» деген өлеңінде:
«Мен өзім жайында мынаны айтам: мен XXI - ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да . . . » [7; 75]
деп жазған екен.
Иә, шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағали өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали "Жан азасы" (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. "Аққулар ұйықтағанда" поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, "Райымбек, Райымбек!" дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді.
М. Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т. б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.
Ақын қай тақырыпты жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы: «мен жырламаймын, сырласамын. Сыры бір замандаспен мұндасамын. Көгендеп жыр қосағын, келмейді жыр жасағым» немесе «тіпті де мен еместі «Мен» дегенім . . . өзгенің жан-сырын ұғу үшін, өзімді зерттегенді жөн көремін» дейді. Мұқағали шығармашылығының негізі «өзін - өзі» зерттеуден тұрады. «Өмірдастан» атты топтамалы талғауында жесір жеңге (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар намыс, рух пен нәпсі арасындағы толласыз күрес психологиялық шиеленіс арқылы шебер жеткізілген.
Ол, әсіресе, тауды, қазақ ауылын көп жырлайды ( Тауда өстім, Тау бір аңыз т. б. ) . Мысалы «Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған» [8; 47] .
Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. «Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» дейді ақын. Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағали поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді, мұны айқындайтын мынандай өлең жолдары бар:
«Су сұрасам, сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсын-ау, қайран жеңгем» [9; 65] . Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған:
«О, Муза, маған алыс сөреңді бер,
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер» [10; 32] .
Ол нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін «адам жанының инженері болып қалу» дегенді ұстанды. Мұқағалидың адамзат ғұмыры мен әлем сырың жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қолмақты мұра боп енді.
Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің «Қош, махаббат» жинағына (1988) әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже», әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош, махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты әдеби сын еңбектерінде О. Сүлейменов, М. Әлімбаев, Қ. Мырзағалиев, Ж. Нәжімеденов, С. Мәуленов, т. б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия, туралы ой толғайды. Ақынның көз тірісінде 3 аударма кітабы (У. Уитмен, «Шөп жапырақтары» (1969) ; У. Шекспир, «Сонеттер» (1970) ; Д. Алегерьи, «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімі (1971) ), 8 жыр жинағы («Ильич» (1964), «Армысыңдар, достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмірдастан» (1976) ) жарық көрді. У. Уитмен, У. Шекспир,
Н. Тихонов, Р. Бернс, Ф. Ансари, А. Акопян, А. Исаакян, Е. Евтушенко, Ф. Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды.
Ақын өз шығармашылығында әртүрлі тақырыптарда жаза білген. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанда, оларды былайша жіктеуге болады :
Махаббат туралы: «Махаббатым өзімде», «Махаббат диалогы», «Ғашықпын», «Махаббат» т. б.
Құмартасың жете алмай,
Қайғырасың сағынып.
Қыл көпірден өте алмай
Қиыласың табынып.
Жүрегіңді бос етіп,
Жүдеп жүріп сүйерсің.
Өзіңе өзің қас етіп,
Өз отыңа күйерсің.
Өзіңе бал, басқаға у,
Сезімдіге ең қымбат:
Қайғы, сүю, құмарту-
Ең бірінші махаббат.
Бұл өлең жолдары алғашқы махаббатқа арналған және бұл махаббаттың сәтсіздікке ұшырағандығын көрсетеді.
Табиғат туралы: «Қыстың күні», «Көктем», «Күзгі таң», «Түнгі табиғат» және т. б.
Достық туралы: «Достарға», «Менің бір досым», «Досым менің», «Досыма хат» және т. б.
Ана туралы: «Анама», «Анашым», «Сәби ана», «Жас ана» және т. б.
Отан туралы: «Сүйемін, өскен отаным», «Отаным», «Туған жерім» және т. б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz