Сөйлемнің семантикалық құрылымы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 78 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 4

І тарау. Сөйлем құрамындағы коммуникативті - семантика мәселесі

1. 1 Сөйлемдердің коммуникативті-семантикалық мәні . . . 6

1. 2 Қатысымдық бірліктер құрамындағы коммуникативтік мағынаның берілу жолдары . . . 10

1. 3 Предикат семантикасы − қатысымдық

бірліктердің сөйлеу жағдаятындағы қызметін айқындаушы фактор . . . . . ……. . 18

1. 4 Күрделі синтаксистік тұтастық құрамындағы

семантикалық байланыстар . . . . ………. . 24

ІІ тарау. Синтаксистік қатынас - сөйлем семантикасын айқындаушы фактор

2. 1 Сөз тіркесіне тән синтаксистік қатынастар - сөйлемдегі ақпараттың мазмұнын анықтаушы фактор . . . 35

2. 2 Сөйлем мүшелерi - сөйлемнің семантикалық

мәнін анықтаушы фактор . . . 39

2. 3 Сөйлемнің семантикалық құрылымы . . 50

2. 4 Жай сөйлем типтерінің семантикасы . . . 64

Қорытынды . . . 69

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 73

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаты. Тiл бiлiмiнде сөйлемдердi таптастыру синхронды және диахронды таптастыру бойынша жүргiзiледi. Диахронды классификация бойынша сөйлемнiң қалыптасып, даму жолы тарихи тұрғыдан сараланса, синхронды классификация бойынша сөйлем тiлдегi қазiргi қолданылуы қалпында бiрнеше ұстанымға сйкес iштей сараланады. Осыған орай, сөйлемнің лингвистикалық табиғатын зерделеу бірнеше бағытта жүзеге асырылып келеді. Сөйлем басқа тілдік бірліктерден коммуникативтік қызметі тұрғысынан ерекшеленіп келеді. Сөйлемнің коммуникативтік қызмет атқаруына құрамындағы тілдік элементтердің тікелей қатысы бар. Олардың әрқайсысы да белгілі бір семантикалық мәнге ие болып, сөйлемдегі пікірдің, ойдың жарыққа шығуына арқау болады. Осыдан келіп, сөйлемнің семантикалық мәнін анықтайтын инварианттар қалыптасады. Бұл құбылыс қазақ тіл білімінде енді ғана назарға алынып келеді. Сөйлем белгілі бір семантикалық және грамматикалық құрылымға негізделген тілдік қатынас құралына жатады. Сөйлем құрамында ешбір басы артық элемент болмайды. Әрбір сөздің, жалғау мен жұрнақтың сөйлем ішіндегі атқаратын қызметі сан алуан болып келеді. Сөйлеушінің ойына, пікіріне, көзқарасына байланысты және берілетін ақпараттың мазмұнына қарай сөйлем құрамындағы тілдік элементтер әуелі сөйлеушінің санасына кодтталады. Сөйлеуші сөйлеу мақсатына қарай қажетті тілдік элементтерді қолданып, берілген ақпарат тыңдаушыға қабылданған езде сөйлем ішіндегі тілдік элементтер семантикалық мәнге ие болады. Нәтижесінде ақпарат тыңдаушының санасына декодталады. Бұл процесстің мәнін анықтау сөйлемнің семантикалық ерекшлігін ашуды талап етеді. Ендеше, сөйлем құрамындағы тілдік элементтердің семантикалық мән тудыру қызметін анықтау дипломдық жұмыстың өзектілігін танытады.

Жұмыстың мақсаты. Дипломдық жұмыста сөйлем құрамындағы тілдік элементтердің грамматикалық, семантикалық, синтаксистік ерекшеліктерін зерделей отырып, сөйлемге тән семантикалық инварианттардың берілу жолдарын анықтау мақсат етілді. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды:

  • сөйлемнің ақпараттық мағына тудыру жолдарын саралау;
  • сөйлемнің коммуникативтік ұйысымын анықтау;
  • сөйлем ішінен тіл субъектілерін табу;
  • жақ категориясының семантикалық мән түзудегі орнын анықтау;
  • септік категориясының семантикалық мән тудыру ерекшелігін анықтау;
  • шақ категориясының семантикалық мән берудегі қызметін саралау.

Қолданылған әдістер. Дипломдық жұмысты орындау барысында талдау, жинақтау, жүйелеу, кешенді талдау, саралау, сипаттау әдістері, компоненттік-семантикалық, лексика-семантикалық, грамматикалық талдау әдістері қолданылды.

Диплом жұмысының әдіснамалық негізі. Жұмысқа грамматикалық, коммуникативтік, функционалдық бағыттағы зерттеу еңбектері арқау болады.

Диплом жұмысының әдіснамалық негізі. Жұмыста сөйлемнің грамматикалық, коммуникативтік, функционалдық бағыттағы ерекшеліктері зерделеніп, оған Бенвенист. Э., Мурзин Л. Н., Гречко В. А., Роспопов И. П., Ахмедияров К. К., Карасик В. И., Новикова Э. Ю сынды шетелдік ғалым зерттеушілер мен қазақ ғалымдары Т Қордабаев, С. Исаев, Ы. Маманов, М. Оразов, Н. Уәли, Г. Смағұлова, Ф. Оразбаева, Б. Шалабай, Г. Әзімжанова сияқты т. б. ғалымдардың зерттеу еңбектері арқау болды.

І бөлім. Сөйлем құрамындағы коммуникативті - семантика мәселесі

1. 1 Сөйлемдердің коммуникативті-семантикалық мәні

Сөйлем трансформациялық құбылыс ретінде тілдік қатынас құралы қызметін атқарады. Сөйлем таза грамматикалық, лексика-грамматикалық және семантика-грамматикалық құрылымдардың байланысу жолдарын сақтай отырып, конверсиялық құбылыс арқылы қатысымдық бірлік қатарынан орын алады. Л. Н. Мурзин: «Конверсия представляет собой внутреннее преобразование заданного предложения, но грамматическую перестройку, в результате которой лексические компоненты как бы меняют свои синтаксические места, грамматически уподобляясь друг другу» ─ дейді [1, 27] . Қатысым актісі тұрғысынан алғанда сөйлем динамикасы семантикалық инварианттар түзейді. Семантикалық инварианттар сөйлемнің модальдық және коммуникативтік парадигмасын айқындауға негіз болады. Одан сөйлемнің сөйлеу актісіндегі қызметі айқындалады.

Семантикалық инвариант сөйлемдегі айтылатын хабардың негізгі белгісін танытатын семантикалық ядродан және берілетін хабарға сөйлеушінің субъективті көзқарасын танытатын перефериялық құрылымнан тұрады. Мысалы, Жақыпбек әңгiменi талдауға балаларды түгел қатыстыруды көздедi (М. И) деген сөйлемде айтылатын хабардың негізгі белгісін танытатын семантикалық ядросы ─ әңгімені талдау. Берілетін хабардың сөйлеушіге қатынасын айқындайтын перефериялық құрылымы ─ Жақыпбек көздеді, қатыстыруды көздеді, түгел қатыстыруды, балаларды қатыстыруды. Семантикалық ядроның коммуникативтік актіге түсіп, толық сыртқа шығуы үшін сөйлеуші перефериялық құрылымға сүйенеді. Яғни сөйлеушінің негізгі айтайын деген ойы ─ әңгімені талдау туралы. Сөйлеуші осы хабарды толық жеткізу үшін перефериялық құрылым арқылы өзінің субъективтік көзқарасын танытады. Бұл сөйлемде сөйлеуші әңгімені талдауға балардың түгел қатысуын « Жақыпбектің көздегені» туралы айтып отыр.

Сөйлеуші осы сөйлемнің құрылымындағы лексикалық құрамды өзгертпей, грамматикалық құрылымын өзгертіп, берілетін хабардың семантикасын ауыстыру арқылы коммуникативтік парадигма жасай алады. Мысалы, Жақыпбек әңгiменi талдаумен балалардың түгел қатысуын көздедi десе, берілетін хабардың семантикалық ядросы ─ балалардың қатысуы болады да, перефериялық құрылымы ─ Жақыпбек көздеді, әңгімені талдау, талдаумен көздеді болады. Сөйлеушінің берілетін хабарға байланысты өзіндік көзқарасына қарай екі сөйлемнің құрамындағы семантикалық инвариант өзгеріске түсті. Бірінші сөйлемнің семантикалық ядросы ─ әңгімені талдау болса, екінші сөйлемнің семантикалық ядросы ─ балалардың қатысуы. Осыған орай, сөйлемнің перефериялық құрылымы да екі түрлі болады. Бірінші сөйлемнің перефериялық құрылымы Жақыпбек көздеді, қатыстыруды көздеді, түгел қатыстыруды, талдауға қатыстыру, балаларды қатыстыруды болса, екінші сөйлемнің перефериялық құрылымы Жақыпбек көздеді, әңгімені талдау, талдаумен қатысу, түгел қатысу, қатысуын көздеді болып өзгереді. Оған сөйлеуші сөйлемнің грамматикалық құрылымын өзгерту арқылы қол жеткізеді.

Бұл құбылысты грамматикалық семантиканың негізінде жасалған коммуникативтік парадигма деп тануға болады.

Коммуникативтік парадигма сөйлем құрамындағы сөз формаларының ауысуы нәтижесінде қалыптасады. Ол сөйлемнің лексика- грамматикалық, семантика-грамматикалық байланысындағы құрылымын өзгертіп, әр сөйлемнің өзіне тән коммуникативтік және модальдық парадигмасын айқындап тұрады. Бірінші сөйлемде балаларды қатыстыру меңгеріле байланысқан , тура объектілік қатынастағы бірбүтін объектіні білдіретін мағына ретінде жұмсалған. Екiншi сөйлемде ол балалардың қатысуы болып, матаса байланысқан, анықтауыштық қатынастағы зат пен қимыл иесiнiң өзiндiк қатынасын білдіретін мағынада жұмсалған. Талдауға қатыстыру меңгеріле байланысқан, жанама объектілік қатынастағы бүтіннің бөлшегін анықтайтын мағынада жұмсалса, талдаумен қатысу меңгеріле байланысқан, адвербиалдық қатынастағы қимыл-әрекеттің амалын білдіретін мағынада жұмсалады. Осыған орай, сөйлем коммуникативтік парадигма жүйесін құрайды.

Сөйлеуші сөз формаларының орнын ауыстырғандықтан, сөйлемдегі айтылатын ойдың семантикасы да өзгеріске түседі. Мәселен, бiрiншi сөйлемде негiзгi ой әңгiменi талдау үшiн баяндалған болатын. Сөз тіркесі құрамындағы сөз формаларын өзгерткенде екінші сөйлемдегi негiзгi ой балалардың түгел қатысуы на қарай ойысқаны көрiнiп тұр. Сөйлеуші осы сөйлем құрамындағы грамматикалық құрылымдарды сақтай отырып, сөйлем құрамындағы лексемаларды өзгерту арқылы да жаңа мазмұндағы хабар беруге қол жеткізуіне болады. Мысалы, Жақыпбек әңгiменi талдауға балаларды түгел қатыстыруды көздедi (М. И. ) деген сөйлем мен Олар жұмыс iстетуге адамдарды түгел шақыруды ойлады деген сөйлемдi салыстырып көрейiк: бірінші сөйлемнің семантикалық ядросы ─ әңгімені талдау, екінші сөйлемнің семантикалық ядросы ─ жұмысты істету. Перефериялық құрылымы бірініші сөйлемде: қатыстыруды көздеді, түгел қатыстыруды, балаларды қатыстыруды, Жақыпбек көздеді; екінші сөйлемде: шақыруды ойлады, адамдарды шақыруды, түгел шақыруды, олар ойлады. Бұл құбылысты лексикалық семантиканың негізінде жасалған коммуникативтік парадигма деп тануға болады. Екі сөйлемнің құрамындағы сөздердің грамматикалық жақтан байланысу жолдары бірдей. Бұл сөйлемдердің құрамындағы сөздердің грамматикалық жақтан байланысу жолдары бірдей болғанымен, әрқайсысының коммуникативтік мақсаты әр түрлі. Себебі әр сөйлемнің құрамындағы сөздердің лексикалық мағынасы ақпараттық мағына беруде дербестікке ие.

Сөйлеу актісінде сөйлем құрамындағы барлық мүшелер семантикалық инварианттар түзеп, сөйлемнің коммуникативтік және модальдық парадигмалар жүйесінде көрініс табуына негіз болады. Тіл ғылымында бұл құбылыс пропозиция ұғымымен түсіндіріледі. Пропозиция латын тілінен propositio аударғанда негізгі жағдай, алдын алу, зат деген мағынаны білдіріп, сөйлеушінің хабарды жеткізудегі шынайы бағасы мен эмотивтік қатынасын анықтайды. Сонда сөйлем пропозициясы сөйлемнің семантикалық құрылымын айқындай отырып, оның коммуникативтік парадигма жүйесіндегі алатын орнын анықтауға негіз болады.

Сөйлемдерге тән коммуникативтік парадигманың лингвистикалық көрсеткіші лексика -семантикалық парадигма: ( Жақыпбек әңгiменi талдауға балаларды түгел қатыстыруды көздедi ↔︎ Олар жұмыс iстетуге адамдарды түгел шақыруды ойлады; Жақыпбек әңгiменi талдаумен балалардың түгел қатысуын көздедi ↔︎ Олар жұмыс істетумен адамдардың түгел шақырылуын ойлады), грамматика-семантикалық парадигма ( Жақыпбек әңгiменi талдауға балаларды түгел қатыстыруды көздедi (М. И) ↔︎ Жақыпбек әңгiменi талдаумен балалардың түгел қатысуын көздедi; Олар жұмыс iстетуге адамдарды түгел шақыруды ойлады ↔︎ Олар жұмыс істетумен адамдардың түгел шақырылуын ойлады) түрімен шектелмейді. Мысалы, Жақыпбек әңгiменi талдауға балаларды түгел қатыстыруды көздедi деген сөйлемде хабарды жеткізудің семантикалық ядросы әңгімені талдау болса, сөйлеушінің жадында семантикалық ядро сақталады да, хабарды жеткізу мақсатына қарай сөйлеуші сөйлемнің перефериялық құрылымын өзгертіп қолдану мүмкіндігіне ие болады. Қараңыз: Жақыпбек әңгiменi талдауға балаларды түгел қатыстыруды көздедi ↔︎ Жақыпбек әңгімені талдау үшін балалардың түгел қатыстырылуын көздеді ↔︎ Жақыпбек әңгімені талдаудың жолдарын балалардың қатысуымен шешті ↔︎ Балалардың қатыстырылуы әңгімені талдауға негіз болды т. б Ендеше, сөйлем пропозициясы берілетін хабардың ең жоғарғы деңгейде ұйымдастырылуын және хабардың дұрыс қабылдануын көздейді. Оған сөйлем құрылымындағы әрбір мүшенің семантикасы негіз болды. Сөйлем құрылымындағы әрбір мүше лексика-грамматикалық, семантика-грамматикалық жолдармен байланысу арқылы сөйлемнің пропозициялық құрылымын айқындауға қатынасады. Ол сөйлем құрамындағы сөздердің байланысу нәтижесінде анықталып, әрбір байланыстың құрамындағы семантикалық мән сөйлемнің коммуникативтік қызметін анықтауға негіз болады. Сөйлем мағыналық жақтан үйлесім тауып, өзара грамматикалық жақтан байланысқа түскен сөздердің әрекеттесуі негізінде бір нәрсе жайында сөйлеушінің айтайын деген ойынан хабар береді. Сөйлеуші өз ойын айтқанда тіл мүмкіндігін барынша игеріп, сөйлемнің пропозициялық құрылымын кеңінен пайдалануына болады. Оған тіліміздегі сөздердің сөйлем ішінде қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу формалары арқылы байланысып, лексика- грамматикалық және семантика-грамматикалық жақтан үйлесім табу жолдары негіз болады.

Сөйлемнің пропозициялық құрылымы сөйлем құрамындағы сөздердің мағынасы мен олардың байланысы арқылы анықталады. Ғалым В. А. Гречконың: «Под значением понимают: понятие; предмет обозначаемый словом; употребление слова, лексико -семантический вариант; инфармацию или инвариант информации передаваемый словом; набор дифференциальных семантических признаков, реакцию человека на слово, минимальную формулу дистрибуции слова» [ 2, 213] деген тұжырымынан сөздердің тек грамматикалық байланысқа түспей, олар лексикалық мағынасы арқылы үйлесім табатынын көруге болады. Сөзердің грамматикалық жақтан байланысу жолдары бес түрлі форма арақылы орындалатын болса, әрбір форма құрамындағы сөздердің лексика-семантикалық жақтан үйлесім табуына қарай бірнеше коммуникативтік семантика қалыптасып, олар сөйлемнің пропозициялық құрылымын анықтауға, сөйлемнің коммуникативтік парадигмасын ажыратуға негіз болады.

Сөйлем пропозициясы болмысты сөйлетуші күш ретінде жұмсалып, сөйлемнің мазмұны мен мәнін, коммуникативтік сипатын айқындайды. Ф. Оразбаева: « . . . Адамзат тілі өз қызметін атқару үшін әр тұлғаның өзіндік маңызы бар. Мәселе осы тұлғалардың қайсысы қай дәрежеде қолданылуына байланысты», ─ деп, тілдік бірліктердің әрқайсысының өзіне тән коммуникативті қызметі болатынын ескереді. [3, 21] Ендеше, сөйлемнің коммуникативтік қызметін өтейтін басты құралдар қатарына сөздердің байланысу формалары мен оның семанткасының мәнін жатқызу ─ бүгінгі күнгі қажеттілік.

Сөйлем құрамындағы сөздердің байланысу формалары тілдің тұрақты күйіндегі қалпын (статикалық) және қозғалыстағы (динамикалық) қалпын танытып, тілдік қатынас құралы ретінде мазмұндық сипатқа ие болады. Оларды тілдік қатынас құралы ретінде тану сөздердің сөйлеу актісіндегі жұмсалымдық қызметін анықтауға негіз болады. Сөйлеу актісінде сөздер лексикалық мағынаның абстракциялануы нәтижесінде қалыптасқан жалпы грамматикалық, категориялық грамматикалық, қатыстық грамматикалық мағыналары арқылы өзара үйлесім табуы байланысады. Сөздердің категориялық грамматикалық мағыналарының үйлесуінен олардың байланысу формалары, тәсілдері анықталады. Жалпы грамматикалық мағыналарының үйлесуінен сөз тіркестерінің типтері айқындалады. Қатыстық грамматикалық мағыналарының үйлесуінен синтаксистік мағыналары (жаңа грамматикалық мән) айқындалады. Олардың бірлігінен сөйлемнің коммуникативті мәнін анықтайтын мазмұндық меже қалыптасады.

1. 2 Қатысымдық бірліктер құрамындағы коммуникативтік мағынаның берілу жолдары

Сөйлем құрамындағы сөздердің өзара қатынасы грамматикалық құрылымда синтаксистік қатынастар тұрғысында анықталса, сөйлеу жағдаятына байланысты олардың өзіне тән семантикалық құрылымдары болады. «Тіл ─ адамдар арасындағы аса маңызды қатынас құралы болғандықтан да, ол бір жағынан ойлаумен, екінші жағынан сол арқылы санамен, үшінші жағынан қоғамдық өмірде белгілі белгілі қызметтер атқаруымен және оның негізгі элементтері дыбыстық материалға негізделуі, оның белгілі мәнге ие бола алуымен байланысты болып келеді. Тіл, ең алдымен ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен тікелей байланысты. Сондықтан тілдің ең негізгі негізгі деген единицалары ойлаудың басты категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз ұғымды білдіріп, соның тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден бір көрсеткіші сөйлем болып табылады» [4, 409] . Ендеше, сөйлем айтылған ойдың мазмұнын құрайды. Айтылатын ойдың мазмұны объективті дүниедегі заттардың, құбылыстардың адам танымында орнығуы арқылы жүзеге асады. Әрбір адам танымында қоршаған ортаның орнығуы (кодтау) қатысым әрекеттері арқылы тілдік қатынасқа түседі. Тілдік қатынас адам танымында орныққан ұғымдардың семантикалық және грамматикалық жақтан үйлесім тауып, нақты деректер туралы ақпарат беруі болып табылады. Ақпарат беруде тілдік қатынастың өзіне тән жүйесі мен тәсілдері бар. Ол сөйлем ішіндегі сөздердің байланысу жолдары арқылы анықталып, олар тілдік қатынастың орындалу амалдарының көрсеткіші болып табылады. М. Оразов: «Сөйлем құрамына енген сөздер өзара ең алдымен, екі жақты байланысқа түседі, яғни әрі грамматикалық категориялар арқылы байланысып, белгілі бір грамматикалық формада тіркессе, әрі байланысқа түскен сөздер семантикалық жағынан да байланысады. Егер бұл екі байланыстың біреуі жоқ болса, не сөйлемдегі айтылатын ой толық жеткізілмейді, не мүлде түсініксіз бір нәрсе болып шығады», ─ дейді [5, 194] . С өздердің байланысу формалары семантикалық үйлесімділікке негізделіп, одан сөйлемнің пропозициялық құрылымын коммуникативті семантика қалыптасады. «Коммуникативная семантика занимается изучением отдельного словосочетания с целью определения тех смысловых компонентов, которые являются релевантными для конкретного речевого акта» [6, 129] . Сөйлем ішіндегі қиыса байланысқан сөздерге тән коммуникативті семантика субъект ↔︎ әрекет (Жанар келді, Ол кетті) , субъект ↔︎ субъект ( Нұрсая студент) объект ↔︎ әрекет ( Жел соқты ) арасындағы пропозициялық құрылымнан тұрады.

Субъект ↔︎ әрекет арасындағы пропозициялық құрылымда субъектінің өзі нақты және абстрактілі ұғымдардың тобын құрап, тілдік қатынастың семантикалық өрісін кеңейтеді. Мысалы, Олжас келді, Ол оқыды дегенде субъект нақты зат ретінде жұмсалып, сөздердің байланысу формасы нақты зат пен оның әрекеті арасындағы қатынасты, ал бесеуі келді, үлкендер амандасты, келгендер сөйлесті дегенде субъект абстрактілік сипатқа ие болып, сөздердің байланысу формасы абстрактілік ұғым мен оның әрекеті арасындағы қатынасты айқындайды.

Субъект ↔︎ субъект арасындағы пропозициялық құрылымда бір ұғымның мәнін білдіретін семантикалық топтағы сөздер байланысқа түседі. Мысалы, Нұрсая студент дегенде адамға қатысты ұғымды білдіретін екі сөз байланысып, тілдік қатынас құралына айналады.

Объект ↔︎ әрекет арасындағы пропозициялық құрылымда қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың ұғымы адам санасында нақты және абстракт түрде орнығып, сол сөздер объектінің семантикалық тобын құрайды. Мысалы, ағаш өсті нақты объект пен әрекет, ауа тазарды абстракт объект пен әрекет арасындағы қатынасты анықтап, әрқайсысы дербес тілдік қатынас құралына айналады.

Сөйлеу актісінде қиыса байланысқан сөздердің пропозициясы тілдік қатынаста процессуалдық мәнді білдіреді. Процессуалдық мән әрекет пен оның иесінің арасындағы қатынасты білдіреді. Одан сөйлеуші мен тыңдаушының тілдік қатынас үстіндегі қызметі анықталады. Мәселен, субъект пен әрекет арасындағы пропозициялық құрылым І, ІІ, ІІІ жақтық коммуникативтік семантика түзейді.

І жақтық коммуникативтік семантикада сөйлеуші де, қимыл іс-әрекеттің иесі де, іс-әрекетті орындаушы да І жақтық субъектінің өзі болып тұрады. Мысалы, мен келдім дегенде сөйлеуші өзінің әрекеті туралы өзі хабар беріп тұрады. Бұл форма көпше түрде жұмсалып, біз келдік болса, әрекет иесі болып тұрған субъект бірнеше адам болады да, сөйлеуші жеке адам ретінде танылады.

ІІ жақтық коммуникативтік семантикада субъект қимыл іс- әрекеттің иесі және тыңдаушы болады да, сөйлеуші басқа адам болады. Сөйлеуші субъектінің әрекетін әрекет иесінің өзіне хабарлап тұрады. Мысалы, сен келдің дегенде, келу әрекетінің иесі ІІ жақтық субъект болса, сол әрекетті оған басқа біреу айтып отырғанын көруге болады. Бұл форма да көпше түрде жұмсалғанда мынадай ерекшеліктерге ие болады: әрекеттің субъектіге түгелдей қатысты болуы мүмкін немесе субъектінің бәріне емес ішіндегі кейбіреулеріне ғана қатысты болуы мүмкін. Мысалы сендер келдіңдер , сендер айтыңдар десек, әрекет бірнеше субъектіге ортақ болғанымен әрекетті орындауға көптің бәрі емес, ішіндегі біреуі ғана қатысуы мүмкін немесе бәрі қатысуы мүмкін. ІІ жақтық морфосемантикадағы субъект-адресанттың іс-әрекетке түгелдей қатысуға да, нақты біреуінің ғана қатысуына да негіз болуға қабілетті. Бұл етістіктің семантикасы мен функционалдық қызметіне байланысты айқындалады.

ІІІ жақтық коммуникативтік семантикада субъект тыңдаушы да емес, сөйлеуші де емес, тек әрекетті орындаушы агенс ретінде танылады да, сөйлеуші бөгде адам болады. Сөйлеуші бұл жерде өзіне де, тыңдаушыға да қатысы жоқ басқа адамның әрекеті туралы басқа біреуге хабар береді. Бұл форманың көпше түрінде де ІІІ жақтық субъектіге ие агенстер іс-әрекетке түгелдей қатысты болуы (Олар барды) мүмкін немесе бірнеше агенстердің нақты біреуінің ғана іс- әрекетке қатысты болуы мүмкін. ( Олар айтты , яғни біреуі ғана сөйлеп, басқаларының тек қоштауы мүмкін, қонақтар келді десек, шақырылған қонақтың біразы келіп, біразы келмеуі мүмкін немесе керісінше артығымен келуі мүмкін. )

Субъект ↔︎ субъект арасындағы пропозициялық құрылымда сөйлеуші ІІІ жақтық субъектінің нақты әрекеті туралы емес, оның концептуалдық бейнесі туралы хабар береді. Мысалы, Нұрсая студент дегенде, студент ізденуші → білімпаз → болашақ маман → жас адам → жоғары білімді адам → парасатты адам т. б деген семантиканың жиынтығын құраса, сөйлеуші бір ғана студент сөзі арқылы ІІІ жақтық субъект туралы өзінің көзқарасын тұжырымдайды.

Объект ↔︎ әрекет арасындағы пропозициялық құрылым да ІІІ жақ субъект емес, объект болады. Сондықтан мұндағы коммуникативтік семантикаданың өзіне тән мынадай ерекшелігі бар: сөйлеуші адамнан тыс тұрған заттар мен құбылыстардың әрекеті туралы хабар береді. Және сөйлеуші де тыңдаушы да жанама түрде көрініс тауып, жасырын тұрады.

Сөйлем ішіндегі матаса байланысқан сөздерге тән коммуникативті семантика субъект ↔︎ зат арасындағы пропозициялық құрылымнан тұрады. Оның құрамындағы сөздер нақты ұғымдардың, абтракт ұғымдардың қатынасын, нақты ұғым мен абстракт ұғымдардың қатынасын көрсетіп, бірнеше коммуникативтік семантикалық мағыналарда жұмсалып, тілдік қатынас құралына айналады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Етістікті болымсыз сөйлемдер
Қазiргi қазақ тiлiндегi бір құрамды сөйлемдер
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің өзіндік грамматикалық ерекшеліктерін олардың семантикалық құрылымы арқылы зерттеу, мәнмәтіндік өзіндік грамматикалық ерекшеліктерін сипаттау
Белгісіз жақты сөйлем
Етістіктердің семантикалық құрылымы
Қазіргі қазақ тіліндегі қатысымдық тұлғалар
Мезгіл мəнді құрмалас сөйлемдер
Қазақ тіліндегі сұраулы сөйлем
Оқшау сөздердің сөйлемдегі қызметі
Баяндауыш.туралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz