Қазақстанда құқықтық мемлекеттің қалыптасуы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 71 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны
Кіріспе 3
1 Қазақстан мемлекеті конституциялық-құқықтық институт ретінде 6
1.1 Қазақстан Республикасында конституциялық құрылымның қалыптасу 6
негіздері 6
1.2 Қазақстанда құқықтық мемлекеттің қалыптасуы 23
2 Қазақстан Республикасында конституциялық құрылымның нығаюы 41
2.1 Қазақстан республикасының басқару нысаны 41
2.2 Қазақстан Республикасының конституциясы – демократияны одан әрі 56
дамытудың факторы 56
Қорытынды 67
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 71

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Әр мемлекеттің өзіне тән, ортақ көрінісі – бұл
мемлекетті ұйымдастыруда және мемлекеттік құрылымында өзіне ғана тән
үйлесімді ерекшеліктің болуы, осыған байланысты мемлекеттің аумағы оның
ішкі құрылысын анықтайтын құрамды бөлшектерге бөлінеді. Сол аумақтық
құрылымның көлемінде мемлекеттік аумақтық бөлшектерінің жүйесі
қалыптасады. Мемлекет құрылымы – мемлекет нысанының екінші элементі. Бұл
ұлттық, мемлекеттік қатынастарды, әкімшілік-аумақтық жүйені, олардың
ерекшеліктерін бейнелейді, соның ішінде конституциялық құрылым бұл – сол
елдің Конституциясында бекітілген, мемлекетті құрудағы ерекше бір әдіс
немесе ерекше нысан. Конституциялық құрылымның қалыптасу тарихын
зерделеудің теориялық, сондай-ақ тәжірибелік те мәні бар. Себебі, ол өзінің
ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық сабақтастықты білдіреді және
Конституциямен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет пен қоғам
құрылымының негізін құрайды, сонымен қатар мемлекеттік биліктің жүзеге
асуымен тікелей байланысты жүргізіледі.
Қазақстанның конституциялық құрылым өткенін, тұрақты және қалыптасушы
эволюциясымен қатар, мемлекет пен қоғам өміріндегі орны мен рөлін анықтай
отырып, Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекеттілікті жетілдірудің
қажетті шарты ретіндегі қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, азаматтардың
әлемдік танымын қалыптастыру, қоғамдық және құқықтық мәдениет және жеке
құқық танымын арттыру мақсатына сай ұлттық құқықтың негізі ретіндегі
Конституцияның мән-маңызын меңгерту, Қазақстанның құқықтық жүйесінің
дамуының алғы шарты мен мәселелерін таныстыру, қазақстандық мемлекеттік-
құқықтық механизмінің жетілдірілуінің құқықтық жолдарын анықтау зерттеу
жұмысының өзектілігі болып табылады. Төл тарихтың интеллектуальдық-ғылыми
әлеуеті мен рухани құндылықтарын ашып көрсетіп, өзіндік салт-санасы, болмыс-
бітімі, парық-зердесімен үшінші мыңжылдық табалдырығынан аттаған Қазақстан
Республикасы Конституциясының да және оның жалпы құқықтық жүйеден алар орны
туралы тиісті деректерді жан-жақты қамтыған жөн. Ал, осы сынды өзекті
мәселені – Қазақстанның конституциялық мәртебесін тәуелсіз Қазақстан
Республикасының Конституциялары айқындап берген болатын. 1993 жылы
Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарынан,
қолданыстағы 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы
қабылданғанға дейінгі кезеңдегі тәуелсіз Қазақстанның дамуында маңызды
белес болды. Бұл қабылданған заңнама Қазақстан Республикасының қоғамдық
қатынастарын реттеудегі әрі ағымдағы заң шығармашылығы дамуының пәрменді
құралы болды. Ал, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы
Республиканың қоғамдық және мемлекеттік құрылымының негіздерін бекіткен
негізгі заң болып табылады. Сондай-ақ, жалпы заңнаманың, соның ішінде
конституциялық заңнаманың негізі болып табылады. Республика өз заңнамасын
түзуде халықаралық құқықтық актілерді, сонымен қатар Қазақстанның басқа
елдермен жасаған және Республика тарапынан ратификацияланған келісімдерді
Қазақстан халықтарының келелі мәселелері үшін қолдануда маңызды да өзекті
шаралар болып табылады.
Ғылыми жаңашылдығы мен қолданбалық маңызы. Әр мемлекеттің өзіне тән
ортақ көрінісі – мемлекетті ұйымдастыруы мен мемлекеттік құрылымындағы
үйлесімділік ерекшеліктері. Елде халық билігінің шын мәнісінде толық
қамтамасыз етілуі мен көрінісі. Зерттеу жұмысын бір ғана көзқарас
тұрғысынан жазып қана қоймай, өзіндік жан-жақтылық тұрғысынан да ашып
көрсетуге бастама салынды. Құқықтық мемлекет тұғыры – заңның жоғарғы
мәртебесінде, Конституцияның мызғымас беріктігінде. Сонымен қатар,
жаһандану құбылысы әлем мемлекеттерінің әрқайсысының өзіндік даму жолы бар
екенін көрсетті. Бұл жағдайда Қазақстан мемлекетінің даму қағидасы әлемдік
экономикаға енуде екенін Елбасы өз жолдауларында бірнеше рет айтқан және
осы қағида Конституцияда да өз орнын тапқан. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан
Жолдауы аясынан бағалайтын болсақ, тарихи өлшем тұрғысынан біздің
мемлекетіміз әлемдік экономикаға бойлай кіріп біршама биік асуларды алғанын
өркениетті елдер мойындағаны барлық Қазақстан халықтарына айтпаса да
түсінікті болары хақ. Егемендік сапарымыздың биігінен талдасақ экономика,
еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық, ұлтаралық келісім, болған
түсініспестік пен қайшылықтарды Заң негізінде реттеу т.б. осы құжатты
бүкіл қоғам мүшелерінің мақұлдап қабылдауының обьективті нәтижесі.
Зерттелу деңгейі. Қазақстан Республикасында конституциялық құрылымы
жөнінде көптеген ғалымдар, заңгерлер біршама еңбектер, зерттеулер жүргізген
және әлі де бұл тақырып өз өзектілігін жоғалтқан емес. Әсіресе Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері және ҚР Президенті ретіндегі Қазақстан халқына
Жолдаулары; Бурханов К.Н. История и современность основного закона в
казахской государственности; Нысанбаев А.Н. Конституционные реформы как
новый этап модернизации современного казахстанского общества; Аяған Б.Ғ.
Егеменді елдің конституциясы – ізденіс пен тұрақтылық кепілі;Ударцев С.
Ф. Некоторые вопросы конституционного развития Казахстана в современный
период; Мадуан С.М. Мемлекет және қоғам: Қазақстан республикасының
конституциясы демократияны одан әрі дамытудың факторы; Жексембекова В.А.
Влияние конституционных реформ на демократизацию Казахстанского общества;
Абдуалы А.Б Президенттің Қазақстан халқына жолдауы мемлекеттің жаңа
мазмұндық кезеңі. Аталған еңбектер мен зерттеулер орнықты және тұрақты
конституциялық құрылымның қажетті деңгейде зерттеліп жатқанының айқын
көрінісі.
Зерттеудің мақсаты. Әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан
іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні
қол жеткізілгенмен шектеліп қалмайды. Ұлттық құқықтың уақыттың жаңа
талабына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің құрылымын
қалыптастыру және оны іргелі ету практикасын одан әрі жетілдіру қажет. ХХІ
ғасырдың бірінші он жылдығы Қазақстанда конституциялық құрылыстың жаңа
кезеңімен атап өтілді. Конституциялы негізінде билік қатынастарының жүйесі
жаңғыртылды, олар бүгінде мемлекеттегі істің жай-күйіне бұрынғыдан да үлкен
жауапкершілік алады. Мемлекет пен қоғам қатынастарының үйлесімділігі
бағдарының нәтижесінде мемлекеттік және қоғамдық институттардың неғұрлым
белсенді өзара іс-қимылына конституциялық тыйымдар мен шектеулер алып
тасталды, бүгінде елімізде ішкі жағдайы мен қажеттіліктеріне толықтай сай
келетін мемлкеттік даму жолы жаңартылды. Бұл ретте уақыт тезінен өткен
мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісінің өлшемдері негізінің сақталуын
баяндау негізгі мақсатым болғандықтан, соған орай төменде келтірілген
міндеттерді шешуді алға қойдым.
Зерттеудің міндеттері:
- Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің негізі ретінде, мемлекеттік
билік пен құрылымның мәнін жан-жақты танып-білуі үшін Қазақстан
Республикасы Конституциясы маңызды фактор екенін айқындау;
- 1993 -1995 жылдардағы қабылданған конституцияларға өзіндік талдаулар
жасау;
- Егеменді даму жағдайында жүзеге асырылынып жатқан конституциялық
реформалардың халық еркінің айқын көрінісі екенін ашып көрсету;
- Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетіміздің
мазмұнын сараптау.
Зерттеудің объектісі ретінде тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік
жағдайында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциялары,
демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік Қазақстан Республикасында
конституциялық құрылымның қалыптасу жағдайы қарастырылады.
Теориялық және әдіснамалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижесі осыған
дейін жалғасып келе жатқан конституциялық заңнамалар мен Ата заңымыздың мән-
маңызы, нәтижелері мен қорытындылары, олардың атқарған қызметтері туралы
ғылыми ұғымдарының тұжырымдары пікірталаста өзіндік пікір білдіру ретінде
сипатталады. Келтірілген кейбір деректер кешені мен өзіндік ғылыми
талдаулар мен ой қорытындылар Ата Заңымызды одан әрі қалыптастыруда еленері
хақ.
Деректік негізі. Конституциялық құжаттарға, құқықтық заңнамаларға
байланысты ұлттық баспасөздерде жарық көрген деректемелік мағлұматтар; жеке
адамдар жасаған құжаттар, еңбектер, естеліктер, шығармалар, туындылар;
Кеңес өкіметінің, Коммунистік партияның құжаттары; арнайы зерттеулер; ХХ
ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың бастапқы кезеңдерінде жазылған зерттеулерді
талдау, жүйелеу жұмыстарына және оған баға беруге бұған дейін жазылған
тарихнамалық еңбектерге талдау жасау, әсіресе, адам мен азаматтың негізгі
құқықтарын, бостандықтарын және міндеттерін бекіткен, әрі оларды қамтамасыз
ету мен қорғаудың негізгі қағидаларын айқындайтын нормативтік құқықтық
еңбектер зерттеу жұмысының деректік қоры болып саналады.

1 Қазақстан мемлекеті конституциялық-құқықтық институт ретінде

1.1 Қазақстан Республикасында конституциялық құрылымның қалыптасу

негіздері

Қазіргі Қазақстан мемлекеті – ерекше тарихи оқиғалардың жемісі. 1917
жылғы Қазан революциясынан кейін Қазақстан аумағында саяси автономия –
Қазақ Автономиялық социалистік республикасы құрылды [1,67-68].
Қазақстанның заң жүзінде Қазақстан атанғанына бір ғасырдай уақыт
болды. 1920 жылы 26 тамызда РКФСР құрамында Қазақ Автономды Социалистік
Республикасы құрылды. Осылай 20-жылдардың басында Қазақстанда социалистік
құқықтық жүйенің, конституциялық құрылымның негіздері қаланды. Қазақстанда,
негізінен, РКФСР заңдары қолданылды, ал өлкенің ерекшеліктерін ескерген
заңдар Кеңестік Ресей Конституциясын және Заңдарын басшылыққа алды.
1926 жылы 18 ақпанда ҚазАКСР ОАК-ті ҚазАКСР-ның Конституциясының
жобасын қабылдады. Конституциясының жобасын жасау алғаш рет 1920 жылғы
ҚазАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезінде көтерілді. Конституция жобасы БОАК-
тың бекітуіне тапсырылды. Алайда, БОАК жобаны қарамады [2,17-18].
Бұған дейінгі тарихи және құқықтық әдебиетте Конституцияның 1926 жылғы
жобасы жөнінде тым аз айтылды. ҚазАКСР-ының тұңғыш Конституциясының жобасы
7 бөлім, 18 тарау, 103 баптан тұрды.
Жобаның бірінші бөлімі ретінде 1920 жылғы бүкілқазақтық Құрылтай
съезінде қабылдынған ҚазАКСР-ның еңбекшілері құқығының декларациясы енді.
Декларацияда ҚазАКСР-ның РКФСР құрамындағы автономиялы мәртебесі көтеріліп,
оның басқару органдары жергілікті совдептер, ҚазОАК және Халкомкеңес
екендігі атап өтілді. Патша заманындағы езу мен тонаудың жойылып,
халықтардың бірігіп жаңа қоғам құруға бағыт алғандығы, бұл қоғамда адамды
қанаудың барлық түрлерінің жойылғандығы атап өтілді. Барлық зауыт, фабрика,
рудник, банктердің мемлекет қолына өтетіндігі, жерге жеке меншіктің жойылуы
заңдастырылды. Республикада жалпыға бірдей еңбек ету міндеттілігі
енгізілді. Сауатсыздықты толық жою міндеті қойылып, білім берудің тегін
екендігі жарияланды. Қазақстан жерінде РКФСР заңдарының жүзеге асатындығы
көрсетілді. Қазақ әйелінің құқықтары ерлермен теңестірілді.
Жобаның екінші бөлімінде өтпелі кезеңнің негізгі міндеті ретінде қала
мен село пролетариатының, кедей қазақтардың және шаруалардың қуатты Кеңес
өкіметі түріндегі диктатурасын орнатып, буржуазияны, байлар мен кулактарды,
ұлттық езгіні жою көрсетілді. ҚазАКСР-да қазақ және орыс тілдері
мемлекеттік тіл болып табылды. Бүкіл заң актілері екі тілде жарияланды.
Азаматтарға жиналыс, шеру жасау т.б. құқықтары беріледі. Шіркеу
мемлекеттен, мектеп шіркеуден бөлінеді. Азаматтарға жиналыс, шеру жасау
т.б. құқықтары беріледі. Шіркеу мемлекеттен, мектеп шіркеуден бөлінеді.
Жобаның үшінші бөлімі ҚазАКСР-ның территориясына арналып, оған кіретін
губерниялар мен облыстар аталған. 4-9-бөлімдер Бүкілқазақтық съездерге,
ҚазОАК-қа және оның Президиумына, Халық Комиссарлар Кеңесіне, Халық
комиссариаттарына және олардың құқықтық жағдайлары мен мәртебесіне
арналған. Мәселен 22-бапта ҚазАКСР-де жоғары өкімет билігі кеңестердің
Бүкілқазақтық съезі деп көрсетілген. Осылай әрбір жоғары мемлекеттік
органдардың құрылымы, міндеттері мен құқықтары анықталған, олардың актілері
көрсетілген. 10-тарау Губерниялық уездік, болыстық кеңестердің съездеріне
арналған және осы съездердің сол территорияларда жоғары билік иесі
екендігі, ал съездердің аралығында билік иесі съезд құрған атқару
комитеттері екендігі көрсетілген (64-бап). 11-тарауда Кеңес өкіметі
органдарының жергілікті жердегі міндеттері анықталған. 70-бапта олардың
құзырына сол территориядағы барлық мәселелерді шешу және бүкіл кеңестік
қызметті атқару жататындығы атап өтілген.
Бесінші бөлімде активті және пассивті сайлау құқығы қарастырылған.
Сайлау құқығы 18 жасқа толған азаматтарға берілді. Сайлау құқығынан
айырылған азаматтардың категориясы 79-бапта көрсетілді. Оларға: пайда табу
үшін жалдамалы еңбекті пайдаланушылар; еңбексіз табыс табатындар; жеке
саудагерлер, сауда және коммерциялық делдалдар; діни қызметкерлер; бұрынғы
полиция, жандарм және күзет бөлімінің агенттері мен қызметкерлері; жүйке
ауруына ұшырағандар т.б. жатты. Бюджет құқығы бойынша ҚАКСР-дің бюджеті
РКФСР бюджетімен бірікті. Жобада мемлекеттік органдарының бюджетке қатысты
құқықтары анықталды [2,20-27].
ҚазАКСР-ның Конституцияның жобасы БОАК тарапынан бекітілмегендіктен,
Қазақстан территориясында РКФСР конституциясы қолданылды. Кеңес үкіметі
заңы бойынша, Федерацияның орталық органы Конституция бекіту керек еді. Ол
Ресей Федерациясының орталық комитеті еді. Сондықтан 1920 жылдан 1937 жылға
дейін Қазақстанда Конституциясы болған жоқ.
1936 жылы Қазақ АСР-ы одақтас республикасы болып қайта құрылды. Қазақ
одақтас республикасы 1937 жылғы Конституция бойынша жұмысшылар мен
шаруалардың социалистік мемлекеті болып есептелді.
1936 жылы КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданды да, ол
Конституцияның негізінде Қазақстан Автономиясы субект дәрежесіне көтеріліп,
Одақтас Республикаға айналды. Ал одақтас Республиканың Конституциясыз бар
болуы мүмкін емес-ті. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының тұңғыш
Конституциясы қабылданды. Өз кезегінде бұл Конституция 1978 жылға дейін
қолданыста болды. Өйткені, сол жылы КСРО-ның үшінші Конституциясы
қабылданды. Осы өзгеріске байланысты, Конституцияны қайта қарауға тура
келді. Конституция жобасын әзірлеу үшін Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің
Президиумы жұмысшы тобын құрып, қызу талқылау басталып кетті. Ақырында не
керек, ол қабылданып, 1993 жылға дейін өз күшінде болды. Бұл енді жаңа
дәуір іспетті кезең еді. ҚазКСР-ының 1978 жылғы Конституциясында "бүкіл
халықтық социалистік мемлекет дегеніміз республикадағы барлық ұлт
жұмысшыларының, шаруаларының және интеллигенциясының, еңбекшілерінің еркін
білдіруші"деп жазылды [3].
Қайта құрудың соңына қарай Кеңес Одағының орталық органдарының
билігі әлсіреп, керісінше одақта републикалардың құқықтар күшейе түсті.
Алдымен Ресей Федерациясы, Украина КСР-ы өздерінің егемендіктерін
жариялады. Одақты реформалауға бағытталған жаңа одақтық шарттың жобасы
жасалып жатты. Осындай жағдайда 1990 жылы 25 қазанда Республиканың
Жоғарғы Кеңесінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының
егеменділігі туралы Декларациясы қабылданды. КазКСР Жоғарғы Кеңесі
Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, ұлттардың өзін-өзі еркін билеу
құқығын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына
отырып, демократиялық, құқықтық мемлекет құруды негізге алып, Қазақ КСР-ның
мемлекеттік егеменділігін жариялады және осы декларацияны қабылдады [4].
Декларация 17 баптан тұрды Қазақ КСР-і егемен мемлекет , ол басқа
республикалармен егеменді республикалар Одағына ерікті түрде бірігеді
және өзара қатынастарын шарттық негізде құрады. Одақтан еркін шығу
құқығын сақтайды. Декларацияда алғаш рет Республиканың барлық ұлт
азаматтары Қазақстан халқын құрайды, әрі ҚазКСР егемендігінің бірден-бір
иесі және мемлекеттік өкімет билігінің негізі болып табылады деп
көрсетілді. Республика халқы атынан КазКСР Жоғарғы Кеңесінің іс-қимыл
жасауға құқығы бар. Азаматтардың теңдігі атап өтіледі. Қоғамдық, саяси,
діни ұйымдарға мемлкет пен қоғам өміріне қатысу үшін кепілдіктер
берілді. Мұндай нормалар ол кезең үшін демократиялық өзгерістер қатарына
жатты. Мемлекеттік өкімет билігі заң шығару, атқару, сот билігіне бөліну
принципі бойынша жүзеге асырылды. Заң шығару жоғарғы кеңеске берілді.
Президент Республиканың басшысы болды және ең жоғарғы өкімдік-атқарушы
билік болып есептелді. Сот билігін Жоғарғы Сот жүргізді. КазКСР Бас
Прокурорының кандидатурасын Республика Президенті КСРО Бас Прокурорымен
келісе отырып ұсынады және оны КазКСР Жоғарғы Кеңесі бекітеді. Алғаш рет
КазКСР территроиясында, оның өз еркімен Одаққа берген мәселелерін
қоспағанда, КазКСР Конституциясымен заңдарының үстемдігі орнатылады деп
жазылды. Бұл егеменділіктің өзекті қағидаларының бірі еді. Осыған орай
ҚазКСР-і өз егемендікке қайшы келетін Одақ Заңдарын тоқтата алды.
Меншікті алуан түрлілігі және олардың теңдігі қамтамасыз етілді.
Республика өз бюджетін дербес қалыптастырды. Республикада ядролық қаруды
сынауға, ол үшін полигондар салуға тыйым салынды. КазКСР-ның өз ішкі
әскерлерін, мемлекет қауіпсіздігі және ішкі істер органды ұстауға
құқылы болды. КазКСР-ы халықаралық қатынастардың дербес субьектісі ретінде
Біріккен Ұлттар Ұйымына дейінгі ұйымдарға қатысуға құқылы болды.
Қазақстанның егемендік құқықтарын КазКСР-ы жүзеге асырды. Бірақ оның
ажырағысыз егемендігін ешкім бұза алмады. Декларация Одақтық шарт жасау.
КазКСР-ның жаңа Конституциясын, егемендік мәртебесін жүзеге асыратын
заң актілерін жасауға негіз болып табылды. Егемендік декларациясын
қабылдау шын мәнінде үлкен тарихи оқиға болып, тәуелсіздікке жету
жолындағы соңғы саты болып табылды [5,71-72].
1991 жылы 10 желтоқсанды Қазақ КСР-ң атауы Қазақстан Республикасы
болып өзгерді. Осы 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, онда
Қазақстан Республикасының мемлекттік тәуелсіздігі салтанатты түрде
жарияланды. 7 тарау, 18 баптан тұратын бұл Заң Қазақстанның мемлекеттік
құқықтық тарихының жаңа тәуелсіздік бетін ашты. Заңнын 1-ші бабында
былай жазылды: Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және
құқықтық мемлекет. Қазақстан Республикасы территориясында тек өз заңдар
және ол таныған халықаралық құқық нормалары қолданылады. Конституциялық
заңның екі тарауы Қазақстан Республикасы ұлттарының азаматтары біртұтас
Қазақстан халқын құрайды. Бұл халық егеменділіктің бірден-бір иесі,
мемлекеттің қайнар көзі болып табылады, азаматтар барлық жағынан тең
құқыққа ие екендігі көрсетіледі. Қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында
тұратын басқа да ұлт өкілдерінің тілі, мәдениеті мен дәстүріне ерекше мән
беріп, олар мемлекет қамқорлығына алынады. Қазақстан Республикасы
мемлекеттік өкімет органдарына арналған 3-тарауда биліктің заң шығарушы,
атқарушы және сот билігі болып бөлінуі бекітілді. Қазақстан Республикасы
атынан сөйлеу құқығы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Президентке
берілді. Мұндай құқық егемендік Декларациясында тек Жоғарғы Кеңеске
берілген еді. Ел Президентінің билігі өсіп, ол республика халқының атынан
сөйлеуге құқылы болып, Қазақстан Республикасының басшысы және атқарушы
өкіметі болып табылды. Атқару билігі толығымен Президент қолына шоғырланды
[6, 56-58].
Сот билігін Қазақстан республикасының Жоғарғы Соты мен Жоғарғы
арбитраждық Соты атқарды. Конституциялық сот туралы норма енгізіліп, ол
Конституцияны сот арқылы қорғайтын жоғарғы орган болып табылды [7,71].
Заңда тәуелсіздікті қорғау үшін Қазақстан Республикасының өз қарулы
күштерін құратыны, өз территориясында әскерлер, қару-жарақ пен техника құру
мәселелерін шешетіні айтылды. Қазақстан Республикасы территориясына қол
сұғылмайды. Осылай Қазақстан Республикасының тұңғыш рет мемлекеттік
тәуелсіздігі туралы заң қабылданып, оны қорғаумен дамытудың да негіздері
қаланды. 1992 жылы 3 наурызда Қазақстан БҰҰ , онан кейін т.б.
халықаралық ұйымдарға мүше болды. 1991 жылы 1 желтоқсанда Н.Ә. Назарбаев
бүкіл халықтық дауыс беру арқылы Қазақстан Республикасының тұңғыш
Президенті болып сайланады. 1992 жылы ақпанда жергілікті жерде жаңа
әкімшілік институт енді. "Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы
заң" қабылданып, онда жергілікті атқарушы органдар ретінде Президент
тағайындаған әкімдер мен жергілікті өкілді органдар ретінде жергілікті
Кеңестер бекітілді. Негізгі атқарушы билік пен басқару жүйесі әкімдердің
қолында болмағанмен жергілікті кеңестер өз қолында үлкен билікті сақтап
қалған. Заң бойынша кеңестер ұйымдастыру, атқару, басқару жұмыстарымен
айналыспай-ақ, өздерінің сессиялары мен тұрақты комиссиялары арқылы
әкімдердің жұмысына бақылау жасай алатын болды, әкімдердің есебін тыңдап,
оларға сенімсіздік таныта алды. Бұл жағдай әкімдердің жұмысын біршама
қысымға ұшыратты. Екінші жағынан әкімдерді өкілді орган ретіндегі
Кеңестерге менсінбей қарау фактілері кездесті. Әкімдер өздерін жеке дара
билік ретінде көрсетуге тырысты. Олар көбіне жекешелендіруге көңіл бөліп
жаңа мүлік иелерінің, кәсіпкерлердің шығуына жағдай жасалды. Аз уақытта
Қазақстанда жекешелендіру арқылы, мемлекеттік кепілдікке берілген
несиелерді алу арқылы, банктерден кейінірек инфляцияға ұшырап құны тым
төмендеп кеткен несиелерді алу арқылы, инвестициялық қорлар құру т. б.
жолдармен жаңа кәсіпкерлер тобы қалыптасты [8, 34-35].
1993 жылы 28 қаңтарда егеменді, тәуелсіз Қазақстан Республикасының
алғашқы Конституциясы қабылданды. Бұдан ширек уақыт бұрын Қазақстан
одақтастар құрамынан шығып, өзі алдына жеке отау тікті. Әрине, орын алған
жаңа жағдайға байланысты, ең бастысы уақыт талабына сай, тәуелсіз жас елдің
жаңа Конституциясын қабылдау керек болды. Ол Конституцияның жобасын әзірлеу
үшін Қазақ КСР Жоғары кеңесінің Президиумы жұмыс тобын құрды. Оны басқару
Ғайрат Сапарғалиевқа жүктелді. Осы топтың жұмысын бақылау үшін Жоғарғы
Кеңес және де құзырлы орган – Конституциялық комиссия құрылды. Ол
комиссияның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болатын. Әрине, 1993 жылғы
Конституция жобасын әзірлегенде көптеген қиындықтар болды. Мысалы,
Конституциялық комиссияға енгізілген депутаттар кеңес заманында сайланған
құрам еді. Және де олар, әлі де болса, кеңестік көзқараста болатын. Ал ол
сана бойынша, Жоғарғы Кеңес ең жоғарғы билік органы болу керектін. Бұл не
істеймін десе де, өз еркі деген сөз. Оның билігін ешкім шектей алмайтын.
Бұл көзқарас шындап келгенде, ақыры, Конституцияда да көрініс тапты.
Алайда, заман басқаша талап қойды. Жоғарғы Кеңеске бұрынғыдай барлық
биілікті беріп қоюға болмайтын еді. Ал Жоғарғы Кеңес Үкімет не болмаса
Президент бірнәрсе жасай бастаса болды, қарсылық білдіруге көшетін. Бұл
жүйе ол шақтағы сындарлы жағдайға сай, шұғыл шешім қабылдауға мұрша
бермейтін. Үкімет болса, уақыттан ұтылып жатты. Сонымен, Жоғарғы Кеңес заң
шығаратын орган күйінде қала ма, әлде басқаша бола ма? деген сұрақтар
шешімін күтті. Осыған орай, Жоғарғы кеңес екі палатадан тұрса екен деген
пікір білдірушілер болды. Жобаны әзірлеушілер жобаның барысы жайлы әр 10
күн сайын Конституциялық комиссияның мүшелеріне баяндап отырды. Сонымен,
бір жылдан кем уақытта Конституцияның жобасы жасалып бітті. Одан, Жоғарғы
Кеңестің сессиясы қарауына түсті. Сессия қарап болысымен, 1993 жылдың 28
қаңтарында жаппай мақұлданып, заңдық күшіне ие болды. Конституцияны
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдады. Конституция жобасы
бүкіл халықтық талдаудан өтті. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы
Конституциясы тарихи маңызы жағынан аса айтулы, Қазақстанның егемендік
алғаннан кейінгі тұңғыш заңнамалық актісі еді, сол себепті тәуелсіздік
алғаннан кейінгі алғашқы негізгі Заң болып табылады [9, 92-93].
Бірақ ол Конституцияға да кезең-кезеңімен көптеген өзгерістер енгізіп
отыруға тура келді. Мемлекеттік құрылыс, жүйе өзгеріске ұшырап жатқанда,
мұнсыз еш болмайтын еді. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылымын
жетілдіру мен жаңа демократиялық, нарықтық қатынастарды реттеуге
бағытталған заңдарын қабылдау одан әрі жалғасты. Конституция қоғамда болып
жатқан өзгерістерге жауап беруге тиісті. Сондықтан, сол жылдың
желтоқсанында Жоғарғы Кеңес өзін-өзі тарқатты. Бір сөзбен айтқанда, заң
шығаратын өкілеттілікті Президентке уақытша тапсырды. Сөйтіп, Елбасы өз
Жарлығымен қажетті заңдарды шығарып отырды. Әйтсе де, ол заң тілінде заң
деп аталмайды. Заңдық күші бар Президент Жарлығы деп аталды. Бұны жұрт
Жоғарғы Кеңестің сайлауына дейін деп ұйғарды. Содан, 1995 жылдың наурыз
айы да келіп жетті. 1995 жылы 29 сәуірде бүкілхалықтық референдумда
Қазақстан Республикасы Перзидентінің өкілеттілігі 2000 жылдың 1
желтоқсанына дейін ұзартылды. 1994 жылы 16 сәуірде Қазақстан
Республикасының Президентінің ҚР Президенті мен Министрлер Кабинетінің
аппаратын қайта өзгерту туралы Жарлығы шықты. Енді не істеу керек?
Жоғарғы билік Президенттің қолында. Елбасы да бұл қалыпқа жаңғырту жасалуы
керек деген мәселе көтерді. Мына жақтан реформалар жалғаса берді.
Жетілдірілген Конституция жобасын әзірлеу үшін де жұмыс тобы құрылды. Ол
Конституцияны әзірлеу наурыздан маусымға дейін созылды. Президент жарлығы
бойынша, ол халықтың мақұлдауына ұсынылатын болды. Реті келгенде айта кету
керек, бұл өте ерекше жағдай еді. Бұл демократияның нағыз көрінісі,
халықпен санасу болатын. Ізінше, халық бұл құжаттың жүзеге асуын құптады,
яғни дауыс берді. Бұл 1995 жылдың 30 тамызы болатын. Оны кәсіби тілде
референдум дейді. Бұқара 80 пайыз дауыспен, қазіргі қолданыстағы ҚР
Конституциясын бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдады [10, 34-35].
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы дербес мемлекеттің
барлық белгілерін қалыптастыру процесін аяқталғанын белгіледі деп толық
сеніммен айтуға болады.
Қазақстанды мемлекет деп тануға мүмкіндік беретіндей негізгі шартты
белгілер: өзінің аумағы, өзінің Конституциясы, өзінің Парламенті (Жоғарғы
Кеңесі), Үкіметі, Сот жүйесі, өзінің азаматтығы және атрибуттары болды. Іс
жүзінде, аумақ одақтық органдардың шешімімен өзгертілетін болды (мысалы,
Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігі Қазақстан халқымен келіспестен Өзбекстан
Республикасына берілді, оның теріс зардаптары болды). Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесі қабылдаған заңдар одақтық заңдардың тұжырымдамаларына негізделді.
Қазақ КСР Үкіметі демократиялық орталықтандыру, яғни одақтық үкіметке
сөзсіз бағыну принципімен жұмыс істеді. Қос азаматтық – республиканың
және КСРО-ның азаматтығы болды. Мемлекеттіліктің басқа атрибуттары да
одақтық мемлекеттің бөліктері болды [11].
Шын мәнінде, Қазақ КСР-ын мемлекет деп санауға негіз болмады, яғни
дербес, тәуелсіз және егемен саяси ұйымы бар мемлекет болған жоқ.
КСРО-ның ыдырауымен Қазақ КСР-ы дербес, егемен мемлекетке айналды.
1991 жылы тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі бес жылдың ішінде Қазақстанда
мемлекеттіліктің негізгі атрибуттарын қалыптастыру процесі жүрді.
Қазақстан Республикасында мемлекет ұғымы әр қырынан қаралады.
Конституцияның 1-бабында: "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық,
зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең
қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" деп
жазылған. Біріншіден, Конституция бойынша мемлекет өзін қоғамды құрудың
белгілі бір саяси нысаны ретінде көрсетеді. Қоғамды бұлайша құру онда
тұратын халықтың (жалпы тарихи тағдырлары сабақтас Қазақстан халқы) белгілі
бір аумағының (мемлекеттілік байырғы қазақ жерінде құрылады) болуымен
сипатталады. Екіншіден, Конституция орныққан мемлекетті демократиялық, яғни
халық билігіне негізделген мемлекет деп сипаттайды. Қазақстанның мемлекетті
халықтық дей отырып, оған таптық реңк берген 1978 жылғы Конституциясынан
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының ерекшелігі – ол
мемлекетті белгілі бір таптың қаруы ретінде танымайды, халық біртұтас
әлеуметтік-саяси құбылыс деп есептеледі. Мұндай түсініктемеде демократия
халық билігі ретінде формальды түрде бастапқы мәнге ие болады. Үшіншіден,
Конституция мемлекетті мемлекеттің жоғары және жергілікті органдарының
жүйесі ретінде бейнелейді. Сондықтан да Конституция мемлекеттік биліктің
барлық негізгі буындарына сипаттама береді. Конституция барлық мемлекеттік
механизмді сипаттамайды. Ол оның негізгі сұлбасын бейнелей отырып, өмір
сүреді, тұрақты қызмет етеді және оның құрылу, басқару нысандарын
сипаттайды. Төртіншіден, Конституция мемлекетке құқықтық шығармашылық
қызметті бөліп береді. Халық мемлекеттік биліктің бастауы болып
табылғанымен және тиісінше маңызды нормативтік актілер қабылдай алғанымен,
құқықтың ұлттық жүйесін тек мемлекет қана қалыптастырады. Қазақстан
Республикасының қолданылып жүрген құқығы тек референдум арқылы қабылдаған
Конституциядан ғана емес, сондай-ақ заңдардан және мемлекет органдары
қабылдайтын басқа да нормативтік актілерден тұрады. Басқа ешбір қоғамдық
саяси ұйымдар, бірлестіктер, кеңес мемлекетінде болғандай енді дербес те,
мемлекеттік органдармен бірігіп те нормативтік-құқықтық актілер қабылдай
алмайды. Сөйтіп, мемлекеттің дербес мәртебесі бекітіледі және бір саяси
партия тарапынан мемлекетке басшылық жасау мүмкіндігінің, саяси партияның
үстемдігін белгілеу мүмкіндігінің жолы кесілді. Бесіншіден, Конституцияға
мәжбүрлеу шарасын тек мемлекеттің ғана иеленетіндігі, биліктің
мәжбүрлеушілік сипаты тек мемлекетке ғана тән екендігі туралы қағида
айтылады. Қоғамның басқа ешбір саяси институты мәжбүрлеу қызметін жүргізе
алмайды. Мақсаты мен әрекеті конституциялық құрылысты және басқаларын
күштеп өзгертуді көздейтін ұйымдар құруға тек мемлекет қана тыйым салады.
Қандай да бір әрекеттің қоғам үшін, адамдардың өмірі, денсаулығы, ар-намысы
мен қадір-қасиеті үшін қауіпті болып табылатындығын тек мемлекет қана
белгілей алады. Тек мемлекетке ғана мәжбүрлеу шараларын қолдануға өкілеттік
берілген [12, 29-30].
Мемлекет көздеген мақсатын өзінің қызметі, яғни белгілі бір қызмет
бағыттары арқылы жүзеге асырылады.
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша саяси билік
мемлекетке берілген. Ол саяси көпқырлылықты тану аясында жүзеге асырылады.
Мемлекеттің қоғамдық бірлестіктердің, оның ішінде саяси партиялардың ісіне
заңсыз араласуына жол берілмейді. Мемлекет саяси және өзге де қоғамдық
институттардың қызметіне араласпау арқылы, олардың қалыпты жұмыс істеуіне
жағдай жасайды. Сонымен қатар, Конституцияда мемлекеттік органдарға саяси
басқа қоғамдық институттар тарапынан болатын теріс әрекеттердің жолын кесу
өкілеттігі берілген. Мемлекеттік органдар мемлекеттің қауіпсіздігін бұзуға,
әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты
қоздатуға бағытталған саяси, сонымен қатар, жалпы қылмыстық сипаттағы
әрекеттерді болдырмауы тиіс. Мемлекет сыртқы саяси күштердің елдің ішкі
жұмысына араласуына жол бермеуі керек. Сондықтан да, Қазақстан
Республикасының Конституциясы басқа елдердің саяси партиясы мен
кәсіподақтарының қызметіне жол берілмеуін көздейді. Саяси қызметті атқара
отырып, Қазақстан мемлекеті халықаралық құқық принциптері мен нормаларын
құрметтейді, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық және тату көршілік,
олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі ісіне араласпау халықаралық дауларды
бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді. Сөйтіп, саяси қызмет ел ішінде
сияқты, басқа мемлекеттермен қатынастарда да жүзеге асырылады.
2. Қазақстан мемлекеті экономикалық қызметті жүзеге асырады.
Конституцияда бұл қызметтің құқықтық негізі бекітілді. Біріншіден,
мемлекетке мемлекеттік меншікпен бірге жеке меншікті де қорғау жүктеледі.
Меншіктің барлық нысандарын кімнің тарапынан болсын заңсыз араласуының
қорғай отырып, мемлекет оларды пайдалану, кеңейту үшін қолайлы жағдай
жасайды. Екіншіден, мемлекеттік органдар заңдарда меншіктің субъектілері
мен объектілерін, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен
шегін белгілейді. Үшіншіден, мемлекет мемлекеттік кәсіпорындардың
экономикалық қызметін тура және тікелей реттейді, мемлекеттік меншік
объектілерін пайдаланудың құқықтық режимін айқындайды. Жер және оның
қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар
мемлекет меншігіне жатады. Мемлекет аталған экономикалық қатынас саласын
тікелей басқару мен реттеуді жүзеге асырады.
3. Қазақстан мемлекеті құқықтық негіздері Конституцияға енгізілген
әлеуметтік қызметті жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының
Конституциясына сәйкес адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары –мемлекеттің
ең құнды қазынасы болып табылады. Қатал экономикалық дағдарысқа қарамастан
мемлекет өз қызметін біртіндеп жолға қойып келеді. Білім беру, денсаулық
сақтау, әлеуметтік қамсыздандару, ғылым, мәдениет және тағы басқа
салалардың мемлекеттік бағдарламалары жасалуда. Қоғам үшін қолайсыз жағдай
қалыптаспауы үшін Қазақстан мемлекеті әр түрлі ұлттық топтардың, еңбек пен
капиталдың арасындағы қатынастарды реттеуге үлкен назар аударады.
Қазақстанның демократиялық мемлекет ретіндегі сипаттамасы Қазақстан
Республикасы Конституциясының көптеген бөлімдерінің мазмұнынан туындайды.
Сонымен бірге, формальды демократияның да, нақты демократияның да, яғни
мүмкіндігі жан-жақты кепілдіктермен қамтамасыз етілген демократияның да
болуы мүмкін. Қазақстан мемлекетінің демократиялық сипаты конституциялық
принциптермен белгіленеді. Мемлекет басшысының, Парламенттің, жергілікті
өкілетті органдар депутаттарының сайланбалылығы мемлекетті ұйымдастырудың
негіз боларлық қағидаттарының бірі. Демократиялық мемлекет қызметінің тағы
бір негіз боларлық принциптерінің бірі – мемлекет өміріндегі маңызды
мәселелерді демократиялық жолмен шешу. Оған дәлел ретінде: референдум
өткізу, Парламентте дауыс беру тәртібін атауға болады [13, 216-217].
Қазақстан мемлекетінің демократиялығы Конституцияның, жалпы алғанда
халықтың, әлеуметтік және ұлттық азшылық мүдделерін, жекелеген адамдардың
заңды мүдделерін қорғауға тілек білдірген, ынталы және қабілетті өкілдерін
өкілетті органдарға ұсынып, сайлауға мүмкіндік беретін демократиялық
нормаларды белгілеуімен көрінеді.
Қазақстан мемлекетінің демократиялығы референдумды демократиялық
жолмен өткізуден де көрінеді. Референдумды өткізу мынадай:
1) референдумға қатысу еріктілігі;
2) жабық сайлау кезінде азаматтарға референдумға қатысудың жалпыға
ортақ, тең және төте сайлау құқығының берілуі;
3) жариялылық қағидаларына негізделеді.
Конституцияны, конституциялық заңдарды, республика заңдарын, оған
өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері референдумға шығарылады.
Референдумға республиканың мемлекеттік өміріндегі өзге де шешілуіне қатысты
өте маңызды мәселелер енгізілуі мүмкін.
Қазақстан мемлекетінің демократиялылығы азаматтар мен олардың
бірлестіктері арқылы мемлекеттік органдардың басқарушылық шешімдер
шығаруына ықпал ету және оны өз мүдделері тұрғысынан жүзеге асыру
мүмкіндігінен көрінеді. Ол үшін Конституция белгілі бір жағдайлар
қарастырады. Оның ең маңыздыларының бірі – демократиялық саяси режим болып
табылады [14,321-322].
Саяси режим дегеніміз – қоғамда саяси билікті жүзеге асырудың
әдістерінің, тәсілдерінің, нысандарының жүйесі. Саяси режим мемлекеттің
мәні, оның қоғаммен, жекелеген адамдармен, ең бірінші кезекте
конституциялық құқық нормаларымен реттелген нысандары ретінде сипатталады.
Саяси режим конституциялық нормалар қызметінің деңгейін нақты айқындайды.
ҚР Конституциясы демократиялық саяси режимді көздейді. Біріншіден, ол
өкілетті және тікелей демократия институттарының орнықтырылуынан көрінеді.
Әрине, бұл институттарының заңмен бекітілуі тұрғысында ғана емес, мәселе
мынада: олар азаматтардың мемлекеттік органдардың қалыптасуына, мемлекет
саясатын белгілеуге, оны жүзеге асыруына қатысуын қамтамасыз ету мақсатында
қызмет істей алуы керек. Екіншіден, демократиялық саяси режим азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарының кең ауқымда нығайтылуынан және оны жүзеге
асыру кепілдігінің қамтамасыз етілуінен көрінеді. Конституция кәсіпкерлік
еркіндікке көп көңіл аударған. Олардың ісін заңсыз қолсұғушылықтан
қорғайды. Үшіншіден, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуына
кең жол ашады. БАҚ тәуелсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың
қызметіндегі келеңсіз жайттарды, лауазымды адамдардың заң бұзушылығын
анықтауды және белгілі бір деңгейде заңдылықты нығайтуға игі ықпал етеді.
Төртіншіден, ҚР Конституциясы таныған саяси пікір алуандығы түрлі, оның
ішінде оппозициялық ұйымдарды құруға да мүмкіндік береді. Бұл сөз жоқ,
қоғамды басқарудың демократиялық әдістерінен бұлтартпаудың бірден-бір жолы.
Билік ету қағидаты – мемлекетті демократияландырудың аса маңызды
қағидаттарының бірі. ҚР Конституциясы Республикада мемлекеттік билік
тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, оны заң шығарушы,
атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу қағидатына сәйкес Конституция
мен Заңдар негізінде жүзеге асырылатындығын белгілейді [15,112-114].
Ұлттық және халықтық егемендіктің орнығуы мемлекет демократиялығының
жарқын көрінісі болып табылады. Ұлт егемендігі ұлттың өз тағдырына өзі ие
болуынан, мемлекеттік, экономикалық және рухани салада өзін-өзі тануынан
көрінеді. 1995 жылғы ҚР Конституциясы осы –"байырғы қазақ жерінде
мемлекеттілік құрып отырған (кіріспе)" тарихи фактіні таныды және оны
орнықтырды.
Ұлттық егемендіктің діни салада алатын орны ерекше. Ұлттық егемендік
көпұлтты Қазақстан жағдайында қазақ ұлтына, барлық ұлттық топтарға қоғамдық
және мемлекеттік өмірдің барлық салаларына белсенді араласуы арқылы
өздерінің этникалық, мәдени, тілдік болмысын барынша айшықтауға мүмкіндік
береді.
Ұлттық егемендік туралы айтқанда ең алдымен, оның ұғымын түсінген жөн.
Бұл ұғым көптеген елдердің Конституцияларында кездеседі. Үлгі ретінде
Франция Республикасының 1958 жылы 4 қазандағы Конституциясымен шектелетін,
оның Егемендік туралы бөлімінде былай делінеді: "Ұлттық егемендік оны
өздерінің өкілдері арқылы және тікелей референдуммен жүзеге асыратын
халыққа берілген". Мұның өзі халықтық егемендікті мемлекеттік егемендікпен
шектейді, өйткені екіншісі біріншісінен бастау алады. Қазіргі таңдағы
халық ұғымы Қазақстан КСРО құрамында болған кездегі халық ұғымынан
айтарлықтай ерекше. 1978 жылғы Қазақ КСР-ының Конституциясының 2-бабында
былай деп жазылған: Қазақ КСР-ында бүкіл билік халық иелігінде. Халық
мемлекет билігін Халық Кеңестері депутаттары арқылы жүзеге асырады. Осы
Конституцияның 4-бабында халыққа мынадай анықтама беріледі: Республиканың
барлық ұлттарының азаматтары Қазақстан халқын құрайды және ол егемендіктің
бірден-бір қолдаушысы және Қазақ КСР- ындағы мемлекеттік биліктің бастауы
болып табылады, мемлекеттік билікті тікелей, сонымен бірге өкілетті
органдар арқылы жүзеге асырады [16,17-18].
1991 жылы 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік
тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңы қабылданды. Онда қазақ ұлты
бірінші рет тарихи, саяси аренаға көтерілді. Қазақ ұлты республиканың
ортақ тарихи тағдыры біріктірген барлық ұлттарының азаматтарымен бірге
Қазақстан Республикасындағы егемендіктің бірден бір қолдаушысы және қайнар
көзі болып табылатын біртұтас Қазақстан халқын құрайды, мемлекеттік билікті
тікелей және өкілетті органдар арқылы жүзеге асырады (6-бап). Бұл Заң 150
жылдан кейін бірінші рет бүкіл әлем алдында қазақ ұлтының егемендігі ҚР-
ндағы халықтық егемендіктің негізі болып табылады. Осы тарихи фактіні тани
отырып, Заң бірақ ол ерекше болғандықтан, ал мемлекеттік егемендікті
қолдаушы Қазақстан халқы болып табылатындықтан қазақ ұлтына басымдық
берілмейді. Халықтық егемендіктің осы идеясы кейінгі Конституциялық
актілерде қолдау тапты, сонымен бірге ескертпелік өзгерістер қосылды
[17,21].
1993 жылғы ҚР Конституциясы Біз, Қазақстан халқы... деген сөздермен
басталады. Алайда бірінші тармағында былай делінген: Өзін-өзі танитын
қазақ ұлтының мемлекеттілігінің нысаны ретінде ҚР өзінің барлық азаматтары
құқығының теңдігін қамтамасыз етеді. Аталғандардың арасынан қандай да бір
қайшылық бар ма?! Егер халық егемендік қолдаушысы болып табылса, онда КСРО-
ның ыдырауына байланысты Қазақстан аумағында пайда болған мемлекетте
республика тұрғындарының жартысына жуығын құрайтын бір қазақ ұлтын ғана
емес, көптеген ұлттық топтардан тұратын бүкіл халықтың өзін-өзі тануының
нәтижесі болып табылады. Мүмкін бұған белгілі бір факторлар: КСРО-ның
кенеттен ыдырауы; Қазақстанның іс жүзінде КСРО-ның құрамындағы әкімшілік-
аумақтық бөліктен дербес мемлекетке айналуы және қазір бәрі, қай ұлтқа
жататынына қарамастан, тең дәрежеде осы мемлекеттің азаматы болып
табылатынын санамызға сіңіре алмағандықтан да болар. Көпұлтты мемлекетте
бір ғана ұлттың саяси танылуы сол мемлекетті ауыр сынға салар еді.
Мемлекеттілік нысаны туралы мәселе халықаралық қатынастарда ең маңыздысына
айналды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылғы ҚР
Конституциясын қайта қарауға және Президенттің тікелей басшылығымен жаңа
Конституцияның жобасын әзірлеуге міне, нақ осы басты себептердің бірі
болды. Жаңа Конституция жобасында қолданылып жүрген 1993 жылғы ҚР
Конституциясындағы мынадай: қазақ мемлекеттілігінің мызғымастығы..., ...
Қазақстан Республикасы өзін-өзі танитын қазақ ұлтының мемлекеттілігінің
нысаны ретінде деген қағидалар алынып тасталды. Болашақ Конституциядан
қазақ ұлтының болашағы үшін маңызды осы қағидалардың алынып тасталуы,
мақұлдамайтын жекелеген пікірлер болғанымен, ауқымды қарсылық тудырған жоқ.
Тарихқа айналған осы факт Қазақстанда мемлекеттіліктің бүкіл халықтың саяси
ұйымы ретінде қалыптаса бастағанын сезіну қазақ ұлтының саяси және құқықтық
санасының айтарлықтай биік деңгейге көтерілгендігінің белгісі болып
табылады. Сонымен бірге халықтық, тиісінше мемлекеттік егемендік "бетке
ұстарлық" орынға шығуға, жеңілдік берілген ұлтқа ұмтылмайтын, бірақ ықылым
заманнан бері тұратын өзінің байырғы мекеніндегі дербес мемлекетінде өмір
сүруге ынталы қазақ ұлтының егемендігінің өзегі емес десек, тарихи-
ізеттілік тұрғысынан әділетсіздік және саяси тұрғыдан адасқандық болар еді
[18,18-19].
Мемлекеттің егемендігінің басты қасиеті мемлекеттік биліктің үстемдігі
болып табылады. Мемлекеттік биліктің үстемдігі Қазақстан аумағында
Республика Конституциясының, мемлекеттік билік жоғары органдары қабылдайтын
Заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің үстемдігінен көрінеді.
Бұл мемлекеттік биліктің үстемдігі шексіз деген сөз емес, оның аумағы
Конституциямен, басқа да Заңдармен және заңға сәйкес актілермен
белгіленеді. Тиісінше, егемендік, жоғары билік Қазақстан аумағында
қолданылатын құқықтармен шектеледі.
Мемлекеттің егемендігінің тағы бір белгісі мемлекеттілік биліктің
біртұтастығы. 1995 жылғы ҚР Конституциясында: Республикада мемлекеттік
билік біртұтас делінген(3-бап, 4-тармақ). Бұл қағида жоғары мемлекеттік
билікке шоғырланған органдар жүйесінің қызмет етуінен көрінеді. Ол үш
тармаққа: заң шығарушылық, атқарушылық және сот билігі болып бөлінеді. Бұл
тармақтар өз өкілеттіліктері шеңберінде бүкіл мемлекет қызметін атқарады
және өз өкілеттіліктерін атқару барысында билік тармақтарының арасында
өзара қарым-қатынаста болады.
Мемлекеттік егемендіктің маңызды белгісі тәуелсіздік – басқа
мемлекеттерден дербестігі болып табылады. Қазақстанда мемлекеттілік екі
жүз жылдық үзілістен кейін 1920 жылы Қазақтың Кеңестік Автономиясы
нысанында өмірге қайта келді. Қазақтың Кеңестік Автономиялық Республикасы,
мемлекеттіліктің кейбір белгілерін сақтай отырып, 1936 жылға дейін Ресей
Кеңестік Федерациясының құрамында болды, бірақ оның егемен бөлігі бола
алмады. Қазақ Автономиялық республикасы одақтас республика болып қайта
құрылғаннан КСРО Конституциясында да, ҚазКСР Конституциясында да егемен
мемлекет болып танылды. Алайда, ол егемендік шектеулі еді [19].
Қазақстан КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде дербес, тәуелсіз мемлекет бола
алды. Қазақстанның шынайы мемлекеттік егемендігіне жол ашқан бірінші
құқықтық құжат ҚазКСР-ының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы
болды. Мемлекет егемендігі туралы Декларация егемендікке тұңғыш рет батыл
қадам басты, бірақ ол да іс жүзінде дербестікке әлі де ие болған жоқ. Онда
тек Қазақ КСР-ы КСРО-ға ерікті түрде бірігеді және оның құрамынан шығу
құқығын сақтайды деп жазылды. Осыған орай, Республика ішінде мемлекеттік
биліктің үстемдігі, дербестігі, жан-жақты толысқандығы, ал сыртқы қатынаста
Одақтық шарт белгілеген шеңберде билік ететіндігі жарияланды. Мұндай қағида
бұрынғы Қазақ Республикасының Конституциясында да бекітілді [20,344-345].
Екінші тарихи құжат: ҚР-ының 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан
Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы. Заң Қазақстан
Республикасын ҚР тәуелсіз, демократиялық мемлекет және ол өз аумағында
билікті барынша толық иеленеді, ішкі және сыртқы саясатты белгілейді және
жүзеге асырады. Барлық мемлекеттермен қарым-қатынасын халықаралық құқықтық
қағидаларға сәйкес құрады деп танылды.
Бұл аталған екі құқықтық құжат Қазақстан мемлекетінің дербестігі мен
тәуелсіздігін қамтамасыз етудің барлық шарттарын бекітті.
Әрине, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын белгілеуге және жүзеге
асыруға мүмкіндік беретін белгілі атрибуттары болғанда ғана мемлекет дербес
және егемен бола алады. Оның біріншісі – аумағы. Қазақстанның аумағы ерте
заманнан қалыптасты. Ресейге қосылғаннан кейін патша өкіметі Қазақстанның
қазіргі аумағын ресми түрде байырғы қазақ жері ретінде таныды. Алайда,
патша өкіметі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап өзі құлағанға дейін
қазақ жеріне Ресейдің шаруаларын, оның ішінде казактарды орналастыру
саясатын мықтап жүргізді. 1917 жылғы Қазан социалистік революциясынан соң
Қазақстан аумағында 1937 жылы одақтық республика болып қайта құрылған саяси
автономия құрылды. Мұқият зерттегеннен соң 1920 жылдың өзінде Кеңес
мемлекеті қазіргі Қазақстан аумағы қазақ халқының байырғы жері деп таныды.
Қазақстан дербес мемлекет құрылғаннан кейін Қазақстанмен шектесетін барлық
мемлекет оның аумағын қазіргі күйінде таныды. Ол Ресей Федерациясы, Қытай
Халық Республикасы, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан Республикалары.
Алайда, бұл Қазақстан аумағының тұтастығына байланысты мәселе жоқ деген сөз
емес. Біздің мемлекетіміздің сыртқы және ішкі күштері, кейде Қазақстан
аумағынан дәмелену пиғылымен мәселе көтеруге тырысады. Алайда мұндай
дәмелену тарихи тұрғыдан әділетсіз, заң тұрғысынан негізсіз, саяси тұрғыдан
зиянды. Қазақстанның аумақтық тұтастығы тек ұлттық заңдар ғана емес,
мемлекеттің қуаттылығымен, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға мәлім
нормалармен, бейбітшілік сүйгіш мемлекеттермен қорғалады [21,123-124].
Қазақстан Республикасы өз аумағында мемлекет егемендігінің бір бөлігі
болып табылатын аумақтық үстемдігін жүзеге асырады. Мемлекеттің Қазақстан
аумағындағы жоғары билігі, әлі қалыптасу үстіндегі мемлекеттік органдар
арқылы жүзеге асырылады. Бұл, әрине, егемендіктің сапасына, яғни ішкі және
сыртқы саясаттың қалыптасуы мен жүзеге асырылуына әсер етпей қоймайды.
Мысал ретінде заң шығару органы мен Президенттік биліктің қалыптасу үрдісін
алайық. ҚР заң шығару органының кеңестік нысаны – бір палаталы Жоғарғы
Кеңесті қабылдады. Соңғы жылдары Жоғарғы Кеңеске сайлау екі рет өтті.
Алайда, ҚР-ның Жоғарғы Кеңесі бірінші ретте 1993 жылдың соңында өкілеттік
мерзімі аяқталмай-ақ, өзін-өзі таратты. Жоғарғы Кеңеске сайлау 1994 жылғы
наурызда өтті және дәл бір жылдан кейін ол заңсыз деп танылды. Мүмкін, екі
рет шақырылған Жоғарғы Кеңестің таратылуында объективті де, субъективті де
себептері бар шығар. Оның ішінде, біздің пікірімізше, Жоғарғы Кеңестің ішкі
де, сыртқы да саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыруда өкілеттігінің
шектеулі болғандығының, яғни мемлекеттік билікте болу қағидатына
негізделген орган болуға қабілетсіздігінің мәні зор. Аталған қағиданы
бұлтартпай сипаттайтын бір мысал келтірейік. Жоғарғы Кеңес 1992 жылы ҚР
Халықаралық шарттарын бекіту және олардың күшін жою тәртібі туралы Заң
қабылдады. Алайда, Жоғарғы Кеңестің ешқандай заң шығарушылық құқығы жоқ,
бірақ көптеген депутаттардан құрылған Төралқасы заңға елеулі өзгерістер
енгізіп, Президентке ұсынды, оған ол қол қойды. Конституциялық сот істі
мұқият қарап, заңды Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Осыған
байланысты Қазақстан Республикасы Халықаралық шарттарын бекіту және
олардың күшін жою тәртібі туралы Заң Қазақстан Республикасында ұзақ уақыт
болған жоқ. Бұл Қазақстан Республикасының Халықаралық шарттары бекітілмеді
деген сөз емес. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекеттің арақатынасы
Егеменді Қазақстанның саяси ақиқат ретінде қалыптасуы мен дамуы.
Азаматтық қоғамның қалыптасуы барысындағы жеке тұлға мен мемлекеттің арақатынасы мәселелері
Заңдылық құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде
Қоғамның құқықтық жағдайы
Құқықтық мемлекеттің құрылу барысы
Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптастыру мәселелері
Қазақстан Республикасының саяси мемлекеттік
Мемлекеттің құқықпен байланыстылығы
Қазақстанда азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет қалыптастырудың ерекшеліктері
Пәндер