Зар заман поэзиясының бастау көздері


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 59 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 3-6

I тарау. Зар заман ағымы-заман шындығы мен халық тағдырының

әдебиеттегі көрінісі . . . 7-34

1. 1 Ағымның зерттелуі және теориялық негіздері . . . 7-19

1. 2 Зар заман поэзиясының бастау көздері . . . 20-34

II тарау. Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы . . . 35-62

2. 1 Ақын өмірі және айтыс өлеңдері . . . 35-45

2. 2 Мұрат Мөңкеұлы шығармаларының мазмұндық сипаты

мен көркемдік ерекшелігі . . . 46-62

Қорытынды . . . 63-65

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 66-67

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі:

Түрлі саяси науқандардың тұсында зар заман ағымына әр қилы мән берілді, әдеби мұрамызды бағалау әр түрлі тұрғыда жүргізілді. Ғасырдың алғашқы ширегінде М. Әуезов әуелгі пікірлерді ілгері дамыта отырып, қазақ әдебиеті тарихындағы айрықша әдеби ағымды ғылыми негізде тұжырымдады. Қазақ әдебиетінің тарихындағы айрықша бір кезең туғызған өзгеше, өз өрнегімен, өзіндік мазмұнымен қалыптасқан әдеби кезең жүйелей отырып, дамыта зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.

Мұрат ақынның заман шындығын жырлаған әдеби мұрасын айтуда зар заман ағымының сипатына, қалыптасып - дамуының ұзақ жолына кідіріс жасамай өту мүмкін емес.

Зар заманның әдебиетіміздің ұзақ тарихындағы өзіндік орнын, көркемдік сипаттарын, ғылыми - теориялық негіздерін жүйелеп, ағым өкілдерінің әдеби мұрасын сол негізде тұжырымдау - ғылым қажеттілігі.

Дипломдық жұмыстың мақсат - міндеттері:

Дипломдық жұмысты жазуда қазақ әдебиеттану ғылымының көп жылғы ізденісі, жинақталған ғылыми пікірлерді пайдалану арқылы төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

  • Зар заман ағымының әр кезеңдердегі зерттелуіне шолу жасап, ғылыми тұжырымдарды жинақтау.
  • Дәстүр жалғастығын негізге ала отырып, ағымның бастау көздерін анықтау.
  • Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы зар заман ағымының сипаттарын, мазмұндық, көркемдік көрінісін жүйелеу.
  • Мұрат ақын мұрасының зар заман поэзиясындағы, әдебиет тарихындағы алар орнын, әдеби туындыларының тарихи маңыздылығын анықтау.

Жұмыстың нысанасы ретінде зар заман ақындарының, Мұрат ақынның шығармалары енгізілген “Бес ғасыр жырлайды”, “Ай, заман - ай, заман - ай”, “Зар заман” жинақтары пайдаланылды. Тақырыпты зерттеу барысында М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, С. Қирабаев, М. Мырзахметов, Бауыржан Омарұлы т. б. әдебиетші ғалымдардың еңбектеріне жүгіндік.

Дипломдық жұмыстың теориялық және практикалық маңызы:

Дипломдық жұмыстың нәтижесін осы тақырып қарастырылатын ХIХ ғасыр әдебиеті, арнайы курс сияқты пәндерде пайдалануға болады.

Сондай - ақ әдеби ағым, көркемдік әдіс сияқты мәселелерді тереңдете түсіндіру мақсатында әдебиет теориясы курсына да қажет болып табылады.

Дипломдық жұмыстың құрылымы :

Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен тұрады.

Бодандықтың қамытын киген көшпенді халық кешегі күнгі жалына қол тигізбейтін еркіндігін, өзінің табиғатына ғана жарасатын салт - дәстүрлерін, той - думанмен өткен дәуренін шерлі сағынышпен еске алады. Сонымен қатар қайғы жұтқан қалың елдің өз басындағы ахуалға, замананың өзгерген түріне, отарлаушылардың озбыр іс - әрекетіне, жаңа билеушілердің мінез - құлқына, оларға құлдық ел пысықтарының жағымсыз жүріс - тұрыстарына бағыштап өз сөзін айтуы заңды нәрсе. Бұл шерлі шындық тіршіліктің қақпасын ән - жырмен ашып, пәниден көшкенде зар - жырмен қоштасатын қазақ халқының әдебиетінде көрініс тапса, оған таң қалатын дәнеңесі де жоқ. Мұндай рухани құндылықтарды санаға саясаттың салқыны тиген, ой - пікір бостандығына тұсау салынған кезеңді шынайы бағалап, шоқтығын көтеруге мүмкіндік болмады. Қазақ әдебиетіндегі зар заман ақындарының ой - тұжырымдарын олардың өздері ғұмыр кешкен кезеңге көзқарастарының жиынтығы тұрғысынан бағалағанның өзінде жыр жүйріктерінің мұраларынан ғибрат аларлық нәрсе аз емес.

“Зар заман” - бұл белгілі бастау - бұлағы бар, даму арнасы, қалыптасу жолдары, тамамдалар тұсы айқын, қоғамдық ойдағы және әдебиеттегі құбылыс. Зар заман жырлары - отаршылдықтың талдауына түскен ұлт тағдырының тығырыққа тірелгендігінің белгісі. “Зар заман жырлары” тосыннан ойлап табылған әдеби атау емес. Бұл - қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлтымыздың ақыл - ойының көшбастаушылары болып есептелетін ғалымдар еңгізген ұғым.

Зар заман поэзиясы тек әдебиеттану ғылымының зерттеу объектісі ғана емес, бұл өрелі тақырып әлеуметтік, қоғамдық - саяси ой ағымы ретінде тарихшылар мен философтардың ізденістерінен де шеткері қалмайды. “Зар заман ақындары” деген М. Әуезовтің анықтамасы кейіннен олардың мұраларын қоғамнан шеттеткенде таптырмайтын тіркеске айналды. Болмыстың берекесіздігінен жерініп, өткенді көксеген ақындардың қайғы - мұңы “зарлауық”, “сары уайымға салынушылық” ұғымдарына телінді. Әдебиеттануда бұлардың “зарлану” үрдісін зорайтып көрсетіп, поэзиядағы басқа құндылықтарын соның көлеңкесінде қалдырып, бағасын кетіріңкіреп көрсету орын алды. Күні кешеге дейін қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілдері Дулат Бабатайұлы, Ш. Қанайұлы, М. Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір ағартушылық демократияшылдық бағытқа қарсы кертартпа бағыттың өкілдері ретінде бағаланып келді. Қоғамды ғана емес, әдебиетті де кері қарай тартатын ағымның ақындары жөнінде мыңдаған мектептер мен ондаған оқу орындарында дәрістер оқылды. “ Зар заман “ деген ұғым пессимизмнің талассыз баламасы болып кеткені де содан.

Бұл ақындардың шығармаларына тұсау салудың бірінші себебі - олардың өлең - жырларында қазіргі тіршілікке разылық танытпай, болашақтан аса үміт күткен, қазақтың көшпенді өмірінің көріністерін аңсау сарынының орын алуы. Қоғамды алға қарай тоқтаусыз сүйреген прогрестік бағдарламаның мақсат - мұраттарымен “зар заман”, “қу заман”, “тар заман” деп жырлаған ақындардың рухани үндестік таба қоймасы белгілі.

Екіншіден, зар заман жыршылары отаршылдыққа қарсы бой көтерді. Олардың өлең - толғауларында “Орыс”, “Кәуір” сөздері қазақ даласын басып алып, ойран салған шапқыншылардың атауы ретінде жиі ұшырасады. Зар заман поэзиясында отаршылдықтың озбырлығынан күйзеліске ұшыраған қазақ елінің ауыр ахуалы, кетеуі кеткен тіршілігі жан - жақты баяндалады. Саяси қырағылық мұны да байқамай қалған жоқ.

Үшіншіден, олардың бірқатарының шығармаларында ақырзамандық (эсхатологиялық) сарын орын алды. Айналадағы болып жатқан өзгерістерді қабылдамай, оны ақыр заманның тақалып келгенімен байланыстыру, діни мистикаға телу үрдісі де әдебиеттегі кертартпалықтың мысалы есебінде тілге тиек болды.

Зар заман поэзиясын зерттеп бағалаудың көп жылдық дәстүрінде байқалған тағы бір жайт - бұл ақын - жыраулардың өлең - толғауларының көркемдік құндылықтары, өзіндік өрнектері мен өрісті ойларының саяси көзқарас тұрғысынан еленіп - екшелуі. Олардың қазақ поэзиясындағы орыны, әдеби процестегі ролі, жыр әлеміне қосқан үлестері идеологиялық талап таразысының өлшемі арқылы бағаланды.

Идеологиялық қатаң қиыншылыққа қарамастан аталған дәуірдің айтулы өкілдері Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір шығармаларының кеңестік кезең тұсында жарияланған сәттері де болды. Бұл толғауларға тыйым салынған уақыттың өзінде әдебиетші - ғалымдар зар заман поэзиясы, оның өкілдері туралы жағымды пікірлер білдірді.

Зар заман өлеңдерінде азаттықты аңсаған қазақтың рухы сақталды. Бұл шығармалардың өзегінде ұлтты езгіден құтқару идеясының негізі қаланды. “Әдебиет - ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы” - деген академик З. Қабдоловтың тұжырымына сай зерделесек, зар заман - бұғауда бұлқынған қазақ ұлтының шерлі шындығы. Зар заман жырларындағы отаршылдыққа наразылық сарыны кейін ұлт қамын ойлаған ақындардың шығармашылығына түгел жайылды, рухты оятып, күрескерлік сананың қалыптасуына жол ашты.

I тарау

Зар заман ағымы - заман шындығы мен халық тағдырының әдебиеттегі көрінісі.

1. 1 Ағымның зерттелуі және теориялық негіздері.

«Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет М. Әуезов қолданысқа енгізді. Ол өзінің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде зар заман ақындарына арнайы бөлім арнап, күрделі кезең поэзиясына жан - жақты талдау жасады, зар заманның өкілдерін атады, бұл дәуірдің басы мен соңына дейінгі аралықты белгілейді. Сондай - ақ тарихи және теориялық негіздемелерін ұсынды. «Зар заман деген - XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «зар заман» ақындары деген ат қойдық» [2; 192], -деген М. Әуезовтың тұжырымды сөзі кейін әдебиеттану ғылымында нақты ұғым ретінде қалыптасқан.

М. Әуезов бұл кезеңнің әлеуметтік ахуалына, осы топқа жататын ақындардың әдебиеттегі орнына, өзіндік ерекшеліктеріне, ұсынған бағыт - бағдарына жан - жақты баға берді. Ол бұл еңбегінде өзі атап көрсеткендей, «Зар заман» деген бағыт неден басталып, немен бітті? Ақындары кім? Бұрынғы өлеңдерден басқалық жаңалық бар ма? Кейінгі заманға қандай сарқыт қалдырды? Одан соң әдебиетте бұл дәуір қандай орын алады? [2; 193] - деген сауалдарды берік түпқазық етіп ұстанды.

М. Әуезов зар заман дәуірін Абылай тұсынан басталып, Абаймен аяқталатын жүз жылдық кезеңге әкеп тіреді. Зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиетіміз жазбаша сипат алатынын атап көрсетеді. Бұл еңбекте қазақтың зар заман ақындарының шығармашылығы әр қырынан алынып, талдап - таразыланады. Ұлы суреткердің алдымен баса назар аударғаны - олардың келешекке көрегендікпен назар жасауы. Заманның азған белгісін түстеп танытып, алдағы уақыттың кереметтерін көзбен көріп, қолмен ұстағандай айқындап беретін көріпкелдік қасиетті бөле - жара атаған ғалым ақындарды «келер күннің жұмбағын шешкен» деп сипаттайды.

М. Әуезов зар заман ақындарының сары уайымшылдық сарынына да, қайраткерлік роліне де айрықша тоқталады.

Сары уайымшылдық халықтың мұң - мұқтажымен сабақтастығына, қайраткерліктің ұлттық рухпен өзектестігіне назар аударады. Жазушы «зар заманды» бір жағынан елді бүліншілікке ұшыратып, мұңды жыр айтқызған шерлі дәуір деп санаған, екінші жағынан қайғы басқа түскенде, қайраткер ақындардың ой - пікірі ортақтасып, рух шақырған, салт - дәстүрді сақтап қалуға үндеген, бірлікке бастаған ұйысу кезеңі ретінде де бағалайды.

Зар заманнан бастап әдебиеттің жазбаша сипат алатыны жөніндегі М. Әуезов тұжырымына жоғарыда тоқталдық. Сондай - ақ бұл халықтың, ұлттық қоғамдық бір сатыдан екінші сатыға өту кезеңі еді. Бодан болудың басқа түскен қиямет - қайымын көрген жұрттың рухы оянды. Ұлттық намыс бой көтерді. Қарсыласу қозғалысы күшейді. Міне, осындай ахуал ел басына түскен нәубетті жүрегімен, жан - тәнімен сезінетін ақындарды тарих сахнасына алып шықты. Зар заман поэзиясы өкілдерінің жырларының мақсат - мүддесі алдыңғы жыраулардың шығармаларынан өзгешерек болды. Жазушы - ғалым бұл өзгерістердің де тамырын дәп басты: «Соңғы ақындардың заманында сол бұлт бір есептен қазақ даласының үстінен соғып өтті. Сондықтан бұл күннің ақындары баяғыдай шыққан бұлтты сөз қылмай, содан түскен бұршақты, үй жыққан дауылды, мал ықтырған соққынды сөз қылды. Дала жайлайтын елдің өмірінде бұлттан түскен қаза менен дерт қандай болды, соларды айтып, күңіренетін болды». [2; 213]

Қазақ әдебиетіндегі зар заманға ұқсас құбылыс қырғыз әдебиетінде де бар. Егіз елдің әдебиетін бір - бірінен бөле - жармай, елеп - екшеген М. Әуезов қырғыздың зар заман ақындары жөнінде де сындарлы көзқарас танытып, байыпты пікірлер айтқан. Екі жұрттың төлтума дүниелеріндегі сабақтастық заман ағымын жырлаудан көрінетініне баса мән берген. М. Әуезовтің «Зар заман дәуірі қазақ әдебиетінің тарихында жаңағыдай кезең асқан дәуір болғандықтан, қазақтың жазба әдебиеті осыладан бастап әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң - зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт - санасын құрай бастайды. Бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны, азаматтық нысанасы шығады» [2; 194-195], - деген тұжырымы тағдыр талайы ортақ, тарих тағылымын бірге көріп келе жатқан екі елдің әдебиетіне де қатысты. Әсіресе қазақ пен қырғыздың зар заман ақындарының көрегендікпен айтылған болжамдары басқа айналып, ой - армандары орындалған қазіргідей ақтарылған кезеңде Әуезов қағидаларының құны арта түскені сөзсіз. Қандай мақсатпен, қандай көзқараспен болсын, бұл тақырыпқа бойлап көрген зерттеушілер ғалымның зар заман ақындары туралы пайымдауларын негізгі бағыт етіп ұстады. Тіпті кейін кертартпа әдебиет тұрғысынан бағалаған оқулықтарға енгізілгенде де жыр жүйріктеріне Әуезовтың берген атауы өзгерген жоқ. Бүгін де солай. Қай кезде де зар заман ақындары болып қала бермек.

Қазақтың ірі қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлы М. Әуезовтың бұл еңбегінен соң бір жылдан кейін жарық көрген «Год работы Казахского высшего педагогического института» атты жинаққа енген «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк» деген ғылыми зерттеуінде өзі жіктеген поэзияның түрлерінің бірін «зар заман» деп атады (Скорбная поэзия) .

Ы. Алтынсарин «горе киргиз» - «Қазақтың қайғысы; В. Радлов «Зар заман» мен «Заман ақыр» тәрізді ғибрат өлеңдер Ертістің шығысындағы дала қазақтарының молдалары шығарған қолтума дүниелер».

Шортанбай өлеңінен кейін «зар заман» тіркесі қалыптаса бастаған. Әлихан Бөкейхан - «зар заман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі. С. Сейфулин - әдебиетті (төңкеріске дейінгі) екіге бөледі: 1) «Билер дәірі», 2) «патша дәуірі» - «зар заман». С. Мұқанов «Қазақтың XVIII - XIX ғасырдағы әдебиеттің тарихынан очерктер» деген еңбегінде былай дейді: «Бас бостандығынан, жерден айырылған, кедейленген халық, бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенге тарпа бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін біз «Зар заман» әдебиеті дейміз».

Ол Шортанбай орыс халыққа емес, орыс мемлекетіне қарсы емес, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы болды деген ойды айтады.

Әдебиет пен өнерге идеологиялық бақылау үстемдік құрып тұрған кезеңде зар заман ақындары шығармаларының жолы оңғарылмады. Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің 1997 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы халық мұрасын архивке қайта тықты. Әрине, бұл қаулыдан кейін аталмыш ақындардың өлең жырлары жарыққа шықпайтын болды. Олардың шығармалары мектеп оқушыларына тәрбие беру ісінен аулақтатылды. Ол кезде қазақ әдебиетінің өкілдерін прогрессивті жәнекертартпа бағытқа жіктеп, қолда бар мұраның мән - мазмұнын екпінін біріне жатқызу үрдіс болғаны белгілі. Ал зар заман поэзиясыц ілгерілеуші бағыттың жүгін көтере қоймайтыны анық. Сол себепті зерттеушілеріміздің көбі идеологиялық мәжбүрліктің шырғалаңынан шыға алмады.

Алқалы бас қосуда «зар заман ақындары», «зар заман поэзиясы», «зар заман ағымы» деген сөз тіркестері көп қолданылған жоқ. Бұлар көбіне - көп «кртартпалық», «реакцияшыл бағыт» деген секілді ұғымдармен ауыстырылды. Бұрынғы зерттеулерінде Дулат, Шортанбайды жеріне жеткізе алмағандар аяусыз айыпталды . Сонан соң сынампаздар аталған ақындардың шығармаларына ауыз салды.

Мәселеге қазіргі көзқарас бойынша үңілсек, Дулат пен Мұрат, Шортанбай мен Әбубәкір жырлары өз заманын нағыз шынайы түрде сипаттап көрсете білгендігімен ерекшеленеді. Суреттемеске шарасы қалмағандықтан емес, саналы түрде көңілдегі сырын толғап, кестелі жыр төккен сөз зергерлерінің ой - арманын ғалымдар амалсыздан саясаттың талаптарымен бүркемелеуге мәжбүр болды. Әйтпесе, осы жазылғандардың бәрі ұлттық мұрамызды тереңдете зерттеймін деп басын дауға тігіп, сотты болған ғалымның нақты позициясы еді деудің жөні жоқ шығар. 1959 жылы 15-19 маусым аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты өткізген ғылыми теориялық конференцияда XIX ғасырдың 50-70 жылдарындағы қазақ әдебиетін зерттеу мәселелері жөнінде баяндама жасаған Ысқақ Дүйсенбаевтің пікірлерін бүгінгі көзқараспен қайта зерделегенде көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Әрине, қай әдебиетші де қоғамдағы саяси ахуалдың ыңғайынан шыға алмағаны белгілі. Негізінен, Ы. Дүйсенбаевтің аталған ақын жыраулардың мұралары жөніндегі ой - тұжырымдары осы әлемнің төңірегінде өрбіді. Сол себепті әдебиетші - ғалым бас қосудағы жалпы сарыннан ауытқымай, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Әбубәкір, Кердері, Базар жырау сияқты ақындардың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының әлеуметтік өміріндегі жаңалықтарын түсінбей шошынғанын, патшалық отаршылықтан үрку нәтижесінде орыс халқының мәдениетінен де тартынып, жатырқағанын, кей сәтте қарсы шыққанын» атап өтті. Кейіннен осы кезең ақындарының мұрасын жан - жақты зерттеген ғылымның Дулат, Мұрат және басқа да заман күйін толғаған жыр жүйріктері жөнінде сүбелі дүниелер ұсынғаны ақындардың шығармаларының ақ - қарасын айырып, түсініп талдауы міндетті. Олардың мұрасының саясатқа қатыстылығынан гөрі, поэзиялық қуатына, көркемдік нәріне назар аудару керек дегенді астарлап болса да аңғартты.

Ы. Дүйсенбаев сынды ғалымдар жыр жүйріктерінің өлең - толғауларын жоғары оқу орындарында оқытуды табанды түрде талап еткенін атап көрсетуіміз керек.

Конференцияда бүгінгі күн тұрғысынан қарасаң да пәлендей мағынасы өзгермейтін, қай жағынан үңілгенімен ұстатпайтын байыпты байлам жасаған пікірлер орын алды. (Е. Ысмайылов, М. Хасенов - осы конференцияға қатысты) .

Бұл ғылыми теориялық конференция аталған ақындар шығармаларының тағдырын шешетін алқалы басқосу еді. Сондықтан ірбір пікір, әрбір ұсыныс есепке алынды. Сөз сөйлеушілердің ішінде Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкірлердің өлең - толғауларының мазмұнына, идеялық сипатына, әдебиет тарихындағы орнына тоқталмағаны кемдк - кем. Ал шығармаларының көркем ерекшеліетері, өлең өрнектері көп сөз бола қойған жоқ. Өйткені конференцияда қалдырған мұрасының идеялық мазмұны талас тудыратын ақындардың шығармаларын көп ұлтты әдебиеттің тарихына қандай дәрежеде жақындастыру жөнінде мәселе қаралып жатты.

Зерттеушілер «кертартпа бағыттың» ақындарына ұлы Абайды қарсы қойды. Олардың мұраларындағы қайшылықтарды салыстыра қарау үшін Абайдың өлеңдері өлшем ретінде пайдаланылды. Конференцияда аты ең көп аталған ақын - Шортанбай. Шортанбайдың шығармалары да, оны зерттегендердің еңбектері де сынға түсті. Солай болғанына қарамастан С. Талжанов ақын туралы баяндамасында жиындағы дәстүрлі талдау ауқымынан шығып, оң көзқарас танытты. Зерттеуші - ғалымның ұғымында, ол өмір шындығын айқын көрсетуші, отарлаушы ұлықтарға қарсы күресуші, ауыз әдебиетін жазба әдебиетке жеткізуші. Зар заман поэзиясын жабыла сынаған сол конференциядағы С. Талжановтың «Шортанбай - өз заманындағы әлеуметтік өмірді жетік білген, кем - кетігін сынай отырып, көргенін қаз қалпында айнаға түсірген шебер ақын» - деген шынайы бағалауы күні бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Оның Шортанбайды «ақтау жағына бейім болып, әрбір сыннан арашалап алуға» тырысқанын М. Әуезовтің өзі де атап өтті.

Дулат ақынның шығармашылығы жөнінде конференцияда әрқилы пікірлер айтылды. Х. Сүйіншәлиевтің арнайы баяндамасы өзіндік ұстанымымен, айқын поэзиясымен ерекшеленеді. Осыған орай оның көзқарастары конференция үстінде сынға ұшырады. Бәрі бір ғалым: «Дүние өзгерді, жер, су, адам, әкем - бәрі өзгерді. Олар азды, тозды, бұзылды, енді бұл дүниені өзгертпесе, қайтадан бірлесіп, ел болып, еркіндік тимесе, қазақтың бағы ашылмайды» - деп зар заман поэзиясының нағыз сипатын ашып, мақсат - мұратын айқын көрсетеді.

Конференция қаулысында Мұрат пен Дулаттың шығармашылығы бірге сараланды: «Дулат пен Мұрат творчествосы жоғары мектепте сол кездегі тарихи әдеби процестің күрделі сипатын, әдебиеттің қандай қиыншылық жағдайда дамығанын талдап көрсету мақсатымен аталуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердің ерекшелігін еске ала отырып, бұл ақындардың творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын». Әбубәкір мен Мұрат шығармашылығы жөнінде қосымша баяндамалар жасалған жоқ. Олардың ақындық таным - түйнектерін идеялық жағынан терістеуге көбірек мән берді. Бұлардың мұраларын жоғары оқу орындарында оқытып - үйретуге ұсынумен шектелді. Міне, мектеп жасындағы ұрпақтың аталған ақындардың шығармаларын жетік білмей өскені сондықтан. Аталған ақындардың бәрінің шығармаларын зерттеп - зерделеген әдебиет тарихының білгірі Ханғали Сүйіншәлиев. Ғалым қай кезде де зар заман поэзиясына арашашы болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шортанбай шығармашылығын жан-жақты талдау
Дәстүрлі ақындық поэзия
ХІХ ғасырдағы қазақ-қырғыз әдеби байланыстары
Қазақ әдебиетіндегі Зар заман ағымы мен нәзирагөйлік дәстүр (ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басы)
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеттану ғылымының даму бағдары
ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ШИЕЛЕНІС
ХІХ ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Нарманбет поэзиясындағы азаттық идеясы
ЗАР ЗАМАН ӨКІЛДЕРІНІҢ АЗАТТЫҚТЫ ЖЫРЛАУЫ
ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ МЕН ҚАЛЫҒҰЛ БАЙҰЛЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЗАР ЗАМАННЫҢ СИПАТЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz