Жыраулардың өлең құрылымы негізінен толғау


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 46 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . .

І тарау. Базар жыраудың өмірі және ақындық ортасы . . .

ІІ тарау. Базар Оңдасұлы толғауларының көркемдік ерекшеліктері

2. 1. Базар - сыршыл лирик . . .

2. 2. Базар жырларының көркемдік кестелері . . .

ІІІ. Қорытынды . . . Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . .

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Қазақ әдебиеті тарихында «кітаби ақындар» деп аталып келген бір топ ақын-шайырлардың еңбегі де ұзақ уақыт бойына идеология, саясат, таптық, атеистік көзқарастардың кесірінен жаңсақ түсіндіріліп келді. Мұндай асыра сілтеудің зиянды зардабын ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қанатын кең жая дамып, халық шығармашылығы мен ауыз әдебиетіне асқақ рухты, тың эпикалық сарын әкелген жыраулық поэзияның соңғы өкілдерінің бірі - Базар жыраудың шығыс үлгісінде жырлаған «Әмина қыз», «Айна - Тарақ», «Жүсіп - Ахмет» секілді көркем хикая - дастандары да тартты. Ақынның бұл тақырыптағы туындылары ара-тұра аттары аталғаны болмаса, зерттеушілер назарынан мүлдем тыс қалды. Демек, ақын мұрасын түгендей қарастырып, шығыс тақырыбын арқау еткен асыл сөздері мен азатшыл рухтағы толғауларын зерттеп, зерделеудің ғылыми қажеттілігі анық байқалып отыр. Жұмыстың өзектілігі Базар жырау мұрасын тәуелсіздік рухына сай қазіргі ұлттық жаңғыру үрдісіне үндес саралап, талдау қажеттілігінен көрінеді.

Курстық жұмыстың мақсаты мен міндеті: Курстық жұмыстың басты мақсаты - ең алдымен Базар Оңдасұлының шығармашылық өмірбаяны мен жыраудың ақындық дәстүрімен байланысты тұстарын айқындау, шығармаларын көркемдік тұрғыдан талдай отырып, Базар Оңдасұлы мұрасының қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын көрсету.

Мақсатқа жету жолында төмендегі міндеттерді шешуді алға қойдық:

  • Базар жырау өміріне қатысты кейбір деректерді негізге ала отырып, бүгінгі ұрпаққа тәлімі мол халықтық ұғымдардың мәнін ашу;
  • жырау жырларының мазмұны мен идеясының алғы шарттарын айқындау;
  • ғалымдар пікірлерін негізге ала отырып, жыраудың идеялық тәлімі мен асыл қағидаларының мәнін зерделеу;
  • жырау тілінің көркемдік ерекшелігін сипаттау; көркемдік айшықтардың мәнін ашу;

Жұмыстың құрылымы - курстық жұмысы кіріспеден, қорытынды мен үш тараудан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Базар жыраудың ойлы да орамды толғаулары мен тәрбиесі мол тартымды термелері, жақұт жырлары мен қызықты хикаялары қазақ сахарасымен ғана шектелмей, көрші өзбек, қарақалпақ елдеріне де кең тараған.

Десек те, ақын өмірінің соңғы жылдары шалғайдағы Тамды, Үшқұдық өңірінде өткендіктен беймәлім күй кешті. Базарға бірі ұстаз, бірі әріптес саналатын Шернияз, Өске, Бұдабай, Орынбай, Әзілкештер, шәкірттері: Қарасақал Ерімбет, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Мәнсүр тәрізді тарлан ақындардың өз тұсының маңдай алды өнерпаздары болғанына еш күмән жоқ. Алайда, осы аталған ақындар әр түрлі оқулық, басылым беттерінде тиісінше деңгейде сөз болғанымен, олар туралы арнайы зерттеу еңбектер соңғы уақыттарда ғана жазыла бастады.

Қазақ әдебиеті тарихында да Базар Оңдасұлының шығармашылық өмірбаяны ғылыми тұрғыда арнайы нысаны ретінде қарастырылған емес. Дегенмен, өткен ғасырдың 20-жылдарында белгілі қазақ ақыны М. Жұмабаев «Базар жырау» атты әдеби мақаласын баспасөз бетінде жариялап, ақын жөнінде бағалы лебіз білдіргені белгілі.

Осыдан соң ұзақ үзілістен кейін Х. Сүйіншәлиев, М. Жармұхамедов, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Құлақметов, сондай-ақ Ш. Алдашевтің зерттеулері мен энциклопедиялық еңбектерде (1973) және «Айтыс» жинақтарының түсініктемелерінде (1965) ақынның өмірі мен шығармалары туралы толымды таңдаулар, мәнді мәліметтер ұсынылды. Осы орайда жыраулық поэзия жөнінде зерттеулер жазған Ә. Марғұлан, М. Базарбаев, Ә. Дербісалин, З. Ахметов, М. Байділдәев, Қ. Сыдиықов, Б. Абылқасымов, Т. Тебегенов, С. Негимов, Б. Жүсіпов еңбектерінде Базар толғаулары ғылыми талаптарға сай талданып, тиісті бағасын алғанын атап айтқан жөн.

Зерттеу жұмыстары нәтижесінде Базардың халықты азаттыққа шақыратын бірқатар толғаулары, әсіресе, Сыздық Сұлтан Кенесарыұлы мен Елкей сұлтан Қасымұлына шығарған арнауларының тағдыры бүгінгі таңда белгілі болып отыр.

І тарау. Базар жыраудың өмірі және ақындық ортасы

Әдебиет - ұлы жыраулар, ұлы ақындар, әдебиет жандары жүзер ұлы мұхит. Мұхит толқыны - қаламның терең қозғалуы. Жағаға соғылған толқын екпіні қандай болса, ақын шығармасы халыққа солай жеткені.

. . . Сол әдебиет толқынында әлі жүзіп жүрген кеме - Балқы Базар кемесі. Ол батпайды да, желкенін түсірмейді де. Өйткені, оның тірегі - мұрасын қастерлей білген халқы.

Мағжан Жұмабаевтың мына пікіріне терең үңілсек: «Осы күнгі оқушылар қазақ әдебиеті десе, Абайдан бергі әдебиетті ғана ойлайды, қазақ ақындары десе, Абайдан бергі ақындарды көреді. Әдебиетті білсе, ақындарды білмейді. Сондай «ұмытылып» бара жатқан ақындардың бірі - Базар жырау» дей келе, «Базар көр-жерді өлең қылып, көрінгенді мақтайтын құр мал тапқыш емес. Асса, халқының қамын ойлаған, салса, өзінің ойына терең бойлаған, кеңесі кеңінен келетін ақын екен», - деп бағалайды [13, 350] .

ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде Базар жырау Оңдасұлы өзінің жүрек тебіренткен толғауларымен Сыр бойынан бастап Еділ, Жайық, Үстірт, Қарақалпақ өңіріне белгілі болған. Ол сонау Астраханның даласын да көрді, он екі ата бай ұлы елін тегіс аралады. Торғай мен Тобылды, Есілді жағалап, Ырғыздың елін де көрді.

Өткен ғасырдың екінші жартысы мен үстіміздегі ғасырдың басында Сыр бойындағы жасаған Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Ешнияз, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет сияқты ақын-жыраулар Базарды ұстаз тұтқан. «Жүзден озған өрен жүйрік, жыраулардың жүйрігі» деп бағалаған. Мұның өзі жазира Жетісу ақындарының ұлы Жамбылды, көгілдір Көкше өнерпаздарының сал Біржанды мектеп тұтуы сияқты құбылыс. Шынында да Балқы Базардың өз төңірегіндегі басқа барша сүлейлерге сырсандық, шеберхана болғаны анық.

Белгілі Құлназар ақын:

. . . Таласып онан ешкім аса алмайды,

Тең келмес бүгінгі адам Базекеңе,

Болмаса Жиренше мен Асан қайғы, -

десе, Тұрмағамбет:

Балқы Базар білгенге,

Атақты, әйдік астана.

Жұмыла жанды жиып ап,

Жырласа бітпес күн-түні, - деп жыраулардың жырауын өлең сөздің сарқылмас қорына балайды. Ақ жаңбырдай ақтарылған ақпа жыраудың телегей - теңіздей бұрқанған талантына өз тұстастары да, кейінгі ақын-жыраулар да бас иген. Базардың асқақ дарынды айтулы ақын екенін байқаған Сәкен Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы - Базар жырау», - деп жоғары бағалаған.

Базар Оңдасұлының шығармалары ұлы Қазан революциясынан кейін жиналып, жарияланды. Ақынның бір топ өлеңі ең алғаш 1925 жылы Ташкентте басылған «Терме» жинағына, Сәкен Сейфуллин құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинақта жеті өлеңі жарияланды. Қазақ ССР Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындаған, «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» атты жинаққа таңдаулы отыз бес өлеңінің енуі оны жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында елеулі қадам болды. 1965 жылы кеңірек «Үш ғасыр жырлайды» жинағында Базардың жиырма сегіз толғауы жарияланса, соңғы «Бес ғасыр жырлайды» атты үш томдық кітапта отыз өлеңі басылып шықты. Сондай-ақ, «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» атты жинақта таңдаулы сегіз өлеңі жарық көрді.

Ал, кейінгі жылдары орыс тілінде басылған «Поэты Казахстана» (Ленинград, 1978) антологиясында Базар көрнекті ақындар қатарында аталды.

Бұлардан тыс жекелеген авторлар да ақын мұрасын жариялауға әркез үлесін қосып отырды. Айталық, Ә. Қоңыратбаев Базар өлеңдерінің толығырақ нұсқасы ретінде оның жеті толғауын «Жұлдыз» журналында жариялады (1984 жыл. №1) . Ақын шығармаларын жинап, жариялауда Ә. Марғұлан, М. Байділдаев, М. Жұмабаев, Ә. Диваев, Ә. Қайнарбаев, Н. Молыбаев т. б. ғалымдардың сіңірген еңбегі зор.

Жалпы, Базар ақын шығармалары қазақ әдебиеті тарихының мәселелеріне арналған 1959 жылғы ғылыми - теориялық конференцияда да, кейбір жекелеген зерттеулерде де өзінің әділ бағасын алды. Ақынның өлең -жырлары мен дастандары бұдан кейін мұқият жиналып, зерттелді. Қазақ совет энциклопедиясы оның творчествосы туралы: «Базар өлеңдері нақыл, толғау, терме, өсиет сөздерге толы. Тақырыбы адам, замана, өмір жайын сипаттауға арналған. Ескілік сарыны, дін қағидалары оның толғауларында айқын көрінеді» - деп жазды.

Базар Оңдасұлы бұрынғы Сырдария губерниясы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылында Жаңадарияның Шірік - Рабат деген жерінде (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ленин ауыл советі) 1841 жылы күз айында дүниеге келген.

Базардың жастық шағы жетімдікте, жоқшылықта өтеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, байлардың қозысын бағады. Он алты жасында жыраулық даңқы шығып, жалпы жұртқа таныла бастайды.

Ақынның туған жері - Сыр бойы десек те, кейінгі ат жалын тартып мініп, атағы жайылған мекені - қазіргі Науаи облысы, Тамды ауданы болған.

Базардың ескіше ата-тегі: Кіші жүздің Шөмекей тайпасы, Балқы руы. Шөмекей төртке бөлінеді: Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл. Бозғылдың бес баласының біреуі - Қайқы. Қайқының Балқия деген әйелінен үш бала: Қыдыр, Темір, Полат туады. Осы үшеуінен тараған ұрпақтарының бәрі Балқия шешелерінің атымен Балқы аталып, Шөмекейдің Балқы руы қалыптасады. Жоғарыдағы Қайқының үш баласының біреуі Полаттан - Жауқашты, Жауқаштыдан - Отарбай, Отарбайдан - Байсейіт , Байсейіттен - Қарақұл, Қарақұлдан - Ермек, Ермектен Базардың әкесі Оңдас туады.

1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды» жинағында, басқа да кейбір басылымдарда Базар жыраудың әкесі Өтеміс, нағашысы Оңдас деп жаңсақ кеткен. Базар он жасқа жетпестен жетім қалып, ұлы нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленген. Әкесінің Өтеміс болып кетуі содан. Ақын болып халыққа танылған соң, өз руының атымен Балқы Базар аталып кеткен. Оны ақынның өзі былай түсіндіреді:

. . . Сөйле, тілім, жалпыдан,

Дариядай тасып шалқыған.

Тіл жексұрын көрінер,

Тимеске тиіп шарпыған . . .

Елі-жұртың бұзылар,

Қиянат етсең зарпынан.

Таусылмас қайнар кен едім,

Кешегі жүйрік мен едім.

Жүлде алған байрақ алдынан,

Кіші жүздің кенжесі

«Дөйт» ұранды Шөмекей -

Шыққан бір Базар Балқыдан.

Бүкіл өмірі - өлеңге, өлеңі - өмірге айналған жырау жарық дүниеге жыр болып келгендей. Ол туралы ақиқатқа қоса аңыз да көп. Соның бірі төмендегідей: Базар жастай жетім қалып, Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен бидің ауылына сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Шөмекейдің Аспан руында Айпара атты ақын қыз болады. Бір күні сол ақын қыз қасына жеңгесін ертіп, он шақты түйемен су әкелуге «қаққа» барады. Оған ғашық жігітттер аз болмайды. Өзі сұлу, өзі өнерлі қызға кім қызықпасын? Алайда олар Айпараның ақындығынан, от ауыз, орақ тілді шешендігінен сескеніп, қыздың әжуасына ұрынып, мазақ болармыз дегендей маңайлай алмай мысы құриды. Он шақты түйеге жүк болар суды ыдыстарға құйып толтыру, арту балауса қыз - сұлу қыз бен жеңгесіне оңай тимеді. Екеуі әбден шаршайды. Бар шаруаны бітіріп, әшейінде соңынан қалмай жүретін жасық жігіттерге жыны келіп, шаршап тұрған Айпараның қасына сол маңда қозы бағып жүрген жас өспірім Базар келеді. Әдемі де жас апасына жаны ашып, қарап тұра алмай: «Апа, көмектесейін бе?» - дейді. Әрі жасын да сұраған сыңай болса керек. Сонда Айпара қыз:

- Бастаған жұғысың ба сөздің басын,

Бұл жерде саған мені кез қылғасын.

Айтыпты бұрынғылар деген қайда,

«Сұрама аттың тісін, ердің жасын».

Одан да емін неге сұрамайсың,

Күте алмай бір басыңды таз қылғансың . . . - деген көрінеді.

Мезгілінде ас ішіп, ұйықтамайтын, жылы алақан көрмейтін жетім балада қайбір күн болсын? Расында да Базардың басы таз болса керек. Мірдің оғындай сөз сүйегінен өткен Базар жауап сөз қайыра алмағанына намыстанып, ызадан жылап жіберіпті . . .

Осы бір оқиға Базардың есінде мәңгі қалады. Өйткені ол осы жолы бұрынғыдан да қатты ширығады. Сөзден есесі кеткенге күйінеді. Ақындықты, шешендікті арман етеді. Шамасы, бұл болашақ ақиық ақынның тұңғыш рет жер тарпуы, қанат сілкуі болса керек.

Екінші аңыз мынадай. Көкірегінде сөз оты тұтанған бала Базар бір күні далада қозы бағып жүріп қалғып кетсе, түсінде бір ақ киімді, ақ сақалды аса таяғы бар бір кісі аян береді. «Балам, - дейді ол, - мандайыңа берейін бе, әлде таңдайына берейін бе?» - дейді. Қарны ашып, шөлдеп жатқан бала: «Ата, таңдайыма берші!» депті. Содан бала өлең айтып ояныпты. Айналада сыбырлаған жел де, шалқып жатқан көл де, әуелеп ұшқан құс та, сыңғыр қаққан шеңгел де өлеңдетіп тұр екен. Балқы Базар:

- . . . Сөз асылын теріп айт,

Ақын болсаң бал таңдай,

Ызғытып айда даусынды,

Іңірде көшкен шайтандай.

Семізін сөйле сөзіңнің,

Мың жылқының ішінде

Он жылқы қысыр байталдай.

Сөз нөсерін тасқындат

Тастан-тасқа секірген

Тау жайлаған арқардай - десе, енді бірде:

- . . . Тереңдігім теңіздей,

Қайратым қоңыр өгіздей,

Халқымның аузын тұшыттым,

Сере шыққан семіздей.

Дауысым кетті алысқа

Жиреншенің өзіндей.

Ешкім ара тұрған жоқ

Несібемді жегізбей . . . - деп, кейін сол қызды әдейі іздеп барып айтысқан көрінеді. Сөйтіп Базарға өлең бір күнде қоныпты. Міне, ақиқаттан туған аңыз, аңыздан туған ақиқат осы. Бұл - құр қиял, орайсыз оқиға емес, жыраулық таланттың тума құбылыс екенін, болашақ жыраудың музамен етене туысатынын айғақтайтын жәйт [7, 8] .

Өлең өнерімен осылай табысқан ақын бір айтқанын екінші рет қайталамаған. Себебі, Базар өмірі сән-салтанатты өмір емес. Тар жол, тайғақ кешулі өмір. Қуғын көріп, қасірет шегеді, түрмеге де қамалады. Қаншама қарсылық дүлей күшке кездессе де, қайсар ақын тілін тартпайды. Осындай бір қыспақта, түрмеде жатып қиналған кезде «Бақаға» деген өлеңін шығарған.

Қашан да тыңнан тербеп, соныдан сөз жібегін өріп отырған. Ол домбыраны қолға алып төгіп кеткен кезде жұрт жыр-жаңбырдың астында қалғандай сезінген:

Әуелі Базар атандым,

Он алтымда, жасымда.

Байкөкшенің асында,

Содан бері келемін

Сыпайының қасында,

Жастай жетім қалған Базар оқып, білім алған емес. Табиғатынан дарынды зерек бала бұрынғы ақын-жыраулардың жырларын, халық мақал-мәтелдерін есіне сақтап, көңіліне түйіп, халықтың бай ауыз әдебиетінен сусындап өскен. Өзінен бұрынғы және тұстас ақындардан да тәлім алған.

Сайраған қызыл тіл берген,

Көңіліне сонша жыр берген.

Алжаспай сөзді ағытып,

Есебін тауып үлгерген.

Ерегіскен олармен

Ажалы жетпей күнде өлген.

Қарадос, Өске, Бұдабай,

Серәлі, Садыр, Орынбай,

Татауы жоқ сөзінің

Шұбырған көштің жолындай.

Ақ кетенің ішінде,

Шернияз, Шыман, Өтеген . . .

Кейінірек Базар бойындағы ақындық дарынның қайнар көзі жарқ етіп ашылып сыртқа тепкенде, сиқырлы өлең - сөз жойқын қара дауылдай сарқылмас елеулі күшке айналыпты деседі. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден бір себеп, үлкен мектеп болады.

Он алты жасында ақындық өнерге біржола ден қойған жас дарынның жырдағы қадамы қайымдасу, қағыту өлеңдерінен бастау алады. Әсіресе, ақынның Айпара қызбен айтысында өткір әзіл, тіпті, анайы түрі тек қыз бен жігіт қана емес, бірыңғай еркектер арасында да жиі орын алған. Атақты Жамбыл ақын өзінің бір естелігінде Базар жыраумен айтысқанын былай деп әңгімелейді: «Түркістандағы бір тойда Майлықожа, Балқы Базарға кездесіп, думанда бірге болдық. Сол жылы Құлыншақтан «Шора батырды» тыңдап үйрендім. Ертеңіне Базармен айтысып қалдым. Айтыс аяғы бәдікке айналып бара жатыр еді, жұрт екеумізді қой-қойлап, аяғында әзер тоқтатты» [17, 260] . Осы орайда қазақтың айтыс өнерін арнайы зерттеген профессор М. Жармұхамедовтің: «Айтыс ең алғаш тұрмыс-салт жырлары - «Жар-жар» мен «Бәдік» өлеңдерінен бастау алып, өз дамуында сан алуан асу-кезеңдерден өтіп кемелдене жетілді. Көшпелі өмір жағдайында осы ерекшелік белгілі бір салт-дәстүрді орындау талабынан біртіндеп арылып, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өмірдің көріністерін бейнелеу дәрежесіне көтеріледі» [17, 3] - деп пайымдауы жоғарыдағы ойды қуаттай түседі.

Шешендік, ділмарлық, тапқырлық секілді қасиеттер Базарға Шернияздан жұқса керек. Шернияз бен Базардың шығармашылық стилінде өзара ұқсас тұстар жеткілікті. Екі ақынға ортақ басты қасиеттерінің бірі - олар нені жырласа да жеріне жеткізіп, тауыса айтады, кімді сынаса да өлтіре мінеп, масқаралап шеней айтады. Әсіресе, екеуінің адамның жақсы-жаман образын ашудағы теңеу, салыстырулары мен қағытпа сөздері қайталанбас айшықтылығымен қалың қазақтың есінде қалған. Базар жыраудың кейінгі шығармашылық өмірі де оның қазақтың батыс өңірінде ерекше дамыған жыраулық дәстүрден мол сусындағанын және Шернияз, Абыл тәрізді тарлан ақындардың жыр мектебінен өнеге алып, Мұрат, Сүгір, Қашаған, Аралбай т. б жыраулармен дәмдес, тағдырлас болғанын айқын аңғартады. Әдебиет зерттеушісі Қ. Сыдиықовтың: «Бұл орта өзге іргелес ақындық орталармен үнемі қатынас, байланыста болған. Атырау жырау, жыршылары Сарыарқа, Арал, Сыр, Орта Азия ақын-шайырларымен әркез кездесіп отырған. Балқы Базар - Атырау, Сыр ақындары арасындағы алтын көпір іспетті» [32, 151] деген пайымдауы осындай ойға жетелейді.

Ақындық - жыраулық дәстүрге бай Сыр, Арқа, Қызылқұм өңірлерінде өсіп, ержетіп, ордалы өнер мектептерінен өнеге алған Базар айтулы ақын, арқалы жырау атанып, өзі де жас дарындарға үлгі көрсетті. Шынында да

ХХ ғасырдың бас кезінде жыраулық даңқы жағынан Сыр ақындарының ешбіреуі одан аса алған жоқ. Бұл мезгілдерде Арқа беттегі Ырғыз бойынан сонау Нұрата, Тамды, Үшқұдық төңірегіне дейінгі байтақ өлкеде Базарды ұстаз тұтпаған ақын кемде-кем. Осы орайда Ә. Қоңыратбаевтың: «Базар жазған ақын емес, домбырамен айтатын асқан композитор. Базардың сөзі қандай ойлы, көркем болса, жыраулық мотиві де соны. Базар, Жаңаберген, Нысанбай, Молдахмет мотивтері бүкіл Сырға жайылған. Сыр бойында Базардан үйренбеген ақындар сирек» [19, 190] деген пікірінің жаны бар.

1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұланғайыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көрұғылы», «Жүсіп-Ахмет») т. б. қазақ тілінде, өзінше жаңадан жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна - тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарады.

Жырау ат жалын тартып мінген ХІХ ғасырдың 60-жылдары патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлаудың шешуші кезеңіне көшіп, еліміздің оңтүстігін көктей өтіп, Орта Азияға қадам басқан сәті болатын. Базар шығармаларының бірқатары Сыздық Сұлтан Кенесарыұлының Сыр өңіріне - Қызылқұмға келіп, орыс патшасының басқыншы әскеріне қарсы жүргізген күрестеріне тілеулес боп жүрген шағында туған. Базар жыраудың Сыздық Сұлтанның ізіне еретіндей ерлігі болғанын ел сөзі де растайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүрдің көрінісі
Ақын, жыраулар мұрасындағы арнау өлеңдер табиғаты
Қазақ поэзиясында жырау - ақынның ерекше ежелгі түрі
Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері
Сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына сіңірген - жыраулық поэзия
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Жырау - қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі
Асан қайғының шығармаларының зерттелуі
Асанқайғы поэиясындағы Жәнібек бейнесін ашу
Толғау жанры және оның XV-XVII ғасырлардағы даму сипаты
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz