Батыр Баян поэмасы


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . .
1 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭМАЛАРЫ СЮЖЕТТЕРІНІҢ
ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ . . .
1. 1 «Батыр Баян» поэмасы . . .
1. 2 «Ертегі» поэмасы . . .
1. 3 «Оқжетпес қиясында» поэмасы . . .
2 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК
ЖҮЙЕСІ . . .
2. 1 Тұлғалар әлемі . . .
2. 2 Лирикалық «мен» және идеялық мотив . . .
ҚОРЫТЫНДЫ . . .
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ . . .
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Бүгінде өз алдына тәуелсіздік алған егеменді еліміздің мәдениеті мен әдебиеті ұлттық сипатын айқындай түсуде. Алайда, ұлт ─ азаттық идеяны ұстанған алаш азаматтарының өмірлік мұраттары шығармашылық идеяларына айналды да, олар саяси айыппен қоғамнан аластатылды. Сондықтан да оларды тану‚ зерттеу соңғы жылдары қолға алынды. Осы лекпен ортаға оралғанның бірі ─ Мағжан Жұмабаев шығармашылығы еді. Осы уақыт ішінде М. Жұмабаев шығармашылығы жан ─ жақты зерттелді. Ақын көркем туындыларындағы эстетикалық таным өз бастауын ұлт тарихынан‚ халықтық мәдениеттен‚ жыраулық поэзиядан алып жатады. Ақынның осы негізде қалыптасқан азаматтық позициясын (ұстанымын) таныту да‚ патриоттық рухта жазылған поэмаларының да рөлі зор. Өйткені поэма идеялары ұлт тағдыры проблемаларынан туындаған. Бұл ақынның азаттық пен тәуелсіздікті аңсаған, Алаш қозғалысы идеясымен суарылған туындылары. М. Жұмабаев шығармашылығындағы идеялық ─ көркемдік ізденістердің бәрінде алашшыл көзқарас сабақтастығы‚ пікір жалғастығы ұласып жатады.
Зерттеу мақсаты: Жұмыстың мақсаты - М. Жұмабаев поэмаларының тарихи сюжеттік негіздерін анықтау, көркемдік жүйесін қарастыру.
Зерттеу нысаны: М. Жұмабаев поэмалары және оның сюжеттік негіздеріндегі тарихи деректер.
Зерттеу пәні: ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы.
Зерттеу міндеттері: Негізгі мақсатта мынадай басты мәселелерді назарда ұстау міндеттелді:
а) авторлық идеяны беруде тарихи оқиғаларды қолдану ерекшелігі;
ә) поэмадағы көркемдік жүйе компоненттерінің қызметі;
б) әр поэма астарындағы авторлық идея;
в) ақын поэмаларындағы «өлім» мотивінің берілуі;
г) ұлт-азаттық идеясының көркем мазмұнға айналуы.
Тақырыптың зерттелу деңгейі : М. Жұмабаев шығармашылығы туралы көлемді еңбек Ш. Елеукеновтің ”Мағжан” монографиясы /А. ‚: Санат, 1995/ жарық көрді. Зерттеуші Мағжан поэмаларындағы психологизмді кеңінен қарастырады. Бұдан басқа мерзімді басылым беттерінде әр жылда мақалалар жарияланды. М. Жұмабаев шығармашылығы әдебиетіміздің тарихында үлкен орын алады. Соның ішінде зерттеушілердің аса назарын аударған ақынның поэмалары. М. Жұмабаев поэмалары жеке өз алдына зерттелмесе де‚ ақынның жалпы шығармашылығы туралы еңбектерде қаралып жүр.
Мәселенің деректік көзі: М. Жұмабаев поэмаларының сюжет негіздерін анықтауда дерек көздері болып Ш. Уәлиханов еңбектері, “Абылай хан”, “Хан Кене”, “Қазақтың бақсы-балгерлері” жинақтары қаралды. М. Жұмабаевтың поэмалары туралы алғашқы пікір Ж. Аймауытовтың “Мағжанның ақындығы туралы” (Ташкенттегі қазақ студенттеріне етілген баяндама‚ “Лениншіл жас” журналы. №5‚ 1923 жыл) мақаласында жарық көрді. М. Базарбаевтың /Замана тудырған әдебиет. А. ‚: Ғылым, 1997/‚ Р. Нұрғалиевтің /Әуезов және алаш. А. ‚: Санат, 1997/ зерттеулерінде көлемді түрде қаралды. Т. Кәкішевтің /Санадағы жаралар, Әдебиет сыны оқулығы еңбектерінде М. Жұмабаев шығармаларында көрінген саяси проблемалардың әлеуметтік себептері талқыланады.
Әдіснамалық және теориялық негіздері: Зерттеудің негізіне қазақ және орыс теориялық еңбектерімен қатар тарихи сюжеттер негізін анықтау мақсатында қазақ‚ орыс ғалымдарының ғылыми-зерттеу еңбектері алынды: А. Байтұрсынов‚ М. Әуезов, З. Қабдолов‚ З. Ахметов‚ Ш. Ыбыраев‚ М. Тимофеев‚ Поспелов‚ В. М. Жирмунский‚ Теория литературы (в 3-х т. ) ‚ В. А. Жуковский т. б.
Зерттеу әдістері: салыстыру, талдау, деректік негіздеу т. б.
Ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы: Біздің
бұл дипломдық жұмысымызда ақынның тарихи сюжетті поэмалары деректік тұрғыдан қаралады. Авторлық идеяны берудегі тарихи сюжеттерді қолдану әдістері өз деңгейінде қаралды. Тарихи сюжетке жазылған поэмалар деректік негіздермен салыстырыла қарастырылды.
Диплом жұмысының құрылымы кіріспе‚ 2 тарау‚ қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭМАЛАРЫ СЮЖЕТТЕРІНІҢ
ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ
Өткен ХХ ғасырдағы ұлттық поэзиямыздың санаулы биіктерінің бірі - Мағжан Жұмабаев. М. Жұмабаев есімі тарихымызда шығармашылық ерекшелігі, стильдік анықтығы кәсіби шеберлігімен ғана емес, ұлттық әдебиетіміздің проблемаларына арналған патриоттық рухтағы ой -бастамаларымен әсіресе құнды болып табылады. Сонымен бірге ақын өз жырларының ерекше тақырыбы, авторлық айтар ойы арқылы ұлттық поэзиямызды кеңес тұсындағы таптық идеядан қорғауға талпынды. Халық тарихындағы батыр ұлдар мен есімі аңызға айналған хандарды жырлап, олардың іс - әрекеттерін бүгінгі ұрпаққа патриоттық сезімнің символы етті. Мағжанның өз тұсындағы және рухани болашақтағы құлдырау туралы ақындық болжамы - поэмаларындағы бүкіл патриоттық рухқа қозғау салып, негіз болған. Ақын поэмаларының идеясы - ұлтты тапқа бөлмей біртұтас сүю, түркі бірлігі және келер ұрпаққа бағыт, тәрбие, рух беру.
ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде тарихи тақырыптарға оралу басым болды. Ал тарихты сөз өнерінде ежелгі халықтық поэзия үлгісінен өзге жаңа формада көрсете алу суреткердің шеберлігіне байланысты мәселе еді. Әйтсе де, тарихи тұлғаны әдеби қаһарманға қалай айналдыру туралы жалпы сұрақ туындады. Осы кезеңде өз шығармашылығының биік дамуында тұрған М. Жұмабаев бұл сұраққа өзіндік ерекшелікпен келді. Ақын тақырыпқа қай қырынан келмесін‚ бүкіл сюжетке әр түрлі әдіс тәсілмен қатарласа өрілген лирикалық толғау барлық поэманы бір сарынға қиюластырып, сәйкестендіріп отырады. Толғау ақынның жеке арманы, мұң-шерімен бірге халқы мен туған жері тағдырын пессимистік түрде «зар заман» ақындарша зарлана қайғырады. Өз тұсындағы келеңсіз өзгерістер ақынға рухани жоғалу сияқты әсер берген. Дәл осы өзіндік жан-дүние дағдарысында Мағжан - Абылай, Баян, Кене, Сыздық рухтарынан, патриоттық сезімдерінен күш алған. Халқының ұлттық табиғатын, тұтастығын жоқтағанда қалам мен қару әр уақытта үндестік тапқан. Біздер М. Жұмабаев поэмаларына арқау болған сюжеттерді: тарихи сюжеттер, аңыз сюжеттер, әдеби сюжеттер деп бөліп қарастырдық.
Мағжан - тарихи сюжеттерді өңдеп, көркем туынды жасауда өзіндік ерекше стилі бар ақын. Ақын туындыларында тарихи сюжет пен шығармашылық ой-идея бірлігі тұтас образ сомдаған. Тарихи түлғалар Мағжан шығармашылығында жаңа образға еніп, дәріптеліп, ұрпаққа жәдігер болып жатталды.
Ақынның тарихи сюжетті негіз еткен “Батыр Баян”, “Ертегі”, “Оқжетпес” поэмаларының діңгегі - туған ел тарихының шындығы. Бұл поэмалардағы жанрға тән асқақтықты - намысшылдық, алаш еліне деген сүйіспеншілік, сертке беріктік (қалмақ қызының мінезі), нәпсіні тыйып ұстаудағы адами ерік-жігер, ақыл азабы, ата-баба рухымен сырласу және жалғыздық құрайды.
“Батыр Баян” поэмасын жазудағы ізденісі тарихи деректі көркем туындыға айналдыруда ақынның шығармашылық еңбегінің үлгісі бола алады. Мысалы, ақын “Батыр Баян” поэмасын жазуда Ш. Уәлиханов деректеріне сүйене отырып, тарихи шындықты жазушылық қиялмен дамытып, өзге деректермен қиюластырған. Мағжан өзі тарихшы ретінде жеке ізденіп деректер жинақтап, поэмасын терең философиялық ой-тұжырымдарға құрады. Сонымен бірге ақын көркем әдебиет талаптарына сай тарихи тұлғалардың өмірімен терең танысып, белгілі бір құбылысты немесе оқиғаны көркем шығармаларына арқау етті. Ақын - алдымен сөз шебері. Ал тарих - ақын үшін деректік негіздердің, жалпы танымдардың қайнар көзі болды. Бұл Мағжанның суреткерлік әлемінде, әсіресе философиялық ой-тұжырымдарынан ерекше байқалады. Ақын философиясы жеке басының трагедиясымен байланысты болса‚ трагедиясы ел тарихынан туындайды. Ежелгі аңыз, тарихи сюжеттер Мағжан поэмаларында мүлдем басқа мағына, басқа мінезге ие .
Мағжанның суреткерлік жүйесіндегі тарихи-көркем тұжырымдарымен байланысты тағы бір ерекшелік - қоғамдағы саяси-әлеуметтік “бай” және “кедей” яғни “жоғары”, “төмен” тәрізді шек қоюды қабылдамауы. Бұл ақынның азаматтық позициясына қайшы келетін тұжырым. Адамның шын мағынасымен адам болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт. Өзінің һәм жақындарының ғана пайдасын іздемей, жалпы қалың халықтың пайдасын іздеуі шарт. Халық пайдасын өз пайдасынан да ілгері қоюы шарт. Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін. Қазақтың жазушысы М. Дулатов бір өлеңінде:
“Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан, шаруаңа жараса, алаш”‚ -
дейді. Міне, алашты халық десек, халықты шын сүйген адам “жарты жоңқасы” қалғанша халық үшін қызмет істеуге тиісті.
Мағжан шығармашылығынан сезім тереңдігі мен байлығын ғана емес, жоғары деңгейлі руханилық пен трагедиялық шешімдерді де көре аламыз.
Сонымен ақын шығармашылығындағы әлем мен адам жайдақ баяндау емес, өз қалінше көп қырлы, көп мәнді құбылыстар. Ойымызды толық қамти айтар болсақ, Мағжан поэмаларының астарына өз тұсындағы тарихи проблемалар негіз болған. Яғни ақын қай шығармасында болмасын өз тұсындағы тарихи, рухани мәселелерді көтеріп, қозғап, қатыстырып айтып отырады.
М. Жұмабаев поэмалары тақырыбы, сюжеттік құрылысы жағынан сан қилы бастаудан бағыт алған: әлеуметтік теңсіздік, мәңгілік тақырып, патриотизм мен махаббат, т. б.
ХХ ғасыр басындағы М. Жұмабаев поэмаларының ішкі мазмұнын ашуға өмірдегі болған шындық оқиғалар романтикалық сарында қызмет еткен. Ақын осы әдіспен белгілі бір қоғамның өзі таныған бейнесін көркем шындық биігіне көтере суреттеді. Автор бас кейіпкер іс-әрекеті арқылы өз ойларын алға тартады. Бұған дәлел - поэмалардағы негізгі сюжетпен қатар дамитын лирикалық толғаулар. Кейбір туындыларында ақын өз кейіпкерімен ажырамастай бірігіп біртұтас образға айналған.
Өз идеяларын беруде ақын өмірдің өнегелі сәттерін таңдап, өз халқына тәрбиелік, көркемдік мәні бар жаңа туындылар әкелген. Бұл туындылар М. Жұмабаевтың ақындық мүмкіндігін дәлелдеді.
1. 1 «Батыр Баян» поэмасы
М. Жұмабаев поэмаларының ішіндегі ең көлемдісі, алдымен ауызға ілігері - “Батыр Баян”. Алғаш “Шолпан” журналының 1923 жылғы 4-8 сандарында жарияланған “Батыр Баян” поэмасына негіз болған деректерді ақын Ш. Уәлиханов еңбегінен алғаны бәрімізге мәлім. Осы сюжеттік дерек - “Батыр Баян” поэмасы астарындағы тарихилық пен тарихи шындықтың да бір дәлелі. Егер поэмаға осы қырынан келер болсақ алдымен тарихилық және тарихи шындық не дегенге тоқталамыз.
“Батыр Баян” поэмасында қазақтың хандық дәуірі, оның ішіндегі Абылай тұсындағы жаугершілік заманның патриархалды қатынасы көрініс тапқан. “Тарихи шындық - өмір шындығының тарихи тақырыпқа арналған шығармадағы көркемдік көрінісі. Тарихи шындыққа қоғамдық өмірдегі нақтылы құбылыстар, болған оқиғалар, өмір сүрген тұлғалар арқау болады. Алайда, әдеби шығармадағы тарихи шындық - көркемдік бейнелеу тәсілмен берілетін өмір шындығы, көркемдік шындық” [1, 319 б. ] .
Ақын өзі таңдап алған тарихи шындыққа романтикалық сипат берген. Яғни негізгі мазмұнын тарихи оқиғалар құрап тұрған поэмаға ақын романтикалық махаббат, асқақ өлім ырғағын қосу арқылы поэма жазды.
Ал, шығарманың тарихилығы мазмұнына реалистік оқиғаларды мысалы, Абылай дәуірі; жаугершілік заман; ХҮШ ғасырдағы қазақ батырлары; соның ішінде Баянның ерен ерлігі, қайсарлығы мен батыр мінезі; қалмақпен жауласқан майдан даласы; Абылай мен Баян арасындағы сөз бәсеке; Сары батыр ұлы Қыстаубайдың қалмақ қызымен ғашықтық оқиғасы, Жанатай өлімі, т. б. жинақтауында.
Ш. Уәлиханов деректерінен өзге де оқиғаларды таңдау, оларды үйлесіммен қиыстыру шығарма құрылысын құрудағы үлкен талғамды дәлелдейді.
Ғалым-зерттеуші Ш. Елеукенов өзінің “Мағжан” атты монографиялық зерттеуінде “Батыр Баян” поэмасын “реалистік-психологиялық” деп таниды: "М. Жұмабаев “Батыр Баян“ арқылы қазақ реалистік психологиялық поэмасының негізін қалады. Қай жағынан алып қарасаңыз да, психологиялық талдауы ма, ішкі монологтары ма, өмір шындығын оның себеп - салдарын саралау арқылы айнадағыдай көрсете білу жағынан ба, - мұнда реалистік ағыс басым. Мұндағы психологизм адамды қоршаған ортасынан бөліп алып, жан тұңғиығына мүлдем батырып жіберетін романтикалық психологизмге ұқсамайды. Батыр Баянның ортасы белгілі. Баян - жиынтық бейне, елім деген типтік характер [2, 265 б. ] . Поэма оқиғалары шын мәнінде тарихи деректерге құрылғандығы бүгінде барша халыққа аян. Көбіне романтикалық сарында образды түрде берілетін өлім мотиві Баян оқиғасында реалистік сипат алған. “созылған қолды теуіп қалған қалмақ”, “кесілген бас”, “бір қырда елеусіз қалған батыр мүрде”. немесе:
Бір қырда қала берді топырақ жауып,
Жаудан да мейірімді болып жылады жел.
Күңіреніп ер денесін құммен жауып‚ -
деп беріледі. Бұл көріністің дәлелдейтіні - көркемдік астарындағы оқиға шындығы. Біздіңше‚ оқиға романтикаға құрылмаған, бұл қайғысы ауыр реалистік көрініс. Поэманың көркемдік шешімінде романтикалық қуат, патриоттық пафостан да реалистік сарын басым жатыр. “Мағжан поэзиясындағы көкжал толқын, көгала ағыстың бірі - өмір мен өлім, тіршілік пен ажал шайқасы, екеуінің бетпе-бет келуі. Данте, Гете сарындары, Байрон, Пушкин, Лермонтов әуездері, Блок, Фет, Мережковский ырғақтары түйісіп, тоғысып келіп, қазақ ақының қайғысына қайғы қосып, жүрегін тербеп, жаңа, соны бой түршігердей күйлер тудырған” [3, 104 б. ] .
Ал романтикалық сарынды “Батыр Баян” поэмасының оқиғасынан емес, ақынның шерленген лирикалық толғауынан байқаймыз. Мысалы‚ тақырыпты өңдеу, шығарманы дайындау, тақырыпқа келу, ену әрекеттерінде т. б. көптеген әдістемелік ізденіс үстінде романтикаға бой алдырғандық шығармада көрініп тұр. Ақын өз шығармашылығын дамытып қана қоймай қазақтың халықтық ежелгі жанрларын поэма жанрымен шендестіре, қабыстыра көркейткен. Оларға өмір берген, жаңа үлгіде дамытуды мақсат еткен. Ақын бұл мақсатының жолында үлкен еңбек еткен, халықтық шығармашылықты бойына сіңіре білген. Олардың әрбірінің табиғатын танып, өз бетімен сол үлгіде халықтық әдебиеттің жанрлары жойылып кетпеуін, кейінгі ұрпаққа жетуін қамтамасыз еткен. Және жәй еліктеу емес, өзге әлемдік әдебиеттер секілді, жаңа бағытта мазмұнды қолданыстар жасаған. Сонымен бірге, әр жанрды қолдану да халықтың саяси-әлеуметтік сұрақтарын, мораль, құқұқ проблемаларын сан қырынан қозғаған.
Мағжанның тарихи тақырыпқа жазылған “Батыр Баян” поэмасы Абылай дәуіріндегі қазақ батырларының ерлігін өзек етеді. Ақын шығармаларының мазмұны мен тақырып ішкі бірлік сақтьай отырып, Баян образы арқылы батырлықты жырлайды. Поэма Ш. Уәлихановтың “ХҮШ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар” [4, 221 б. ] атты мақаласына негізделгені анық. Мағжан тіпті кейбір батырларға берген мінездемесінде Шоқанды сөзбе-сөз қайталайды.
Егер Шоқан мақаласымен “Батыр Баян” поэмасын салыстырып қарар болсақ, сәйкестікті анық байқаймыз: Балталинец Уразумбет - батыр славился удивительною ловкостью и быстротою действия.
Мағжанда: . . . Балталы екпінді оттан Оразымбет‚. .
Шоқан: . . . Хан стоял на сборном месте, не двигаясь: он дожидался храброго батыра Баяна, не смотря на ропот других батыров.
Мағжанда: . . . Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,
Келмесе қандыбалақ Батыр Баян!-
деген жолдарда Баян батырлығының құдіреті ашылған.
Шоқан: . . . Калмики остановились, послали семь человек послов” “Алла Джар! Уса и Серен послали меня: калмики и казахи были братья, будем же и теперь или примите белые юрты - дань и будем мирны!
Мағжанда: . . . Кеңесті қос қонтайшы: Ұса, Серен
Жіберді, кеңесті де, жеті қалмақ,
Сөздері: “Абылайдан бар да тілен!
Ағаттық бізден болды кешсін Абылай‚
Ақ отау айдаған мал бәрін берем”.
Шоқан: . . . собирая батыров и начал совещание, выразив свое мнение: “Белые юрты взять, взять обнадежить и потом уже разгробить”.
Мағжанда: Салады мынау сөзді хан Абылай
Би-батыр қасындағы көп қыранға.
Салса да алдыменен өзі айтады:
“Түспеспіз тірі болсақ, алдағанға!
Күні ертең не бергенін жолдан алып,
Қалғанын алсақ қолдан арғы таңда”
Шоқан: . . . Баян отвечал: “Нет! Не берите белых юрт, не старайтесь обманывать: Уса и Серен обманули верхний и нижний Китай, обманут и тебя".
Мағжанда: Ерлігі алашқа аян батыр Баян
Тұрды да деді! Алдияр, Абылайым,
Сөзімді не кектерсің, не жұптарсың,
Ойыңды теріс дейді Баян - айың!
. . . Қу қалмақ күні кеше алдамап па ед,
Шоңқитып Ой қытай мен Өр қытайды?
Қалмақтың қарты түгіл, қалшасы да,
Алдатпас, алдап кетер Абылайды!
Бұл тартыс Баянның қара күш иесі қана емес, айлалы ақылы ханмен пара-пар екендігін дәлелдеген.
Шоқан: . . . Хан два раз повторял свое, он два раза отвечал свое. Хан остался на своем.
Мағжанда: . . . Тоқтады Баян, Абылай тағы өз сөзін
Қайта айтты, біраз шытып қарлы жүзін.
Хан да екі, Баян да екі қайырысты,
Алмастан бір-біріне тіккен көзін‚ -
деген жолдарда Баянның ержүрек мінезі сомдалған.
Шоқан: . . . Два дня ждали нет калмыков, нет белых юрт, после узнали что прошло два дня, как снялись и ушли.
Мағжанда: . . . Қол күтті, уақыт өтті. Күн батар шақ,
Кең ойлы Абылайды‚ данышпанды,
Қу қалмақ кеткені ме шын-ақ алдап?!
Бас образдың батырлық қырын ашқан тарихи оқиға поэманы күрделі планға шығарған. Бұл - тарихи сюжет, М. Жұмабаев поэмасындағы негізгі концепция. Ал өзіне батырлар образын жинақтаған бұл оқиға - қазақ тарихының жаугершілік заманы, оның ішінде Абылайдың тұсы. “Қазақ ішінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы оларда қазақтың ерлік заманы болып саналады”, ─ деп жазды Ш. Уәлиханов. Мағжан да өз поэмасында басты қаһарман Баян образын Абылайдың қазақ тарихындағы баға жетпес түлғасын дәріптеу арқылы биіктетеді. Поэмада Абылай хан образы көбіне лирикалық толғауда жырланады. Мысалы:
. . . Қабырынан әулиенің Алашқа артық‚
Ертеде Абылайға орда болған ағаш.
Ордасын сол ағаштағы Абылайдың
Меккедей тәуеп қылған тамам алаш.
Ал поэма құрылысындағы Абылай хан образының тарихи салмағы Баянның батырлық табиғатын ашуға шебер қызмет еткен:
Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат
Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,
Келмесе қандыбалақ Батыр Баян!
Қорыта айтсақ, Ш. Уәлиханов деректеріндегі Баян батырлығына да баға Абылай аузымен беріледі. Мағжан осы тарихи оқиға астарына махаббат проблемасын, яғни жеке тұлғаның жан-дүниесін араластыру арқылы, Баянның батырлық ғана емес, туысқандық, ғашықтық, патриоттық сезімдер арпалысындағы үлкен психологиялық портретін жасаған. Бұл туралы М. Әуезов былай дейді: “. . тарихи оқиғалар өз тұсында көпке жайылған жанды әңгіме болып жүрсе, кейде ақындардың қолына жетіп, өлең өлшеуіне түседі. Тарихта болған оқиға өлеңге айналған соң өзі ескінің тарихы болып жоғалмайтын болады. Нағыз тарихи өлеңдердің басталған кезі Абылай заманынан бері қарай” [141 б. ] .
Ақын Баян образын әдеби контексте махаббат оқиғасымен байланыстыру арқылы батырдың жеке трагедиясын ашады. Яғни, ақын көркем шығармада Баянның батырлығының аясында оның адами табиғатын танытқан. Поэманың композициялық құрылысын оқиға дамуымен байланыстыра жүйелер болсақ, сюжеттік кестесі былай бейнеленеді:
- Жауға қарсы жиналған батырлар Баянды күткен хан;
- Баянның жау қызына ғашықтық сезімі, тұтқын қыздың өз еліне деген махаббаты;
- Батырдың інісі Ноянның жау қызына махаббаты;
- Ноян мен тұтқын қыздың өлімі. Баян трагедиясы;
- Көп пікірі: киелі Абылайхан, бағы қайтқан Батыр Баян;
- Батыр Баянның жеке шешімі. Өлім.
Барымталық жолмен әкелінген “жау” елінің сұлуы шығармадағы драмалық ширығуға да, трагедиялық шешімге де басты себеп. Немесе, керісінше, ақын таңдаған махаббат ситуациясы да өзінің сипатымен негізгі тақырыпқа бағынған. Бұл поэма жанрындағы бөлшектің бүтінге бағыну заңы. Ақын екі ел арасындағы саяси жағдайды махаббат конфликтісіне себеп еткен. Дәл осы конфликт Баян басындағы ішкі жандүние тартысының көрінісін шебер ашқан.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz